Көрнекілікпен оқыту принципі. Оның негізінде келесідей ғылыми заңдылықтар жатыр: адамның сезім мүшелері сырттай тітіркендіргіштерді əртүрлі қабылдайды, адамдардың көбі көру органдарының аса жоғары сезімталдығына ие; рецепторлардан орталық жүйке жүйесіне бағытталған байланыс оптикалық каналының өткізгіштік қабілеті өте жоғары; көру органдарынан (оптикалық канал бойынша) миға келіп түсетін ақпарат қайта таңбаланбайды, ол оқушы есінде жеңіл, тез жəне берік бейнеленіп қалады. Оқу тəжірибесі көрнекілік принципін қолданудың көптеген ережелерін іске асырған. Солардың кейбірін еске салайық:
- сөздік формада, ауызша не жазбаша өрнектелген материалдарға қарағанда, табиғи күйінде берілген заттар жақсы, жеңіл əрі тез есте қалатынын ескеріп, оларды оқу процесінде пайдалану.
- есте болсын, сəби ойы формалармен, түр-түсті бояулармен, дыбыстармен, түйсіктермен өрнектеледі. Осыдан бала санасы жалпы дерексізденген ұғымдар мен сөздерден құралмай, оның тікелей қабылдауындағы нақты бейнелерді арқау етеді.
- оқушылар үшін ең маңызды ереже: мүмкін болғанша сезімдік қабылдауды пайдалану, дəлірек айтсақ, көз қабылдауына – көретінді, құлақ қабылдауына – естілетінді, иіс, дəм қабылдауға тиісті мүшелерді;
- бір көрнекілікпен шектеліп қалмау: көрнекілік – мақсат емес, оқушының ойын дамыту жəне оны оқыту құралы;
- оқыту жəне тəрбиелеу барысында есіңізде болсын: ұғымдар мен дерексізденген тұжырымдар бала санасына нақты деректер, мысалдар жəне бейнелер негізінде жеткізілсе, тез əрі жеңіл қабылданады; олардың мəнін ашуға əрқилы көрнекілік түрлерін пайдалану;
- көрнекілікті тек сурет ретінде қолданбастан, оны проблемалық ситуацияларда өз бетінше білім алу көзі ретінде де пайдаланған жөн. Бұл оқушылардың тиімді ізденіс жəне зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді;
- көрнекі құралдар сабақта өтіліп жатқан заттар мен құбылыстар жөнінде өте анық жəне дұрыс ұғымдарды қалыптастыруға жəрдемін беретінін оқу жəне тəрбие барысында естен шығармау;
- оқушы бақылауларын жүйелестіріп, себеп- салдарлармен сəйкестендіру;
- көрнекі құралдарды қолдана отырып, алғашқыда балаларды ондағы берілген бейнелерді тұтастай қабылдауға, кейін бастысын жəне екінші дəрежелілерін өз алдына, содан соң – қайталай тұтастыққа келтіруге үйрету.
- əртүрлі көрнекілікті пайдалану, бірақ көрнекі құралдар санын шектен асырмау, себебі бұл баланың зейін шашыраңқылығын пайда етіп, негізгі мəн-мағынаны қабылдауға кедергі жасайды.