8- сурет - Зерттеудің әдіснамалық негіздерінің құрамы Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізі оның теориялық базасымен тығыз байланыста беріледі. Сондықтан да, бұл ретте педагогика әдіснамасының педагогикалық теорияның негіздері мен құрылымы, педагогикалық болмысты бейнелейтін білімдерді жасаудың ұстанымдары, тұғырлары және тәсілдері туралы білімдер жүйесі, сондай-ақ, осындай білімдерді алу мен зерттеу жұмысының бағдарламасын, логикасын және әдістерін, сапасын бағалауды негіздеуге бағытталған әрекетінің жүйесі екендігі басшылыққа алынады.
Соңғы уақытта педагогикадан жазылған ғылыми еңбектердің сапасын бағалауға арналған басылымдарда олардың әдіснамалық сараптамасына сипаттамалар берілген. Ғалымдардың анықтауы бойынша, әдіснамалық сараптамалар казіргі ғылыми тұжырымдамаларда қалыптасқан ғылымның даму жағдайынан туындайтын, зерттеу жұмысының нысанасын, ғылыми ізденістің негізгі бағыттарын, зерттеудің тірек ұстанымдарын белгілеуге мүмкіндік туғызады. Сондықтан, әдіснамалық сараптама зерттеу мәселесінің өзектілігін, оның тақырыбын, нысанасы мен пәні негіздеуде, яғни мамандығына сәйкес өз зерттеуінің зерттеудің мәселелік кеңістігіндегі «орнын табу» кезеңінде қажет. Бұл жағдайда әдіснамалық негіз зерттеу тақырыбының өзектілігін негіздеудегі жауапкершілікті көтереді, яғни философиялық әдіснама, педагогикалық әдіснаманың, сонымен қатар барлық зерттеу үрдісіндегі зерттеудің міндеттері шешу ұстанымдарының, әдіснамалық тәсілдерінің өте айқын емес көрінісі болып қалады. Келтірілген ойлардан кейін педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізін құрастырудың қисынды тізбегі туындайды: мәселенің өзектілігі – тақырып – нысана – пән – мақсат – болжам –міндеттер – жетекші идея – әдіснамалық негіз.
Әдіснамалық негіз өзіне зерттеу құбылысын талдауға объективті ыңғай тауып, одан шығатын білім берудің теориясы мен практикасына ұсыныстар мен қортындылар жасап, алынған нәтиженің ғылыми құндылығы мен дәлелділігі шынайы ғылыммен қамтамасыз ететін автордың зерттеу тұжырымдамасы мен көзқарас сипаттамасын енгізеді.
Әдіснамалық негізді жеткілікті анықтау үшін әдістамалық дәлелдеу жүргізіледі. Ю.К. Бабанскийдің пайымдауы бойынша, дидактикалық зерттеудің әдістамалық дәлелденуі автордың тұжырымдамасының қоғамдық-саяси негізінен, қабылданған педагогикалық мәселелерге сыни көзқарастан, зерттеу тұжырымдамасының философиялық негізін ашудан (мәселені тарихи-қисынды талдауы, зерттеу пәнінің диалектикалық жүйелі-құрылымдық талдау, оның сипаттамасына тұтастай жақындау жолдары, осы аталған педагогикалық құбылыстардың даму көзі болып табылатын жетекші қарама-қайшылықтарды айқындау, зерттеліп жатқан педагогикалық құбылыстар мен үрдістерге қатысты заңды байланыстарды айқындаудың әдістамалық сипаттамасынан), аталған педагогикалық тұжырымдаманың (әлеуметтік, психологиялық, физиологиялық, кибернетикалық және т. б. ) негізінде жатқан аралас ғылымдар деректерінен тұруы керек, Осыдан барып, педагогикалык зерттеудің әдістнамалық дәлелілен қисынды тізбек шығады: педагогикалық (тарихи-педагогикалық) факторға, құбылыстар мен үдерістерді зерттеуге нақты әдіснамалық тәсілдерді анықтау сияқты қорытынды шығады: әдіснамалық үрдістерді нақтылау; зерттеу мәселесіне сыни көзқарас; зерттеу мәселесінің (генезисі және даму эволюциясы) тарихи қисынды талдауы; зерттеу пәнінің жүйелі-құрылымдық талдануы (зерттеу пәнінің ғылым мен білім беру жүйесіндегі орнын, маңызын, құрылымын, мазмұнын анықтау, яғни жүйелі тұғыр бұл бірлікті ғылымның өзі тұратын бөлшектері мен элементтерді талдау арқылы, осы аталған байланыс жүйесінде олардың атқарған кызметі мен элементтері (құрылымы) арасындағы байланысы арқылы ашылады; зерттеу пәнінің сипаттамасына тұтастық тұғыр. Тұтастық ұғымы жүйелі және жинақы ұғымдарымен тығыз байланысты. Тұтастық – нысананың ортадан және оның ішкі бірлігінен бүтін шығуын көрсететін философиялық тәртіптегі ұғым. Тұтастық нысананы өз бөлшектерінің өзара байланысы аркылы құрылған жаңа қасиеттерді қамтамасыз етіп, зерттеу үдерісінің дамуын көрсететін зерттеу құбылысының ішкі қайшылықтарын ашуды, олардың жетістіктері мен заңдылықтарына сүйене отырып, зерттеу жүйесін педагогикамен аралас ғылымдар көзқарасы бойынша қарастыруда, жүйені басқаруда көптеген жан-жақты амалдармен қамтамасыз етеді.
Педагогикалық зерттеу үдерісінде айқындалған заңды байланыстар (яғни, зерттеу құбылысындағы байланыстардың арнайы талдауы: әмбебап, заңды, себеп-салдар, қызметтік) мүмкін нәтиженің жоғары жетістіктері негізінде заңдылықтарды ескере отырып, жаңа жүйені дайындап шығару мүмкіндік туғызады. Көп кездерде педагогикалық зерттеулердің әдіснамалық негізі теориялық негіз бен дерек көздерімен тығыз өзара байланысымен сипатталады.
Педагогикалық зерттеудің теориялық негіздері – педагогикалық факт, педагогикалық теория, педагогикалық заңдылық. Теория – педагогикалық құбылыстардың, кез-келген әдіснаманың негізі болады және сол әдістеменің көмегімен табылған фактілер арқасында кеңейеді. Теория – таным үдерісінің нәтижесі, ал әдіснама болса осы танымға жету мен оны құру тәсілі болып табылады. Бұл – теориялық және практикалық ғылыми-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру мен құрастырудың негізі мен тәсілдер жүйесі. Таным теориясы тұтас танымдық іс-әрекет үдерісін және оның мазмұндық негізін зерттейді. Әдіснама шынайы және практикалық түрде тиімді білімге жетудің әдістері мен жолдарына көп көңіл бөледі, осы білімді дамытудың тәсілдерін іздестіреді.
Педагогикалық зерттеудің теориялық негізі туралы білім көптеген оқу құралдарының «Идея, жетекші ой және болжам зерттеудің теориялық ядросы» деген тармақшаларында беріліп жүр. Зерттеуші болашақтағы нәтижеге қол жеткізу үшін қандай жолмен жүру керек, ненің көмегімен жоспарланған нәтиже алынатынын тек болжам жасау арқылы пайымдай алады.Алдын ала жобалау мақсатында магистрант әуелі өзінің санасында болжамды қалыптастырып алады. Логикалық тұрғыдан қолданыстағы теория түсіндіріп бере алмайтын ғылыми фактілерді талдаудан жетекші идеяға, одан кейін болжамға айналатын объектіні қайта жаңартып құруға қажет жаңа ой жүйесіне қарай ұмтылысты қозғалыс басталып, іске асырылады. Осыған орай ғылыми факт туралы мәселеге оралу керек болады. Бірақ, факт құбылыс емес. Факт дегеніміз – көптеген құбылыстардың және байланыстардың көрінісі. Демек, педагогикалық факт орта жағдайлары мен тұлға дамуы факторлары арасындағы белгіленген көп рет қайталанған және тіркелген байланыстарды атауға болады. Фактілердің жиналуына қарай іске асырылуының жетекші идеясы бар жаңа теорияға қажеттілік туындайды. Идеяның тууы және оның іске асуы болжам түріндегі теориялық ядроны құрайды. Бастапқы фактілерді талдап және бағалап алғаннан кейін нақты зерттеудің теориялық тұжырымдамасының негізгі қағидалары бөлініп көрсетіледі. Бұндай теориялық тұжырымдаманың негізіне барынша тексерілген, бірақ бұл зерттеуде тексерілмейтін қағидаттар алынады. Мысалы, «денсаулық мектебін» құру немесе реабилитациялық-балалық орталығын құру идеясы туралы сөз болғанда, ең жоғары адами құндылық ретіндегі денсаулық жайлы бастапқы қағидалар алынады.
Енді осы бастапқы қағиданы бірнеше рет «елегіштен» өткізіп, қағиданың келешекте керек, яғни өзімізге ұнайтын қалпын ойша елестетіп көру қажет. Осы әрекеттің шарттары, тетіктері, құралдары іздестіріледі. Мұнда, қайта жаңғыртып құру идеясы өмірге келеді. Сонымен, бастапқы ұстанымды жаңарту тізбегі былайша көрініс табады: бастапқы факт (объектінің өзекті хал-жайы) – негізі теориялық қағидалар (тұжырымдамалық платформа) – идея – құралдар – ой – болжам (идеяны, ойдша жүзеге асыру) – жаңа қажет факт (объектінің қажет, ұнамды жай-күйі). Әрине, бұл сатылар баламалы, басқаша да құрылуы мүмкін. Зерттеуші үнемі теориялық және эмпирикалық талдауға қайта-қайта оралып отырады. Осының ішінде ең бастысы – болжам. Егер ол зерттелетінбайланыстардың, олардың ішкі байланыстарын қамтыса, онда болжам теориялық сипатқа ие болады. Айталық, дидактикада және педагогикалық психологияда соңғы жылдары ұстанымдық деңгейде жаңа болжамдар жасалды: оқытудағы теориялық жалпылаудың жетекші рөлі (Д.Б. Эльконин, В.В. Давыдов), мектепте адами мәдениеттің барлық элементтерін меңгеру қажеттігі (И.Я. Лернер) туралы болжамдар.
Ал тәрбие теориясы мен әдістемесінде жаңа болжамдар жасау күрделірек. Бұл жерде бұрынғы болжамдардың жаңа негізде қайта жасалуы турасында айтуға болады. Мысалы, тәрбие жүйесі ретіндегі ұжым (Л.И. Новикова, В.А. Караковский және т.б.), жеке тұлға тәрбиесінің құралы ұжымдық шығармашылық әрекет (И.П. Иванов және т.б.), мектеп пен ортаның бірлігін талап ететін кең көлемді әлеуметтік (Л.И. Новикова, В.Г. Бочарова және т.б.).
Сонымен, зерттеудің теориялық платформасыны құрамына ұғымдық-терминологиялық жүйе, теориялар (зерттелетін мәселенің теориясы), тұжырымдамалар, ұстанымдар, тұғырлар және т.б. енеді.