Қазіргі уақытта педагогикалық зерттеулерге, білім беру ұйымдарындағы тәжірибелік–эксперименттік жұмысқа ерекше көңіл бөлінуде. Зерттеуші педагогтің, педагогикалық ұжымның, эксперименттік алаңдардың ғылыми ізденісінің бағдарламалары мен әдістемелері жазылып даярлануда. Нақты мәселе бойынша зерттеу жұмысының тәжірибесі жинақталуда. Ғалымдардың іргелі еңбектерінде педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесі кеңінен берілген. Дегенмен, осы уақытқа дейін ғылыми-педагогикалық зерттеудің бағыттарын, тұжырымдамасын, әдістемесін анықтайтын ұғымдық-түсініктік-терминологиялық аппараты жеткілікті деңгейде жүйеленбеген. Сондықтан да бүгінгі күні жас зерттеушілер де, тіпті тәжірибелі ғылыми қызметкерлер де зерттеудің ғылыми аппаратын тұтасымен, сондай-ақ, оның жеке бөліктерін құрастыруда қиналатыны байқалады. Әсіресе, зерттеудің әдіснамалық негіздерін анықтау мәселесіне келгенде ізденушілердің көпшілігі бұның құрамына не кіретінін іздестіріп, тек зерттеудің ғылыми аппаратын үлгілерден алып жазып қоюмен шектелетін жәйттер де кездеседі. Ғылыми-зерттеу практикасында зерттеушілер «осы әдіснамалық негізді біз жасаймыз» деген пікірде болады да, солай жазады да. Ал шын мәнінде, ізденуші зерттеудің әдіснамалық негізін тек анықтайды. Демек, әдіснамалық негізді әдебиеттен қарастырып, өз тақырыбының мәніне, мазмұнына сай таңдап алады. Әдіснамалық негіздің құрылымына педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негізінің алғашқы құрамдас бөлігі болып табылатын өз зерттеу пәнін – философиялық заңдар, категориялар, ұстанымдар мен әдістер арқылы ойластыру кіреді. Әдіснамалық негіздің келесі бөліктеріне педагогикадағы әдіснамалық тұғырлар, әдіснамалық ұстанымдар, зерттеудің тұжырымдамалық негізіне алынатын зерттеудің логикасы (зерттеудің ғылыми аппараты, зерттеудің түсініктік аппараты, зерттеудің өлшемдік аппараты) енеді. Әрине, зерттеудің әдіснамалық тұғырлары мен ұстанымдары зерттеудің ғылыми аппаратының құрамына да кіреді. Әдіснамалық тұғыр мен әдіснамалық ұстанымды бөліп көрсету ізденушінің назарын ерекше аудару мақсатында болып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |