Касса операцияларының есебі. Кәсіпорындар мен ұйымдардың кассасы жұмысшы-қызметкерлерге есептелінген еңбекақы бойынша есеп айырысу үшін, күнделікті көлік құралдарына қажетті шығындарды төлеп отыру үшін, кеңсе тауарларын сатып алу үшін, хат және басқа бұйымдарды пошта арқылы жіберу үшін есеп айрысуға арналған. Касса арнайы жабдықталған, яғни дабылдама орнатылған, ақшаларды сақтайтын сейфі бар бөлмеде орналастыруды қажет етеді. Кассадағы нақты ақшалар касса қызметкерлерінің мөрі сүргіш арқылы басылып басылып жабылатын сейфте сақталуы тиіс. Кассадағы ақшалардың түгелдігіне касса қызметкерлері толық жауап береді. Кәсіпорындар мен ұйымдар өздерінің есеп айырысу шотынан нақты ақшаны сол есеп айырысу шоты ашылған банк мекемесі берген чек кітапшасы арқылы ғана ала алады. Банк мекемесінен нақты ақша алу үшін кәсіпорынның касса қызметкері чек кітапшасындағы парақты толтырады. Бұл чек парағын толтыру барысында чекке банк мекемесінен алынғалы отырған, яғни кәсіпорынның жұмсауға тиісті нақты ақшаларының сомасы және бұл соманың қандай мақсатқа жұмсалатындығы жазылып көрсетілуі тиіс. Толтырылған чекке кәсіпорынның бас бухгалтері және басшысы қол қойып, осы ұйымның мөрі басылады. Барлық толтырылуға тиісті ақпараттар толтырылмағанша чекке қол қоюға болмайды.
Кәсіпорындар мен ұйымдардың касса қызметкері банк мекемесінен нақты ақша аларда банк бақылаушысының қатысуымен ақшаны санап алуға тиіс. Сонымен қатар банк мекемесінен алынған нақты ақша сол алынған күні сол ұйымның кассасына кіріске алынуы керек. Ол үшін касссир кассалық кіріс ету ордерін толтырып, содан соң оны кассалық кітапқа жазады. Кәсіпорынның кассасына қолма-қол нақты ақшаны кіріске алу, яғни қабылдауүшін бас бухгалтердің немесе ол сенім білдірген кассалық кіріс ету ордерінің квитанциясы беріледі. Осы нақты ақшаны кассаға қабылдау барысында толтырылатын кассалық кіріс ету ордеріне ұйымның аты, ақша төлеуші заңды немесе жеке тұлғаның аты-жөні, қандай мақсатқа және не үшін ақша төлеп жатқандығы, сол ақшаның төленген уақыты жазылып, кассир мен бас бухгалтердің қолдары қойылуы тиіс.
Кәсіпорындар мен ұйымдардың кассасынан нақты ақша кассалық шығыс ету ордері немесе тиісті үлгілі түрде дайындалған басқа да ақша алу үшін жазылған өтініштер, шоттар тағы да басқа құжаттар бойынша беріледі. Бұл құжаттарға кассалық ордердің деректемесі көрсетілген мөртаңба басылуы керек. Егер кассалық шығыс ету ордеріне қоса тіркелген құжаттарда кәсіпорындар мен ұйымдардың басшысының «рұқсат етемін» деген жазуы және қолы қойылған болса, онда кассалық шығыс ету ордеріне оның қол қоюы аса қажет болып саналмайды. Кәсіпорындар мен ұйымдардың кассасынан адамдарға кассалық шығыс ету ордері бойынша ақша берген кезде касса қызметкері нақты ақша алушы адамның төл құжатын немесе өзін куәландыратын басқа да құжаттарын көрсетуді талап етуі керек. Сонымен қатар касса қызметкері осы көрсетілге нқұжаттарда жазылған деректерді, яғни ақша алушы адамның аты-жөнін, құжатының нөмірін және ол құжатты кім бергендігін, қай уақытта берілгендігін кассалық шығыс ету ордеріне жазуы тиіс. Кассадан нақты ақша алушы адамдар кассалық шығыс ету ордеріне алып жатқан соманың теңгедегі бөлігін жазумен, ал тиынын сандармен көрсетеді. Кассалық кіріс ету ордері және оның квитанциясы, сондай-ақ кассалық шығыс ету ордері және оның орнына жүретін немесе оған қосымша тіркелетін құжаттарды кәсіпорындар мен ұйымдардың бухгалтерия қызметкерлері сиямен немесе шарикті қаламсаппен анық етіп толтырулары қажет. Бұл құжаттарды өзгертуге олардағы сандар мен әріптерді түзетуге, өзгертуге ешқандай рұқсат жоқ.
Кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмысшылар мен қызметкерлерге жәрдемақы, сыйақы, еңбекақы төлеу үшін төлеу тізімдемелері қолданылады. Бұл тізімдемелер тіркеу журналына еңбекақы, жәрдемақы және сыйақыларды төлеп, үлестіріп болғаннан кейін ғана тіркеледі. Кәсіпорындар мен ұйымдардың кассасына нақты ақшаны қабылдау немесе кассадан ақша төлеу барысында касса қызметкері кассалық кіріс ету және кассалық шығыс ету ордерлерінің дұрыс толтырылғандығын бұл құжаттарда ұйымның басшысы мен бас бухгалтерінің қолдарының болуын және ордерлерде көрсетілген қосымша күн түгелдігіне тексеру жүргізуге, қадағалауға міндетті. Бұл операциялар орындалғаннан кейін құжаттардың тиісті жеріне касса қызметкері өз қолын қоюы керек. Касса операцияларының есебі кассалық кітапқа тіркеліп отырылуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |