Тақырып 8. Республика Президентi, оның құқықтық мәртебесi, өкiлеттiктерi - 8 апта, 1 сағат Мақсаты: президент институтының қалыптасу және даму ерекшеліктерін көрсету, ҚР Президентінің конституциялық мәртебесін анықтап, оның ұйымдастырылуы мен қызметін, қызмет ету тәртібін ашу
Негізгі терминдер:мемлекет басшысы, президент институты, ең жоғары лауазымды тұлға, мемлекеттiк билiк, мемлекеттiк басқару, мемлекеттік билік тармақтары, ант беру, конституциялық құрылыс, халық, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясаты, экс-Президент Жоспар: Президентi – мемлекет басшысы, оның ең жоғарғы лауазымды тұлғасы.
Президентiн сайлау тәртiбi.
Президентiнiң өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуы. Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентiнiң мiндеттерiн атқару.
Президенттің өкілеттіктері, актілері.
Президент институты Қазақстанда алғаш рет 1990 жылы 24 сәуірде қабылданған “Қазақ ССР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ ССР Конституциясына (негізгі заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға сәйкес құрылды. Сол күні ҚазССР-ң тұңғыш Президенті ҚазССР Жоғарғы Советімен алты жыл мерзімге сайланды. Бұл заңда Қазақстанда Президент қызметін тағайындаудың негізгі себептері ретінде келесілер көрсетілді: елімізде жүзеге асырылып жатқан терең саяси және экономикалық өзгерістердің одар әрі дамытылуын қамтамасыз ету; конституциялық құрылысты нығайту; азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қауіпсіздігін нығайту; ҚазССР-ң мемлекеттік өкімет мен басқаруының жоғары органдарының өзара іс-қимылын жақсарту.
1991 жылғы 1 желтоқсанда бірінші рет бүкілхалықтық Президент сайлауы өтті. Президент Республика халқымен бес жыл мерзімге сайланды. 1990 жылғы заңда Президенттің мемлекет басшысы болып табылатындығы бекітілді. “Қазақ ССР-ң мемлекеттік егемендігі туралы” декларацияда Президенттің Республиканың басшысы болып табылатындығымен қатар онда ең жоғары өкiмшiлiк-атқару билiк болатындығы реттелді. 1993 жылғы Конституция ҚР Президентінің мемлекет басшысы болып табылатындығын және республиканың атқарушы өкімет билігінің біртұтас жүйесін басқаратындығын жария етті. 1995 жылғы Конституцияға сәйкес Президент атқарушы биліктің басшысы емес, ол енді Үкіметті басқармайды, оған тікелей басшылықты жүзеге асырмайды. 1995 жылғы Конституция бойынша ҚР Президентi - мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға; халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi. Президент мемлекеттiк билiктiң барлық тармағының келiсiп жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз етедi.
Республика Конституциясына енгізілген 07.10.1998 жылғы өзгертуге сәйкес Республика Президенті жеті жыл мерзімге сайланды. 2007 жылы 21 мамырда қабылданған “ҚР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” заң бойынша ҚР Президентiн конституциялық заңға сәйкес жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге сайлайды. Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады. Конституциялық заңда Республика Президенттігіне кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.
Президентiнiң кезектi сайлауы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi және ол мерзiмi жағынан Республика Парламентiнiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиiс. Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі. ҚР Президентiнің өкілеттігі мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайларда Республика Президентiнiң өкiлеттiгi қалған мерзiмге келесі тұлғалардың біріне көшеді: Парламент Сенатының Төрағасы, Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасы, Премьер-Министр.
Президент халыққа ант берген сәттен бастап қызметiне кiрiседi. Оның өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен сәттен бастап, сондай-ақ Президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Ант беру қаңтардың екiншi сәрсенбiсiнде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың барлық бұрынғы Президенттерiнiң қатысуымен өткiзiледi. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған адам Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған күннен бастап бiр айдың iшiнде ант бередi.
Конституцияға сәйкес бiр тұлға қатарынан екi реттен артық Республика Президентi болып сайлана алмайды. Конституцияға енгізілген соңғы өзгертулерге сәйкес бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.
Конституцияда және Президент туралы конституциялық заңда Президенттің өкілеттіктері айқындалған. Президенттің өкілеттіктері жеткілікті шамада кең және күшті болып табылады.
Республика Президентiн қызметiнен мерзiмiнен бұрын босату, кетiру Президент науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн.
Ал, мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда ол қызметінен кетірілуі мүмкін. Мемлекетке опасыздық жасау ретінде Президенттің соғыс не қарулы қақтығыс кезiнде жау жағына шығып кетуі, шет мемлекеттiң Республикаға қарсы дұшпандық әрекетiн жүзеге асыруына көмектесу арқылы көрiнген Қазақстан Республикасының сыртқы қауiпсiздiгi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiру немесе әлсiрету мақсатында әдейi жасаған әрекеттері түсініледі.
Президентті қызметінен босату және кетіру Конституцияда белгіленген тәртіпте Парламентпен жүзеге асырылады.
Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң, қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президентi деген атағы болады. Республиканың экс-Президенттерi құқығы жөнiнде өмiр бойы Республика Конституциялық Кеңесiнiң мүшелерi болып табылады.