Пән: Конституциялық құқық Дәрістің қысқаша мазмұны Тақырып Конституциялық құқық ұлттық құқықтың жетекшi саласы


Тақырып 11. Республика Үкіметі, оның құқықтық мәртебесі - 11 апта, 1 сағат



бет36/45
Дата17.04.2022
өлшемі134,96 Kb.
#139680
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   45
Байланысты:
Конституциялық құқық. Дәрістер кешені

Тақырып 11. Республика Үкіметі, оның құқықтық мәртебесі - 11 апта, 1 сағат
Мақсаты: ҚР Үкіметінің біртұтас мемлекеттік билік жүйесінде алатын орнын көрсету, Үкіметтің құрамы мен құрылымын, құрылу тәртібін, қызметін ашу.
Негізгі терминдер: мемлекет, мемлекеттiк билiк, мемлекеттік билік тармақтары, атқару билігі, мемлекеттік орган, атқарушы орган, Үкiметтiң құрылымы, Үкiмет құрамы, Премьер-Министр, министр, министрлік, орталық атқарушы орган, сенімсіздік вотумы, қаулы, өкім
Жоспар:
1. Республика Үкiметiнің мәртебесі, атқарушы билік жүйесіндегі орны
2. Үкіметтің құрамы және құрылымы. Құрылу тәртібі
3. Үкiметтiң құзыретi және оның қызмет ету тәртiбi.
4. Үкiметтiң таратылуы, билік тармақтарымен арақатынасы.

Қазақстан Республикасының Үкіметі – атқару билігін жүзеге асыратын, атқарушы органдардың жүйесін басқаратын және олардың қызметіне басшылық жасайтын алқалы орган болып табылады. Үкiметтiң құрамына Үкiмет мүшелерi - Республиканың Премьер-Министрi, оның орынбасарлары, министрлер және Республиканың өзге де лауазымды адамдары кiредi. Үкiметтi Республика Президентi Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген тәртiппен құрады. Нақты қарастырсақ, Конституцияның 44 бабының 3)-тармақшасына сәйкес ол алдымен Премьер-Министрді тағайындайды. Премьер-Министрді тағайындау тәртібіне келсек, Президент Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді, Парламент Мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды. Премьер-Министрдің ұсынуымен ол Үкіметтің құрылымын айқындайды, мүшелерін қызметке тағайындайды. Премьер-Министр Үкiметтiң құрылымы мен құрамы туралы ұсыныстарды өзі тағайындалғаннан кейiн он күн мерзiмде енгiзедi.


Үкiметтiң құрылымын министрлiктер және өзге де орталық атқарушы органдар құрайды.
Үкiмет мүшесi Қазақстан халқына және Президентiне ант бередi. Үкiмет мүшелерiнiң антын Республика Президентi қабылдайды.
Республика Үкiметiнің өкілеттік мерзімі заңда анықталмаған. Ол Президенттiң өкілеттік мерзімі бiткенше iс-қимыл жасайды және жаңадан сайланған Республика Президентi алдында өзiнiң өкiлеттiгiн доғарады. Республика Үкiметiнiң жаңа құрамы бекiтiлгенге дейiн Республика Үкiметi өз мiндеттерiн атқара бередi.
Үкіметтің жаңа сайланған Президент алдында өкілеттігін тоқтату рәсіміне келсек, Үкімет Президенттің атына жолдап өтініш береді, оған Үкiмет мүшелерi қол қояды.
Үкімет туралы заңға енгізілген бір жаңалық - Премьер-Министрдің жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Үкіметке сенім туралы мәселесін қоюы. Нақты айтсақ, Республиканың Премьер-Министрі жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Үкіметке сенім туралы мәселе қояды. Мәжіліс сенім білдірген жағдайда, егер Республика Президенті өзгеше шешім қабылдамаса, Үкімет өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.
Үкімет туралы республика заңнамасында Үкіметтің орнынан түсуі мәселесі реттелген. Үкіметтің орнынан түсуінің негізі болып келесі жағдайлар табылады:
- Үкiмет пен оның кез-келген мүшесiнің өздерiне жүктелген функцияларды одан әрi жүзеге асыру мүмкiн емес деп санауы;
- Үкiмет жүргiзiп отырған саясатпен келiспеуі немесе оны жүргiзбей отыруы;
- Парламент Мәжілісінің немесе Парламенттің үкiметке сенiмсiздiк бiлдiруі
Тиісті жағдайларда Үкiмет және оның кез-келген мүшесi Республика Президентiне өзiнiң орнынан түсуi туралы мәлiмдейді. Республика Президентi орнынан түсудi қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселенi он күн мерзiмде қарайды. Орнынан түсудi қабылдау Үкiметтiң немесе оның тиiстi мүшесiнiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi. Премьер-Министрдiң орнынан түсуiн қабылдау бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi. Үкiметтiң немесе оның мүшесiнiң орнынан түсуi қабылданбаған ретте, Президент оған өз мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыра берудi тапсырады.
- Республика Президентiнiң бастамасымен Үкiметтің және оның кез-келген мүшесінің өкiлеттiгiнің тоқтатылуы.
Үкіметі туралы 1995 жылғы 18 желтоқсандағы конституциялық заңға 19 маусым 2007 жылы енгізілген өзгертулер мен толықтырулар Үкіметтің ұйымдастырылуы мен қызметіне байланысты бірқатар өзгертулер енгізді, нәтижесінде кейбір ережелер жойылып кетті. Нақты айтсақ, тиісті өзгертулерге дейін Республика Премьер-Министрi өзi тағайындалғаннан кейiн бiр ай iшiнде Парламентке Үкiмет бағдарламасы туралы баяндама табыс ететін. Үкiмет Бағдарламасын Парламент қабылдамаған жағдайда Премьер-Министр екi ай iшiнде Парламентке қайталап баяндама табыс ететін. Республика Парламентiнiң Үкiмет Бағдарламасын қайта қабылдамауы Үкіметке сенімсіздік вотумының білдірілгенін көрсетеді. 2007 жылдың 19 маусымында енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес Үкіметтің бағдарламасы туралы норма алынып тасталды.
Заңнамада Үкіметке мүше болуға байланысты талаптар қойылмағанымен, Үкiмет мүшелерiне Үкімет құрамында болуға байланысты шектеулер белгіленген. Нақты айтсақ, Үкімет мүшелері:
1) өкiлдi органның депутаттары болуға;
2) оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерден басқа ақы төленетiн қызметтер атқаруға;
3) кәсiпкерлiкпен шұғылдануға;
4) Үкімет шешімдерімен белгіленген жағдайларда жарғылық капиталына мемлекет қатысатын коммерциялық ұйымдарды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге хақы жоқ.
Қазақстан Республикасының Үкiметiнің конституциялық өкілеттіктері:
1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) Парламентке республикалық бюджеттi және оның атқарылуы туралы есептi ұсынады, бюджеттiң атқарылуын қамтамасыз етедi;
3) Мәжiлiске заң жобаларын енгiзедi және заңдардың орындалуын қамтамасыз етедi;
4) мемлекеттiк меншiктi басқаруды ұйымдастырады;
5) Республиканың сыртқы саясатын жүргiзу жөнiнде шаралар әзiрлейдi;
6) министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық жасайды;
7) Республиканың министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдары актiлерiнiң күшiн толық немесе қолданылу бөлiгiнде жояды немесе тоқтата тұрады;
8) Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
9) өзiне Конституциямен, заңдармен және Президент актiлерiмен жүктелген өзге де қызметтердi орындайды.
Үкіметтің актілері. Республика Үкiметi Республика Конституциясының, заңдарының, Президент актiлерiнiң, өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзiнде және оларды орындау үшiн нормативтiк және жеке қаулылар шығарады. Үкiмет қаулыларына Республика Премьер-Министрi қол қояды.
Республика Премьер-Министрi өкiмдер шығарады. Премьер-Министрдiң өкiмдерi әкiмшiлiк-өкiмдiк, жедел және жеке-дара сипаттағы мәселелер бойынша шығарылады.
Өздерiнiң құзыретi шегiнде қабылданған Үкiмет қаулылары мен Республика Премьер-Министрi өкiмдерiнiң Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi болады.
Үкiмет қаулыларының күшiн Республика Президентi мен Үкiметi жоя алады. Ал, Премьер-Министрдiң өкiмдерiнiң күшiн Республика Президентi, Үкiметi және Премьер-Министрi жоя алады.
Үкiмет өзiнiң бүкiл қызметiнде Республика Президентiнiң алдында жауапты болып табылады.
Үкiмет мүшелерi өз құзыретiнің шегiнде өз бетiнше шешiм қабылдайды, Республика Премьер-Министрiнiң алдында өздерiне бағынысты мемлекеттiк органдардың жұмысы немесе өздерiне тапсырылған жұмыс аясы үшiн дербес жауап бередi.
Үкімет Республика Конституциясында көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты болып табылады. Сонымен қоса, Республика Конституциясының 57 бабының 6)-тармақшасында көзделген ретте Үкiмет мүшелерi Парламент Палаталарына есеп бередi.
Үкiметтiң отырыстары айына кемiнде бiр рет өткiзiлiп отырады. Үкiметтiң отырыстарын Премьер-Министр не Республика Президентi шақырады. Үкiметтiң отырыстарында Премьер-Министр төрағалық етедi, ол болмаған кезде мiндеттердiң бөлiнуiне сәйкес Премьер-Министрдiң мiндетiн атқаратын Премьер-Министрдiң орынбасары төрағалық етедi. Үкiмет ерекше маңызды мәселелердi қарағанда оның отырыстарында Республика Президентi төрағалық етедi.
Үкiмет мүшелерiнiң кемiнде үштен екiсi Үкiмет отырысына қатысса, отырыс құқылы болып саналады. Үкiмет мүшелерi оның отырыстарына алмастыру құқығынсыз қатысады. Үкiмет отырыстары ашық болады. Президенттiң не Премьер-Министрдiң бастамасымен Үкiметтiң жабық отырыстары өткiзiлуi мүмкiн.
Республика Үкіметінің ұйымдастырылуы мен қызмет етуінің өзге мәселелері Республика Конституциясымен және Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы” Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Конституциялық Заңымен бекітілген.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   45




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет