Жүректің жұмысы. Артерияға ырғақты түрде қайталанып отыратын қан айдау — жүректің функциялық қызметінің негізі. Ол жүрек қалқаншалары мен қарыншаларының рет ретімен жиырылуы мен босаңсуының арқасында жүзеге асады.
Жиырылу кезеңі систола, ал босаңсу кезеңі диастола деп аталады. Жүрек жиырылған кезде байқалатын систола мен диастоланың және керісінше алмасып отыруы жүрек циклі немесе дәлірек айтқанда жүрек жұмысының циклі деп аталады.
Жүрек жұмысы циклінің ұзақтығы 6-7 жасар балада 0,63 секундқа, 12 жастағыда — 0,75, ал үлкен адамда — 0,8 секундқа тең, 6—7 жасар баланың жүрегі минутына 95—100 рет, 12 жастағыда 80—90, ал үлкен адамда 68—70 рет жиырылады.
Бір мезгілде жүректің оң және сол жақ бөлігі арқылы бірдей мөлшерде қан өтеді.
Жүректіқ бір секунд ішінде айдап шығатын қан мөлшері систоликалық немесе жүрек соғуының көлемі деп аталады. Бала жүрегі камерасының сыйымдылығы ересектерінен кішірек болғандықтан олардағы систоланың көлемі де аз. Оның мейлінше улғаюы өтпелі кезеңде байқалады.
Бір минутттағы барлық систоланың көлемі жүректің минуттық көлемін құрайды. 7 жасар балада ол 2120 мл-ге, 12 жасарда — 2740 және үлкен кісіде 4080-нен — 5600 мл-ге дейінге тең. Мұның үстіне жүректің минуттық көлемі өсіп келе жатқан организмнің тканьдері пайдаланатын оттегіне салыстырмалы түрде пропорционалды.
Қарыншалардың систоласы кезінде жүрек көлденеңнен кішірейеді, оның төбе жағы қысылады, жоғары көтеріліп кеуде клеткасының алдыңғы жағына соғылады. Бұл құбылыс жүрек дүрсілі деп аталады. Оның сол жақ кеудедегі IV қабырғаның аралығына алақанды қою арқылы сезуге болады. 7—8 жасар балаларда сондай-ақ ашаң адамдарда оны көзбен-ақ көруге болады.
Жүрек жұмысының ырғағы. Белгілі бір уақыт аралығында бірінен соң бірі, кезекпен қайталанып отыратын жүректің жиырылуы мен босаңсуы жүрек жұмысының ырғағы деп аталады.
Қолды көкірекке қойып жүректің бір минуттағы жиырылысын есептеуге немесе электрокардиографтың, көмегімен оның жұмыс ырғағын жазып алуға болады. Кейде ырғақ сирек – минутына 40-50 жиырылады (брадикардия) немесе, керісшше жиі – минутына 100-ден аса (тахикардия) жиырылады. Брадикардия көбінесе шыныққан спортшыларда, ал тахикардия күшті дене еңбегі кезінде, корқынышты бастан өткергенде кездеседі.
Мектеп жасына дейінгі балаларда нервінің тежегіш әсері ересектерге қарағанда аз, сондықтан оларда жиырылу ырғақ анағұрлым жиі, 7—3 жасқа карай ол жүрек бұлшық еті мен қан тамырларының парасимпатикалық нервтену дамуының аяқталуына байланысты анағұрлым біркелкі бола бастайды.