ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені оқУ-Әдістемелік материалдар



бет2/7
Дата07.11.2016
өлшемі1,21 Mb.
#1244
1   2   3   4   5   6   7

Асыл сөз иесі-17 ғасырдың аса көрнекті ақыны, ірі ойшыл, қырағы сардар Жиембет. М.Мағауин Жиембет жырау шығармаларын «Алдаспан» жинағында жан-жақты талдай келіп: «Бортоғашұлы Жиембет жырау көшпенділер аристократиясынан шыққан. Халық аңыздарының және шежірелердің айтуынша, Жиембеттің арғы атасы – Ноғайлының қорғаны Алау батыр. Алау 17 ғасырдың бірінші жартысында жасаған тарихқа белгілі адам. Жыраудың қай жылы туып, қай жылы өлгендігі жайлы мәлімет жоқ. Тек біздің заманымызға жеткен шығармаларындағы кейбір сәттерден, халық жолында сақталған әңгіме, жырлардан ескі шежірелерден жырау жайында біраз мәлімет ала аламыз. Жиембет - Есім ханның әскербасы батырлардың бірі, әрі жорықшы жырауы десе бұл жағдай үлкен жыраудың өзінің өлең толғауларында айтылған. Жыраудың барлық саналы ғұмыры Еңсегей бойлы Ер Есім ханның қасында өтіпті. Ол ұлы ханмен тең сөйлесіп, керек жерінде үзенгі қағыстыруға дейін баратын сияқты... Кейде тіпті ханның жалғыз, қарашаның көптігін айтып, Есім ханның алдында иілмейтіндей сыңай да танытқан. Ақын өзгенің де, өзінің де қадір - қасиетін терең сезінетінін аңғартып, еш нәрседен сескенбей, хан алдында қаймықпай қасқая толғайды. Соншама айбатты, соншама қайратты, арғы-бергіні толғай, жақсы-жаманды толғай білетін, данышпан да даңқты ел ағасына биіктен сөйлеу дегеннің қашама ауыр екенін түсіну де, түсіндіру де қиын. Олай дейтін себебіміз, бірде Бұқар жырау Абылай ханға қатты реніш үстінде: «Сенен бұрын жеті ханды жебеледім, кеше Еңсегей бойлы Ер Есім ханға да жолдас болдым, сен оның бір түстігіне де жармайсың»-депті. Ер Есімнің бағасын бұдан артық жеткізу мүмкін емес сияқты. Ал бүкіл қазақ «Еңсегей бойлы Ер Есім» деп ардақтап алқаныны салса, Алтай мен Атыраудың арасын қалмақтан босатқан асқан жауынгер ханға Жиембеттің назы оңайға түсті деуге қиын. Жиембеттің Есім ханға шалыс келуі бір себептен Асан қайғыдан тамыр тартқан дәстүр жалғастығы сияқты. Ол - Асанның Әз-Жәнібекке айтты деген толғамы, терең пәлсапылық дүниесі. Жиембет Асан қайғының сол толғауларының түрі мен мән-мазмұнын дамыта түскен. Жиембеттің жоғарыда сөз еткен «Еңсегей бойлы Ер Есім» толғауы хан мен екеуінің арасындағы келіспеушіліктен туған. Бір жағынан ханға мен көппін, сен жалғызсың, «көп қорқытады, терең батырады» деген, сен де артыңды ойла дегендей сыңай танытады. Тіпті қыза - қыза ақын ханға дөң айбат та көрсетіп қояды. Жыраудың осы өлеңде қолданған теңеу-эпитеттері жарасымды, қазақы пиғыл, қазақы психология. Ол өзінің ішкі - сыртқы портретін айнытпай салып тұр... Бір жағынан Есім ханға ешкімнен сескенбейтін жаужүрек екенін, тіпті тырысатын жерінде «жолбарыс пенен аюдай» ерлігі бар екенін ескерте кетеді. Енді осы өлеңнің туу себебіне сәл тоқтала кетсек, Еңсегей бойлы Ер Есім – ақынның інісі Жолымбеттің ерсі қылығына наразы екен, енді Есім хан Жиембетке де қыр көрсетіп, өштесе бастайды. Жырау өзінің талай-талай қанды шайқаста көзсіз ерлік көрсеткенін, жайшылықта жанына жалау, қолтығына демеу болып, бір туып, біте қайнасқанында жырлайды. Ол мен көрген ізгілігімді жақсылықпен қайтаратын адаммын сенде бір кездері менен мол сыбаға алып едің, соны ұмыта көрме дей келіп, ары қарау сонау бір алыстағы, ұмыт болып кеткен ескі «жараның» аузын ашып, ханның сасып, қарашаның қашқан, жаудың мысының басқан кезін нақты, шебер суреттейді.Жырау қаншама күш көрсете сөйлегенмен, Есім ханды биік бағалап, оның ерлік істері мен парасатты ел басшысы екенін мойындап тұрғандй. Қалай дегенмен де ханның арғы – бергі, жақсы – жаманы жүріс – тұрысы мен көңілге қона бермйтінін кейбір қыңыр қылықтарын есіне салып, құдай тәубасын аузына келтіргендей. Бұл толғау осындай ерекше қасиетімен құнды, шындықты ірікпей – бүкпей, тура қасқая қарап бетке айтумен қымбат. Сонау арғы ғасырлардан бері ұмтылмай ел есінде сақталып келуі де жұрттың көкірегіндегі көкейкесті айта алмай жүрген сөздерін жеткізуінен болса керек.


МАРҒАСҚА ЖЫРАУ (ХҮІІ Ғ.)

Марғасқа жыраудың қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны әлі де белгісіз, не тарихи кітаптарда, не көне құжаттарда, немесе ескі шежірелерде мына жылы дүниеге келіп, мына жылы дүниеден өтті деген нақтылы дерек кездеспейді. Ғылымда Марғасқа ХҮІІ ғасырда өмір сүрді деп айтылады. Жыраудың өз дәуірінде әлденеше ұзақ-ұзақ толғаулары да болған шығар. Алайда, соның көбісі бізге жетпеген, кезінде хатқа түспегендіктен ел жадынан шығып, бұл күнде ұмыт болған.

Марғасқа ел аузында «бүтін билікке Төле би жеткен, бүтін хандыққа Есім хан жеткен» деп атаққа шыққан Еңсегей бойлы Ер Есімнің тұсында өмір сүріпті. Ал, осы атақты Ер Есім жайлы Қазанғап Байболов үлкен дастан жазған. Ол жыр Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында сақтаулы. Осы аталған еңбекте Ер Есімнің қазақ халқын қырық жыл бойы басқарып, белдеуінен тұлпары ктпегені, білегінен қылышы түспегені, өмірінде бел шешіп тыныш ұйықтамағаны жан-жақты айтылыпты. Есім ханның үлгілі істерін талай тарихшылар жазған да, айтқан да шығар, бірақ, ол түралы ХҮІІ ғасырдағы Марғасқа толғауы ерекше бағалы екені даусыз.Өйткені, ол айбынды ханның әрі батыры, әрі ақылшы жырауы болғанға ұқсайды. Ғалым-жазушы М.Мағауин Марғасқа жырау жөнінде былай депті: «ХҮІІ ғасыр әдебиетінен қалған нұсқалар өткен дәуірлермен салыстырғанда біршама аз. Бұл кезде жасаған қазақ ақын – жырауларынан біздің заманымызға шығармалары жеткені – Жиембет, Марғасқа жыраулар. Бұл екеуінің аты ХҮІІ ғасырдың алғашқы жартысында билік құрған хан «Еңсегей бойлы Ер Есіммен» байланыстырылады.

Бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құруға тырысқан Есім ханның өз мақсатын орындау жолында жеке ұлыс- тайпалардың хандары мен ірі феодалдарының қарсылығын тойтарып отыруына, кейде тіпті қантөгіске баруына да тура келеді.Есімнің жолына кесе- көлденен тұрғандардың бірі- Қатаған.Шанышқылы руларының ханы, Ташкентті билеуші Тұрсын еді. Тәуелсіз әмірші болғысы келген Тұрсын Есімнің қалмақтарға қарсы жорыққа кетуін пайдаланып қазақ ауылдарын шабады. Көп жұртты харап қылады. Ұзамай-ақ кезек Қатағандарға келеді. Ызақор, дұшпанына мейірімсіз Есім жорықтан орала салысымен Ташкентті шауып алып, Қатағандарды қырғынға ұшыратады. Тұрсын ханның өзін өлтіреді. Бұл оқиға Абылғазы Баһадүр ханның айтуынша 1627 жылы болған. Есім ханның батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы Марғасқаның біздің заманымызға жеткен бір өлеңі осы оқиғаға байланысты туған. Бұл М.Мағауиннің деректері Марғасқаның өмір сүрген кезінен біраз мәлімет береді.Бұл шағын өлең небары 13 жол. 1627 жылдар шамасында Ташкенттің сол кездегі әміршісі Тұрсын ханға байланысты туған. Есім ханның Ташкентті алуы өте шұғыл. Қаланы алу барысында көп қантөгіс болады. Себебі, біріншіден, Тұрсын ханның сөзінде тұрмауы болса, екіншіден, Есім ханның Тұрсын хан сілтеген жорықта көп қиындықты басынан кешіргендігі болса керек. Есім хан айтқандай Ташкентті бір- ақ түнде қолға қаратады. У- шусыз Тұрсын ханның ордасын басып алады. Марғасқаның бізге жеткен қысқа өленіңде батырлық сарын басым. Жалғыз Марғасқа емес, одан кейінгі біраз жырауларды айтуға болады.


Бақылау сұрақтары:

  1. Асан-Қайғы Сәбитұлы.

  2. Қазтуған Сүйінішұлы.

  3. Доспанбет жырау.

  4. Шалкиіз Тіленішұлы.

  5. Жиембет Бортағашұлы.

  6. Марғасқа жырау.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы, 1991.

2. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш // Шығармалар. – Алматы, 1989.

3. Дербісәлин Ә. Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті. – Алматы, 1966.

4. XX ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті. – Алматы, 1994.

5. Исмайлов Е. XX ғасырдағы қазақ әдебиеті. – Алматы, 1940.

6. Қазақ әдебиетінің тарихы II том, II кітап. – Алматы, 1965.
Дәріс 11-12. ХҮІІІ ғасырдағы қазақ әдебиеті.


  1. Ақтанберді Сарыұлы.

  2. Үмбетей Тілеуұлы.

  3. Бұқар жырау Қалқаманұлы.

  4. Тәттіқара ақын.

  5. Көтеш ақын Райымбекұлы.

  6. Шал ақын Құлекеұлы.

Ақтамберді жаугершілік заманның әрқилы кезеңдерін басынан көп өткерген. Егер «Алдаспанға» сүйенсек, 93 жыл өмір сүріпті, яғни 1675-1768 жылдарда дәуір кешкен. «Ақындық даңқы жас кезінде шыққанына» қарағанда, бізге мұрасы молырақ жетсе керек еді, әзірше қолда бары шағындау.

Ақтамберді қазақтың көне жыраулық эпосының белді өкілдерінің бірі, аты әр жерде айтылғанымен, арнайы зерттелмеген авторлар санатында. Егер ол «он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке » десе,өмірінің тең жарымының көбісі басқыншылармен күресте өткен кісі.Ақтамберді жарлылық пен жалғыздықтың тауқыметін көп көргенге ұқсайды, адамдыққа, адалдыққа, әділетке жүгінеді. Ауыз толтырып айтар байлығы болмағанын өзі жасырмайды. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, жерлік мәселелерін жырларында жақсы көрсетеді. Жырау ақиқатты айтудан тайсалмайды, шындық туралы шымыр шешендік сөздерді түйдек-түйдегімен тастайды. Бәрі де сол тұстың ауыр тұрмысынан, күрес шындығынан алынған тартымды тирадалар. Ақтамберді, асылы,қысқа нақлият сөздерінің шебері болса керек. Көңіліне түйгенін, піскен ойын шашыратпай, шиыршық атқан күйінде айтып кете берген. «Ақтамберді жырау (1675-1768)эпикалық жанрдың ақыны болған. Өзінің жырларында ол батырлардың ересен ерліктерін асқақ береді».

Ақын өзінің замандас жас ұрпағын табандылыққа, ерлікке шақырады. Ақтамбердінің бүкіл шығармасынан жауынгерлікке, ерлікке үндеу,жауға батыл аттану және оның алдында тізе бүкпеуге үндеу сарыны ерекше естіледі. Жырау жырлары қарапайым қауымның ой, арманын, мінезін, өрісін айқындайды. Әзілмен, айтыспен, сынау-мінеумен, келелі кеңеспен жыраулар ел, жер, құн дауын шешуде зор рөл атқарады.

Өзге жырауларға қарағанда Ақтамбердіде қаратпа тіркеспен басталатын өлеңдер жоқтың қасы. Жаугершілік заманда өмір сүріп, ел батырларымен үзеңгілес бола жүріп, оларға арнау, толғау айтпауы қалай деген сауал туады. Жырау-өз уақытының көрегені. Тарихи деректердің ар жағында не нәрселер жатқанын біз кейде бажайлап біле бермейміз. Хандардың ішіндегі қаныпезер, ел тонағыш, өз пайдасы үшін қарапайым халық өкілдерін құрбандыққа шалатын әділетсіздерін жыраулар аяусыз мінеп-шенеген. Олар тақта отырған хандардан тайсалмаған.

Ақтамбердіден қалған мұра әзірше 300 жолдан аспайды. Ерліктің қалың ортасында жүрсе де, жырау қарапайым халық тұрмысын бейнелеуге көбірек бұрылған, тіршілікке көңілі толмай, мол армандағанын, жалғыздықтан, қолдың қысылғанынан жапа-зәбір шеккенін шығармаларынан танимыз. Ақтамберді жырау табиғатқа, адамдарға бір табан жақын. Шарықтап аспанға да шығып кетпейді, жерден, елден қуат алады, мұңын да, сырын да тыңдаушысынан жасырмайды, бастан кешкен ғұмырлық тәжірбиесін қорытады, қиындық пен ауыртпалықтың момын халықтың иығына түскеніне күйінеді,ерлік пен өжеттігін және жасырмайды.

Тегі, Ақтамберді ерлікті де, шешендік өнерді де жастайынан аңсаған адам. Ауыз әдебиетінің озақ үлгілерінен өнеге алғанын жыраудың көркем тілі айтып танытады. «Кәрі ақсайды ақылдан, ер ақсайды жақыннан» десе, ащы шындықты аңғарамыз. « Жауласарға жау емес, дауласарға дау емес, жақынға қылман зорлықты» десе, адам қарым - қатынастарының күрделі, астарлы екенін шебер тілмен түйеді.

Ақтамберді жырларында жекеше көрініп тұратын бір желі бар. Ол - мал туралы жолдары. Ақтамберді жырау ағынан жарылып айтқан ажарлы шумақтарында үлкен-кішілі алдында қойған мақсаттарын да тізе кетеді. Ең ірісі- туған халқын сыртқы басқыншы жаудан қорғау,от басында көңірсіп отырған елінің көзінен егілген жас көрмей, қуанышына ғана куә болу. Жұрты үшін туған жауынгер жырау екенін нық сезіммен сездіреді. Қарсы келген жауыннан сескенбей, қарсы шапқанын қайратты сөздерді де паш етеді. Ақтамберді, тегінде әділдікті «жақсылардың кеңес құрғанын», «білімді қуған жақсылардың, аз да болса көппен тең» болғанын ұнатқан кісі.Салауатты сөздеріне қарағанда, әр нәрседен ойы болғанға ұқсайды. Өз ортасын қайырымдылыққа, ізгілікке үндейді. Халқының тозбас жағын ойлайды.

Жыраудың от басы жөніндегі қанатты пікірлері өзінің маңызын әлі күнге дейін жойған жоқ деуге болады.

Енді бір мәселе:Ақтамберді Сарыұлы мен Махамбет Өтемісұлының бірқатар өлеңдерінің мазмұндас, ұқсастығы. Ақтамберді Махамбеттен шамамен алғанда жүз жылдай бұрын болған адам. Бірі Шығыста бірі Батыста өмір сүрді. Соған қарамастан, екі ақынның арасынан ішкі мазмұн ұқсастығы байқалады. Ақтамберді «Күмбір-күмбір кісінетіп» толғауында жүйрік ат мінуді, сұлуды сүюді, кіреуке тон, сауыт киіп, «қоңыр салқын төске алып» қол қашыруды, жауын бытыратып атуды, жеңіспен оралғаннан кейін «Тобылғы сапты қамшы алып, Тұмар мойын ат мініп», қоныс қарауды, жайлауда жазылып отырып кеңес құруды армандайды.Жеті кейде тоғыз буынға баратын толғау жолдарында жауынгер жырадың негізгі мақсаттары сараланып берілген.

Ақтамбердінің ақырғы өлеңдерінің бірі «Балаларыма өсиет» дегенжолмен басталады. Балаларына тірліктегі бірлікке, талапқа, татулыққа, мерейлі мұратқа ие болыңдар дейді. Жас ұрпақтың ақылды, бірауыз болуы елді мақсатына жеткізерін ескертеді



ҮМБЕТЕЙ ЖЫРАУ ТІЛЕУҰЛЫ (1706-1778 Ж.Ж.)

Үмбетей - XVII ғасырда жасаған, ерлікті жырлап, ел тыныштығын көксеп өскен жалынды ақын. Оның жоңғарларға қарсы күресте көзге түскен даңқты батырлардың бірі Бөгенбайды жоқтап айтқан өлеңі мәлім. Ақын Бөгембайдың ерлік істерін ардақтап, оның өліміне өкініш білдіреді. Үмбетейдің сөз ғып отырған Бөгенбай батыр өлгенде айтқан жоқтауы 1925жылы «Таң» журналының 4-ші санында алғаш жарияланды. Одан кейін 1942 жылы С.Мұқановтың «Очеркіне» енген. 1967 жылы «Ертедегі әдебиет нұсқалары» хрестоматиясында, 1973 жылы «Алдаспан» жинағында басылды. Жоқтауды ол Абылай алдына келіп, бір жағы естірту ретінде толғапты.Үмбетейдің Бөгенбай туралы түсінігі тарихи шындыққа сай. Ақын батырдың тарихи ролін дұрыс танытады. Жоңғардың бетін қайтаруда қол бастаған жойқын батырдың қаһармандық істерін үлгі етеді. Оның өліміне деген халық қайғысын әсерлі сөздермен термелейді. Бөгенбай өлімін «Естірту» ретіндегі толғауында ақын Абылайдың өткен өмірін, хан болғанға дейінгі жалшылық жайын Бұқар сияқты ашық айтады.оның атын шығарған атышулы қазақ батырлары екенін,соның бірі Бөгенбай батыр болғанын атап көрсетеді. Бұдан кейін Үмбетей қазақтың бас көтерер батырлары мен билерін санап өтеді. Олардың жоңғарға қарсы күресте атқарған ерлік істерін дәріптейді. Әр қайсысының кескін, келбет, тұр – тұрпатын, ерлік мінезін сипаттап, даралай бейнелейді . Ақын, батыр өліміне деген ел қайғысын өз жеке ба сының қасіреті ретінде ауыр өкініш арқылы баяндайды. Атышулы батырлармен оны қатар ұстайды. Қазақтың атақты әйгілі батырларды мен бил ерін дәріптей келіп, солардың ішінде Бөгенбайдың тұлға тұрпатын өзгеше даралайды.

Үмбетей Қазыбекұлы Бекболат биге арнау айтқан.Оған адамгершіл ақылдар беріп, байсалды басшы болуын қалаған .Ол арнауы «Мен пайғамбардан бастасам»-деген жолдардан басталады. Өзіне тұтас әрі батыр, әрі би Ақтамберді, Қабанбай, Қазыбекұлы Бекболаттарға арнауларында да ол бейбіт өмірді көкседі. Ру арасы барымташы шапқындарға тыйым салуға үндеді. Мысалы, «Бәкеге» деген толғауында оның барымташы, сотқарлығын «Тоқымы кеппей топтанып. Ел тонауға аттанып, жылқышысын дойырлап, жаудай шапқан не сұмдық! » дейді. Елдегі өзімшіл озбырлар мен қисық-қыңырларды барынша жек көрді.Әр тұста оларды сынға алады. Жауқашар дегеннің қыңырлығын бетіне басады.

Үмбетей жоңғар басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен басқа да қолбасы туралы бірнеше жыр – толғаулар шығарған эпик ақын.Ол халық аузында сақталған ерлік жырларды қайта жырлап, қалмаққа қарсы халық өшпенділігін күшейте түскен.Оларды ерлік рухта тәрбиелеп жүрген.

Үмбетей айыпты деп жүрген елге кең тараған басқа арнаулар да бар. Олар: «Бәкеге», «Жауқашарға», «Бұқарға», «Бекболат биге», «Ақтамбердіге». Бұл арнаулар – ақынның өзі тұстас батырлар мен билерге қаратып, түрлі жайларға байланысты айтқан, адамгершілікке үндейтін мәнді шығармалары. Үмбетей өмір тәжірбиелерін қортып, талай тұспал-мақалдар шығарған.

Үмбетейдің өсиет сөз, ғибраттық нақыл ретінде келетін сөздері баршылық.Мысалы: «Үйдегі ұлың жаман болса,есіктегі құлмен тең», «Қойныңдағы қатының жаман болса, қаңтардағы мұзбен тең», «Кей сорлының қатыны күндіз ауру, түнде сау»,т.б. Үмбетей сөздерінде кейбір заман шындығын елестететін түсініктер, айшықты сөздер көп. Сүйтсе де, Үмбетейдің асқақ ақындық қабілеті айқын. Асылы, Үмбетей де өз дәуірінің беделді шешен биі,әйгілі суырып салма ақыны болған.



БҰХАР ҚАЛҚАМАНҰЛЫ (1668-1781.)

Әдебиет тарихынан елеулі орын алып, артына өшпес мұра қалдырған көрнекті жыраулардың бірі – Бұқар Қалқаманұлы. Халық өмірінің алмағайып – аласапыран, тарихта қалу – қалмауы екіталай кезеңінде тұрмыс кешкен жырау өз толғауларында сол тұстағы көкейтесті, күрделі мәселелерге жауап іздеп, соның бірден – бір жоқшы – жыршысы бола білді.Оның жыр – толғауларының үнемі әлеуметтік өткір мазмұнға құрылып отыруының басты себебі осы.

Жырау, ең алдымен, шоғырланбай шашырап жатқан халықтың басын тас түйін біріктіру арқылы қанқұйлы жауға тойтарыс беру ісін ұйымдастыра алатын алғыр, қолбасшы – көсемнің қажеттілігін ерте түсінді, сөйтіп, осы ұлы мақсатқа орай ол әйгілі Орта жүз ханы Абылайға да тәуелсіздік үшін жан сала күрескен халық мүддесін терең түсініп, өзін бірыңғай сол күрес жолына арнады. Мұндай ақылы мен айласы астасқан кемеңгер басшының үлгілі істері мен оның төңірегіндегі белгілі батырларының жанқиярлық ерліктерін жырау үнемі асқақ жырлап, солардың өшпес әдеби бейнесін жасауға күш салды. Осының бәрі, түптеп келгенде, жыраудың туған халқының білігі мен болашағын ойлау мақсатындағы ерлікке барабар іс - әрекеттерін аңғартады.

Бұқар жыраудың ұзақ жасаған жасындағы өмірлік деректері бізде көп сақтала бермеген. Тек саналы ғұмырының бәрі түгелдей дерлік Абылай ханның қасында, соның оң тізесін басқан қабырғалы да сәуегей биі, ақылшы – кеңесшісі ретінде өткені мәлім. Өз өлеңдерінде келтірілген деректерге қарасақ, жыраудың жоқшылықтың зардабын көп тартқан адам болғаны көрінеді.

Бұқар жырау қазіргі Қарағанды облысына қарайтын Ульянов ауданының Далба тауының бойында дүниеге келіп, сол мекенде қайтыс болады. 1993 жылы жыраудың туғанына 325 жыл толған мерейтойында оның басына үлкен күмбез орнатылды.

Бұқар шығармалары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап жиналып, зерттеліп келді. Алғашқы жариялануы деп «Таң» журналында жарияланған жырларын айтамыз. Мұнда жыраудың «Бірінші тілек тіленіз», «Ай не болар, күннен, соң», «Айналасын жер тұтқан», «Ақсаннан биік тау болмас», «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ей, Абылай, Абылай», «Керей қайда барасың?», «Ханға жауап айтпасам» атты бір топ өлеңдері жарық көрді. Бұқар шығармаларын жариялауда С.Сейфуллин үлкен еңбек етіп, «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты жинағында жыраудың «Жал ,құйрығы қаба деп», «Ай не болар, күннен соң», «Асқар таудың өлгені», «Қалданменен ұрысып», «Атам болған жиырма бес», «Құбылып шыққан бәйшешек» атты толғаулары бастырылған. Бұқар туындылары алғаш рет толыққа жуық көлемде «Алдаспан» жинағында басылды. Бұған үлкенді – кішілі 49 толғауы енді. Алайда, Бұқар шығармаларының бізге жеткен асыл үлгілерін айтқанда, ең алдымен, белгілі фольклорист Мәшһур Жүсіп Көпеев жырау туындыларын атауға болады.

Бұқар жырларының ең бастапқылары Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, И.Березин қорында сақталып, кейбір үлгілері солардың жариялануымен басылған. Бір – екі толғауы Құрбанғали Халидұғұлының «Тауарих хамса Шархи» атты кітабында жарық көрген.

Бұқар творчествасын танып – білуде, әдебиеттегі орнын белгілеп, бағалауда әр тұста әр пікір таластар бар. Кейбір зерттеушілер оны «Сарай ақыны», «Орда ақыны» деген ат қойып, феодалдық салт – сана мен Абылай ханның жыршысы деп теріс бағаласа, енді бір әдебитшілер жыраудың үстем тап жыршысы бола тұрса да, өз туындыларымен сол тұстағы саяси - әлеуметтік мәселелерге үн қосып, дұрыс бағыт ұстағанын айтады. Сонымен бірге ХҮІІ ғасырда жасаған ақындардың ішінде жырлары бірден – бір өз атымен сақталып қалған жырау екенің көрсетіп, оны сол дәуірдегі әдебиеттің басы деген тұжырым айтады.

Бұған белгілі жазушы – ғалым М.Әуезов басқарып өткізген 1959 жылғы әдеби - теориялық конференция көп әсер етті. Соның нәтижесінде Бұқар жырау біршама дұрыс бағаланып, әдебиеттегі өз орнын алды.

С.Мұқанов Бұқар шығармаларының көпшілігі абылай ханға арналып айтылғандықтан, өзі сырттай Орда ақынына ұқсағанмен, жырлары сол кездегі саяси - әлеуметтік тұрмыстың нақты көрінісінен туған деп атап көрсетеді.

Қ.Жұмалиев қазақ әдебиетінің орта мектептерге арналған оқулықтарынан бастап, қазақ әдебиетінің 6 томдық тарихына жазған Бұқар туралы монографиялық тарауларында да, оны ХҮІІІ ғасырдың авторлығы сақталған тарихи әдебиеттің басы деп бағалай келіп, ол өзінің дидактикалық толғаулары арқылы өмірге ескілік мұнарасынан қараса да, сол кезеңдегі әлеуметтік шындықтытап ббасып сипаттай алады деген. Ал Ә.Марғұлан Бұқар жырауды Абылай ханның белгілі жыршысы, кейінгі қазақ ақындарының бірден – бір көшбасшы ұстазы деп бағалайды. Осындай бағаны Ысмаилов, Кенжебаев еңбектерінен ұшыратамыз. 60-жылдардың сонында жазылған Х.Сүйіншәлиев пен Мағауин зерттеулерінде Бұқар шығармалары әдебиетіміздің даму жолында бір белес болғаны баса әңгімеленеді. Белгілі әдебиетші Ы.Дүйсенбаевтың Бұқар Қалқаманұлы туралы зерттеуі жырау творчествасы мен сол тұстағы тарихи кезеңді бағалауда болсын, жалпы мәселленің қойылып, шешілуі тұрғысынан болсын өзге еңбектерден шоқтанып жеке – дара тұр. Ол Бұқарды үстем тап өкілі ретінде бағалаған әдебиетшілерге қосыла отырса да, бұл пікірдің жырау еңбегін тұтас алып қарағанда, бір жақты, тым туралау қойылғанына, тіпті мәселенің Абылайдың қара басында, яғни Бұқардың жеке қасиетінде емес, халық бастан кешкен тарихи жағдайлар мен ел тағдыры шешілетің күрделі оқиғаларға тікелей қатыстыекені назар аудартады.

Бұқар жырау дәуір алшақтығына қарамай, жырларының әлеуметтік- саяси мазмуны мен тақырыбы жағынан да өзінен бұрынғы жыраулармен терең үндесіп отырады. Әсіресе, Жерұйық секілді құтты қонысқа көшу жайындағы қоғамдық ойларымен ол жыраулық поэзияның басында тұрған Асан қайғыға егіздің сыңарындай ұқсас, рухтас. Бұл орайда Бұқарды Асан қайғының ісін жалғастырушы шәкірті деп бағалаған Кенжебаев пікірін орынды деп санаймыз. Бір жағынан отаршылдық саясат белең алған кезде , екіншіден, жоңғар басқыншылары халқымызды «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшыратқан тұста Абылай ханның Асан жұмбағын шешу туралы өтінішіне би қырын қарап, көзіне жас алып, « бұл сөзді сен сұрамасаң керек еді, мен айтпасам керек еді» деп қинала жауап береді.Осының өзі- ақ сол толғақты мәселенің жыраудың үнемі есінен кетпей, әрқашан ойында жүргенін анық аңғартады. Соған дейін Асан қайғының ханға да, қарашаға да жұмбақ болып келген «ақ шортаны мен шөлдегі қарағайының» мән жайын Бұқар жырау көсілте жырлап, түгелдей шешіп береді.

Бұқар жыраудың «Ханға жауап айтпасам» атты толғауын халық тағдыры мен оның болашағын жырлаған әлеуметтік – қоғамдық мәнімен де, айтар ойдың бас – аяғы тұтас табиғи бірлігімен де, сипаттаудағы көркемдік – бейнелеу, шеберлік тәсілдермен деөзге жырларынан жеке – дара тұр дей аламыз. Асан қайғы жыры да, оны Бұқар жыраудың шешуі де кешегі заманда ашықтан – ашық бүркемеліп жарияланбай келді.

Бұқар жыраудың ақындық қуаты мен дарын – күшін айқын танытатын тағы бір жыры «Әлемді түгел көрсе де» деп аталады. Мұнда ол адам баласы өмірінің сыр – сипаты мен қызық – қуанышының шексіздігін, аспанға шарық ұшып, Ай мен Жұлдызды аралаған арман – үмітінің жақындығын шебер бейнелейді. Осы ерекшеліктерімен бұл жырды тұрмыстың әр алуан қуаныш – қызығын шалқыта, асқақ жырлайтын оптимистік гимн деуге болады. Бас– аяғы 15 жолдан ғана тұратын бұл толғауды өзара астасқан мазмұны мен құрылымы жағынан да дараланады. Осы жәйт толғау жанрының Бұқар жырау тұсында жаңа бір сатыға көтеріліп, кемелдене түскенің айқын аңғартады.

Жыраудың «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек» атты 2 бөлімнен тұратын жырынан мұның бізде бұрын кездеспеген жаңа бір үлгісін көреміз. Ол жұбын жазбай сымпыл қағып бірлесе ұшқан үйректердің бірлік – тұтастығын сол өзі сөз етіп отырған байлар ұлы шораларға үлгі етіп ұсынғандай болады. Осыған орай жырау сән – салтанаты мен әзіл – қалжыны жарасқан жастардың сыпайы қарым – қатынасын да шебер бейнелейді.

Жыраудың дүниеге көзқарас – танымын белгілейтін шығармаларынан оның «Бірінші тілек тілеңіз» атты толғауын бөліп атауға болады. Бас – аяғы 11 тілектен ғана тұратын бұл жырда Бұқар өз дәуіріндегі адамдардың ой – тілегі мен арман – мұратын жинақтап беруге талаптанады. Бұлары құдайға құлшылық пен 5 уақыт намаз, тыныштық пен адамгершілік, адалдық, тазалық туралы болып келеді.

Бұқардың «Асқардан биік тау болмас», «Айналасын жер тұтқан», «Ай не болар күннен соң» «Бағаналы орда, басты орда» атты толғаулары өз дәуірінің өмір көріністерін: көшпелі тұрмыс тұсындағы адамдардың өзара қарым – қатынастары мен қалыпты салт – сана, ұғым – түсініктерін, жалпы өмірдің құбылмалы екендігін баяндау тұрғысында келеді.

Бұқар жыраудың бір топ жырлары ел бірлігі, жақсы мен жаман, білімділік пен надандық, жалпы ізгілік мәселелерін қамтиды. Тағы бір алуанында жыраудың әлеуметтік ортаға көзқарасы мен ішкі сезім – күйлері басым болып келеді. Асан қайғы жырларында көрініс тапқан жұмбақ үлгісінде келетін орағыта астарлау, пернелеу тәсілдері де Бұқарда өз көріністерін тапты. Алайда, бұларға жырау үлкен әлеуметтік жүк артып, оның ұштала түсуіне зер салды. Бұқар жырау өзі таңдап алған бір құбылысты бұрынғы жыраулардай емес, өзінше қарама – қайшылық сипатта құрып, оның мағыналық міндетін арттыруға мән береді. Бұл орайда ол шендестіру тәсілін тиімді пайдаланады. Жырау шешендік қисын мен астасқан ой жиынтығын аз сөзбен түйіп беруге де шебер. Бұл тұста ол өмірлік салыстыруларды құлпырта қолданып, ұтымдылық танытады.

Бұқардың шеберлік ұштау, көркемдік ізденістерінің өзі әрқилы, саналуан. Ол өмірлік құбылыстарды бейнелеуде тұжырымды ойларға мән беріп келгендіктен, аз сөзге көп мағына сыйдыратын айшықты сүреттеме, кейіптеулерді мейлінше ұтымды қолданып отырады. Осы ерекшелік мұндағы қанатты теңеулер мен ұшқыр метафоралардың көл – көсір молдығына жол салған.

Жастық пен кәрілік сипаттарын баяндайтын жырларында да жыраудың осы дәстүрлі тақырыпты өзінше ашуға елеулі үлес қосқаның көреміз. Осыған орай оның «Атам болған 25» атты толғауындағы көркем бейне жасау жүйесінің түзілімін бөліп атасақ та жеткілікті сияқты.

Бұқар жырау Абылай бейнесіне әр қырынан келіп, оның шындыққа сай тұлғасын өрнектемек болған. Бұл бағытта туған жырларының бәрі дерлік Абылай ханның сол бір жауапты кезеңдегі әр алуан саяси қызметі мен саналы өмірін оның жас мерзіміне орай кезең – кезеңге бөліп, ой таразысымен екшеп саралау, жинақтап қорыту үлгісінде келеді.

Бұқар жырау Абылай ханның барлық іс - әрекет, ішкі – тысқы саясатын түгелдей қоштап, мақұлдап, бас изей бермеген. Хан үлкен елдік мәні бар ірі саяси мәселелер төңірегіндегі айтылған келелі кеңес, толғамды ақылға көнбеген кезде, ол Абылайдың бүгінгі өмірі мен кешегі қиыншылықты бастан кешкен азапты күндерін әдейі шеңдестіре, қарама – қарсы қойып толғайды. Мұндай сәттерде жырау оған ешкім батып айта алмайтын ащы да ауыр шыңдықты бүкпесіз бетке айтып, тартынбай сөйлейді. «Атаң – тексіз құл, анаң – түркменнің төріндегі күң, өзің жалаң аяқ жар кешкен арқар ұранды жат едің, момын елге келіп бек болдың» дейтін батыл айыптауға дейін барады.

Ел берекесінің ұйытқысы татулық – бірлікте, бейбіт өмірде деп санаған қарт жырау ханға «өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін» ерегіс–жанжалдың, қажетсіз қантөгісінің орынсыз екенін де батыл ескертіп отырады.

Бұқар жырау - өзі өмір сүрген дәуірдің болмыс – шындығын көркем бейнелеп, артына елеулі әдеби мұра қалдырған жырау. Ең алғаш ол ауыз әдебиетіндегі үлгілерден бастау алса да, дәуір талабына орай әлеуметтік мазмұн мен көркемдік сапаларды игерген жыраулық поэзия Бұқар шығармалары арқылы жаңа белеске көтеріліп , әдебиетіміздің байып, марқая түсуіне жол салды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет