ПӘннің электрондық ОҚУ-Әдістемелік кешені



бет8/12
Дата17.06.2018
өлшемі0,73 Mb.
#43260
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

Өрнектер (формулалар). Электрондық кестелерде өрнектердің екі түрі қолданылады: арифметикалық және логикалық.

Арифметикалық өрнек – математикалық формула бойынша кейбір сандық мәнді есептеу әдісін белгілейтін формула. Арифметикалық өрнектерді жазудың анықталған ережелері бар. Олар бағдарламалау тілдерінде қолданылатын ережелерге ұқсас.

Өрнек математикалық амалдардың белгілерімен қосылған, сандық тұрақтылардан, айнымалылардан, функциялардан, жақшалардан құралады. Өрнектің есептелу реті, арифметикалық амалдардың орындалу үстемділігімен және жақшаларды қоюмен анықталады.

Кестелік процессордың негізгі жұмыс режімдері

Әзірлік режімі. Бұл режімде ұяшықты таңдау немесе ұяшықтардың блогын ерекшелеу орындалады.

Деректерді енгізу режімі. Ағымды ұяшыққа пернетақтадан деректерді жекеленген символдармен енгізу орындалады.

Редакциялау режімі. Ұяшықта тұрған деректі толық ауыстырмай, тек редакциялау қажеттілігі болғанда ғана қолданылады.

Бұйрық беру режімі. Бұйрықтарды мәзірдің иерархиялық жүйесінен таңдау және орындау режімі. Бұйрық орындалған соң, әзірлік режімге қайтарылады.

Аталған негізгі режімдерден басқа кестені бейнелеу және есептеуді басқару режімдері туралы айтуға болады.

Кестені бейнелеу режімі. Формула сақталған ұяшықтарда, формула бойынша есептелген нәтиже немесе формуланың өзі бейнеленуі мүмкін. Біріншісі мәндерді бейнелеу режімі, екіншісі формуланы бейнелеу режімі деп аталады. Кестенің жұмыс жағдайы мәндерді бейнелеу режімі болып табылады. Формуланы бейнелеу режімі кестені жасағанда және жөндегенде қолданылуы мүмкін.

Есептеуді басқару режімі. Кестелік процессор формула бойынша есептеулерді, белгіленген ретпен кестені сканірлеу арқылы орындайды. Осындай сканірлеу А1 ұяшығынан басталады.

Автоматтандырылған түрде қайта санау режімі – деректерді жаңадан әр енгізген сайын барлық кесте қайтадан есептеліп отырады.

Компьютерде практикалық жұмысты ұйымдастыру бойынша ұсыныстар

Оқушылар үшін басты мақсат - осы тақырыпты оқудың минимальды деңгейінде электрондық кестелердің көмегімен есептеуді ұйымдастырудың негізгі әдістерін үйрену. Ол үшін олар электрондық кестенің ортасында мына практикалық жұмыс жасау тәсілдерін игерулері қажет:



  • кестелік меңзерді кесте бойы ауыстыру; меңзерді қажет ұяшыққа қою;

  • деректерді: сандарды, мәтіндерді, формулаларды енгізу;

  • ұяшықтарды әртүрлі реттелген деректермен автоматты түрде толтыру;

  • ұяшықтардағы деректерді редакциялау;

  • ұяшықтардағы ақпараттың көшірмесін жасау;

  • жолдарды және бағаналарды кірістіру және жою.

Алғашқы кезеңде ең көп қиыншылық туғызатын теориялық сұрақтар – формулаларды жазу ережелері және салыстырмалы адрестеу принціпін түсіну. Сондықтан оқушылардың біліктілігін, дағдыларын жаттығулар мен есептерді шешуді жүзеге асыру арқылы қалыптастыру қажет. Формулаларды жазудың негізгі ережелері мынадай:



  • формулада барлық символдар бір жолда (бір ізді) жазылады;

  • амалдардың барлық белгілері қойылады;

  • амалдардың орындалу ретіне әсер үшін жай жақшалар қолданылады;

  • амалдардың үстемділігі ескеріледі:  дәрежеге шығару; *, / – көбейту және бөлу; +, - – қосу және алу;

  • стандартты функциялардың үстемділігі арифметикалық амалдардан жоғары; функцияның аргументі оның атауынан кейін жай жақшаның ішінде жазылады;

  • үстемділіктері бірдей тізбекпен жазылған амалдар, жазу ретімен, солдан оңға қарай орындалады (дәрежеге шығару – оңнан солға).

Осы ережелердің барлығы бағдарламалау тілдеріндегі өрнектерді жазу ережелерімен бірдей. Сондықтан кейін бағдарламалау тілін қарастырғанда бұл сұрақтар оқушыларға таныс болады. Жаттықтыру үшін өрнекті тура жазу – яғни математикалық өрнекті электрондық кесте үшін формула түрінде жазумен қатар, кері жазу – яғни формула бойынша математикалық өрнекті қайта қалпына келтіру тапсырмаларын беру қажет.
Дәріс №13. Деректер қоры және ақпараттық жүйелер тақырыбын

оқыту әдістемесі
Қарастырылатын сұрақтар:

  • ақпараттық жүйелердің және деректер қорының (ДҚ) қызметі;

  • ДҚ жіктеу;

  • Реляциялық деректер қорының құрылымы;

  • ДҚ элементтері: басты кілт, өрістің аты, мәні және типі;

  • деректер қорын басқару жүйесінің (ДҚБЖ) қызметі; ДҚБЖ жұмыс режімі;

  • деректерді іздеуге сұраныс;

  • деректерді жоюға сұраныс;

  • деректерді іріктеуге сұраныс.

Теориялық материалды баяндау бойынша әдістемелік ұсыныстар

Тақырыпты қарастыруды компьютерлік ақпараттық жүйелерін қолдану аймағын сипаттаудан және берілген компьютерлік техниканың қосымшасын қолдану өзектілігін және қызметін негіздеуден бастаған жөн. Мәселені былай қоюға болады: қандай да бір нақты объектілер немесе оқиғалар туралы көлемі мол деректер болсын. Мысалы, кітапханадағы кітаптар, кәсіпорынның жұмыскерлері, қоймадағы тауарлар және т.с.с. Мүндай ақпаратты сақтауды: оны қарауға, толтыруға, өзгертуге, керек мәліметті іздеуге, кез келген іріктеулерді жасауға, кез келген ретпен сұрыптауға ыңғайлы түрде ұйымдастыру қажет. Мұндай жұмыспен адамдар комьютерлер пайда болудан көп бұрын айналысқан болатын. Деректерді сақтаудың негізгі құралы қағаз болды.

Қазіргі кезде бұл проблемаларды шешуге компьютерлер көмектеседі. Компьютерлік ақпараттық жүйелер көлемі үлкен деректерді сақтауға, оның ішінен жылдам іздеуге, өзгертулерді енгізуге, деректермен әртүрлі іс-әрекеттерді (топтауға, сұрыптауға және т.б.) мүмкіндік береді. Осындай ақпараттық жүйелердің мысалдарын келтіру қажет. Мысалы, теміржол немесе авиация билетін сату жүйесі. Оқушыларға таныс басқа мысал: халықаралық қөлемді жарыстардан, олимпиадалық ойындардан телерепортаждар кезінде комментатор атаса болды, экранға кез келген спортсменнің құжаттамасы шығып отырады, бұл - компьютерлік ақпараттық жүйенің жұмысы.

Қолдану аймағы бойынша ақпараттық жүйелерді негізгі екі топқа бөлуге болады: ақпараттық-іздеу жүйелері және деректерді өңдеу жүйелері. Кез келген ақпараттық жүйе негізгі үш қызмет атқаруға тиіс: деректерді енгізу, деректер бойынша сұраныс жасау, есеп беруді құрастыру.

Ақпараттық жүйелердің өте маңызды құрама бөлігі – деректер қоры. ДҚБЖ арқылы шығарылатын есептерді жобалау ақпараттық жүйелерді жасауға әкеледі.

Деректер қоры — пайдаланушылардың ақпараттық қажеттіліктілігін қанағаттандыру үшін қолданылатын, қандай да пәндік аймақтың өзекті жағдайын сипаттайтын, анықталған ережелерге сәйкес ұйымдастырылған және компьютер жадында қолдау тапқан деректер жиынтығы [19].

Атап айтқанда, деректер қоры – магниттік дискілерге жазылған деректердің ұйымдастырылған жиыны. Сондықтан үлкен деректер қорына қатысты жасалатын бірінші қорытынды – олар үшін көлемді дискілік жадының қажеттілігі.



Деректер қорының жіктелуі. Деректер қоры әртүрлі белгілері бойынша жіктеледі.

Сақталған ақпараттың сипаты бойынша деректер қоры фактографиялық және құжаттық деп бөлінеді. Фактографиялық ДҚ қатал анықталған пішімде қысқа ақпараттар сақталады. Мысалы, мәліметтер тіркелген карточкалар жинағы. Ал, деректілік сипатты ДҚ – тұрлі құжаттар және онда мәтіндік құжаттардан басқа, графикалық, бейнелік дыбыстық (мультимедиа) сақталады, мысалы – мұрағат қоры.

Деректердің сақталуы бойынша – ДҚ орталықтандырылған және бөлісілген болады. Орталықтандырылған ДҚ барлық ақпарат бір компьютерде сақталады. Ол дербес автономиялы ДК немесе пайдаланушы-клиенттің қатынасуға рұқсаты бар, желілік сервері болуы мүмкін. Бөлісілген ДҚ жергілікті және ғаламдық компьютерлік желілерде қолданылады. Бұл жағдайда қордың әртүрлі бөлігі әртүрлі компьютерлерде сақталып тұрады.

Деректерді ұйымдастыру құрылымы бойынша – ДҚ кестелік (реляциялық), желілік және иерархиялық деп бөлінеді.

Базалық курста тек фактографиялық реляциялық деректер қоры қарастырылады. Бұл реляциялық типті деректер қорының ең жиі қолданылуына және оның әмбебаптылығына байланысты. Теориялық жағынан кез келген деректер жүйесін кестелер көмегімен бейнелеуге болатындығы дәлелденген. Қарапайым реляциялық ДҚ бір кестеден, күрделісі көптеген өзара байланысқан кестелерден тұрады.

Бір кестелік реляциялық ДҚ құрылымы. Реляциялық деректер қорының терминологиясында кестенің жолдары – жазба, бағаналары – өріс деп аталады. «Реляциялық ДҚ» атауының өзі ағылшын тілінің – relation сөзінен шыққан, аудармасы – «қатынас». Мұнда «қатынас» термині кестенің өрістерінің арасындағы өзара байланысы деп түсініледі.

Реляциялық деректер қоры – қисынды байланысқан, кестелерде тұрған деректер жиыны (қор). Анықтамаларға ұқсаған, әр кестедегі ақпарат, тек қана бір объект туралы ғана болады. Ал кестелер арасында байланыстарды құру, кез келген кестелерден кез келген деректерді жеңіл шығару және қатынасу мүмкіндігін береді.

Оқушыларға материалды нақты мысалдар негізінде түсіндіру қажет. Мысал ретінде мұғалім әртүрлі кестелерді: «Ауа райы», «Сабақ үлгерімі», «Факультативтер», «Үй кітапханасы» т.с.с. көрнекілеп дайындауына болады. Деректер қорында әр кестенің өз атауы болатынын ескерту қажет.

ДҚ элементтері. Жазбаларға, өрістерге байланысты негізгі ұғымдар:


  • жазбаның басты кілті;

  • өрістің аты;

  • өрістің мәні;

  • өрістің типі.

Басты кілт – кестедегі жазбаны бір мәнді анықтайтын, өріс немесе өрістер жиыны. Басқаша айтқанда, басты кілтті жазбаның идентификаторы деуге болады. Деректер қорында «кілт» сөзінің бірнеше қолданысы бар: іздеу кілті – оның мәні бойынша ДҚ жазбаны іздейтін өріс; іріктеу кілті – оның мәні бойынша жазбаларды реттейтін өріс. Жазбалардың идентификаторын басты кілт деп атайтыны сондықтан.

«Деректер қоры» тақырыбы жалпы информатика курсы үшін іргелі мәні бар, бірқатар түйінді мәселелерді қарастыратынын мұғалімнің түсінгені маңызды. Мұнда оқушылар тағы да (электрондық кестеде айнымалы ұғымымен танысқан) шама ұғымымен кезігеді. Бұл ұғым келешекте алгоритмдерде және бағдарламаларда кеңінен қолданылатын болады.



Шама – басыбайлы атауы бар және компьютердің жадында орын алатын жеке ақпараттық объект. Осы жағынан қарағанда өріс – шамалар болып табылады. Кестеде әр өрістің атуы бар, әр қайсысының типі анықталған. Шаманың типі ұғымы оның үш қасиетімен байланысты:

  • шама көптеген мәндерді қабылдай алады;

  • шамамен көптеген амалдарды орындауға болады;

  • ЭЕМ жадында ішкі ұсыну пішінімен.

Көптеген жағдайда деректер қорында өрістердің (шамалардың) төрт негізгі типі қолданылады:

  • символдық – ондай өрісте символдардың кез келген тізбегі сақтауға болады;

  • сандық – бүтін немесе ондық бөлшек сандардан тұрады;

  • дата – күн/айы және/жылы;

  • логикалық – логикалық шамалардың мәндері (иә – жоқ, ақиқат – жалған, (true - false)

Оқушылардың назарын мына жағдайға аудару қажет: символдық өрісте цифрлар тұруы мүмкін. Осы себепті кейде символдық және сандық типтер арасында жаңылыстық болады.

Бағдарламалық қамсыздандыру. Деректер қорымен жұмыс жасауға бағытталған бағдарламалық жасақтаманы деректер қорын басқару жүйесі (ДҚБЖ) деп атайды. Дербес компьютерлер үшін реляциялық типті бір қатар ДҚБЖ бар. Оларға FoxPro, Paradox, т.б. жатады. Мектепте көбінесе Microsoft Office пакетіне кіретін, реляциялық деректер қорын басқару жүйесі MS Access оқытылады.

Access – ағылшын тілінен аударғанда «кіруге болады», «рұқсат», «кедергісіз кіру» (орысш. – доступ) дегенді білдіреді.

Нақты ДҚБЖ оқытуды, әдеттегідей стандартты методикалық схема: «орта — жұмыс режімі— бұйрықтар жүйесі — деректер» бойынша өткізуге бағыттаған жөн.

Мысалы, MS Access үшін мына негізгі жұмыс режімдері өзгешеленеді:


  • «Таблица» – кестемен жұмыс жасау режімі;

  • «Запрос» – сұраныстармен жұмыс жасау режімі;

  • «Отчет» – есептемелермен жұмыс жасау режімі;

  • «Форма» – формалармен жұмыс жасау режімі.

Өз кезегінде аталған режімдердің әрқайсысында ішкі: «Просмотр», «Конструктор» және «Создать» режімдері бар. Мысалы, «Таблица» режімінде отырып пайдаланушы кестенің мазмұнын көре алады және оның кейбір өрістерін өзгертуге болады. «Таблица – Создать» создать режімінде жаңа кестенің құрылымы жасалады.

Оқушылардың ең бірінші игеретін ұғымы: ДҚ файлда сақталады; онымен жұмыс жасау үшін сол файлды ашу керек. Одан соң кестенің жазбаларын экранда қалай қарауға болатынын мұғалім көрсетуі керек. Ол үшін мұғалім алдын ала демонстрациялық деректер қорын дайындап алуы қажет.

Оқушыларға демонстрациялық ДҚ көрсету кезінде, оқушылардың назарын аударатын нәрсе: компьютердің жадында кестенің өзімен қатар оның құрылымының сипаттамасы сақталып тұрады, одан пайдаланушы өрістің параметрлерін: атын, типін, пішімін және басқаны біле алады. Access ДҚБЖ-де бұл «Таблица –Конструктор» режімінде жасалады.

Деректерді іздеуге сұраныс. Кез келген ақпараттық жүйенің негізгі міндеті – деректер қорында ақпаратты іздеу. Іздеу пайдаланушының сұранысы бойынша жасалады. ДҚБЖ тілінде, сұраныс бұйрығының құрылымы мынадай болады:

.анықтама <шығарылатын өрістердің тізімі> үшін <іздеу шарты>

Сұраныстардың орындалу нәтижесінде бұйрықта нұсқалған өрістерден тұратын кесте пайда болады. Бұл кестеге іздеу шартын қанағаттандырған, жазбалардан алынған ақпарат кіреді. Іздеу шарты логикалық өрнек болып табылады.

Мұнда біз курстың осы тақырыбының тағы бір іргелі құрамасы – математикалық логика негізімен кезігеміз. Бұл тақырыптың, информатикада қолданбалы пайдалануынан басқа, оқушылар үшін жалпыбілімдік ұлкен мәні бар.

Деректер қорына ыңғайластырып, логикалық өрнектің мынадай анықтамасын айтуға болады:



Логикалық өрнек – деректер қоры өрістерінің мәндері жайында кейбір пікір; ол пікір әртірлі жазбаларға қатысты, ақиқат немесе жалған болуы мүмкін.

Негізгі проблема – оқушыларды іздеу шартын, логикалық өрнек түрінде формалды ұсынуға үйрету. Мысалы, «бесінші сөреден жоғары тұрған барлық кітаптарды табу» фразасынан логикалық – ПОЛКА > 5 өрнегіне келтіру; немесе «физикадан барлық үлгермеушілерді таңдау» – ФИЗИКА < 3; немесе «жауын жауған барлық күндерді таңдау» – ОСАДКИ = дождь түрінде ұсыну.

Күрделі логикалық өрнектерде логикалық амалдар болады. Математикалық логиканың үш негізгі амалдары: конъюнкция ЖӘНЕ (И), дизъюнкция НЕМЕСЕ (ИЛИ), терістеу ЕМЕС (НЕ) қарастырылады.

Деректерді жоюға сұраныс. Іріктеу шарты логикалық пікірлер түрінде кестеден жазбаларды жою бұйрықтарында қолданылады. Бұйрықтың құрылымы жалпы түрде келесідей болады:

.жою үшін <логикалық өрнек>

Access-те конструктордың көмегімен кестелік түрде, жойылатын жазбаларды таңдау шарттары және оны жоюға сұраныс қалыптастырылады.



Деректерді іріктеуге сұраныс. Деректер қорында ақпаратпен жасалатын тағы бір маңызды айланың бірі – жазбаларды іріктеу. Мұнда, оқушылардың игеретін ұғымдары – «іріктеу кілті» және «іріктеу реті» болып табылады.

Іріктеу кілті – өріс, соның мәні бойынша кестедегі жазбалар реттеледі. Іріктеу реттінің екі нұсқасы бар: кілт мәндерінің өсуі және мәндерінің кемуі бойынша.

Егер бірнеше кілт болса, онда олардың арасында иерархия қойылады: бастапқы кілт, екінші кілт және с.с. Жазбалар бірінші ретте басты кілттің мәні бойынша іріктеледі, басты кілттің мәндері бірдей топтың ішінде, екінші кілт бойынша іріктелу жүзеге асады және т.с.с.

Access ДҚБЖ бүкіл кестенің жазбаларын іріктеумен қатар сұраныстың нәтижесінде шыққан кестенің жазбаларында іріктеуге мүмкіндік береді.

Деректер қорын құру – үш кезеңнен тұрады:

1) ДҚ жобалау. Бұл жұмыстың теориялық (компьютерсіз) кезеңі. Бұл кезеңде мыналар анықталады:

- ДҚ құрамына қандай кестелердің кіретіні;

- кестелердің құрылымы (әр кестеде қандай өрістер, қандай типті және өлшемі болатыны);

- әр кестенің басты кілті ретінде, қандай өрістер таңдалады және т.с.с.

2) Құрылымды жасау. Бұл кезеңде нақты ДҚБЖ-ң көмегімен ДҚ кіретін кестелердің құрылымы сипатталады.

3) Жазбаларды енгізу. Бұл кезеңде деректер қорының кестелері нақты ақпаратпен толтырылады.

Практикалық жұмысты ұйымдастыру бойынша ұсыныстар

Практикалық тапсырмаларды үш типке бөлуге болады:

1) есептер: негізгі ұғымдарды бекітуге арналған теориялық тапсырмалар;

2) жаттығулар:, ДҚБЖ ортасында жұмыс жасау үшін, жеке дағдыларды қалыптастыруға арналған практикалық тапсырмалар;

3) дербес жұмыстар, сынақ тапсырмалары; бұл тапсырмаларды орындауға қойылатын талап: оқушылар теориялық материалды игеріп және практикалық дағдылары қалыптасуы қажет.

Жаттығулар компьютерде орындалады. Мұғалім қарастырылып жатқан ДҚБЖ құралдарымен, ДҚ жұмыс тәсілдерін көрсету үшін түсіндіру барысында жаттығу материалдарын қолдануына болады. Осындай түсіндіруден кейін сондай типті басқа жаттығуларды оқушыларға топпен орындауға ұсынылады. Жаттығулар үшін жұмыс материалдарын (кестелер сақталған файлдарды) мұғалім алдын ала дайындап алуы керек.



Дәріс №14. Желілілік ақпараттық технологиялар тақырыбын оқыту

әдістемесі
Компьютерлік телекоммуникациялар – ақпараттық технологиялардың ерекше серпінді дамушы аймағының бірі. Ақпараттық технологиялардың басқа бөлімдерімен салыстырғанда оның технологиялық құрамы, теориялық құрамнан анағұрлым басым түседі. Сондықтан бұл тақырыпты оқыту тиімділігі, компьютерлік желілермен оқушылардың практикалық жұмысын ұйымдастыру мұмкіндігіне қатты байланысты.

Базалық курстың осы бөлімі аясында педагогикалық мақсаттардың мына тізімі жүзеге асырылады:

1) жергілікті және ғаламдық желілердің қызметі және құрылымы жөнінде түсінік беру;

2) желілердің негізгі ақпараттық қызметтері мен Интернеттің мүмкіндіктерін оқушыларды таныстыру;

3) компьютерлік сыныптың жергілікті желісінде файлдармен алмасу әдістерін оқыту;

4) Интернетте ақпаратты іздеу әдістерімен таныстыру (техникалық мүмкіндік болған жағдайда).

Бұл бөлімінің мазмұны, компьютерлік желілердің бөліну принципі бойынша, екі бөлікке бөлінеді:

▪ жергілікті желілер;

▪ ғаламдық желілер.

Компьютерлік желілер тақырыбында ұғымдардың саны өте ауқымды болғандықтан, жан-жақтылы баяндалу дәрежесі де әртүрлі болуы мүмкін.



Тақырыпты оқыту бойынша әдістемелік ұсыныстар

Қарастырылатын сұрақтар:



  • Жергілікті желі (ЖЖ), құрылымы және қызметі.

  • Ғаламдық желілердің (ҒЖ) құрылымы және қызметі.

  • Internet деген не.

  • Деректерді маршруттау және тасу.

  • Электрондық пошта; «клиент/сервер технологиясы;

ҒЖ желілердің аппараттық құралдары;

Internet және World Wide Web ақпараттық қызметтері.



Жергілікті желі (ЖЖ), құрылымы және қызметі. Егер мектептің информатика кабинетінде компьютерлер жергілікті желіге біріктірілген болса, онда тақырыпты оқыту қиындық туғызбайды. Компьютерлік желілерде ақпаратты жіберу туралы әңгіме дәл осы мектептің компьютерлік сыныбының жабдығы негізінде қозғалады.

Компьютерлік желіні – ақпаратты жіберу арналармен байланысқан, компьютерлер жүйесі – деп анықтап алған соң, мұғалім компьютерлік сыныптың жабдығын көрсетеді. Осындай желіні жергілікті деп аталатынын хабарлайды.



Жергілікті компьютерлік желілер – масштабы бойынша шағын, бір бөлме, ғимарат немесе мекеме аймағында жұмыс жасайды. Мектепте әр бөлмеде, оқу кабинеттерінде, директордың кабинетінде, бұгалтерияда және т.б. қойылған компьютерлерді біріктіретін, жергілікті желі жұмыс жасап тұруы мүмкін. Дәл осы сияқты, әдетте, кәсіпорынның әртүрлі бөлімдері, фирмалар, мекемелер жергілікті желіге жиі біріктіріледі.

Жергілікті желілерде, техникалық шешіміне және қызметіне байланысты, компьютерлерді біріктіру құрылымы әртүрлі болады. Оларды желінің архитектурасы, конфигурациясы, топологиясы деп атайды. Жергілікті желіні қолдану негізгі екі мақсатқа жауап береді:

1) желіні пайдаланушыларының арасында файлдармен алмасуға;

2) жалпыға рұқсат етілген ресурстарды: дискілік жадының үлкен көлемін, принтерлерді, ортақтандырылған ДҚ, бағдарламалық жасақтаманы қолдануға.

Жалпы жергілікті желінің пайдаланушыларын – жұмыс тобы деп, ал олардың жұмыс жасап отырған компьютерлерін – жұмыс станциясы деп атайды. Егер желіде бүкіл компьютерлер тең құқұқты, яғни тек қана пайдаланушылардың жұмыс станцияларынан тұратытын болса, онда оны бір рангалық желі деп атайды.

Бір рангалық желі, аталған мақсаттардың тек біріншісін: файлдармен алмасуды жүзеге асыру үшін қолданылады. Мұндай желіде әр компьютердің өз аты болады. Осы атаулар бойынша жұмыс тобының мүшелері өздерінің әріптестерінің ДК дискілік жадысымен хабарласуына, өз компьютерлеріне немесе өзінің файлын басқа компьютерлерге көшіруіне болады.

Осындай алмасу мүмкіндігін арнаулы желілік операциялық жүйе қамтамасыз етеді. Желілік ОЖ құралдарымен ақпаратты сыртқы бейтаныс қатынастан қорғауға болады.

Жергілікті желіні ұйымдастырудың басқа түрі – бөлінген басты компьютері бар желі. Оны файл-сервер деп те атайды. Әдетте, мектептің компьютерлік сыныптарында дәл осындай ұйымдастыру қолданылады.

Файл-серверге мұғалімнің ғана кіруге мүмкіндігі бар, сондықтан оны – мұғалімнің жұмыс орыны (МЖО), ал оқушылар жұмыс станцияларда жұмыс жасайтын болғандықтан – оқушылардың жұмыс орыны (ОЖО) деген атаулар қалыптасқан.

Барлық жұмыс станциялары басты компьютермен «жұлдыз» схемасы бойынша жалғасады. Сондықтан ақпаратпен тікелей алмасу, сервермен және әр жұмыс станциясының арасында жүреді. Әрине, мұндай жүйеде де оқушылар файлдарымен алмасуына болады, әйтсе де ол әрекет сервер арқылы жүзеге асады.

Әдетте, сервер – жұмыс станцияларына қарағанда, аппараттық жағынан қуаттырақ болады. Ол үлкен көлемді қатты дискімен, қосымша сыртқы құрылғыларымен (мысалы, CD–RW, DVD – дискжетегімен, принтермен, модеммен) жабдықталады.

Жергілікті желі осылай ұйымдастырылғанда жоғарыда аталған мақсаттардың екіншісі – сервердің жалпы аппараттық және ақпараттық ресурстарына пайдаланушының кедергісіз қатынасуы жүзеге асады. Атап айтқанда, сервердің дискісінде сақталған бағдарламаларды жұмыс станцияларының жедел жадына жүктеуге және орындауға болады. Пайдаланушы өзінің жұмыс орнынан сервердің қатты дискісінде файлды жазып, сонда сақтай алады.

Желінің жұмысын желілік операциялық жүйе басқарады. Операциялық жүйе – желідегі ақпарат алмасу стандарттарын (протоколдарды) қолдайды, әртүрлі пайдаланушылар бір ресурсқа қатынасқанда, оларды кезекке қояды және т.б. басқару жұмыстарын жасайды.

Желілік операциялық жүйенің негізгі қызметі – жергілікті желіде пайдаланыушылардың біріне бірі кедергі келтірмей, жұмыс жасауларына мүмкіндік беру. Бір рангалық желілердің жұмысын Windows XP, Windows 7 т.б. осы тектес операциялық жүйелер қолдайды. Сервері бөлектелген желілер үшін кең тараған операциялық жүйелер – Novell NetWare, Windows NT.



Ғаламдық желілердің (ҒЖ) құрылымы және қызметі. Ғаламдық компьютерлік желілер алыста үлкен қашықтықта (аймақ, ел, дүниежүзі масшабында) орналасқан ЭЕМ өзара біріктіреді. Егер жергілікті желіні оқушылар өз көздерімен көре алатын болса, ал ғаламдық желілермен таныстыру көбінесе сипаттамалық түрде жүретін болады.

Мұнда тағы да көмекке ұқсастық әдісі келеді. Ғаламдық желінің құрылу жүйесін телефондық байланыс жүйесі – телефондық желімен салыстыруға болады. Абоненттердің телефондары коммутаторлар түйіндері арқылы байланысады. Өз кезегінде барлық қалалық коммутаторлар өзара байланысқан, сондықтан кез келген екі абонент арасында байланыс орнатылады. Барлық жүйе қаланың телефондық желісін құрайды. Қалалық (аймақтық) желілер өзара қалааралық тораптар бойынша байланысады. Басқа елдердің телефондық желілеріне шығу халықаралық байланыс торабы бойынша жүзеге асады. Сөйтіп, барлық дүниежүзі телефондық желілермен «шырмалған». Осы желіге қосылған екі абонент, дүниенің кез келген бөлігінен бірімен-бірі байланыса алады.

Осы туралы баяндаған соң оқушыларға абоненттерде телефонның орнында дербес компьютерлер орнатылғанын елестетуді ұсыныңыз. Коммутаторлардың орнында – қуатты компьютерлік тораптар және осындай желіде әртүрлі ақпарат – мәтіндіктен бастап бейне және дыбысқа дейін айналып жүреді. Міне, қазіргі дүниежүзілік ғаламдық компьютерлік жүйе осы болады.

ARPANET деп аталған алғашқы ғаламдық компьютерлік желі АҚШ-та 1969 жылы жұмыс жасай бастады, ол алыстатылған тек 4 компьютерді ғана біріктірді. 1981 жылы Нью-Йорк университетімен Йель университін біріктірген BITNET желісінің негізі жасалды. BITNET – аралық жинақтаушы электрондық коммуникациялар желісі болып табылады. BITNET АҚШ–та 560 астам мекеменің (зерттеу орталықтарын, университеттерді, колледждерді, мектептерді қосқанда) компьютерлерін байланыстырды.

Қазіргі таңда BITNET желісі Европа, Азия және Америка құрылықтарының 52 елінінің 1500 астам мекемесін біріктіреді. BITNET ғылыми зерттеулерді және білім алуды қолдау үшін электрондық ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, көптеген шлюздар BITNET-пен Интернет арасында электрондық поштаны жіберіге мүмкіндік береді.

1990 жылы жасалған Ресейдің орасан зор желісі RELCOM болып табылды. RELCOM европалық желі EUNET-тің құрамына енді, өз кезегінде EUNET – әлемдік алып бірлестігі INTERNET-ң қатысушысы болып табылады. Мұндай иерархиялық құрылымдау ғаламдық желілерді ұйымдастыру үшін тән нәрсе.

Хост-компьютерлер – үнемі ақпаратты қабылдауға/жіберуге дайын, әрқашанда қосылып тұрады. Ондай жағдайды, олар – on-line режімінде жұмыс жасап тұр дейді. Абоненттердің компьютерлері желімен байланысқа тек белгіленген уақытта – байланыс сеансында шығады. Қажет ақпаратты қабылдап жіберген соң, абонент желіден ажыратылып, одан әрі алынған ақпаратпен дербес (автономиялы) – off-line режімінде жұмыс жасайды.

Ақпаратты жіберу маршруты, әдетте, пайдаланушыға белгісіз. Ол тек ақпараттың қосылу торабынан өтіп, қажетті пунктіне жеткеніне сенімді болуы керек. Жіберілетін деректерді маршруттаумен желінің жүйелік құралдары айналысады. Бір корреспондентпен, байланыстың әр сеансында, ақпарат әртүрлі маршрутпен жүруі мүмкін.

Шлюз – берілген желіні басқа ғаламдық желілермен байланысты үйымдастыратын компьютер.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет