Компьютерде практикалық жұмысты ұйымдастыру бойынша ұсыныстар
Оқушылар үшін басты мақсат - осы тақырыпты оқудың минимальды деңгейінде электрондық кестелердің көмегімен есептеуді ұйымдастырудың негізгі әдістерін үйрену. Ол үшін олар электрондық кестенің ортасында мына практикалық жұмыс жасау тәсілдерін игерулері қажет:
кестелік меңзерді кесте бойы ауыстыру; меңзерді қажет ұяшыққа қою;
деректерді: сандарды, мәтіндерді, формулаларды енгізу;
ұяшықтарды әртүрлі реттелген деректермен автоматты түрде толтыру;
ұяшықтардағы деректерді редакциялау;
ұяшықтардағы ақпараттың көшірмесін жасау;
жолдарды және бағаналарды кірістіру және жою.
Алғашқы кезеңде ең көп қиыншылық туғызатын теориялық сұрақтар – формулаларды жазу ережелері және салыстырмалы адрестеу принціпін түсіну. Сондықтан оқушылардың біліктілігін, дағдыларын жаттығулар мен есептерді шешуді жүзеге асыру арқылы қалыптастыру қажет. Формулаларды жазудың негізгі ережелері мынадай:
формулада барлық символдар бір жолда (бір ізді) жазылады;
амалдардың барлық белгілері қойылады;
амалдардың орындалу ретіне әсер үшін жай жақшалар қолданылады;
амалдардың үстемділігі ескеріледі: – дәрежеге шығару; *, / – көбейту және бөлу; +, - – қосу және алу;
стандартты функциялардың үстемділігі арифметикалық амалдардан жоғары; функцияның аргументі оның атауынан кейін жай жақшаның ішінде жазылады;
үстемділіктері бірдей тізбекпен жазылған амалдар, жазу ретімен, солдан оңға қарай орындалады (дәрежеге шығару – оңнан солға).
Осы ережелердің барлығы бағдарламалау тілдеріндегі өрнектерді жазу ережелерімен бірдей. Сондықтан кейін бағдарламалау тілін қарастырғанда бұл сұрақтар оқушыларға таныс болады. Жаттықтыру үшін өрнекті тура жазу – яғни математикалық өрнекті электрондық кесте үшін формула түрінде жазумен қатар, кері жазу – яғни формула бойынша математикалық өрнекті қайта қалпына келтіру тапсырмаларын беру қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |