ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешені «Қазақстанның физикалық географиясы» «5В016600 – География» мамандығы үшін ОҚУ-Әдістемелік материалдары



бет2/6
Дата26.08.2017
өлшемі1,28 Mb.
#28214
1   2   3   4   5   6

Жоспар:

1. Ішкі сулардың таралуындағы негізгі заңдылыктармен ерекшеліктер.

2. Өзендердің алаптар бойынша таралуы және соған сай өзендерінің қоректену режимі. Өзен торының жиілігі. Негізгі өзендердің экологиялык жағдайы және транс шекаралық өзендердің проблемасы.

3. Көлдердің таралу ерекшеліктері және қазан шұңкырының шығу тегі. (генезисі). Қоректену режимінің ерекшеліктері. Халық шаруашылығындағы маңызы. Каспий, Арал, Балхаш көлдерінің экологиялык жағдайлары.

5. Жер асты суларының таралу ерекшелігі және шаруашылықтағы маңызы. Жер асты суларынын экологиялық жағдайы. Минералды және термальды сулар.

6. Қазакстан таулары оның казіргі кезеңдегі мұздануы. Мұздықтардың жалпы көлемі және алып жаткан ауданы, кар сызығьның биіктігі, климаттың мұздыктарға әсері. Мәңгі тоңдар, мұздыктардың типтері.


6 дәрістің қысқаша конспектісі

Қазақстан аумағында 85 мың өзен бар. Олардың ішінде ұзындығы 1000км асатын 7 өзен бар: Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық, Іле, Шу, Сырдария. Республиканың барлық өзендері Солтүстік Мұзды мұхит және ішкі тұйық көлдер алаптарына құяды. Екі алап арасындағы суайрық Сауыр-Тарбағатай тау жүйесінің қырқасы мен Сарыарқа, Торғай үстірті арқылы өтіп, Оңтүстік Оралға тіреледі. Республика өзендерінің көпшілігі ішкі тұйық алапқа жатады. Ол ірі көлдерге құятын өзендер жүйесімен келесі сатыдағы кіші алапқа бөлінеді. Бұл көлдердің ірілері – Каспий, Арал теңіздері және Балқаш көлі. Қазақстан өзендірінің ерекшеліктері – жасының әр түрлі болуы мен әркелкі таралуы. Жазық бөлігінің өзендерінің жүйелері ескі, өзінің даму сатысының соңғы кезеңін өтуде. Жазықтарда өзен жүйесінің жиілігі солтүстіктен оңтүстікке қарай кеми береді. Орманды дала және дала зоналары өзенге бай болып келеді.Қазақстанның жазық аудандарында жылдық ағынды анықтайтын қар жамылғысының таралу сипаты және қардың еру алдындағы алдындағы қоры болып есептеледі. Оңтүстігінде ылғалдану коэффиценті бірдің маңында, оңтүстікте бірден мөлшері аз. Қазақстан өзендері негізінен қар, жаңбыр, мұздық және жер асты суымен қоректенеді. Жазық өзендері қар-жаңбыр суымен және қар суымен қоректенеді деп екі типке бөлуге болады. Биік таулы өзендер аралас қоректенетін өзендер типіне жатады, олар қар суымен, мұздықтармен қоректену басымырақ болып келеді.

Ішкі сулардың маңызды түрі - өзендер. Енді еліміз аумағындағы өзендердің ерекшеліктерімен танысайық. Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты 85 мың өзен бар. Олар Солтүстік Мұзды мұхит пен ішкі тұйық алапқа (Каспий және Арал теңіздері, Балқаш көлі алаптары) жатады.

Өзендер аумақта әркелкі таралған. Биік тауларда өзен торының жиілігі әр 100 км2-ге 16-18 км -ден келсе, оңтүстіктегі шөл зонасында 0,5 км-ді ғана құрайды. Өзен ағыны жыл мезгілдеріне қарай өзгереді. Адамдар бөгендер салу арқылы өзен ағындарын реттеп отырады. Біздің елімізде 168 бөген бар, олардың ең ірілері — Бұқтырма мен Қапшағай.

Қазақстан өзендерінің қорек көзі әртүрлі. Орманды дала және дала зоналарының өзендері қар-жаңбыр суымен қоректенеді. Бұл типке жататын басты өзендер — Есіл мен Тобыл, олардың тасуы көктемге келеді. Шөлейт және шөл зоналары арқылы ағатын Нұра, Жайық, Сағыз, Жем, Торғай және Сарысу өзендерінің басты қорек көзі — еріген қар суы. Бұл өзендердің ағыны түгелге жуық көктемге келеді, ал жазда мүлдем тартылып қалады. Биік таулы аудандарда қар-мұздықпен қоректененетін өзендер басым, олар көктемнің аяғы мен жазда тасиды.

Қазақстанның жазық бөліктерінде өзеңдердің ағысы баяу болғандықтан қатты материалдарды аз тасымалдайды, оларда лайлылық әдетте 100-200 г/м3 ғана. Тау өзендерінің лайлылығы жоғары, бұл көрсеткіш Сырдарияда 1200 г/м3-қа жетеді. Батыс Қазақстан өзендері борпылдық жынысты аумақпен ағатындықтан, лайлылығы 500-700 г/м3-қа дейін болады.

Кең байтақ республикамыз көлдерге бай. Көлдер, әсіресе, Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі тұйық ойпаңдарда жиі орналасқан. Қазақстанда 48 мыңнан астам ірілі-ұсақты көл бар. Олардың басым көпшілігі ұсақ көлдер болғанымен, 21 көлдің ауданы 100 км2-ден асады.

Көлдер таралуы климат жағдайларына тікелей тәуелді. Ылғалды аудандарда көлдер көбірек және көпшілігі тұщы келеді. Климаты құрғақ аудандарда көлдер аз, олар әдетте таяз сулы, ағынсыз, суы тұзды болады. Көлдер белгілі бір ауданда топтанып орналасады. Көлді аудандар қатарына Каспий маңы және Тұран ойпаттары, Батыс Сібір жазығы, Сарыарқаның аласа таулы бөліктері мен оңтүстік-шығыстағы таулы аудандар жатады.

Қазақстан көлдері шығу тегіне байланысты бірнеше типке бөлінеді. Тектоникалық көлдер қатарына Зайсан, Марқакөл, Қарасор, Теңіз-Қорғалжын тобындағы көлдер, Көкшетау көлдері жатады. Реликті (қалдық) көлдер ежелгі жазықтарға тән. Қазақстанның ең ірі қалдық көлдері — Каспий мен Арал теңіздері. Олар біртұтас су айдыны болған Тетис теңізінің орнындағы қалдық көлдер болып табылады. Мұздық көлдер биік таулы аймақтардағы ежелгі мұз басу аудандарында шоғырланған. Алматы маңындағы Үлкен Алматы көлі шығу тегі жағынан мұздық көл болып табылады.

Республика облыстары бойынша көлдердің орналасуының үлестік коэффициенті 0,0002-ден 4,38 аралығында, ал ландшафт бойынша: орманды дала аймақта 2,83, дала – 1,76, шөлейт – 0,65, шөл (Балқаш көлін қоспағанда) – 0,37 және таулы аймақтарда – 1,13 коэффициент.

Көлдер бір жерлерде бір-бірінен жүздеген километр қашықтықта, енді бір жерлерде бір-біріне жақын орналасады. Ең ірі көлдер республикамыздың оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс бөліктерінде орналасқан. Олар Орталық Қазақстандағы Балқаш пен Теңіз көлдері, Жоңғар қақпасындағы Алакөл мен Сасықкөл, Алтайдағы Марқакөл. Көлдер, әсіресе, орманды дала және дала аймағының солтүстік бөлігінде, сонымен қатар ірі өзен алқаптарында, құмға сіңіп жоғалып кететін тұйық өзен атырауларында жиі кездеседі.

Су айдындарының көпшілігі борпылдақ кайназой шөгінділері үстінде – теңіз деңгейімен есептегенде 100 метрден 350 метрге дейінгі биіктіктерде орналасқан. Көлдердің су жиналатын алабы әдетте 10 шаршы километрден 320 километрге дейін, ал шөлейт және шөл аймақтарда олардың анағұрлым қомақтырақ. Көлдердің тереңдігі 2 метрден 8 метрге дейінгі аралықта ауытқып отырады, кей жерлерде одан да терең болады. Атап айтқанда, Алакөлдің тереңдігі – 54 метр, Үлкен Шабақты – 37 м, Шортанды – 31 м, Марқакөл – 27 м, Балқаш – 26 метр.

Көл суының мөлдірлігі 0,3 метрден 18 метр тереңдік аралығында, қыста мөлдірлік артып, жазда еріген судың қосылуына байланысты кемиді.

Көл суының минералдығы көл суын пайдаланудың маңызды көрсеткіші болып табылады. Тұздылығына қарай көл суы тұщы су, кермек су, ащы су және тұзды су болып бөлінеді.

Химиялық құрамы жағынан көл сулары сульфатты, гидрокарбонатты және хлорлы болып үш класқа бөлінеді. Көл суларының 87 проценті сульфат класына жатады (Балқаш, Алакөл, Қамыстыбас, Теңіз және көптеген кіші көлдер). Қалғандары гидрокарбонатты және хлорлы көлдер класына жатады, әйтсе де саны жағына хлорлы көлдер көбірек.

Балығы. Республикамыздағы көлдерде балықтың 35 түрі кездеседі, олардың ішінде ауланатыны – сазан, көксерке, майбалық, ақ балық, алабұға, табан балық. Балқаш, Алакөл, Билікөл, Қамыстыбас және Марқакөлден ауланатын балық мөлшері 0,5-тен 40 килограмға дейін. Осы көлдерден жыл сайын 16-17 мың тонна балық ауланады.

Су өсімдіктері. Көл қамысы 500 мың гектар жерді алып жатыр, ол негізінен Балқаш, Алакөл көлдерінің және Шу, Нұра, Сырдария өзендерінің жағалауларында өседі.

Есептеулерге қарағанда, 150 мың гектар жерден 1,5 млн. тонна құрғақ қамыс дайындаға болады.



Өзін-өзі тексеру үшін сұрақтар:

  1. Қазақстан территориясындағы гидрологиялық тордың таралу ерекшелігі?

  2. Қазақстан аумағындағы өзендердің қоректенуі қандай типке жатады?

  3. Су көздерінің ластануы мен оны қалпына келтіру шаралары бойынша өз ұсынысынды білдір

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5

7 дәріс. Қазақстанның топырақ жамылғысы


Мақсаты: Қазақстан аумағындағы топырақ түрлерінің таралу заңдылықтарын, оның эрозияға ұшырауының территориялық ерекшелігін оқыту

Жоспар:

1. Топырақтың таралу заңдылығы. Топырактың негізгі генетикалық типтері.

2. Топырақ эрозиясы. Азоналды және интрозоиалды топырактар. Азык - түлік проблемасын шешудегі жер ресурсының ролі.

3. Жарамсыз жерлердін пайда болу себептері және оны шешу жолдары. Топырақтың ластануына антропогендік факторлардың әсері.


7 дәрістің қысқаша конспектісі
Қазақстан аумағының топырақ жамылғысы алуан турлі, құрамы жағынан күрделі болып келеді. Топырақ түрлерінің таралуында жер бедеріне сәйкес зоналық заңдылық айқын байқалады. Жазықтарда топырақтар ендік зоналар түрінде, ал тауларда биіктік белдеулер бойынша таралған. Топырақ жамылғысының қалыптасуъіна жергілікті табиғат жағдайлары күшті ықпал етеді. Сондықтан Қазақстан жеріндегі топырақ түрлері көршілес аумақтардағы топырақтардан едәуір айырмашылық жасайды.

Қазақстан аумағында топырақтың үш типі: қара топырақ (52°с.е. солтүстікке қарай), күрең (каштан) топырақтар (52-48°с.е. аралығында) және қоңыр, сұр қоңыр топырақтар (52-48° с.е.-тен оңтүстікке қарай) таралған.

Қара топырақ республиканың ең солтүстік бөлігінде таралған. Бұл белдем Солтүстік Қазақстан облысын түгелімен, Қостанай облысының көпшілік бөлігін, Ақмола, Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының солтүстігін қамтиды. Қара топырақты алаптың жалпы ауданы 25,5 млн. гектар, бұл республика аумағының 9,5%-ын құрайды. Қара топырақ үш түрге бөлінеді: сілтісізденген қара топырақ - орманды дала зонасының оңтүстігін алып жатыр; кәдімгі қара топырак, пен оңтүстік қара топырағы дала зонасына тән болады. Құнарлылығына қарай топырақтың алғашқы екі түрі гумусты (құрамындағы гумус мөлшері 6-9%), қара түсті болады, ал соңғысында қарашірік мөлшері аз (4-6%). Қара топырақтар республиканың басты астықты өңірі болып табылатын жақсы ылғалданған далалы жазықтарда таралған. Жер бедерінің ойпаңдау жерлерінде сор мен сортандар кездеседі.

Күрең (каштан) топырақтар оңтүстік қара топырақтың оңтүстігіне қарай таралған. Бұл алап Орталық Қазақстанның басым бөлігін, Каспий маңы ойпатының солтүстігін, Шығыс Қазақстанның жазықтарын қамтиды. Топырақтың бұл типі республиканың қуаң далалары мен шөлейттеріне тән. Күрең топырақты алқаптар ауданы 90,6 млн. гектар, бұл республика аумағының 34%-ын құрайды. Күрең топырақтар қуаң даланың куңгірт күрең және күрең топырағына, шөлейттердің ашық күрең топырағына жіктеледі. Күрең топырақтардың құнарлылығы оңтүстікке қарай азаяды. Күңгірт күрең және күрең топырақтардың құрамында гумус мөлшері 4,5-3% болады, ал ашық күрең топырақта гумус өте аз (3-2%). Қуаң даланың күңгірт күрең және күрең топырақтары астық пенімал шаруашылығына жарамды. Ашық күрең топырақ таралған аумақтарды жайылымдар алып жатыр.

Күрең топырақтардан оңтүстікке қарай шөл зонасының қоңыр және сұр-қоңыр топырақтары таралған. Олар 120 млн. гектар алқапты алып жатыр, бұл республика аумағының 44%-ын құрайды. Олардың құрамында гумус мөлшері 2,0-1,0%, негізінен мал шаруашылығы үшін жарамды. Суарған жағдайда егіншілікті дамытуға болады. Бұл топырақтар шөлдің құмды және тақырлы алаңқайларымен алмасып отырады.

Шөлдің сұр-қоңыр топырағы тау алды жазықтарында сұр топыраққа ауысады. Таулы топырақтар Қазақстан аумағының 12,5%-ын алып жатыр. Олар таудың географиялық орнына, биіктігі мен жоталарының орналасу бағытына қарай әркелкі тараған.

Топырақ құнарлылығы — оның басты қасиетінің бірі. Қоршаған ортада барлық қолайлы жағдай болғанның өзінде қалыңдығы 18 см ғана болатын құнарлы қабаттың түзілуі үшін 1500 жылдан артық мерзім қажет болады екен. Ал бұл қабат тозып, жойылуы үшін кей жағдайда бірнеше ондаған жылдар жеткілікті болады. Оған ең алдымен топырақ эрозиясы (жел және су эрозиясы) ықпал етеді.

Қазақстанда 70 млн. гектардан астам алқап, ягни ел аумағының 26%-ы эрозияға ұшыраған. Оның 3/4-і жел эрозиясына бейім келеді. Мұны біріншіден, Қазақстанның жазық жөне ашық болып келуімен, екіншіден, күшті желдердің ұдайы соғуымен, үшіншіден, борпылдақ құрылымсыз немесе құмды, құмшауыт жеңіл топырақтардың таралуымен түсіндіріледі. Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру барысында эрозияға бейім аудандар да жыртылып тасталды, соның нәтижесінде олар жел эрозиясына ұшырады. Қазақстандағы эрозияға бейім аудандардың 1/4-і су эрозиясынан зардап шеккен. Бұған шамадан тыс суару және нөсер жаңбырлар себепші болады. Бастапқыда ұсақ жыралар пайда болып, суарған сайын олар тереғдеп сайға айналады, топырақтың құнарлы қабаты сумен шайылып кетеді.

Біздің елімізде топырақты зерттеу мен оны қорғау мәселелерімен айналысатын арнайы ғылыми мекеме - Топырақтану институты жұмыс істейді. Институт ғалымдары солтүстік аудандардағы жел эрозиясы мен оңтүстіктегі су эрозиясымен күресу жөнінде нақты ұсыныстар жасайды:

1) агротехникалық шаралар: тік беткейлерде су ағысы бағытына көлденең жырту; қар тоқтату шараларын жүргізу;

2) мелиорациялық шаралар: жыра мен сай, өзен жағаларына ағаштар мен бұталар отырғызу;

3) гидротехникалық шаралар: жыраларды бекітетін инженерлік құрылыстар салу; каналдар түбін су өткізбейтін бетондалған тақталармен қаптау т.б.



Өзін-өзі тексеру үшін сұрақтар:

  1. Еліміздегі топырақ түрлері мен оның құнарлылығы қандай?

  2. Дала зонасындағы қара топырақты қорғау шаралары?

  3. Жел және су эрозиясының таралған аумағы

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5

8 дәріс Казакстанның өсімдік жамылғысы





Мақсаты: Өсімдіктердің таралуы мен қорғау шараларын қарастыру

Жоспар:

1. Өсімдіктердің таралу ерекшелігімен заңдылықтары. Геоботаникалық аудандастырылуы.

2. Өсімдіктердің азоналды және зона бойынша таралуы.

3. Өсімдік ресурстары, олардың шаруашылықтагы маңызы. Дәрілік өсімдіктер.

4. Өсімдік жамылғысының деградацияга ұшырауы, себсптері, сатдары және шешу жолдары.

5. Эндемик өсімдіктер. Қызыл кітапка енгізілген өсімдік түрлері.


8 дәрістің қысқаша конспектісі

Қазақстанның қазіргі өсімдік жамылғысы 6000 өсімдік түрінен тұрады. Олардың 535 түрі тек Қазақстан аумағына ғана тән эндемиктер болып табылады. Өсімдік жамылғысының түрлік құрамы салыстырмалы түрде онша бай емес, оған қолайсыз табиғат жағдайлары және жер бедерінің жас болуы әсер етеді. Мәселен, теңізден неогенде босаған Каспий маңы ойпаты және Тұран ойпаттарында өсімдік жамылғысы әлі толық қалыптасып үлгірмеген.

Солтүстіктен оңтүстікке қарай 1600 км-ге созылып жатқан жазық бөлікте дала мен шөлейт, шөл өсімдіктері басым. Таулы аудандарда өсімдік жамылғысы биіктік белдеулікке байланысты таралған. Геоботаникалық жағынан Қазақстанның өсімдік жамылғысы қылқан жапырақты ормандар (Оңтүстік Алтай), Батыс Сібір орманды даласы (Солтүстік Қазақстан), Еуразиялық дала (Еділ-Жайық, Мұғалжар-Торғай, Есіл-Нұра, Қарағанды, Ұлытау-Сарысу, Зайсан маңы), азиялық шөлдерді (Тұран, Солтүстік Тянь-Шань, Қаратау) қамтиды.

Қазақстанның солтүстігіндегі далалық жерлерде дақылдар және басқа әртүрлі шөптесін өсімдіктер (бетеге, боз, селеу, атқонақ, қызылбояу және өзен жайылымдарында жалбызды арпабас, бидайықты шалғындар) басым. Елдің қиыр солтүстігінде шалғынды-дақылды әртүрлі шөптесін өсімдіктер арасында шоқ-шоқ болып қайыңды-көктеректі ормандар кездеседі. Бұл жерлер Сібірдің нағыз орманды даласына ұқсас. Ертіс және Тобыл өзендерінің құмды жағалауларында және Сарыарқаның гранитті массивтерінде қалың қарағайлы ормандар кездеседі.

Дала зонасының оңтүстігіндегі құрғақ далада көбінесе бетеге, боз, селеу өсімдіктері кездеседі, тек қана оңтүстігіне таяу жусанның бірнеше түрі қосылады. Дала зонасының табиғи өсімдіктерінің ішінде көптеген дәрі-дәрмекті өсімдіктер кездеседі (жалынгүл, салаубас, шайқурай, тентекмия, итмұрын, шүйіншөп және т.б.). Көктемде және жаздың басында дала қызылды-жасылды түске боялады. Шілденің екінші жартысында шөптесінді өсімдіктер қурап, дала сарғыш-сұр түске айналады. Қазіргі Қазақстанның далалық жерлері түгелдей жыртылып, егістікке айналған.

Қазақстан жазықтарының оңтүстік бөлігінің барлығын шөл зонасы (құмдауыт, саздақты, тастақты және сортаңды шөлдер) алып жатыр. Құмдауыт шөлдерде жусанның бірнеше түрі, сол сияқты дақылдар (қияқ, бидайық, ебелек, изен және т.б.), эфемер өсімдіктердің бірнеше түрі және аласа бұталар (жүзгін, теріскен, қылша, таспа) өседі. Сарыесік-Атырау, Мойынқұм, Қызылқұмдарда қара сексеуілдер кездеседі. Саздақты шөлдерде баялыш, бұйрығын, көкпек және жусан тараған. Тастақты шөлдерде жыңғыл, тасбұйырғын, жусан өседі. Гранитті жартастарда және шоқыларда арша бұталары, терең шатқалдардағы бұлақ сулары шығып жатқан жерлерде қараған, итмұрын кездеседі.

Өзен аңғарларында адам өткісіз қалың бұталы шөптесінді-тоғайлы ландшафт (жиде, жыңғыл, тал, терек, шырғанақ) кездеседі. Сырдария, Іле және басқа өзендердің атырауларында қамысты-құрақты тоғайлар, өзен аңғарының террассаларында жыңғылды-қара сексеуілді тоғайлар ұшырасады.

Тауларда биіктік белдеу өсімдіктері өседі.

Қылқан жапырақты ормандардың негізін балқарағай, майқарағай, шырша, төменгі бөлігін қарағай, жоғарғы жағын самырсын ағаштары құрайды. Шөл зонасында жатқан Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шань тауларының тау алды жазықтары шөлге ұқсас. Соған байланысты эфемерлер (өлең, қоңырбас, көкнәр, қызғалдақ және т.б.) кездеседі. Аласа таулы белдеу далаға ұқсас болып келіп, теректі, қайыңды, жабайы алмалы, өрікті, доланалы ормандардан тұрады. Орташа таулы белдеулерде шалғындар, орманды шалғынды дала өсімдіктері өседі. Әр жерде кездесетін орманды массивтердің дені тянь-шань шыршасы бұған Сібір майқарағайы араласқан. Биік таулы белдеу альпі-субальпі шалғыны мен қара мұздықтардан тұрады.

Өзін-өзі тексеру үшін сұрақтар:


  1. Жазық аймақтардағы ендік зоналық заңдылыққа тән өсімдіктер жүйесі қандай?

2. Сирек кездесетін және дәрілік өсімдіктер түрлерін сақтау жолдары қандай

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5

9 дәріс Казақстанның жануарлар дүниесі


Мақсаты: Әр зонаға тән жануарлар әлемін қарастыру

Жоспар:

1. Жануарлардың зерттелу тарихы. Жануарлар дүниссінің таралу ерекшеліктері.

2. Зоогеографиялык аудандастырылуы. Республикамыздағы кездесетін негізгі жануарлар түрлері.

3. Кәсіптік маңызы бар жануарлар, эндемик жануарлар. Қызыл кітапқа енгізілген жанурлар түрі. Қорыктар.


9 дәрістің қысқаша конспектісі

Қазақстанның қазіргі жануарлар дүниесінде сүт қоректілердің 172, құстардың 490, бауырымен жорғалаушылардың 51, қосмекенділердің 12, балықтардың 100 ден аса түрлері бар. Омыртқасыздар 40 мың түрден асады. Тек қана жәңдіктердің 30 мыңнан аса түрі тіркелген.



Орманды дала зонасында орман жануарларының өкілдері ақ қоян, ор қоян, бұлан, түлкі, ақкіс, ақ тышқан, құстардан құр, саңырау құр, тоқылдақ, көкек басым ұшырасады. Алтайдың орманды даласында марал бағылады. Көлдерде құстардан - аққу, қаз, үйрек, шағалалар кездеседі. Далалық жерлерді тышқандар, саршұнақ, қосаяқ, суырлар, дала алақоржыны, құстардан - дуадақ, безгелдек, бүркіт, дала және шалғын құладыны мекендейді.

Дала зонасының жануарлар дүниесі жаппай жерді жырту барысында өте жұтаңданған. Нағыз дала құстары дуадақ пен безгелдек, бөдене жойылуға жақын. Суыр сирек кездеседі. Ертеректе үйір-үйірімен жүріп, жер қайыстыратын ақбөкендер оңтүстікке шөлейт пен шөл зонасына ығысуда. Кемірушілер - жертесерлер, дала тышқандары мен алақоржындары, эверсман саршұнақтары көбеюде. Бұл кемірушілер егіндікке көп зиянын тигізуде. Жыртқыштардан қасқыр, түлкі, борсық, күзен, ақкіс мекендейді. Оңтүстікке қарай тек қатты ыстық мезгілде түнде ғана інінен шығатын шағын түлкі — қарсақ кездеседі.

Құстардан бұлдырық, құр, тырна, балықшы, бозторғай, үкі, жыртқыш құстардан дала бүркіті, бөктергі, дала құладыны, кезқұйрық бар.

Көптеген көлдердің жағалауында батпақ құстары — қаз, қоқиқаз үйрек, тырна, қызғыш құс, қамыс торғайлары ұя салады.

Шөлейт зонада дала мен шөл жануарлары аралас кездеседі. Орталық Қазақстанның аласа тауларында сирек кездесетін жануарлар қатарындағы арқар, қарақұйрық елік, мәлін мекендейді. Саны жағынан ерекше көп деп есептелетін жануарлар — кемірушілер. Сонымен қатар дала күзені, қарсақ, түлкі, дала бүркіті, шіл, бұлдырық, бозторғай да көп таралған. Кесірткелер (агама, геккон) мен жыландар да өте көп.

ІІІөл зонасының жануарлар дүниесі өзгеше. Олар жазғы қатты ыстық пен құрғақшылыққа өте төзімді. Олардың біразы қолайсыз мезгілдерде ұйқыға кетеді немесе көп жағдайда түнгі тіршілікке бейімделген. Жертесер — кемірушілер саны өте көп, әсіресе кұм тышқаны, саршұнақ, қосаяқ, көртышқандар басым. Ірі тұяқты жануарлардан ақбөкен мен қарақұйрық мекендейді. Кірпілер, тасбақалар барлық жерлерде кездеседі. Өзен жайылмаларындағы тоғайларда қабан, елік, ор қоян, қырғауылдар, жайра болады. Сонымен қатар жыртқыштардан қасқыр, дала мысығы, шұбар күзен, шағыл мысығы бар.



Өзін-өзі тексеру үшін сұрақтар:

  1. Жануарлардың зона бойынша таралу заңдылығы

  2. Қазақстан территориясындағы эндемик жануарлар қандай?

  3. Қызыл кітапқа енген жануарларды қорғау жолдары?

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5
10 дәріс Казакстанның табиғат зоналары
Мақсаты: Қазақстан территориясындағы табиғат зоналарының таралу заңдылығы мен территориялық ерекшеліктерімен таныстыру

Жоспар:

1. Табиғат зоналарының таралу заңдылығы. Орманды дала, дала, шөлейт, шөл зоналары.

2. Зоналардың географиялық орны, рельефі, климаты, ішкі сулары, топырақ - өсімдік жамылғысы, жануарлар дүниесі.

3. Биіктік белдеулік зоналардың қалыптасу заңдылыгы, температурасы, ылғатдылығы, топырақ - өсімдік жамылғысы. Жеке таулы аймактардын биіктік белдеуліктері және өзіндік ерекшеліктері.


9 дәрістің қысқаша конспектісі

Табиғат зоналарын ең негізгі сыртқы факторлар қалыптастырады. Әрбір зона өзіне тән климатымен, топырағымен, өсімдік және жануарлар дүниесімен ерекшеленеді.

Қазақстанның жазық бөлігінде солтүстіктен оңтүстікке қарай бірте – бірте орманды дала, дала, шөлейт және шөл зоналары ауысып отырады. Қазақстан жерінде орманды дала зонасының тек оңтүстік шеті сүйірленіп кіреді. Жазық далада шоқ – шоқ болып ормандар өседі. Қазақстанның орманды дала зонасы батыс сібір жазығы мен Жалпы Сырт қыратының азғана бөлігін алып жатыр. Жалпы көлемі 1 млн га Қазақстан территориясының 0,4 %.

Орманды дала зонасы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павладар облыстарында таралған. Қазақстан территориясының 0,4 %. Бұл жердің тектоникалық құрылымы жер қыртысының мезозойға дейінгі қатпарлану кезенінде түзілген, мезокайназойлық тарихы жас платформалық жазықты жағдайда өтуде. Казіргі жер бедері тегіс, жазық, ал оңтүстігінде ежелгі таулардың ұсақ шоқылы жұрнақтары сақталған қырат. Жер бедері кешендерінің пішіндері мен топырақ қабатын түзуші жыныстары аллювийлә және көлтабанды-аллвийлі саздақтан ұсақ құмнан тұрады. Топырақ пен грунт қабаты ылғалға көп мөлшерде қаныққан, көбіне гидроморфты болып келеді. Бұл зонаның климаты қоңыржай континентті, 10°с-тан жоғары ауа температурасының жылдық қосындысы 1950-2200°с, жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері 300-350 мм, ылғалдану коэфиценті 0,77-0,56. Өсіп-өну кезенінің ұзақтығы 120-145 күн, қуаңшылыө жылдардың қайталануы 20-30%. Мұнда Батыс Сібірдің орманды дала зонасының Қазақстандық нұсқасы дамыған. Оол суффозиялық немесе ежелгі көлтабандық дала ойыстарында өсетін орман шоқтары және тегіс жазықтағы дәнді шөптесіннен тұрады.

Орманды даланың 50-55 % егіске жарамды. Жайылым мен шабындық та баршылық. Мал шаруашылығы сүтті-етті мал өсіруге бағытталған.

Қазақстан жеріндегі дала зонасы Каспий маңы ойпаты жазығынан Алтай тауларына дейін 2200 ш-ға созылған. Дала зонасы жердің 77 млн.га тараған, яғни 29% алып жатыр. Олар Каспий маңы ойпатының солтүстігінде, Жалпы Сыртта, Орал тау алдындағы борлы үстіртте, Торғай үстіртінде, Сарыарқада және Батыс Сібір ойпатының Қазақстандық бөлігінде дамыған. Бұл жерлердің геологиялық құрылысы мен тектоникалық құрылымы әртүрлі болып келеді. Орал, Мұғалжар тауларына дейінгі батыс бөлігі ежелгі платформаның плиталық жазығынан тұрады. Мұнда дала зонасы теңіз табанды саз балшықты, борлы жыныстардың негізінде қалыптасқан. Орал, Мұғалжар тауларының шығысында далалар жас платформаның шитті және плиталы жазықтардан дамыған. Олар теңіздік және құрлықтық жағдайда қабаттасып, қаттасқан лесс тәрізді саздақтан, қиыршық тасты саздақтан және сазды жыныстан түзілген. Жер бедері әртүрлі болып келеді. Тектоникалық құрылымына қарай жер бедері ойпатты, қыратты, үстіртті болып ажыратылады. Сарыарқады ежелгі таулардың ұсақ шоқылы жұрнақтары кездеседі. Жер бедерінің барлық денгейінде де қуаң және құрғақ континентті климат қалыптсқан. Солтүстігіндегі қоңыржай қуаң климат, оңтүстігінде құрғақ континентті климатпен алмасады.

Дала зонасы 77 млн га жерге тараған Қазақстанның біраз аумағын, дәлірек айтқанда, 29 % -ынан астамын алып жатыр. Дала зонасына Батыс Сібір жазығының оңтүстік шеті, торғай үстіртінің солтүстігі, Мұғалжар тауы түгелдей дерлік, жалпы Сырт сілемдері, Жем үстірті, сарыарқаның солтүстігі мен орталық аудандары жатады.

Қазақстанның шөлейт жерлері дала мен шөл зоналары аралығында орналасып, Жайықтың жағасынан Алтай тауларына дейін 2900 км-ге созылған. Ол республиканың барлық аумағының 14 %-ын алып жатыр. Зонаның оңтүстік шекарасы 48º с.е. бойымен өтеді.

Шөл зонасы Каспий теңізі жағалауынан Тарбағатай тауының етегіне дейін созылады. Шөл зонасының жалпы көлемі 117 млн га, республика аумағының 44 %-ына жуығын алады. Бұлзонада негізінен құмды және сазды шөлдер кең тараған.. Тасты шөлдер Қазақстанға тән емес, бұлар тек шағын үлескілерде кездеседі.

Шөл зонасы солтүстік және оңтүстік болып екіге бөлінеді. Солтүстік шөлдеде Үстірт және тұран ойпатының солтүстік жартысы, Бетпақдала үстірті, Мойынқұм, Балқаш маңы құмдары жатады. Ал оңтүстік шөлдерге Үстірттің оңтүстігі мен Қызылқұмды қамтитын Тұран ойпатының оңтүстік жартысы жатады.

Қазақстан жерінің 90 % жазық алып жатыр. Олар оңтүстіктен солтүстікке 1600 ш-ға, батыстан-шығысқа 3000 ш-ға созылған. Геологиялық –геоморфологиялық, атмосфералық, циркуляциялық факторлардың зоналық айырма джасап әрекет етуіне қарай орманды дала, дала, шөлейт, шөл зонасы территориялық бөлшектенуге себепші болған.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет