Мектеп тарихының бастапқы кезеңінен оқыту, білімдер жүйесін оқушылардың меңгеруі белгілі бір дидактикалық кезеңдерден тұрады:
Оқушыға берілетін білім мақсаты мен қажетін түсіндіру және оларды әрекетке бағыттайтын мотивтерді туғызу. Осыған орай оқу міндеттерін анықтау.
Оқушыға жаңа білімді баяндау және оны қабылдауға басшылық жасау.
Оқушының білімді қабылдауы және оның санасында жаңа білімнің қорытылып, ғылыми ұғымдар мен тұжырымдардың қалыптасуына басшылық ету.
Берілген білімді бекітуге басшылық ету.
Білімді практикада қолдануға басшылық ету.
Оқушының білім мен дағдысының сапасы және деңгейін есепке алу, тексеру және бағалау.
Ұйымдастыру жағынан алғанда, дидактикалық әр кезеңнің өзіне тән ерекшелігі болады.
Білім алудың мотиві мен мақсатын анықтау.
Қандай да болмасын адам әрекеті мотивтен туындап, белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталады. Сол секілді оқушының білім алудағы әрекеті де мотив пен мақсатқа сәйкес іске асады. Мотив - әрекеттің себебін, оны неге жасау керектігін; мақсат - әрекеттің нәтижесі қандай болуға тиісті екенін анықтайды. Баланың оқудағы негізгі мотивінің бірі – қызығу. Оқу жұмысының жемісті болуы, ең алдымен, балада білімге деген қызығушылықты туғызуға байланысты. Оның өзі оқуға талпынбаса, күшпен зорлап оқытуға болмайды. Қызығуды туғызу үшін берілетін білімнің мақсаты мен қажетін түсіндіріп, оларға нақты оқу міндеттерін қойып және анықтап беру қажет.
Жаңа оқу материалын қабылдау.
Оқушының білімді меңгеруі жаңа оқу материалын қабылдаудан басталады. Қабылдау – адамға тікелей әсер ететін заттардың, құбылыстардың адам санасында бейнелену процесі. Білімді терең меңгеру үшін оқу материалын қабылдау жеткіліксіз болады. Бұл оқушылардың білім мазмұнын түсініп, ұғынуы және белсенді де терең ойлау әрекетінің нәтижесінде ғана іске асады. Ұғыну – бұл саналы түрде ғылыми білімді, заңдылықтарды ұғу, фактілерді жинақтау процесі, қорытынды шығару. Ұғыну процесінде оқылатын материал терең ойластырылады, дәлелденіледі және бекітіледі.
Білімді бекіту.
Бекіту- бұл оқушылардың берік ұғынуының тиімді тәсілі. Сабақта жаңа материалды қабылдаудан кейін, бекіту әр түрлі практикалық, лабораториялық жұмыстары негізінде іске асады. Бекітудің бұдан да басқа тәсілдері бар: өткен оқу материалын бөліктерге бөліп қайталап отыру, есте қалдырудың тәсілдерін үйрету т.б.
Білім мен дағдыны практикада қолдану.
Білім мен дағдының сапасы мен нәтижесінің көрсеткіші практика. Егер оқушы білімді практикада қолдана алмаса, бұл оның білімді үстірт қабылдағандығынан, жете түсінбегенінен болады.
Оқушылардың білімі мен дағдысын тексеру, оны талдау және бағалау.
Оқытудың білім алудағы жетістіктерін, табыстарын талдап, айтып берудің және оны бағалаудың маңызы зор. Мұғалім мен окушы үшін мұндай жұмыс, кибернетикалық терминмен айқанда, кері байланыс болып табылады. Мұны мұғалім оқытудың әрбір кезеңінде іске асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |