Петр I өлімінен кейін, оның реформаторлық бағытын Екатерина II жалғастырды. Ол орыс халқының ұлттық мүдделерін таныта білді және тарихта елді отыз төрт жыл билеген (1762-1796) ұлы императрица ретінде өшпес атын қалдырды



Дата26.06.2018
өлшемі227,61 Kb.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті
Патриоттық тәрбие беру ҒЗИ

К.Ш. ДЖАЛИЛОВ

ЕКАТЕРИНА II -

Ресейдің ұлы реформаторы

Қарағанды 2014

АЛҒЫ СӨЗ
Петр I өлімінен кейін, оның реформаторлық бағытын Екатерина II жалғастырды. Ол орыс халқының ұлттық мүдделерін таныта білді және тарихта елді отыз төрт жыл билеген (1762-1796) ұлы императрица ретінде өшпес атын қалдырды. Н.М. Карамзин Екатеринаның реформаторлық ісін бағалай отырып, былай деді: «Екатерина II Петров айбындылығының нағыз мұрагері және Ресейдің екінші жаңартушысы болды». Оның билеген кезеңі хронологиялық шегін түрлі тарихшы ғалымдар әр түрлі анықтаған «білімді абсолютизм» дәуірінің бастамасы болды.

Білімді абсолютизм – жалпы еуропалық құбылыс. Орта топтың ағартушылары әлеуметтік-экономикалық қатынастардың еш күйзеліссіз эволюциялық ауысуына шақырды, бұл Еуропа монархтарына тиімді болып, корольдер ойлағандай олардың тағына деген қауіптің көзін жоя алатын корольдер мен философтар одағын құруға мүмкіндік жасады. Еуропада ол Пруссия королі Фридрих II, швед королі Густав III, Австрия императоры Иосиф II сияқты көрнекті өкілдер арқылы көрінді. Бұл дәуір француз ағартушыларының идеяларына толып, экономикалық және саяси билікке қарсы өз наразылықтарын ашық көрсетіп, деспоттық билеушілерді және католик шіркеуінің озбырлығын қатты сынаған жаңа таптың – буржуазияның пайда болуымен сипатталады.

Екатерина II өзіне дейінгі бастамашыларға серік болған саяси турақсыздық пен сарай төңкерістерінің топтамасын ұмытқан жоқ, бұл Екатеринаны жеке билігін нығайту туралы ойға итермеледі, онсыз ол түбегейлі өзгерістерді іске асыру мүмкін емес деп санады. Ол сол заманда билеп тұрған заңнаманың жетілмегендігін, елдегі құқық тәртібінің мүлдем жоқтығын түсінді, бұрынғы жарлықтардың авторлары ескі ойларды нұсқаулыққа алып отырғандықтан, ол жарлықтардың көбісі орындауға жарамсыз болып қалды деп санады. Императрица еуропалық білімі бар адам болғандықтан алда тұрған өзгертулердің қажеттілігін жақсы түсінді де, Ш.П. Монтескье, Вольтер, Д. Аламбер, Д. Дидроның және «білімді абсолютизм» идеясының басқа да шабыттандырушыларының жұмыстарын мұқият зерттей бастайды. Саяси реформалардың қарама-қайшылықтарына қарамастан, Ресей империясында II Екатеринаның қызметі Ресейдің алдағы тарихы үшін айтулы оқиғаға айналды. Ол көп жағдайда Ресей дамуының тарихи таңдауына әлемдік тарихтың жетекші субъектісі ретінде әсер еткен үрдістер мен артықшылықтарды анықтай білді.

Екатерина II ролі қазіргі қоғамдық процестердің теориялық талдауында өзектілігін жоғалтқан жоқ.



«Құдай мені әкелген елге мен тек игілік тілеймін; Ол бұған куә»

Екатерина II
Ресей мемлекеті тарихының әрқашан өзіндік, басқа мемлекеттердің тарихына ұқсамайтын, тіпті кейде феноменальды ерекшелігі болды. Олай болмағанда, орыс тарихының «алтын ғасыры» императрица II Екатерина есімімен барлық әлемге танымал неміс ханшайымы София Августа Фредерика Анхальт-Цербстская атымен көп байланысты екенін қалай түсіндіруге болады?

Екатерина II туралы тарихи әдебиеттің сан алуандығы ол туралы адам, әйел немесе мемлекет билеушісі ретінде бір жақты пікір айтуға ерік бермейді. Көптеген қарама-қайшы мәліметтер әр түрлі ғұмырнамаларды, романдар мен зерттеулерді келтіреді.

Сонымен қатар, даусыз деректер де бар, мысалы, II Екатеринаның билік еткен шағы ресейде «Ағартушылық абсолютизм» ғасыры деп аталған, оның мақсаты сол уақыттағы құрылымды заңнамалық шаралармен орнықтыру және ақырында мемлекеттің күш-қуатын нығайту болды.

II Екатеринаның басқаруында мемелекеттік және губерниялық басқару, заң шығару, мәдениет, ағарту және денсаулық сақтау салаларында көптеген реформалар жүргізілді. Және де бұл реформалардың нәтижелері ондаған жылдарға ілгері мемлекеттің ішкі ғана емес, сыртқы саясатын да болжап қойды.

II Екатерина 1789 жылдың 2 сәуірінде Померания герцогствосының бас қаласы Штеттинде дүниеге келді. Оған София Фредерика Августа Ангальт-Цербстская есімін берді.

Ангальт-Цербстская ханшайымының балалық шағы қарапайым ортада өтті. Сол кезде, өзінің айтарлықтай ерте шағында болашақ императрица айырықша ақылын және қатал мінезін әлденеше рет көрсеткен.

Жас София саяхаттауды қатты ұнатқан және осы жағынан анасы Иоганна Елизавета екеуінің ықыластары ұқсас болды. Иоганна Елизавета кез-келген сылтаумен күйеуі және балаларымен бірге саяхатқа баруға дайын болатын. Дегенмен, шақырулар жан-жақтан келетін. Сөйтіп, олар бір сарайдан екіншісіне барып жүретін: Цербст, Гамбург, Брауншвейг, Ойтин, Киль және тіпті Берлинге. Осы кезден-ак кішкентай неміс ханшайымы өзіне бағынушылардың емес, билеушілердің әлемінде жүруге тура келетінін түсінді.

1739 жылы анасының немере ағасы Адольф Фридрих Голштейн-Готторпский ұйымдастырған мерекеге қатысу үшін ата-анасы Софияны Кильге алып барады. Дәл осы жерде он жасар ханшайым Ұлы Петрдың немересі жас Карл Петр Ульрих Гольштейнскиймен пікір алысады, оны Швеция немесе Ресей тағына үміткерлердің бірі болуы мүкін деп айтатын.

1744 жыл қарсаңында Софияның әкесі Христиан Августке курьер пошта пакетін әкеліп береді. Оның ішінде Санкт-Петербургтегі ұлы князь Карл Петр Ульрих сарайының обер-гофмаршалы Брюмерден келген хат болды. Хат Софиянын анасы Элизабет Анхальт-Цербстская ханшайымға арналған еді және келесі жолдарды қамтыды: «Оның императорлық әмірі императрица Елизавета Петровнаның жедел және ерекше бұйрығы бойынша, оның ұлы әміршісі сіздің ұлы әміршіңіз үлкен қызы ханшайыммен бірге Ресейдегі император сарайы орналасқан қалаға шұғыл келгенін қалайтынын сізге, ханым, хабарлаймын... Сіздің әміршіңізге осы асығыстықтың нағыз себебі неде екені, оның императорлық әміршісі оны және ол туралы көп жақсы пікірлер айтылатын үлкен қызы ханшайымды неге көргісі келетіні түсінікті болуы тиіс...». Неміс ханшайымының тағдыры осылай шешілді.

1744 жылдың 10 қаңтарында Иоганна Елизавета және София алыс және қиын сапарға Ресейге аттанады.

9 ақпанда жихангерлер Мәскеуге келеді, ал келесі күні бал ұйымдастырылады, осы балда София сарайға таныстырылады. Осы кезден бастап оның мүлдем өзгеше өмірі басталады.

1744 жылдың 28 маусымында София Православ діні бойынша шоқындырылып, оған Екатерина есімі беріледі, ал 1745 жылдың 21 тамызында болашақ императрица мен ұлы князь Петрдың некесі қиылады.

II Екатеринаның тұлғасы император сарайының көп назарын өзіне аудартады. Басқаша болуы мүмкін де емес, өйткені ол текті жалғастырушы, империя мұрагерінің анасы болуы тиіс еді. Сондықтан, 1754 жылдың 20 қыркүйегінде Екатеринаның ұлы Павел туғанда Екатеринаның ұмытылып кеткені ғажап емес. Патша айналасының барлық ықыласы Павел Петровичке аударылды.

Екатерина өзін кітап оқумен жұбаныш етеді. Ол Тациттің «Анналы», Вольтердің «Эссе о нравах и духе нации» шығармаларын, Монтескьенің «О духе законов» кітабын оқиды. Монтескьедан ол либерализмді үйренеді, оны жеке билікке қанағатсыздық үркітеді, ол жақсылық, теңдік және ақыл-парасат орнаған тәртіпті армандайды. Вольтер оны қоғамдық істерді жүргізген кездегі игі ықпалдарға үйретеді, деспотизмнің де табысқа жетуге мүмкіндігі болғанда, тек қана ол «оқыған» болса болғаны. Ал Тацит оны сабырлы және мейірімсіз бақылаушының көзқарасы бойынша тарихи оқиғаларды талдауға үйретеді. Ол, сонымен қатар, өзі таба алған орыс кітаптарын да оқиды. Екатерина қоғам, мемлекет және әділетті басқару проблемалары жайында көп ойлана бастайды.

Іс жүзінде осы уақыттан бастап II Екатеринаның император тағына қарай жолы басталады. Сол кездін өзінде оның санасында билік басына отыру айқын белгіленді: «Не өлем, не билеймін», – деп жазған ол.

1762 жылы императрица Елизавета қайтыс болып, билік басына III Петр келеді. Ол небәрі жарты жыл елді басқарып, осы уақыт ішінде жаппай наразылықты тағызуға үлгереді. Екатерина дайындаған және ақсүйектік гвардияның көмегімен өткізілген қарулы көтеріліс нәтижесінде III Петр тақтан құлатылады.

Екатерина билікті өз ұлы Павелге бермеуді және регент болмауды ұйғарады. Оның әрекеттері өзіне императрица болуға бағытталады.

II Екатеринаның таққа отыру рәсімін 1762 жылдың 22 қыркүйегінде, яғни III Петр тақтан тайдырылғаннан кейін үш айдан аз уақыт өткен соң, Мәскеуде өткізуге белгіленеді. Осы қысқа мерзім ішінде, таққа отырғызу рәсіміне дайындықпен қатар, болашақ императрица бар жігерімен мемлекетті басқаруға кіріседі.

Әрине, ол өзінің жағдайының сенімді емес екенін түсініп, сондықтан тез арада тиянақты жағдай құрғысы келеді. Ол Елизавета мен III Петр кезінде қызмет еткен мемлекеттік қайраткерлерді өз орындарында қалдырып, осылайша өзінің данышпандығын көрсетеді.

Екатерина империяны кітаптардан үйренген принциптерге сүйеніп басқармақ болады. Ол билікке келместен бұрын сол ойларын таңдаулы стильде мазмұндаған: «Құдай мені әкелген елге мен тек игілік тілеймін... Держава даңқы – менің де даңқым».

Монархтың «шексіз билігін» және Ресейдің басқа мемлекеттерден үстемдігін дәріптей отыра, Екатерина, бәрінен бұрын, халқының игілігіне орай басқаруды ұйғарады. Философтардың ілімдеріне берік болып, ол крепостнойлық құқықты мінейді: «Еркін туған адамдарды құлға айналдыру христиан дініне және әділеттілікке қарама-қайшы...» «Еркіндік, сен – бәрінің жанысың, сенсіз бәрі өлі. Мен адамдардың заңға бағынғанын қалаймын, бірақ құлдықты қаламаймын».

Екатеринаның айналасындағылар саясатқа алданбаған бұл жас әйелдің бәрін көруге, түсінуге, бәрін сынауға, бәрін өзі шешуге тырысатынына таң қалады. Оның қоғамдық істердегі тәжірибесіздігі оны мүлдем жасқандырмайды, керісінше, іс-әрекетке ынталандыратын сияқты.

II Екатерина төрелерді аяусыз сұрақтарымен және азаматтық борышқа үздіксіз шақыруларымен жаңылдырып, министрлер Кеңесінің барлық отырыстарын, Сенаттың барлық отырыстарын басқарады. Екатерина мемлекеттік басқару ісінде тәртіп орнатуға тырысады. Сонымен қатар, оның сын сөздері мен ұсыныстарын тындай отырып, сенаторлар мен министрлер оның дұрыстығын мойындайды.

Батыс мәдениетінде оның дағдылы классификациялауымен, өзінің ашықтығымен, епті ақылымен және жеңілмейтін өмірлік қуатымен қалыптасып кеткен Екатерина енді өзінің халқы болып кеткен Ресей халқының немқұрайлығына, қиялшылдығына және фатализміне ашуланады және таң қалады. Оны ол ұлы және тамаша деп санайды. Ол сол халыққа лайық болғысы келеді.

Қуаныштың кернеуімен ол былай жазады: «Әлем ещқашан скифтен (басқаша айтқанда, орыс) асқан қайратты, оң сынды, адал, адамгершілігі мол, рақымды, жомарт және елгезек адамды жаратқан емес. Ешкім онымен кескінінің дұрыстығы, сұлулығы мен шырайының түсі бойынша, бітімділігі, сымбаттылығы және бойы бойынша, қолдарымен, аяқтарымен немесе шымыр, жүйкелі және бұлшық етті денесімен, қалың сақалымен, ұзын және қою шаштарымен тең келмейді. Ол табиғатынан тік және адал, оған қулық пен өтірік жат, бұл айла-тәсілдерді жек көреді. Ол теңі жоқ жаяу жауынгер және шабандоз, теңізші және эконом. Ешкім ол сияқты өз балалары мен жақындарын жақсы көре алмайды. Ол тумысынан ата-анасын және басшылығын сыйлай біледі. Ол бұйрықтарды жылдам әрі нақты орындайды, ол ешкімге ұқсамаған сенімді адам».

Бұнымен бір мезгілде Екатерина Украина, Поволожье жерлерін игеру үшін неміс колонисттерін шақырады; оларды әскери борышынан босатып, оларға он жыл мерзімге дейін қоныс тебуге пайызсыз несие береді, оларды отыз жылға қандай да бір салықтардан босатып, дін тұту еркіндігіне кепіл береді. Орыс жерінде еңбекқор, адал, парасатты және өте жігерлі шет ел шаруаларының отарларын құру, императрицаның ойынша, орыс жігітінің олардың үлгісі бойынша жерді өңдеуді жетілдіруге және тұрмыс қалпын жақсартуға итермелеуі тиіс еді. Әрине, Екатеринаның пікірінше игілік болатын осындай ой, басыбайлылардың бағынышты жағдайын помещикке қарасты ескермейді.

Сонымен қатар Екатерина Ресейге Еуропаның бұрыш-бұрышынан дәрігерлерді, сәулетшілерді, инженерлерді және қолөнершілерді шақырды. Ол мемлекеттің саудаға араласуын жояды. Қарамайды, зығыр дәнін, балауызды, майды, темірді, кендірді, уылдырықты және сақарды экспортқа шығарғысы келетін әрбір адам мемлекеттен қолдау көруі тиіс. Көпестерге саудадағы тәртіпсіздік пен енжарлыққа қарсы күресі үшін, кәсіпкерлік рухын дамыту үшін одақтарға бірігуге бұйрық берілді. Халықтың қолданысындағы тиындардың әр түрлі сорттарын қайта бақылайтын қаржы полициясы құрылды. Басқа комиссия әскери әлемдегі жемқорлықпен күресу амалдарын зерттейді. Үшінші комиссия әскердегі реформамен айналысады, арсеналдарды, казармаларды құрады және стратегиялық маңыздағы жолдарды салады.

Көп кешікпей II Екатерина өзінің прогресске берілгендігін дәлелдейтін тағы бір қадам жасайды: ғылым Академиясын кеңейтеді. Оның өз қолымен жазған хатында мынадай сөздер бар: «Лайықты білімі бар әрбір адам, әлі күнге дейін басыбайлы болса да, Академияның мүшесі бола алады. Олар бәрі де, адъюнкттер де, академиктер де, сонымен бірге олардың балалары да және барлық ұрпақтары мәңгілік еркін адамдар; Оларды және олардың ұрпақтарын қайта басыбайлы қылуғы ешкімнің де құқығы жоқ».

Дәл осындай қоғам тарапынан қамқорлық тастанды балаларға арналған жетімдер үйін немесе Тәрбие үйін құру идеясында да көрінді. Балаларға білім беру бағдарламасында ең бастысы – мамандықтарды және қолөнер кәсібін игеру: «Ұлдар егін шаруашылығы мен бағбаншылық ежелерін меңгереді, ал қыздар інжіл әйелдердің, мықты және Гомер жырлаған еңбексүйгіш жарлардың үлгісі бойынша тағам әзірлеуді, нан пісіруді және сол тәріздес өнерлерді үйренеді... Осылайша жұмыссыздықты, салақтықты, жалқаулық пен олардың барлық кемістіктеріне бастау болатын кемшіліктерді білмейтін адамдар ұрпақтары пайда болады».

Сонымен қатар, Екатеринаның ғылым, білім, денсаулық сақтау саласындағы барлық революциялық қайта құруларымен қатар крепостнойлық құқықтың гүлденуі орын алады.

Өз заманындағы азаттық сүйгіш монархтардың бірі ретінде Вольтер мен Дидо мадақтаған Екатерина крепостнойлық құқықты барлық Ресейдің бұрыннан азат оңтүстігі – Малороссияға және Азат Украинаға таратты. Миллионнан астам еркін шаруаларды Екатерина өзінің фавориттеріне және жоғарғы топ өкілдеріне таратып берді.

II Екатерина заманында басыбайлы шаруалар өздерінің қалған жеке бас бостандықтарын да жоғалтып, «шоқындырылған жеке меншікке» айналды. Императрица шаруаларға өз помещиктерінің заңға қайшы әрекеттері үшін мемлекет өкілдеріне шағымдануға тыйым салған кезде соңғы нүкте қойылды.

Ағартушылық туралы көп сөздер айтып, II Екатерина тәжірибе жүзінде крепостнойлық шаруалардың білім алуын барынша кешіктіруге тырысты. Мысалы, Екатерина Мәскеу губернаторына былай жазған: «мен мектептерді жасамаймын, бірақ Еуропа үшін біздің халықты ағарту ісіне деген қарым-қатынасымызды қоғам пікірінде сақтап қалуымыз керек. Біздің шаруалар білім алғысы келген күні Сіз де, мен де өз орнымызда қалмаймыз».

Сонымен қатар, болашақта, II Екатерина барлық крепостнойлық шаруалардың 1785 жылдан кейін туған балаларын еркін деп жариялауды көздеді. Егер бұл құжат қабылданып, жарияланса, крепостнойлық құқық тез-ақ жойылып кететін еді. Бірақ бұған ақсүйектер, жалпы «жоғарғы тап» жол бермеді.

Ал 90-жылдары II Екатерина өмірінің аяқталып келе жатқанын түсінгенде және әдетте екіжүзденбейтін кезде оның күйініп есіне алатыны: «Олар (крепостнойлар) дәл біз сияқты адамдар екенін айтқың-ақ келген кезде, тіпті мен өзім солай айтқан кезде, маған тас лақтыра бастайды деген қауіп туады. Тіпті граф Александр Сергеевич Строганов, ең биязы, ең адамгершілігі мол, жүрегінің жақсылығы әлсіздікпен шектесетін осы адамның өзі де наразылықпен және құштарлықпен құлдық ісін қорғады... Менің ойымша, осы мәселе бойынша адамгершілікпен және адам сияқты ойлаған тіпті жиырма адам болған жоқ».

Императрица өзінің «Заңдар жинағын жасау туралы талаптар» деп атайтын өмірлік маңызы бар ісіне келеді. Ресей 1649 жылы патша Алексей Михайлович жариялаған «Уложение» деп аталатын ескі, күрделі және қатал кодекс бойынша әлі өмір сүріп жатты. Ұлы Петр, I Екатерина, II Петр және Анна Ивановна енгізген өзгертулер заңнаманы көп түсіндірген жоқ. Бұл құжат жаңартуды талап етті. Ал Екатерина осы зор еңбекке құпия түрде кіріседі.

«Наказ» бойынша жұмыс істеген кезде Екатерина тек Монтескьенің ғана емес, 1764 жылы «О преступлениях и наказаниях» трактаты жарыққа шыққан итальяндық заңгер Чезаре Беккарианың еңбектерін пайдаланған. Барлық осы кірмелер олардың мағынасын өзгертетін бір тұтас болып жинақталды. «Наказ» ақсүйектердің әдеттен тыс либерализмді түсіндіруі болып айналды. Монтескье мен Беккари әміршілердің киімімен бір қолында әділ соттың таразысымен, ал екіншісінде қамшымен көз алдына келіп тұрады. Бұл кодекс емес, бұл заң шығарушы келешекте сақталуы тиіс принциптердің тізімі. 655 тарауға бөлінген осы принциптер автор ойының прогресс туралы қам жеуі мен дәстүрлерді сақтауы арасында, теңдік және артықшылықтарды сыйлаудың, абсолютизмнің қажеттілігі және шыдамдылыққа ұмтылу арасында тұрақсызданып жүргенін дәлелдейді. Әрбір жазған жолымен Екатерина қайырымдылыққа, әділеттілікке, патриотизмге, ақыл-парасатқа шақырады.

1766 жылы күзде Екатерина өзі өз еңбегін Сенатқа ұсынып, заң шығару бойынша комиссия немесе Үлкен комиссияны құруды бұйырды. Оның міндеті – халық жағдайын алдын ала біліп, «Наказда» жазылған принциптерді кодификациялау.

Халықтан тілектері жайында сұралсын! Әрбір губерния, қоғамның әр табы өздерінің тілектерін «Құрмет дәптерлеріне» жазуға мәжбүр етілсін. Көпшілік заңдарды алыстан болсын жазуға тартылсын! Міне революция! Сенаторлар не істеу керектігін білмейді: бұл батылдықтан шошу керек пе, алде қуану керек пе.

Үлкен комиссияға қатысуға Сенат, Синод және алқалардың өкілдері ғана емес, сонымен қатар ақсүйектерден, қала тұрғындарынан және шаруалардан делегаттар шақыртылды, әрине, крепостнойлардан басқасы. Ақсүйектер уезден бір депутаттан таңдайды, және де дауыс беруге барлық ақсүйектер қатысуға құқылы. Қалалардан – бір депутаттан, ал сайлаушы бола алатын тек үй қожалары. Ауыл шаруаларының (еркін төрешіл шаруалардан) ішінен әр губерниядан бір адамнан сайланады. Ақсүйектерден немесе қала тұрғындарынан сайланған депутат болу үшін жас шамасы жиырма бестен аз болмауы тиіс және мінсіз беделі болуы керек. Ауыл шаруаларының арасынан жасы отыз беске толған тұрмыс құрған жанұядағы әке депутат бола алады. Депутаттар бес мүшеден тұратын комитет құрастырған сайлаушылардан талаптар дәптерін алады. Олардың шығындарын қазына төлейді, олар өмір бойына өлім жазасынан, жәбір-жападан, тән жазасынан және мүлік тәркілеуден босатылған. Тәжірибе жүзінде сайлау құлшыныссыз өтеді, тартынатындар көп болады. Егер өзі сайланса, бұл артық міндеттер мен жауапкершілік болады деп әркім қорқады. Сонымен қатар қызығушылық танытатын көп адамдарға, кандидаттар болсын, сайлаушылар болсын, тұрғылықты орны мен уез орталығының ара қашықтығы өте үлкен!

Ақыр соңында зорға Үлкен комиссия құрылды, оның әмірінде 1441 талаптар дәптері бар.

1767 жылдың көктемінде депутаттар жиналып императрицаға сол бастамасы үшін алғыс айту үшін оны қалай атау керектігін ойлай бастайды: «Ұлы Екатерина» деп пе, «Асқан данагөй», «Отан анасы» деп пе? Осы пікірталасқа бірнеше отырыс жұмсалды. Екатерина абыржи бастайды. «Мен оларды заңдарды зерттеу үшін жинасам, – деп жазды ол ассамблея төрағасы граф Бибиковке, – ал бұлар менің құндылықтарымның анатомиясымен айналысуда». «Ұлы Екатерина» лауазымы дауыстардың ең көбін жинады. Патшайымға осындай атақты беріп, Үлкен комиссия жұмысқа кіріседі. Комиссия басты мемлекеттік мекемелердің 28 өкілінен және крепостнойлардан басқа қоғамның әр түрлі таптары сайлаған 536 депутаттан құралған. Олардың міндеті – православиеліктерге де, мұсылмандарға да, татар далаларының және Украинаның бай өлкелерінің тұрғындарына да, мәскеуліктерге де, сібірліктерге де жарайтын заңдарды шығару. Көп ұзамай олар бұл іс қолдарынан келмейтінін түсінеді. Екатерина олардың отырысының көбіне қатысады. Өз империясы ақылдыларының ой жағдайларының бейнесін көруге үміттенген Екатерина «Дәптерді» оқыған кезде көңілі қайтқанын түсінді. Ресейде қоғамдық пікір жоқ деп қарама-қарсы шығуға тура келеді. Қудалануға ұшыраудан қауіптеніп, ешкімнің шағымдануға батылы жетпейді. Ал басқару мәселелеріне қатысты, әркім «императрицаның даналығы мен аналық қамқорлығына» сүйенеді. Көбінесе ақсүйектер өз артықшылықтарын кеңейтуді, ал көпестер – ақсүйектер сияқты крепостнойларды иемдену құқығын сұрайды. Ал крепостнойлардың болса тіпті дауыс беру құқығы жоқ.

Алайда Үлкен комиссия таратып жіберілді. Шамасы, Ресей мемлекеті мемлекеттік басқарудағы осындай ауқымды өзгерістерге дайын болмаған, әсіресе мемлекеттік билік, азаматтардың құқықтары мен міндеттері аясындағы қайта құруларға.

Заңдар халықтың «жалпы білімсінуіне» сәйкес келу керек дегенге сүйеніп, II Екатерина әуелгі баста принципиалды сұрақ қояды: еуропалық қоғамдық ойдың орыс халқына шығарған шешімі қаншалықты пайдалы болуы мүмкін? Оның жауабы бір мәнді: «Ресей – Еуропа державасы, орыс халқы – Еуропа халқы; еуропалық емес ерекшеліктері болғаны – уақытша және кездейсоқ». I Петр жүргізген реформалардан кейін орыс халқының жағдайы толықтай жаңа Заңдар жинағын енгізу талаптарына сәйкес келеді.

Алайда II Екатерина қатты қателескен еді. Ресей «қоғам» ретінде енді ғана құрыла бастады. Тіпті Еуропада заңнаманың озық ойлары көбінесе заң болып жүзеге асырылмаған ойлар ғана болатын. «Өз отанын амандықтың, даңқтың және тыныштықтың ең жоғарғы сатысында көру» тілегінде ол өз заманын белгіледі. Бұл тілек оған сөгіс бола алмайды.

II Екатеринаның самодержавиелік монархияны үлкен Ресей мемлекетіндегі ең жақсы билік формасы деп санағаны да ғажап емес. «Патша самодержавиелік, өйткені ол кісінің біріктірілген билігінен басқа ешбір билік осыншама үлкен мемлекеттің кеңдігі іспетті әрекет ете алмас. Қандай да болсын өзге басқарма Ресейге зиянды болып қана қоймай, ақырында жоқшылыққа ұшырататын еді». «Патша барлық мемлекеттік және азаматтық билік көзі болып табылады», - деп жазылған «Наказда».

Бірақ II Екатеринаның түсінігі бойынша самодержавиелік патша диктатор және есерсоқ та емес. Ол данышпан жетекші және ұстаз, өз құзырындағы адамдарға қатал, бірақ әділетті әке (ал II Екатеринаны жиі «патшайым ана – императрица» деп ұлықтайтын). Патша өсиеттерімен және жарлықтарымен халқын «өздігінен пайда болатын тілектерден және табанды ниеттерден» қорғайды. Ол шамасына қарай адамгершілікті және өктемшіл болуы керек. «Наказдың» (XX) негізгі мазмұнын қорытындылайтын арнайы «түсіндіретін» тарауда былай жазылған: «мемлекеттік басқарудағы ең жоғарғы өнер оның әр түрлі жағдайларда биліктің қай бөлігін, азын ба, әлде көбін бе, пайдалану керектігін білуінде».

Сонымен қатар екінші қосымша тарауда Ресей императрицасы мемлекеттік ең маңызды «қажеттіліктер» деп әлдеқайда нақтысын атайды: «мемлекет амандығын сақтап қалу», ол үшін қорғанысты, құрлық және теңіз әскерін, қамалдарды, т.б. тиісті деңгейінде ұстау қажет; «ішкі тәртіпті, әркімнің және бәрінің тыныштығын және қауіпсіздігін сақтау»; «әділеттілікті, қоғамдық орындарының мінез-құлық ережелерін және әр түрлі заңдарды бақылауды қызметшілердің жалпы пайдаға жұмсауы» т.б.

Ал Ресей империясының дұрыс жағдайына қатысты Екатерина келесі пікірін айтады.

Ресей мемлекеті құзырындағы барлық адамдар «азаматтар» болып табылады және шеніне, атағына және байлығына қарамастан заң алдында тең болып табылады. Сонымен қатар «түсіндіретін» XX тарауда Екатерина теңдікті осылай түсінуден сақтандырады, онда «әр адам заң бойынша оларға басшы болып бекітілген адаммен тең болғысы келеді».

«Еуропалық мемлекеттер Азия мемлекеттерінен оның құзырындағы адамдардың қарым-қатынасының еркіндігімен ерекешеленетінін» түсініп, II Екатерина осы бостандықтың немесе самодержавиелік мемлекеттегі «еркіндіктің» өлшемін анықтауға тырысады. «Еркіндік – ол заңмен рұқсат етілгендердің бәрін істеу, ал егер азаматтардың бірі заңмен тыйым салынғанды жасаса, онда енді еркіндік болмас еді; өйткені басқалардың да бірдей осындай билігі болар еді».

Одан кейін «азаматтағы мемлекет еркіндігі олардың бәрі өзінің қауіпсіздігімен рахаттанады деген пікірден туатын рух тыныштығы болып табылады; және адамдар еркін болуы үшін заң бір адам екіншісінен қорқатындай емес, барлығы бір заңнан қорқатындай болуы тиіс».

Заңдардың мақсаты бір жағынан «құлдылықты теріс пайдаланбауда», ал екінші жағынан одан туатын қауіптерден сақтандыру болып табылады.

Екатерина ерекше көңіл аударып айтқандай, заңдарды түсіндіру құқығынан қорқынышты ештеңе жоқ, яғни заңнан қандай да бір жасырын мағына іздеп, сөздерге, заң анықтамаларына көңіл аудармау. Заңдарды түсіндіру оларды түсіндіруге мәжбүрлейтін сол заңдардың анық еместігі сияқты жамандық болып табылады (153, 157 бап). Сондықтан заңдар тілі түсінікті, қарапайым және қысқа болуы керек. Заңдар барлығына ортақ жасалынады және оларға сәйкес әрекет жасау үшін, барлық адамдар оларды түсінуі керек (457, 458 бап).

«Наказда» «азаматтық қоғам» термині қолданылатыны естен кетпес, бірақ оның түсінігі біреулер билеп, басқарады, ал басқалар бағынады деген тәртіпке әкеледі (250 бап).

II Екатерина шығармасында «құқықтық мемлекет» термині жоқ, оны құрайтын кейбір белгілер мен ерекшеліктер, немесе ондайға формалды түрде жақын сипаттар, онда көрсетілген.

Бұдан басқа, биліктің өзін-өзі тежеуі туралы да айтылады. 512 бапта «билік өзі өзіне қойған шектеулерді ескеріп, әрекет жасауы тиіс» деп айтылады. Әрине, бұнда абсолюттік болуы тиіс жоғарғы билік емес, оларға бағынатын «орта билік», олардың арасындағы құзіреттерді шектеу айтылады. «Полиция билігінің шегі аяқталатын жерде азаматтық әділ сот билігі басталады, – делінген 562 бапта.

Үлкен комиссияның таратылуына қарамастан, оның жұмысы нәтижелерінің үлкен мәні болды. Шын мәнісінде, Екатерина орыс қоғамының пікірін естігісі келген және естіген алғашқы Ресей билеушісі болды. Келешекте императрица әсіресе губерниялық мекемелер мен сословиелерге қатысты ірі реформаларды жүзеге асырып, осы мәліметтерді пайдаланған. Бұл II Екатеринаның мемлекетті билеуден гөрі сол мемлекеттің дамуы жайлы ойлағанын тағы бір дәлелдейді.

Маңызды өзгертулер сословиелік принцип бойынша құрылған сот жүйесін де қозғаған: әрбір сословиенің өз соты болды. Ақсүйектерді губерниялық қалалардағы жоғарғы земстволық сот және уездік қалалардағы уездік сот соттады. Қала тұрғындарын губерниялық және қалалық магистраттар, ал мемлекет шаруаларын жоғарғы және төменгі сот жазалары соттады. Губернияларда бітістіру және аралық инстанцияның функцияларын атқаратын үш сословиеден тұратын ар-намыс соты құрылды. Барлық сословиелік соттар таңдаулы болды. Одан жоғары сот инстанциясы губернияларда құрылған сот палаталары – азаматтық және қылмыстық болды, олардың мүшелері сайланбайтын, тағайындалатын болды. Сенат империяның жоғарғы сот органы болды.

1775 жылы мемлекет губернияларды басқаруда да өзгеріс күткен. Осылайша, II Екатерина губернияларды басқару үшін биліктің бюрократиялық аппаратын нығайтқан және губерниялар санын 50 дейін көбейткен Мекеме құрды. Бір губернияда саны 400 мыңнан аспайтын халық тұрды. Бірнеше губерния наместниктікті құрады. Губернаторлар мен наменгерлерді II Екатеринаның өзі орыс ақсүйектері арасынан таңдап, олар Екатеринаның нұсқаулары бойынша әрекет етті. Вице-губернатор, екі губернатор кеңесшісі және губерния прокуроры губернатор көмекшілері болды. Мемлекеттік табысты Қазыналық Палата басқарды (қазына кірістері мен шығындары, қазына мүлкі, өтеп алу және монополия мүліктері, т.б.), ал губернатор Қазыналық палатаны басқарды. Губернатор прокуроры барлық сот мекемелеріне басшылық етті. Қалаларды мемлекет тағайындайтын қала бастығы лауазымы болған. Губерния уездерге бөлінді. Көптеген үлкен ауылдар уездік қалаларға айналды. Уезде билік ақсүйектер жиналысында сайланатын капитан-исправникке қарады. Әр уездік қалада сот, ал губерниялық қалада – жоғарғы сот құрылды. Алым-салықтарды төлеуге ыңғайлы болуы үшін әр уездік қалада Қазыналық ашылды.

1775 жылғы губерниялық реформа арқылы құрылған жергілікті басқару жүйесі 1864 жылға дейін сақталғаны, ал ол жасаған әкімшілік-аймақтық бөліну Қазан революциясына дейін сақталғаны есте қаларлық оқиға.

Басты сословие ақсүйектерді мойындаса, айрықша сословие көпестер мен мещандарды мойындады. Ақсүйектер мемлекеттік қызметті атқарып, ауыл шаруашылығын жүргізу керек болды, ал көпестер мен мещандар саудамен және өнеркәсіппен айналысуға тиіс болды.

Ақсүйектердің сословиелік артықшылықтарын рәсімдеу мақсатында, 1785 жылы ақсүйектерге арналған Сый грамотасы шықты. «Мәртебелі Ресей ақсүйектерінің еркіндігі мен артықшылықтары құқығына арналған грамота» заңнамалық актісімен рәсімделген ақсүйектер артықшылықтарының жинағы болды.

Екатерина ақсүйектерді міндетті қызметтен босатты. Байқалғандай, ақсүйектерді толығымен босату келесі фактілерге негізделген. Осылайша, әскери және азаматтық басқарудың әр түрлі істерінен хабардар адамдардың жеткілікті саны қалыптасты. Негізінде, ақсүйектердің өздері де мемлекетке қызмет етудің қажеттілігін түсінді және отан үшін қан төккенді абырой деп санады. Сонымен қатар, ақсүйектер өмір бойы жерлерінен айырылған кезде көптеген шаруашылықтар құлап, мемлекет экономикасына жаман әсерін тигізді.

Мемлекеттегі ең басты сословие ақсүйектерді Сый грамотасымен мойындады және олар салық төлеуден босатылып, оларға тән жазасын қолдануға болмайтын, тек ақсүйектер соты ғана оларды соттай алатын. Тек ақсүйектердің ғана жерді және крепостнойлық шаруаларды иелену құқығы болды. Сонымен қатар олардың жеке қожалықтарында жер асты кендері болды, олар саудамен айналысып, зауыттар құруға құқылы еді, үйлері әскерлерден босатылып, қожалықтары тәркілеуге жатпайтын. Ақсүйектердің өзін өздері билеуге құқықтары болды, олар «ақсүйектер қоғамын» құрды, оның органы губернияда және уезде әр үш жылда бір шақырылатын, ақсүйектердің губерниялық және уездік қолбасшыларды, сот маслихатшыларын және уездік әкімшілікті басқаратын капитан-исправниктарды сайлайтын ақсүйектер жиналысы болды.

Грамотамен қатар ақсүйектерге қалаларға арналған Сый грамотасы берілді. II Екатеринаның осы заңнамалық актісі сайлаушылар қатарын біраз кеңейтіп, жаңа сайланған қала мекемелерін құрды. Қала тұрғындары мүліктік және қоғамдық белгілері бойынша алты топқа бөлінді: «нағыз қала тұрғындары» – ақсүйектерден, шенеуніктерден, дін басыларынан құрылған жылжымайтын мүлік иелері; үш гильдияның көпестері; цехтарға жазылған қолөнершілер; шетелдіктер мен және басқа қалалықтар; «атақты азаматтар»; «посад халқы», яғни қалада өнеркәсіппен немесе қолөнермен күн көретін басқа азаматтар. Бұл топтар қалаларға берілген Сый грамоталары бойынша жаңа өзіндік басқармаларға ие болды. Үш жылда бір рет «қала қауымының» жиналысы шақырылды, оған тек ең ауқатты адамдар ғана қатысатын. Қала думасының бір басқарушысы және алты мүшесінен құралған «жалпы қалалық дума» тұрақты қала мекемесі болды. Қалалардағы магистраттар соттық сайлау мекемелері болды.

1783-84 жылдары II Екатерина жастарға арнап «Орыс тарихи жазбаларын» жариялады. Оларда адамзат жергілікті ерекшеліктердің әсерінен түрлерін ғана өзгертетін бірдей идеяларды және құмарлықтарды барлық жерде нұсқау етіп қолданады деген ойлар болды. «Жазбаларда» орыс-Ресей тарихының дәуірлерге бөлінуі ұсынылды, одан кейіндеу отандық тарихнама орын алды.

Императрица ғалымдарға арналған мұрағаттарды ашуға бұйрық берді, «Ежелгі Ресей кітапханасының» басылымдарына көмектесті.

II Екатеринаның «Мен бұл тарихты (Ресейдің) есімнен адасқанша жақсы көремін» деген сөзінде әсірелеу де жоқ, адалдық та жоқ. Қайтыс болардан бірнеше күн бұрын барон Ф.М. Гриммге жазған хатында үлкен тарихи еңбек жазып жатқанын хабарлайды.

II Екатерина жүзеге асырған басты жобалар осындай болды. Ол жоспарындағылардың бәрін іске асыруға үлгермеді. Осылайша, шаруалар реформасы соңына дейін жазылмай қалды, тақ мұрагерлігі туралы заң да жарыққа шығарылмады.

Сонымен қатар, императрицаның мемлекет пен қоғамға көрсеткен еңбегі өте көп екені сөзсіз. II Екатеринаның өлімімен орыс тарихының бір дәуірі аяқталды. Ресей артта қалған, феодалдық мемлекеттен күшті әскері бар және халықаралық қарым-қатынастарда алдыңғы қатардағы қуатты полициялық-төрешілдік мемлекетке айналды. Жаңа орыс мәдениетінің, ұлттық ғылымның және өнердің қалыптасуындағы маңызды кезең аяқталды.

«Екатерина сарайындағы ағылшын министрі - П.А. Вяземский куә болғандай, - оны жерлеу кезінде былай деген: «On enterre la Russie» (Ресейді көміп жатыр)».

Шынымен, II Екатеринаның өлімімен сол екпінді XVIII ғасырдағы Ресей өткенге кетіп қалды.

Ресей тарихында II Екатерина заң бойынша ең әйгілі билеушілердің бірі болып саналады. Оның ойларының озықтығы I Петрдың ойларынан кем болған жоқ.

Бұдан басқа ол тамаша шеберлікпен билікті сақтай отырып, бірқатар маңызды мемлекеттік реформаларды жүргізе білді, бұны бәріне, сонымен қатар қазіргі мемлекет қайраткерлері үшін еліктеуге тұрарлық өнеге екенін сөзсіз мойындауға болады.

Қорытындылай келе II Екатеринаның Ресей халқына және мемлекетіне шын берілгендігінің тағы бір дәлелін келтіруге болады. Екатерина өзінің болашақтағы құлпытасына арнап келесі эпитафияны былай деп жазды:

Бұнда Екінші Екатерина марқұм жатыр. Ол III Петрге тұрмысқа шығу үшін 1744 жылы Ресейге келді. Он төрт жасында ол үш түрлі мәні бар шешім қабылдады: өз күйеуіне, Елизаветаға және халқына ұнау. Ол бұл жағынан жетістікке жету үшін ештеңені назарынан тыс қалдырған емес. Көңілсіздік пен жалғыздыққа толы он сегіз жас оған көп кітап оқуға себеп болды. Ресей тағына отырған кезде ол оз қарамағындағы адамдарға бақыт, бостандық және материалдық амандық беру үшін бар іждағатын салды. Ол оңай кешіріп, ешкімді де жек көрген емес. Ол мейірімді болды, өмірді сүйді, көңілді пейілімен ерекшеленді, өзінің сенімі бойынша нағыз республикашыл және мейірімді жүрек иесі болды. Оның достары болды. Жұмысты оңай атқарды. Ол ақсүйектердің ойын-сауығын және өнерді жақсы көрді».


Әдебиеттер тізімі
1. Заичкин И.А., Почкаев И.Н. Русская история от Екатерины Великой до Александра II. М.,1994.

2. Трёхсотлетие дома Романовых 1613-1913. (Репринтное воспроизведение юбилейного издания 1913 года). М., 1991.

3. Борзаковский П. Императрица Екатерина Вторая Великая. М., 1991.

4. Брикнер А. История Екатерины Второй. М., 1991.





Каталог: wp-content -> uploads -> 2012
2012 -> Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова жоспар
2012 -> Әлия Молдағұлова Нұрмұхамедқызы (шын есімі Ілия) Қаһарман қазақ қызы
2012 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2012 -> Альберт эйнштейн
2012 -> Л. Г. Матвеенкова
2012 -> Абылай хан
2012 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
2012 -> Ыбырай Алтынсарин Мақсаты: ақынның өмірі мен
2012 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2012 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет