ПОӘК 042- 14-5 01. 20. 5/01 -2009 №1 басылым 18. 09. 08. орнына


Жұмысшылардың бас көтерулері



бет6/8
Дата01.08.2017
өлшемі1,4 Mb.
#22452
1   2   3   4   5   6   7   8

Жұмысшылардың бас көтерулері. ХХ ғасырдың басында бірқатар жұмысщылардың ірі бас көтерулері болды. Алғашында жұмысшылар жоғарғы тұрған аймақтық басшыларға ғана арыз жазумен шектелді. 1902 жылы мыс және Екібастұз көмір кеніштерінің 150 жұмысшылары Дала генерал-губернаторының атына арыз жазған. Зауыттар мен фабрикалардан қашу жағдайлары да жиілеген. Кейіннен жұмысшылар бағынбау мен ереуілдер сияқты қарсыластықтың формаларын қолдана бастады. 1904 жылы Зайсан уезіндегі Надеждинск кенішінде жұмысшылардың толқуы болды. Оларды қазақ Мейірхан Кемелов басқарған.

15 қарашада Қарқаралыда үкіметке қарсы митинг өтті, ұйымдастырушылары М.Дулатов, Ж.Ақпаев, А.Байтұрсынов, К.Төгісов және т.б. болды. Міржақып Дулатов ұсталып, күзетпен, Омбы қаласына полиция бақылауна апарылды, Жақып Ақпаев Семей түрмесіне қамалды.

1905 жылы қарашада Мәскеу мен Петербургтағы көтерілген баспа қызметкерлерімен ынтымақтасып, Қазақстан қалаларының телеграф қызметкерлері де ереуілге шықты. Семейде ол 1905 жылы 16-нан 28-не дейін жалғасты. Ереуілшілер айқын талаптар қойды. Бұларды басу үшін облыс губернаторы Галкин Қарқаралыдан әскер шақырды. Репрессияға қарамастан ереуілге барлық қала кәсіпорындары және гимназия қосылды. Гимназия оқушыларының ереуілі 2 айға жуық жалғасты.

1905 жылы желтоқсанның басында бой көтерулер басқа да қалалар мен елді мекендерде өтті. 6 желтоқсанда социал-демократ Крушев Өскемендегі жұмысшылар митингісінде, оларды патша билігін құлату үшін бірігіп күресуге шақырды. 13 желтоқсанда Павлодарда «Су қатынасытарының Батыс-Сібір серіктестігінің» Ертіс бөлімінің жұмысшылары митинг өткізді. Олар су кемелерінің иелері мен Вардропер, Плотников, Корнилов кәсіпшіліктерінен жалақының, зейнеткерлер қорының көбеюін және медициналық жәрдем көрсетуді талап етті.

1905 — 1907 жж. оқилардың ішінде Семейде өткен, көптеген кәсіпорындардың – диірмендердің, сыра қайнататын, жүн жуатын зауыттардың жұмысшылары қатысқан - бұқаралық ереуіл ерекше орын алады. 1906 жылы 3 шілдеде басталған ереуіл өлке жұмысшыларының ірі қозғалысы болды. Басында ереушілердің саны 300-ге, кейіннен 500-ге дейін жетті. Жұмысшылар көбіне экономикалық талаптар қойды:

· жұмыс уақытын 10 сағатқа, балалар үшін — 8 сағатқа дейін қысқарту,

· сырқаттанғандарға ақы төлеу,

· жалақыны көтеру,

· жұмыстан тыс уақытта еңбекке тиым салу,

· әйелдерге жалақыны көтеру және құқықтарын теңестіру.

1907 жылы жазда да Семейдегі кәсіпорындарындағы бой көрсетулер жалғасты.

Басталған бірінші дүниежүзілік соғыс өлкенің еңбек еткен тұрғындарының ауыр жағдайын одан әрі қиындатты. Шетел капиталистері мен кәсіпкерлері, жұмысшылардың ауыр жағдайын пайдаланып қанауды күшейтіп, жүйелі түрде жалақыны азайтып, көпшілік қолданатын тауарлардың бағаларын көтерді. 1915 жылы жазда сол себептен Екібастұз бен Қарағанды көмір кеніштерінің, Спасс мыс қорыту заутының жұмысшылары ереуілге шықты. Бір жылдан соң жұмысшылар қозғалысы Риддер полиметалл, Спасс мыс кеніштері, Екібастұз, Байқоңыр көмір кен орындары сияқты және т.б. кәсіпорындарға тарады.

Сұрақтар мен тапсырмалар:


  1. Қазақстанда патша үкіметінің отарлық саясатының күшеюі неден көрінді?

  2. Петициялық қозғалыс Қазақстанның қоғамдық өмірінде қандай мағынаға ие болды?

  3. Семей облысынан Мемлекеттік Думаның депуттарын атаңыз.

Дәріс 12. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Шығыс Қазақстандағы қайырымдылық жасаудың таралуы.
1.Шығыс Қазақстанның меценаттары мен қайырымдылық жасаушылары. Шығыс Қазақстан тарихында істері ешқашан ұмытылмайтын көптеген байлар мен кәсіпкерлердің аттары мен фамилялары бар. Бұлар халыққа, мешіттерге, шіркеулерге, мәдениет пен өнеркәсіптің дамуына көмектеу керек деп есептеген адамдар болды. Олардың көпшілігі үшін қайырымдылық жасау өмір дағдысына, мінез ерекшелігіне айналды. Олар қайырымдылық істерін жеке жанашырлық жәрдемдер көрсету арқылы мәдениет орындарын, мектептер, ауруханалар, ғимараттар салуға, кедейлердің қажеттілігіне жұмсады.

Өлкенің көпес-кәсіпкерлері ішінде көпестер әулеті Мусиндер ерекше орын алады. Табиғатынан жомарт олар игі істерге қаржыны молынан бөліп тұрды. Олардың қайырымдылығында шындығында шек жоқ еді. XIX ғасырдың 80-ші жылдарында облыстық Семей қаласында 5 мыңнан астам кедейлер болды. Мусиндер жыл сайын әрбір отбасына екі қап ұн, 40 келі қант, шай, тұз, 50 келі ет беріп тұрды. Олар кедейлердің жылына бір рет көпестердің кемесімен су жолының өн бойымен - Қытай шекарасынан Об шығанағына дейін - тегін жүруіне және тамақтануына мүмкіндік жасады. Мусиндер мешіт, мектеп, спорт ғимараттарының құрылысына, мұғалімдерді ұстауға қаржы бөлді, кедей отбасылардың балаларын Ресейде, Англияда, АҚШ-та оқытуға жіберді.



Семейдегі көрікті ғимараттардың бірі – екі мұнаралы мешіт жергілікті көпестер Абдышев, Рафиков, Сулейманов пен Халитовтардың қаржысына салынды. 1899 жылы семейлік көпес В.Хамитов Николь алаңындағы өз қаржысына тастан салынған дүкендерін қалаға сыйға тартты.

1888 жылы көпес П.М. Михайлов пен басқа қайырымдылық жасаушылардың қаржысына Өскеменде ғимарат (храм) тұрғызылды, ал көкпектілік көпес Проскуряков – Өскемен уезіндегі Александровск селосында ағаш шіркеу салды. Е.А. Харузин қала қажеттілігіне жәрдем жасап тұрды. Ол қала ауруханасы мен Мариинск приход мектебін, Халық үйін, Ульба өзені үстінен көпір салуға қомақты қаржы шығарды. Оның қайырымдылық істері жөнінде көркем безендіріліп типографиялық тәсілмен плакаттар шығарылған екен.



1.Қайырымдылық ұйымдары. XIX ғасырдың 80-ші жылдарында, бүкіл Ресейдегі сияқты, Семей облысында денсаулық сақтау, білім беру, тәрбие және т.б. әлеуметтік салаларда қайырымдылық істерімен айналысатын қамқорлық ұйымдары мен қоғамдары құрылды,

Өлкенің білім беру саласы мен мәдени өмірінің дамуына үлкен үлес қосқан Семей облысындағы ең ірі қайырымдылық ұйымы - 21 қараша 1887 жылы ашылған «Бастауыш білімге қамқорлық қоғамы» болды. Қоғам құрылғаннан бастап, 1917 жылға дейін священник Борис әкей (Герасимов) оның тұрақты мүшесі болды. Қалалық Дума, Медицина қоғамы, Семей қоғамдық жиыны, Приказчик клубы, Әйелдердің кедейлерге қамқорлық қоғамы, Сібір Сауда Банкі, «П. Плещеев и Ко» сауда үйі және тағы басқа жекелеген ұжымдар оның Құрметті мүшесі болды.

Жергілікті зиялы қауымның қоғамға қатты қызығушылығын оның мүшелігіне бірден 200 адамның, оның ішінде Абай және ұлдары Ақылбай мен Мағауия да бар, жазылғандығынан байқауға болады.

Қоғамның басты міндеті қаланың бастауыш мектептерінің кедей оқушыларына көмектесу және мектеп бітіргеннен кейін оқуларын ары қарай жалғастыруға ықпал ету болды. Қоғам жергілікті мектептер мен мұғалімдерге жәрдемақы берді, «жеке мектептер мен училищелер ашқандар мен енді ашатындарға» көмек көрсетті. Қоғам, сондай-ақ кітапханалар ашқандарға да қамқорлық жасады, курстар мен жексенбілік мектептердің жұмысына бақылау жасады.

11 қараша 1895 жылы Қоғамның бастамасымен тегін оқытатын кедей қыздарға арналған бастауыш училище ашылды, онда 108 оқушы оқыды. 1902 жылы – Н.В. Гоголь атындағы кітапханадан тегін оқу залы, 1905 жылы – 40 оқушы оқитын Ф.М. Достоевскийдің аты берілген бастауыш мектеп ашылды.

Қоғам Омбы фельдшерлік мектебінде, Томскдегі техикалық темілжол училищесінде, Семей мұғалімдер семинариясында және қаланың басқа оқу орындарында оқитын балаларды өз қаржысына шәкіртақымен қамтамасыз етті. Тұрмысы төмен отбасылардың балалары тек қана білім алып қойған жоқ, оларға оқу құралдары мен киім-кешектерді де әперді. Қоғам Ресей Географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне де қаржылай көмек көрсетіп отырды.

Қоғамның материалдық базасы жыл сайынғы мүшелік жарналардан, қоғам мүшелерінің бір реттік жәрдемдерінен, сондай-ақ, басқа тұлғалардың жәрдемдерінен құралды. Ауқымды көмек бергендердің ішінде Абай Құнанбаев, Ф.П. Плещеев, Ш. Рафиков, А.И. Деров және т.б болды. Қоғамның кассасы, сондай-ақ, әртүрлі концерттерден, спектакльдерден, «көңіл көтеру жиындарынан» және қалада өткізілген басқа қоғамдық шаралардан, ескі газеттерді сатудан түскен қаржылармен толықтырылды.

Басты міндеті облыс аумағында орналасқан жетімханалардағы жетім балалар мен қараусыз қалған қарттарға көмек болып табылатын Семейдегі «Әйелдердің кедейлерге қамқорлық қоғамы» белсенді жұмыстар жүргізді. 1885 жылы Қоғамды қала басшысының әйелі Ольга Федоровна Полякова басқарды. Қамқоршы-мүшелер, негізінен дворяндардың, шенеуніктердің, көпестердің әйелдері, гимназиялар мен мектептердің мұғалімдері болды. Неғұрлым белсенді қамқорлық жасаушылар қатарында: О.Ф. Палекова, Г.И. Ложкина, апалы-сіңілі Плещеевалар, Е.П. Степанова, П.В. Дьякова, А.М. Карпова, ерлі-зайыпты Березницкилер және басқалар болды. Семей облысының әскери- губернаторы А.Ф. Карпов, қала бастығы Палеков, көпестер А.И. Дёров, Ф.П. Плещеев және басқалары Қоғамның құрметті мүшелері қатарында болды.

Семейдегі Әйелдердің кедейлерге қамқорлық қоғамы жетім балаларға арналған баспананы, қарттар үйін қаржыландырды, сондай-ақ көп балалы кедей отбасыларға ақшалай да, заттай да материалдық көмек көрсетті.

Жетімханадағы балалардың көпшілігі тұлдыр жетімдер болатын, олардың арасында ата-анасы бар кедей отбасылардың да балалары болды. Қамқорлықтағы қарттар мен балалардың саны жылдан жылға көбейе түсті, 1885 жылы жетімханада 20 бала, ауруханада 8 қарт жиыны 28 адам болса, ал 1899 жылы олардың саны 39-ға, 1906 жылы 67 адамға жетті. Бұл жетімханалар мен қарттар үйіндегі жатын орындардың көбеюіне байланысты болса, сондай-ақ орыс-жапон соғысы әсерінен халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуі де себепші болды.

Әйелдер қоғамы балалар мен қарттарға қамқорлық жасаудан басқа жалғыз басты қарттар мен балалары бар жесір әйелдерге ай сайын төленетін жәрдемақы беріп тұрды.

Қоғамның қаржысы мүшелік жарналардан, Семей қалалық басқармасының жыл сайынғы 250 рубль жәрдемінен, қайырымдылық маскарадтарынан, спектакльдерден, акробатикалық қойылымдардан, жеке тұлғалардың жанашырлық жәрдемдерінен және т.с.с. құралды. Ақшалай қаржылардан басқа жетімханалар мен қарттар үйіне көп мөлшерде азық-түлік, киім-кешек түрінде жанашырлық жәрдем түсіп тұрды. Мысалы, есептен көрініп тұрғандай, 1885 жылы балалар мен қарттар үйіне мынадай көмектер: «П.В. Дьяковадан 2 безмен9 май, 4 ерлер көйлегі, 46 аршын сиса, 4 пар шалбар, 42 аршын тоқыма, 3 орамал және т.б.; Поляковадан 4 шалбар, 2 картоз, 100 бас капуста; Д.С.Плещевадан – 2 қойдың тұтас еті, 3 пұт бидай ұны, 6 жейде, 5 пар калош т.б.; Г.И. Ложкинадан – 2 қойдың еті, 4 пұт бидай ұны, 1 қап картоп, 100 арбуз, бір фунт шай, 10фунт жануар майы, 60 аршын сиса және т.б. берілді.

Жыл сайын барлық ақшалай және заттай түсімдер мен олардың жұмсалуы егжей-тегжейлі көрсетілген Әйелдердің кедейлерге қамқорлық қоғамының жұмысы туралы есептер «Семипалатинские областные ведомости» газетінде жарияланып тұрды. Ақша негізінен азық-түлікке, киім-кешекке, үйді жылытуға, жарықтандыруға және қызметкерлердің еңбек ақысына жұмсалды.

Жетімдер үйінің балалары қалалық приход училищесінде, ал үлкендері прогимназияларда оқыды, кейбіреулері жұмысшы мамандықтарын игеру үшін шеберлерге берілді. Қарттар мен балалардың өмірін аздап болсын түрлендіру үшін әртүрлі шаралар өткізді, олар туралы есептерді газет беттерінен кездестіруге болатын. Мысалы, «21 қаңтар 1900 жылы Әйелдер қамқорлық қоғамы қамқорлығындағы балалар мен қарттарға арнап елка өткізді. Оның барлық шаруасын М.О. Плещева көтеріп алды. Жергілікті көпестер елканың әшекейлерін, тәттілерді, сыйлықтарды алып берді. Қарттар 50 тиын ақша мен көйлектік сиса алды».

Әйелдердің кедейлерге қамқорлық қоғамы қайырымдылық жасауға жаңа мүшелер тартуға, өз жұмыстарының ауқымын кеңейтуге тырысты. Семей облысына кіретін бес уездің әрқайсында Әйелдер қамқорлық қоғамы жұмыс жүргізді. Олар да жетімдер мен қарттар үйлерін өз қамқорлықтарына алды.

Бақытсыздық жағдайына ұшырағандар мен табиғи апаттардан, өрттен зардап шеккендерге «Қызыл крест қоғамы» көмек көрсетті. Қызыл крест Қоғамының басқарма құрамы: басқарма төрағасы – Семей облысы әскери губернаторы генерал-майор А.Ф. Карпов, полковник Д.И. Перлик, қазынашы – Омбы әскери округінің әскери тергеушісі полковник Т.Д. Шулековский және 35 мүшесі болды.

Ресей Қызыл крест қоғамының жергілікті басқармасының жанынан 1910 жылы мейірімділік бибілерінің семей қауымдастығы комитеті ашылды.

Осы кезеңдегі қайырымдылық жұмыстары туралы айтқанда «Музыка мен драма өнерінің әуесқойлары қоғамын» еске алмау мүмкін емес. Ол ең алдымен сахна өнерін сүйетін шенеуніктердің, дворяндар мен офицерлердің шағын үйірмесінен басталды. Олар негізінен қоғамдық кітапханаға қайырымдылық мақсатында кішігірім спектакльдер қойды. Осылай 1889 жылға дейін жалғасып келді де, драма өнерінің әуесқойларының көбеюіне және талантты әртістердің шыға бастауына байланысты музыкалық-драмалық қоғам құру идеясы келді. Үйірме жетекшісі В.И. Маковецкий болды, өзі жергілікті сот болған ол 30 адам келісімін беріп, қол қойған қоғамның жарғысын құрастырды.

Қоғамның мақсаты «...қоғам мүшелерінің эстетикалық талғамын жоғарылату, бос уақыттарында пайдалы пікір алмасуына жағдай туғызу; халық арасында музыка мен әдеби білімнің таралуына; қайырымдылық мақсатындағы спектакльдердің қойылуына ықпал ету».

Қоғам жұмыс атқарған 10 жыл ішінде спектакльдер мен қойылымдардан 9,320 рубль ақша жиналып, оның 40% қайырымдылық мекемелеріне берілді. Бұл қаражатты қоғамдық кітапхана, Әйелдер қамқорлық қоғамы, бастауыш білімге қамқорлық Қоғамы жинады, сондай-ақ олар Ресейдің аштық жайлаған аудандары мен тау-кен жұмысшыларының қажеттілігіне, ғимараттар, мектептер, халық үйлерінің құрылыстары үшін спектакльдер қойды.

Қалған қаржы спектакль шығынына (безендіру, костюмдер, ғимарат жалдауға және т.б.) жұмсалды.

XIX ғасырдың 90-шы жылдарында қазыналық шарап монополиясын енгізуге байланысты, қаржы Министрлігі жанынан халық салауаттылығына қамқорлық комитеттері пайда болды. 1912 жылы Ресейде 63 губерниялық, 8 облыстық комитет болды. Олардың қатарында Халық салауаттылығы Семей уездік комитеті де болды.

Қамқорлық комитетінің құрамына шенеуніктер, діни қызмет өкілдері, сот, полиция, жандарм және т.б. мекемелердің адамдары кірді. Ол облыстың губернаторының басшылығымен жұмс істеді. Қаржы министрлігінің бөлген қаржысына оқулар өкізілді, кітапханалар, шайханалар т.с.с. ашылды.

Осы уақыттар ішінде Семей облысында бірнеше шіркеу қамқоршылықтары жұмыс істеді. Өскемендегі Покров соборының қызметкері протоирей А.Дагаевтың ұсынысымен, осы шіркеудің жанынан 1893 жылы шіркеу-приходтық қамқоршылығы құрылды. Олар өзіне «...өмірдегі қиын минуттарда көмекті қажет еткендерге қайтарымсыз немесе уақытша несиемен ақшалай көмек беруді; Воскресение мен Рождество Христово мерекелерінде аз уақытқа болсын өз мұқтаждарын ұмытып, басқа тұрғындармен бірге жарқын мейрамдарды қарсы алу үшін кедей тұрғындарға тегін материалдық (киім-кешек, азық-түлік) көмек көрсетіп, ақшалай жәрдемақылар беруді» ереже етіп қабылдады.

1898 жылы Семейде Мұсылман қайырымдылық қоғамы ашылды. Мұсылман қайырымдылық қоғамының бастамашылары мен белсенділері: Г.А. Хусаинов, С.М. Мусин, В.Х. Хамитов және т.б. болды.

Жоғарыда аталған қоғамдардан басқа, өлкеде Түрмелерге қамқорлық қоғамы жұмыс жасады және осы қоғаммен тығыз байланыстағы тағы бір қоғам – Қамаудан бостандыққа шығарылғандарға қорған қоғамы болды. Бұл қоғамдарды танымал адамдар басқарды, кеңес құрамына округтік соттың прокуроры, полиция бастығы, қала басшысы, қала шркеулерінің бітістіруші судьялары кірді.

Семей облысының аумағында басқа да қайырымдылық ұйымдары болды: Қиыр Шығысқа кеткен жауынгерлердің жесірлері мен жетімдеріне қамқорлық мекемесі, Семейдің ерлер және қыздар гимназиясының мұқтаждарына жәрдемдесу қоғамы және т.б.

Сөйтіп, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында өлкеде іс жүзінде жалпыресейлік қайырымдылық ұйымдарының барлығы жұмыс істеді. Алғашқы кезде олар қазына есебінен қаржыландырылса, кейіннен қоғамдық және жеке тұлғалардың қайырымдылық жәрдемінің үлесі басым түсті.


Сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Қайырымдылық істермен көпестердің көбірек айналысу себептері туралы не ойлайсыңдар?

  2. Әртүрлі қайырымдылық ұйымдарының жұмыстарының өлке үшін қандай маңызы болды?

  3. Өздеріңіз тұратын елді мекендегі қайырымдылық істерімен айналысатын адамдар туралы біліңіздер.



Дәріс 13 Өлке 1917 жылда

  1. Өлкедегі Уақытша үкімет органдары. 1917 жыл облыста жылдағыдай қалыпты басталған еді. Кейбіреулер жаңа жылдан тұрмысының жақсаруын үміт қылса, енді біреулері соғыс жағдайында тез арада пайдаға кенелуге есеп қылды, ал үшіншілері әскерге кеткен туыстарының тағдырына алаңдаулы болды. Ақпан революциясы мен патша өкіметінің құлағаны туралы Семей жұртшылығы 2 наурызда естіді. Ертіс бойының жұмысшылары наурыз-сәуір айларында қызметшілердің, ауылдық қоғамдардың жалпы жиналыстары мен болыс сиездері өткізіп, патша өкіметінің құлауымен және Ресейде жаңа қоғам - демократиялық буржуазиялық республика орнауымен құттықтаған жеделхаттар жіберді.

Патша әкімшілігінің өкілдері мемлекеттік құрылымның өзгеруін «тыныштық пен тәртіп» ұранымен қарсы алды және Уақытша үкіметке жаулық деуге болатындай, соңын күткен ұстанымда болды. Сондықтан Уақытша үкімет губернаторларды, вице-губернаторларды және басқа да көптеген шенеуніктерді жұмыстан босатып, бұрынғы билік құрылымдарының орнына Уақытша үкіметтің облыстық, уездік комитеттерін құра бастады.

Бұрынғы патша әкімшілігін орнынан сырғыту қозғалысы кеңінен етек жайды. Мемлекеттік аппаратты демократияландырудың жаңа формалары пайда бола бастады. Соның бірі Уақытша үкімет басқару органы ретінде қабылдаған қоғамдық комитеттер құру болды.

Әскери-өнеркәсіп комитетінің өкілдері, офицерлер, шенеуніктер мен көпестер, Қалалық Дума 5 наурызда қоғамдық ұйымдар мен армияның буржуазия мен байлардан 16, кулактардан 7, офицерлерден сегіз, жұмысшылардан, солдаттар мен қызметшілерден төрт өкіл қамтылған Семей атқару комитетін құрды. Комитет өзін «облыстағы жоғарғы және бірден бір билік» деп жариялады. Уақытша үкіметтің облыстағы комитетін Семей кооператорлары одағының төрағасы К. Ляшкевич басқарды.

Сол күні төрағасы Р.Мәрсеков болған, жетекшілерінің бірі болып Х.Ғаббасов сайланған Семей облыстық қазақ комитеті құрылды. Бұл комитеттің жұмысына қазақ жұртшылығы арасында кеңінен танымал заңгер Ж.Ақбаев өте белсенділікпен қатысты. Наурыздың аяғында қала мен облыс мұсылмандарын қазіргі жағдаймен таныстырып, мемлекеттік құрудағы өздеріне тиесілі міндеттерді орындауүшін Семейде мұсылмандар облыстық комитеті құрылды. Оның төрағасы болып Р. Елкибаев сайланды.

Ә.Бөкейхановтың сенімді серігі Райымжан Мәрсеков бастаған Алаш азаматтары земстволық мекемелердің құрылуына және олардың Алаштың ықпалында болуына үлкен жұмыстар атқарылды.

Өлке өмірін демократияландыруға қатысу мүмкіндігіне шабыттанған облыста Уақытша үкіметті қолдаған митинглер, жиындар, съездер өткізіліп жатты. Жергілікті өзін өзі басқару ұйымдарын құру және жер комитеттерінің жұмысы туралы мәселелер талқыланды. Жиындар сословиелік белгілеріне (шаруалар, казактар) қарай да, басқа белгілеріне, қарай да өткізілді, мысалы; «Халық еркі» партиясының жиналысы, әйелдер митингісі, гимназия оқушыларының митингісі және т.б.

1917 жылдың 1-9 маусымы аралығында шаруалар мен казактардың бірінші облыстық сиезі өткізілді. Сиез өзінің қорытынды резолюциясында Уақытша үкіметтің шаралары мен облыстық атқару комитетінің жұмысын қолдайтындықтарын білдірді.


  1. Жұмысшы, солдат, шаруа және казак депутаттары Кеңесінің құрылуы. Бүкіл елде қос өкіметтің орнауына байланысты Семейде де кеме шаруашылығы мен басқа өнеркәсіп және сауда орындарының жұмысшылары мен қызметкерлерінің жалпы жиналыстарында халықтық билік органы ретінде жұмысшы, солдат, шаруа және казак депутаттарының Кеңестері құрыла бастады.

Семей жұмысшылар депутаттары кеңесінің бірінші ұйымдастыру жиналысы 11 наурыз 1917 ж. өтті. Оған қаланың негізгі өндіріс орындары мен мекемелерінен 32 депутат қатысты. Депутаттардың партиялық құрамы туралы нақты дерек болмағанымен, олардың көпшілігі эсерлер мен меньшевиктер партиясының өкілдері болды. Олардың жиырмасы орыс, қалғандары украин, қазақ, поляк және т.б. болды. Жиналыста эсер С. Юдин басқаратын сегіз адамнан тұратын Кеңестің атқару комитеті сайланды. Кеңестің құрамына большевик К. Сутюшев сәуір айында ғана қосылды.

Көпшілік эсер-меньшевиктерге арқа сүйеген С. Юдин Кеңестің ұйымдастыру жиналысында сөйлеген сөзінде. «Жұмысшы депутаттары кеңесінің басты міндеті жаңа құрылысты нығайту мен Уақытша үкімет пен атқару комитетінің жұмысына қатысу» деді. Сөйтіп, Семей кеңесінің эсер-меньшевиктік басшылығы алғашқы күндерінен бастап, оны Уақытша үкіметтің жергілікті органының қосымша бөлімі жасау бағытында жұмыс жүргізді.

1917 жылдың наурыз-сәуір айларында жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесі Павлодарда, Өскеменде, Риддерде, Қарқаралыда құрылды.

Жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің соңын ала, сәуір-маусым аралығында шаруалар мен казактар депутаттары Кеңестері құрылды.

Жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің ұсынысы бойынша Семей облыстық атқару комитеті 15 наурыз 1917 жылы сегіз сағаттық жұмыс күнін енгізу, тұрмыс қымбатшылығына байланысты еңбекақының ең төменгі мөлшерін белгілеу, капитал мен еңбек арасындағы тәуелді қарым-қатынасқа тиым салу, еңбекке ұсыныс пен сұранымды Семей жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесінің жанындағы еңбек бюросы арқылы реттеу туралы шешім қабылдады.

Сәуірде Кеңес бұрынғы полиция шенділерін жұмыстарынан босату, Плещеевтің иелігіндегі көмір кенішінің жұмысшыларының жалақысын көбейту, кеніш әкімшілігіне жұмысшылардың еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту жөнінде және жұмысшыларды жұмысқа алу мен босату кәсіподақтардың қатысуы арқылы ғана жүзеге асуы керектігі туралы қаулы қабылдады


  1. Алаш. Ақпан революциясынан кейін 1905 жылдан бастау алатын Алаш қозғалысының белсенділігі артты. А. Байтұрсыновтың пікірінше Ақпан революциясын қазақтар түсіністікпен, әрі қуанышты қабылдаған, себебі «біріншіден оларды патша әкімшілігінің езгісі мен зорлығынан құтқарды, екіншіден, олардың ежелгі арманы - өзін өзі басқаруға үміттендірді».

17 наурыз 1917 жылы біріккен ұйымдар мен армияның Семей Атқару комитетінің «Бюллетенінде» Минскден Ә.Бөкейханов жіберген «Ресейдің барлық халықтарына Бостандықтың, Теңдіктің және Бауырластықтың таңы атты. Жаңа құрылыс пен жаңа үкіметке қолдау көрсету үшін қазақтарға ұйымдасу қажет ..» деп басталатын жеделхаттың мәтіні жарияланды.

1917 жылдың көктемінде барлық облыстарда Қазақстанның келешек тағдыры талқыланған сиездер, оның ішінде қазақ сиездері өте бастады. Семей облыстық қазақ сиезі 27 сәуірде басталып, 7 мамырда аяқталды. Сиезге облыстың бес уезінен 200-ге жуық делегат және көршілес Алтай өлкесінің Би уезінен екі өкіл қатысты. Делегаттар арасында жеті әйел болды. Сиездің атына Омбы, Томск, Орынбор, Ташкент қалаларынан және Ә.Н.Бөкейхановтан жеке жеделхаттар келіп түсті. Жиналғандарға алғашқы құттықтау сөзді Ш. Құдайбердіұлы арнады.

Күн тәртібіне 16 мәселе қойылды. Басқа облыстарда өткен сиездерден айырмашылығы, бұл сиезде өзін-өзі басқару және автономия мәселелері, сондай-ақ медицина мен ветеринария күн тәртібіне қойылды. Омбыдағы сияқты күн тәртібіне әйелдер мәселесі де енгізілді. Ұйымдастыру бюросының есебін тыңдай келе, делегаттар 20 мүше мен 10 кандидаттан тұратын облыстық ұлттық комитетін сайлады. Комитеттің құрамына бір әйел адам – Н.С. Құлжанова да кірді.

Ресей мемлекетінің жер аумағының үлкендігін, халқының әр түрлілігін, мәдениеттер айырмашылықтарын ескере келіп, делегаттар федеративтік демократиялық республика құру туралы сөз етті.

Сиез «Уақытша өзін-өзі басқару мен жергілікті комитеттер» туралы резолюциясында Ресейдің орталық үкіметі облыстарды әкімшілік және шаруашылық басқару ережесін жасауы қажеттігін атап көрсетті. Осы арқылы тұтас елмен және басқа өңірлермен байланысты қамтамасыз ету керектігіне тоқталды. Семейліктер жалпыұлттық сиез шақыру идеясын қолдайтындықтарын білдірді.

Сөйтіп, 1917 жылдың көктеміндегі облыстық қазақ сиездерінде тұрғындардың барлығын толғандыратын мәселелер қаралды. Дәл осы 1917 жылдың көктемінде айтылған идеялар, І және ІІ Жалпықазақ сиездерінің резолюциясы мен Алаш партиясының бағдарламасының жобасының негізіне алынды.



Семей облысында Алаш қозғалысы жетекшілерінің идеяларын, әсіресе, Семей қаласының Заречная слабода тұрғындары қызу қолдады. Олардың басым көпшілігі тері өнімдерін өткізетін және саудамен айналысатын қазақтар мен татарлар болды.

Олар 1917 жылдың 15 наурызында, тұрғындардың жалпы жиналысының шешімімен, Заречная слабоданың басқарма көмекшісі Грязевті жұмыстан шығарып, оның орнына Заречныйдың екі сыныптық училищесінің мұғалімі К. Мұздыбаевты сайлап алған болатын.

1917 жылдың маусым айында мұсылмандардың Рамазан мерекесі кезінде қазақтар митингілер мен жиналыстарда Семей қаласының Заречная слабодасында жеке әкімшілік бірлігі ретінде дербес қалалық Дума ашу туралы қаулы қабылдады. Осы кезде слабода атауы Алаш болып өзгертілді.


  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет