ПОӘК 042- 14-5 01. 20. 5/01 -2009 №1 басылым 18. 09. 08. орнына



бет5/8
Дата01.08.2017
өлшемі1,4 Mb.
#22452
1   2   3   4   5   6   7   8

2. Өлкенің ауыл шаруашылығы. За военные 1941-1945 жылдардығы соғыс кезінде ауыл шаруашылығы құлдырады, егін алқаптарының, әсіресе дәнді дақылдардың көлемі азайды, малдың басы кеміді. Бірақ 1951 жылдың қарсаңында ауыл шаруашылығы соғыстың алдындағы деңгейіне көтерілді. Ауыл шаруашылығының жетекші саласы – мал шаруашылығында үлкен табыстарға қол жетті. Мал шаруашылығының негізгі саласы – ет-жүн бағытындағы қой шаруашылығы. Ол негізінен қазақтар тұратын Ертістің сол жағалауында, Зайсан қазаншұңқырында, Оңтүстік Алтайдың, Сауыр мен Тарбағатайдың етегінде барынша дамыды. Осы кезеңдерде Семей облысындағы қой саны ФРГ, Канада, Голландия, Бельгия, Швеция, Финляндия мен Австрияның барлығының қойларын қоса есептегендегідей болды. Ет және сүт бағытындағы ірі қараны барлық аудандарда өсірді. Жаңадан малдың асыл тұқымдары шығарылды: қазақтың қасқа сиыры, түбіт жүнді ешкілер тұқымы. Мал шаруашылығының ерекше түрі - марал шаруашылығы биік таулы аймақтарда дамыды. Өлкеде табындап жылқы өсірі де жақсы дамыды. Шошқа шаруашылығының да аздаған маңызы болды.

Шабындық жерлер де мол болды. Ең жақсы шабындықтар – Ертіс, Бұқтырма, Үлбі, Нарын және т.б. өзендерінің бойындағы көктемгі су жайылатын ауқымды шалғындар. Тек Семей облысында ғана егістік жерлер Бельгияның егістігінен 500 мың гектарға, Голландияның егістігінен 600 га, Норвегияның егістігінен екі есе артық болды. Жемшөп дақылдары егілген алқаптар да көрнекті орын алды.

Шығыс Қазақстанның егіншілігі негізінен дәнді дақылдар өсіруге бағытталды. Ертіс бойындағы далалар, Кенді Алтайдың, Қалба мен Тарбағатай тауларының етегі мен тау аралық жазықтары егін шаруашылығымен айналысатын аудандар қатарына жатады. Ертістің оң жағалауындағы Белағаш даласы мен Шемонайха ауданының Алтай алды орманды даласында егіс алқаптары ауқымды жерлерді алып жатты.

Шығыс Қазақстан тың игеру аудандары қатарына жатпайтын, бірақ мұнда да тың жерлер игерілді. Шығыс Қазақстанда игерілген тың жерлер аз болғанымен, тың игеру кезінде өлкенің егіншілігінде де, мал шаруашылығында да аграрлық құрылым айтарлықтай өзгерді. Семей облысында төрт астық совхозы құрылды, олар: Коростылев, Мақаншы, Үржар, Ұзын-Бұлақ. 1954 жылдан 1966 жылға дейін Семей облысындағы егістік көлемі 3 есеге жуық ұлғайды. Революцияға дейін өлке тауарлы астық шығармаса, енді колхоздар мен совхоздар мемлекетке ірі көлемде астық тапсырушыларға айналды.

Техникалық дақылдардан Өскемен май зауытында тартылатын күнбағыс өсірілді. Кенді Алтай мен Қалба жотасының етегінде картоп пен басқа көкөністер өсіру кеңінен таралды. Бал беретін гүлді өсімдіктер көп өсетін Алтай мен Тарбағатайдың оңтүстік беткейінде бал арасы шаруашылығы дамыды.

Өлкенің техникалық жабдықталуы арта түсті. Колхоздар мен совхоздар жыл сайын жүздеген мың тракторлар, комбайндар, жүк машиналарын алды. Жоғары және орта білімді мамандардың саны көбейді. Егер 1939 жылы Семей облысында 154 жоғары білімді маман болса, 1966 жылы ауыл шаруашылығында 1653 агрономдар, зоотехниктер, мал дәрігерлері, инженер-механизаторлар, экономистер жұмыс істеді.
Сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Шығыс Қазақстанның географиялық ерекшеліктері экономиканың дамуына қалай әсер етті?

  2. Шығыс Қазақстан мен Семей облыстарының экономикалық дамуында қандай айырмашылықтар бар?

  3. 50-80-ші жылдары сіз тұратын жерде шаруашылықтың қандай салалары дамыды?

  4. 50-60-шы жылдары өмір сүрген туысқандарыңыздан сұрап, үйдегі отбасылық суреттерге, баспана-тұрғын үйі мен тұрмыстық заттарына, демалысы мен жұмыстан тыс уақыттарын өткізуі, киім үлгілеріне қарап, сол кездегі халықтың тұрмысын сипаттап жазыңыз.

Дәріс 10. Өлкедегі жол қатынасы мен сауда

  1. Жол қатынасы. Өлке бұрынғыша Орта Азиямен сауданың басты пункті болып қала берді, мұнда Ташкент, Бұхар, Қоқан, Қытай және Монғолиядан керуендер келетін. Қытайға саудамен баратын басты керуен жолы Семей облысындағы Көкпектіден Алқабек пен Зайсан арқылы өтетін; екінші кезекте Өскеменнен Қатон-Қарағайға өтетін жол балатын. Бірақ, бұл жолдардан басқа тауарлардың үлкен бөлігі Семейден Бахты мен Шәуешекке Сергиополь уезі арқылы әкелінетін. Өскеменнен Ульба, Алтай станицалары арқылы Моңғолияға атақты Бұқтырма трактісі өтетін.

Өлкеде күш көлгі транспорты кең қолданылды. Жүк Семей - Верный - Ташкент, Орынбор - Гурьев, Петропавл - Көкшетау – Ақмола және т.б. трактілермен тасымалданды.

Кәсіпорындардың саны көбейген сайын, шикізатты зауытқа, фабрикаларға, жәрмеңкелерге заманға сай тәсілдерімен жеткізу қажеттілігі тауарлар тасымалын жақсартуды талап етті. 1914 жылы Зайсанда Шығыс Қазақстандағы алғашқы автомобиль кампаниясы ұйымдастырылды, оның мақсаты жүк және жолаушы тасымалы үшін автомобиль қозғалысын дұрыс пайдалану болды. Автомобильді көлік ретінде қолданудың маңызы зор болды, өйткені құрлық қатынас жолдарында тасымалдың негізгі түрі, көбінесе атқа жегілген, арба түрінде болатын.

XX ғ. алғашқы он жылдығында Ертістің жоғарғы ағысындағы кеме қатынасы жүйелі және жиі жүре бастады. 1900 жылы Семейде жергілікті көпестер П.Ф.Плещеев пен П.И.Березницкий жолаушылар мен жүк тасымалдаумен айналысатын «Жоғарғы-Ертіс кеме шаруашылығы және сауда серіктестігін» ұйымдастырды. 1908 жылы Жоғарғы-Ертіс кемежайларында 46 бу кемесі мен 87 баржа болды. Ал, 1911 жылы Ертісте 73 бу кемесі және 214 бусыз кемелер мен баржалар жүзіп жүрді, олардың негізгі бөлігі Омбы мен Семей арасында жүк тасымалдаумен айналысты.

Ертістегі қалалардың тез өсуі кеме қатынасына жаңа талаптар қойды. Енді тек жүктерді көбірек тасымалдау ғана емес, жылдамдығы мен жайлылығын да талап ететін болды. Тез бұзылатын азық-түлікті (май, ет, құс еті) жеткізу бұрынғы сүйреуші тасымал құралдарды басқа жылдам жүретін кемелермен ауыстыруды қажет етті. Жедел рейстерде жайлылық пен қауіпсіздікпен талаптары ескерілетін болды. Кеме қожайындарының қолданған шараларының нәтижесінде, жүктер жақсы жабдықталған кемелермен тасымалданатын болды. Мысалға, Павлодар кемежайлары арқылы жүретін волгалық типтегі кемелерді айтуға болады.

Жүк кемелерінен басқа Ертіспен жолаушы кемелері де жүретін. 1900 жылдан 1911 жылға дейін «И.П.Корнилов сауда үйі», «Батыс-Сібір кеме қатынасы мен сауда серіктестігі», «Орыс-қытай кеме қатынасы мен сауда акционерлік қоғамы», «Плотниковтар сауда үйі», «Коншин және Двинаренко» серіктестігі», «Разумовский кеме қатынасы», «А.Русланов пен З.А.Путин кеме қатынасы» 241600 адам тасымалдады. Бірақ бұл жолдар жылына 6 айдан сәл артық уақыт қана пайдаланылатын. Суық түскен кезде, көбінесе қарашадан сәуірге дейін Ертіспен жүк тасымалы тоқтатылатын.

Шығыс Қазақстанның экономикалық дамуында XX ғасырдың басында темір жол көлігі бірінші орынға шыға бастады. Семей облысы арқылы Семей қаласын азиялық ірі сауда орталығы ретінде Ташкен және Верный қалаларымен бір жағынан, екінші жағынан - Барнаул қаласы арқылы Сібір темір жолымен қосатын темір жол салу мәселесі 1901 жылы наурызда талқыланды. 1913 жылы Түркістан-Сібір магистралінің Алтай учаскесінің салынуы басталды.

Оның басты тармағы Шығыс Қазақстан қалаларының жанынан өтіп, Семей мен Барнаулды байланыстырған Барнаул-Семей линиясы болды. 1915 жылы 21 қазанда осы учаскеде жолаушылар мен тауар поездарының жүйелі қатынасы басталды. Алтай темір жолының құрылысы Қазақстанның шығыс аудандарының экономикалық өміріне үлкен серпіліс әкелді. Қазақстанға сібір өнеркәсіп орындарының өнімдерін жеткізіп, дала аудандарында өнім өткізу нарығын кеңейтті. 1917 жылы Барнаул арқылы өтетін Новониколаевск (қазіргі Новосібір) – Семей темір жол линиясы салынды.

Өлкенің фабрика-зауыттық өнеркәсібі мен Батыс Сібір экономикасы арасында тығыз байланыстар пайда болды.

Өлкедегі жалпы қолданатын ірі темір жолдардан басқа өнеркәсіптік бірнеше жергілікті линиялар салынды (тау-кен-зауыттық), соның ішінде Риддерлік линия.


  1. Сауда. Сауда саласында мал мен мал өнімін сату бірінші орында тұрды. Сауда-өнеркәсіптік қызметімен қала тұрғындарының көбі және қала маңындағы казак, шаруа, қазақ ауылдары тұрғындарының бір бөлігі де айналыса бастады. Шығыс Қазақстанның далалық аудандарынан әкелінген ұсақ мал көбінесе жергілікті жәрмеңкелерде сатылды немесе айырбасталды. Малдарды Шар мен Қоянды-Ботов жәрмеңкелерінде сататын. Сауда айналымы жағынан ең үлкені Қоянды, немесе Ботов жәрмеңкесі болды. Қоянды жәрмеңкесі жыл сайын 1 маусымнан 1 шілдеге дейін жұмыс істейтін. Мұнда Жетісудан, шекаралас Қытайдан, Ташкеннен, Ақмола облысынан, Том және Тобыл губерниясынан тауарлар келетін.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Қытайменен сауда өсті. Қытайға сату мен сатып алу 11-12 млн.руб. дейін жетті. Семей шекарасы арқылы тасымалданатын, басты импорттық өнім - шәй өзінің бастапқы қалпынан айрылып, енді көбінесе кірпіш ретінде, ұсақ партиялармен әкелінетін болды. Ал, оның басты сатушылары қытай қазақтары болды, олар шәйді зайсан саудагерлеріне басқа тауарларға айырбастайтын.

Енді шәйдің орнына Семей шекарасына әкелінетін басты тауар мал мен шикізат түріндегі мал өнімдері болды. Біртіндеп Қытайдан әкелінетін мақтаның үлесі көбейді. Қытайға мануфактуралық өнімдер, иленген терілер, металл өнімдері саудаға шығарылды.

Сауда жәрмеңкелерден басқа жергілікті базарларда, көтерме сауда дүкендерінде, ірі қоймаларда өтті. Кезінде әкімшілік-шекаралық пункт рөлін атқарған Зайсан ірі сауда орталығы болды. Жергілікті басылымдарда: «Зайсанда «Бекчентаев пен Абыхановтың сауда үйі» фирмасы бар». Бұл фирманың қаржы айналымы миллионға жуық. Фирманың приказчиктері орысы да, татары да мейрам дегенді білмейді, күндіз-түні жұмыс істейді. Ал жалақылары – көк тиын», деп жазылған. Негізінен қазақтар қоныстанған үлкен аймақтың сауда орталығы болған Көкпекті туралы да осыны айтуға да болады.

Көшпелі халықпен сауда байланыстарын күшейтуде басты рөлді 1910 жылы 29 маусымда ашылған Семейдегі сауда биржасы атқарды, ол биржаның басты мақсаты «...жергілікті сауда мен өндірісті қолдау» болды.

Өлке қалаларының дүкендері мен дүңгіршектерінде майшамдарды, швейцария сағаттарын, жапондық бамбук пен веналық жиһазды, Гарднер мен Кузнецовтың фарфор және фаянс ыдыстары сатылды. Тауарды Ресейдің 55 қаласынан әкелетін: Қазан, Мәскеу, Петербург, Ярославль, Ұлы Устюг, Холмогоры және т.б.

Семей көпесі Ф.С.Афониннің дүкенінде алтын, күміс және гауһар бұйымдарының үлкен ассортименті, ер, әйел және балалар аяқ киімі, орыс және шетел фирмаларының парфюмериясы мен косметикасы сатылды.

П.Д.Семенов, Н.А.Семенов, А.Рафиков деген көпестер Рязановтың, Бардыгиннің мәскеулік мануфактураларының маталарын, шәлілерін, жаулықтарын және аяқ киімдерін сататын. Плещеевтің сауда үйінде каталог бойынша Парижден, тіпті, көйлекке де тапсырыс жасауға болатын.

Өскемендік көпес Семеновтың сауда үйінде, Тухватулиннің (Семей) дүкендерінде граммофондарды, ал Егоровтың дүңгіршегінде Шаляпиннің, Собиновтың, Неждановтың музыкалық шығармалары, итальян және орыс халық әндері, шіркеу өлеңдері бар күйтабақтарды сатып алуға болатын.

Аймақ тұрғындары арасында мәскеулік көпес И.Е.Дубининнің, екатеринбургтық «Ағайынды Агафуровтар сауда үйінің», «Алексей Губкиннің мұрагері А.Кузнецов және К0» сауда-өнеркәсіптік серіктестігінің және т.б. қоймаларынан әкелінетін шәй үлкен сұранысқа ие болды.

1906-1910 жылдары Семейге темір жол салынғаннан кейін, Өскемен мен Семейде, шаруалар Мәскеу-Қазан темір жолының Люберцы бекетіндегі құю-механикалық зауытында дайындалатын құрал-саймандарды сатып ала алатын алғашқы қоймалары ашылды. Американдық миллионер Морган, өзі ашқан «Егін оратын машиналардың халықаралық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы "Диринг", "Мак Кормик", "Мильвоки", "Адриане Сплат" сияқты әртүрлі американдық фирмалардың ауыл шаруашылық машиналарын, "Лаваль и Перфект" даттық фирмасының сепараторларын сататын.



  1. Қаржы. Табиғи байлықты тез игеру, Шығыс Қазақстан қалаларында тауар-ақша қарым-қатынасының дамуы кредиттік-банктік мекемелер желісінің ұйымдастырылуына жол ашты. XX ғасыр басында несие беру саясатын Қазақстанның әртүрлі қалаларында ашылған ірі астаналық банктердің бөлімшелері жүргізетін. XIX ғ. аяғында - XX ғ. басында Қазақстан жеріндегі негізгі банк - Мемлекеттік банк болды, ол салымдарды қабылдап, ағымдағы шоттарды ашып, қысқамерзімдік несиелер мен қарыздарды беретін. 1895 жылы қабылданған жаңа Жарғы өзінің негізгі мақсаты етіп ақша-несиелік жүйені нығайтуды және «қысқамерзімдік несие арқылы отандық саудаға, өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына жәрдемдесуді» қойды.

Банк сауданы (біріншіден, сыртқы сауданы) сонымен бірге өнеркәсіптік кәсіпорындарды, ұсақ несиелік банктерді, мекемелерді несиелеуді күшейтті.

Қазақстандағы мемлекеттік банктің филиалдары несиелерінің негізгі бөлігін жергілікті және ресейлік сауда буржуазиясына берді. Несиелердің жалпы сомасына қарағанда, бірінші орында мал мен ет саудасы, екіншісінде - нан, үшіншісінде – «аралас» тауарлар (мануфактура - балық мал, мануфактура, балық – нан және т.б. тауарлар қисындасуы) саудасы тұрды.

1887 жылы оның бөлімшесі Семейде де ашылды. Бұл бөлімшенің есеп-несие комитетінде өнеркәсіпші С.Плещеев, көпестер М.Красильников, Х.Мусагитов, С.Мусин, А.Мирсалимов және т.б. болды. Бөлімшенің қаржы айналымы тез өсті - 15 млн. руб. (1887 ж.) -ден 57 млн. руб. (1911 ж.) дейін. Ол 12 түрлі операцияларды атқарып, клиенттеріне 10 мың. руб.-ден 30 мың. руб. дейін несие бере алатын.

1911 жылы Семейде айналымында 450 млн. руб. журген 5 банк, ал Өскеменде -1 банк болды. Семейде «Орыс сауда-өнеркәсіптік банкі», «Азиялық банкі», «Сібір сауда банкі» және т.б. өз бөлімшелерін ашты.



Өлкенің сауда мен өнеркәсібінің дамуына 1909 жылы ашылған Орыс-қытай акционерлік қоғамы септігін тигізді.

Соғысқа дейінгі өнеркәсіптік өрлеу жылдарында (1909-1913 жж.) сауда және өнеркәсіптік кәсіпорындарды несиелендіруді тағы да қалалық қоғамдық банктер атқарды. Семей қоғамдық банкі Қазақстанның ірі қалалық қоғамдық банктерінің қатарына жататын. XX ғ. алғашқы жылдарында Семейде, Қарқаралыда, Павлодарда, Өскеменде, Зайсанда, Көкпектіде ірі коммерциялық банктердің бөлімшелері несие бермеген ұсақ және орташа саудагерлерге қызмет көрсету үшін өзара несиелелер қоғамдары ашыла бастады. Қоғамдардың капиталдары олардың мүшелерінің үлеспұлдық жарнасынан тұратын, ал ол мүшелер оның орнына өздерінің жарнасынан бірнеше есе артық несиені ала алатын.

Сауданың дамуына (оның ішінде сыртқы сауданың), 1917 жылы 1 сәуірде ашылған, орталығы Новониколаевскідегі (Новосібірдегі) «Сібір кооперативтерінің комиссиясының» құрамына кіретін, «Кооперативтердің семейлік одағы» көп жәрдемдесті.

Мемлекеттік табыстарды жинаумен, оларды сақтауымен қазынашылықтар айналысатын. Қазынашылықтар облыстың қай қалаларында болды? Өскеменде ол 1898 жылы ашылған. Олар сонымен бірге, салықтардың уақытында түсуін қамтамасыз ететін, қоғамдық және сословиелік қаржыларды сақтауға алатын, елтаңбалы қағаздарды, бланктерді, маркаларды сататын, саудамен және кәсіпшілікпен айналысуға куәліктер, мещандарға паспорттар беретін.
Сұрақтар мен тапсырмалар


  1. XX ғасырдың басында Шығыс Қазақстанда қандай жаңа қатынас жолдары пайда болды? Оған не себеп болды?

  2. Қандай мемлекеттермен және қалалармен Шығыс Қазақстанның сауда байланыстары болды?

  3. Аймаққа өлкедегі банк ісінің дамуы қаншалықты маңызды болды?


Дәріс 11. ХХ ғасыр басындағы өлкедегі қоғамдық өмір

1905-1907 жж. ресей революциясы кезіндегі Қазақстанда болып жатқан негізгі оқиғаларды атап өтіңіз.

Қазақстандағы петициялық қозғалыстың қатысушылары нені талап етті?

Жаңа ғасыр өлкеде тынымсыз басталды. Оған бірнеше себеп болды. Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталуы патша әкімшілігінің алдында аймақты одан әрі белсенді игеру міндеттерін қойды.

Ол мынадан корінеді: біріншіден, переселен қоры мен казачествоның пайдасына қазақтардан жерді жаппай тартып алу үрдісі жалғастырылды. Мысалы, 1904 жылы патша бұйрығымен Сібір казак әскерінің «мәңгілік меншігіне» Ертіс өзені жағалуындағы он шақырымдық алап берілді. XX ғасырдың басында Семей облысында 147 мыңға жуық жерсіз қазақ болды.



Екіншіден, өлкеден малшаруашылық шикізаты, минералдық ресурстар көптеп әкетіліп жатты. Арзанға кендер мен шахтыларды, зауыттар мен фабрикаларды сатып алып, Қазақстанның табиғи қазбаларын әкетуді шетелдіктер қолдарына алды. Үшіншіден, жұмысшыларды, оның ішінде қазақтарын қанау күшейді. Төртіншіден, патша үкіметі өлкедегі православиялық миссионерлердің жұмысын күшейтті4.

Бұл тұрғылықты халық арасында наразылықты тудырды. Бірақ, Қазақстанда жалпы және біздің аймақта халық пен билік арасында жаппай әскери қақтығыстар болмаса да, қала және ауыл тұрғындары арасында жеке толқулар болды.



  1. Өлкедегі петициялық қозғалыс. Қазақ халқының өз құқықтары үшін күресудегі өзіндік түрлерінің бірі - петициялар беру болатын5. Қазақ тұрғындары петициялар арқылы өздерінің маңызды мәселелерін шешуге тырысатын. Онда әртүрлі талаптар қойылатын: жер, дін, білім және т.б. мәселелер.

Алғашқы петициялар 1902-1903 жылдары құрастырылып, жоғары тұрған инстанцияларға жіберілді. Онда қазақ тұрғындарын христиандандыру саясатын тоқтатуға, мұсылман оқу орындары мен молдалар қызметіне жағдай жасауға талаптар қойылды. Алғашқы петициялардың бастаушылары дін қызметкерлері болды. Уақыт өте келе жағдай өзгерді. Бірінші орыс революциясы жылдарында петицияларды құрастыру бастамасы қазақ қоғамының зиялыларына өтті. Петициялардың құрастырушылары Ә.Бөкейханов, Ж.Ақпаев6, А.Байтұрсынов, К.Төгісов, Т.Нүрекенов7 және т.б. болды.

Петициялар уездік бастықтарға, әскери-губернаторларға, генерал-губернаторларға, Ішкі істер министріне, тіпті ресей императоры II Николайға да жазылатын.

Петициялар Қазақстанның әртүрлі жерлерінен жіберілетін. Отарлық өкіметке жазылған ең ірі және мазмұнды шағымдардың бірі - Қарқаралы петициясы болды. 1905 жылы шілдеде Қоянды (Ботов) жәрмеңкесінде (Қарқаралы қ. маңында) қазақ халқы өкілдерінің съезі өтті. Мұнда патшаға петиция жазылды. Оған Семей облысының Қарқаралы уезінің 42 беделді қазағы қол қойды.

Петиция телеграмма сияқты жасалды. Ол Омбыда құрастырылып, Қарқаралы қаласына поштамен жіберілді, одан 1905 жылы 22 шілдеде патшаның атына жергілікті пошта-телеграф кеңсесі арқылы жіберілді. Кейіннен оған Семей мен Ақмола облысының басқа да уездерінің қазақтары қосылды.

Мемлекеттік жоғары лауазым иелері осындай құжаттарды ұнатпайтын. Оны 1905 жылы 19 шілдеде Семей облысының әскери-губернаторының Дала генерал-губернаторына жазған хаты дәлелдейді. Онда: «қырғыз қауымдары жоғарыда айтылған петицияларды жазулары дұрыс емес» делінген.

Тек патшаның атына емес, тағы да басқаларға жазылған Қарқаралы петициясының бірнеше мәтіні болды. Петицияның көшірмелері ресейдің орталық «Сын отечества» және «Русские ведомости» газеттерінің редакцияларына да жіберілді.

Петицияның варианттарының бірі - орыс тіліне Темірғали Нүрекеновтың аудармасында ішкі істер министріне де жіберілді.

Петицияларды беру XX ғасыр басындағы Қазақстанның саяси өмірінің маңызды кезендерінің бірі болды. Онда шоғырланған түрде қазақ қоғамының өзекті мәселелері берілген. Жоғары тұрған мемлекет органдарына петициялардың жіберілуі қазақ халқының саяси жетілуін көрсетті. Ол халықтың өзінің құқығының шектелуін қорғау туралы батылдығын да білдіреді. Сапалы және білікті құрастырылған петиция қазақ халқының сана сезімінің өсуін дәлелдейді. Петиция құрастырушылары батылдық пен ұйымшылдықтың жоғары дәрежесін көрсеткен. Бұқара халықтың, оның ішінде өкіметке жазылған петицияларды ұйымдастырылған түрде беру мәселесінің басында ұлт көсемі Ә.Бөкейханов бастаған қазақ ұлттық зиялыларының ең сауатты және алдыңғы қатарлы бөлігі тұрды.

Бірақ патшалық бұл талаптарды орындамады, өйткені олар Ресей империясының отарлау саясатына сай келмеді.

Сонымен қатар петициялық қозғалыстың ауқымы патша үкіметін қазақ халқының пікірімен санасуға мәжбүр етіп, қазақтарды I және II Ресей Мемлекеттік Думаларының құрамына сайлануға рұқсат берудегі оң рөлді ойнады.



  1. Мемлекеттік Думаға сайлау. 1905 жылы тамызда патша II Николай империяның заң жөніндегі кеңесші және өкілетті органы - Мемлекеттік Думаны құру туралы манифест жариялады. Алғашында заң жөнінде кеңес беретін функциялары бар өкілетті орган (Булыгин думасы сияқты) құру керек деп болжамдалған. Бірақ Ресей империясының кейбір халықтары сайлау құқығынан айырылатын. Жіргілікті өкіметке сайлау кампаниясының ең басында-ақ қазақтарды «көшпелі және кезбе бұратана» ретінде сайлауға кіргізбеу туралы ерекше инструкция берілген. Бұл қазақтар арасында наразылықты тудырды. Өлкенің жергілікті тұрғындары олардың өкілдерін Ресей мемлекеттік Думасына кіргізуге талап етті. Империяның бүкіл аймақтарында өткен қарсыластық толқыны патша үкіметін кейбір шегіністерге баруға, сонымен қатар, Мемлекеттік Думада жергілікті халықтардың өкілдеріне орын беруге мәжбүр етті. 1905 жылы 17 қазанда патша II Николай жаңа Манифест жариялауға мәжбүр болды. Онда ол шектеулі заң шығаратын құқығы бар парламенттің төменгі палатасы - Мемлекеттік думаның құрылуын декларациялады. Дума алдымен Мемлекеттік кеңесте талқыланып, патшамен бекітілетін заң жобаларын қарастыратын.

1906 жылы I Мемлекеттік думаның құрамына Қазақстаннан тоғыз депутат сайланды: төртеуі қазақ халқынан және бесеуі – орыстардан. Семей облысының қазақтарының мүддесін Әлихан Бөкейханов қорғайтын болды.

II Мемлекеттік Думада Қазақстаннан енді 13 депутат болды, соның ішінде қазақ халқынан – бесеу. Семей облысының жергілікті тұрғындарынан Темірғали Нүрекенов кірді. Онымен бірге Семей облысынан Думаға депутат мандатын бұрын саяси жер аударылған, жергілікті тұрғындардың шаруашылық өмірі мен тарихына арналған көрнекті зерттеулердің авторы Н.Я.Коншин алды.

Казак тұрғындары арасынан да депутаттыққа сайлау өтті. Сібір казак әскерінен семейлік И.И.Лаптев сайланды.

Қазақ депутаттары Ресейдің басқа да ұлттық аймақтарының өкілдерімен тізе қосып, шаруаларды Қазақстанға қоныс аударуды тежеуге тырысты. II Мемлекеттік Думаның отырысының бірінде Бақытжан Қаратаев қазақтардың өміріне қоныс аудару саясатының теріс ықпалы туралы баяндама жасады. Өзінің баяндамасында ол: «Сіздер түсінгендеріңіз жөн, қоныс аударған шаруаларға жерді босату үшін қырғыздарды тұрғылықты жерінен ғана емес, өздерінің үйлерінен де қуды» деп айтты.

Өз халқының құқықтарын қорғау үшін қазақ депутаттарының ұжым болып қарсы шыққан кездері де болды. II Мемлекеттік Думаның депуттары Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Т.Нүрекенов, Ш.Қосшығұлов 1907 жылы наурызда өздерінің мәлімдемелерінде: «Барлық көшпенділерде мал шаруашылығы - дәулеттің жалғыз көзі, көшу – қырғыздардың мейрамды және көңіл көтеретін демалу әдісі емес, ол – ауыр еңбек, табиғаттың құбылуымен байланысты, өмір сүрудің мақсаты» деп жазды.

Алғашқы Мемлекеттік Дума мүшелерінің белсенділігі мен олар қойған сұрақтардың маңыздылығы императорға жақпай, Ресейдің I Мемлекеттік Думасының депутаттары тек 73 күн ғана мәжілістесті. II Николай, олардың бастамаларына риза болмай Думаны тарату және жаңа сайлауды жариялау туралы жарлық шығарды. II Дума да ұзақ отырған жоқ: бәрі-ақ 104 күн.

Бірінші орыс революциясын басқаннан кейін патшалық қатаң жазалау шараларына көшті. Жергілікті тұрғындар жағынан мүмкін болатын акцияларды болдырмай тастау үшін 1906 жылы 6 қаңтарда патша жарлығымен Ақмола мен Семей облыстарының бүкіл аумағында әскери жағдай енгізілді.

1907 жылы реакциялық мазмұндағы жаңа сайлау заңы шықты. Енді біраз ұлттардың өкілдері, оның ішінде қазақтар да, сайлау құқықтарынан айырылды. Сондықтан 1907-1917 жылдар аралығында қазақстар Ресейдің Мемлекеттік Думасының құрамына сайланған жоқ. Бұл шара қазақ халқының наразылығын тудырды.

1906 жылы Ә.Бөкейханов II Мемлекеттік Думаның таратылуына қарсы бағытталған Выборг үндеуіне8 қол қойды. Отаршылдыққа қарсы қызмет жасағаны үшін Әлихан Бөкейханов Семей мен Павлодарда түрмеге отырып шықты.




  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет