2. «Коммуникантты өзiмсiну (интимизация)» әдiсi газет бетiнде негiзiнен есiмдiктердiң, тәуелдiк, жiктiк жалғаудың көмегiмен берiледi.
Жалпы газет тiлiнде I жақтың көпше түрiндегi есiмдiктi, тәуелдiк және жiктiк жалғауды газет мәтiнiнiң авторы оқырмандарға өзiнiң жақындығын, көзқарастарының бiр екендiгiн көрсету үшiн ұтымды қолданады.
«Қалтасы тесiк қоғам мұны қалай жасатты» деген сауал әрбiр кеудеде тұрғаны айқын. Құдайға шүкiр, тiлге деген ықылас, ынтасы бөлек жас достарымыз бар екен. Бiз соларға арқа сүйеп отырмыз.
(Егемен Қазақстан, 21 қараша, 1996 ж.)
Келтiрiлген мысалда мақала авторының оқырмандарды өзiмсiну тактикасы тек бiз есiмдiгi арқылы ғана емес достарымыз, деген сөздегi тәуелдiк жалғаудың көмегiмен де берiлiп отыр.
«Жындының айтқаны емес, сандырағы келедi» – деген сөздi тауып айтқан қазақ атам қандай дана едi. «Доживем до понедельника» апталығының 1996 жылғы мамырдың 24 күнгi санында жарық көрген «В чем опасность трайбализма» атты мақаланы оқығанда менiң есiме аты шулы арандатушы Жириновскийдiң Иран мен Түркияны және тюбетейкаларды (бiздер туралы айтып отыр) бiр-бiрiне қарсы қойып, әлсiреген жағына жәрдем берiп, үнемi бiзге жүгiнетiндей етiп ұстауымыз керек деген сөзi бiрден түсе кеттi. «Ауыз өзiнiкi ғой» деп оған мән бермей жүре берiппiз. Сөйтсек Жириновский «сандырағының» мазмұны тереңде екен... Сондықтан әрбiр айтар сөзiмiздi таразыға салып безбендеп көрсек болмай ма? Қазiр бiзге бiрлiгiмiздi, ынтымағымызды көрсететiн тәрбиелiк мәнi бар еңбектер керек: «Бөлiнгендi бөрi жейдi» Рушылдықты қоздырып жүргендер – Қазақ халқының жауы, Жириновский сықылдылардың қолшоқпар жандайшаптары дегiмiз келедi. Дұшпандарымыздың арандатуларынан сақ болғанымыз жөн.
(Қазақ Елi, 5 шiлде, 1996 ж.)
Бұл үзiндiде мақала авторы оқырмандар қауымын өзiмсiну әдiсiн бiздер туралы айтып отыр, мән бермей жүре берiппiз, әрбiр айтар сөзiмiздi таразыға салып, безбендеп көрсек болмай ма?, бiзге бiрлiгiмiздi, ынтымағымызды көрсететiн тәрбиелiк мәнi бар еңбектер керек, дұшпандарымыздың арандатуынан сақ болғанымыз жөн деген сөз тiркестерiнiң iшiндегi есiмдiктер мен тәуелдiк, жiктiк жалғаулардың көмегi арқылы берiп отыр.
Бұл бүгiн бiздi, жалпы қазақты ойландыруға тиiстi мәселе. Әсiресе болашағымыздың кескiн-келбетiн қазiргi жастарымызға қарап, бiлуiмiзге болады десек, студент жастардың рухани дүниесi -кезектегi өткiр мәселе.
(Алматы Ақшамы, 21 қазан, 1996 ж.)
Бұл үзiндiде өзiмсiну әдiсi «бiздi», «болашағымызды»», «жастарымызға» деген сөздер арқылы берiлген.
Алматы әсем қала. «Шаңырақ-2» соның бiр ауданы. Бiзге кiм көңiл бөледi? Бiз де халық емеспiз бе? ... Әлде санаттан шығарып тастадыңыздар ма?
(Жас Алаш, 27 қазан, 1999 ж.)
Үзiндiде мақала авторы өзiн мақалада әңгiмеленген халықтың тұрмыстық әл ауқатының ауыр екендiгiн жақсы түсiнетiндiгiн, жанашырлығын есiмдiктер арқылы берiп отыр.
Ендеше, бiз жаңа парламентке «қазақша сөйлеңiздер» деген талап қояйық. Қағаз жүзiндегi өтiрiк «мемлекеттiк» мәртебемен қашанға жүремiз?
(Ана тiлi, 4 қараша, 1999 ж.)
Мақаланың авторы бұл жерде бүкiл қазақ халқын толғандырып жүрген тiл мәселесiне көзқарасын бiлдiре отырып, қазақ тiлiнiң мәртебесiн арттырудың тағы бiр жолын көрсетуге тырысады.
Бүгiнгi таңда қайсы елде болмасын қылмыс өршiп тұр. Бiздiң елiмiзде де қылмыстың алуан түрi туындап, асқынып бара жатқаны байқалады.
(Қазақ әдебиетi, 18 ақпан, 2000 ж.)
Үзiндiде барлық елдердiң хал жағдайына тән қазiргi қылмыстық әрекеттiң өз елiнде де орын алып, отырғандығын айта отырып, мақала авторы «бiздiң елiмiзде» деген сөз тiркесi арқылы оқырман қауымын өзiмсiнiп, ел жағдайы бүкiл халыққа ортақ екенiн бiлдiруге тырысқан.
Қазақ газеттерiнде жарияланған көптеген мақалалардың авторлары коммуникативтiк мақсатқа жетудiң осы бiр әдiсiн (тактикасын) үнемдi қолданады, бұл әдiс - мәтiннiң прагматикалық функциясын айқындайтын өте тиiмдi әдiс. «Коммуникантты өзiмсiну» (интимизация) әдiсiн «Қазақ әдебиетi», «Ана тiлi», «ZAMAN Қазақстан», «Қазақ Елi» газеттерi ұтымды қолданатындығы анықталды. Бұл газет тiлшiлерiнiң оқырмандармен тiкелей диалогқа баруға, оқырманмен арақашықтығын азайтуға тырысудың нәтижесi деуге болады. Орыс тiлi бiлiмiнде тiлдiк бiрлiктердi қолданудағы интимизация әдiсi Рао Суджата (89), Б.Райымбекованың (88) диссертациялық жұмыстарында аталып өтiлген.
3. Фактiлердi қарама-қарсы қою тактикасы.
Тiлдiк қарым-қатынас барысында коммуникативтiк мақсатқа жетудiң стратегиясына сәйкес қолданылатын, прагматикалық тиiмдiлiгi зор тактикалардың бiрi – «Фактiлердi қарама-қарсы қою әдiсi». Бұл әдiстiң ерекшелiгiне келетiн болсақ, әсер ету мүмкiндiгiн былай қойғанның өзiнде, жеткiзiлген ойды нақтылы фактiлер арқылы есте сақтап, белгiлi бiр пiкiр тұжырымдап, соған қатысты әрекет жасауға ықпал етедi.
Қазiргi қоғамдағы әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстер тек белгiлi бiр адамдар арасында ғана емес ұжымдардың, қоғамдардың, тiптi нақтылы бiр елдер мен мемлекеттердiң арасындағы қарама қайшылықтардың бар екендiгiн көрсетiп отыр. Газет тiлшiлерi өз ойын осындай нақтылы фактiлердi бiр-бiрiне қарсы қойып, салыстыра отырып беру әдiсiн шебер қолданады. Бұл әдiстiң барысында мәтiн көлемiнде газет тiлшiсiнiң негiзгi мақсаты бiрде жасырын берiлсе, бiрде ашық түрде берiледi.
Оқырман газеттегi мақаланы оқи отырып, жеткiзiлген ақпараттың өз көмегiмен нақтылы бiр пiкiрге келiп, дәл сол жағдайға байланысты өзiнiң одан бұрынғы көзқарасын өзгертуi мүмкiн. Дәл осылай болғанда газет мақаласының авторы мұндай коммуникативтiк тактиканы қолдана отырып, газет мақаласы арқылы алға қойған коммуникативтiк мақсатына қол жеткiзедi.
Әрине, бұл жерде де газет тiлшiсi мен оқырман арасындағы байланыс, олардың бiлiм деңгейi, өмiрлiк тәжiрибесi, жеткiзiлген ақпарат туралы хабардарлығы, жас ерекшелiгi, тiптi кей жағдайда оқырмандардың қоршаған ортасы да өзiндiк ықпалын тигiзедi. Мысалы, оқырман салыстырыла берiлген, қарама-қарсы қойылған фактiнiң негiзгi мәнiн бiлмесе, газет тiлшiсiнiң интенсиясын (ниетiн) да түсiне алмайды. Ал керiсiнше болған жағдайда газет тiлшiсi фактiлердi қарама-қарсы қойып беру арқылы негiзгi ойын жинақы, түсiнiктi етiп жеткiзедi.
Бұл әдiстiң мәнiн ашып көрсету мақсатында басқа тактикалар сияқты негiзгi айтылатын ойды жеткiзудiң жолын көрсету үшiн бiз мысалдарды бiрде сөйлем түрiнде, бiрде абзац көлемiнде, бiрде мәтiн көлемiнде берiп отырмыз. Мұндағы мақсатымыз «фактiнi қарама-қарсы қою» әдiсiнiң бүкiл мәтiнге тән контексiн түсiнуге ықпал ету.
Қарағанды облысының әкiмi К.МҰХАМЕДЖАНОВ:
«... ӘРБIР ҰШЫРЫМ ҚҰНЫНАН РЕСЕЙДIҢ АЛТАЙ ӨЛКЕСI 6% ПАЙДА КӨРЕДI. АЛ МЕНIҢ ӨЛКЕМЕ ЕШТЕҢЕ БҰЙЫРМАЙДЫ. ӨКIНIШТI ...»
(Жас Алаш, 4 қараша, 1999 ж.)
Бұл жерде мақала авторы Қарағанды облысы әкiмiнiң сөзi арқылы ғарыш кемелерiн ұшырудың Ресей мен Қазақстанға қаншалықты пайдалы немесе зиянды екенiн ашық жеткiзiп отыр.
Жалпы қазақ тiл бiлiмiнде прагматикаға негiзделген коммуникативтiк мақсат, коммуникативтiк стратегия, коммуникативтiк тактика мәселелерiне байланысты зерттеу кезегiн күтiп тұрған өзектi тақырыптар көп.
Өзін -өзі бақылау сұрақтары:
1. Коммуникативтік мақсат дегеніміз не?
2. Тілдік қарым-қатынастың мақсатқа жетуі үшін қандай тактикалар қолданылады?
3. Абырой беделді алға тарту тактикасының прагматикалық функциясы қандай?
4. Коммуникативтік өзімсіну әдісінің прагматикалық қызметі қандай?
5. Фактілерді қарама қарсы қоя тактикасының прагматикалық функциясы қандай?
2-Дәріс.
Тақырыбы: Прагмалингвистиканың зерттеу нысаны, мақсаттары, негізгі ұғымдары, мәселелері. Қазақ прагмалингвистикасының зерттелу жайы.
Газет тiлiнде прагматикалық функция атқаратын тiлдiк құралдардың бiрi – бағалауыш лексика. Газеттiк бағалауыш лексика – баспасөз тiлiнiң ең маңызды, ең үлкен бөлiмi. Бағалауыш лексика терминiн тiлшi ғалымдар А.Алдашева, О.Бүркiтов, Б.Момынова, т.б. газет тiлiнiң ерекшелiктерiне қатысты қолданған.
Бағалауыш лексиканың эмоциялы-экспрессивтiк мағынасы прагматикалық қызметiне сай қазiргi кезеңде күрделене түскен. Бұл құбылыс газет мәтiндерiнде айрықша байқалады. Өйткенi газет өзiнiң қоғамдық рөлiне сай бағалауыш лексиканы газет оқырмандарының iс-әрекетiне ықпал ету үшiн үнемдi қолданады. Газеттiң осы жан жақты, ықпал ету мүмкiндiгi мол лексикасы ГПС-тiң сөздiк қорының заттар мен құбылыстарды, түсiнiктердi әлеуметтiк жақтан бағалау ерекшелiгiне деген қажеттiлiгiн қанағаттандырып, көбiнесе газетте үгiт-насихат жүргiзудiң құралы болып табылады.
Бағалауыш лексиканың мағынасы екi оксиологиялық полюстердi – «жақсы/жаманды» қарсы қоюға негiзделген. Бұл құбылыс жайында ғалымдар Н.Д.Арутюнова, Е.М.Вольф, М.Оразов, О.С.Песельник, Л.Н.Горелова , Б.Хасанов, З.К.Темиргазина құнды пiкiрлер айтқан.
Тiлдiң бағалауыш семантикасы Е.М.Вольфтың монографиясында толық зерттелген. Тiлде бағалауыш құрылымның бiрнеше түрлерi болатындығын Е.М.Вольф португалия және орыс тiлдерiне байланысты ашып көрсетедi. Е.М.Вольф бағаның сөз мағынасында бағалауыш аспектi ретiнде тiлдiң әр кезеңдегi бiрлiктерiнде кездесетiнiн айтады.
Баға семантикалық түсiнiк ретiнде тiлдiк құрылымның бағалауыш аспектiлiк мәнiн айқындайды. Бағалауыш қатынастар тiлде семантикалық құрылымдармен бекiтiледi. Қазақ тiлiнде бағалауыш мүмкiндiгi бар лексиканың мол қоры бар.
Бiр сөйлемнiң өзi де бағалауыш қасиетке ие бола алады: Ол – тәжiрибелi шебер – құптау, Сен не iстеп қойдың! – кiнәлау, немесе Ол – нағыз ұстаз – берiлетiн баға «жақсы», Ол – адам емес, ол аң сияқты – берiлетiн баға «жаман». Баға беру жағынан қарастырсақ, «жақсы» «жаман» түсiнiгi жоқ болатын тiлдiң кездеспейтiндiгiне көз жеткiземiз.
Бағалауыш предикат негiзгi екi түрлi мәнге ие болады. Олар «жақсы», және «жаман», «+» және «-». Бiр қарағанда «жақсы» немесе «жаман» белгiсi бағалауыш сөздiң құрамында оның семантикалық компонентi ретiнде әрқашан болуы керек сияқты. Мысалы: әдемi, үздiк, керемет (+), сүйiкiмсiз, оңбаған (-) бағаға ие болады. Бiрақ баға бере алатын көптеген сөздердiң белгiсi айқындалмаған. Мысалы қиын, жеңiл, маңызды сөздерiнiң белгiсi «жақсы» ма, «жаман» ба? Егер сөз тiркесi контексте тұрмаса, оларға бiрден «+» немесе «-» белгiсiн беру мүмкiн болмайды. Мұндай жағдайда бағалауыш белгi айтылатын ойды толық жеткiзгенде ғана айқындалады. «Жақсы» деген баға нормаға, өлшемге сай дегендi бiлдiрсе, «жаман» нормадан ауытқуды бiлдiредi.
Дегенмен әр тiл бағалауыш мән беру қабiлетiне қарай әр түрлi болып келедi. Бағаның субъектiсi – баға берушi болса, бағаның объектiсi – баға берiлетiн адам, зат, оқиға, т.б. Бағаның субъектiсi мен объектiсi көбiнесе сезу, түйсiну сияқты аксиологиялық предикаттар арқылы байланысады.
Семантика мен прагматиканың арақатысы мен өзара ықпалы ең өзектi мәселе болып отырған бағалауыш ерекшелiктiң мәнiн зерттеу қызығушылық тудырып отыр. Тiлшi ғалымдар Ю.Д.Апресян, К.Изард, Л.Г.Бабенконың еңбектерi бағалауыш лексиканың эмоциялық ерекшелiктерiн ашуға негiзделген.
Баға беруде семантикалық және прагматикалық аспектiлердi бөлуге болмайды, семантика (тiлдiк бiрлiктердiң өзiндiк мәнi) мен прагматикалық (коммуникация процесiн iске асыру жағдайы) бағаның ұқсастығы бар.
Газет мәтiнiндегi баға тәуелсiз болмайды. Ол мәтiннен суреттеу және пiкiр айту құрылымының құрамына енедi. Баға тiлдiк құралдың баға беру объектiлерiнiң орнын көрсетiп, олардың өзара байланысын айқындап бередi. Баға айтылатын, жазылатын ойдың мазмұнына коммуникативтiк процестiң прагматикасымен тығыз байланыста болатын ерекше реңк қосады. Кез-келген баға тiлдiк құралда бағалауыш қасиет бар екендiгiн дәлелдейдi.
Баға жайында сөз болғанда тiлдiк коммуникацияда алдыңғы орынға адам факторы шығады. Бағаның мәнi адамдарға бағытталса, немесе сол адамдардың өмiрiмен байланысты болса тiптен арта түседi. Тiлдiк коммуникацияға қатысушылардың әрқайсысына қатысты болатын баға өте маңызды рөл атқарады.
Белгiлi бiр жағдайға баға бергенде тiлдiк коммуникация процесiне қойылатын әлеуметтiк-психологиялық талаптар да бар. Басқаша айтқанда бағалауыш сөздiң мағынасы тек семантикалық қана емес, прагматикалық ерекшелiктермен де айқындалады. Прагматикалық аспектiң баға берудегi рөлi өте маңызды.
Бағаның объектiсiмен қатысын зерттеу де өзектi мәселе. Бұл құбылыс Н.Д.Арутюнованың еңбегiнде қаралған. Бағалауыш құралды таңдау баға объектiсiнiң «тiлдiк әлемде» алатын орнымен айқындалады. Егер коммуникацияға қатысушылардың бiрi бағаның объектiсi болса, онда баға ерекше прагматикалық мәнге ие болады.
Газеттiк бағалауыш лексика – газет сөздiгiнiң ең маңызды және ең iрi қорының бiрi. Белгiлi бiр сөздi әр түрлi контекстуалды мағынада қолдана беру нәтижесiнде жаңа мағыналы сөз тууы, не сол сөзге үстеме реңк берiлуi мүмкiн. ГПС-те белгiлi бiр сөздiң контекстi қолданымнан жаңа мағынаға өтетiндiгi туралы мысалдар көп.
Г.Я.Солганик бағалауыш белгi бойынша газеттiк лексиканы жағымды бағалауыш, жағымсыз бағалауыш және модальды бағалауыш лексика деп үш топқа бөлуге болатындығын айтқан. Лексиканы осылай саралау ГПС-тiң ерекшелiгi. Басқа стильдегi лексиканы бiз дәл осылай бағалауыш белгi бойынша нақтылап саралай алмаймыз.
ГПС-те лексиканы жағымды, жағымсыз деп бөлуiмiздiң өзi тiлдiң әлеуметтiк бағалауыш принциптерiне тiкелей байланысты. Жағымды және жағымсыз бағалауыш лексикамен қатар модальды бағалауыш лексикаға бөлу де публицистикадағы бағалауыш фактор ықпалының жан-жақты, әрi күрделi екендiгiмен айқындалады.
Жағымсыз бағалауыш лексика газет беттерiнде жиi кездеседi. Газет мәтiндерiнде жағымсыз бағалауыш лексиканың көп болуына тiлдiк құралдарды пайдалануға әсер ететiн экстралингвистикалық факторлар себеп болады. Бұл себептерге газет тiлшiсiнiң коммуникативтiк мақсаты, коммуникативтiк жағдаят, адресат, адресаттың мәтiндi оқып түсiнуi, ең бастысы мақала жазылған кездегi экономикалық, әлеуметтiк факторлар жатады. Қазiргi қоғамда құндылықтар бағасының жылдам өзгеруiне байланысты газет тiлшiлерi арасында өз ойын анық жеткiзу үшiн жағымсыз бағалауыш лексиканы жиi қолдану үрдiсi бар. Бұл – газет тiлшiлерiне берiлген публицистикалық еркiндiктiң де нәтижесi.
Газеттiк жағымсыз бағалауыш лексика құрамында аңдар өмiрiмен (көбiнесе жыртқыштар), олардың өмiр сүру үшiн күресiмен, сондай-ақ аңшылық кәсiпке байланысты сөздер көп кездеседi. Бұл топтағы сөздердi ГПС-те тек жағымсыз (пейоративтiк) құрал ретiнде қолданатындығы байқалады. Сондай-ақ мұндай сөздердi ГПС-ке енгiзудiң өзiнде образды - символдық ерекшелiк байқалады. Мысалы акула (бизнестiң үлкендi-кiшiлi акулалары), қақпан (алданып, өтiрiктiң қақпанына түстi), құзғын (құзғындарға тойтарыс берiлдi).
Газет тiлшiсi түпкiлiктi мақсатқа жету үшiн коммуниканттардың аң, құс, жыртқыштарға байланысты қалыптасқан дүниетанымына сүйене отырып, тiлдiң бағалауыш мүмкiндiгiн шебер қолданады. Бұл - қазақ газеттерiнде жиi кездесетiн құбылыс. Қазақтың ақын-жыраулары, жазушылар мен шешендерi оны шебер қолданғаны белгiлi. Бiз ондай бағалауыш лексиканы газет мәтiнi тiлiнiң прагматикалық функциясын айқындау мақсатында даралап отырмыз.
Келтiрiлген үзiндiлерде мақала авторлары аң, құс, жыртқыштардың атауларына байланысты қалыптасқан ұғымдарға негiз артып, халық санасында қалыптасқан дүниетанымға сүйенiп, қазақ тiлiнiң бағалауыш мүмкiндiгiн шебер қолданған. Бұл жерде айта кетерiмiз бiз қазақ әдебиетi теориясы мен стилистикасындағыдай әр сөздiң метафора, теңеу, эпитетке қатыстылығын ашып көрсетудi мақсат еткен жоқпыз.
Газет мәтiнiнде бағалауыш лексикада жағымды, жағымсыз бағалауыш лексикадан басқа өте күрделi, семантикалық құрылымы екi жақты да қамтитын модальды бағалауыш сөздер де бар екендiгiн айттық. Сөздiң жағымды, жағымсыз бағалауын ашық көрсетпесе де, модальды бағалауыш сөздiң астарында баға беру мақсаты байқалады. Бұл сөздердiң баға беру ерекшелiгi тек сол сөздердiң тiкелей өзiне емес, сол сөз байланысындағы мәселеге, мағынаға, мәнге сай бiлiнiп қалады. Мысалы қолдады сөзiн алсақ, оны тек жағымды немесе жағымсыз типтi бағалауыш ерекшелiгi бар сөзге жатқызуға болмайды. Бiрақ оның бағалауыш ерекшелiгi мүлде басқаша. Қолдады деген сөздегi баға осы сөздiң тiкелей мағынасына емес, кiмнiң, қандай адамды (iстi) қолдағандығына қарай берiледi. Сөйтiп қолдады сияқты сөздерде бағалауыш ерекшелiк бар, бiрақ олардың бағалауыш мүмкiндiгi жанама, модальды түрде болып келедi. Сөздiң модальды бағалауыш бояуға ие болуы – сөз бен контекстiң өзара тығыз байланысының, сөздiң белгiлi бiр контекске бекiтiлуiнiң нәтижесi.
Газет мәтiнi адамдар арасында тiлдiк қарым-қатынас жасауға ықпал етудiң барысында контекске негiз артады. Олай болса, бағалауыш лексиканың даму жолы: контекстi қолданым – модальдық бояу – жағымды, не жағымсыз бағалауыш бояу.
Газеттiк бағалауыш лексика газет сөздiгiнiң әрi сапалық, әрi сандық жағынан ықпал ету мүмкiндiгi мол маңызды қабаты болып табылады. Ол ГПС жүйесiнiң бағалауыш мәнге деген қажеттiлiгiн қамтамасыз етiп, оның негiзiн құрайды және газет лексикасының ерекшелiгiн айқындайды. Газет лексикасының мәнiн ашып түсiндiру бiрiншiден, газеттiң қоғамдық деңгейiне, екiншiден, журналистiң лингвистикалық дайындығына, үшiншiден, жарияланатын мақаланың жанрлық-стильдiк ерекшелiгiне байланысты. Басқаша айтқанда, сөздiң мазмұнын жеткiзетiн орта, сол ортадағы сөздiң контексi басты ерекшелiк болып табылады.
Газет тiлшiсi бағалауыш мәнге ие жаңа сөздiң, терминнiң мазмұнын сызықша арқылы аудармасын беру, немесе сөздiң мазмұнын жақшаға алып көрсету арқылы бередi. Одан әрi сөздiң контекстiлiк мәнi сөйлем арқылы берiледi. Сөздiң контекстiк мәнiн абзац арқылы көрсету өте сирек кездеседi. Ал бiр жаңа сөздiң, терминнiң мәнiн бүкiл бiр мәтiн бойынша түсiндiрiп айқындау жиi кездесетiн құбылыс. Әсiресе мақаланың тақырыпатында кездесетiн жаңа сөздiң контекстiк мәнiн түсiндiруде бұл әдiс кеңiнен қолданылады. Сөйлемде қолданылған сөздiң контекстiк мәнiн жақша арқылы ашып көрсетуге болады.
Осында сөз боп отырған қылмыстар мен қылмыскердiң бәрiнiң жоғары жақта «шатырлары» бар. Олардың қорғаушылары лауазымды чиновниктерден, құқық қорғау органдарының беделдi қызметкерлерiнен, депутаттардан (көкесi, жездесi, бажасы, курстасы, досы, жерлесi боп келетiн) тұрады.
(Дат, 1 шiлде, 1998 ж.)
Бұл сөйлемде жақша iшiнде берiлген сөздер бiрiншi сөйлемдегi бағалауыш мәндегi «шатырлары» деген сөздiң контекстiк мәнiн айқындап тұр.
Газет тiлшiлерi белгiлi бiр құбылысқа баға бергенде – жақсы/жаман сөздерiн өте сирек қолданады. Бұлай болудың себебi – журналистiң алдында хабар жеткiзу мен үгiттеуден басқа тағы бiр маңызды мiндет – белгiлi бiр оқиғаға, құбылысқа деген өз көзқарасын бiлдiру кезiнде мәтiннiң бағалауыш мақсаты анық байқалмауын қамтамасыз ету мақсаты тұрады. Олай болмағанда оқырманның бойында бағаға, пiкiрге қарсы көзқарас қалыптасуы мүмкiн. Сондықтан журналист кез-келген оқиға мен құбылыстарға ашық баға бермеуге тырысады.
Газеттiң бұл мiндетiн шешуге семантикалық және прагматикалық информацияның тығыз ұштасуы көмектеседi. Осыған орай сыбайлас және қолтығына су бүркушi сөздерiне тоқталып көрейiк. Екi мағынаның басты компонентi – көмекшi. Соған қарамастан жоғарыда аталған сөз бен сөз тiркесi сөйлеушiнiң сөз болып тұрған адамға жағымсыз көзқараста екендiгiн бiлдiредi. Дәл осындай жағдайдағы «бастаушы», «жанжал шығарушы», «мұрындық болушы» сөздерiн алып көрейiк. Бiрiншi лексеманың прагматикалық мәнi семантикалық мәнiмен шектеледi. Екiншi лексема – жағымсыз бағаны бiлдiредi, ал үшiншiсi – жағымды баға бередi.
Дегенмен осындай тiлдiк бiрлiктердiң прагматикалық мәнi подтекстiң деңгейiмен айқындалады. Бiрақ ол (подтекст) барлық оқырманға түсiнiктi бола бермеуi мүмкiн. Оқырманның хабардар болу деңгейiне сай белгiлi бiр ақпарат не семантикалық, не прагматикалық деңгейде түсiндiрiлуi мүмкiн.
Сөздiң жасырын мағынасы неғұрлым тереңде жатса, тiлдiк бiрлiктердiң прагматикалық мақсатын анықтау күрделi болады. Прагматиканың осындай ерекшелiгi газет үшiн өте құнды нәрсе. Шебер журналистке оқырманның сезiмiне жол тауып, ақпараттың бағасын түсiнуiне бағыт сiлтеу қиынға соқпайды.
Жасырын түрде прагматикалық ақпарат берудiң негiзгi көзi – сөздiң екiншi мағынасы. Семантикалық ерекшелiк сөздiң ауыспалы, фразеологиялық байланыстағы, құрылымдық жағынан бағыныңқы мағынасына қарағанда негiзгi мағынасында басым. Керiсiнше ауыспалы мағынадағы сөз бен сөз тiркесiнде таза прагматикалық ерекшелiк басым болып келедi.
Дәл осындай заңдылықты синтаксис және стилистика саласынан байқауға болады. Сөйлемдегi сөздердiң дағдылы тәртiбiн өзгерту, ой екпiнiн түсiру прагматикалық функция атқарады. Мысалы, Ол шылым шегудi қойды сөйлемiн және Ол қойды шылым шегудi сөйлемдерiн салыстырсақ, сөздердiң дағдылы орын тәртiбi өзгерген екiншi сөйлемде бағалауыш ерекшелiк бiрiншi сөйлемге қарағанда басым.
Прагматикалық бағалауыш ерекшелiктi қабылдаудың маңызды факторы – адресаттың бiлiм деңгейi, өмiрлiк тәжiрибесi, сөздiң ауыспалы мағынасын және сол сөздiң бойындағы жасырын бағалауыш қасиеттi ұға бiлуi.
Бiрақ ойды хабарлаудың басты мақсатына сәйкес газет тiлiнiң негiзгi қызметiнiң белгiлi бiр түрi басым болып келедi. Газеттегi тiлдiк элементтердiң өзiндiк ерекшелiгi тiлдiк элементтiң бiр мағыналылықтан гөрi көп мағыналық қасиетiмен, әсiресе сөздiң көбiнесе астарлы мағынасында қолданылуына тiкелей байланысты.
«Тағы да қармаққа шабақтар iлiгiп, ал сансыз тауарды вагон-вагонмен әкелетiн тiрегi күштi «шортандардың» қылшығы да қисаяр емес»
(Егемен Қазақстан, 27 наурыз, 1997 ж.)
деген сөйлемдегi шабақтар, шортандардың, қылшығы да қисаяр емес сөздер мен сөз тiркестерiнiң астарлы мәнiн қолдана отырып, журналист газет тiлiндегi сөздердің бағалауыш ерекшелiктерiн шебер қолданған.
Газет мәтiндерiндегi тiлдiң бағалауыш мүмкiндiгiн қолдану ерекшелiктерiн қарастырғанда ең алдымен газет тiлшiлерiнiң жалпы тiл дұрыстығына, бермек әсерiне дәл түсетiн сөздi iздеуге үлкен көңiл бөлетiндiгi анықталды. Газет тiлшiлерi үшiн ең маңыздысы да, қиыны да осы. Демек журналистiң сөз таңдауының бiр ұшығы шеберлiкке барып тiреледi.
Тiлшi ғалым Қ.Ш. Шаяхметов: «Әсердiң орташылығы да, әсерленiп күшеюi де, тұқыртылып құлдыратылуы да – сөз қолданысты даралай өңдеудiң, таңдау мен талғамның еншiсi» дей келiп, «Балықтың жаны суда» екендiгiндей, сөздiң жаны мәтiн iшiнде. Әбден баптап, қажет шартын түгендеген кезде түйiршiгiне дейiн құлпырып шыға келедi» (203.75-76) дейдi. Бiз ғалымның сөздi мағынасына сай даралап, таңдап, шебер қолдана бiлудiң ерекшелiгi жайлы айтқан құнды пiкiрiне қосыла отырып, сөз қолдана бiлу газет тiлшiлерiнiң шеберлiгiн айқындайды демекпiз.
Бiр нәрсенi, құбылысты iс-қимылды дәл және әсерлi сипаттайтын сөздi тап басып қолдану – журналист үшiн ең басты мiндет. Газет тiлшiлерi көбiнесе коммуникативтiк мақсатқа жету үшiн адамдар санасында сахна өнерiне байланысты қалыптасқан бағалауыш лексиканы жиi қолданатындығы байқалады.
Сөздiң прагматикалық зонасында коннотация, басқаша айтқанда, сөйлеушi, жазушы белгiлi бiр сөз негiзiнде ұғынатын мәдени пiкiр мен дәстүрдi айқындайтын ассоциация ерекше орын алады. Тiлдiк бiрлiктiң бағалауыш қасиетi сөздiң семантикалық мағынасының емес, коннотациялық мағынасының нәтижесi.
Газет мақаласын прагматика жағынан түрлендiру процесiнде коннотацияның маңызы қандай деген сұрақтың жауабын тiлдiк коннотацияның өзiне тән ерекшелiктерiнен iздеу керек. Коннотация сөздiң лексикалық мағынасынан тысқары тұрып-ақ, сөз болып отырған затқа, жағдайға, оқиғаға белгiлi бiр бағалауыш образ бередi, сөйтiп арнайы бағалауыш сөз немесе анықтама айтпай-ақ бағаны тиiмдi беруге ықпал етедi.
Қорыта айтқанда газеттiң бағалауыш лексикасы – газет сөздiгi қорының әрi сандық, әрi сапалық жақтан ықпал ете алатын ең маңызды бөлiгi. Ол бағалауыш мүмкiндiкке деген қажеттiлiктi қанағаттандыра отырып, ГПС-тегi барлық лексикалық жүйенiң негiзiн қалайды. Қазақ газеттерiндегi бағалауыш лексика көбiнесе газет тiлiнiң лексикалық ерекшелiгiн айқындай отырып, прагматикалық функция атқарады.
Бағалауыш мүмкiндiктi зерттеу бағаның тiлдiк жүйенiң барлық саласын қамтитындығын көрсетедi. Мәтiннiң бағалауыш аспектiсi морфология, синтаксис, лексика сияқты тiлдiң барлық деңгейлерiнен құралады.
Бiздiң мақсатымыз жұмысымыздың тақырыбына сәйкес газет тiлшiлерiнiң тiлдiк бiрлiктер мен тiлдiк құралдардың бағалауыш ерекшелiгiн, прагматикалық функциясын шебер қолдана отырып, мақала жазудағы коммуникативтiк мақсатына қол жеткiзу мүмкiндiгiн көрсету болды.
Автор мен оқырман арасындағы байланыс, жеткiзiлген ақпаратты түсiнiп, iс-әрекетке бару, белгiлi бiр пiкiрге келу сияқты мәселелердi психолингвистикаға негiздеп тереңнен зерттеу керек. Сондай-ақ мақала жазылған сәттегi қоғамдағы әлеуметтiк-экономикалық жағдай мен өзгерiстер, оқырмандардың сапалық деңгейi, газет тiлшiлерiнiң бiлiмдiлiгi, т.б. сияқты мәселелердi қамтитын социолингвистикамен ұштастыра зерттеу де үлкен iзденiстi қажет етедi. Болашақта газет мәтiнi мен тiлiн зерттеу iсiнде аталған өзектi тақырыптар кеңiнен ашылып зерттелетiнiне сенiмдiмiз.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
Бағалауыш лексика терминінін ең алғаш қай ,алымдар қолданған?
бағалауыш лексиканың мағынасы неге негізделген
Г.Я.Солганик бағалауыш белгі бойынша газеттік лексиканы нешеге бөліп көрсетеді? Атаңыз?
А.А.Уфимцева коннативті мағынаны неше топқа бөліп көрсеткен?
Коннатацияға эмоциялық мағына мен бірге стилистикалық мағына жүктеу керек деген пікірді ұсынған ғалымды атаңыз?
Достарыңызбен бөлісу: |