Картоптың құрғақ шірігі.Қоздырғыштары Deuteromycetes класы, Hyphales ретіне жататын Fusarium (Fuzarium coeruleum saac., F. Sambucinum Fuck., F. solani App. et Wr. және басқа да түрлері) текті саңырауқұлақтар.
Ауру қоймаларда қыс айларында байқалады. Саңырауқұлақпен зақымданған түйнектің ұлпасы құрғақ, шіріген болады, қабықтарының зақымданған жерлері жиырылып, қатпарланып кетеді. Кейін түйнек толықтай шіріп, құрғап, қатайып қалады. Түйнектің бетінде ақ, сары немесе қызғылт түсті саңырауқұлақтың мицелийлері мен конидиилік споротүзгіштері пайда болады. Аурудың қоздырғыштары топырақта сақталады.
Картоптың кәдімгі таз қотыры.Ауру қоздырғыштары болып актиномицеттердің түрлері саналады: Actinomices scabies, Actinomices tricolor, Actinomices cretaceus.
Түйнек сыртында дөңгелек, жалпақ немесе сәл дөңес, жұлдызға ұқсап жарылатын сүйелдер пайда болады. Кейде түйнектің бетіне батып орналасқан жарылған жаралар болады. Кейін сүйелдер мен жаралар түйнектерді түгелдей жауып, тұтасып кетеді. Жаңа қазып алынған түйнектерде мицелийден тұратын ақ түсті өрмек тәрізді өңезді көруге болады, кепкеннен кейін өңез жоғалып кетеді. Ауру түйнектердің тауарлық көрсеткіштері төмендейді, дәмдік сапасы нашарлайды (крахмалдың мөлшері 5-30%-ға азаяды), азықтық картоптың қалдықтары көбейеді, түйнектер нашар сақталады. Аурудың қоздырғыштары негізінен өсімдік қалдықтарында сақталады.