ПОӘК 042-18-28 09/03-2015 2015 жылғы № басылым



бет4/7
Дата25.12.2016
өлшемі1,63 Mb.
#4436
1   2   3   4   5   6   7

Бақылау сұрақтары:

  1. Публицистикалық стилге жалпы сипаттама беріңіз

  2. Публицистикалық стильдің шағын түрлерін атаңыз

  3. Публицистикалық стильдің лингвистикалық және экстралингвистикалық белгілерін көрсетіңіз

Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:

1.М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев Қазақ тілінің стилистикасы - Алматы, 2005

2. Б.Шалабай Көркем әдебиет стилистикасы - Алматы, 2000

3. Р.Сыздықова Сөз құдіреті – Алматы, 1997




7-дәріс. Шешендік сөз – классикалық формадағы сөз өнері

Көпшілік алдында сөз сөйлеу мәдениеті.
Дәріс сабағының мазмұны:

  1. Шешендік сөз – классикалық формадағы сөз өнері

  2. Шешендік өнердің көркейіп гүлдену кезеңдері

  3. Көпшілік алдында сөз сөйлеу мәдениеті.

Қазақ халқы сөздің құдіретіне табынып, тоқсан ауыз сөзге тобықтай түйін жасаған. Ұшқыр да ұтымды, мағыналы сөздерді негізгі ойдың арқауы еткен. Ел ішіндегі түрлі дау-жанжал, шешімін таппас мәселелерді де осы сөз арқылы, көрегендіктерімен, тапқырлықтарымен шешіп, әділ бағасын беріп отырған.

Бүгінге дейін жалғасын тауып отырған асыл қазынамыз – шешендік сөздер тарихи оқиғаларды, халықтың тұрмыс-салты мен тіршілігін,оның ішінде жер дауы мен жесір дауын, мінез-құлқын, тайға таңба басқандай дәл, әрі шебер, әрі мәнді бейнелеуімен ерекшеленеді.

Шешендік сөз – тілдік, коммуникативтік, философиялық, логикалық, этикалық, психологиялық, тарихи-мәдени т.б. көпқырлы ерекшеліктері бар классикалық формадағы сөз өнері

Бізге мәлім, өнердің бірнеше түрі болса соның бірі – киелі де қасиетті сөз өнері. Шешендік өнер «өнердің падишасы» ретінде саналған.Римдіктер сөз зергерлерін төрт топқа жүйелеген. Олар: шешендер, философтар, ақындар, тарихшылар. Мысыр, Вавилон, Ассирия,Қытай, Үндістан елдерінде шешендік өнер айрықша дамыған. Осынау өнердің үзілмес тарихы Көне Грекиядан басталады. Ділмәр шешендеріміз тек шешендік өнерлерімен ғана танылып қоймай, әрі би, әрі қолбасшы, әрі батыр, әрі жырау, әрі қолбасшы, әрі философ бола білген. Асыл қазынамыз шешендік сөздердің уытты, лепті, әсерлі, қанды қайнатып, жүрек тулатып, естен айырып,ерікті алып кететін күшті, көрнекті, сәнді, мәнді сөздер екендігін айта келіп А.Байтұрсынов шешен сөздің бес түрін атап көрсетеді:

Шешендердің жиынды аузына қаратып, нандырып, сендіріп, мемлекет ісіне қарар шығару мақсатымен сөйлегендері саясат шешен сөзі деп аталады.

Шешендер сотта айыпкер адамдарды ақтау, иә қаралау мақсатымен сөйлегенде сот билігіне әсер ету ұшін айтқан сөздері билік шешен сөздері деп аталады.

Біреудің халық алдында еткен еңбегін, өткізген қызметін айтып, қошеметтеп сөйлеген шешеннің сөзі қошемет шешен сөзі деп аталады.

Білімділердің, ғалымдардың мазмұнды сөйлеген сөздері білмір шешен сөз деп аталады. Дін жайынан сөйлеген ғұламалар сөзі, молдалар сөзі уағыз деп аталады.Бүгінде шешендік сөздерімізді әр қырынан, атап айтсақ, тарихта болған би-шешендердің сөздеріне ғана қатысты қарастырылмай, көне заманнан, оның ежелгі дәуірден басталатындығы жайлы айтылып жүр .

Қазақ халқы шешендік өнерді, оны иеленуші адамды ерекше құрмет тұтқан. Шешендіктің арнайы мектебі дегенді білмеген қазақ даласында «би» мен «шешен» атанудың жазылмаған өзіндік қағидалары мен ережелері болған. Мәселен, «Би-шешен» дегендегі «би» сөзінің өзінің беретін мәні, атқаратын қызметі ерекше болған. Қазақ тілі Қазақстан Республикасында мемлекеттік мәртебе алып, қазақ тілінің қоғамдық қызметі бұрын болып көрмеген дәрежеде ұлғайған шақта шешендік сөздің әлеуметтік мәнін ұғындыру қажеттілігі туындайды. Осы қажеттілік шешен сөз, шешендік өнер дегеніміз не, шешендікке қойылатын талаптар қандай, шешендікке үйренудің қайнар көзінде, қазіргі шешендікке қалай баулуға болады деген мәселелер төңірегінде ойланып, шешендік өнер жайында айтылған еңбектерді жинақтап, шешендік материалдары талдап, филология факультетінде арнайы пән ретінде оқытуды мақсат етеді. Шешендікке әлеуметтік қызмет артқан ежелгі Греция мен Рим қоғамынан бастап, көптеген Еуропа халықтары мен шығыс халықтарында шешен сөз дегенді әңгіме еткенде, оның қоғамдық құбылыс екендігіне, яғни оның тек шаршы топ алдында сөйленетін сөз екендігіне көңіл аударылды.

Шешендік өнер қазақ елі жағдайында да әлеуметтік мәселелерді шешуде болсын, жас буынды тәрбиелеуде болсын, үлкен рөл атқарған. Қоғам өмірінде тілдің, тіл мәдениетінде шешендік өнердің алатын орны, атқаратын қызметі ерекше. «Шешендік сөз – халық даналығы, ақыл-ойдың қоймасы, әдеби тілдің бастауы; дәстүрлі шешендік сөз нұсқаларын оқып, үйренумен бірге, шешендік өнер ғылымының сыр-сипатын, ерекше заңдарын жастар да игеруге, білуге тиіс. Сондықтан шешендік сөздерді орта мектептер мен педагогикалық институттардың, университеттердің оқу бағдарламаларына енгізілуі қажет», - деп шешендік өнерді арнайы зерттеген Б.Адамбаев кезінде мәселе көтерген.

Римдіктер сөз зергерлерін төрт топқа жүйелеген. Олар: 1) шешендер; 2) философтар; 3) ақындар; 4 ) тарихшылар. Риторика немесе шешендік өнер ғылымы «өнердің падишасы» ретінде саналған. Ол поэтиканың, логиканың, стилистиканың және грамматиканың өркендеуіне үлкен әсер етті.

Риторика ғылымы төрт бөліктен түзіледі: а) ойлап табу, ойдан шығару, шығарымпаздық; ә) әшекейлеу; б) орналастыру және в) орындау не айта білу (Ломоносов М.В. Краткое руководство к риторике).

Ерте заманда шешендік өнер Мысыр, Вавилон, Ассирия, Қытай, Үндістан елдерінде өркендеп дамыған. Алайда осынау өнердің үзілмес тарихы Көне Грекиядан басталады. Өйткені шешендік өнер қоғамдық қажеттіліктен туды, құлиеленушілік қоғамда әлеуметтік даму өрістеп, демократияның жандануына жойқын қозғаушы күш ретінде тарих сахнасына шықты. Б.з.д. Ү ғасырдың екінші жартысында грек-парсы соғысынан кейін, Афиныда және оның қоғамдық өмірінде мемлекет істерінде, саясат майданында маңызды факторға айналды.Бұл қасиетті, киелі өнерді ыждағатпен үйрену әрбір грек азаматының асыл парызы болған. Мінеки, осы уақытта риторика ғылымы шықты. Шешендік өнерге баулитын тәлімгер ұстаз (ритор) мамандығы пайда болды. Ал оратор – латыншы orare яғни сөйлеу, ғайыпты болжау деген мағынаны білдіреді. «Риторика» терминдік атауының әуелгі әрі негізгі мағынасы шешендік өнердің теориясы дегенді білдіреді. Филология ғылымында риторика мәнерлі сөйлеудің теориясы деп те табылады.

Көне дәуірде шешендік өнерінің көркейіп гүлденуінің екі кезеңі болған. Біріншісі, б.з.д. Ү-ІҮ ғасырлар, Афины елінде сөзі күннің күркірі мен жалт еткен найзағайындай Периклден бастап даңқты шешен Демосфенге дейінгі уақыт, ал Румде б.з.д. бірінші ғасыр немесе Цицерон заманы.

Атамзаманда адамзаттың рухани болмысының негізгі арналары – риторика мен философия саналған. Әу баста бұл әдебиеттің ми-тамыр жүйесі болып есептелген. Асылы, шешендік өнер және оның теориясы – ұлттық мәдениеттің бөлінбес бөлшегі.

Шешендік өнер мынадай түрлерге жіктеледі:

1. Саяси тақырыпта сөйлеу.

2. Салтанатты мәслихатта сөйлеу.

3. Сотта сөйлеу.

Саяси тақырыптағы шешендік, алдымен, тыңдаушыларды сендіруге ұмтылады. Салтанатты жиындағы шешендік тыңдаушылардың көңілінен шығуға әрекет жасайды. Алдыңғысына тегеурінді күш, соңғысына әсемдік тән. Шынайы шешен салтанатты жиында жақсылық пен жамандықты, сотта әділеттілік пен әділетсіздікті, халық кеңесінде пайдалы мен пайдасыздықты негізге алады.

Шешендік өнер үш қайнар бұлақтан нәр алып сусындайды. Біріншісі, табиғи қабілет пен дарын, екіншісі, теориялық қисындармен қаруландыру, үшіншісі, тынымсыз, толассыз еңбек, жүйелі жаттығу. Және де шешендік өнер үш мақсатты көздейді: 1. Сендіру; 2. Рахаттану, ләззатқа бөлеу; 3. Толқытып тебіренту. Риторика 5 бөліктен тұрады: 1) материал іздеп табу, 2) материалдарды орналастыру, жайғастыру, 3) сөзбен уиіндіру, 4) есте сақтау, 5) айта білу шеберлігі. Бірінші бөліктің өзі: а) нақты істер мен ә) жалпы мәселелерге тармақталады. Нақты істер мекен-жайға, уақытқа, кейіпкерлерге қатысты. Жалпы мәселелердің өзі теориялық және іс-тәжірибелік болып бұтақталады. Екінші бөлік бес қабаттан тұрады: 1) кіріспе, 2) мазмұндау, 3) тақырыпты айқындау, 4) дәйектемелер, 5) түйіндеме.

1. Кіріспеде негізгі мәселенің мәнін түсіндіру, тыңдаушылардың ынта-зейінін аудару, көңіл-күйін бөлісу қарастырылады.

2. Мазмұндамада пән туралы сатылап әңгімелеленеді. Мазмұндамаға анықтық, қысқалық, шындыққа сәйкестік тән.

3. Көркем тіл саласында а) тілдің грамматикалық және лексикалық нормасын мұқият дұрыс сақтау, ә) сөзді жалпыхалықтық мәнде, сонан соң табиғи тіркесімді бұзбай қолдану, б) асқақ һәм құбылыстарға лайық өзіндік стиль таңдау, в) көркем тілдің әуезділігі мен суреттілігі, мұның өзі екіге бұтақталады: 1) асқақтық пен 2) жағымдылық.

Жалпы айтқанда, сөз өнері 1) сөз таңдау, 2) сөз тіркестері мен 3) фигураларға жіктеледі. Егер де шешен сөз таңдауда, сөз тіркестерін әдемі, әуезді, әсерлі құруға, бейнелегіш-суреттегіш құралдарды шебер қолдануға ниеттенсе, онда оның сөзі ауызекі сөйлеу тілінен жоғары болады. Сондықтан да стильді үш түрге: жоғары, орташа, қарапайым деп бөлуге болады. Жоғары стиль үлгісіне – Демосфен, орташа стильге – Деметрий Фалерский, қарапайым стильге – Лисий жатады. Еске сақтау, жатқа төгілтіп айту шешеннің даралық ерекшелігіне байланысты. Шығарманың графикалық суретіне көз қандырып, көңілге ұялатады, санасына сіңіріп, жатқа айтады. Сенека (фиолософ Сенеканың әкесі) бірден екі мың сөзді немесе екі жүз өлеңді естісімен жатқа заулатқан. Науаи жүз мың өлеңді жатқа білген. Қазақ қоғамында құйма құлақ, естігенін жатқа қайталайтын шешен билер, білгір шежірешілер ересен мол болған. Шешендік біліктілік пен білімнен, қуатты түйсік пен терең сезімнен, санадағы саңлақтық пен ұшқыр қиялдан, тер төгу мен ой тербелісінен туады. Шешендік өнердің теориясының дамуына Дәуірлеу дәуірінің кемеңгерлері Кампанелла мен Томас Мор, Петрарка мен Данте, Рабле мен Шекспир, Сервантес пен Лопе де Вега өнерпаздығы зор әсер етті.

ХІХ ғ. мен ХХ ғ. басында Америка мен Еуропадан П.Лафарг, В.Либкнехт, Ж.Жорес, Ж.Гед, Г.Эккариус, Э.Джонс, В.Вольф, У.Филлиппс, А.Бебель сияқты жалынды шешендер жарқырап шықты. Риторика ғылымы Кембридж, Оксфорд университтерінде (пән бойынша Квинтилиан мен Цицерон еңбектері оқытылған), Америкада ХҮІІ ғасырдың 1-ші жартысында Гарвард университетінің оқу жоспарларында болған. Шешендердің ұлы шоғырына, атап айтқанда, Георгий Леонтинский, Фрасимах Холкедонский, Протагор Абдерский, Продик Кеосский, Гипий Элидский, Юлий Цезарь, Демосфен тәрізді санаткерлерді қосуға болады. Шешендік өнер тарихы – адамзат мәдентиеті тарихының бір бөлігі. Көне Грекияда риториканы «өнердің патшасы» деп есептеді, б.ж.с.д. 594 жылы Афины басқарушысы Солонның шығарған заңы бойынша, Афины азаматы сотта өзін-өзі қорғау үшін қызыл тілге жүйрік болуға тиісті болған. Шешендік өнердің биік дәрежеде дамуы үшін әрбір азамат Отанының саяси-мәдени өміріне мықтап араласуы қажет. Сайып келгенде, демократия – шешендік өнердің анасы.

Көпшілік алдында сөз сөйлеу мәдениеті. Сөз мәдениеті қазақ әдеби тілінің тарихымен тағызы байланысты. М.Балақаев, Р.Сыздықова, М.Томанов, Е.Жанпейісов т.б. ғалымдардың еңбектерінде әдеби тілдің дәстүрлі нормаларының, ұлттық әдеби тілдің стильдік салалары мен тармақтарының, жанрларының зерттелуі; Б.Әбілқасымовтың еңбектерінде қазіргі әдеби тіл нормаларының ескі қазақ жазба тілімен салыстырыла қарастырылуы; Р.Сыздық, Қ.Өмірәлиев, Е.Жұбановтың әдеби тіл тарихын ауызша сөз өнерімен, әсіресе ақын, жыраулар поэзиясының сөз үлгілерімен байланысты қарайтын зерттеулері сөз мәдениетінің нормативті-функционалдық аспектісін эмперикалық, теориялық материалдармен байыта түсті.
Сөз мәдениетінің ғылыми пән ретінде тексеретін негізгі объектісі, біріншіден, тілдік норма. Осыған сәйкес қазақ сөз мәдениеті де нормативті аспектіде аспектіде көбірек қарастырылды. Атап айтқанда, әдеби тіл нормасы (М.Балақаев) норма және оның жүйемен, дағдымен байланысы (Р.Сыздық, Н.Уәлиев); орфографиялық норма (Р.Сыздық, Б.Қалиев, Н.Уәлиев, А.Алдашева), орфоэпиялық норманың типтері мен түрлері (Р.Сыздық), варианттылық пен норма (И.Ұйықбаев, С.Бизақов) т.б. жөніндегі зерттеулер тілдік норманың ортологиялық базасын кеңейте түсті.
Ә.Жүнісбековтің үндесім заңын дауыстылар мен дауыссыздардың акустика-артикуляциялық жақтан үйлескен бірлігі ретінде қарайтын жаңаша зерттеуі; Е.Қажыбековтің тарихи фономорфология, А.Айғабыловтың морфонология, М.Жүсіповтің сингормофонология, С.Мырзабековтің орфоэпия мен орфографиялық нормаларды өзара барынша жақындату туралы ой-пікірлері, Ж.Әбуовтің перцептивті фонетика, З.Базарбаеваның қазақ тілінің интонациялық құрылымы туралы зерттеулері тілдік норманың теориялық, фактологиялық базасын толықтыра түсті.

Сөз мәдениеті – көпвекторлы ғылыми пән. Ә.Т.Қайдаров, М.М.Копыленко, А.Е.Карлинский, Е.Жанпейісов, Э.Д.Сүлейменова, К.Ш.Хұсайынов, Б.Хасанов, З.Қ.Ахметжанова, С.С.Құнанбаева т.б. ғалымдардың қазақ тілтанымы мен жалпы тілтанымға қатысты зерттеулерінің нәтижелері сөз мәдениеті пәнінің типологиялық теориялық базасын байыта түсіп отыр. Сондай-ақ, Ж.Манкеева, С.Сатенова, Г.Смағұлованың лексика-фразеологиялық, этнолингвистикалық бағыттағы зерттеулері тілдік тұлғаны дәстүрлі мәдениеттің өкілі, тұтынушысы, дамытушысы ретінде тануға, тілдік тұлғаның сөз қолданысындағы этномәдени компоненттердің сипатын айқындауға жәрдемін тигізетіні сөзсіз.


Ө.Айтбаев, Б.Қалиев, Ш.Құрманбайұлының терминдік лексиканың нормалық қасиеті туралы ой-тұжырымдары, Б.Момынованың газет лексикасын, ондағы қоғамдық-саяси атауларды ерекше номинативтік әрі функционалды бірлік ретінде қарайтын ізденістері тілдік норманың қолданыстағы қырларын айқындауға негіз болады.

Р.Әміров, З.Ерназарованың сөйлеу тілін коммуникативтік-функционалдық жүйе тұрғысынан тани отырып, тілдік-амал тәсілдердің прагматикасын коммуникативтік жағдаятпен (ситуациямен) орайластыра қарайтын сәттері, сонымен қатар тілдік коммуникация құрылымының жүзеге асуын, коммуникацияға қатысушылар (коммуникативтік тұлға) коммуникацияның вербалды//бейвербалды түрінің ерекшеліктерін теориялық әрі әдістемелік тұрғыдан қарастырған Ф.Оразбаеваның зерттеулері, сөз мәдениетінің коммуникативтік-нормативтік аспектісіне қатысты жайттарды айқындауда маңызды болмақ.

М.Малбақовтың лексика-фразеологиялық бірліктерді түсіндірме сөздікте берілуі тәртібі, сөз мағыналарының түсіндірілуі сөзді лексикографиялаудағы норма мәселесіне байланысты тұжырымдары; әдеби тіл нормаларын оның даму кезеңдерімен байланысты қарайтын Ш.Мәжітаеваның; қазақ жазуының теориялық негіздері, жазба тілдің құрылымдық ерекшеліктері, жазба тіл нормасы жөнінде К.Күдеринованың ізденістері сөз мәдениетінің нормативті аспектісін жаңаша пайымдаулармен толықтыра түседі.

Тілдік норманың тарихи сипатын, “ескі” мен “жаңа” норманы айқындауда Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықұлы, А.Салқынбай, Ш.Жалмаханов, М.Сабыров т.б. ғалымдардың тарихи-салыстырмалы зерттеулеріндегі нәтижелер мен ондағы әдіс-тәсілдер, сондай-ақ жарыспалы норманың басым түрлерін тілдік тұлғаның сөз қолданысындағы жиіліктері арқылы айқындаудың К.Бектаев, А.Жұбанов жасаған статистикалық әдістері сөз мәдениетінің әдістемелік базасының шеңберін кеңейте түсетіні сөзсіз.


Орыс тілтанымы мектептерінің басында тұрған көрнекті тұлғалар Л.В.Щерба, В.В.Виноградов, С.Ожегов т.б. еңбектеріндегі, сондай-ақ Прага лингвистикалық мектебі өкілдерінің, әсіресе В.Матезиустің тіл мәдениетінің жалпы ұстанымдарының, жалпы тіл біліміндегі теориялық тұжырымдар мен концептуалдық пайымдауларының қазақ сөз мәдениетінің теориялық пән ретінде қалыптасуы мен дамуына тигізген ықпалы ерекше болғаны мәлім.

Бақылау сұрақтары:

1. Шешендік сөз өнерінің қалыптасып, дамуы жайлы әңгімелеңіз

2. Шешендік сөз – классикалық формадағы сөз өнері?

3. Шешендік өнердің көркейіп гүлдену кезеңдері?

4. Көпшілік алдында сөз сөйлеу мәдениеті

Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:

1.М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев Қазақ тілінің стилистикасы - Алматы, 2005

2. Б.Шалабай Көркем әдебиет стилистикасы - Алматы, 2000

3. Р.Сыздықова Сөз құдіреті – Алматы, 1997


8 –дәріс. Көркем әдебиеттегі эстетика стилистикалық, прагмастилистикалық бағдар. Сөз образы категориясының сөз мәдениетін көтерудегі эстетика- стилистикалық қызметі.
Дәріс сабағының мазмұны:

  1. Көркем әдебиет стилінің жалпы сипаттамасы.

  2. Көркем әдебиет тілі мен әдеби тіл.

  3. Сөз образы категориясының сөз мәдениетін көтерудегі эстетика- стилистикалық қызметі.

Көркем әдебиет «сөз арқылы әдемі түрде суреттелетін искусство» Жазушының стилі – көркем шығарма жазу үстінде қалыптасатын әрі жазушының өзіндік мәнері, сөз қолдану тәсілдері. Тіліміздегі басқа стильдерге қарағанда көркем сөз стильінің маңызы кең. Мұнда барлық стильдердін элементтері кездеседі. Тілдік тәсілдер көркемдік мақсатта жұмсалады. Көркем әдебиет сөз өнері ретінде ғана танылмайды.Ол өмір шындығын біліп, тануымызға, ықпал жасайтын, біздің өміріміздің эстетикалық жағын қамтитын қоғамдық құбылыс болып саналады.

Көркем әдебиет түрлерінің жанрлық жақтан топтастырылуы, олардың тілдік көркемдік ерекшеліктерімен сараланып жіктелуі, қазіргі таңда стилистикалық категориялар – мәтін стилистикасы – автор бейнесі – қабылдаушы категориясы деген ұстанымдарды қажет етеді. Көркем әдебиет стиліндегі шығармаларды тарихи шығармалар, эпопея, романдар, фантастикалық шығармалар, сатиралық туындылар, эсселер т.б. деген бөлініске бөлудің өзі осы бір стильдің көркемдік жағын тануда күрделі талдауды қажет ететіндігін танытады. Бұл мәселе – қазақ филология ғылымы алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі. Филология ғылымдарының қазіргі зерттеу деңгейі соны талап етеді.

Көркем шығарма тілі табиғатының ерекшеліктері, олардың іштей жанрлық жағынан бөлінуіне, оның осы салаларының негізгі функциясына байланысты айқындалатындығына көңіл аударылып отыр. Көркем әдебиет стилі – өте күрделі стиль саласы.

Көркем әдебиет стилі туралы сөз қозғағанда “концепт” туралы айта кету керек. Концепт өте танымал атау ретінде қазіргі лингвистикада жиі қолданылып жүр. Оның пайда болуы тіл ғылымындағы антропоцентрикалық парадигма және когнитивті прагматиканың әдіс-тәсілімен тікелей байланысты. Ол кейде “дискурс”, “әлем картинасы” атауларымен қатар айтылады. Жеке тұлға туындысында әлемді тану эмоционалды қарқындылықты өз санасында қайта қарап бейнелілікке айналдыруы болып саналады.

“Концепт” термині туралы ғалымдардың зерттеулерінде “идеалды-ақиқат”, “сөз бен экстралингвистикалық ақиқаттың делдалы, сарапшысы” деп қорытындылайды.

Концепт әлем картинасының адам санасында бейнеленетіндігін көрсету мақсатында пайдаланылады. Концепт термині тек көркем әдебиет стилінде ғана емес, функционалдық стильдерде, тіл ресурстарының стилистикасында, оның барлық жүйесінде қолданылады.

Публицистикалық стильде қазіргі ассоциациялар арқылы стилистикалық фреймдер жасалынады. Қазіргі уақытта семантикалық талдау мен концептуалды талдау туралы пікірлер айтылып жүр. Концептуалды талдау семантикалық талдаумен түйісе отырып, ең соңғы талдау қорытындыларында материалдық жалпы жан-жақты талдау жүйесіне, яғни концептуалды талдауға сүйенеді. Семантикалық талдау сөздің мағынасын түсіндірсе, концептуалды талдау әлемді тану білімін қамтиды. Концепт арқылы талдау стилистикалық тәсілдерді түсіндірудің жаңа баспалдақтарын көрсете алады. Көркем әдебиет стилінде концепт термині арқылы тілдік-стильдік құбылыстың мазмұнын кеңейтіп қана қоймайды, оның терең мазмұнында стилистикалық әсерді қалыптастырудағы жаңаша рухани ой-сана әлемін танытады.

Көнерген сөздер мен неоогизмдердің қолданылуы. Көнерген сөздер ара-тура сөйлеу тілінен де кездесіп отырады, әсіресе өткен дәуірдегі оқиғаны суреттейтін, тарихи шығармада жиі ұшырасады.Мыс: исі, игі, келе, би, болыс, елу, басы, старшын, тоқал және осы сияқтылар әдеби шығарма стиліндегі белгілі бір көркемдік мақсат үшін жұмсалады.Көркем әдебиет стилінде қолданылатын көне сөздердің мағынасы қазіргі оқушыға әсересе жастарға , көбінесе түсініксіз келеді .Көнерген сөздер архаиздер және историзм болып екіге бөлінеді. Неологизм. Неологизмдер стиль түрлерінің жалпы қай-қайсысында, тіпті сөйлеу стилінде де азды көпті қолданылады. Олар көбінесе ғылыми стиль мен публицистикалық стильде жиі ұшырасады.Өйткені неологизмдер көбінесе көп сонда /сол стильдерде/ қалыптасады. Бірақ, көркем әдебиет стиліндегі неологизмдер мен өзге стильдердегі неологизмдер бір емес. Осы екі сала неологим бір-біріне ұқсамайды.Синонимдер публицистикалық стильдерде жиі ұшырасады. Олар мұнда да белгілі бір ойды Жан-жақты түсіндіру, толықтыра түсу мақсатында пайдаланылады. Синонимдер саяси әдебиеттердің өзінде де осындай қызмет атқарады.

Лексикалық синонимдердің қолданылуы. Синонимдердің қай стильде болса да бәрінде бірдей дәрежеде қолданылмайды. Ресми , ғылыми стильде синонимдердің жеке бір сыңарлары кейде ретіне қарай қолданылады. Ал екі не үш синоним бірдей қатар жұмсалмайды. Бұлар тек публицистикалық және сөйлеу стилінде жұмсалады. Мысалы: ағайын және қарындас сөздерінің өз ара синонимдік сипаты бар.Серт, уәде, ант, сөздері бір-бірімен мағыналық жеке күйінде стиль түрлерінің қай-қайсысына да қолданыла береді. Екеуі, не үшеуі қатар көбінесе көркем әдебиет стильінде, сондай-ақ публицистикалық стильде кездеседі.

Сөз мәдениеті осы кезге дейін негізінен тілдік құрылымдық жүйеде зерттелсе, ендігі жерде антропоцентристік бағытты бағдарға алуы жұмыстың негізгі жаңалықтарының бірі болып табылады. Сөздің коммуникативтік сапасына баға беру тілдік норма жағынан қарастырылса, ендігі тұста тілдік және тілдік емес мәнділіктерді тек нормативті аспектіде қарастырмай, функционалдық, коммуникативтік-прагматикалық, когнитивтік, лингвомәдени аспектіде зерттеу; тілдік тұлғаны сөз мәдениеті пәнінің түпқазық ұғымы ретінде алу; сөз мәдениеті бұғанға дейін сөйлеуші (автор, коммуникатор, адресант сөз субъектісі) позициясы тұрғысынан қарастырылса, ендігі тұста тыңдаушы (адресат, коммуникант, реципиент) тұрғысынан қарау, соның негізінде сөздің сапасына баға беру зерттеудің коммуникативтік аспектідегі жаңалықтары болып саналады.


Тілдік норманы кодификациялауда практикаға сүйену басым болса, ендігі кезекте оның сүйенетін теориялық негіздерін көрсету, тілдік және тілдік емес нормалардың түрлерін айқындай отырып, сөздің сапасын анықтауда тілдік нормаға сүйену жеткіліксіз, тілдік емес нормаларды да ескеру, тілдік, тілдік емес нормалардан ауытқулардың себептерін уәжді ауытқудың әсерімен ықпалын ашу зерттеудің нормативті аспектіге қатысты жаңалығы.

Сөзді вербалды және когнитивтік әрекеттердің нәтижесі ретінде қарау, тілдік тұлғаны сөз мәдениетінің іргелі түпқазық ұғымы ретінде алу, тілдік тұлғаның санасындағы тілдік және тілдік емес білімдер жүйесін когнитивтік құрылым ретінде қарай отырып, коммуникацияның сәтті/сәтсіздігін білімдер жүйесімен байланыстыру зерттеудің когнитивтік аспектісімен байланысты жаңалығы деуге болады.

Мәтінді адресант тарапынан тілдік ақпараттар кодқа салынған лингвистикалық таңбалар жүйесі, лингвомәдени ақпараттар кодқа салынған таңбалар жүйесі, эстетикалық мәнділіктер мен этикалық мәнділіктер кодқа салынған таңбалар жүйесі ретінде алып, мұндай күрделі семиотикалық жүйедегі кодты адресаттың қалай ашатынына талдау жасау зерттеудің лингвомәдени аспектідегі жаңалықтары болып табылады.
Сонымен бірге тілдік қарым-қатынастың этикалық нормасын ерекше конвенционалды жүйе ретінде қарастыра отырып, қарым-қатынастың эксплицитті және имплицитті түрде қандай тілдік құралдармен, амал-тәсілдермен жүзеге аса алатынын көрсету зерттеудің этикалық аспектісіне қатысты жаңалығы деуге болады.

Қазақ тіл білімінде сөз мәдениетінің теориялық пән ретінде қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосады. Сөз мәдениетін тілдік, коммуникативтік, прагматикалық, когнитивтік, лингвомәдени, этикалық тұрғыдан қарастыру оның негізгі белгілерінің түгелденіп біртұтас пән ретінде қалыптасуына негіз болады. Сөздің коммуникативтік сапасын объективті түрде айқындаудың, мәтінді интерпретациялаудың, тілдік нормаларды кодификациялаудың теориясын жасау жолындағы әрі қарайғы ғылыми зерттеулерге мұрындық болады. Аталмыш зерттеудің нәтижелері мен қорытындылары, материалдары жоғары мектептерде сөз мәдениеті, стилистика, когнитивтік лингвистика, коммуникация теориясы бойынша оқылатын лекциялық курстарда пайдаланылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет