Ақмола облысы
Щучье ауданы
Поэзия, менімен
егіз бе едің?
Өткізген:Ахметова Д .Б.
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
«Ғажайып даналықтың бір көзі- Мұқағали поэзиясы. Бізде енді поэзия дәуірі басталды.»
(Ә.Тәжібаев.)
«Мақатаев жырлары-тіршілік тамырындай өміршең, мәңгі жырлар.»
( Ф.Оңғарсынова)
«Жұмыр жердің қай түкпіріне барсақ та, Мұқағали алдымыздан шығады. Өйткені, халықтың жыры да, пірі де-Мұқағали»
(Оразақын Асқар)
« Мұқағали поэмаларының ең асылы, ең биігі деп мен «Моцарт»,«Жан азасы» мен «АҚҚУЛАР ҰЙЫҚТАҒАНДА» деген дүниесін атаймын. Бұлар- алтын ішіндегі меруерттей сәуле шашатын ұлы дүниелер.»
( Т.Молдағалиев.)
Поэзия, менімен егіз бе едің?
Мақсаты:
Білімділік.Мұқағали Мақатаевтың өмір жолдары,шығармашылығымен оқушыларды таныстыру.
Тәрбиелік.Поэзия әлемімен оқушылардың жан дүниесіне үңілу, эстетикалық тәрбие беру,табиғатқа деген мейірімділікке ,қамқорлыққа тәрбиелеу.
Дамытушылық.1.Оқушының сөйлеу мәдениетін дамыту, еркін көркем сөйлеуге
ақын шығармалары арқылы үйрету.
2.Ақынның сөзіне жазылған әндерді көпшіліктің назарына ұсыну. 3.Отанын,елін, жерін сүюге, өлеңді бағалауға,өз бетімен іздене білуге дағдыландыру.
Көрнекілігі:Ақынның портреті.ақын туралы ағалар лебізі(папка) ,нақысөздер,шығармала-
ры,суреттер, газет-журналдардан қиындылар.
Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе,
Неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім
Қарауытқан таулардан сені іздедім
Сен іздедім кездескен адамдардан
Армандардан іздедім алып ұшқан
Сәттерімнен іздедім жаңылысқан
Сені іздедім жабырқау,жабығыстан
Сені іздедім...
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?
Құрметті ұстаздар,оқушылар!
Жыл кернеуі алға жылжыған сайын М.Мақатаев артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай,өркендей өсіп,айшықтала түсуде.
Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын,- деп ақынның өзі айтқандай өзін өзгелерден ерекше көрмесе де мына сіздер келешек ұрпақ Мұқағалидың арқылы да
ақиық ақын екендігін танып отырсыздар.Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық-шынымен бақытты халықпыз.
«Арыз жазып кетейін»
Бүгінде арнаулы нұсқауынсыз-ақ Мұқалағалидың туған күні еліміздің түкпір-түкпірінде
халықтың өз ықыласымен аталып өтуде.Бүгін бізде Мұқағалидың туған күні болмаса да,
торқалы тойы болмаса да Мұқағалиды еске түсіріп,шама-шарқымыз келгенше ақын
Мұқағали Мақатаевтың өмір жолдары мен шығармашылығы туралы сөз етпекпіз.
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда
Алматы облысы,Нарынқол ауданындағы Қарасаз аулында дүниеге келген.
«Сенің неңді аңсаймын бала шағым,
Алабұртқан айналам ала сағым...»,-деп жазғандайақынның балалық бал дәурені
Соғыс жылдарының ауырлық тауқыметімен тұспа-тұс келеді.
«Есіңде ме соғыстың басталғаны,
Көзімізден мөлтілдеп жас тамғаны,
Жастығымыз қап өойды, орта жолда,
Жастанды даланы тасты арнаны» дегендей,ақын соғыстың зардаптары салған жараның жазылмас дерт екендігін айтады.
Әкесі Сүлеймен осы өңірде тұңғыш колхоз құрылысын жолға қойған ,шаңдақта шаңырақ көтерген, шағын шаруашылықты басқарғандардың бірі болған.Зұлмат соғыс
тақсыреті мен қасіретіМақатаевтар шаңырағын да шайқалтып кетті.Сүлеймен Калининград маңайында болған сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза табады.
Анасы Нағиман Мұқағалидың өкшесін баса туған үш ұлды өзі асырап жеткізген.
Атасы Мақатай шабондоз болған.Көкпар десе жанын береді екен.(Бірде ауылда болған аламан көкпарда сындырып алады,біраз уақыт көкпардан қол үзеді.Артынан балдақпен
Жүруге жарағанда, көкпарды қайта қолға алады.Ауыл қариялары: «Ойпырай, жаны сүйген ісін жаны қиналса да тастамаған Мақатайдай бірбеткей адамды көргеміз жоқ»-деп айтады екен)
Мұқағалидың әжесінің есімі -Тиын._Өте қатал да һәм мейірімді болған. Ауыл балалары ғана емес , үлкендер де ол кісінің алдын кесе көлдене өтпейтін деп еске алады Әбдіке Асанов(сыныптасы, ағ.туысы).Анасы мен әжесі де қара сөздің шебері болған, жөпелдемеге келгенде бір-екі ауыз өлеңді суырып салып айта беретін болған.
Соғыс басталғанда Мұқағали бар-жоғы 10 жаста еді.Балдай тәтті балалық шағы жаралы жылдарға дәл келіп өз тұстастары сияқты болашақ ақын да ерте есейіп, арба айдап, соқа салып, тырма тартып, шөп шауып, масақ тереді. Кейін бұл өмірбаян өзекті өртер өлең болып өріліп, өрісті өрнек тапты.
«Отыз бесінші көктемім»,
«Есімде жылқы баққаным»,
«Сонда да біз...»,
«Жұмыстан соң» өлеңдері оқылады.
Орта мектепті интернатта жатып бітірген Мұқағали еңбекке ерте араласады.(Жоғары оқу
орны туралы айта кетемін).Ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметкері, хатшысы, жетіжылдық мектептің мұғалімі болады. Содан кейін
Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне орналасады, қаламгерлікке ден қояды. Алғашқы өлеңдері осы газет бетінде жарияланады.
1962 жылыАлматыға көшіп келеді.
1962-1963жж «Соц.Қазақстан»(«Егемен Қазақстан») газетінде,
1963-1965жж «Мәдениет және тұрмыс»(«Парасат») журналында,
1965-1972жж «Жұлдыз» журналының редакциясында,
19721973жж. Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарады.
Ақын өзінің өмірбаянын «Менің анкетам» деген өлеңінде жазады.
Өмірді жырлау үшін келген Мұқалағи Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақ-
Тарыны шоғырланған ортада өткізген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді.
1964ж «Ильич»,
1966ж. «Армысыңдар, достар»,
1970ж. «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр»,
1973ж. «Аққулар ұйықтағанда»,
1975ж. «Шуағым менің» атты жыр жинақтары, яғни көзі тірісінде 11 жинағы, оның
біреуі таңдамалы шығармасы жарық көрген.Қайтыс болғаннан кейін 18 үлкен дәптерден тұратын өлеңдері басты назарға алынып, 12 жинағы,күнделігі шықты және кітаптарына енбеген 18 өлеңі анықталды.
«Өлең керек» өлеңі оқылады.
Өлең керек ұрпаққа демекші , әдетте ақындарға «Сіз өлеңді қалай жазасыз?» деген сұрақ қойылып жатады. Мұқағали ақын өлеңді қалай жазды екен, соған тоқтала кетейік.
Қолжазбаларындағы өлеңдерінің арасына қара сөзбен жазып қойған пікірлері, ойлары, ескертпелері бар. Осы жазбалардың кейбіреуіне тоқталып өтейік.
Мұқағали дәптеріне
«Күніге үш өлең, қалайда үш өлең» деп жазды 1972ж. 7 ақпанда.Тіпті бір күнде 9-10 өлең
жазған күндері болған.
«Бүгін 1974 жылғы 27 қаңтарда бір отырғанда , үзіліссіз, бір де бір түзетусіз, таңертеңгі
Сағат 10-нан түнгі 12-ге дейін «Чили,шуағым менің»атты поэма жаздым. Менімен сайысып көріңдер, кәне?»-жазыпты.
Бұл поэма 277 жол екен, 14 сағаттың ішінде ешқандай тоқтаусыз, өшірусіз үш жүзге жуық жол поэма жазу расында ғажаптың ғажабы емес пе?
«Мен өлеңді ойдан құрастырып жазбаймын. Әлдекім құлағыма сыбырлағандай болады. Соны көшіремін.Сенесіз бе?»-деп жазыпты 1973жылы 21 қарашада.
Жоғарыдағы поэманың жазылу тарихын біле отырып, сенбеске лажымыз жоқ, яғни Мұқағалидың көзіне көрінбейтін, қүлағына сыбырлайтын иесі болған ғой.
Бірде ақын Айтақын Әбдіқаловқа шешесі « ал кәне, әлгі Мұқағалиыңды оқышы, естиін»
депті. Ұлы біраз өлеңдерін оқиды. Ана үнсіз сүйсіне тыңдап отырып: « Мына ақындарыңның құлағына айтып жазғызатын періштесі бар. Жай адам бүйтіп жаза алмайды» депті.Біраз жылдар өткеннен кейін ақын Мұқағалидың қолжазбасындағы ақынның шынайы сырын оқып қайран қалады. Бір кезде анасының айтқанымен дәл келеді.
Мұқағали 10 жазында өзінің жазған өлеңін ақшаға айырбастағанда,мұндай қатігез заманға назаланған анасына: «Әлі өлеңнің көкесін көресің!» деп анасына жұбату айтқан екен.Сол бал дәурен шағындағы соғысқа кеткен әкесін сағынып жазған өлеңдерінен –ақ ұлы поэзияның әліппесі байқалғандай.Шынында да«.Мұқағали 10 жасында-ақ от ауызды ақын еді» деп ұлы ақынның сыныптасы Әбдіке Асанов еске алады.
Ол жерде Сырымбеттей тау бар ма екен?
Жайдақтың шөбі шүйгін қаулар ма екен?
Мінекей, көп ай болды хабары жоқ,
Әкем кеп, көңілімізді аулар ма екен.
Анасының естелігінен: қарғадай баламның өлеңдерінің өткірлігі сонша, көкірегімізді қарс айырды.
Мұқағали ақынның бар болмысы, шыны мен сыры, сезімі, оның поэзиясына суретін түсіріп, ап-анық сайрап жатыр. Оның кісілік келбеті,мінез-құлқы,ызасы мен ынтазары, тіпті күнделікті күйкі тіршілікте бастан өткерген қуанышы мен реніші, қате басқан жерлері, өкініш пен қайғысы бәрі айдай анық түскен.
«Сезім»,
« Өтініш»,
« Бір адам өлсе» өлеңдері оқылады.
Мұқағали поэзиясының қайнар көзі,шабыт тұғыры туған елі мен өскен жері.
Ақын өзінің өлеңдерінде еліне , жеріне. Отанына деген ыстық ықыласын, сүйіспеншілігін жырлайды.
« Қазақстан»,
«Елім барда»,
« Қазақ жері»,
«Отан туралы»,
«Үш бақытым» өлеңдері оқылады.
Бұл өлеңдерінде ақын туған жері , ғажайып өлкесі туралы толғанысын көреміз. Ақын елін , жерін, тілін ерекше сүйеді, бар болмысымен төгіле жырлайды.Ақын қай тақырыпқа қалам тартса да жанданып,түрленіп, құлпырып шыға келеді.
Мұқағали-лирик ақын, адам жанының , табиғат жүрегінің жыршысы. Ол өзі өскен Алатауын, Қарасазын сөздің барлық құдіретіне бөлеп кетті.Табиғат-Мұқағали шығармашылығының жаны.Мұқағалидың күркіреп келген көктемін, жадырап келген жазын, күрең күзін, ақикөз ақпанын ешкімнің мезгіл- маусымымен шатастырмаймыз.
Табиғат біртүрлі ажарға , толықсыған түр-түске ие болып жайнап шыға келеді.
«Жетісу»,
« Көктемде»,
«Сап-сары жапырақтар» өлеңдері оқылады.
Иә, ғажайып табиғат суреттері болмаса, Мұқағали өлеңдері де көпшілік көңілінен шықпас еді.
XX ғасыр аяқталар тұста Мұқағали Қазақстан Жазушылар одағының
шешімімен ҒАСЫР АҚЫНЫ атанды.
XXI ғасыр табалдырығын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері
болып аттады.Міне, бұл –Абай жаққан сәулені Мұқағалидың алаулата түскенінің
айғағы.
« Мен -дағы өлең жазбаймын» атты өлеңі оқылады.
« Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін»,- деп Мұқағали осылайша өнімді еңбектене білді.
Қарсы алмаса,
Құрысын, қарсы алмаған,
Ән салып бер,
Әніңмен жан салмаған!
Жаңғырытып жасыл тау
Жөнелсін бір,
Жатсын ұйып, жапанда
дел-сал далам.
Ән сал жаным!
Әніңмен тербет мені.
Бір сәтке тынсын,тірлік жер- көктегі.
Дала ұйысын,
Дамылдап таулар жатсын,
Таулар жатсын,мәңгілік
жөргектегі.
Сөз кезегін М.Мақатаев сөзіне жазылған әндерге берейік. Мұқағалидың алуан әндерінің сазы мен назына елти отырып Мұқағалиды еріксіз түсіреміз.
«Сарыжайлау»,
« Сәби болғым келеді»,
« Сен»,
« Сенің көзің»,
« Наурыз айы туғанда»,
« Есіңе мені алғайсың» әндері орындалады.
Оның 100 шақты өлеңдеріне ән жазылған.Мұқағали өлеңдеріне ең көп ән жазған сазгер Нұрқиса Тілендиев.
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым, елеңдестің
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім.
Иә, өлең өлмейді. Ендеше оны жазған ақын да өлмейді.
Тума талантымен өлең әлемінде өз қолтаңбасын қалдырған Мұқағали мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазақ поэзиясының а л т ы н қ о р ы н а н орын алатын өлмейтін, өшпейтін мәңгілік мұра.
« Аққулар ұйықтағанда» поэмасын сахнаға лайықтап,оқушылармен поэмадан үзінді қойылды.
,
Достарыңызбен бөлісу: |