2-тарау. Конкурсты өткiзу тәртiбi
6. Конкурс мынадай түрлерден тұрады:
1) осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурс;
2) барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурс;
3) жалпы конкурс.
7. Конкурс бірқатар жүйелі кезеңдерді қамтиды:
1) конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
2) конкурсқа қатысуға ниет бiлдiрген азаматтардың құжаттарын қабылдау;
3) мемлекеттік органның конкурс комиссиясын немесе бірыңғай конкурс комиссиясын құру;
4) конкурсқа қатысушылар құжаттарының Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 13 желтоқсандағы № 85 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14542 болып тіркелген) бекітілген "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына үлгілік біліктілік талаптарына (бұдан әрі – біліктілік талаптары), жарияланған лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына, сондай-ақ Заңның 16-бабында көрсетілген талаптарға сәйкестiгiн қарау;
5) кандидаттармен мемлекеттік органның конкурс комиссиясы өткiзетiн әңгiмелесу;
6) мемлекеттік органның конкурс комиссиясының қорытындысы.
8. Азаматтар конкурсқа қатысу шығындарын (әңгімелесу өтетiн жерге келу және қайту, тұрғын жай жалдау, тұру, байланыс қызметiнiң барлық түрлерiн пайдалану) өздерiнiң жеке қаражаттары есебiнен жүргiзедi.
9. Конкурсқа Заңның 16-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматтары қатысады.
10. Мемлекеттік органға осы Қағидалардың 43, 76 немесе 78-тармақтарында көзделген құжаттарды тапсырған Қазақстан Республикасының азаматтары конкурс қатысушылары болып табылады.
11. Конкурс комиссиясы шешімінің негізінде әңгімелесуге жіберілген конкурс қатысушылары бос лауазымға орналасуға кандидаттар (бұдан әрі – кандидаттар) болып табылады.
12. Конкурс комиссиясы конкурсқа қатысушылар берген құжаттарды қарап, кандидаттармен әңгiмелесу өткiзедi және бос лауазымдарға орналасуға кандидаттарға iрiктеудi жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |