Инновацияға нақтылы анықтама әлі де жасала қойған жоқ. Ш.Таубаева мен Қ.Құдайбергенованың берген анықтамасына сүйенсек , «инновация» – бұл нақты қойылған мақсатқа жетуде ойға алынған жаңа нәтиже. Нақты мақсат дегеніміз не? Нақты мақсатқа қандай әдіс-тәсілдердің көмегімен жетуге болады? Оқу мақсатының жүйесінде берілген мақсаттың негізгі категорияларын пайдалана отырып, педагог өз еңбектерінің нәтижесі туралы ақпарат алуға мүмкіндік алады. Демек, мақсат пен нәтиже – жаңалыққа бет бұрудың кілті»
Инновация мәселелерімен айналысып жүрген бірқатар ғалымдардың еңбектерін негізге ала отырып, инновацияны «жаңалық», «жаңа әдіс», «өзгеріс», «әдістеме», «жаңашылдық», ал инновациялық үрдісті «жаңа әдістеме құралы» деп ұғамыз.
Негізгі әдістемелік инновациялар бүгінгі таңда оқытудың интерактивті әдістерін қолданумен байланысты. «Интерактив» сөзі бізге ағылшын тілінің «interact» деген сөзінен келген. «Іnter» – бұл «өзара», «act» – әрекет ету дегенді білдіреді.
«Интерактивті» сөзі – өзара әрекет ету бейімділігін білдіреді немесе әңгімелесу, әлде кіммен (адаммен) не болмаса әлденемен (мысалы, компьютермен) сұхбаттасу режимінде болады. Демек, интерактивті оқыту – бұл, ең алдымен, сұхбаттасып оқыту, оның барысында оқытушы мен студенттің өзара әрекет етуі жүзеге асырылады.