Публицистикалық шығармашылық негіздері


Асылқожа Құрманбаев публицистикасы



бет10/25
Дата31.12.2019
өлшемі2,01 Mb.
#53907
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   25

Асылқожа Құрманбаев публицистикасы
Қазақ публицистикасының қалыптасуына өз творчество-сымен үлес қосқан үлкен тұлғалардың бірі – Асылқожа Құрманбаев.

“А.Құрманбайұлы 1859 жылы бұрынғы Қостанай уезі Торғай өңірінде дүниеге келген, қыпшақ руынан. Нашар ғана бір шаруаның баласы болған. Алғаш еліндегі молдалардан орыс мектебінде оқыған. Осыдан біраз дайындықтан өткен ол Уфимдегі мұғалімдер семинариясына түсіп, оны жақсы бітіріп шыққан. Осы тұста Асылқожа Ыбырай Алтынсаринмен таныс-қан. Ағартушы ақыл-кеңесімен Пермдегі реалдық мектептің шаруа бөліміне кіріп, оны да сәтті бітірген.

Мұнан кейін Асылқожа ел арасына келіп, мектеп ашып, бала оқытпақ әрекетіне кіріскен. Бірақ, діни молдалардың “орысша оқу – діннен безу, кәпір болу” деген үгітіне иланып, жұрт балаларын орысша оқытудан ат-тонын ала қашады. Айт-қанына ел көнбеген соң, ол Омбыға кетеді. 1893/94 жылда-рында сондағы губернатордың тілмашы болып тұрады. Бұл жұмысқа ықыласы түспеген соң, сол уақыттағы үкімет тілі – “Дала уалаяты газетінің” қазақша жағын басқарады” [147].

“Асылқожа “Дала уалаятының газетінде” қалам тартқан, – әдебиет пен публицистиканың әр жанрында жазған адам. Ол газеттің көп материалдарын орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға аударумен қатар, жаңа шыққан кітаптарға сын – библиография, қазақ халқының саяси-әлеуметтік құрылысы, экономикасы және т.б. туралы көптеген мақалалар жазған” [135, 90 б.].

Асылқожаның “Қазақтардың қамсыз, еріншектігі турасын-да айтылған бірнеше сөз” (1894, №7) атты мақаласында қамсыздық пен аңқаулықтың ел ішіне тигізетін залалы жайында ой өрбітеді. Қазақ халқының ақылы бұзылмаған, мақтаулы мінездерімен бірге, бір нашар мінезі де бар екенін айтады. Ол – қазақтың шаруасын ілгері бастырмайтұғын қамсыз, еріншектігі екендігін бетке басады.

А.Құрманбаев аударма да жасаған. Оның әйгілі тәржімала-рының бірі И.Крыловтың “Құмырсқа мен шегіртке” деген мысалы да осы газетте жарық көрген (1894, №32). Қарап отырсақ, бұл мысалды Құрманбаев текке аудармаған, шегірткенің іс-әрекетінен қазақтың қамсыз, еріншектігін көріп отыр. Сондықтан да елге сабақ боларлық бұл мысалды аударып газетке берген. Қазақ елін қамсыздықтан арылту үшін мақала да жазған, мысал да басқан. Енді сол екі шығармадағы ұқсас ойларды салыстырып көрейік:

Мақалада:

Жаз шыққанда дүниенің үстіндегі мақұлықтар да қыбыр-лап тіріледі. Дүниедегі мақұлықпен бірге қазақтар да тіріліп, көзін ашады… Бұл қыс қайтып келеді деп ойламайды да. Олар малдарына жем-шөп алмайды да. Көпе-көрнеу күш-халі келе тұрып мүмкін болса да һәм жаздың бәрін де қызық, тамашаменен өткізеді. Қарнын қымызға һәм қойдың етіне тойғызып алып, тағы да жұмыс қылғанның орнына ауылдан ауылға жүріп, қыр арасындағы хабарларды бір-біріне тасып, жеткізіп жүреді. Бұлар бүйтіп жүргенде қайтадан қыс түседі, борандар, аяздар болып, …ұлықтар қазақтарға алымыңды өз уақытымен сала көр деп жарлық қылады. Біздің қазақтар тықыл-таяң кесікті уақытқа шейін ойламайды да, қашан уақыты тақыл-таяң болған соң бәрілері шаһарларға һәм қалаларға малдарын асығып айдап барып базарларды көріндірмей толтырып жібереді. Малымызды ал деп мөлиіп қарап тұрады. Лажы құрығаннан құтылмақ үшін ақшаны қарызға өсімге алады. Қой бермекші болады Әкім, Хакім, Файзолла, Ғайнулла деген һәм өзгелерден де бұл қыр даласындағы сотқар пайдакүнемдер бес-алты айға теңге басына елу тиыннан яки теңге басына теңгеден өсім алады, қойға елу тиыннан бір теңгеше береді… /ДУГ. 1894, №7/.

Мысалда: “Шегіртке жаздың бойы ойын салған,// Қайғы жоқ, уайым жоқ ойына алған.// Ақымақ боп есерлікпен жүремін деп,// Болғанын күздің күні білмей қалған.// Шегіртке үй салмаған, азығы жоқ.// Болмайды ешнәрсеге көңілі тоқ.// Ішер тамақ, кірер үй болмаған соң,// Құмырсқаға келеді шерменде боп.// –Құмырсқам, айналайын кетті халім,// Аштықтан қиналып тұр шыбын жаным.// Кірер үй, жатар жерім менің жоқ-ты,// Сабазым, мені аясаң тапшы амалын.// Үйіңе кіргізсеңші мен байғұсты,// Амалдап өткізейін биыл қысты.// Барар жер, басар тауым болмаған соң,// Басыма қиыншылық енді түсті.// Мен жазған жаздыкүні не қылмадым,// Боларын халым мұндай біле алмадым.// Ойын-күлкі, өлеңмен күн кешіріп,// Дәуренсіз салдық құрмай жүре алмадым” /ДУГ. 1894, №32/.

А.Құрманбаев – публицистің мақала мен мысал жазудағы мақсаты біреу-ақ – ол қазақты қамсыздық пен еріншектіктен құтқару. Идеясы – қыстың қамын жазда ойлау. Бұл мақаланың да, мысалдың да күші қазақ баласына өмірлік сабақ болса керек.

“Қазақтың жай қара жұмысқа қаншалық көңіл қойып жаһұт қылғаны турасында ” (1894, №8) мақаласында қара жұмыс туралы зиянды пікірлерді әшкерелей отырып, шаруа-шылықты өркендету үшін ауылшаруашылығына арналған мектептің пайдасын ашып көрсетеді. Қазақтардың жай қара жұмысты қара қасқа кедейлердің жұмысы деп менсінбеуін сынға алады. Мұндай қара жұмысқа кедей, мүсәпірлер лажсыздан барады, ал байлар балаларын байлығына сеніп жолатпайды деп кейиді автор. Байдың малы бір жыл жұт болса, қырылып қалады. Ал егер Дала уалаятындағы арнайы ашылған шаруа школдарында қазақ бай демей, кедей демей білім алса, ол білім ешқашан жоғалмайтынын түсіндіреді. Ағартушы – публицистің өзі дәл осындай мектептің бірінде төрт жыл жарым, бірінде бір жыл жарым қызмет етіп, жақсы мамандар шығатынына көзі жеткен соң, көпшілікті иландыр-ғысы келеді. Қара жұмыстың қыр–сырын ұғындыратын, егіншілікке, шаруашылық ебіне үйрететін шаруа мектептерінде білім алуға қазақ атаулыны шақырады. Публицистің: “Біздің көшпелі халыққа ойлайтұғын уақыт жетті ғой. Адал кәсіп, адал жұмыс, әр халықтың, әр адамның көңілінің, рухани хал-ахуалының тиянағы – маңдайың терлеп тапқан адал дәніңді дүниең де берекелі, жаның да тыныш болады. Терлеп – тепшіп тапқан қатты наның ұрлап жеген балыңнан да тәтті болады” /ДУГ. 1894, №8/, – деген көшелі ойлары, ұлағаты мол сөздері тұтас бір ұлттың тәрбие мектебі боларлық тағылымды өсиет. Мұндай ойлар – сөзге жұртты ұйыта білер көсемсөз зергерінің жанынан ғана төгілсе керек.

“Қазақтар қандай адамды жақсы кісі деп айтады” (1894, №26) деген мақаласы да сол замандағы өріс алып бара жатқан байлыққа құмартуға қарсы жазылған. Бұл қазір де күн тәртібінен түскен жоқ. А.Құрманбаев – публицистің сонау ХІХ ғасырдағы мақаласында жазған – баю идеологиясы қазір де белең алып тұрған кез. Нағыз публицистика қай кезеңде де өзекті, көкейкесті мәселе болып тұра береді.

Бұрынғы замандарда қазақ бай болмаса да туғаннан ақылы көп, қайырымды, әділ һәм параға қарамайтын адал адамды құрмет тұтқанын мысал етеді. Өз дәуренінде атақты адамдар-дан Тезек батыр (Абылайхан ұлы), Төле би (Жетісуда), Сармантай би, Шоң би, Қазыбек би (Семей облысында), Бағай-әке би (яки Ыбырай), Хұсейн би (Ақмола облысында), Балғожа би (Торғай облысында) деген халайыққа қадірлі, құрметті болғандарды халыққа үлгі етеді.

Ал ХІХ ғасырдың аяғында асқынып бара жатқан баюға құмарту дертін сынға алады. “Мұнан басқа егерде әділ һәм ақылды кедей адам бірер анық ақылды һәм пайдалы сөз айтса да мұның сөздері ешнемеге жарамастан босқа қалады. Һәм мұның ақысына мазақ, күлкі қылып бұған айтады: “Егерде сен мұндай ақылды болсаң, өзің не үшін кедей болдың”, – дейді. “Егерде сен мұндай көп білсең, әуелі өзің бай бол. Сирағың қуарып шығып жүріп не қыласың насихат айтқанды”, – дейді” /ДУГ. 1894, №26/. Дәл осы психология қазіргі біздің заманымызда да нық орнығып барады. Бұл бір індет сияқты. Өмірдің мәні – рухани байлық екенін түсінетін уақыт жеткен сияқты. Осымен жапсарлас екінші бір дерттің ұшығы және көрінеді. Оны да публицист сынға алады. Би, болыстың қызметке көбінесе ақыл, мінезіне қарамастан, әрдайым бай адамдарды сайлап қоятындығы да дұрыс еместігін, бұл заманның тегершігін кері айналдыратын жайт екендігін әшкерелейді. Сол туралы қазақтың: “Оқ тимей құлан өлмес атқанменен,// Адамға дәулет бітпес жатқанменен,// Өнерің аплатондай болса дағы,// Ақшасыз болыс қоймас айтқанменен”, – деген өлең шумағымен, сол дәуірдің шындық пердесін ашып береді. Бұл да біздің қазіргі өмірімізде бар дерт. Публицист қазақ арасына баю, билікке құмарлық сияқты дерттерді – Қазан мен Бұқардан келген адамдар, бөтен жұрт саудагерлері әкелді деген ойын білдіреді. “Байлықтың жақсы екендігіне таласпаймыз. Сонда да білуге тиісті, байлық сонда жақсы, егерде адал жолмен тауып алып, жақсы қайырлы жұмысқа жаратса, егерде өзінің байлығымен жақын адамына пайда келтірсе – онда мұндай байларды қадірмен, құрметті деп білмек керек” /ДУГ. 1894, №26/, – деп өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы кемшіліктерді сынап, шын байлықтың не екенін көпшілік қарапайым тілмен ұғындырады. А.Құрманбаевтың айтқандары бүгінгі біздің өскелең ұрпақтың санасына сіңетін өсиет, ақыл. Тәлімі мен тәрбиесі мол, нұрлы, шуақты көсемсөз.

“Дала уалаяты газетінің” жазушысы А.Құрманбаев қазақ тілі мәселесіне де назар аударды. “Қазақ тілі турасынан” (1894, №27) арнайы мақала жазып, қазақ тілінің басқа түрік тілдеріне ұқсамай бөлек, таза қалыптасқандығын айтады. “Қасындағы жауласқан халықтардан өздерін өзі сақтамаққа әрдайым аулақ болып тұрған соң қазақ халқының ақылы тың, мінездері қағылез, ойшыл һәм аңдағыш болып өскен еді. Бұл айтылған мінездеріне қарай қазақтың тілі де қағылез, анық, мол болып шыққан еді” /ДУГ. 1894, №27/, – деп туған тіліміздің мәртебесін көтере сөйлейді. Публицист атақты Алтынсаринді барша оқығандарға үлгі тұтады. Алтынсарин сөзімен де, ісімен де қазақ тілінің тазалығы үшін қызмет атқарған адам екенін айтады. “Қазақтың тілі соншалық мол, ләкін қазақтың тілі менен қандай кітап болса да жазуға болады ”, – деген Ыбырай сөзін қайта еске салып, ол ісімен де соны дәлелдеп, “Қазақ хрестоматиясы” деген орысша әріппен қазақ тілі байлығын көрсететін кітап шығарғандығын үлгілейді. Публицист соңғы кездері қазақ тілінің бұзылып, басқа тілдерден енген сөздермен былғанып бара жатқандығынан жалпы қауымды сақтанды-рады. Тіліміз таза болу үшін, Алтынсарин жолын ұстанып, кітап шығару керектігін айтады. “Мұндай қадірлі жұмысқа “Дала уалаятының” қазақша газеті жәрдем қылса жарайды. Өзге әртүрлі бөтен тілдерді араластырмастан қазақтың таза тілдерімен жазып үлгі көрсетіп тұрса жарар еді” /ДУГ. 1894, №27/, – деп көпке тарайтын газетке, онда жұмыс істейтін, ат салысатын тілшілерге жүк артады. Бұл ғасыр жүгі болатын. Алға осындай мақсат қоюдың өзі – парасттылықтың, таза ұлтжандылықтың көрінісі.

“Газетте өнер – білімнің қажеттігі туралы, орысша оқудың пайдасы туралы, жалпы оқу-ағарту ісі туралы көп жазылды. Мұның өзі нәтижелер бермей қойған жоқ. Жұртқа мәлім, ХІХ ғасырдың екінші жартысында гимназияда, орыс-қазақ мектеп-терінде, көшпелі ауыл мектептерінде, оқытушылар семинария-ларында, түрлі училищелерде мұғалім, фельдшер, дәрігер, адвокат болып халыққа қызмет ететін қазақ интеллигенция-сының құрамы жасақталды” [40,48]. Бұл ретте газеттің атқарған ісі орасан зор.

“Дала уалаятының газеті” қазақ публицистикасының қалыптасуында тұтас бір кезеңнің мектебі болды. Газетке әр жылдары қатысып, халық ішіндегі ірі қоғамдық-саяси мәселе-лерді қозғауда, экономикалық және рухани тақырыптарды қамтуда қазақтың қалам қайраткерлерінің үлкен шоғыры еңбек сіңірді. Олардың ішіндегі “Дала уалаяты газетінің” публи-цистік мектебін қалыптастырушы, көрнекті қаламгерлер ретін-де Мәшһұр Жүсіп Көпеевтің, Зұлқарнайын Шөкіұлы Нұралыхановтың, “Алатау баласы” деген бүркеншік атпен қол қойған Барлыбек Сыртановтың, Жағыфар Айманов-тың, Сәдуақас Мұсаұлы Шормановтың, Хасен Бекходжин-нің, Райымжан Марсековтің, Шәкәрім Құдайбердиевтің, Мейрам Жанайдаровтың, Бодаубек Райымбеков, Дүйсенбай Тұрапов, Жәке Тұрапов, т.б. есімдерін атауға болады. Аракідік Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Шерияздан Марсеков, Мұхаметжан Қарабаев, Әміре Нөкербеков, Бөкен Адықов, Б.Чалымбеков, Д.Иманқұлов, А.Қылышбаев, А.Аппасов, т.б. есімдері де кездесіп қалады.

Қорыта келгенде, “Дала уалаятының газеті” шыққан 1888 жыл мен 1902 жылдың аралығы – қазақ публицистикасы қалыптасуының тұтас бір кезеңі деп тұжырым жасаймыз. Бұл публицистиканың баспасөзбен тоғысып, ірі қоғамдық мәселелерге араласа бастаған кезеңі. Әрине патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты, оның қатал цензурасы қазақ көсем-сөзінің қанатын кеңге жайғызбады. Бірақ, ірі публицистеріміз жол табуға тырысты, тіс арасынан сыздықтатып болса да көкейкесті қазақ мәселелерін алға тартты, ел құлағына жеткізді, болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдырды.


«Айқап» журналындағы публицистика
Қазақ публицистикасының қалыптасуында “Айқап” журналы үлкен орын алады. 1911-1915 жылдары тұрақты түрде шығарылып, қазақ елінің түкпір-түкпіріне таралған тұңғыш журнал ХХ ғасыр басындағы тарихи қайшылығы мол күрделі кезеңнің айнасы бола білді. “Айқапта” жарық көрген шығармалар ғасыр басындағы қоғамдық-саяси ахуалды аңғартып, сол кездегі өмір шындығының негізгі дерек көзіне айналды. “Журналдар мерзімді уақытта немесе мезгіл-мезгіл шығатын басылымдар болып саналады. Олар апта сайын, он күнде бір рет, екі аптада, ай сайын, тоқсан немесе одан да сирегірек уақыттарда шығып тұруы мүмкін… Журнал” – Journal деген француз сөзі, яғни күнделік деген түсінік береді” [31, 18 б.]. Журнал – елдің басын біріктіретін, шашылған ойды бір арнаға бағыттайтын қоғамдағы ұйымдастырушы күш. “Журнал әлемі дегеніміз – миниатюрадағы саясат әлемі” (В.Белинский). Журналдың сөзі оның ісі деген сөз [148, 402 б.]. “Айқап” журналының шығу тарихын жан-жақты зерделеген профессор Х.Бекхожин былай дейді: “Қазақ халқының мәдени өмірінде ХХ ғасырдың бас кезінде болған елеулі оқиғалардың бірі – “Айқап” журналының шығуы. Ол қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби журналы болды. “Айқап” өзінің сипаты жөнінен жалпы демократиялық болғанымен, іс жүзінде Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнан-баевтың ағартушылық идеялары негізінде дамып келе жатқан қазақтың қоғамдық ой-пікірінің, әдебиетінің, публицисти-касының (астын сызған біз – Б.Ж.) прогресшілдік және демократиялық дәстүрлерін жалғастырған, ілгері дамытқан журнал болды” [40, 86 б.]. “Айқапқа” Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Бейімбет Майлин, Бақытжан Қаратаев, Сабыржан Ғаббасов және басқа жазушылар мен публицистер қатысты. “Айқап” журна-лының материалдарын жинақтап, жариялау ісінде көп еңбек-тенген ғалым Ү.Сұхбанбердина: “20-ғасырдың бас кезінде, яғни 1911 жылдың январынан бастап, 1915 жылдың сентябрь айына дейін Троицк қаласындағы “Энергия” баспаханасында қазақ тілінде үзбей шығып тұрған “Айқап” журналы халқы-мыздың әлеуметтік, саяси өмірінде, әдебиет пен мәдениетімізді насихаттап, таратуда елеулі рөл атқарды. Арап әрпімен теріліп, басында айына бір рет, кейін екі рет шығып тұрған бұл журналдың нақты деректерін былайша сипаттауға болады:

1911 жылы №№1-12 янв. – дек.

1912 жылы №№1-14 янв. – дек.

1913 жылы №№1-24 янв. – дек.

1914 жылы №№1-24 янв. – дек.

1915 жылы №1-14 янв.– сент.” [149, 24 б.] – деп журнал-дың шығу мерзімділігіне, оның қоғамда алған рөліне тоқталып өткен.

Қазақ баспасөзінің тарихын зерделеушілердің бірі профе-ссор Б.Кенжебаев “Айқап” журналы бетінде жарық көрген материалдарды тақырыптық, мазмұндық жағынан мынадай бөлімдерге бөліп қарастырған:


  1. Саяси-әлеуметтік мақалалар.

  2. Әдеби шығармашылық, әдебиет мәселелері.

  3. Қазақ арасындағы оқу-ағарту ісінің жай-күйі және маңызды мәселелері.

  4. Ана тілі, әліппе, емле мәселелері.

  5. Қазақ әйелдерінің жайы, бостандық, теңдік мәселесі.

  6. Дәрігерлік, агротехникалық кеңестер, ғылым табыстары.

  7. Ішкі – сыртқы хабарлар.

  8. Кітап сындары.

  9. Тілші хаттары, жауап хаттар [150, 26-30 бб.].

“Айқап” журналындағы аудармаларды зерттеген ғалым З.Тұрарбеков те басылымның қандай мәселелерді қамтыға-нынан, және оның өзіндік ерекшеліктеріне аз-кем тоқталған.

“Журналда жарияланған материалдар негізінен мынадай басты тақырыптарға (тарауларға) бөлінеді: қазақ елінің экономикасы мен саяси жағдайлары туралы, қазақ халқының тарихы туралы, қазақ халқының жалпы мәдениеті, оқу-ағарту ісі туралы, қазақтың ана тілі, тума, жазба және ауыз әдебиеті туралы, аударма шығармалар және қазақ тіліне аударудың ғылымдық және практикалық мәселелері туралы, халық денсаулығын сақтау мәселелері және дін туралы.

“Айқап” қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-шаруа-шылық өмірінің көптеген түйінді, көкейкесті мәселелерін сөз етті. Соның бәрін де шаруашылық пен мәдениеттің өркендеуі тұрғысынан алып жазды. Ол үнемі “бізге не істеу керек?”, қайтсек біз ілгері басып, ел қатарына қосыла аламыз? ” деген сұраулар қойып, солардың шешуін, жауабын табуға тырысты…” [135, 99-100 бб.].

“Айқап” журналын жүйелі түрде шығаруды жүзеге асыр-ған, оның редакторы Мұхаметжан Сералин болды. Әрі ақын, әрі журналист М.Сералин 1872 жылы туып, қазақ, орыс, татар мәдениетінің аясында өсіп жетілді. Алғашында Троицк медре-сесінде оқып, кейін Қостанайдағы орыс-қазақ училищесін бітірді. Ол журналда берілген бас мақалаларда басылымның бағытын айқындап, журнал төңірегіне қазақтың озық ойлы аза-маттарын топтастыруға күш салды. “Газет һәм журнал халық үшін екендігіне шек айту жоқ. Халықтың қай дәрежеде алға кеткендігі – халық арасында таралған газет-журнал һәм кітап-тардан білінеді” /А-п. 1911, №1/, – деп “Айқаптың” алғашқы нөмірінде жарияланған беташар мақалада-ақ елге газет жур-налдың халық дамуындағы орнын айқын көрсетті. Сөйтіп, “Серке”, “Киргизская газета” сияқты басылымдардың демеу-шісі, қолдап, қуаттаған жұртшылық болмағандықтан тез жабы-лып қалғандығын ащы сабақ ретінде айтады. “Айқаптың” ғұ-мырлы болуындағы бар үміт халықта екендігін қадап көрсетеді.

“Бұл журнал айында бір мәрте шықпақшы, программасы мынау болмақ.

Сыртқы хабарлар.

Мұсылмандар тіршілігіне мысалдар, уақиғалар.

Фельетон


Кітаптар хақында һәм ғылыми баптан кеңестер

Басқарушыға келген хаттар һәм одан-бұдан” /А-п. 1911, №1/, – деп басылымның қандай мәселелерді қамтитынын белгілеп береді.

“Айқап” журналы аталу себебі туралы да әртүрлі ой-пікірлер болды. Соның бірі автор Халиолла Ғабдолжалилов “Айқап мағыналары” деген мақаласында “Айқап” сөзінің үш түрлі мағынасына тоқталады: “Ай, қап – болмай қалған және өкінуі және қараңғы түнді жарық еткен ай, және оның қабы (сауыты), халықты айқап-шайқап аралау” /А-п. 1911, №2/. Ал Бақытжан Меңдібеков “Газеталарымыз туралы” атты мақала-сында: “Ай, қап! Әттеген-ай, іс өтіп кеткен екен ғой, біз ұйық-тап жатқанда, біздің мұндай халде болуымыз деп іске өкініп қойған есім боларға керек” /А-п. 1912, №6/, – деген екен. Бірақ журналдың неге “Айқап” аталғандығына толық, тұжырымды жауапты редактор М.Сералиннің бағдарламалық мақаласынан ала аламыз:

“Біздің қазақтың “Әй, қап” демейтұғын қай ісі бар?! Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымақтаса алмадық. Пұлы барларымыз ынтымақтассақ та, ақшасыз істің мәні табылмады. “Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай” дедік. Жақсы жерлерімізді қолда сақтар үшін қала салмақ болдық. Басымыз қосылмады. Қолайлы жер қолдан кетті. “Қап” ынтымақсыздығымыз-ай дедік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңгеніміз жеңген жағымызға “ендігі сайлауда көрерміз, қап, бәлем-ай!” дедік. Осындай біздің қазақтың неше жерде “қап” деп қапты қалған істері көп. “Қап дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық “Айқап” болды” /А-п. 1911, №1/. Бұл – тек “Айқап” журна-лының атының мағынасы ғана емес, оқырманға ой тастап, өткен қателіктерді жібермеуге қайрау, өкінішті болмай дер кезінде оң шешім табуға жол сілтеу мақсатынан туған.

Сонымен “Айқап” журналының жарық көрген кезеңінде қазақ публицистикасы даму кезеңіне көшті. Егер “Түркістан уалаятының газеті” мен “Дала уалаятының газетіндегі” қоғам-дық-саяси мақалалар – қазақ публицистикасының қалыптасу кезеңін айғақтаса, “Айқап” журналындағы қаламгерлер шығармалары қазақ публицистикасының даму белесіне көте-рілгендігінен көрініс береді.

Зерттеушілер: “Айқаптың” тілі 20-ғасырдың басындағы ұлттық публицистикамыздың үлгісі болды. Журнал бетінде жазушы, журналистер қазақтың жазба тілін қалыптастырып, көне, діни кірме сөздерден тазарту үшін Абай, Ыбырай бастаған жаңа әдеби тілді қолданды” [149, 26 б.], – деп атап көрсетті. Шын мәнінде, “Түркістан уалаятының газеті” мен “Дала уалаятының газетіндегідей” орыс, ноғай сөздері араласқан материалдардың жариялануына жол берілмеді. Мұны журнал редколлегиясында хатшы болып істеген С.Торайғыров та айқын білдіреді: “Біз Самарқан, Түркістан, Бұхар, Ташкент жағынан келген бас қатырғыш дін жақиет-терінен арылып, енді Европа мәдениетінен суарылған жаңа өнерлі тілді жасалық. Ол өнерлі тілдің үлгісін бізге Абай береді. Абайдан үйренейік, онан соң сынаптай таза, күмістей кіршіксіз қазақтың ауыз әдебиетінен, бұрынғы сөз тапқыр шешен сөздерінен үйренейік” [149, 26 б.] – деп жазды. Бұл пікірден бір жағы – “Айқап” қызметкерлерінің публицистика тілінің тазалығына аса зор мән бергендігін аңғарсақ, екіншіден – қазақ публицистикасының ауыз әдебиетінің, шешендік сөз-дердің негізінде қалыптасқандығын, көрсетіп отыр. “Қазақ-стан” ұлттық энциклопедиясының жаңа басылымында да: “Оның (“Айқаптың” – Б.Ж.) 88 саны 1000-2000 данамен жарық көрген. …Журналда қазақ ауылындағы оқу-ағарту мәселесі, әйел теңдігі, отырықшылық тұрмысқа көшу, т.б. тақырыптар мен мемлекеттік Думаға қатысу сияқты саяси мәселелер көтерілді” [71, 132-133 бб.], – деп жазылып, жалпықазақ публицистикасын дамытудағы рөлі айқындалады.

“Айқап” журналының бетінде публицистиканы қалыптас-тыруға зор үлес қосқан қаламгерлер қатарында “Омскідегі выставка жайынан”, “Жұртқа қайтсең жағасың?”, “Қазақтың құдалықтарындағы кемшіліктер”, “Тағы да жер жайынан”, т.б. мақалаларымен көрінген Шаһмардан Әлжанов, “Балмұхамет Ташеновке жауап”, “Ұрлық түбі қорлық”, “Азып-тозып кетпеске не амал бар?”, “Бас қосу”, “Съезд туралы келген хаттар”, “Тағы да съезд қақында”, “Үлгі аларлық іс”, “Өсиетнама жазу”, т.б. мақалаларымен жиі көрінген Жиһанша Сейдалин, “Верныйдағы көрген-білгендерім”, “Думакәрлік”, “Түркістан шаһарында”, “Шымкенттен”, “Тоқмақ ауылдары”, “Райымжан мырза Мәрсековпен сөйлескенім”, “Ішкі хабарлар”, “Әулиеата мен Шымкент арасы”, “Шымкент уезінде ас”, “Қытай қазақтары жайынан”, “Әулиеата шаһарында”, т.б. көптеген хабар, мақалаларды Оңтүстік өңірден үзбей жазып тұрған Мұхаметсәлім Кәшімов, “Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?”, “Өлең һәм айтушылар”, “Ішкі хабарлар”, “Құран бұзған”, “Жаңа кітап”, “Бұлар кім?”, “Бір балуанға қарап”, “Кеше түндегі түс, бүгінгі іс”, “Көңілді көндіретін тағдыр”, т.б. мақала, өлеңдерімен жиі көрінген Сұлтанмахмұт Торайғыров есімдерін ерекше атауға болады. “Айқаптағы” қазақ публицис-тикасының дамуына Сабыржан Ғаббасов, Молдағали Жолды-баев, Жақып Ақбаев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Сәдуақас Шор-манов, Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Райымжан Марсеков, Досмаил Қашқымбайұлы, Мұстақым Малдыбаев, Ғұмар Қарашев, Шәкәрім Құдайбердиев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Барлыбек Сыртанов, Көлбай Тоғысов, Әкірам Ғалымов, Жұмағали Тілеулин, Мәннан Тұрғанбаев, Жұбакен Тілеубергенов қалам қайратымен көп үлес қосты. Қазақ ақындары Мағжан Жұмабаев, Сәбит Дөнентаев, Қошмұхамет Кемеңгеров, Бірмұхамет Айбасов, Ахмет Мамытов өлеңде-рінде де ХХ ғасыр басындағы қазақ халі бейнеленеді. Қазақтың біртуар қаламгерлері Бейімбет Майлиннің “Қостанай уезі, Дамбар болысы” атты, Сәкен Сейфуллиннің “Центрально-фельдшерская школа”, “Манап” драмасы туралы” атты алғашқы тырнақалды мақалалары “Айқап” бетінде жария-ланды. Сонымен “Қазақ халқының мәдени өмірінде тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби “Айқап” (1911-1915) журналының шығуы елеулі ірі оқиға болды” [40, 48 б.].

“Айқап” қазақ публицистикасын қоғамдық ойдың көшбас-шысы деңгейіне жеткізген басылым еді.


Мұхаметжан Сералин – редактор, публицист
М.Сералин – публицист, қазақты дұрыс жолға салуға, сөз күшімен тәрбиелеуге ден қойған. Бұл – алтын арқау, асыл желі басқарушы, бастырушы М.Сералин публицистикасының өне-бойынан табылып отырады.

“Қазақ қай заманда Россияға қосылған” /А-п. 1911, №1/ деген тарихи-танымдық мақаласында М.Сералин қазақ елінің Ресейге қосылу тарихынан нақты деректер келтіреді. Автор 1738 жылғы 3 тамызда жазылған акт қағазына қол қойған 56 қазақтың рубасы ақсақалдарының тізімін хатқа түсірген. Мақала соңында бұл деректердің Крафт деген ғалымның “Принятие киргизами русского подданства” атты кітабынан аударылып алынғанын көрсеткен.

М.Сералин-редактор “Кеңесіп пішкен тон келте болмай-ды” мақалын басшылыққа алып, әр қадам басқан сайын жұртшылықпен ақылдасып, оқушылардың ақша жәрдемін, оқығандардың қалам жәрдемін – журналдың тоқталмай шығуының басты өлшемі деп білді. Ғабдрахман Жүсіпұғлының “Журналды жұмасына бір немесе айына екі мәрте шығару керек, бұған әрбір оқушылар жәрдем ету керек…” /А-п. 1911, №8/ деген пікір-ұсынысына “Жазылушы көбейсе, біз келмек жаңа жылға шейін тиісті хақімдерден рұқсат алып, журналды айына екі рет шығаруға тырысамыз” /А-п. 1911, №10/, – деп жауап береді. Редактор үнемі көппен кеңесіп отырады. Оған “Айқап оқушыларына” атты хатындағы мына сөздер дәлел: “Және бір сұрайық деген сөзіміз журналымыз осы тәртіппен шыға беруі жарай ма, болмаса, тәртібін өзгерту тиіс пе? Тиіс болғанда - қалайша өзгерту керек? Осыларды көрсетуін үміт етеміз” /А-п. 1911, №12/. Алғашқы бір жыл шығып, таралған-нан кейін де артқа қайырылып, не тындырылғанына шолу жасайды. “Он екі айдан бері “Айқап” жұрттың біразырағын оқуға үйір қылды. Қазақша ойлауға, ойлаған ойын қазақша жазуға бірсыпыра адамды үйретті. Заманымыздағы халық басында тұрған ең керекті болған мәселеміз жер әңгімесі хұсұсында (турасында) азды, көпті жұрттың ойын қозғауға себеп болды. Қазіргі жұрт құлақ сала қоймаса да, народный сот елді теңеруге, балаларды оқыту, сайлауға таласудың залалы хақында аз да болса қозғап жатыр…” /А-п. 1911, №12/, – деп журнал көтерген мәселелердің ең маңыздыларына ел назарын аударады. Сөзінің соңында алдымен матбұға қожасы Соснов-скийге, екінші жәрдем еткен Тәңірберген Тұрсынбековке, Сәдуақас Шорманов, Ғабділрахман Жүсіпов сияқты ел азаматтарына, үшінші бір жыл бойы “Айқапқа” жазып тұрған шәкірттерге “Алла разы болсын!” айтады.

Журналдың 1912 жылғы алғашқы нөмірі де басқарушы, бастырушы М.Сералинның оқырманға арнау сөзімен ашылған. “Қадірменді оқушылар! “Айқап” журналы Алла жеткізіп, екінші жасына аяқ басты” /А-п. 1912, №1/, – деп ағынан жарыла қуанған редактор, осы жылы “Айқап” қолға алатын басты-басты төрт мәселені көрсетеді:

“Биылғы жылы “Айқап” журналының алдымен қолға алатұғын мәселесі – былтырғыдай жер мәселесі болар, яғни алты алаштың баласына егін шаруасына қолайлы жерлерге қала салуды қуаттап, халыққа шамасы келгенше түсіндіру…

Жерден соңғы журналымыздың көп ой жүргізетұғын мәселесі таласу һәм партия болуды жоғалту хақында болар…

Үшінші мәселеміз, оқу һәм оқыту хақында…

Төртінші, қатын-қыздарымыздың кемшілікте тұрғандықта-рын халыққа ескерту” /А-п. 1912, №1/. Сонымен қатар, редактор М.Сералин үнемі халық пікіріне құлақ асып отырған. Осы мақалада да, “журналға сөз жазушылардың қай жердің адамы екендігі жазылса”, “Қазақтың шежіресі хақында кеңестер берілсе”, “Россия жұртының хал-ахуалын білдіріп отырса”, “Өлең-жыр жазылса екен” /А-п. 1912, №1/, – деген көпшілік пікірлерімен санасып отыратындығын байқатады. Мұның өзі журналдың тиімділігін арттырып, басылым беделін көтеруге ықпал еткен негізгі факторлардың бірі екендігі көрініп тұр. “Оқушыларымыздың ақша жәрдемін, біліміміздің қалам жәрдемін күтіп тұрамыз” /А-п. 1912, №1/, – деп, журналдың тоқтамай, сапалы шығуына себепкер басты екі жайтты тағы да жұртшылық есіне салады.

1913 жылғы журналдың алғашқы нөмірінде “Қадірменді оқушылар!” Журналымыз үшінші жасына шығып, алдары-ңызға бірінші нөмірі келіп тұр. Мұнан былайғы айында екі рет шығып, шамасы келгенше оқушыларын риза етуге ұмтылады, журналымыз мұны бірінші міндет деп біледі” – осындай алға қойған мақсатты айта отырып, қазақ шаруашылығының жалпы ахуалы, жер мәселесінде отырықшылық қалыпқа ауысқан елдердің көріне бастауы, думаға депутат сайлаудың нәтиже-сіздігі, “Қазақстан”, “Айқап” басылымдарының шығуы және “Қырық мысал”, “Маса”, “Бақытсыз Жамал”, “Өрнек”, “Томыш”, “Шайыр”, “Көкселдір”, “Шежіре”, “Мұсылмандық кітабы”, “Қалқаман - Мамыр”, “Топжарған” секілді жаңа рухта жазылған кітаптардың дүниеге келуі сияқты мәселелерге шолу жасайды. Осы мәселелердің бәрі дерлік “Айқап” бетінде үзбей көрініс тауып отырғандығына ел назарын аударады. Өткен жылдардың жайсыз жағы ретінде “Қазақстан” газетінің ақша жоқтықтан жабылуын, Міржақып Дулатов окружной соттың хүкімі бойынша айыпты болып, бір жылға крипостыққа отыруға хәкім етілгенін, “Айқап” байқамай сөйлеймін деп жүз сом штраф тартқанын қамыға хабарлайды. Мұның бәрі – М.Сералин – публицистің қазақ қоғамында болып жатқан әрбір істі өз жүрегінен өткізіп, шын ел жанашыры болғандығының айғақтары.

М.Сералин – публицист үкімет саясатына үнемі бас изеп, қолдап отырған жоқ. Ол әсіресе қазақ халқының отырықшы-лыққа бет түзеуін қолдады. Егіншілікке үйреніп, қала салуын қолдады. Ол өзінің “Біздің дертіміз” /А-п. 1911, №3/, “Жер әңгімесі” /А-п. 1913, №13/, “Жер әңгімесі” /А-п. 1913, №17/, “Отырықшы болған қазақтар туралы” /А-п. 1913, №20/, “Шаһар Троицк” /А-п. 1911, №2/, т.б. мақалаларында қазақ халқын отырықшылыққа шақырады, отырықшылық пайдасын түсіндіреді, жер-су құқықтарына тоқталады. М.Сералин – публицист отырықшылық мәселесін көтере отырып, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын батыл сынға алып отырған кезі де болды. Мәселен оның: “Түпкілікті қоныс болуға жарай-тұғын жерлер шетке кетіп бітетұғын. Түбінде мұндай жерде бытырап жүріп оңбаспыз” /А-п. 1913, №20/, немесе “Соңғы он жыл ішінде үкімет… қырғыз- қазақтарды отырықшы қылып өнер үйретейін, өнерге алғызайын, көшіп азап шеккенше, отырықшы болып 12-15 десятина жер алып отырсын деген жоқ, жер ала алмағандардың жерін айламен кесіп алмақ” /А-п. 1911, №11/,– деп Ресейдің отарлау саясатының бетпердесін ашып берді, қатаң цензураға да қарамай шындық ахуалды ел құлағына жеткізе білді, үкімет шешімдерін батыл сынға алды. Біріншіден, отырықшылықты жақтап, өркениет көшіне қазақ қауымының ілесуін қолдауымен, екіншіден қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алып отырған озбыр отаршылдық саясатты әшкерелеуімен де М.Сералин публицистикасының маңызы зор. Енді бірде орыстың заң жүйесінің қазақ дауын шешудегі дәрменсіздігін сынға алады: “жаңа болыстық соттар қазақы дау-жанжалды шешуге икемсіз… болыстық сот құны 300 сомнан артық мал дауын тексере алмайды. Қазақ арасындағы жесір дауының құны көбіне 300 сомнан асып кеткендіктен дау-дамай қалай шешіледі” /А-п. 1913, №20/, – деп түйіледі. Бұл түйінді шешу үшін “Қазақ әрекеттері” деген құқықтық норма-ларды жүйелі қалыпқа келтіретін кітап шығару керектігін алға тартады.

М.Сералин өз мақалаларында қазақ арасында оқу-білімнің өрістеуіне отырықшылық тікелей әсер етеді деген пікірді ұстанады. “Россия мемлекетінде бақытты болып тіршілік ету үшін ғылым, өнер керек, орысша тіл білу керек. Бұларды білу үшін мектеп һәм школ керек болатұғын болса, әлбетте мұндай істерді 4-5 үй біріге отырып істеп шығару мүмкін емес. Бұған қала болып жиылудан басқа ем жоқ” /А-п. 1912, №3/, – деп, ағарту саласындағы жетістікке жету үшін, қазақ қауымы бас қосып қала салу қажеттігіне көпшілік көңілін аударады. Бұл да ХХ ғасыр басындағы ірі қоғамдық-саяси проблемалардың бірі еді. Отырықшы болып, қала салып, мектеп ашсақ қана ілгері басып, ұлттық қасиеттерімізді сақтай отырып дами аламыз деген ойларды халық санасына сіңіре түсті. Ал бұл ойлардың әсер-ықпалы орасан зор болғандығын, тарихқа үңілген бүгінгі ұрпақ көзбен көріп отырмыз.

“Біздің қазақ жастары дүние күтуді екі нәрседен іздейді: біреуі-оқу оқып хакім болу (писарь, тілмаш секілді) яки мұғалім болып бала оқыту. Бұлары бек дұрыс, ләкін дүние осы екі жолға ғана тіреліп тұрған жоқ, басқа кәсіптерге, басқа орындарға неге кірмейді деп өкпелеймін… Алла тағала Құран шәріфте: “жақсылық істесеңіз ол да өзіңіз үшін” деген. Біздің бар болуымыздан, жоқ болуымыздан бөтендер үшін келіп кетер пайда, сор жоқ. Ойлаңыз жұртым!” /А-п. 1912, №3/, – деген публицистің жан дауысы кең жерге қанат жайған аз қазақ халқының әрдайым есінде болатын заманауи ірі жүкті көтеріп тұрған, қанатты сөздер. Ащы да болса, шындықты көрсетіп, қазақ қауымының жігерін жанып, намыс отын жағатын жарқын ойлар.

“Аз-артылып жатыр, көп-жетпей жатыр” деген проблема-лық мақаласында ғылым, өнер жолына түскен Торғай облы-сындағы қазақ балаларының стипендиясының көп-азын байқап, бағамдайды. “Орынборда ерлер гимназиясында – екі, реальный училище – алты, Троицкіде ерлер гимназиясында алты стипендия бар” /А-п. 1913, №1/, – деп нақты деректер келтіре отырып, сол стипендиялардың аздығын, оның өзін алып оқу орнын толық бітіре алмай жатқандардың бар екенін тілге тиек етеді. “Орыс болса, барын аямай баласын оқыта береді, біздің қазақ стипендия болмаса малын сатып, ақша шығарып, баласын оқытпайды” /А-п. 1913, №1/, – деп қамығады. “үш жүз қырық мың қазағы бар Торғай облысы жиырма бала оқытып жүргенінде, осындай халқы бар орыс губерниясының бір жылғы оқушылары екі мыңнан аса түседі”, – деп салыстырмалы деректер де келтіреді. Сол кездегі ауыр жағдай үшін, балаларды кінәламайды, қайта жалпы халықты білім жарығына тартады. “Осылай болған соң гимназия мен реальный училищелердегі оқитын балалардың санын көбейтіп, оларға жеткілікті жаңадан стипендиялар ашып беруіміз – мойнымыздағы мықты бір парыз” /А-п. 1913, №1/, – деп ой түйіндейді. Проблеманың шешімін табудың жолдарын іздесті-реді. Соған қазақ оқырмандарының ой қосуына түрткі болады.

1913 жылғы жазған бір бас мақаласында оқу-ағарту тақы-рыбына қайта оралып, жеткен жетістіктер мен кемшіліктерді сарапқа салады. “Оқу, оқыту жағына келсек, мұнда да шат-танарлық һәм қайғырарлық істер бар. Әр жерлерде “Төте” оқу менен балалар оқытылып жатқандығы, Ақтөбеде учительский школ ашылып, ел арасында әр жерде тәртіпті мектеп, медре-селер ашылып, балалардың оқулары, шәһарлардағы тәртіпті медреселер де һәм школдарда қазақ балаларының көп жиылу-лары көңілді біраз шаттандырады. Іликин, күзгі оқу маусымы басталған кезде Орынборск учительск школға жүзден артық бала орын сұрап, сегіз бала алынып, Қостанайдағы педагоги-ческий класқа отыз бала орын сұрап, сегіз бала алынып, қалғандарының орынсыз қалаулары әр жердегі двухкласный һәм волосный школдарға кіреміз деп талаптанған балалардың көбіне орын жетпей қалулары һәм күйінерлік, һәм шатта-нарлық іс. Шаттанарлық дегеніміз – оқушылардың көбеюші-лігі, күйінерлік дегеніміз соншама көп талапкерлердің орын таба алмай сандалып қалуы” /А-п. 1913, №1/, – деп ғасыр басындағы ағарту саласындағы болған жайларды айна-қатесіз көз алдымызға әкеледі. Публицистиканың мақсатының өзі де дер кезінде шешімін таппаған мәселелерді күн тәртібіне қою ғана емес, содан шығатын жолды іздестіріп, жөн сілтеу, бағыт беру екендігі осы мақаладан айқын аңғарылады.

М.Сералин – публицист қазақ тарихы мәселесіне үнемі көңіл бөліп отырады. Қазақ тарихының дұрыс жазылу керек-тігіне, шежіре қариялардың хатқа түсіріп, оны “Айқапқа” жариялау арқылы бір ізді етіп болашаққа жеткізуге баса назар аударады. Бұл оның “Қазаққа тарих керек пе?” мақаласында жан-жақты көрінді. “Біз өткен жылғы бірінші “Айқапта” қазақ халқының нәсілі турасында біраз ғана сөз қозғап едік. Мақсатымыз бұрынғы өткен ата-бабаларымыз қақында кітаптарда жазылып қалған сөз болса қариялардың да, кәрі құлақтардың да естіген сөзі болса да, “Айқапқа” жаза берсек, түбінде бір тиянақты іс болып шығар ма еді деген едік.

Біздің қазақ халқының бұрыннан жазылып келе жатқан белгілі шежіресі жоқ, ауыздан-ауызға айтылып келе жатқан сөз болмаса. Қазақ халқында басқа жұрттардың білімділері жазған кітаптар бар, ол кітаптарда онша толық жазылмаған… Сондадағы сол кітаптардағы айтылған сөздерге құлақ салмай болмайды. Ол кітаптардың жазушыларының көбірегі орыс ғалымдары. Олардың біз туралы жазған сөздері, әлбетте, біздер үшін, әсіресе қазақ үшін онша көңілге қонымды шықпайды” /А-п. 1912, №7/,– деп қазақ тарихына қатысты анық, айқын ойын білдірді. М.Сералин өзі ғана бұл мәселені қозғағанымен іс бітпейтінін біле отырып, журнал басқармасы атынан сөз алып, көпті көрген көнекөз ақсақалдарды қазақ шежіресін жазуға шақырды: “Бір жұрттың жұрт болып бұ жалғанда тұра алуы үшін… өзінің кім екенін білуі керек. Өзін, өткенін, қандай адамдары келіп, кеткенін білмеген, ұмытқан жұрт жалғанда жұрт болып тұра алмайды. Бұл белгілі. Соның үшін “Айқапты” оқушы, азаматтар, сіздерден өтінеміз: өз білген-деріңізше һәм саққұлақ, ұғымды адамдардан, көпті көрген, естіген көне қарттардан сұрастырып, қазақтың бұрын қандай білгіш, жүйрік, шешен, ақын, жыршы, тапқыш би адамдары өткен. Қай мезгілде болған, қай рудан (білсе, қай жылы туып, нешінші жылы өлгеніне шейін), ата-баба… Соның бәрін қалдырмай түгел “Айқап” журналына жазып жіберсеңіз екен” /А-п. 1912, №6/,– деп елге өтініш айтты. Бұл да көш бастайтын көсем адам ісінің көрінісі болса керек. Дәл осындай шақыру, өтініштер негізінде “Айқапқа” хат-хабар, шежіре жайынан тұтас мақалалар да түсе бастады. Соның бірі журналда басылған К.Бәтішұлының “Қазақ шежіресі” атты шығармасы еді. Көлемі шағын болғанмен де көп деректердің басын қосып көрсеткен. “Алаштан екі бала туған – Сейілхан, Жәйілхан деген. Сейілханнан сегіз арыс Түрікмен. Жәйілханнан Майқы би… Майқы биден Өзбек, Сыбиян. Сыбиян Айырқалпақтан Қазақ, Созақ. Созақтан Қарақалпақ. Қазақтан үш бала туады. Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс…”/А-п. 1911, №3/, – деп К.Бәтіш-ұлы қазақ шежіресін таратып жазады. Мұнан кейін “Айқап” бетінде қазақ тарихын жазуға қарсылық білдірген хаттар да жарияланады. Соның бірі – Е.Дүйсенбайұлы деген автор былай депті:

“– Құрметті редактор! Сіздің журналыңызды бір адамнан көріп оқыдым, іске сәт!

… “Айқаптың” бірнеше нөмірінде қазақтың ру-аталарын жазыпсыз һәм үміт еткенсіз білген кісілер толық қылып жазар деп… Әпендем! Біздің қазақ-өзбек халқына бірлік кіріп, басы қосылмай, “алты ауызды алаш” аталғаны сол ұру-ұруға бөлі-ніп, ұран шақырып партия болғаннан еді. Сіз журналыңызға жазып оны не қыласыз? Ұмытқан кісілер бола қалса есіне түсіп, қайтадан бір ел бір елді, бір ауыл бір ауылды шауып алып, бірлігі кете түссін деген жұмыс па?! Мұны газет-журналменен көрсетпей-ақ қазақ өзі де ұмытар емес… Бізге барша түрік халқына, арғын, найман, дулат, қоңыратты қойып бірақ тоқсан екі баулы өзбек болып табылу керек…” /А-п. 1912, №7/. Бұл әрине жазған адамның өз пікірі. Ал М.Сералин публицист болса, жаңағыдай теріс пікірді де жариялай отырып, қазақ тарихын білудің неге керек екенін жұртшылыққа тайға таңба басқандай етіп, анық ойлармен көрсетеді. Теріс пікірлі авторға жүйелі жауап білдіреді. Онда былайша ой түйеді: “Мінеки шежіре жазуды ұнатпаушының сөзі. Бұл сөздердің барлығы да қатасыз тауып айтқан сөз деп біз түсінбейміз. Біздің білуімізше қазақтың партиялығын күшейткен – қазақтың уру-ұруға бөлінгендігі болса, сол ұру-ұру болып бөлінуге түп себеп не болған? Сол ұру-ұрудан қазақ қанша залал көрген, асылында ұру деген не нәрсе, жасыл кілем бұрынғы ата-бабамыздың қалпын, жайын біліп істеген, білмей жаңылып істеген нәрселерін жазып, айтып халыққа түсіндіру керек дейміз. Тарих жазу, оқудан мақсат осы емес пе?! Аталардың үлгі боларлық ісі болса, қолға ұстап, залалды істері болса, ол істі енді істемей тастау үшін тарих керек емес пе?!

…Бұрынғы ата-бабаларымыздың нәсіл-нәсібін тексерген-діктен қазақ қайта жауласып кетіп, бірін-бірі шауып алар деген хәуіпке біз ортақ бола алмаймыз.

…Біздің нәсіліміз “Түрік”. Тарихтардың айтуына қараған-да ешбір атадан кем болмаған. Бір заманда бүкіл дүниені тітіретіп тұрған сол. “Түрік халқы” бұрынғы заманда өздерінің мәдениеті, өздерінің ғұрпы болған” /А-п. 1912, №7/.

Қазақ тарихы хақында М.Сералиннің айтқан бұл пікірлері қазір де құнды, өз мән-маңызын жойған жоқ. Шын мәнінде ата-баба шежіресі қазаққа жік-жікке бөліну үшін емес, өзінің түп-тарихын тура білу үшін қажет болғанын қалың көпшілікке айқын түсіндіріп бере алған. Оның бұл ойларының тағылым-дық мәні өз құнын жоймақ емес.

“Аштық хақында” /А-п. 1911, №7/ деген мақаласында жаздай жауын болмағандықтан егін, пішен шықпай қазақ шаруасының жайсыз болып тұрғандығына тоқталады. Әсіресе, Қостанай уезінің Шұбар, Сарой, Арал болысына қарағандар-дың аштық қаупі бар екенін айтады. Торғай облысының губернаторы ашаршылыққа жәрдем беруге жүз елу мың теңге сұратып алып, оны қақолдың кедейлерін тойындыруға бөл-мекші. Ал қазақ кедейлерінің мұқтажын ойлайтын адам жоқ екендігін, областной сомадағы жетпіс мың теңге ақшаны қазақ халқының мұқтажына жұмсауға сұрау керектігі әңгімеге өзек болады. М.Сералин өзінің публицистикалық мақаласында қазаққа төнген қауіп, нәубеттің бетін қайтаруға тырысады. Халық, ел атынан нақты деректермен сөйлеп, билік басында-ғылар назарын аударып, қиналған жұртшылыққа көмек қол ұшын созады. Мақаланың көтереген әлеуметтік жүгі осыдан-ақ көрініп тұр.

“Сырттай қарағанда М.Сералин патша әкімшілігі белгіле-ген программаны қолданғанымен, іс жүзінде журнал бетінде көтерілетін мәселелердің шеңберін кеңейтті. Ол Қазақстанның ХХ ғасырдың бас кезіндегі қоғамдық-саяси жағдайын, экономика, право, тарих және мәдениет мәселелерін қамтитын бірнеше бөлімдер мен рубрикалар ашты”[40, 89 б.]. Ғасыр басындағы қазақ халқының алдында тұрған мәселелерді ресми орындар арқылы шешу тұрғысында да М.Сералин-публицист ел алдына нақты міндеттер қоя білді. “Жыламаған балаға емшек бермейді” деген ғой, һәр уақытта барымызды білдіріп, жоғымызды тиісті орындардан сұрап алып тұруымыз керек…” /А-п. 1911, №7/ – деп ел қамын ойлап, күрделі мәселелерді дер кезінде шешіп отыру керектігіне баса көңіл бөлді. Мәселен, 1912 жылы жарық көрген “Юбилей туралы” деген мақаласын-да, Романов әулетінің патшалық құрғанына 300 жыл толу мерекесіне қатысқан қазақ өкілдеріне мынадай күрделі саяси мәселелерді қоюды жүктеді:

Қазақтан Думаға депутат сайланатын болсын;

Қазақ жеріне бұдан былай қарашекпенділер келтіру тоқтатылсын;

Казак, орыс орналасқаннан қалған жер қазақ пайдасына берілсін;

Мал шаруашылығын жаңаша өркендетуге орыспен бірге қазаққа учаске берілсін;

Қазақстандағы қазынадан сатылатын жерлерді орыс пен қатар қазақтың да сатып алуына рұқсат етілсін;

Дін туралы, мектеп, медресе ашу туралы, халық сотын өзгерту туралы сұрасын /А-п. 1912, №5/,

Дәл осы тұста М.Сералин – публицистің қозғаған мәселе-лерінің қай-қайсысы болса да, бүкіл қазақ тұрмысын жақсар-туға, қазақ елдігін нығайтуға бағытталған шаралар еді. Профессор Б.Кенжебаев: “Мұхаметжан Сералин қазақ тілінде тұңғыш рет “Айқап” журналын шығарды; “Айқап” бірқатар қатасы, кемшілігі бола тұрса да, жалпы алғанда, демократтық-ағартушылық бағытта болды, қазақ тарихында прогресшіл роль атқарды: халықтың оянуына, саясат, шарушылық, мәде-ниет жақтан өсуіне көп әсер етті. …Сонымен, Мұхаметжан Сералин қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы әрі көрнекті қоғам қайраткері, әрі көрнекті журналисі, ақыны” [151, 36-97 бб.] – деп атап көрсетті. М.Сералин “Айқап” бетіндегі мақалаларына “М.С.”, “Мыс”, “Басқарма” сияқты бүркеншік аттармен қол қойды. Журналда жарияланған публицистика-сында қоғамдық маңызы зор мәселелерді жан-жақты қамтып, қазақтың мақал-мәтелдерін қолданып, түйінді ойлармен өз ойын тұжырымдап, көпшілікке ұғымды тілмен, басты идеялар-ды нақты жеткізе білді. Әрі журнал шығару арқылы қазақтың қоғамдық ойын бір жерге топтастырып, ұлттық публицистика-мыздың таза қазақ тілінде қалыптасуына зор үлес қосты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет