«Дала уалаятының газетіндегі» ұлттық публицистика
Қазақ тіліндегі екінші газет 1888 жылдың 1-қаңтарынан бастап шыға бастады. Омбы қаласында Дала генерал-губерна-торының органы ретінде шыққан “Акмолинские областные ведомости” газетінің қосымшасы ретінде “Особое прибавление к Акмолинским областным ведомостям” деген атпен жарық көрді. Кейіннен 1894 жылдан бастап “Дала уалаятының газеті” деген атпен шығарылды. Бұл газеттің орысшасы “Киргизская степная газета” деп аталады. Газет редакторы ретінде И.Козлов, К.Михайлов, Г.Абаза, А.Попов, Д.Лавров деген адамдар қол қойған. Газеттің қазақшасын аудармашы қызметін атқарған Ешмұхамед Абылайханов пен Дінмұхамед Сұлтанғазиндер басқарды. Газетке қатысқан қаламгерлер қатарында Р.Дүйсенбаев, Қ.Жапанов, Б.Чалымбеков, О.Әлжанов, Ж.Айманов, Д. Иманқұлов, А.Құрманбаев, А.Қылышбаев, А.Нөкербеков есімдерін атауға болады.
“Дала уалаятының газеті” – қазақ публицистикасының қалыптасуына үлкен әсер еткен басылым болды, әрі ірі қазақ публицистерінің мінбері болды. Газет ашылды. Ол тек патша үкіметінің бұйрық, жарлығын ғана жариялап отырса, газеттен келіп-кетер пайда аз болар еді. Сол кездегі ақылды, парасатты қазақ зиялылары, оны халық санасын оятуға, ішкі-сыртқы саясаттан мол хабардар етуге пайдаланды. Бірақ бұл өте қиын да қауіпті іс болатын. Орыс әкімқараларына қазақтың саяси ақыл-ойын алға сүйрейтін идеяларға толы мақалалардың жариялануы жақпады. Мәселен Ішкі істер министрлігінің барон Таубеге жазған хаты назар аударарлық. Онда былай делінген: “В 1887 году бывший степной генерал–губернатор генерал от инфантерии Колпаковский сообщил министру внутренних дел, что им сделано распоряжение об издании при “Акмолинских областных ведомостях” особого “прибавления” на русском и киргизском языках для ознакомления местных киргизов с правительственными распоряжениями, а так же для распространения в их среде полезных и необходимых для них сведений… Казалось бы для такого темного люда, как киргизы, достаточно было-бы сообщать, кроме приказов и распоряже-ний местного начальства, лишь такие сведения, которые слу-жили бы к улучшению их хозяйственного быта, внушали бы им здравые понятия об их обязанностях и т.п., но никак не вы-ходили бы за черту того, что им необходимо и полезно. Между тем в истекшем году в “прибавлении” начало появлятся в переводе на киргизское наречье “История тюрков Вамбери…” принять меры чтобы “Прибавление” к “Акмолинским областным ведомостям” было издаваемо в направлении, более соответствующем потребностям инородцев, для которых оно предназначено” [137], – деген архив деректеріндегі мәліметтер сол кездегі цензураның аса күштілігін аңғартса керек.
Ал венгр ғалымы Герман (Армений) Вамберидің “Түрік халықтары” атты танымдық кітабының 2 тарауының аудар-масы “Дала уалаяты газетінің” 1889 жылғы №35-37, 40, 42, 45, 47, 50, 52 нөмірлерінде жарық көрді. Онда түрік халықта-рының тілі мен мәдениеті, тарихы мен этнографиясы туралы көптеген мағлұматтар келтірілген. Әрине Орта Азиядағы түрік тектес халықтар арасында “түрікшілдікке” қарсы күрес жүргі-зіп отырған орыстар үшін мұндай материалдың жариялануы қауіпті еді.
Дінмұхамед Сұлтанғазин – ұлттық
публицистиканың негізін салушылардың бірі
Басын қатерге тіксе де, ретін келтіріп, жалпы қазақ ұлтының қамын ойлайтын қоғамдық жайларға мойын бұрып, сәті түссе ресми емес бөлімде тарихи маңызы зор мақалаларды жариялап жіберуді өз мақсатына айналдырғандардың бірі – газеттің қазақша нұсқасына редакторлық жасаған Дінмұхамед Сұлтанғазин болды. Дінмұхамед Ғазыұлы Сұлтанғазин 1867 жылдың 10 мамырында Семей қаласында туған. Ш.Уәлиха-новпен аталас, немере туыс. Әкесі Ғазы Болатұлы Шоқанның атасы Уәлидің Ғұбайдулла деген үлкен ұлының баласы екен. Дінмұхамед Томск университетінің медицина факультетіне оқуға түсіп, бір жылдан кейін Санкт-Петербург универси-тетінің шығыстану факультетіне ауысады, оны 1895 жылы 1-ші дәрежелі дипломмен бітіргеннен кейін, сол оқу орнының заң факультетіне түсіп, 1897 жылы заңгер мамандығын алады. Небәрі 30 жасында 3 мамандық игеріп, араб, парсы, түрік, татар, орыс, француз тілдерінде еркін сөйлеген білікті қазақ азаматы соның ара-арасында газет ісіне де араласып, көрнекті қазақ публицисі болады, қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріледі. Оның публицистік қызметі, әсіресе, 1888-1902 жылдары “Дала уалаятының газетінде” редактор және аудармашы болып істеген жылдарында көрінеді.
Д.Сұлтанғазин 1890 жылы “Біздің қазақ тілі туралы бес-алты ауыз сөз” деген мақаласында тіл тазалығы мен анықтығы туралы мәселені көтереді. ”Қырдың қазақ тілі хұсусында қазақша қалай сөйлеп, қалай нәху менен жазу турада. Анық қазақ тіліменен жазылған дұрыс жазып, анық сөйлеуді білдіретін мәшһүр һәм нәху кітаптары болмаған себебінен қазақ тіліменен аумай дұрыс жазу қиындау болып, қазақша жазатындары ғәйри түрік лұғаттарының нәхуларына жүгіртеді. Сонда да бұлай қылу анық қазақ тіліменен жазуға көңілдегідей толымды келмейді” /ДУГ. 1890, №6/, – дей отырып сарт, ноғай тілдеріндегі және араб, парсы, орыс тілдерінен енген сөздерді қазақша айтылу, жазылу үлгісін сақтап жазу керектігін ескертеді, тағзим, ғанимат, ғұлама, насихат, маслихат сияқты араб сөздерін ғылымсыз қазақтарға ұғымды етіп жазу керектігіне назар аударады. Мақалада Мәшһүр–Жүсіп Көпеевтің қырдағы бала оқыту хақындағы жазғанын, Омбы оязының молласы Бөкен Әдіковтің қазақ тіліндегі кітаптардың жоқтығын жазғанын құптайды. Әсіресе: “Анық қазақ тілімен бір кітап жазған Алтынсарин марқұм солай ойлап еді” /ДУГ. 1890, №6/, – деп қазақ халқының әліппесін бір ізге түсірудің қажеттігін дер кезінде проблема етіп көтереді. Өйткені сол кезеңде баспасөз, кітаптарда бөтен сөзбен сөз арасы былғанса, қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерінен айырылып қалатынды-ғынан алдын-ала сақтандырады. Бұл проблема – өзінің көкейкестілігін әлі күнге жоғалтқан жоқ. Сұлтанғазин ойының құндылығы да сонда. Газеттің 1888 жылғы 48-нөмірінде “Бұрынғы замандағы билердің билік қылуы” атты мақала басылған. Орысша мақала авторы – А. Крахалев, қазақ тіліне тәржімалаған – Д. Сұлтанғазин. Мұнда қазақтың билік үкімінің әділдігі жан-жақты дәлелденеді. 1734 жылы Анна атты орыс патшайымы Иван Кириллов дегенді Кіші жүздің Бөкей ордасына қазақ ішіндегі билік рәсімдерін біліп қайтуға арнайы жібергендігі баяндалады.
“Қазақтың үлкендерге ас бергенінің бір пайдалы жері, асқа жиылған халықтар іс тексеріп дау бітіреді екен… Сол уақытта істі біліп, ақылды екенін көрсеткендерді би қояды екен”, – деп қазақ билерінің ел сеніміне қалай кіретіндігін көрсетеді. Мақалада қазақ биіне тән қасиеттер ретінде – ақылдылық, әділдік, шешендік, халық сеніміне ену, көпшіліктің сүйікті адамы болу керектігі аталады. “Билер жаза салып іс кескен уақытта ұятқа қарап бұрынғы рәсім бойынша қылады екен. Билер кесім қылған мезгілде өздері де билік алады екен, мәжілісіне қарай, бұрынғы рәсімі бойынша билердің билігі кескен малдың он бөлгенінің біреуінен көп болмаса керек. Сондай билердің бір бітірген дау ісін екінші қайтара дау қылып қайтадан билік қылмайды екен” /ДУГ. 1888, №48/, – деп қазақтың билік өнерін үлгі ретінде ұсынады. Шын мәнінде сол замандарда жер дауы, жесір дауы, мал дауы сияқты қылмысты істер билер үкімімен-ақ шешімін тауып жатқан. Ал аса ауыр қылмыс атаулы, тіпті қазақ даласының табиғатында болмаған сияқты. Ол кездегі адамдардың жанын таза ұстауы, ауыр қылмысқа бармауы, көсем билер үкіміне құлақ асуы – қа-зақ даласының жаймашуақ тіршілігінің үлгі боларлықтай көрі-нісі ретінде бүгінгі күнге публицистика тілі арқылы жетіп отыр.
Газеттің 1894 жылғы 12-нөмірінде Д.Сұлтанғазиннің “Кейінгінің қамын ойлап жазылған ақыл” атты хаты жарияланған. Бұл хат – асылы ең алдымен қазақтың көзі ашық оқығандарына, ал түптің түбінде бүкіл қазақ халқына жолданған хат.
“Қыр даласында үшбу уақытта біздің мұсылманша һәм орысша оқу білген білімді адамдар көп. Бұл адамдар жаңа жұмыстардың мән-жайын байқап біліп, бұл жұмыстарды қадірлеп, жай бұқара халықтарға ешбір тоқтамастан үлгі көрсетсе керек. Бұрынғы уақыттағы адамдар оқу білмеген соң, бір орнынан ешқайда бармаған еді. Жан-жағында, дүниеде не болып жатқанын білмеуші еді…” /ДУГ. 1894, №12/, – деп бастап, қазақ халқын оқуға, білімге, ғылымға үндейді. Ағартушылық бағытта жазылған осы шығармасында Д. Сұлтанғазин-публицист Сібірде жасалып жатқан темір жолдың ертең қазақ даласына да жететінін телеграф пен откемелердің де қыр қазағына мәлім болатын күнінің алыс еместігін айтып, оқырманды өз ойымен қызықтыра ілгері дамуға сүйрейді. Қазақ халқы да бұрынғы әдетін сақтап қала отырып, көп атақты халықтардан үлгі алып, ол жақсылықтарды өз ғұмырына пайдалану керектігіне мән береді. Егіншілік, жеміс егу, мал бағу сияқты шаруалармен бірге, “Ақылы бар данышпан адамдар дүниенің мән-жайын біліп, өзіне қаратып алады” /ДУГ. 1894, №12/, – деген соқталы ой айтады. Дүниедегі білімді үйренбеген “надан халықтар қорқақ, именшек, жасқаншақ, не болса соған иланатұғын болады. Білімі көбейген сайын адамдар тиянақты, батыл келеді, білім көбейеді…” – деп надандықтың ауылынан шығып, білімді жарық дүниеге сапарға шығуға барша халықты шақырады. Шақырғанда да соқырға таяқ ұстатқандай етіп, білім-ғылымның нұрлы жолын көрсетеді.
Дәл осы білім-ғылым жолына түсудің бірден-бір жолы газет екендігін тайға таңба басқандай анық аңғартады. “Мұндай пайдалы білім шашатұғын нәрсе Дала уалаяты үшін шығарылмыш қазақ газеті деп білеміз. Көшпелі халықтың құрметті жақсы, атақты адамдары һәмма газеттің анық пайдалы екенін де біледі. Оның бер жағында қазақша газеттің әсіресе пайдалы екенін білсе керек. Бұл газет көз жетпейтұғын қыр даланың ішіндегі жатқан халықтың бірер нәрсеге мұқтаж турасында керекті. Бірінің айтқан ақылын біріне білгізеді. Егер де бұл ақыл мал бағып өсірмек, егін екпек, барша қыр даланың ішіндегі шаруаға һәм адамның ғұмырына тиесілі жауаптарға керекті болған болса. Жоғарғы айтылмышқа қарағанда біздің газет оқырмандарымыз хабар шашып тұрған бұл жалғыз газеттің қымбат, қадірлі екенін де білсе керек деп ойлаймыз…” /ДУГ. 1894, №12/. Міне осы сөздерден Сұлтанғазин – редактордың газет шығаруды қандай мақсатқа бағындырғысы келетінін айқын аңғарамыз. Ол тек патша үкіметінің шешім-дерімен елді таныстырып отыратын, тілмаш, аудармашы, орыс отаршылдарының қолшоқпары емес. Қайта орыс әкімдерінің сеніміне кіре отырып, қазақша газетті өз қолына алып, сол арқылы қалың қазақтың санасын оятуға, білімін кеңейтуге, танымын ұлғайтуға күш салатын қайраткер-қаламгер екендігі айқын көрінеді. Мақаланың соңында: “Біздің оқу білген оқымысты адамдар, өлеңші, жыршы, ертегіші, хикаяшы адамдар да ұмтылып жаһұт етіп жұмыстарын қолына алып оқушылардың пайдасы үшін мұны ынтық қылмақ үшін өздерінің білгенін, көргенін жазып тұрар деп көңіл айтамыз”, – деп тұжырымдайды өз ойын. Шындығында да “Дала уалаятының газеті” қазақ халқының әдеби-мәдени, жалпы рухани тұрғыдан дамуында зор ағартушылық, тіпті қоғамдық-саяси рөл атқарған басылым екендігі – бүгін алыстан асқар таудай “мен мұндалап” көрінеді.
Шын мәнінде “Қазақстанда мәдениеттің дамуына мерзімді баспасөздің пайда болуы елеулі әсер етті” [99, 464 б.].
Публицистика қашан да сол кезеңдегі ең өзекті мәселелерге үн қатуы керек. Мұндайда публицист өз ойын газет бетінде жайып салады. Өз пікірін батыл білдіріп қана қоймайды, өз ұсыныстарын айтумен бірге, басқа да азаматтарды маңызды бір мәселе төңірегінде толғануға шақырады. Дәл осындай ыңғайда жазып – жарияланған Д. Сұлтанғазиннің бір мақаласы “Қазақ сөзін қалайша жазу турасы” деп аталады. Мақалада қазақ тіліне орыс әріпін пайдалану керек пе, жоқ әлде бұрынғыдай араб әрпінде жазу керек пе? – деген сауалдар төңірегінде ой өрбітіледі. Бұл – бір күндік мәселе емес. Бүкіл бір халықтың тарих, тағдырына қатысты зор қоғамдық мәні бар мәселе боғандықтан, Дінмұхамед – публицист тақырыпты жан-жақты ашып жазуға тырысқан. Әсіресе, қалыптасқан бірнеше пікірлерді құптайды. “Зор білімді адамдардың бағзысы қазақ сөздерін араб әріптеріменен жазу жарамайды деп, ешбір араб әліпбиін басқа әріптер қосып толтырса керек деп әр түрлі сөз айтып жүреді бағзы бір білімдіміз деп жүрген есерлеу адамдар қазақтар өздеріне бір түрлі әліпби ойлап шығарса керек, я болмаса азырақ өзгертіп латын жұртының әріптерін алса керек деп.
Осы жоғарыда айтылған адамдардың сөздерінің ешбір дәмі жоқ екендігі көрініп тұр. Себебі, қазақ білмейтін бір бөтен әліпби шығарғанша бұрынғысын түзеткені жақсы. Егер қажет болса және бір түрлі білімді адамдардың қазақ сөздерін орыс әліпбиіменен, орыс әріптеріменен жазу жарайды деп айтқан-дары бір таңсық сөз” /ДУГ. 1899, №22, 23/, – деп бір түйеді. Шын мәнінде автордың өзі араб әліпбиінің қазақ жазуына қолайлы екенін, әсіресе қазақ тілінің әуезділігін сақтауға келгенде тиімді екенін, әрі қазақтардың мұсылман жұрты ретінде араб әліпбиімен хат танып, хат жазып жүргендігін тілге тиек етеді. Бірақ публицист бір жақты пікірге ұрынып, тек сол араб жазуын ғана қолдану керек дегенмен тоқталып қалмайды. Ильминскийдің кейбір әріптерін өзгерте отырып, қазақ сөздерін орыс әріптерімен жазса, – деген ұсынысын және Григорьевтің орыс әріптерін өзгертпестен, қазақ сөздерін орыс әліпбиімен көшіру керек, – деген ұсынысын салыстырып, қайсысының ойының дұрыс-бұрыстығын айырып, салиқалы, салмақты тұжырымдар жасайды. Қазақ әліпбиінің болашағы публицисті терең толғандырғаны-оның әрбір жан ұшырған сөйлем-сөзінен аңғарылады. Ол арабша да, орысша да таза білімді екенін дәлелдей отырып, нақты қазақ әріптерінің, сөздерінің жазылуынан мысалдар келтіреді. Ильминский варианты қалай болады, Григорьев ұсынысы қалай жүзеге асады, арабша жазылғанда қалай болады – осының бәрін қалың оқырманға түсінікті түрде жаза отырып, бұл мәселеде бір шешімге келуге халықтың өзін шақырады. “Бұл екі түрлі әріптердің қайсысының өнімді екенін ойлап білуді бағзылар жақсы тәлім алған құрметті газет оқушылардың өз ықтиярына салып біздің қарындас-туыстарға айтатын бір сөзіміз қырда балаларды қазақша оқыта бастаған уақытта балаларға біраз орыс әріптерін көрсетіп үйретсе пайдасы болар еді (астын сызған біз – Б.Ж.)
Солайша орыс әліпбиімен оқытқан уақытта балаларға школдарына түсуге жеңіл болар еді және қырда ғылым білімнің көбеюіне себеп болар еді” /ДУГ. 1899, №22, 23/. Автор бұл жерде тек әліпби мәселесін ғана сөз етіп отырған жоқ. Қалың қазақ жастарының көкірек көзінің оянуы үшін орыс қарпін білу керектігін де ескертіп отыр. Өз ойын мектеп ашуға, білімге шақыруға үндеген ағартушылық көзқараста аяқтайды: “Осы айтылғандардан білініп тұр жақсылардың сондай орысша, қазақша оқытатын медреселер ашуға жаһат қылатындарының қандай пайдалы екендігі.
Екі жылдай болды қазақ газетіне жазған бір сөзді біз қуанып оқыдық. Семей облысында бір ояздың қазақтары сондай бір школ ашты һәм балалар жақсы оқиды деген хабарды. Енді сондай школ ашушы адамдардың көбейіп, көп заманға атақтарын шығаруын қалап тұрамыз да” /ДУГ. 1899, №22, 23/.
Осы мақалада айтылған ойлары ілгеріректе жазылған “Қазақ тілінше жазу турадан” атты проблемалық мақалада да қозғалған. Мұнда Васильев дегеннің қазақ тілін бұзбау үшін араб, парсы сөздерін қолдану керек деген ұсынысына соққы береді. Қазақ тіліне өзге тілдерден еніп, сіңіп кеткен сөздердің бар екендігін еске салады. Орыс тілінен аударушыларға оңды түсініктер, аударма жасаудың тиімді әдіс-тәсілдерін ұсынады. Сондай-ақ осы мақаланың орысша нұсқасында газеттің атын өзгерту туралы батыл ұсыныс білдіреді. Онда былай делінген: “Кстати, не можем не напомнить редакции почтенной нашей газеты о желательности заменить киргизский заголовок “Дала валаятының газеті” словами “Қырдың қазақ газеті”, что более соответствовало бы русскому заголовку “Киргизская степная газета” /ДУГ. 1896, №31, 32/.
Негізінен алғанда, Сұлтанғазин – публицист би, билік құру, оқу-ағарту, қазақ әліпби мәселелері туралы ой қозға-ғанда, өзінің қандас туысы Шоқан Уәлиханов тұжырымда-рымен жапсарлас пікірлерге тоқталады. Ол өз мақалаларында тіл тазалығы, анықтығы, әдебиет, ғылым, білім, баспасөз, аударма, дін тақырыптарына қалам тартса да, өзінің асқан білімділігін көрсете білді. Және қалың оқырманды ойлантып, толғантып жүрген өзекті қоғамдық мәселелерге ден қойды. Сұлтанғазин публицистикасының басты ерекшелігі де осында болса керек.
Қорабай Жапанов – публицист
“Дала уалаятының газеті” бетінде жиі мақалалар жазып, жариялаған қазақтың ірі публицистерінің бірі – Қорабай Жапанов.
“Қорабай Жапанов Павлодар облысының Ермак ауданын-да 1873 жылы туған. Орташа шаруаның баласы. Ауылдың орысша-қазақша мектебінде оқып, кейін мұғалім, әрі ақын бол-ған. Оның “Қарлығаш” дейтін өлеңдер жинағы 1913 жылы Уфа қаласында басылып шықты… Қ.Жапанов революциядан бұ-рынғы прогресшіл бағытты газет-журналдарды жаздырып ал-дырып оқумен қатар өзі солардың тілшісі болған…” [40, 38 б.].
Қорабай Жапановтың журналистік, публицистік қызметі 1894 жылы басталған. Өйткені осы жылы 18–қыркүйекте оның алғашқы мақаласы “Дала уалаятының газетіне” басылды. Қорабай Жапанов – “дүниенің кілті орыста, орыстың тілі мен мәдениетінде” деген Абай айтқан ойды қуаттаған. Бұл ой оның “Ғылым, оқудың қажет екенінің баяны” атты тырнақалды мақаласына да алтын арқауы болады.
“Біздің қыр даласындағы қызметтегі қазақтарға орысша тіл білмектің қажет екені, мұның баршаға бірдей пайдалы екені төмендегі жазуда баян етіледі” /ДУГ. 1894, №17/, – деп басталған мақалада сол кездегі қоғам өмірінде белең алып отырған кемшіліктер сынға алынады. Публицист өзі көзімен көріп, көңіліне түйген жайттарды ашына жазады. “Халық арасындағы ұлықтардың қылған істеріне адамның ақылы жетіп болмайды. Халықтың пайдасын ойлаған адамдар аз… Болыс пенен билер, сіздерге жаман атақтан құтылуға уақыт жетті ғой… Өздеріңді жақсы көріндірейін десеңдер өзге бір түрлі дұрыс, анық амал бар, ғылым, оқу оқып ақылды, әдепті болсаңдар керек, орысша тіл үйреніңдер, орысша оқу үйреніңдер. Орысша кітап оқысаңдар ақыл табарсыңдар, білімдерің артар, тастай болып қатып қалған жүректеріңе дән беріп жібітер, қараңғылықтан көздеріңді ашар” /ДУГ. 1894, №17/. Осылай тебіренген автор қазақ билерінің орыс тілін білмегендігін, дау жұмыстар жөнінде жасаған кесімдерін билік кітаптарына дұрыстап жаза да алмайтындығын ащы сынға алады. Патшалық Ресей отары болғандықтан, орыс тілін білудің ауадай қажеттігін ұлықтарға түсіндіріп бағады.
“Орыстың тілі мен оқуы білуге бір-бірлеп қадам басқан сайын қажет болып келеді. Қалаға келгенде переводчик таба алмай әуре боламыз. Бұған жалынып сөзімізді жеткіз деп арыз жазып, малымызды сатысып бергеніне көп ақша төлейміз” /ДУГ. 1894, №17/, – мұның бәрі күнделікті өмірдің деректері. Сол келеңсіздіктерден құтылу үшін орыс тілін білу керектігіне назар аударады. Жапанов – публицист тек сол күндердің кілтипанын ғана ойлап, шектеліп қалмайды, ол болашаққа көз жібереді. Болашақ жас ұрпақтікі екенін, халықтың болашағы солардың қолында екенін еске салып, жарқын болашақ үшін жастарды оқу-білімге ықыласты ету керектігіне баса көңіл бөледі. “Балаларымызды орысша школдан оқытсақ қымбат емес қой, мұнан оқып шыққан балалар өзіміздің халқымызға көп пайда келтірер еді. Оқу оқып, орысша тілді үйренген соң біздің арамыздағы ретсіздікті жоғалтқаннан басқа хал-ахуал шаруамыз да ілгері басып, көтерілер еді” /ДУГ. 1894, №17/ – деп халқымыздың білімді болған күнін шын армандайды.
“Орыс біз үшін шаруа школын ашты. Біздің балалары-мызға оқу оқуға әрбір школ-медресеге бостандық беріп тұра-ды. Мысалы, Омбы шаһарындағы әр түрлі школ-медреселерде біздің балаларымыз оқып жатады… Сонда да біздер бұларды қуат қылып қырдың ішінде жатып қашан олар қайтып келіп өздерінің өніп-өскен туған халқына орыстың школынан алған өнерлерін көрсетер екен деп күтіп тұрамыз” /ДУГ. 1894, №17/, – деп іштегі бар толғанысын жайып салады. Шын публицист – ел перзенті. Ол елі үшін, елінің болашағы үшін толғанады. Ел – жұртын түзу жолға бастайды, халқының атынан сөз алады. Міне осы қасиеттер – Қ. Жапановты да өз заманының толғақты мәселелерін қозғаған нағыз публицист деңгейіне көтерді. Қ.Жапанов публицистикасының негізгі тақырыптары – оқу-ағартуға үндеу, экономиканы жаңаша бағытта дамыту, кері-тартпа әдет-ғұрыптардан арылу, әйел теңдігі мәселесі болып келеді. Сондай-ақ ру тартысын, болыс-билердің әділетсіздігін әшкерелеп, сынға алады. Ол өз өлеңдерінде де қараңғылықтан құтылып оқу-білім арқылы жарыққа шығуға үндейді.
“Қазақ қазақ болғалы көп жыл өтті,// Ғылымға ұмтылатын уақыт жетті.// Облыс басы қазақша мектеп ашып,// Жылына елу бала берсе нетті.// Қойылса гимназия, школ аты,// Алынса үкіметтен рұқсат хаты.// Көп жинаса көмек деп, – көл болады,// Мазмұны бұл сөзімнің сол болады,// Біріксе үй басынан аз қаражат// Салдыруға мектепті мол болады” [138, 16 б.] – міне Алтынсарин жолын ұстанған ақын, жалынды публицист қазақ балаларының топ-тобымен мектептерде білім алған күнін көргісі келіп, мектептер салуға халықтың өзін көмекке шақырады.
Орыстың ағартушы-демократы Н.Г. Чернышевский бірде былай деп толғаныпты: “Егер менің қолыма өкімет билігін қазір берсе, сол сәтінде-ақ шаруаларды бұғаудан босатар едім, әскердің жартысын таратып… оқу-ағарту, мектеп мәселелеріне мүмкін болғанша көп көңіл бөлер едім” [139, 356-357 бб.]. Публицист Қ.Жапановтың бар ой-арманы да қарапайым халықтың қолын білімге жеткізу. Сол үшін қолына қалам алып, ұлықтарды да сынайды, көпшілікті де іс-қимылға шақырады. Тіпті кейде қазақ оқығандарының теріс қылығын да батыл сынға алады:
“Оқып шыққан жігіттер,// Өз туғанын менсінбей,// Үсті-басы кір болса,// Арамсынып тұрады.// Қойды көрген қасқырдай// Жеп қойғалы тұрады,// Бұларда да кінә жоқ,// Ата-баба мирасы” [138, 23 б.].
Қазақ зиялыларының бұл жандәрмен қимылдары патша үкіметіне ұнай қойған жоқ. Әсіресе жергілікті орыс әкімдері бұл жайтты үнемі назарда ұстап, жоғары жаққа жеткізіп отырды. Мәселен, 1901 жылдың желтоқсан айында Петропавл уезінің бастығы өзінің генерал-губернаторына жолдаған хатында былай депті: “…Көшпелілер арасында орта және жоғары оқу орындарында білім алғандардың көпшілігі өз халқының жалпы білім дәрежесін көтеруге және шаруашы-лықты озық әдіспен жүргізуге барлық күшін салуда” [140]. Қорабай Жапановтың қазақты оқытуға тез бейімдеу үшін жанталаса үн қатуы да – сол істердің бір көрінісі ғана.
“Дала уалаяты газетінің” 1895 жылғы 8 нөмірінде Қорабай Жапановтың “Қазақтар өздерінің балаларын қалайша оқытатұғындарының баяны” деген сын мақаласы басылды. Мұнда публицист қазақ даласында жүйелі мектептер ашылмайынша, бұрынғы ескі тәсілмен бала оқытудың нәтиже бермейтіндігін сынға алады. Хат тану үшін байлар молдаларға өз балаларын оқытатындығын, ал ол оқудың шалалығынан балалар мардымсыз білім алатындығын, көп молдалардың көзбояушылықпен алдайтынын шебер жеткізеді. Әсіресе бай мен молда арасындағы келісім сөздерді диалог арқылы дәл көрсетеді. Бейне бір дала сахнасында қойылған күлдіргі юморлық қойылым тәрізді бейнелейді. Қ.Жапанов – сыншыл публицист. Ол өз қоғамындағы би, болыстардың, бай, молдалардың теріс қылығын, кемшіліктерін әзіл-сықақ тілімен батыл әшкерелейді. Бұл оның публицистикасының бір ерекше-лігі десе де болғандай. Мақаланы бастағанда не мәселені сөз ететінін айтып алады да, оқиғаны өрбітіп, өмірден бірнеше нақты деректер келтіреді. Ал соңында түйінді ой тастайды немесе шешімін таппаған бір мәселені көпшілік талқысына салады, кейде үндеу, шақырумен аяқтайды. Мұның бәрі Қ.Жапанов публицистикасын бөлектеп көрсететін қасиеттер. Мәселен, осы мақаланы: “Біздің туып-өскен даламызға ғылымның қуаныш жарық сәулесі қашан кірер екен. Қашан біздің қазақ оқудың пайдасын білер екен һәм қашан оқудың жемістерімен пайдаланар екен. Қашан тәуір жетік молда (учитель) мен школ медресені қырдың ішінде көрер екенбіз. Елдегі ұлықтар екі партия болып араздасқанды тастап, бұл ең керекті “Жұмыс турасын ойласа тиісті болар еді” /ДУГ. 1895, №8/, – деп тәмамдаған. Мұнда тек жеке автордың ой-арман, мақсат-мүддесі ғана жатқан жоқ, публицистің осы сөздерінде – ХІХ ғасырдың аяғындағы оқу-білімге талпынған талай жанның жүрегінің лүпілі бар.
“Дала уалаяты газетінің” бетінде отырықшылыққа көшу мәселесі, оның артықшылықтары туралы материалдар да жа-рияланады. Қазақтың ұлы перзенттері Шоқан, Ыбырай, Абай шығармаларында – отырықшылық тақырыбы көп қозғалды. Қорабай Жапанов жазғандарында да бұл мәселе қамтылады. Ол да қазақ елінің отырықшылыққа көшіп, егін салып, өрке-ниет көшіне тез ілесіп кеткенін мақсат тұтқан қайраткерлердің бірі. Өзінің газет бетінде жарық көрген бір корреспон-денциясында: “Біздің уездің қыр қазақтары егіншілікті жақсы меңгеруде. Егін былтырғыға қарағанда биыл екі есе артық себілді. …Әр десятина жерден алпыс-жүз жиырма пұтқа дейін астық бастырылуда. Енді әркімнің өз наны болады” /ДУГ. 1895, 16 июль/ – деп қуана жазды. Егіншілікті жақсы игеріп кету үшін, тұрақты өнім алуға қол жеткізу үшін егінді суарудың, ол үшін арықтар қазу керектігін қадап айтады. Тағы бір мақаласында “Кереку уезінің қазағы Әміре Нөгербековтің диқандық тәжірибесін” талдап, оны өзге жұртқа үлгі етіп көрсетеді. “Егіншілік – еңбегімен күн кешкен кедейдің бірден-бір мақсаты болуға тиіс” /ДУГ. 1895, 16 июль/, – деп халықтың қарапайым өкілдерінің ерінбей еңбек етсе, көп нәтижеге қол жеткізе алатындығын, жалпы отырықшылықтың берер жемісі мол екендігін жеткізеді. Патша үкіметі газетінің бетінде Ресейдің отаршылдық саясатының кейбір келеңсіз қырларын сынға да алады. Қ.Жапанов – публицистің пікірінше, орыс шаруаларының қазақтармен қоян-қолтық қоныстануына қарсы емес, бірақ бұл жергілікті халық мүддесіне зиян келтірмеуі керек. “Әскери ведомостволар ең шұрайлы жерлерді тартып алды, оның үстіне сол жерлерді қазақ шаруаларға қайта сатады. Ведомостволар жеріне бір көктем отырғаны үшін әр түндікке 2 сом 50 тиыннан салық салады” /ДУГ. 1894, 14 май/, – деп қынжылыс білдіреді. Осы мазмұндас корреспонденциясы орыс тілінде “Степной край” газетіне де басылады [141]. Бірақ патша цензуралары: “бұл мақаланың мазмұны саясатқа жат, өйткені онда офицер участоктарын ықшамдау сөз болып отыр”[142], – деп байбалам салды.
Қазақ даласындағы қолдан жасаған әлеуметтік теңсіздікке Қ.Жапанов қарсы шықты. Ол өзінің мақалалары мен өлеңде-рінде бұл тақырыпқа да соқпай өткен жоқ. Мұқатай Байсүгіров деген байдың шалға алты жүз сомға сатылған қызының атынан өлең шығарады:
“Құрысқан шал аулақ жүр,// Садаға кет маңымнан,// Теңгерілер күн болса,// қолым кетпес жағаңнан” [138, 24 б.],– деп әйел теңсіздігі мәселесін қозғап, қазақ әйелінің басындағы ащы қорлықты сөзбен өрнектейді.
Тағы бірде: “Би болам деп еліріп шықты біреу,// Старшындық өзіне үлкен медеу” [138, 24 б.], – деп қазақтың шен-шекпенге үйір тобын сынға алды. Осы екі-ақ жол өлеңнің өзінде қараңғы халықты алдап-арбау нәтижесінде шенге қол жеткізген ұлықтардың өлермендігі бетке басылады. ҚЖапанов – публицист дерек-дәйекті күнделікті қазақ өмірінен алып, соның шындық көрінісін қаламына арқау етті. “Өсімқорлар теңге басы 30 тиын өсім деп нарық айтады. Сары майдың пұты 3 сом, бұзау 2 сом тұрады. Алым жия келгенде қазақ қарызға алған 4 сомды береді. Сонда байғұстың екі бұзауы борышқа кетіп, баяғы екі сиыры қалады, өсімі жоқ” /ДУГ. 1896, №13/, – деп жазып, қазақ ауылындағы әділетсіздік пен, біреудің арқасында біреудің күн көру картинасын ашып береді.
1895 жылғы газеттің 9, 10, 20 нөмірінде Қорабай Жапа-новтың “Павлодар оязындағы Шақшан елінен келген хабар” деген корреспонденциясында да автор нақтылы деректер арқылы сол кездегі саудагерлікті көрсетіп берген. Мұнда да қазақ байғұс ұтылады. Павлодар оязындағы Жәмішев станциясында (Тұзқалада) қыста болатын жәрмеңкеден көрініс береді. Қазақтар үй жалдаса орысқа ақшаны бір береді, малын сатса, сатып бергені үшін орысқа ақшаны екі береді. “Бір қазақ ат сатса 5 тиын, бір пұт ұннан 1 тиын” орыс мұжығы қалтасына түседі екен”. Мал бағасы да нақты цифрлармен көрсетіледі: “Ат 20-30 теңгеден сатылды, ту сиыр 25-30 теңгеден сатылды, өгіз 25-тен–40 теңгеден сатылды, түйе 25-45 теңгеден сатылды, қой 4-7 теңгеден сатылды, бойдақ қой 3 теңгеден сатылды” /ДУГ. 1895, №9, 10, 20/. Бұдан басқа сол кезде не саудаланатынына дейін корреспонденцияда айқын көрінген. Әсіресе, ақ ұн, бидай, ақталған тары, қаратары, сұлы, тоңмай, майшам, тасшам, жылқы терісі, сиыр терісі, қой терісі, түйе терісі, жамбы, темір, жез, мыс сияқты тауарлар сатылатындығы және олардың жәрмеңкедегі құны көрсетіледі. Бұл әрине баға мен цифрлардың тізбесі сияқты болып көрінгенмен, газетте жарияланған бұл хабарды сол кезде қанша оқырман оқыды. Оның үстіне экономика тақырыбындағы материалдар сирек жарияланатын кезде, Қ.Жапановтың ел өміріндегі бұл қалтарыстарға да қалам тербеуі – оның тың ізденістерге барғандығын көрсетеді. 1895 жылғы газеттің 27 нөмірінде Қ.Жапанов жазған “Данышпен қатынның хикаясы” /ДУГ. 1895, №27/ деген ертегі де жарық көрді.
Жалпы, Қ.Жапанов өз заманында ел, халқын білім жарығына сүйреген, ағартушылық идеяның жақтаушысы, жаңа заманның жаршысы бола білген қаламгер еді.
Достарыңызбен бөлісу: |