Публицистикалық шығармашылық негіздері


Жыраулар поэзиясындағы публицистикалық сарын



бет5/25
Дата31.12.2019
өлшемі2,01 Mb.
#53907
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25

Жыраулар поэзиясындағы публицистикалық сарын
Заманның толғақты мәселелеріне ел назарын аударып, жақсысын дәріптеп, кемшілігін әшкерелеп бере алған “дала демократиясының” жарқын көрінісінің бірі – жыраулар поэзиясы. Өзінің “Ақындар” атты монографиясында профессор Е.Ысмайылов жыраулар поэзиясының өзгешелігін айқындап көрсетіп берді: “Жырау адам баласы басындағы қайғыны, зарды, ел ішіндегі ауыртпалықты толғау, әлеуметтік, елдік мәселелерді көтеру, тағы басқа әр түрлі өткен-кеткен күйлерді шерту, болашақты болжап, ақыл айтып, батагөйлік ету, шешендік түйіндер жасап, терең ой қозғайды. Бұл жыраудың дәстүрлі ерекшелігі” [87]. Осы анықтамадағы көптеген тұжырым – түйіндер жыраулар шығармаларында публицистика белгілерінің көрініс беретіндігіне айқын дәлел бола алар еді.

Көрнекті қазақ ақыны Әбу Сәрсенбаев: “Кешеге дейін өзімізді өзіміз қоршап, біздің өткеніміз болған жоқ, тарихымыз тек Кеңес өкіметінен басталады, біздің бетке ұстарымыз болма-ған, мал соңында қаңғып жүрген жабайы, меңіреу халық едік, тек ұлы орыс халқының арқасында ғана жер бетінен жойылып кетпей аман сақталдық, патша үкіметі Атамекенімізді отарлап, бізді құрып кетуден сақтады деп келдік. Қазақ хандарының бәрі жауыз, қанышерлер, қазақ жырауларының бәрі керітарт-палар, ал орыс патшаларының бәрі шетінен дана, шетінен халық қамқоршысы деп сандырақтадық. Бізді солай сандырақ-татты” [88, 6 б.], – деп ащы да болса, ашына жазғанындай, өткенімізге бүгінгі тәуелсіз ел ұланының көзқарасы тұрғысынан әділ баға беретін күн туды.

Орта Азия әдебиетінің қайта бас көтеру кезеңі XV ғасыр-лардан басталды. Қазақ хандығының дербес мемлекет ретінде қалыптасуына орай, оның өзіндік әдебиеті мен әдеби тілі де жаңа белеске көтеріледі. Жеке хандар мен қолбасшыларды мадақтаған туындылар көбейе бастады. Олардың ауыз әдебие-тіндегі қаһармандық бейнелері сомдалды. Көсіле жыр төгіп, шешіле сөз маржанын тізетін жыраулар тарих сахнасынан орын алды.

Публицистиканың түп-төркінін зерттеумен айналысып жүрген ғалымдар: “Публицистиканың тарихына тереңінен үңілу – бұл қоғамдық-саяси қызметтің тарихын қарастыруға апаратын бірден-бір жол. Бұл сөз тарихы, ең алдымен ауызша (астын сызған біз. – Б.Ж.), содан соң негізінен жазбаша сөздің саяси қызметке бағышталған тарихы” [89, 24 б.], – деген пікір-ге тоқтайды. Егер де біз кешегі өткен шешендерді, жыраулар мен айтыс ақындарын халықтың үні мен тілі болған, қоғамдық пікір қалыптастырған, қоғам кемшіліктерін сынға алған өз заманының публицистері болды десек, құлаққа тосын естілуі мүмкін. Бірақ газет-журнал жоқ кезде сол хандық дәуірдің ақиқатын елге жеткізіп, халық мұңын ханға жеткізіп отырған сол сахараның саф алтын сөзін пір тұтқан тұлғалары еді. Олардың кейбіреуі – ел билеушілерін асыра мақтап, дәріптеп, оның саясатын жұрт арасында жүргізуіне бас жәрдемші болса, енді біреулері – қарапайым халықтың жанашыры болып, солардың мақсат – мүддесін жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсады, тіпті ұлықтардың әділетсіз, зорлықшыл, қиянатшыл әрекеттерін бетіне басып, айтып салды. Тағы бір жыраулар таразының екі басын тең ұстауға тырысып, билік өкілдері мен халық арасындағы дәнекерлік, қарым-қатынас, байланыс қызметін атқарды. Мұның өзі жыраулар сөзі айты-лып қана қоймай, халықты белгілі бір ой төңірегіне топтасты-рып, белгілі бір істі жұмыла шешуге бағыттап отыратын күшке ие болғандығын айғақтайды. “Бізге дейін жеткен ежелгі мәдениет ескерткіштерінен қазір өзіміз публицистика термині-мен анықтап жүрген дүниені бүгінгі қалыптасқан күйінде таба алмаймыз, бірақ қоғамдық өмірге публицистикалық ықпал ету түрі ерте кезеңдерде де болған, ол ауызекі сөзбен – шешендік өнермен жүзеге асырылған” [90, 13 б.], – деген тұжырымдар да біздің ойымызды бекіте түседі.

Жыраулар поэзиясы дербес мемлекеттілік, оны қорғау мен нығайтуға баса назар аударды, мемлекет пен билеушіге қызмет етті, мемлекетке қызмет ететін публицистиканың ауыз екі нормасын қалыптастырды. Жыраулар мемлекет пен билеушіге қызмет етуді басты мақсат етті. Көптеген жыраулар ханның бас кеңесшісі және идеалы болды. Олар толғауларын хан кеңесінде, бүкілхалықтық жиындарда айтқан. Бұл сөздерде елдегі әлеуметтік ахуалға баға беріп, болып жатқан ірілі-ұсақты оқиғаларға өз пікірлерін білдірген, ханға ақыл-кеңестер беріп, ұсыныстар айтқан, алдағы өмірді сәуегейлікпен болжап отырған.

Жырау хан ордасындағы халық сөзін сөйлейтін өкіл де болған. Ел арасындағы дау-жанжал, жетімсіздік жайларын ше-шуге де ықпал еткен. “Жыраулар шығармаларында оппозиция-лық ой-пікір де көрініс тауып, өзі мақұлдамайтын әмірші-лердің кейбір іс-әрекет, шешімдерін әшкерелеп те отырған.

Жырау поэзиясының басты тақырыптары- қазақ хандығын құрған тайпалардың ынтымағы мен бірлігі, мемлекетті нығайту, сыртқы жаудан елді қорғау, әскери қуатты күшейту мәселелері болды” [91, 551 б.]. Жоқшылық атаулыдан құты-лып, молшылықта өмір сүретін қоғамды аңсады. Соған жетуге ханды да халықты да шақырды. Жыраулар поэзиясындағы басты публицистикалық белгі – оның мемлекетті басқару құралына айналғандығы болып табылады.

Жыраулар – хан сарайы төңірегінде қызмет етті, көпшілігі әскери жорықтарға бірге шығып, өз көзімен көрген батырлар ерлігін, хандар қаһармандығын, жеңістер мен жеңілістерді, қанды шайқастарды суреттеп жырлады. “Қазақ әдебиетінде ғасырлар бойы ауыз әдебиетінің, фольклордың ықпалы басым болып келгені мәлім. Ақындар мен жыраулар фольклор қайнарынан сусындап, шығармаларында ауыз әдебиетінің ағынымен кетіп отырады” [92, 57 б.], – деп жазды профессор Ш.Елеукенов. Жыраулық поэзия да ауыз әдебиетінің бір үлгісі болғандықтан олардың айтқандары ел аузында тез тарап, ұрпақтан-ұрпаққа қаймағы бұзылмай жетті. Бұл туралы Ә.Кекілбаевтың мына бір ойы көкейге қонады: “Шамасы, бағзыдағы бабалар өздері тұрғызып кеткен ескерткіштерден гөрі аңыздарға көбірек үміт артқан болса керек. Өйткені, үн-түнсіз тас ескерткішке тек ғұлама ғалым ғана түсінеді, ал ауыз екі аңызға жұрттың бәрі түсінеді. Тас ескерткіш қирап көзден жоғалады, аңызды жүрген жерде айта жүресің. Сөйтіп бір ұрпақтың тарихы екінші ұрпаққа, бір елдің тарихы екінші елге жетеді” [ЛЖ. 1968, 12 ноябрь]. Жыраулар поэзиясы да ауызша тарағандықтан, көне замандар тарихын бізге жеткізген, халық бар жерде ешқашан жоғалмайтын асыл мұра.

“Орта ғасырлардағы қазақ поэзиясында жыраулар жетекші роль атқарды. Жырау шығармалары әдетте нақыл, қанатты сөздерден құралған философиялық толғаулар түрінде келеді. Толғауларда жырау өзінің замана жайында түйгендерін, мораль, этика хақындағы ойларын баяндайды, елеулі қоғамдық мәселелер көтереді. Сол сияқты, әлем болмыс, тіршілікте жүріп жататын өзгерістер, оның мән-мағынасы жөніндегі түсініктерін де білдіруі мүмкін. Жаугершілік заманда жорықтарға қатысып отырған, кейде, тіпті, батыр, қолбасы да болған жыраулар әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырлар туғызады” [93, 8-9 бб.].

Жыраулар поэзиясы көптеген ғалымдар еңбектерінде әдеби-көркемдік тұрғысынан зерттеліп өз бағасын алды. Біздің мақсат – сол жыраулар поэзиясындағы публицистикалық белгілерге назар аудару.

Жыраулар поэзиясында өз орны бар тұлғалардың бірі – Асан қайғы. Хасан Сәбитұлы – Еділ бойында туып, Ұлытауда дүниеден өткен баба жырау. Ол Алтын Орда ханы Ұлуғ – Мұхамедтің ықпалды билерінің бірі болып, Керей, Жәнібек хандардың тұсында да ақылгөй абыз, Қазақ хандығы құрылар тұста жаңа мемлекеттің ұраншысы болғандығы туралы деректер бар [93, 24 б.]. Ш.Уәлиханов, Г.Потанин еңбектерінде оның XІV-XV ғасырда өмір сүргендігі айтылады. Шоқанның “Записки о киргизах” атты еңбегінде: “Халық есіндегі атақты тамаша философ болып сақталған Асанқайғы жырғалаңда көшіп-қонып жүрген қазақ… Асанның аты тек қазаққа ғана емес, көрші қырғыз еліне де мәлім, ол “Манас” жырында да аталады… Асанды қарақалпақ халқы да жақсы біледі. Олар өздерінің ескі жырауының бірінен санайды”[94,358], – деген мағлұматтар айтады. Қалай болғанда да Асан қайғы жыралары-мен танысқанда, ондағы қазақтың көшпелі тірлігіне, қазақ жеріндегі мекен аттарына, қазақ ханы Жәнібекке қарата айтқан сөздеріне қарап, қазақ жыраулық өнерінің төл өкілі деген тұжырымға тоқтаймыз. Асан атына “қайғы” сөзін халық қосқан. Өйткені Асан жырау ғұмыр бойы халықтың қайғы – мұңын жырлап, елдің тұрмысын жақсартуды армандап, жұртқа “жерұйық” іздеп өткен жан. Жыраудың “Жерұйықты” іздеуі атақты Томас Мордың “Утопиясы” (1516) мен Томмазо Кампа-нелланың “Күн қаласы” (1602) шығармасындағы тыныштық, елге жайлы бейбіт өмір, жақсылық пен мейірімділіктің орталығы болатын мекен іздейтін бүкіладамзаттық қиял-армандармен ұштасып жатыр.
Еділ менен Жайықтың

Бірін жазға жайласаң,

Бірін қысқа қыстасаң…” [93, 25 б.]
– деген жыр жолдарынан сол кездегі қазақ елінің жаз-жай-лауда, қыс-қыстауда тіршілік кешкен, көшпенді тұрмысының көрінісі, қазақтың мал бағу кәсібімен айналысқандығы айна – қатесіз көз алдымызға келеді. Сол көшпелі халықты тарих сахнасында сақтап қалу үшін, Асан қайғы ел басқарған хандарға өз ұсыныстарын батыл айтады. “Адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы екі төлдейтін” мамыражай қоныс табуға үндей-ді, сол арқылы сыртқы жаулардан құтылып, халық бақытты өмір сүрсе екен деп армандайды. Елді жақсы қонысқа көшір-мегені үшін Жәнібек ханды өткір ирониямен сынға алады.

“Ай, хан, мен айтпасам білмейсің,// Айтқаныма көнбейсің.// Шабылып жатқан халқың бар,// Қымыз ішіп қызарып,// Мастанып, қызып терлейсің.// Өзіңнен басқа хан жоқтай// Елеуреп неге сөйлейсің?!” [93, 26 б.] – Баба жырау жау қыспаққа алған, жазықсыз шабылып жатқан ел тағдырын ойлағанда, ханнан да сұлтаннан да именбейді. Хан елдің қамын ойлауы керектігін, елі аман болса ғана ханның хан екендігін түсіндіреді. Осы үзіндідегі соңғы төрт жолдың өзі үлкен әлеуметтік жүк көтеріп тұр. Кейіннен біз памфлет деп жүрген сатиралық-публицистикалық шығарманың алғашқы көрініс, пішіндері сияқты да көрінеді.

“Арысынан қытай, орыстың, қорған сап, тыныш жатырсың,// Өзің, Жәнібек, елден асқан батырсың.// Ертісті өрлеп орыс жүр “Тіл алсаң іздеп қоныс көр” [72, 200 б.] – деп жайлы қоныс табуға, іс-әрекетке сөз қуатымен шықарады. Орыс пен Қытай сияқты алып мемлекеттерден сақтандырады.

“Ай, Жәнібек, ойласаң,// Қилы, қилы заман болмай ма,// Судағы жүрген ақ шортан// Қарағай басын шалмай ма!?// Мұны неге білмейсің?!” [93, 27 б.] – деген сөздерінде үлкен астар бар. Асан қайғы ел болашағын ойлап отыр. Көрші отырған орыс патшасының отарлауын алдын-ала сезіп көрегендік танытып отыр. Кейіннен жазған бір жырында сол жұмбақтың шешімін де өзі айтып өтеді: “Мұнан соң қилы-қилы заман болар,// Заман азып, заң тозып жаман болар!// Қарағайдың басына шортан шығып,// Балалардың дәурені тамам болар.

Ол күнде қарындастан қайыр кетер, ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер, ұлы, қызың орысқа бодан болып, Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер?!” [72, 199 б.] – деп ой қозғайды. Қауіп-қатердің алдын алғысы келді, жан ұшырып халқына тыныш, жайлы мекен іздейді. Асан қайғы жырау Қазақ мемлекеттігі енді қалыптаса бастаған кездің өзінде – жер мәселесінің ең басты мәселе екендігіне назар аударған. “Көшіп қонып көрмеген, Жер қадірін не білсін” [93, 28 б.], – деген жолдарда зор мағына бар. Кейіннен қазақ жері Орыс иелігіне өтіп, талан-таражға түскен кезде, “Қазақ көшейін деп көшіп жүрген жоқ, жерінің ауасына (климат) қарап көшіп жүр” /А-п. 1911, №11/, – деп қазақ зиялылары шырылдаған еді.

“Еділ бол де Жайық бол,// Ешкімменен ұрыспа,// Жолдасыңа жау тисе,// Жаныңды аяп тұрыспа” [93, 28 б.], – деген жырау сөздері біздің қазақ елінің ғасырлар бойы ұстанған саясатына өзек болғанын өмір көрсетіп отыр. Асан Қайғы жырларындағы ел қорғау, бірлік, отанды сүю, бейбіт өмір аңсау, қазақ халқының бақытты болашағын көксеу сияқ-ты өміршең идеялар – сандаған ұрпақты сол жақсылықтарға тәрбиеледі. Қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы “Жеті әулие” қорымындағы Асан ата кесенесі Асан қайғы бабаның зираты деген мәліметтер бар.

Қазақ даласының сол кездегі даусын бүгінге жеткізуші-лердің бірі – Қазтуған Сүйінішұлы. Оның жырларының басты тақырыбы – туған ел, өскен жер, сондай-ақ жаугершілік заманындағы әскери жорық көріністері. Қазтуған өзі туып-өскен – Еділ, Жайық, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл өзендері бойынан амалсыз қоштасқан кездегі толғаулары сағыныш лирикасына толы.

Қазтуғанның “Мадақ жыры” – өзінің жырымен соққан “Автопортреті” іспеттес. Оның “Сұлтандай паң”, “Жауға қарсы шапқан батыр”, “Рубасы көсем”, “Қызыл тілді шешен”, “би тұқымы текті”, “дін ұстаған” асыл азамат болғандығын біле аламыз. Жырау өз жерінің қадір-қасиетін ерекше шабытпен жырлайды. Оның ағылып, төгіліп түскен толғауларынан туған жерге деген шексіз махаббатын танимыз.

“Алаң да алаң, алаң жұрт,// Ағала ордам қонған жұрт,// Атамыз біздің бұ Сүйініш// Күйеу болып барған жұрт,// Анамыз біздің Бозтуған// Келіншек болып түскен жұрт,// Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт” [93, 32 б.], – осындағы ерекше екпін, көтеріңкі рух, дидактикалық мәнер, өзгеше бір серпінді ырғақ Қазтуған жыраудың шығармала-рындағы патриоттық сезімге арқау болады.

“Қабыршақты жайлаған,// Ақсуды төмен бойлаған// Шағанға атын байлаған”, Қарға бойлы Қазтуған [95, 35 б.] жырау қайран Еділінен қоныс аударғанына қамықпайды, қайта халықты оптимистік үнмен қайратты болуға шақырады. Батыры мен асылы мол, қазақ елінің салтанатты, сәнді өлкесі-нің келбетін небір айшықты бояумен әрлей түседі. Нарындай құнарлы қоныстың қасиеттерін, оны жайлаған елдің асыл мінезімен, кең пейілімен астастыра бейнелейді. Қазтуған жыры – туған жерді кіршіксіз сүюдің атадан мирас болып қалған құтты қоныстың қадіріне шын жете білудің үлгісі. Қазтуған жырларындағы басты публицистикалық үн де осыған саяды.

Доспамбет жырау шығармаларынан ортағасырлық жорық жауынгерінің, әрі өз заманының сөзін сөйлеген өр тұлғалы хас шебер бейнесі көрінеді. “Доспамбет жырау – қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрді. Кіші Ноғай ордасында әскери қолбасшы болған. Дешті Қыпшақты көп аралаған, Бақшаса-райда, Стамбұлда болған, Қырым ханының жағында көптеген әскери жорықтарға қатысқан” [82, 277 б.]. Оның көптеген жыр толғаулары жорық үстінде асқан импровизаторлықпен айтыл-ған. Бізге жеткен мұрасының ішіндегі “Торғай, торғай, торғай су”, “Азау, Азау дегенің”, “Арғымаққа оқ тиді”, “Айнала бұлақ басы таң”, “Қоғалы көлдер, қом сулар”, “Айналайын, Ақ Жайық”, т.б. жырларының ортақ тақырыбы – туған ел, өскен жерге деген сүйіспеншілік. Доспамбет атамекенді сөзбен де, өзі қолбасшы болып шайқасу арқылы да қорғаған. Оның батыр болғандығы:

“Бетегелі Сарыарқаның бойында// Соғысып өлген өкінбес” [93, 35 б.].// “Қалаға қаблан жаулары тигей ме…” [93, 35 б.]. // “Кірмембес ауыр қолға бас болып,// Күңіреніп күн түбіне жортқанмын” [93, 36 б.] – деген жолдардан айқын аңғарылады. Жорықта жүріп, көп шайқастарға қатысқан батыр-жырау түркі халықтарының, оның ішінде қырым, ноғай, қазақ тайпалары-ның бірігіп күн кешкен күнін аңсайды. “Азау, Азау дегенің, Әл-Ғұсман патша жұрты екен” [93, 36 б.], – деген жолдар қазіргі Түркия жеріне дейін ат шалдыртқан бабаның сөзі. Доспамбет жырға қосқан Ғұсман патша өмірде болған биік тұлға. Шәкәрім шежіресінде: “1272 жылы 90 жаста Ертоғрул өліп орнына баласы Ғұсман әскер басы болды. Бұл әкесінен де мықты болып, әр жерді алып, Қараша Хасар деген жерді алғанда Ғалалидлин Ғұсманды өз алдына бөлек бек қойды. Онысы 1282 жылы еді. Мұнан он бір жылдан соң Тәбриздегі Шыңғыс нәсілінен хан болып тұрған Ғазан хан, Рум жұртын шауып, әрбір кішкене хандықтарға бөліп жібергенде Ғұсман да өз еркі өзінде бір хан болып қалды 1300 жылы.

Сол себептен ол түріктер Ғұсманды жұрты атанып, Ғұсман сұлтанды бірінші сұлтан деп санайды” [96, 58 б.], – деп келті-рілген деректердегі Ғұсман – сол Доспамбет сөзіндегі Ғұсман.

Доспамбет жырау – ел, жерді қорғауды бәрінен де биік қояды. Отан үшін жан беруден де тайынбайды, Отан үшін не қиындық көрсе де өкінбейді.

“Тоғай, тоғай, тоғай су,// Тоғай қондым, өкінбен,// Толғамалы ала балта қолға алып,// Топ бастадым, өкінбен,// Тобыршығы биік жай салып,// Дұспан аттым өкінбен,// Тоғынды сарты нар жегіп// Көш түзедім, өкінбен,// Ту құйрығы бір тұтам/ Тұлпар міндім, өкінбен…// Ер Мамайдың алдында// Жаһид кештім, өкінбен!..” [93, 38 б.] – деген алмас қылыштай жарқылдаған сөздер соның дәлелі. Доспамбет өз заманындағы ел қорғаған ерлердің типтік бейнесін жасап отыр. Ол сөз қайталау арқылы, өз ойын өрістетіп, тыңдаушы бойына рух бітіріп, жер үшін шайқаста ер бойында қан ойнатып – жауды жеңуге бастайды. Жаңағы “өкінбен” сөзіне қазықтай байланып, ел үшін “шаһид кешсем” де өкінбеймін деген түйінді, шығарма апогейі ретінде көрсете біледі. Ол “күн қайда”, “оқ тиді”, “өкінбес” т.б. сөздерді өз толғауларында қайталау арқылы халық рухын көтереді, негізгі айтар түпқазық ойын жеткізеді. Оның осы тәсілі – кейін қазақ публицистикасының сөз қолдану мәнерінде біраз шығармаларға дәстүрлік өзек болды. Мысалы: Ә.Бөкейханов, МДулатов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Мұқа-новтың, т.б. публицистік шығармаларындағы сөз қайталау арқылы ойды күшейтіп жеткізу тәсілі.

Бір ғасырға жуық өмір сүріп, қазақ жыраулық поэзия-сының атасы атанған Шалкиіз Тіленшіұлы мұрасы да – өзі өмір сүрген қоғамның айнасы. “Белгілі бір тарих кезеңінде өмір кешкен тұлға, ақын өз дәуірінің, қоғамның перзенті, Сондықтан да ол өз заманының әлеуметтік күйін, тыныс-тіршілігін толғайды. Сол өмір сүрген кезеңіне зердесіне қарай өз көзқарасы тұрғысынан қарайды” [97, 39]. Шалкиіз жырларында да өзі өмір сүрген XV-XVІ ғасырлардағы әлеуметтік шындық көрініс табады. Жәнібек, Орақ, Мамай, Би Темір сияқты тарихи тұлғалар Шалкиіз толғауларының кейіпкері болып табылады. Сол кезеңдегі шапқыншылық, әскери жорықтарға жыраудың өзі тікелей қатысқандығы, қанды шайқастарды көзімен көріп жырға қосқандығы – Шалкиіз жырларына публицистикалық сарын дарытады.

Профессор Х.Сүйіншәлиевтің зерттеуінде: “Көптеген жазба деректерге қарағанда, Шалгез тарихта болған адам. Өзінің айтуынша, ол Би Темірдің ордасында қызмет атқарған… түрлі жорықтарға тікелей қатысып жүріп, қаһармандық жыр шығарған жырау. …Өлеңдерінің мазмұнына қарағанда ол Жайық, Қобда, Елек, Ойыл өзендері бойларын жайлаған елден шыққан” [98, 84-85 бб.], – деп түсінік беріледі. Би Темірге арналған мадақ жырында, оның қажылық сапарына шығарда тоқтату мақсатымен айтқан үміт толғауы сұлтанның кім екенін айтып қана қоймайды, Би Темірді іс-қимылға шақырады. Мәселен:

“Ай, хан ием, сұраймын:// Тәңірінің үйі кебені// Ибраһим Халил алла жасапты,// Ғазырейіл – жан алмаға қасап-ты,// Жығылғанды тұрғызсаң,// Жылағанды уатсаң,// Қисайғанды түзетсең,// Тәңірінің үйі бәйтолла,// Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты!” [93, 47 б.] – деген жолдар арқылы, Би Темірді алыс қажылық сапарға бармай-ақ, осындағы еліңнің қамын ойласаң, жәрдем сұраған қарапайым жұртқа жәрдем-дессең, Алланың шапағаты жауар, – деген ақылын айтады. Қазақ тарихында Шалкиіздің төгілген сөзбен жау бетін қайтарған кездері туралы деректер де келтіріледі. Оның бірі мынадай: “Шалгез жыраудың жорық жырларында бір жолы ол өзінің жолдасымен бара жатып, қалмақ ханының қалың қолымен кездесіп қалғаны, сонда оларды Шалгез өзінің жырымен тоқтатқандығы баяндалады. Ол осы жырларында қазақтың белгілі батырларын дәріптейді, олардың ерлік істерін тізеді, сөйтіп қалмақ әскерлерінің үрейін алады. Бұл жырға қарағанда, Шалгез – жырау түрлі жанрдағы шығармалардың жыршысы болған” [99, 228 б.]. Шалкиіздің сондай үлгіде жазылған жырының бірі – “Ер Шобан” деп аталады. Онда өмірде болған, ортағасырда ел еңсесін көтерген талай батырдың есімі аталады:

“Ақ табан ару торы ат жайлаған,// Алдаспан ауыр қылыш байлаған…// Құястан жап-жас қана Жұмай бар.// Балаңқылар батпаған// Байсасы тудай Мәмбет бар.// …Алқалаған ауыр қолдар тоқтарға// Арыстанбек ұлы Сұлтан бар…// Артық туған мажардан// Батыр Қоян және бар.// …Бұ жиынның ішінде// Исалының ұлы Жылым бар.// …Жағасына адам қолы тимеген// Үйсіннен Бозторғай ұлы Баубек бар.// …Бір ойында алпыс ала балта сындырған// Айсаның ару ұлы Қолай бар.// …Бұ жиынның ішінде// Ер Жақсымбет аға бар.// Он екі құрсау жез айыр// Қара мылтық жұмсаған…// Қара Найман Жақан бар” [93, 55-57 бб.],– деп қарсы келген жағының бетін, сөзбен айбат шегіп қайтарған екен. Осындағы аты аталған батырлар аты бізге Шалгез сөзі арқылы жетіп отыр. Ал олардың ел іргесінің бүтіндігі үшін күрескендігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық тарихи ақиқат.

Шалкиіз жырау өз шығармаларында қашан да ел мүддесін жоғары қойған. Оның көмейінен төгілген күміс сөз ел аузында өшпес өсиет, ғибрат аларлық нақылға айналып кетті. Әсіресе жаман мен жақсы туралы айтқан салыстырмалы философия-лық түйіндерінің өмірлік мән-маңызы зор. Қалың жұрттың ішінде жақсы мен жаман, адалдық пен арамдық, әділдік пен зұлымдық, ақ пен қара секілді контрасты ұғымдар араласып, қатар кездесіп отырған. Ол кеше де солай, бүгін де, ертең де солай болмақ. Бұл-өмір заңдылығы. Осы тұрғыдан келгенде Шалкиіз толғаған мына ойлар:




Жақсы туралы
Жапалақ ұшпас жасыл тау,

Жақсылардың өзі өлсе де

сөзі сау.
Ағайынның ішінде

Бір жақсысы бар болса,

Қоңқалаған көп жаман

Сол жақсыны көре алмас.

Жақсыға қоссаң басыңды

Отырар орның төр болар.
Жақсыны құдай қояр ма

Жат туғанды өз еткен

Жақсының ғұмыры аз-ақ болмас па!


Жаман туралы
Ойлап тұрсам жаманның

Жалаңдаған өз басына тілі жау.
Сол жаманның басына

қиын-қыстау іс келсе,

Бағанағы жақсысын

Қос арғымағын қолға алып,

Күнінде іздесе де таба алмас.
Жаманға қоссаң басыңды

Саз балшыққа аунаған

Бөрімен орның тең болар.

Жаманды құдай алар ма?

Жаманға дос болғанда

Жазымда басың қалмас па

[93, 41-54 бб.],


сөз қадірін, өз қадірім деп түсінген жұртпен бірге мәңгі жасайтын құндылықтар.

Жиембет Бортоғашұлы – XVІІ ғасырдың екінші жарты-сында өмір сүрген жырау. Қазіргі Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында дүниеге келген. Қазақ тарихында зор рөл атқарған “Еңсегей бойлы ер Есім ханмен” замандас болған. Жиембет жырларының ерекшелігі алдыңғы жыраулардай би, ханды мақтап, дәріптемейді, қайта қарапайым ел атынан сөз алып ханның кемшіліктерін көрсетіп, батыл сынға алады. Кіші жүз құрамындағы он екі ата Байұлының бір атасынан тараған.

Жиембеттің ел ішіндегі беделінен сескенген Есім хан оны иесіз аралға жер аударады. Сонда жырау туған жерін қимай, қазіргі Батыс Қазақстандағы жер аттарын атайды, ел батырла-рымен қоштасады:

“Қол-аяғым бұғауда,// Тарылды байтақ кең жерім!// Арманда болып барамын,// Қоштасуға аял жоқ,// Қалқаман, Шолан ерлерім!// Қайырылып, қадам басарға// Күн болар ма мен сорға,// Өзен, Арал жерлерім?!// Қиядан қолды көрсеткен// Төбеңе шығар күн бар ма,// Жотасы биік Дендерім?!” [93, 61 б.] – деген жолдарда жырау кеудесіндегі ащы өксік, қайырымсыз ханға уытты сөз, отты ой болып тиеді.

Көне жыраулық өнерінің көрнекті өкілі Ақтамберді Сарыұлы мұрасы да – халқымыздың қазынасына қосылған өлшеусіз байлық.

Ескі замандағы қазақ тұрмысын түгел бейнелеген “Күлдір-күлдір кісінетіп” [93, 70-73 бб.] толғауы көркемдік деңгейі жағынан аса жоғары бағаланады. Елдік, ерлік, жер мәселесін сөз еткен жырларының да тағылымдық мәні зор.

“Ел шетіне жау келсе,// Алдыңа сірә дау келсе,// Батырсынған жігіттің// Күшін сонда сынаса!” [93, 69 б.], немесе “Жауға шаптым ту байлап,// Шепті бұздым айғайлап,// Дұшпаннан көрген қорлықтан// Жалынды жүрек қан қайнап,// Ел-жұртты қорғайлап,// Өлімге жүрміз бас байлап” [93, 69 б.] – деген жолдар Ақтамбердінің өзінің ел қорғаған батыр, жауға қарсы шапқанда жанын аямаған қаһарман екендігін айғақ-тайды. Ақтамбердінің ерлік, батырлық туралы толғаулары Байтұрсынов сөзімен айтқанда “марқайыс, намыстаныс” түрінде [1, 279 б.] болып келеді.

Қажыға баруға мал шашқан азаматтарды:

“Мекені іздеп нетесің,// Мекеге қашан жетесің,// Әзір Меке алдыңда,// Пейіліңмен сыйласаң,// Атаң менен анаңды” [93, 74 б.], – деп ата-ананың қадірін білуге шақырады.

Ақтамберді қазақ жерінің қадіріне жетіп, соны жаудан қорғауды өмірлік мұратына айналдырған. Басқа батыр, бек-терді де соған үндейді:

“Еділ, Жайық екі өзен,// Талсыз болар деймісің,// Көкшетаудың көп көлі// Елсіз болар деймісің!// Ботагөзді бойжеткен// Жарсыз болар деймісің,// Абылай қонған кең қоныс// Елсіз болар деймісің!” [93, 76 б.] – деген налыс толғауы соның айғағы. “Он жетіде құрсанып, қылыш ілдім білекке” [93, 67 б.] – деп жазған әрі батыр, әрі шешен, әрі жырау, әрі би Ақтамберді Сарыұлы 70 жыл бойы ат үстінен түспей, елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап 100 жасқа жақындағанда дүниеден өтеді. Оның жырлары өз заманының шындығын көрсетіп қана қойған жоқ, сонымен бірге ел ертеңі үшін атамекенді қорғауға көпшілік басын біріктіріп отырған-дығымен де аса бағалы. Ақтамберді толғауларынан публицис-тиканың ауызекі түрінің жауынгерлік, пәрменділік белгілері көптеп табылады.

Үмбетей жырау Тілеуұлының арнаулары – нағыз публи-цистикалық үнге суарылған деуге негіз бар. Үмбетей жырлары нақты бір өмірде болған тарихи адамға арналуымен де ерекшеленеді. Оның “Бәкеге”, “Жауқашарға”, “Бекболат биге” арнаулары бастан-аяқ аталған адамдардың кемшіліктерін сынап, жұрт алдында әшкерелеуге құрылған. Бұл жырларда жырау қарапайым жұрттың жоқшысы кейпіне енеді. “Бәкеге” арнауында:

“Тоқымы кеппей топтанып,// Ел тонауға аттанып,// Жылқышысын дойырлап,// Жылқыларын сойылдап,// Көрші жұртты шулатып// Жаудай шапқан не сұмдық!” [93, 82 б.] – деп қазақ ішіндегі қорғансызды қан қақсатқан “барымташылдық”, “ұрлық” сияқты келеңсіз қылықтарды сынға алса,

“Өз малын кізнеген,// Кісі малын іздеген,// Түбінде өз малына ие болмас” [93, 85 б.], – деп Бекболат биді де ашық шенейді.

Үмбетейдің “Бұқарға”, “Ақтамберді, Қабанбай” сияқты жырлары ел ішіндегі дауды шешу кезінде сөзбен билік айтып, бітімгершілік жүргізу мақсатында айтылса керек.

“Бөгембай өліміне”, “Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту” сияқты кең толғаған жоқтауларында байтақ қазақ жерін қорғаған біртуар батыр Қанжығалы Бөгембай ғана емес, бүкіл қазақ батырларына сөзбен сұлу ескерткіш сомдайды. Бұл жырлар сонысымен де құнды. “Бөгембай өліміне” жырында тек Бөгембай ерлігі ерекше екпінмен, публицистикалық сарынмен жырланады.

“Баян Аула, Қызылтау,// Абралы, Шыңғыстау, // Қозы Маңрақ, Қой Маңрақ,// Қалмақты қуып қашырдың,// Қара Ертістен өткізіп,// Алтай тауға асырдың!// Ақ Шәуліге қос тігіп/ Ауыр қол жидырып алдырдың!…” [93, 85 б.] – деп төгіліп түскен жыр жолдарында қазақ даласындағы жер-су атаулары айқын аталады, қалмақты жеңіп, елді қорғаудағы Бөгембай батыр ерлігі асқақ рухта суреттеледі. Ал “Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту” жоқтауында қазақ елдігінің шаңырағын шайқалтпай, іргесін берік ұстаған, Абылайға шын жәрдемші, кеңесші болып әділ билік қылған билер мен жауға шапқан айбатты батырлар есімі:

“…Керейде батыр Жәнібек,// Қаз дауысты Қазыбек,// Қу дауысты Құттыбай,// Қара Керей Қабанбай,// Қанжығалы Бөгембай…// Сары, Баян мен Сағымбай” [93, 87 б.],– болып өшпестей етіп халық санасына, ел жадына жазылады. Үмбетей жырларындағы қазақ халқы бастан кешірген тұтас тарихи оқиғалар көрінісі, нақты жер-су атаулары, нақты өмірде болған тұлғалар бейнесі – бәрі-бәрі жыраулық поэзиядағы публицис-тикалық белгілердің молдығын дәлелдейді.

XVІІІ ғасырда өмір сүрген ірі тұлғалардың бірі – Бұқар жырау Қалқаманұлы. Ақылшы, би, абыз қартты қалың жұрт “Көмекей әулие” деп атаған. Ел басқарған Абылай хан Бұқардың даналығын бағалап, өз ордасына шақырып, кеңесін тыңдап отырған. Сол кездегі ел ісін шешуде мемлекет басшысының абыз жыраумен ақылдасып отыруының өзі көрегендік болып табылады. Бұқар жырау хан ордасының идеологы ретінде көп мәселелерді шешуге араласқан.

Бұқар жыраудың Абылай қасында болған кезеңде жазған шығармаларында публицистикалық сарын басым. Оның бұл кездегі жырлары мемлекет өміріндегі көкейкесті мәселелерге арналып, қоғамдық қажеттілігімен, тарихи маңыздылығымен ерекшеленеді. Ол “ел-жұртты басқыншы жауға күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салды. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналды. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап қалатын көсем тұрғысында үлкен сенім артты” [71, 456-457 бб.].

Бұқар да қазаққа жайлы қоныс бар, егер “Жиделі байсын” жеріне барса, қазақ тыныш, жайлы өмір сүреді деп есептеген. Бұл ретте оның Асан қайғы үлгісін жаңғыртқан:

“Сырдария суынан// Көлденең кесіп өтіңіз.// Үш жыл малды ту ұстап,// Жиделі Байсын жетіңіз…” [93, 104 б.] – деген жолдарын мысал етуге болады. “Алпамыс батыр” жырында, Асан қайғы, Бұқар толғауларында қайталанып отырған “Жерұйық”, “Жиделі байсын” қоныстары туралы ұғым назар аудартады. Бұл туралы зерттеушілердің әр түрлі пікір – бол-жамдары бар. “Адамзат баласының тарихында ежелгі дүниеден бері құтты қоныс болған, мемлекеттік пен мәдениеттің ошағына айналған бірнеше өлке бар. Олар – Ніл бойы, Ефрат пен Тигр өзендерінің, Инд пен Ганг өзендерінің, Хуанхе мен Янцзы өзендерінің және соңғысы Сыр мен Әму дарияларының арасы. Көне Шығыстың тарихшылары мен ақындары, көпес-тері мен жиһангер сұлтандары Әму мен Сыр өзендерінің ара-сындағы осынау құнарлы қоныс, құдіретті қалалар, қонақжай халықтар орнаған мекенді Мәуреннахр өлкесі деуші еді… Ал, қазақ болса, оның ата-бабалары да Мәуреннахр өлкесін өздерінше – Жиделі Байсын дер еді” [100, 9 б.]. “Жерұйықпен қоса қабат қолданыла беретін Жиделі Байсынға келсек, ол шынымен де бар аймақ және бүгінгі Өзбекстан Республика-сының Сурхандария уалаятында орналасқан деген пікір жолығысады [101, 273 б.]. Жиделі Байсынды қазіргі Жетісу өңірі деп дәлелдейтін қызғылықты болжам да кезігеді 102]. Зерттеуші А. Шәріптің ойынша, “Ергене қон”, “Өтүкен” және “Жиделі Байсын” сияқты нақты атауларға негізделген Жер-Анаға табыну турасындағы халықтың салт-санасы қалыптас-қан [103, 22 б.]. Қалай десек те “Жиделі Байсын” қазақ түсінігінде ертеден қалыптасқан ”құтты қоныс” ұғымының баламасы.

Бұқар Шалкиіз, Үмбетей үлгісімен де жыраулық поэзияны дамытып, өмірде болған қазақтың ер тұлғалы батырларын “Қалдан Серен” деген толғауында кең тыныспен толғайды.

“Қалданменен ұрысып,// Жеті күндей сүрісіп,// Сондағы жолдас адамдар:// Қара Керей Қабанбай,// Қанжығалы Бөгембай,// Шақшақұлы Жәнібек,// Сіргелі қара Тілеуке,// Қарақалпақ Құлашбек,// Тігеден шыққан Естербек,// Шапырашты Наурызбай,// Құдаменді Жібекбай қасында,// Бақ, дәулеті басында.// Секербай мен Шүйбекбай,// Таңсық қожа, Мамыт бар,// Қасқарауұлы Молдабай,// Қатардан жақсы қалдырмай,// Айнақұл Бәти ішінде,// Өңкей батыр жиылып” [93, 110 б.], – деп қалмақпен ұрыста ерен ерлік көрсеткен, қазақ мемлекетінің қалыптасуына қызмет еткен батырлар рухын көтереді. Сол арқылы қазақ халқының тұтастығын сақтауға әсер, ықпал етеді.

Бұқар “Ай, айтамын айтамын”, “Ал, тілімді алмасаң”, “Абылай ханның қасында”, “Кіші қара қалмақ бүлерде”, “Ай, Абылай, сен он бір жасыңда”, “Садыр, қайда барасың”, “Құбылып тұрған бәйшешек”, “Қалданменен ұрысып”, “Қазақтың ханы Абылай”, “Ай, Абылай, Абылай” арнауларында қазақ ханы Абылайдың мәртебесін асырып, ел алдындағы беделін көтеріп, күшті хан төңірегіне топтасу идеясын ұсына отырып, Абылайдың қайталанбас бейнесін жасайды. Абылай хақында айтқан жырларында тек Абылайды марапаттаумен ғана шектеліп қалмай, оған ел мұқтажын да жеткізеді, XVІІІ ғасырдағы қазақтың жалпы саяси ахуалынан да кең хабардар етеді. Осы тұрғыдан келгенде де Бұқардың Абылай туралы арнаулары үлкен әлеуметтік жүкті көтеріп тұрған, нақтылы өмір көріністерін суреттеген, көтеріңкі публицистикалық пафоста жазылған шығармалар. Бұқар арнауларында Абылайды жұртпен санасып, көпшіліктің қамын ойлауға (“Еліңнің қамын же – сана”) [93, 101 б.], қандай шайқаста жеңсе де халықтың арқасы екенін, сондықтан көпке жамандық жасамауға (“Орыспенен соғысып, Басына мұнша көтерген, Жұртыңа жаулық сағынба”) [93, 104 б.], ханды бей-біт өмірге шақырады (“Соғыспа деп жырлайды”) [93, 104 б.], хан мен халық арасындағы мәмлегер рөлін атқарады (“Жау-лаған ханын қара оңбас, Хан қисайса бәрі оңбас”) [93, 105 б.], Абылайдың қазақтың басын біріктірудегі ерен еңбегін көрсетеді (“Елу жасқа келгенде, Үш жүздің баласының, Атының басын бір кезеңге тіредің”) [93, 105 б.], ел мүддесін биік қояды (“Ханның жақсы болмағы – Қараманның елдігі”) [93, 110 б.]. Осы келтірілген үзінділердің бәрінде де мемле-кеттік істерге орасан зор ықпал жасаған Бұқар поэзиясының публицистикалық сарыны айқын көрініс табады.

Қоғамдық құрылыстың дамуымен, мемлекеттіктің пайда болуымен бірге әлеуметтік қайшылықтар да айқындала түседі. Әр топ, әсіресе ел басындағылар өз көзқарасын тарату мақсатында идеологиялық құрал іздеді. Кейбір ұлықтар сөз зергерлерін осы мақсатта пайдалануға әрекет жасайды, оларға сый-сияпат көрсетіп, өз пікірлерін таңып, халыққа мақтатып, қошеметшіл поэзияның кейбір түрлерін туғызды. Бұл әлемнің көптеген мемлекеттерінде орын алған ақиқат. Осы шындықты орыстың ойшыл сыншысы Н.А.Добролюбов былай деп пайымдайды: “Адам өз бойынан ең алдымен дене күшінің сапасын таниды да, әрбір халық өзінің алғашқы өсу сатысында қаһармандық аңыздар шығарады.

Қара күш біреудің беделін күшейтеді, екінші біреуді тө-мендетеді. Поэзия әлемінде бір адамның екінші біреуді қалай жеңгенін, қандай олжа түсіргенін жырлау пайда болды. Жеңім-паздар жеңілгендерді өзіне бас идіреді және өздерінің право-ларын мойындатады. Осы тұста поэзияда қошеметшіл ода туа-ды. Ал, кейінірек, жеңімпаздар озбырлығы күшейе келе, жеңіл-гендердің күңкіл үні естіле бастайды, олар наразылық білді-реді. Осы кезден бастап әдебиетке сатира келеді. Әуелі жанама жеңіл әзіл, кейін өткір мысқыл бой көрсетті” [104, 280 б.].

Осындай төре, сұлтандардың озбыр қылығын ел алдында әшкерелеп, өткір сынға алған шығармалар – өлеңді қобызбен айтқан Жанақ Сағындықұлы жырларында айқын көрініс тапты.

“Жанақ ауыл молдасынан дәріс алып, хадимше хат танып, діни білім алған… Түркістан өңіріндегі Қарнақ медресесінде, Ташкент қаласындағы медреседе оқыған. Жанақ жас кезінен өнер жолына түсіп, домбыра, қобыз тартып, жыр-дастандарды жатқа білген… 1790-97 ж. Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, қозғалыс жаршыларының бірі болған…” [82, 526 б.].

Жанақтың бізге жеткен жырларының ішіндегі сүбелісі – “Рүстем төреге айтқан сөзі”. Ақын төрені мақтап сөз бастаған кезде Балқаш жағасында тұратын бір балықшы Рүстемге балық және бір аңшы түлкі алып келеді. Соны көрген Жанақ:

“Адал тамақ өтпейді тамағыңнан,// Ұрлық етін саласың қазаныңа…// Тышқанына аңшының жарналас боп,// Балық-шының ортақ боп сазанына// Ұрлап келген жылқыны мәзетіндей,// Кісінеттің тұсыңнан азаныңа” [93, 173-174 бб.], – деп төренің ұрлық жасайтынын, көпті қанайтынын өткір тілмен сынға алады. Рүстем қылышын көтергенде:

“Дат айтқызбай шапқан жоқ атаң қылыш// Арғы тегің қанішер Абылайдан// Үш жүздің баласына қанат жайған// Абылай да сенше қан ішкен емес” [93, 174 б.], – уытты ирония, ащы сарказммен жауап қатады, әрі оқиға төре мен ақын арасындағы сұхбат түрінде өрбиді.

“Хан түңілді бұл күнде халықтан да,// Ханнан мүлде халық та жалыққан ба?!// Халық-дария, Хан-балық емес пе еді?!// Судан шықса жан кетер балықтан да” [93, 176 б.] – деп көркемдік тәсілмен, салыстырмалы теңеулермен өзі өмір сүрген тұстағы әлеуметтік теңсіздіктің бетін ашып, батыл әшкерелейді. Қазіргі сатиралық публицистиканың алғашқы көріністерінің бірі – осы Жанақ ақынның сыншыл, төрені күлкі еткен шумақтарында жатыр.

“Хан – қақпа, халық – қазына, батыр – қорған,// Молда – сүлік әуелден елді сорған.// Шешен – шеңбер болғанда, би – таразы,// Ән – сәнің, күйің – көркің, ақын – жорғаң” [93, 185 б.], – деген жолдар XVІІІ ғасыр аяғы – ХІХ ғасыр басындағы қазақ өмірін, мемлекеттік құрылысын, ондағы келеңсіз жайттар мен ұлттық өнердің шын бағасын береді.

Енді бір жырында ер Бараққа мадақ жырын жазып, оның батырлығына тамсанады:

“Шұбарым, арғымағым, кермаралым,// Өз заңымша бөлкендік, жандаралым.// Бала күннен бас болған мың сан қолға// Баласы Солтекемнің ер Барағым” [93, 185 б.].

Жанақтың полковник (бөлкендік) сөзін қолдануының өзі, сол замандағы Ресей отаршылдығының, орыс ықпалының әсерін көрсетеді.

Жыраулық поэзияның үрдісімен тарих сахнасына дауыл-дата келіп, бар болғаны 42 жас ғұмырында қазақтың сөз өнерінің түндігін желпілдетіп, айтарын тайсалмай айтып өткен жыр дауылпазы Махамбет Өтемісұлы болды. “Жауынгер жырау Махамбет сақара бардтарының ең соңғы тұяғы еді. Ол қанды шайқас, тынымсыз күрес үстінде өткен өмірмен көне жыраулар жүрген жолды қайталайды, ал оның өр рухты асау жырлары әлденеше ғасырлық тарихы бар жауынгерлік поэзияның ең соңғы аккорды болды” [93, 13 б.]. Профессор Х.Сүйіншәлиев: “Махамбет ұл болып туған жастың мақсаты: “Ереуіл атқа ер салу, егеулі найза қолға алу, алты малтаны ас қылып, ат үстінде күн көріп, ашаршылық шөл көріп” жүріп, жаудан кек алу, халықтың арын, жерін қорғай білу деп түсінеді. Міне, Махамбет жарқын ойлы, жалынды ақын ретінде тарихқа осылай келген-ді” [98, 179 б.] – деп Махамбеттің әдебиетке қалай келгенін тап басып көрсетеді.

Махамбет қазақ поэзиясын сапалық және көркемдік биікке көтерумен бірге, қазақ публицистикасының қалыптасуына да зор үлес қосқан тұлға. Өз дәуірінің шындығын соншалықты айқын, соншалықты асқақ рухпен жырлаған Махамбет шығар-малары қазақ қоғамының хандық дәуіріндегі әлеуметтік теңсіз-дікті ашып берді. Хан мен халық арасындағы шиеленіскен жағдай, әрі орыс отаршылдарының қысымы күрделендірген қазақ даласындағы ауыр жағдай әсіресе қарапайым жұрт басына түскендігін көрсетті. Ата қонысы Нарыннан айырылған елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, хандар мен сұлтандарды ащы сынға алды. Теңдік іздеген халықтың жоқшысы, Исатай бастаған көтерілістің бас ұраншысы Махамбет өз дәуірінің бас идеологы да еді. Бірақ ол алтын тақтың үстіндегі хандардың емес, езгіден жаны қиналған қалың елдің сөзін сөйледі. Қазақтың қиналған күнінде шыққан ащы айғайы, жан дауысы Махамбет өлеңдерінде өрілді.

Бұл туралы академик З.Қабдолов: “Бір кезде керемет ерліктің үлгісі боп көтерілген Махамбет бүгінде егемен елдіктің өшпейтін рухымен осылай астасып жатыр.

Ақиқат шындықты “шыңдап” қана қоймай, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа “шегелеп” қалдыратын ғажайып Сөз өнерінің құдірет-күші деген осындай болады” [105], – деп жазды.

Қазіргі қазақ публицистикасындағы өршіл рух, асқақ үн, батылдық пен сыншылдық, өткірлік пен шыншылдық, ел қамына қызмет ететін бүкілқазақтық ұлтжандылық пен керек жерінде “бас кеспек, болса да тіл кеспек жоқ”, – деп әділін айту сияқты мінез, қасиеттер болса – осының бір ұшығы Махамбет жырларында жатқандығы дәлел тілемейді.

“Желп-желп еткен ала ту,// Жиырып алар күн қайда?!// Орама мылтық тарс ұрып,// Жауға аттанар күн қайда?!// Жаурынына мұз қатып,// Жалаулы найза қолға алып,// Жау тоқтатар күн қайда?!” [93, 203 б.] – жолдары ежелден жауын-гер қазақ бейнесін көрсетіп, жер қорғаған батырлар қаһарман-дығынан елес береді. Махамбеттің өзі де жорық жыршысы, әрі қол бастаған ержүрек батыр. Бұл оның “Еңселігім екі елі” жырынан айқын көрінеді.

“Еңселігім екі елі,// Егіз қоян шекелі// Жараған теке мүшелі.// Жаурыны жазық, мойны ұзын,// Оқ тартарға қолы ұзын,// Дұшпанына келгенде// Тартынбай сөйлер асылмын.// Құла бір сұлу мінген ат,// Құйрық жалын шарт түйген,// Құм сағыздай созылған,// Дулығалы бас кескен,// Ту түбінен ту алған,// Жауды көріп қуанған,// Мен – Өтемістің баласы// Махамбет атты батырмын!” [93, 204 б.] – бұл заманына сай туған, өр тұлғалы, дулығалы Махамбет батырдың өзі сөзбен сомдаған автопортреті десек те болғандай.

Махамбет жырларындағы публицистикалық белгілерді молайтатын тұсы – оның ел басқарған ұлықтарды сынға алған, батыл шенеген шығармаларынан көрінеді. “Махамбеттің Жәңгірге айтқаны”, “Махамбеттің Ордадан кетерде ханға айтқаны”, “Жәңгірдің ісі”, “Адыра қалған Нарынның”, “Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны”, – деген жырла-рында Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтанның елге көрсеткен озбыр қылықтары әшкереленеді. Ақын Жәңгір ханға ашынған бір тұста:

“Хан емессің, қасқырсың,// Қас албасты басқырсың,// Достарың келіп табалап,// Дұшпаның сені басқа ұрсын!// Хан емессің ылаңсың,// Қара шұбар жылансың.// Хан емессің аярсың,// Айыр құйрық шаянсың” [93, 205 б.] , – деп ащы сарказммен қатты сынайды. Кейіннен өз объектісін құртып, жойып жіберуге бағытталатын публицистиканың памфлет жанрында жазылған шығарма осындай-ақ болар. Кезінде зығырданы қайнап, ашу, ыза-кекпен айтылған Махамбет сөздері ғасырлар бойы Жәңгір хан туралы ұрпақ алдында бір жақты пікір қалыптастырып келді. Жәңгірдің елге істеген ілгерілеушілік бағыттағы қызметтері “жабулы қазан” күйінде қалып қойды. Міне уытты сөздің құдіреті, оның пәрменділігі дегенге мысал осындай-ақ болар. Бүгінгі таңда еліміз тәуелсіздік тізгінін алып, тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашылып жатқан кезде, өткен өмір құбылыстарына әділ көзқарас тұрғысынан баға беретін күн келді. Кешегі “азуын айға білеген” Махамбет өлеңдерінде “қасқыр”, “жылан”, “шаянға” теңелген Жәңгір ханды да ақтап, баспасөз беттерінде көптеген материалдар жарық көріп те жатыр. Жәңгір ханның қазақ халқы мәдениетінің, білімінің көтерілуіне үлкен үлес қосып, қазақ даласында балалар үшін мектеп ашқандығы мәлім болды. “Жәңгір хан орыс, татар, неміс тілін білген, Жәңгір билік еткен тұста Бөкей ордасында сауда жәрмеңкесі (хан жәрмеңкесі) ұйымдастырылып (1832), дәрігерлік бөлімше, 1838 ж. дәріхана, архив ашылды, хандықтың алғашқы картасы жасалды. 1841 ж. Жәңгір хан өз қаражатына мектеп ашып, онда М.С.Бабажанов, М.Бекмұхамедов, К.Шығаев, т.б. білім алған. Жәңгір сол жылы Қазан университетінің жанындағы ғылыми кеңеске мүше болып сайланып, 1843 ж. Генерал-майор атағын алады. 1844 ж. қазанда Жәңгірдің “Мұхтасар Әл-фикғайат” аталатын еңбегі жарық көрді. Жәңгір асыл тұқымды жылқы өсірумен, қазақ шежіресін жинаумен шұғылданды…” [82, 620 б.]. Сондықтан Жәңгір хан тұлғасына да бір жақты қарамай, оның елге жасаған жақсылықтарын да көрсетіп отырумыз керек. Осы тұрғыда 1998 жылғы 14-наурыз күні Президентіміз Н.Ә.Назарбаев республиканың өнер, мәдениет және ғылым саласындағы шығармашылық зиялы қауымның танымал өкілдерімен өткізген кездесуінде айтқан: “Қоғамның біртұтастығы белгілі бір дәрежеде ақыл-ой иелерінің, талантты тұлғалардың, сөзіне дүйім халық құлақ қоятын азаматтардың позициясына байланысты. Әсіресе әкімнен гөрі ақынды көбі-рек қадір тұтатын Шығыс елдерінде ғалымның, суреткердің беделі ләйім биік болып келеді. Айтқан сөзі өтеді. Бір мысал. Біздің халық Махамбеттей ақын айтқан соң хан Жәңгірдей ұлығымызды да хан емес қасқыр, қара албасты басқыр”, “Хан емес аяр, айыр құйрық шаян” деп санай берген ғой…

Сіздер жазған еңбектеріңізде, мақалаларыңызда, көркем публицистикада (астын сызған біз. – Б.Ж.) қоғамның осы “Қазақстан–2030” стратегиясы төңірегіне топтасуы қажеттігін дәлелді айтады, нандыра айтады деп сенемін” [106], – дегенін есте тұтуымыз керек-ақ.

Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқанында да ұлық-тың артық кеткен тұстарын бетке айта отырып, ақын жер үшін күресу қазақ батырларының қасиетті парызы екенін былайша жеткізеді:

“Еділ үшін егестік,// Тептер үшін тебістік,// Жайық үшін жандастық,// Қиғаш үшін қырылдық” [93, 226 б.]. Осы және басқа өлеңдердегі Еділ мен Жайық, Арқа, Нарын, Бекетай құмы, Орынбор, Барша құм, Дендер, Сағыз, Жем, Алатау, Теңіз, т.б. жер-су атауларының кездесуі де – Махамбет шығармаларындағы нақтылы публицистикалық белгілердің бар екендігін айғақтайды. Махамбет жырларында кездесетін тарихта болған адамдардың аты аталуы да – ақын шығарма-ларын шындық өмірге жақындататын публицистикалық сипатын арттырады. Мәселен Өтеміс – Махамбеттің әкесі, Исатай – Батыс Қазақстандағы 1836-1838 жылдардағы шаруа-лар көтерілісінің басшысы Исатай Тайманұлы, Жәңгір Бөкейханұлы – Бөкей ордасының ханы, Баймағамбет – сұлтан, Қаныкей – сұлтанның әйелі, Тінікей – сұлтанның туысы, Жақия – Исатайдың баласы, Махмұт – Махамбеттің ұлы, Айшуақ – Жәңгір ханның атасы Айшуақ хан, Байбақты Жүніс, Ерсары, Қалдыбай, Қабыланбай, Рысалы, Көбек – қазақ батырлары, Шонты би – Кіші жүз билерінің бірі. Махамбет жырларында Ағатай Беріш, Егіз, Балқы, Он екі ата Бай ұлы, Әлім сияқты ру, ата аттары да аталады. Мұның бәрі Махамбет шығармаларына шынайы деректер негіз болғандығын көрсе-тетін публицистикалық белгілер.

“Махамбет өлеңдеріндегі келелі мәселе – кезінің кескілескен күрес дүбірі. Оның өлеңдеріндегі шынайылық та сол мәселе тұрғысынан танылмақшы. Ақын өзі бастаған қозғалысты бастан аяқ жырлау арқылы сол тарихи оқиғаның шындық көрінісін түп-түгел көз алдыңнан өткізеді. Мысалы, өзінің “Соғыс” деген өлеңінде ақын Бекетай құмында болған бір айқастың қалай басталып, немен тынғанын баяндайды” [98, 185-186 бб.].

“Исатай басшы, мен қосшы,// Исатайдың сол күнде// Ақтабан аты астында,// Дулығасы басында// Зығырданы қайнайды,// Астына мінген ақтабан// Ақ бөкендей ойнайды.// Қасына ерген көп әскер// Маңыраған қойдай шулайды.// Жау бір өрттей қайнайды,// Қайнағанмен қоймайды,// Мылтығын қардай боратып…// Әскердің алды бөгелді,// Қырдан ойға төгілді.// Ханның тобы үш атты…// Топтың үні шыққанда// Сонда батыр жөнелді…” [93, 207-208 бб.] – осы жыр жолда-рынан кескілескен шайқасты көзімен көрген, өзі де араласқан автор ерекше екпінмен, соғыс күйін шертеді. Кейінгі Ұлы Отан соғысы болғанда, біздің публицистер қолданатын публицисти-калық баяндау тәсілі де, шайқас алаңын өз көзімен көрген жауынгер жазатын майдан репортажының да белгілері бар мұнда. Ең бастысы – сонау ХІХ ғасырда өткен шайқас көріністері сол қалпында, өзгеріссіз көз алдыңа келеді. Бұл – Махамбет шығармалары шынайылығының нағыз дәлелі болса керек.

Махамбеттің Исатай бейнесін сомдаған арнаулары мен жоқтау өлеңдерінің көтерер жүгі өз алдына бөлек. Мұнда ақынның елді соңынан ерте білген Исатайдай қолбасшыға деген ерекше құрметі, риясыз сезімі ақтарылып төгіледі. Исатайдың дүниеден өтуін – бүкіл халықтың ауыр халімен байланыстырады.

«Тайманның ұлы Исатай// Ағайынның басы еді,// Алты ердің қасы еді,// Исатайды өлтіріп,// Қырсық та шалған біздің ел!.. [93, 213 б.], немесе “Исатайды өлтіріп,// Серкесінен айырылып// Сергелдең болған біздің ел” [93, 213 б.], – сияқты төгіліп түскен шумақтардан ел арысынан айырылғандығы, орны толмас қаза екендігі, “Біздің ер Исатай өлген күн, он сан байтақ бүлген күн!...” [93, 213] екендігі қайғылы хабар болып жұртқа жетеді. Исатайдың қайталанбайтын арыстан тұлғасы жауһардай тізілген сөзбен сомдалады.

Дәл осы тұста академик З.Қабдоловтың: “Қазақ әдебие-тінің ұлы материгіндегі өзгеше бір сырлы арал болып тұрған Махамбет поэзиясының тақырыбы біреу – майдан. Не үшін болып жатқан майдан? Әлгі айтқанымыз: қазақ елінің елдігі, еркіндігі мен егемендігі үшін болып жатқан ерлік майдан. Махамбет тек осы тақырыпты ғана толғады. Оның барлық өлеңін бір жерге топтағанда “Жорық жыры” болып шығатыны сондықтан. Бұл тақырыпты ол және қаламын тістеп отырып ойдан-қырдан іздеп келіп, саусақ арасынан сауып алған жоқ, Исатай екеуі өз қолдарынан жасап алды”[105], – деген тебіреністі толғамы ойға оралады.

Махамбет жырларындағы жаңбырдай жауған, қардай бораған “Толарсақтан саз кешіп” [93, 204 б.], “Алтын тақты хандардың, хандығынан не пайда – қарып пенен қасерге туралық ісі болмаса” [93, 205 б.], “Өте шыққан қызыл гүл – бұ дүниенің жалғаны” [93, 207 б.], “Жайықтың бойы көк шалғын, күзерміз де жайлармыз…” [93, 218 б.], “Ертеден салса кешке озған, ылдидан салса төске озған” [93, 218 б.], “Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын, Шамырқансам, шатынап сынар болатпын” [93, 220 б.], “Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім” [93, 229 б.], “Мұсылманшылық кімде жоқ – Тілде бар да, дінде жоқ” [93, 231 б.], “Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, еменге иір бұтақ бітсейші” [93, 232 б.], т.б. деген секілді тұтас сөз тіркестерінің өзінен Махамбет мінезін, Махамбет тұлғасын, Махамбет намысын, Махамбет өсиет-нақылын, Махамбет көрген өмір шындығын тани аламыз.

Махамбеттің хат таныған, орысша, мұсылманша сауатты болғандығы туралы сан алуан деректер бар. Соның ішінде біз үшін құнды екі мәселені айтпай кетуге болмайды. Оның біріншісі – 1839 жылы Махамбеттің елде қалған жолдастарына жазған хаты [107], екіншісі – 1845 жылы Орынбор шекара комиссиясына баласы Нұрсұлтанды оқуға алуын сұрап өз қолымен жазған арызы [98, 181 б.]. Бұл екі құжат та терең зерттеуді қажет етеді. Қазақ эпистолярлық публицистика-сының пайда болуында Махамбет жазған хат пен арыздың ерекше маңызы бар екендігі айтпаса да түсінікті.

“Халық қайғысын айтуға, Хан ұлынан тайсалмаған” Махамбет Өтемісұлы шығармалары өз дәуірінің айнасы бола білген, әрі сөзбен іс-әрекетке жұмылдырған жыраулық поэзия-дағы публицистикалық сарынның жарқын көрінісі.

Жыраулар поэзиясындағы публицистикалық сарын туралы сөз еткенде, мынадай қорытындыға келуге болады:

Біріншіден, жыраулар дәуір үнін, замана шындығын жеткі-зеді. (XV – ХІХ ғ.ғ. тарихи шындық);

Екіншіден, өмірде болған тарихи нақты оқиғалардың, сол кездегі саясаттың, қоғамдық маңызы зор оқиғалардың көрінісі бола білді. (Қазақ хандығының құрылуы, қазақ-қалмақ шап-қын-шылықтары, орыс отаршылдығы, үш жүздің ынтымағы, Абылай тұсындағы қазақ хандығының нығаюы, сұлтан, төре-лер озбырлығына халық наразылығы, ұлт-азаттық көтеріліс-тері, т.б.);

Үшіншіден, жыраулар поэзиясының-мемлекетті басқару құралы, мемлекет идеологиясы деңгейіне көтерілуі;

Төртіншіден, тарихта болған хан, би, сұлтан, төрелердің атқарған ісінің, жетістік, кемшіліктерінің жырлануы (Жәнібек хан, Есім хан, Би Темір, Баймағамбет сұлтан, Жәңгір хан, Абылай хан, Рүстем төре, т.б.);

Бесіншіден, қазақ елінің тұтастығын қорғаған батырлар ерлігіне арналған мадақ, арнау жырлары, жоқтаулардың жазылуы (Орақ, Мамай, Ер Шобан, Қабанбай, Бөгембай, Ер Барақ, Исатай, т.б.);
Алтыншыдан, жыраулар поэзиясында қазақ даласында қазір де бар тарихи жер, су атаулары келтіріледі (Еділ, Жайық, Сарыарқа, Ойыл, Жем, Сағыз, Өзен, Арал, Шаған, Қара Ертіс, Алтай, Алатау, Шыңғыстау, Баянаула, Абралы, Маңрақ, Сырдария, Балқаш, Нарын, т.б.);

Жетіншіден, өмірде болған көптеген адамдар жайынан деректер келтіріледі (Сүйініш, Бозтуған, Бәке, Бекболат, жауқашар, Өтеміс, Жақия, Махмут, Қаныкей, т.б.).

Сегізіншіден, жыраулар хан шешімін, жұрт тілегін жеткі-зіп қана қоймайды, белгілі бір іс-әрекетке жұмылдырады, белгілі бір мәселенің шешімін табуға тырысады (Ынтымақ, бірлікке үндеу, ел қорғауға шақыру, орыс отаршылдығынан сақтандыру, азаттық көтерілісіне шақыру, халық мұқтажын өтеу т.б.).

Тоғызыншыдан, жыраулар поэзиясында қазіргі публицис-тиканың дәстүрлі өзегіне айналған сөз қайталау арқылы айтар ойды күшейтіп жеткізу, публицистиканың баяндау тәсілі, оқиғаны көзбен көріп бақылау арқылы суреттеу әдісі, өмір фактілерін контрасты түрде салыстыра отырып мәселе мәнісін ашу, үгіттеу, насихат айту, сатиралық публицистиканың алғашқы үлгілері, памфлет, репортаж, сұхбат, хат, суреттеме сияқты жанрлардың бастау алар белгілері көрініс табады.

Жыраулар поэзиясындағы публицистикалық сарын арқы-лы біз өткен ата-бабалар өмірінен, олардың әлеуметтік-саяси тіршілігінен сыр тартып, халқы үшін жанын қиған батырлар ерлігімен танысамыз. Мұның өзі қазақ публицистикасының тарихын тереңдете зерттеуге мүмкіндік туғызады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет