ҚР білім жүйесін басқару. Мектеп басшыларының қызметі
Мектепті басқару әдістері – бұл барлық ұжым мүшелерінің бірлесіп тұтас педагогикалық процестің мақсаттарын, принциптерін және мазмұнын іске асыруды басқару тәсілдерінің жүйесі.
Қазіргі кезеңде мектепті басқару әдістері негізінен екі бағытта іске асырылады. Бірінші бағыт бойынша мектепті басқару әдістерін Т.М.Куриленко үш топқа бөледі:
1. Психологиялық-педагогикалық әдістер - бұл ұжым мүшелерінің оқушылардың тапсырған іске жауапкершілік сезімін арттыруға,өз борышын орындауға байланысты. Бұған сендіру, түсіндіру, өнеге, кәсіби әңгіме, кадрлармен дербес жұмыс, т.б. әдістер жатады.
2. Педагогикалық – ұйымдастыру әдістеріне жұмыс міндеттерін өзара бөлісу, мектепте іс-әрекетінің түрлеріне сәйкес түрлі ережелерді, іс тәртібін анықтау және жасау, ұжым іс-әрекетін іріктеу, оқу-тәрбие процесін жетілдіру мәселелері жатады.
Автордың пікірі бойынша бұл мәселелер түрлі ұйғарым, ресми жарлық, бұйрық және басқару шешімдері арқылы орындалуы тиіс.
3. Әлеуметтік-психологиялық әдістерге келешек бағыттарды белгілеу, нақты міндеттер қою, жалпы тапсырмаларды орындауда мұғалімдердің ынтымақтастығын ұйымдастыру, мұғалімдер мен оқушыларға қойылатын бірыңғай талаптарды сақтау, дәстүр, т.б. кіреді. Бұл басқару әдістері мектеп ұжымындағы микроклиматтың қалыптасуына қолайлы әсер етеді. Сонымен бірге мұғалімдердің шығармашылық еңбегі оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.
Бұл әдістер оқу-тәрбие процесіне қатысушылардың іс-әрекетін мерзімінде орындалуын талап етеді. Мектеп директоры өз құқығын пайдалана отырып, педагогтардың, оқушылардың, ата-аналар жұртшылығының пікірлерімен санасады. Жұмысты осылай басқарудың нәтижесінде ұйымдастыру және басқара білу әдістері еңбекті мөлшерлеу әдістеріне айналады.
Мектеп басшылары педагогтармен және оқушылардың қоғамдық ұйымдармен бірігіп, оқу-тәрбие жұмысында іргелі өзгерістер жасау мақсатымен негізгі мәселелерді зерттеу елегінен өткізіп, нәтижесін бүкіл мұғалімдер мен ата-аналар жұртшылығының игілігіне айналдыруы тиіс.
1.Тұтас педагогикалық процесті демократияландыру, ізгілендіру, гуманитарландыру идеяларын басшылыққа алып, халық педагогикасымен қабыстыра жүргізуді қамтамасыз ету.
2. Мектепішілік бақылауды дұрыс жолға салу, оқытушылардың іс-тәжірибесін зерттеу, жинақтау, олардың нәтижесін оқу-тәрбие процесіне енгізу.
3. Озат мұғалімдердің тәжірибесімен танысу, оны мектеп жұмысында кеңінен пйдалану.
4. Мектеп басшылары оқу-тәрбие процесін басқарудың әдістерін, тәсілдерін игеруді, жұмыс стилін заман талаптарына сай жетілдіруді іздестіреді.
5. Мұғалім еңбегін ғылыми негізде ұйымдастырудың үдемелі жолдарын қарастырып, бірізділік жүйеге келтіру.
6. Ұлт және ұлтаралық тәрбиеге ерекше көңіл аудару, оны іске асыру процесінде ұлттардың, ұлыстардың достық және бірлік тілектеріне сәйкес үйлестіре басқару.
7. Үйелмен оқу мен тәрбие жұмысындағы мектептің одақтасы. Сондықтан оның этикалық құрамын және құрылымын /толық, толық емес үйелмен, бірұлттық, көпұлттық үйелмен, т.б/ еске алып отырған жөн .
8. Оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының іс-әрекетіне көмектесу, олармен ынтымақтасып жұмыс істеудің тиімді жолдарын қарастыру.
Мектеп ісін бақылау үшін оған бірнеше педагогикалық талаптар қойылады. Олар:
- бақылауды ұдайы және жүйелі түрде жүргізіп отыру;
- бақылаудың әр түрлі формаларын пайдалану;
- бақылаудың әділеттілігі, жариялылығы;
- бақылаудың тиімділігі және нәтижелілігі.
Мектепшілік бақылау мазмұнына кіретін мәселелер:
а) оқу жоспары мен оқу бағдарламалары,олардың орындалуы;
ә) сабақ берудің және оқудың жағдайы (сабақ берудің теориялық және әдістемелік деңгейі, оқушылар білімінің ,іскерлігінің және дағдысының сапасы)
б) жаңашыл мұғалімдердің педагогикалық тәжірибелерін оқып үйрену, тарату және оқу-тәрбие процесіне енгізу;
в) тәрбие жұмыстарын бүгінгі өмір талаптарына сәйкес басқару (сыныптар бойынша тәрбие жұмыстары, ұзартылған күн топтары, сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмыстары);
г) әдістемелік жұмыстар (педагогикалық және әдістемелік кеңестер, әдістемелік пән бірлестіктері, шығармашылық топтар, т.б);
д) ата-аналар және жұртшылықпен жүргізетін жұмыстар;
е) мектеп құжаттары;
ж) педагогикалық кеңесте қабылданған шешімдердің орындалуын тексеру.
Оқу - тәрбие процесін бақылаудың бірнеше түрлері бар:
- жаппай, мысалы, барлық сыныптарда жүргізілетін жазба бақылау жұмыстары;
- бірнеше күн оқушылардың сабаққа қатынасуын, яғни сабаққа келушілер санын бақылау, т.б.;
- тақырыптық - оқу немесе тәрбие жұмыстарының кейбір жақтарын арнайы тақырып бойынша тексеру;
- дербес - кейбір мұғалімнің, тәрбиешінің, мектеп қызметкерлерінің іс-әрекетін бақылау;
- ұжымдық - сынып ұжымының, оқушылардың ұзартылған күн тобының, кейбір үйірмелердің іс-әрекеттерімен танысып бақылау.
Бақылау жүйесін және оған қойылатын талаптарды орындау үшін мектеп директоры өзінің орынбасарларымен бірлесіп, бақылаудың түрлерін, орындау мерзімін және мақсаты мен міндеттерін мектептің жалпы жоспарында көрсетеді, жоспар педагогикалық кеңесте бекітіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |