Бақылау сұрақтары
1.1930 ж. және Ұлы Отан соғысына дейінгі педагогика ғылымы негіздерінің қалыптасуы.
2. Нәзипа Құлжанова, Ш. Әлжановтың, Ш. Қоқымбаевтың, С. Қожахметовтың еңбектеріндегі педагогика ғылымдарының теориялық және тарихи мәселелері.
13-лекция тақырыбы: Қазақстандағы педагогика ғылымының соғыстан кейінгі кезеңі (1945-1992ж.) А.Сыдықовтың, Т. Тәжібаевтың, С. Балаубаевтың, К. Мұхамеджановтың, Ә. Сембаевтың, Қ. Бержановтың, Қ. Жарықбаевтың, С.Қалиевтің теориялық, тарихи-педа гогикалық зерттеулері, этнопедагогика мәселелері.
Жоспары:
1. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы мектеп және педагогика.
2.С.Қалиевтың еңбектеріндегі ұлттық тәрбие туралы идеялары.
Лекция мазмұны: Соғыстан кейінгі жылдарда республика еңбекшілерінің алдында орасан зор міндеттер тұрды. Ең алдымен, тез арада соғыстың зардаптарын жою, халық шаруашылығы мен мәдениетімізді тез арадан қалпына келтіру, еліміздің экономикалық және мәдени дамуын қамтамасыз ету. Отанымыздың қорғаныс қуатын одан әрі нығайту. Бұл міндеттерді орындауда еліміздің зиялы кадрлары ерекше роль атқарды.
Ұлы Отан соғысында жауды жеңгеннен кейін кеңес халқы соғыстың халық шаруашылығына келтірген зиянын қайдан қалпына келтіруге ерекше өрлеу жағдайында жігерлене кірісті.
1946-1950 ж.ж арналған халық шаруашылығын қалпына келтіру және дамыту туралы соғыстан кейінгі бесжылдық жоспарда соғыс кезінде қираған мектеп үйлерін тек ғана құрылыстар салу, мектептердің жүйелерін одан әрі дамыту, балаларды міндетті жетіжылдық оқытумен толық қамту үшін соған сәйкес жағдайлар жасау және орта мектептердің жоғары сыныптарында оқитындардың санын 31,8 млн.адамға жеткізу көзделді.
Ұлы Отан соғысына дейінгі қалыптасқан халыққа білім беру жүйесі, оның ішінде жалпы білім беретін орта мектептің құрылысы соғыстан кейінгі жылдарда да ешқандай елеулі өзгеріссіз сақталды. Директивтік құжаттарда айтылғандай, мектептің жұмысында кейбір өмірмен, тәжірибемен байланыс болмады, оқытудың сөздік сипаты берік орын тепті.
40-жылдардың аяғы мен 50-жылдардың бас кезінде педагогика ғылымы мектептің оқу-тәрбие жұмысының идеялық-саяси деңгейін арттыру мәселелерін зерттеуге және практикалық іс-әрекетке оқушыларды даярлауға ерекше мән берді. Бұл кезеңде педагогика теориясы мен тарихынан монографиялар мен оқулықтар жарық көрді: Н.К.Гончаровтың “Педагогика негіздері” (1947), И.А.Кайровтың педагогикалық институттар мен универсиеттерге арналған “Педагогика” оқулықтар (1948), И.Т.Огородников пен П.Н.Шимбиревтің “Педагогика” оқулығы (1950), Б.П.Есипов пен Н.К.Гончаровтың педагогикалық училищелерге арналған “Педагогика” оқулығы (1950).
Осыған байланысты Педагогикалық ғылымдар академиясының және педагогикалық институттардың педагогикалық кафедрасының ғылыми бағыты мектептердің өзекті мәселелерін зерттеуге біріктірілді: орта мектептегі жалпы және политехникалық білім беруді оқытуды ұйымдастыру және әдістері, мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастырудың ғылыми негіздері, балалардың жас және дара ерекшеліктерін ғылыми жаратылыстану және психологиялық тұрғыдан зерттеу. 50-жылдардың аяғында мектептегі білім берудің мазмұнын жетілдірудің жолдарын теориялық және экспериментальдық ізденістер басталды. Осыған байланысты жан-жақты мәселелер зерттелді: білім берудің мазмұнының, ғылымның, техниканың және мәдениеттің деңгейі мен сипатына тәуелділігі, жас өспірімдерді тәрбиелеу мен білім беруге қойылатын жаңа талаптар; оқушылардың оқытудың әртүрлі тәрбие жұмысының бағдарламаларын құрудың қағидалары және т.б.
Педагог-теоретиктер 7-10 жастағы балалардың бастауыш мектепте оқыту үрдісінде жалпы дамуының мәселелері зерттелді.
Қазақстан жағдайында ұлттық тәлім-тәрбие саласында әртүрлі проблемалары әсіресе, халықтың педагогикалық тағылымдарын жастар тәрбиесінде тиімді пайдалану негізгі проблема болып отырғаны Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Г.Шәймерденова, К.Қожахметова, Г.Хамитова, С.Ұзақбаева, С.Ғаббасов, Қ.Бөлеев, Г.Әлсатов, Ж.Асанов, Ә.Табылдиев т.б. ғалымдардың зерттеулерінде жан-жақты қарастырылды. Егемендік алған күннен бастап елімізде білім беру жүйесінде жаңа өзгерістер болды.
Қазақстан үкіметі қабылдаған «Білім туралы Заңының», «Білім жүйесі» аталатын екінші бөлімінде «Білім беру жүйесінің басты міндеттері Қазақстан Республикасына шын берілген, адал патриот азамат даярлау ... олар мемлекеттің белгілерінің мәні мен маңызын терең түсінген, халықтың дәстүрлерін қастерлейтін ... халықтар достығының негізінде тәрбиеленген халық Отан, отбасы алдындағы жеке бастың міндеттері мен құқықтарын терең түсінген... Қазақстанда тіршілік етуші қазақ халқының басқа да халықтардың тілін, тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын қадір тұтып, игеріп, кепілді азамат болуы керек» [1] - делінген. Психология, этнопсихология, этнопедагогика ғылымдарының жағдайын талдау арқылы тарихи педагогикалық білімнің және этнопедагогика теориясы мен практикасының даму перспективасын анықтауға мүмкіндік туды.
Бүгінгі таңда жас ұрпақ тұлғасы ұлттық құндылықтар негізінде жаңаша тұрғыда қажет болып отыр. Жастарға ұлттық тәрбие беру мәселелерін теориялық тұрғыдан терең зерттеп, елеулі үлес қосқан Қазақстанның көрнекті ғалымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Қалиев.
Серғазы Қалиев 1929 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл селосында дүниеге келген.
Серғазы Қалиұлының ұстаздық-ғалым жолы, өзі айтқандай үш кезеңнен тұрады. Өмірінің алғашқы 20 жылы есею, орта және жоғары білім алу жылдары, екінші 30 жылы институт бітіріп, мектепте мұғалім, мектеп инспекторы, Аякөз аудандық жастар комитетінің 1-ші хатшысы, аудандық кеңес парткомы төрағасының орынбасары, Аякөз қаласындағы Теміржол қазақ орта мектебінің директоры, кейінгі 15 жыл қазақ теміржолы оқу бөлімінің бастығының орынбасары, қазақ темір жолы оқу бөлімінің бастығының орынбасары, қазақ темір жол басқармасы оқу бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. Ал, өмірінің үшінші кезеңі 1980 жылдан бергі 30 жыл педагогика ғылымына арналды. Соның 24 жылы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылымдар академиясында аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, институт директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, педагогикалық зерттеу орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Соңғы жылдары Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде профессорлық қызметті атқарып келеді.
С.Қалиұлы өзінің осы еңбегінде жастарды жан-жақты жетілген білімді, мәдениетті, қиялшыл, өмірген құштар азамат етіп тәрбиелеп шығу ұстаздың ұлағаттылығына, білім өресі мен әдіс шеберлігінің молдығына, жас жеткіншектердің психологиялық ой-сезіміне терең үңіліп, оның жүрегіне жол таба білуіне негізделеді, яғни оқушы мен оқытушының рухани өсуі бір-бірінің іс-әрекеті мен қарым-қатынасына тікелей байланысты деп қарайды. Оқушы жастардың жүрегін тебірентіп, ой-сезіміне әсер ету үшін С.Қалиұлының пайымдауынша, ұстаз бойында үш түрлі қасиет болуы керек. Біріншіден, әдебиеттен сабақ беруші мұғалімнің саяси сауатты, жан-жақты эрудициялық мол білімнің болуы шарт; екіншіден, өз бойындағы білімді оқушы жүрегіне ұялата алатындай әдіскерлік шеберлік қажет; үшіншіден, оқушылардың әдеби білімді меңгеру дәрежесін сабақ процесі үстінде айқын анықтайтын, олардың психологиялық ой-сезімінің өсуі, даму өресін бақылып сезе білетін, бала психологиясында әсерленушілік сезім тебіренісін туғыза алатын шебер психолог болуы керек.
Ғалымның тікелей басшылығымен 1994-1998 жылдары «Қазақстан тәлім-тәрбиелік ой-пікір антологиясының» орысша-қазақша үш томдығы басылып шықты.
Ғалым-педагог 30 жылдай үнемі халық педагогикасын зерттеп, 10-нан астам монаграфия, 7 оқулық, көптеген бағдарламалар, 48 кітап, 400-ге тарта ғылыми мақалалар жазды. Бұлардың ішіндегі ең бастыларын келтірсек: «Халық педагогикасының ауыз әдебиетіндегі көрінісі» (1986), «XV-XIVғ.ғ. ақын-жыраулар поэзиясындағы педагогикалық ойлар» (1990), «М.О.Әуезовтың педагогикалық ой-пікірлері» (1991), «Қазақ халқының тәлім-тәрбие тарихнамасы» (профессор Қ.Б.Жарықбаевпен авторлық бірлестікте), «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Қазақ тәлім-тәрбиесі» (Қ.Б.Жарықбаевпен бірлестікте, 1995), «Қазақ этнопедагогикасының теориялық мәселелері және тарихы» (1999), «Тәлім-тәрбие хрестоматиясы» (авторлар бірлестігінде, 2000), «Қазақ тәлімінің тарихы» (профессор Ш.Беркібаева мен бірлестікте, 2005), «Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясының 6 томы».
Серғазы Қалиұлы сан ғасырлық тарихы бар, қазақ халқының көне заманнан бергі тәлім-тәрбиесін, педагогикалық оқу-ағарту туралы ой-пікірдің қалыптасу бағыттарын саралап, бүгінгі өмірдің талаптарына сәйкес зерттеп жазды. С.Қалиевтың ғылыми ізденіс бағыттарының негізі - ағартушылықты, тәрбие, оқу-ағарту, білім беруді, оның ішінде этнопедагогикалық ілімді зерттеуді, жаңа рухта жас ұрпақ тәрбиелеу, адамгершілік, жақсы мінез-құлық қалыптастыруды өзінің биік межесі етіп ұстаған.
Бақылау сұрақтары
1. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы мектеп және педагогика.
2.С.Қалиевтың еңбектеріндегі ұлттық тәрбие туралы идеялары.
14-лекция тақырыбы: Мерзімді баспасөз бетіндегі халықтық педагогика мәселелері.
Жоспары:
1. XX ғ. бас кезінде Қазақстанда педагогикалық ой - пікірдің дамуындағы қоғамдық - саяси және мәдени - ағарту бағытындағы басылымдардың алатын орны.
2. «Қазақ» газетіндегі көтерілген оқу –тәрбие мәселелері.
Лекция мазмұны: Қазақ педагогикасы тарих пен мәдениеттің өткен кезеңдерінің мәселелерімен ғана шектелінбейді, ол халқымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі бүгінгі тәжірибесін, тіпті оның болашаққа жету бағдарын да қамтып тұжырымдауға бейім болуы және соған қызмет етуі шарт. Этникалық педагогика тарихи жағдайда қалыптасқан ұлттық мінездегі ерекшеліктерді зерттейді. Халық педагогикасы – халықтың ауыз әдебиетінде, салт-дәстүрлерінде, ырымдарында, балалар ойындарымен ойыншықтарында мәңгі қалған педагогикалық мағлұматтар мен тәрбиелеу тәжірибесінің жиынтығы. Халық педагогикасы – халыққа қажет қасиеттерді қалыптастыру үшін пайдаланылатын педагогикалық мақсаттың, міндеттердің, әдіс-құралдардың, тәсілдердің жиынтығы мен өзара байланысы.
XX ғ. бас кезінде Қазақстанда педагогикалық ой - пікірдің дамуында сол кезде қазақ даласында жарық көрген қоғамдық - саяси және мәдени - ағарту бағытындағы басылымдардың алатын орны орасан зор болды.
«Айқап» журналы қазақ тілінде 1911 - 1915 жылдары Троицкіде жарық көрді. «Айқап» журналының беттерінде білім беру, халық ағарту ісінің өзекті мәселелері көтерілді. Журнал қазақ мұғалімдерінің арасында кеңінен таралып, оның төңірегінде халық ағарту саласының алдыңғы қатарлы педаго-гикалық күштері топтасқан болатынды. «Айқап» журналының XX ғ. бас кезінде Қазақстанды дамытуда негізгі сіңірген еңбегі ол жаңа тарихи жағдайда қазақтың көрнекті ағартушы-жазушыларының педагогикалық және ағартушылық дәстүрлерін одан әрі жалғастыруы және жетілуі болып табылады. Кейбір кемшіліктеріне қарамастан, жалпы алғанда редакция қазақ халқының жан - жақты білім беру мен ұлттық мәдениеті үшін күресті.
«Айқап» журналының белсенді авторларының ішінде белгілі ақын – жазушылар С.Донентаев, Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Жолдыбаев, С.Торай-ғыров, М.Сералин және т.б.
1919 жылы Орда қаласында Ғұмар Қараштың басшылығымен «Мұғалім» журналы жарық керді. «Мұғалім» журналының бетінде халық ағарту ісінің өзекті мәселелері көтерілді. Академиялық орталықтың жанынан ұйымдасқан «Жаңа мектеп» журналының алатын орны ерекше. Оның алғашқы редакторы, республика халық ағарту ісінің көрнекті қайраткері, Молдағали жаңа типті қазақ мектептерін ашуда, олардың жаңа оқу бағдарламаларын жасауда орасан зор еңбек сіңірді. «Жаңа мектеп» журналының жарыққа шығуы ресіпблика мәдени өмірінде педагогикалық ой - пікірдің даму тарихында ерекше оқиға болып табылады.
«Қазақ» газетіндегі көтерілген оқу –тәрбие мәселелері. «Қазақ» – қоғамдық –саяси және әдеби газет 1913 жылы 2 ақпаннан бастап Орынборда аптасына бір рет, 1915 жылы аптасына екі рет шығып тұрған. Тиражы –3000, кейбір мағлұматтарда 8000-ға жеткен. Бірінші редакторы белгілі ғалым, жазушы, қоғам қаураткері Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы қоғам қайраткері, жазушы Міржақып Дулатов бастырушы «Азамат» серіктігі. Кәрімов баспаханасында басылып тұрған. Газеттің 1918 жылғы сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков.
Газетте XX ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, қазақ шаруашылығының жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған құнды мақалалар жарияланды.
«Қазақтың» басты бағыты ағартушылық мәселесін қамтыды. Өнер, білім жағынан қалың қазаққа бас көз болды. Мысалы: «оқу жайы», «Қазақша оқу жайы» атты мақалалар оқудың мән жайын, маңызын, әсіресе, «Қазақтың шаруасына, бір жақтан надандықтан кемшілік келген де, екінші жақтан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдігнен, теңдігіне қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат істеп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қол жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер –білімге мезгіл өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында шаншылмас едік, бізде өз алдымызда бір жұрт екенімізді білдірер едік» – десе, «Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, қазақша оқы, жаза білген соң, шама келсе орысшада білу керек», -дейді. Газет 1913 жылы жарияланған матеиалдарында оқудың мән жайын, маңызын айтып көпке түсіндіруге тырысса, екінші 1914 жылғы «Бастауыш мектеп» (№61), «Мектеп керектері» (№62), «оқу мезгілі» сияқты мақақаларында мектеп, медересе жайларын нақты көрсетіп мұқтаждарын айтады.
Оқу- ағарту мәселесіне «Қазақ» газеті көп көңіл бөліп, қазақ даласында жаңадан мектеп медреселер салудың қажеттілігі осы істің барысы туралы хабарларды кеңінен жариялап отырды. Сондай-ақ қазақ тілінде шыққан кітаптардың бағыт-бағдары, алатын орны жөнінде қысқаша сын мақалалар өте көп жазылды [27].
Жер бетіндегі тіршілік иесі еркіндік үшін жаратылған. Өсімдік екеш өсімдік те қалағанынша өркен жайып, өз қуаты жеткенше күнге қарай бой созуға ұмтылады. Жан-жануар атаулының да аңсары сол. Ал, адам ше ?! Шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, құндақтауға көнбей еркіндіккее талпынған тірі пенде қашан жер қойнына кіргенше өз мүддесі жолында тырмысып, тырбынып өтпей ме?! Тіпті, нағыз тәубәшіл де төзімді кісінің жан сарайына үңіліп қарасақ, оның да көкірегі еркіндікке бұлқынған арман мен мұратқа толы.
Шыққан тегі мен өскен тарихының, әдет-ғұрпы мен мінез-құлқының, табиғи ортасы мен шаруашылығының, ең соңында, тілі мен дүниетанымының ортақтығы бір ұлт етіп ұйытқан кез келген халық та әлгі жеке адам сияқты ғұмыр бойы азат ел болуды, жұмыр жер бетінен, адамзат тарихынан өзіне лайықты орнын алуды армандап өтеді. Арманынан айырылған, мұратын жоғалтқан адам да, халық та дара тұлғалық қасиетінен айырылып, азып-тозып, ақырында жоғалып бітеді.
«Айқап» журналында қазақ халқының әдет-ғұрып, тәрбие мәселелеріне арналған Жақып Ақбаевтың «Туысқан бауырларына бір насихат», Шәкәрім Құдайбердиевтің «Біздің мұқтаждарымыз», «Сөз таласы», Мұқамеджан Сералиннің «Біздің бұрынғы һәм қазіргі халіміз» сияқты бірқатар еңбектері жарияланған.
XX ғасырдың басында қазақ халқының көзі мен құлағы және тіліне айналған басылым, ол – «Қазақ» газеті. Мұнда көптеген авторлардың ұлттық әдет-ғұрып , оқу-тәрбие мәселелеріне арналған мақала, очерк, әңгімелері жарияланған. Бұдан біздер әсіре се, XX ғасырдың басында шыға бастаған биресми ұлттық басылымдарда әдет-ғұрып, оқу-тәрбие мәселелерінің бірте-бірте алдыңғы қатарға шығып, халықтың рухани байлы ғын бұрынғыдан да байыта түсуге, отарлықтың кесірінен барынан айырылған дардың санасын оятуға барынша күш салғандығын байқаймыз.
Ұлттық тәрбиеміздің халықтың сан ғасырлық тарихымен тығыз байланыста болып, осы уақытқа дейін дәстүрлі тәрбие құндылықтарын жоғалтпай жалғастырып келеді. Халқымыздың ұлттық тәрбиесі негізінен жүйелі болған. Өйткені, тәрбие әке-шеше, отбасынан бастап, ағайын-туыс, көрші-қолаң бәрі аралпсып, бәрі де халықтың баласына ортақ қамқорлық жасаған.
Бақылау сұрақтары
1.XX ғ. бас кезінде Қазақстанда педагогикалық ой - пікірдің дамуындағы қоғамдық - саяси және мәдени - ағарту бағытындағы басылымдар.
2. «Қазақ» газетіндегі көтерілген оқу –тәрбие мәселелері.
15-лекция тақырыбы: Мұғалімнің кәсіптік даярлығының ғылыми-педагогикалық проблемалары. (Н.Д. Хмель, А.М. Құдайқұлов және б.)
Жоспары:
1. Қазіргі педагогтардың жұмыстарында мұғалімдерді кәсіби даярлау үрдісінің психологиялық-педагогикалық негіздері.
2. Мұғалімнің кәсіби даярлығын жетілдіруде негізгі мәселелер.
Лекция мазмұны: Қазақстандағы жалпы және кәсіби білім беретін мектептердегі жүргізіліп жатқан реформалар педагогикалық үрдіске жүйелі өзгерістер енгізеді. Қазіргі кезеңде білім беру мақсаттары күрделеніп, оқу ақпаратының мазмұны жаңаруда, педагогикалық коммуникация құралдары және педагогикалық әсер етудің объектісі - оқушылар да айтарлықтай өзгеруде.
Қазіргі педагогтардың жұмыстарында мұғалімдерді кәсіби даярлау үрдісінің психологиялық-педагогикалық негіздері, педагогикалық мамандықтың мәні, ерекшеліктері, функциялары, мұғалім әрекетінің профессиограммасы зерттеледі.
Мұғалімдерге кәсіптік бағыт берудің теориялық негізін жасап, оның ерекшелігін айқындау үшін танысып, талдаған педагогикалық еңбектердің және жоғары білім беруге арналған оқу жоспарларының мазмұнын тұжырымдау барысында байқағанымыз, мұғалімдер дайындауға қойылатын талап негізінен мамандық бойынша оқытылатын пәндердің мазмұнын меңгеруге бағытталады. Әрбір жеке пәндердің әдістемесін меңгеру арқылы мұғалімдердің кәсіби шеберлігі артады.
Сондықтан да маман даярлау мәселесіне кешенді қарау ұсынылады. Болашақ маман әр жеке пәннің әдістемесін ғана емес, бүкіл педагогикалық жүйенің мақсатын, міндетін, мазмұнын, негізін, түрін, оқытудың жаңа әдістерін және тәрбие жүйесін біртұтас қабылдап меңгеруге тиіс. Педагогикалық үрдісте мұғалімнің іс-әрекеті мен кәсіби шеберлігіне бағыт беру сабақтастықта жүзеге асатын жағдайда ғана болашақ мамандарды өз дәрежесінде дайындау жүзеге аспақ .
Мұғалімнің кәсіби білімі мен біліктілігі жоғары деңгейде болып, оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамыту мәселелерін шешуге шығармашылық қабілеттері болуға тиіс. Мұғалімнің кәсіби даярлығын жетілдіруде екі негізгі міндетті орындау қажет:
- Бірінші мәселе – ұстаз қызметінде тәрбие беру мәселесі;
- Екінші мәселе – дидактикалық даярлығын арттыру [3].
Еліміздің жоғары оқу орындарында мұғалім-тәрбиешіні даярлау барысында бірнеше бағыт анық байқалады. Дәстүрлі педагогикада олардың ең негізгі бағыттары - әлеуметтік сұраныстың өсуіне сәйкес жеке тұлғалық мінез-құлықтары, қоғамдық тәрбие саласындағы мақсатты талаптардың өзгеруімен қатар тәрбиелік жұмысына қажетті дағдылар, мүмкіндіктер, білім ауқымын анықтау, мұғалім даярлаудың мінсіз нәтижесін ұсыну болып табылады. Мұғалімді даярлау мақсатына қызмет етіп, оның бағдарламасын айқындайтын өлшемдік бейнелерге мамандық моделін, кәсіби паспортын және біліктілік сипаттамаларын жатқызуға болады.
Педагогикалық қызметті, оның құрылымдарын, міндеттік бөлшектерін, жүйелік ұйымдастыру қағидаларын зерттеу мәселелерін қамтитын басқаша бағыт саласында маңызды теориялық және тәжірибелік мәліметтер де баршылық. Демек, бұл жерде ғылыми білімдерді теңестіру кезеңін көрсететін мәліметтердің жеткілікті көлемде жинақталғанын айтуға болады. Мұғалімнің еңбекке деген ықыласы, өмірлік көзқарасы, кәсіби бағыты сияқты жеке жинақылық сапалық мінезін зерттеу және іздестіруді сипаттайтын қарсы үрдістегі пікірлер де жоқ емес.
Дидактикалық дайындық – кәсіби-педагогикалық даярлықтың негізгі және маңызды саласы.
Дидактикалық даярлықты қалай түсіну қажет? Бұл – күрделі ұғым. Осыған орай, педагогикалық қызметті атқаруға қажет мұғалімнің бойында дидактикалық қабілеттер болуы қажет.
Мамандарды даярлау мәселесімен айналысқан ғалымның бірі профессор М.А. Құдайқұлов. Ғалымның пікірінше, «мұғалімді даярлау» ұғымы кез-келген пән мұғалімін жалпы педагогикалық қызметке дайындауға қатысты қолданылады, сондықтан мұғалімнің өз пәні бойынша әдістемелік даярлығын, жалпы әдістемелік даярлықтан ажырату үшін «кәсіптік-әдістемелік даярлық» деген ұғымды енгізген дұрыс болады. Және де мұндай «кәсіптік-әдістемелік даярлықты» жақсартудың бірден-бір жолы ретінде педагогикалық жоғары оқу орнындағы студентті оқытуға, тәрбиелеуге, қалыптастыруға бағытталған барлық жұмыстардың кәсіптік педагогикалық бағдарлануын атай отырып, оны төмендегідей көрсетеді:
ЖОО оқылатын барлық оқыту пәндерінің кәсіптік педагогикалық бағдарлануы;
Студент жастар арасында жүргізілетін тәрбиелік және мәдени көпшілік шаралардың кәсіптік-педагогикалық бағдарлануы;
Аудиториядан тыс (өзіндік жұмыстардың, өз білімін жетілтірудің және т.б.) жұмыстардың кәсіптік педагогикалық бағдарлануы;
Кафедралардың ғылыми-әдістемелік жұмыстарының кәсіптік педагогикалық бағдарлануы және т.б.
ХХІ ғасыр білім беру жүйесінің нақты кешендерін ескере отырып, қазіргі заманғы мұғалім өзгермелі оқыту технологиясын тез арада жүзеге асыруға, балалармен инновациялық оқу үрдісін жылдам ұйымдастыруға қабілетті болуы қажет деген тұжырымдамаға келеміз.
Бақылау сұрақтары
1. Қазіргі педагогтардың жұмыстарында мұғалімдерді кәсіби даярлау үрдісінің психологиялық-педагогикалық негіздері.
2. Мұғалімнің кәсіби даярлығын жетілдіруде негізгі мәселелер.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Қалиев С. Ғасырлар ақын-жырауларының поэзиясындағы педагогикалық ой-пікірлері. А. Рауан. 1990.
2. Жарықбаев Қ. Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. А. Санат. 1995.
3. Молдабаева М. Халықтық салт-дәстүр немесе қазақ феномені. 2003.
4. Әлсатов Т. Орта ғасыр ойшылдарының педагогикалық ой-пікірлері. Тараз. 1999.
5. Бержанов Қ. Мусин С. Педагогика тарихы. А. 1986.
6. Ақынжанова М. Қазақ ағартушылары. А. 1995.
7. Дербісәлиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары. А. 1995.
8. Нұрланова Г.К., Орта ғасыр ғұламаларының тәрбие тағылымдары. Алматы, «Қазақстан мектебі», №7, 2003ж.
10. Жұмабаев М. Оқу құралы және мектеп. А. 1993.
11. Жарықбаев Қ. Психология. А. 1999.
12. Қалиев С. Базилов Ж. Қазақ халқының салт-дәстүрлері және демократ – ағартушылары. А. 1993.
13. Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. А. 1995.
14. Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы. Рауан. 1998.
15. Жарықбаев Қ. Наурызбаев Ж. Қазақтың ұлттық тәлім-тәрбие атауларының түсіндірмелі сөздігі. А. Ғылым. 1993.
16. Қожахметова Қ. Халықтық педагогиканы зерттеудің кейбір ғылыми және теориялық мәселелері. А. 1995.
17. Әбілова З. Қалиева Қ. Этнопедагогика оқулығы. А. 1999.
18. Табылдиев Ә. Қазақтың халық педагогикасы және тәрбие. А. 1991.
19. Табылдиев Ә. Этнопедагогика тағылымы. А. 2003.
20. Ұзақбаева С. Тамыры терең тәрбие. А. 1995.
21. Қалиев С. Аюбаев К. Европа ғалымдарының қазақ мәдениеті туралы ойлары. А. 1992.
22. Түркиенұлы Ж. Акамедик Т.Тәжібайұлы қазақтың көрнекті психолог-педагогы.А. 1993.
Мазмұны
Кіріспе
|
3
|
Лекция №1 Кіріспе. Арнаулы курстың пәні, мақсаттары, міндеттері мен
мазмұны
|
4
|
Лекция №2 Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі тәлім-тәрбие идеялары (VI-ҮІІІ ғ.)
|
5
|
Лекция №3 Әл-Фарабидің (870-950) педагогикалық идеялары
|
8
|
Лекция №4 ХІ-ХІV ғғ. тәлім-тәрбиелік мұралар
|
11
|
Лекция №5 Қазақстанда XV-XVII ғасырлардағы (Асан Қайғы, Шалкиіз, Дулати, Қ. Жалайри, Жиембет, Ақтамберді және т.б) педагогикалық ой - пікірлері
|
13
|
Лекция №6 Қазақстанда XVII-XIX ғғ. І-жартысындағы (Ақтамберді, Бұхар, Шал, Дулат, Махамбет және т.б.) педагогикалық ой-пікірлер
|
16
|
Лекция №7. Қазақстанда ХІХ ғасырдың ІІ- жартысындағы (Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А.Құнанбаев) педагогикалық ой-пікірлер
|
18
|
Лекция №8 Қазақстанда ХХ ғ. басындағы (С. Торайғыров, Ш. Құдайбердиев, М.Ж. Көпеев, Ғ. Қарашев және т.б.) педагогикалық ой-пікірлер
|
21
|
Лекция №9 Қазақстанда Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында шыққан педагогикалық еңбектер (20-жылдар)
|
24
|
Лекция №10 А. Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың, М. Жұмабаевтың педагогикалық мұралары
|
27
|
Лекция №11 Ж.Аймауытовтың психологиялық және педагогикалық мұрасы және оның дидактика жөніндегі мәселелері
|
29
|
Лекция №12 1930 ж. және Ұлы Отан соғысына дейінгі педагогика ғылымы негіздерінің қалыптасуы
|
32
|
Лекция №13 Қазақстандағы педагогика ғылымының соғыстан кейінгі кезеңі (1945-1992ж.) А.Сыдықовтың, Т. Тәжібаевтың, С. Балаубаевтың, К. Мұхамеджановтың, Ә. Сембаевтың, Қ. Бержановтың, Қ. Жарықбаевтың, С.Қалиевтің теориялық, тарихи-педа гогикалық зерттеулері, этнопедагогика мәселелері
|
34
|
Лекция №14 Мерзімді баспасөз бетіндегі халықтық педагогика мәселелері
|
37
|
Лекция №15 Мұғалімнің кәсіптік даярлығының ғылыми-педагогикалық проблемалары. (Н.Д. Хмель, А.М. Құдайқұлов және б.)
|
40
|
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
|
43
|
Р.Д.Дарібаева
Қазақстандағы педагогика ғылымының дамуы
Дәріс жинағы
Басуға 28.02.2017 жылы қол қойылды. Көлемі 2,5 б.т. Офисті қағаз.
Сандық басылым. Тапсырыс №50
Халықаралық гуманитарлық – техникалық университеті, 2017
Достарыңызбен бөлісу: |