Қазақстан Республикасының Үкіметі өз құзыретінің мәселелері бойынша Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар қаулылар шығарады.
Республиканың Премьер-Министрі Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар өкімдер шығарады.
Үкіметтің қаулылары және Премьер-Министрдің өкімдері Конституцияға, заң актілеріне, Республика Президентінің жарлықтары мен өкімдеріне қайшы келмеуге тиіс.
70-бап
Үкімет жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкілеттігін доғарады. Республиканың Премьер-Министрі жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Үкіметке сенім туралы мәселе қояды. Мәжіліс сенім білдірген жағдайда, егер Республика Президенті өзгеше шешім қабылдамаса, Үкімет өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.
Егер Үкімет және оның кез келген мүшесі өздеріне жүктелген міндеттерді одан әрі жүзеге асыру мүмкін емес деп есептесе, олар Республиканың Президентіне өз орнынан түсетіні туралы мәлімдеуге хақылы.
Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет орнынан түсетіні туралы Республика Президентіне мәлімдейді.
Орнынан түсуді қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселені Республиканың Президенті он күн мерзімде қарайды.
Орнынан түсуді қабылдау Үкіметтің не оның тиісті мүшесінің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді. Премьер-Министрдің орнынан түсуін қабылдау бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.
Үкіметтің немесе оның мүшесінің орнынан түсуі қабылданбаған жағдайда Президент оған міндеттерін одан әрі жүзеге асыруды тапсырады.
Республиканың Президенті өз бастамасы бойынша Үкіметтің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауға және оның кез келген мүшесін қызметтен босатуға хақылы. Премьер-Министрді қызметінен босату бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді.