мәдениетін көтеру
тұрғысынан
да зерттеу қажеттігі туады. Соңғы мақсатта жүргізілетін
ғылыми ізденістер қазақ тілінің ұлттық көркем нормаларын
айқындау, ерекшеліктерін таныту, әдеби стандарт пен нор-
малардан ауытқу құбылыстарының сырын ашып, табиғатын,
дұрыс-бұрысын көрсету сияқты тың ғылыми-теориялық
мазмұнды жұмыстарды ұсынуға мәжбүр етеді.
Оның үстіне көркем әдебиеттің қызу қарқында өтіп жатқан
жанды үрдісінде оның қазақ әдеби тілінің қазіргі кезеңіндегі
дамуына жақсы әсер етіп отырған жағымды жақтарымен
қатар, тілдік-эстетикалық талғам шарттарына сай келмейтін
жағымсыз сәттерін көрсетіп, оны түзейтін ғылыми негізді
ұсыныстар жасау қажеттігі де даусыз. Бұл – қазіргі кезеңдегі
қазақ тіл біліміне қойылып отырған басты талаптардан та-
былады. Демек, көркем әдеби тілді синхронды-нормативті
тұрғыдан зерттеу – бүгінгі қазақ тіл білімінің әрі практикалық,
әрі теориялық мәні зор өзекті проблемаларының бірі болып
саналмақ.
Бұл жұмыстағы қазіргі көркем проза мәтіндерінен жин-
алған нақты материалдардың негізінде қазақтың ұлттық
көркем тілінің нормаларын айқындау; оның қалыптасуы мен
дамуының және қазіргі күй-қалпын көрсету; ұлттық стильдік
нормалардың қалыптасуындағы көркем әдебиеттің рөлі
мен орнын көрсету; көркем әдебиет арқылы қазақ әдеби тілі
лексикасының нормалану үрдісін таныту мақсаты екінші
бөлімде көзделді. Аталған үрдісте жүзеге асатын сөз таңдау
ұстанымдары анықталды; бір жағынан, жалпы әдеби тіл нор-
масынан, екінші жағынан, көркем тіл заңдылықтарынан уәжді-
уәжсіз ауытқу құбылыстары талданды; жұмыстың өн бойында
7
сөз болатын негізгі тақырып лексика-фразеология саласындағы
әдеби стандарт пен одан ауытқушылық құбылысын талдап та-
ныту болды.
Қысқасы, бұл еңбектің бірінші бөлімі көркем сөз дүниесін
әр қырынан білгісі келгендер, олардың ішінде ақын-жазушы,
журналистер, әдебиет пен тілден сабақ берушілер ынтасын
оятса, қызығып оқытса, ал екінші бөлімі сөз әлемінің көркем-
дігін тануға қажет ғылыми-теориялық негіздерді дәлелдей-
тін фактілердің қазақ көркем дүниесіндегі көрінісін білгісі
келген зерттеуші-ғалымдар, ұстаз-оқытушылар, студенттер,
мектеп оқушыларына мағлұмат берсе – алға қойған мақсаты-
мыздың орындалып, біраз жылдық тірнектей жинаған ізденіс-
теріміздің, тер төккен еңбегіміздің ақталғаны.
Сөйтіп, бұл кітап тіл білімінің «лингвистикалық сти-
листика» деп аталатын саласына арналады. Бұл сала көркем
әдебиетті тілдік-стильдік қырынан кең түрде зерттеуді бүгінгі
күн тәртібіне қойып отыр.
Бұл күнде қазақтың көркем әдебиеті халықтың рухани-
эстетикалық қажетін толығынан өтеп, ұлттық ұйымдасты-
рушылық қызметін атқарып келеді. Сондықтан оның тілін
зерттеу – бүгінгі мәдени дүниеміздің қажеттілігі. Оның үстіне
қазіргі кезенде қазақ тілі мемлекеттік статусқа ие болып, оның
жан-жақты дамуына, қоғамға кеңінен қызмет етуіне біраз ша-
ралар мүмкіндігінше істеліп жатыр не істелмек нышандары
бар. Осындай бүкілхалықтық, мемлекеттік үлкен істің бір ар-
насы – қазақ тілінің функционалдық стильдерінің, оның ішінде
көркем әдеби стилінің тілін көпшілік қауымға таныту арқылы
ана тілімізді уағыздау, оның көркемдік-әсемдік қасиетін дамы-
ту, тілді дұрыс және әдемі жұмсауға тәрбиелеу болмақ.
Осы мақсаттағы жасалып жатқан жұмыстарға зәредей пай-
дасы тиер деп, біз осы кітапты ұсынып отырмыз.
Мұнда «Сөз құдіреті» атты кітаптың «Санат» баспасынан
1997 жылы шыққан 1-басылымы өзгеріссіз, толық берілді.
Қосылған материалдар: Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөн-
бесін», Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз», Кәдірбек Сегізбай-
ұлының «Біз қалада тұрамыз» атты көлемді шығармаларының
тілдік-стильдік ерекшеліктерін, сөз кестесін, көріктеуіш
тәсілдерін талдаған ізденістер.
|