Рамазанова Шайгүл Әмірғалиқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті
Алматы қ.
e-mail: shaigul69@mail.ru
«ЖЕТІ ҚАҒАН» ЖЫРЫНЫҢ КОМПОЗИЦИЯСЫ МЕН СЮЖЕТІ
Резюме:
В данной статье анализируется структурные особенности поэмы «Жети каган», и сравнивается с другими казахскими эпическими композициями. При помощи реальных фактов и аргументов был сделан анализ на разрастание и развитие событий, естественную целостность, естественным разделам и структурным принцам поэмы. Проанализирована структура строения, свойства обыденного языка, традиционные наименование местностей и мотив развития событий в жыре. Влияние сюжета и композиции на смысл и облик, своеобразие и особенности, для того чтобы объеденить их в одно русло было описано отношения между героями и разные действия человека. Рассмотрена и исследована кульминационная часть, развитие событий, историческая потребность. Жыр «Жеті каган» был сравнен с другими казахскими эпосами и вследствие выделены недостатки и преимущества данного жыра. Связь и сходство исторических названий с именами людей, зародившийся спор из-за манеры и собитий мотивов привели к изучению этой области.Подробно рассмотренны художественные особенности поэмы, дана научная оценка обосснованным и художественным размерам наилучших строк поэмы.
Ключевые слова: Структурные особенности, композиция, сюжет, племена кипчаков, благодеяние, злодеяние, хан Картан,атыр Туктабан
Resume:
In this article analyzes the structural features of the poem "Jeti Hagan", and compared with other Kazakh epic compositions.With the help of real facts and arguments were made the analysis of growth and development, the integrity of the natural, natural and structural sections princes of the poem. Detailed consideration of the artistic features of the poem, given scientific evaluation based and artistic dimensions of the best lines of the poem.
The structure of the building, the properties of ordinary language, the name of the traditional areas and the motive of developments in zhyr. Influence of the plot and the composition of the meaning and appearance, originality and especially to unite them into one channel described the relationship between the characters and the different human actions. Considered and investigated culminating part of events, historical necessity. Zhyr "Zheti Hagan" was compared with other Kazakh epos and therefore highlighted the advantages and disadvantages of this zhyrau. Communication and the similarity of historical names with the names of people who originated the dispute over manners and Sobit motives led to the study of this area.Detailed consideration of the artistic features of the poem, given scientific evaluation obossnovannym and artistic dimensions of the best lines of the poem.
Keywords: Structural features, composition, story, kipchak tribes, kindness, misdeed, Cartan khan, Zhezmanday, Tuktaban batyr.
Аңдатпа:
Мақалада «Жеті қаған» жырының құрылымдық ерекшеліктері бірсыпыра қазақ эпостарының композициясымен салыстыра зерттелген. Жырдағы оқиғалардың өрбуі мен дамуына,табиғи тұтастығына,тараулар табиғаты мен құрылым қағидаттарына нақтылы деректер мен дәйектер арқылы талдау жасалды. Жырдағы дәстүрлі жер-су атаулары мен оқиғалары желісінің өрбуі, құрылымы мен мазмұнындағы ауыз-екі сөйлеу тіліне тән сипаттары сараланды. Сюжет пен композицияның мазмұн мен пішінге тигізген ықпалы, өзгешеліктері мен ерекшеліктері екшеліп, белгілі бір арнаға түсіру тәсілдері мен кейіпкерлер қарым-қатынасындағы қақтығыстар, адамдар арасындағы алуан әрекеттер мен жалпы жағдайлардың тартысты туындатуға тиек болуы баяндалып, тарқатылу талғамына ден қойылды. Жырдың шарықтау шегі мен көркемдік шешіміне, тарихи тағлымына талдаулар жасалды. «Жеті қаған» жырының қазақ эпостық жырларынан артықшылықтары мен кемшіліктері салыстырылып сарапталды. Адам аттары мен тарихи атауларының өзара бірлігі мен байланысы, мәнері мен оқиға желісінен туындайтын тартыс табиғаты, жинақталуы мен жүйеленуінің жай-жапсары зерттеу өзегіне айналды. Жырдың көркемдік ерекшеліктері егжей-тегжейлі қарастырылып, шұрайлы шумақтарындағы қисын мен көркемдік өлшемдерге ғылыми баға берілді.
Кілт сөздер: құрылымдық ерекшелік, композиция, сюжет, қыпшақ тайпалары, ізгілік, жауыздық, Қартаң хан, Жезмаңдай, Түктабан батыр.
Жырдың беташарының өзінде өзгешелік байқалады, байқалады емес-ау айқын
аңғарылады. «Құнт атты кісі өткен білесіңдар бәріңде» білетінімізді де, білмейтінімізді де
өзіне бір қаратып алып сөз баптауы өзімшілдік емес, өзімсінгендік болар. «Сөз түзелді,
тыңдаушым сенде түзел» деп Абай айтса айтқандай, тыңдаушыны түзеу үшін тыңдатушының сөзі түзу болу керек қой, олай болса «білесіңдер бәріңде» деген сөздің
астарында ақиқат бар. Жырды тыңдаған адам Құнттың да құнтты кісі болғанын біртіндеп
білетұғыны да әмбеге аян ғой. Түктабанның тууынан бастап, Тұрымтайлардың құлдықтан
құтқарылуы, түбі бір туыстардың бас қосуына дейінгі жырдың құрылымында толыққанды
тұтастықпен бірге қызуқанды қарама қайшылық та жанаса жарысып, оқиғаның өрілуіне,
өрбуіне өзек болады. Жыр желісіндегі оқиғалар ортасынан ойқастап, маңдайы жарқырап
Жезмаңдай шыға келеді.
Күйме менен жол алып,
Жүріп кетті Жезмаңдай.
немесе:
Ұзақ күндік жол еді,
Барып жетті Жезмаңдай.
Жезмаңдайдың жүрісі суыт қана емес, сөзі де салмақты сияқтанды, болмаса:
«мүдірмеймін біліп қой, сөз жағынан ешқандай» деп айтпас та еді ғой, расында да
Жезмаңдайдың қимыл-қарекетінде әр заманда зыр қағып жүріп, зар қақтыратын, зарланып
жүріп, шаң қаптыратын кәнігі кісілердің біртуар белгісі бар. Абай айтатын «бойы бұлғаң,
сөзі жылмаңның» нақ өзі, жырдың басынан бастап аяғына дейін Жезмаңдайдың
араласпайтын ісі жоқ, соған қарап «іскер адам» екен деп те қалуыңыз мүмкін ғой, жоқ
керісінше бірді-бірге соғып, қос үйді қоса қондырмай жүретін жұлымыр жан.
Сұрады сонда Жезмаңдай,
Атыңыз кім, көкетай?
немесе:
Құнттың ұлы Түктабан,
Маған көңіл бұрды деп,
Қайда барсам артымнан,
Қалмай еріп жүрді деп.
деуінде сезімнен гөрі сес, көңілден гөрі кек басым. «Жеті қағанның» желісін
құраушы кейіпкерлердің атының өзі жүз қарарлық: Жезмаңдай, Жезтаңдай, Ақмаңдай,
Көккөтен, Мілмира, Сетерхан, Қартаңхан, Жамғыржан, Түктабан (Арыстан) деп тізіліп
кете береді. Адам аттарының өзінде ұйқас пен үйлесім, тіпті үндестік бар деуге де болар
еді. Мілмира мен Күлмира, Сетерхан мен Қартаң хан, Жамғыржан мен Түктабан, ал
Жезмаңдай, Жезтаңдай, Ақмаңдай да өз алдына бір бөлек әлем. Оқиғаның өрбуі
Түктабанның туылуынан басталғанымен, аяқталуы Түктабанның (арыстанға айналып)
Арыстан ханға айналып таққа отыруымен аяқталады. Қазақ ертегілеріне, жырларына тән
оқиғалар қақтығысы болғанымен, тартыс пен шиеленіс, қимыл-қозғалыс, әдіс пен тәсіл
халық ауыз әдебиетіне тән үрдіс пен үлгілерге негізделген. Тараулар табиғаты мен
тұтастығына бойласақ, болғаннан болмағаны, қол жеткеннен жетпей қалуына құрылған
оқиғалар омыраулап қана қоймай, шығарманың құрылымдық жағынан ширатыла түсуіне
түрткі болады.
Мәселен, Жезмаңдайдың Құнттың ауылына баруы және мақсатына жете алмай
қайтуы немесе Жезмаңдайдың ниетінің әшкере болуы, болмаса Жезмаңдайдың Балыққа
қарай қашуы немесе Жезмаңдайдың шырғасы, болмаса Жезмаңдайдың Бұхарды
ойрандауы. Басқаны былай қойғанда, Жезмаңдайдың тоқсантүрлі күй кешуінен (қиялдан
құрастырылғаны өз алдына) жырдың қисынды құрылымына көз жеткізесің. Әлбетте
Жезмаңдай оқиғаның басынан аяғына дейін жеңісті жолдармен жүріп келе жатқан жоқ,
қилы-қилы сәттерді басынан кешіріп қана қоймай, айласы мен амалын асырып, бірде
сүрініп, бірде жығылып жүруі де – өмірдің өзінен туындайтын адам тағдыры. Олай болса,
жалпы алғанда «Жеті қаған» жырының құрылымынан жасанды жаңсақтықтан гөрі, табиғи
тұтастық байқалады. Оқиға желісін ойдан шығармай, тарихи шындыққа жақындату,
жанастыру жырдың композициялық көркемдігін сақтап қана қоймай, мазмұн мен идеяның
мейлінше айшықталып, айқындала түсуіне жол ашады. Жырда кездесетін адам аттарымен
қатар жер-су, қала атаулары да оқиғаның өткен уақытын белгілеп болжауға бірқыдыру
қызмет етеді. Қала, ауыл, ру, тайпа, тек атауларына қарап, оқиға орындары мен тарихи
атаулардың сабақтастығынан жырдың құрылымының тарихи шындыққа негізделгеніне
толық және түпкілікті негіз бар.
Сонымен қатар, жырдың құрылым көркемдігін арттыруға кейіпкерлердің сөз
саптауы ғана емес, киім-киісі, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы үздіксіз үлес қосып,
шығарманың шырайын келтіреді. Осы орайда Жезмаңдайдың диалогтары – дәлелді,
дәйекті, монологтары – мазмұнды, мәйекті болып келетінін аңғару қиын емес. Қартаң хан
күні өтіп бара жатса да қартаңдығын жасырып, алшаңдығын асырғысы келетін, өз бетімен
шұғыл шешім қабылдағаннан гөрі, төңірегінен сыр тартып, ақылдасып алғанды жөн
санайтын тұлға. Арыстанға араша түспек болған Жезмаңдайдың:
Ер өлтіріп, қан төгіп,
Күш қылды ма Арыстан?!
Ереже бұзар ел бөліп,
Іс қылды ма, Арыстан?
немесе:
Дұшпаныңды Түктабан,
Жермен жексен етті ғой.
Жер болған емей немене,
Менменсіген Миян хан,
Қожентке қашып кетті ғой.
деуінде Қартаң ханның ашуына-ауыздық боларлық, ақылына-тамыздық боларлық
байып бар, ерге де, елге де қалқан болған Арыстанды әрі итеріп, бері жығып өзіне қарату
мақсатында туған тапқырлық табы сезілгенімен, аржағында сол баяғы айлалы, алпыс
айлалы әйелге тән күндестіктің қып-қызыл шоғы бұрқырап тұр. Түктабанның табанын
күйдіретін қып-қызыл маздаған қызыл шоқ, қып-қызыл шоғын қойнына тығып тұрып
Арыстанның алдында да, Қартаң ханның алдында да Жезмаңдай төтеннен жол тауып, тіл
безеген болады, адам жаратылысына тән жағымпаздық пен жалпақ – шешейлік белгілі бір
сәттің ғана себепшісі, сәттік қимыл-әрекеттің, айла-амалдың таптырмайтын тәсілі,
құтқармайтын құрығы болғанымен, ерте ме, кеш пе орнын табатын осалдық пен
опасыздық бір жерде бірлесіп тізе қосқанымен, енді бір жерде бір байламға келе алмай
жататыны жасырын емес, себебі «Адамныңбәрі бірдей хайуан да емес, адам да емес» деп
Қадыр Мырза Әлі айтқандай, кей-кейде адамдық жеңіске жетсе, кей-кейде айуандық
тұғырда тұрады. Жырдағы Жезмаңдай мен Қартаң хан да бір-біріне қарама-қарсы қимыл
әрекеттің ғана емес, екеуінің ойлау жүйесі бір-біріне кереғар кісілер, дегенмен бір төсекте
бас қосып, бір дастархан басынан дәм татады. «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал
махаббат – таусылмайтын әңгіме» деп М. Шаханов айтқандай, Қартаң ханның күні өтіп,
дәурені дамылдап тұр, Жезмаңдайдың әлі де жұлынып, ұрынып тұрған тұсы екенін
ескерсек, екеуінің арасында жер мен көктей айырма бар, ол айырма тек жаста ғана емес,
тұлғалар табиғатында жатыр.
Қараңғының шапанын,
Басына бүркей жамылып,
Жұлдыздан моншақ тағынып,
Жүріп кетті Жезмаңдай,
Қастық ойлап қағынып.
Иә, айтса айтқандай, «қараңғының шапанын басына бүркей жамылып» жүретін
жандар біреу емес, жалғыз Жезмаңдай емес, жүздеген, мыңдаған, миллиондаған, Қартаң
ханның кезінде де, қазір де сондай көп. «Нағыз қауіп қатер кезінде кәнігі кейіпкерлер қаза
таппайды, тобарсыған топ пен тобыр толассыз қырғынға ұшырайды» деп Иосиф Бродский
айтпақшы, Қартаң хан мен Миян ханның арасындағы айқаста, Қартаң да дін аман, Миян
да міз бақпаған қалпында қалды, Жезмаңдай да, тағы басқалар да тұғырынан түскен жоқ,
екі жақтан да қырылған қосақ арасындағылар, яғни:
Аз өлмеді, көп өлді,
Жарлы өлді, бай өлді,
Жас та өлді, кәрі өлді,
Жалғыз да өлді, көп те өлді,
Жасырғанмен бола ма,
Үйсіндерден көбірек,
Қоженттен аз өлді.
жас та, кәрі де, жалғыз да, көп те Қартаң мен Миянның маңындағылар, оқыс
оқиғаның басы-қасында тағы да Жезмаңдай жүр... Жезмаңдайдың көркіне
қызығушылардың ішінде Миян ханның төбесі көрініп калады, Қартаң ханның құтын
қашырған Жезмаңдай енді Миян ханның мысын басып, берекесін кетіруде, қазақтың
«біреудің қаңсығы – біреуге таңсық» дегеніндей, жырдың құрылымына қуат беріп,
көркемдігі мен белсенділігін арттырып тұрған да осы Жезмаңдай. «Сұлулықтың бәйгесі
бес-ақ күн, бес күннен кейін жалықтыра, жабықтыра бастайды» деп Джордж Бернард Шоу
айтпақшы, Жезмаңдайдың жүлдесі үшін жарысушылар көп болғанымен, шынайы
жанкүйерлер аз. Марк Твен былай депті: «Егер сіз өзіңіздің үнемі басым көпшілік
жағында жүргеніңізді байқасаңыз, дереу өзіңізді өзгертуге тура келеді, немесе өзіңіздің
өзгергеніңіз жөн» депті, яғни басым көпшіліктің пікірі көбіне көп басшылықтың бұйдасы
болып келеді, шын мәніндегі «солақай саясаткер көпшілікті қолдамайды, алайда айдап
салудың алуан амалдарын мықты меңгерген» деп Стюарт Холл бекер айтпаған болар.
Қалай десек те «Жезмаңдайдың ниетінің әшкере болуы, Түктабанның зынданнан
босатылуы» атты тұтас бір тарауда зұлымдық пен ақиқаттың арпалысы айқын
сипатталады.
Қанағатсыз, ашкөздік,
Нәпсі түпке жетеді.
Арамдық түбі бір қылдай,
Бырт үзіліп кетеді.
немесе:
Менің балам Түктабан,
Зындан болсын, не болсын!
Адалдықтан танбайды.
Алданған жан арамға,
Басына таяр қам-қайғы.
Иә, Арыстанның анасының айтқан сөзі осындай, кесек-кесек сомдалған сөз,
баласының ауық-ауық зынданға түскеніне таңданбайды да, жата қалып
жағымпазданбайды да, қайта керісінше туған ұлының рухын көтеріп: «Зындан болсын, не
болсын, адалдықтан танбайды» деуінде өрлік қана емес, өзгешелік бар, иә Түктабанның
Арыстанға айналуында да осы өзгешелік, ананың ақ сүтімен бірге берілген, біте қайнасқан
біртуар болмыс бой көрсетеді. «Мен әйелдерде мінез жоқ деп айтпас едім, әрине бар,
бірақ күн сайын өзгеріп тұратын өзгеше мінез» деп Генрих Гейне айтпақшы, Арыстанның
анасы да өзгеше оқшау мінез танытып, Жезмаңдайдың бетін қайтарып, салын суға
кетіреді. Ал Қартаң ханның:
Тыңда жұртым мен айтам,
Батырым, менің Түктабан,
Атын қойдым Арыстан,
Бұдан кейін батырдың,
Арыстан атын айтыңдар!
деуінде ақиқатты мойындау бар. Түктабан – қатардағы күс табандардың бірі емес,
ақиқаттың арыстаны «айға шауып мерт болатын арыстан емес», жауға шауып кие қонған,
абыройға ие болған Арыстан... Ал, Жезмаңдайдың жолының болмай, Балыққа қарай
қашуы екіжүзділіктің жеңіліс тауып жан алқымға тығылуы болар: «кім кінәлі, кәм кінәсіз
тауып ал, екеуінің ішіндегі сауын ал» деп Александр Пушкин айтпақшы, санасы сырқат
пенде мен санасы сау адам бірден белгілі болмағанымен, біртіндеп бетпердесі
сыпырылатыны айқын. «Арыстан хан» жырының композициясындағы «Жезмаңдайдың
Құнттың ауылына баруы немесе мақсатына жете алмай қайтуы», «Уәзірдің өтмішке
пұшайман болуы», «Күлмираның у ішіп өлуі», «Балық қолының ойсырай жеңілуі»,
«Темірше батырдың Арыстаннан жеңілуі», «Миян ханның мысының құруы»,
«Арыстанның қашқындарды қууы» деп атының өзі айтып тұрғандай, «қайту», «қашу»
«пұшайман болу», «у ішу», «ойсырай жеңілуі» сияқты етістіктердің өзінен ездіктің лебі
аңқып тұр. Жеңіліс тауып жатқан тағы да сол – сатқындық пен саяздық, жағымпаздық пен
жаңсақтық, жер бауырлаған жиіркеніш пен құрт-құмырсқадай қыбырлаған қызғаныш, іші
мен сырты бірдей іштарлық пен ішмерездік, ерте ме, кеш пе, көр құшатыны әмбеге аян
болса да, адамдар сол сәтті пайдаланып қалғысы келеді. «Бағанаға тікесінен тік тұрғаны
үшін бәрі кешірімді» деп латыш ойшылы Цаль Меламед айтпақшы, қазақтың қай жырын
оқып қарасаңыз да ақырында ақиқат алға шығады, ізгіліктің ізі қалады, көкірегіңде сайрап
тұрады. Түктабанды Арыстанға айналдырған да – ақиқат екені, Жезмаңдайдың маңдайын
жерге қаратқан да қызғаныш пен қулық, іштарлық пен сұмдық екені белгілі ғой. Қазақтың
халық ауыз әдебиеті тұтастай және түгелдей ізгілік пен ізетке үндеп қана қоймай, сол
сұрапыл сапарда тар жол тайғақ кешуден өтеді, табандылық таққа отырады, ақиқат
айналасын нұрландырады, себебі адам баласы ақиқаттың ақ уызынан жаратылып,
сатқындықтың сары уызына да ауыз салған сияқты, сөйтіп сатқындықтың да сапары
басталған «Арыстан хан» жырының мазмұны мен идеясы қазақтың бұрынғы батырлар
жырындай жақсылықты жоқтап, ізгілікті іздестіруге, ақиқатты аман сақтап қалуға
негізделген. Жақсылықтың жолында жедел жәрдем болу, жақсылықтың жүгі сол ауған
жерге жөпелдемеде жету – екінің біріне берілген қасиет болғанымен, оны адамдар қол
жаулығына айналдырып алған. Жырдың «Арыстан хан» аталуында да заңдылық бар, аң
патшасы – арыстан болса, аңға айналған адамдардың патшасы да – арыстан атануы
өмірдің өзі қолымен ұстатқан ұстаным, «ақиқат арзан тұрады, болмаса түкке тұрмайды,
себебі ол бізге мұқтаж» деп Сенеке тұспалдағанындай, жырдағы оқиғалардың өрбуі,
кейіпкерлердің қақтығысы, шындықтың ширығуы, шыңдалуы, шынығуы бірден көзге
ұрып тұрған жоқ, себебі тарихи шындықты бұрмалау мүмкін емес қой. Жырдағы жер
атаулары Самарқан, Бұхар, Қожент, Бадақшан, Ауған, Африсиаб, Хиуа, Енесай,
Мәуренахр, Шымкент, Хорасан, Шам, Басыра, Бағдатқа қарап оқиғаның қай кезеңде
болғанын бағдарласақ, парсы, жеті ықылым, қызылбас, жауыт, назара, көндігер, шүршіт,
қалша, ақүйліге апару, қарашапан қыпшақтар, шие сынды сөздердің түп-төркініне бойлап
тарихи тағылым аламыз. Ғалым Рахманқұл Бердібайдың «Бірінші дастанның көлемі он
төрт мың жолдай, сонда жеті дастанның аумағы қанша болатынын есептеу қиын емес
қой» деген сөзінің жаны бар, осыншама мол мұраны жадына сақтап, зердесіне тоқып
келген Жүсіп Мамайдың да еңбегі ересен. Қалай болғанда да «Жеті қаған» қолымызда,
оқиғасы «ғалым болмай немене балалықты қисаңыз» деп хакім Абай айтпақшы «Жеті
қағанның» тәрбиелік, тағылымдық тұстарына зейін қойып, арнаулы курстар жүргізу,
шым-шымдап шындыққа бет бұрғызу бүгінгі ұрпақтың еншісіндегі іс. «Жақсы ғашықтық
романының кем-кетігі көп болуы да мүмкін» деп чех жазушысы Карел Чапек
байқағанындай, мәселе «Жеті қаған» жырының тіліндегі түйіткілдер, оқиғасындағы ораш
олақтықтар хақында емес, ел сүйгіш, елжандылық жақтарына баса назар аударуымызда
болса керек, осы жағынан алғанда «Арыстан хан» ұлттың рухына қызмет ететін дәстүрлі
дастан ғана емес, ұлт рухын ұлықтайтын мердігер мұра.
«Жеті қағанның» жырын жаттап өскен өскелең ұрпақ ұлтына ұран болары,
жұртына қорған болары хақ, себебі Түктабанның Арыстанға айналуындағы ақиқатқа көзі
жеткен ұрпақ та, шындықтың көзіне шұқымайтынына сенгің келеді, ұяттың ұнжырғасын
түсіріп, тәлкекке түсірмейтініне тілекшісің «Ұяттың үні ешқашан хорға қосылмайды» деп
поляктың атақты ақыны Казимеж Слонимский айтқандайын, «Арыстан хан» дастаны да
«Жеті қағанның» беделін биіктетіп, көшін бастап тұрған бірегей, басы бүтін дүние, олай
болса, жырдың мазмұны құрылымына, құрылымы идеясына иек артып тұрған жыр туралы
толғам да – біреу, түйін де біреу: «өмірдегі шындықтың шынайы әдеби шығармаға
айналуы, әдебиеттегі мазмұнның пішінге көшуі, тақырыптың идеялық шешім табу
процесінде сюжет пен композицияның ролін еш нәрсемен ауыстыру мүмкін емес» депті
академик З. Қабдолов «Сөз өнері» еңбегінде.
«Арыстан қағанның» мазмұны мен пішінін бір-бірінен бөліп қараудың қажеттілігі де жоқ секілді, себебі пішіні мазмұнын молықтырып, мазмұны пішінін толықтырып тұр, ал сюжет пен композициясы да жасандылықтан жұрдай күштеп құрылған құрылым емес,
өлшеп-пішіп құрылған қатардағы композиция емес, оқиғаның өзінен, өзегінен жаратылған
табиғи, табиғаты тұтас тараулар, ойдан шығарылған орашолақ оқиғалар жүйесінен
жасақталмаған, өмірдің қайнаған қақ ортасынан ойып алынған сом сюжеттер, кескінді
композициялар болып табылады.
Жыр басынан аяғына дейін ауыз екі сөйлеу тіліне құрылғанын да тараулар
табиғатынан тап басып тануға болады. Бұл әрине ауыз екі сөйлеу тілімен баяндауға да
болатын немесе жыршылардың орындауына оңтайлы дастан, тілі қарапайым, оқиғалары
орнықты, оқыстан қосылып, кенеттен киіп кететін шытырман шайқастар мен орынсыз
ойдан қосылған қызықты хикаялар жоқтың қасы. Жырдың құрылымында тұтастық бар
дейтін себебіміз, сабақтас, өзектес оқиғалардың сатылап дамуы мен өзара жалғастығы
сақталып тоғысар тұстары да біркелкі, бірқалыпты жүйемен дамиды.
Әлбетте Арыстан ханның таққа отыруы таңғаларлық оқыс оқиға емес екені де
белгілі, себебі оқиғаның өрісі де, желісі де, жүйесі де соған жетектеп, Арыстанның
алғырлығын аша түсіп, батылдығын баян ететін тұстар жетерлік. Бұл жырдың қазақтың
эпостық немесе лиро-эпостық жырларынан басты айырмашылығы да композициялық
құрылымының бір бөлектігінде. Оқиғалар ойластырылмай, құрастырылмай болған
күйінде баяндалғаны және жырды жадына тоқып жырлаушылардың да өз тарапынан көп
өзгерістер енгізбегені байқалады.
Бір сөзбен айтқанда жырдың композиция мен сюжеті тарихтан алынған, бабамыздың табиғатынан туындаған. «Табиғаттан бабамыз ала берген секілді» деп Қадыр Мырза Әлі айтса айтқандай, жыр табиғатында бабалардың болмыс-бітімі мен бет-пішіні, мінез-құлқы, табиғи жаратылысы жарасым тапқан тарихи түпнұсқа. «Түпнұсқаға теңелу үшін,еш нұсқаға ұқсамау керек» деген екен француз жазушысы Жюль Ренар, «Арыстан
ханның» сюжеті мен композициясы да басқа нұсқаларға ұқсамайтыны көңілге қуаныш
ұялатады
Қорыта айтарымыз, «Жеті қаған» жырының қай-қайсысы да бір-біріне ұқсамайтыны өз алдына композициялық құрылымдары да ерекше екенін ескеруіміз қажет. Зұлымдық пен ізгіліктің мәңгі бітпейтін күресіне құрылған жыр оқырманға ой салып қана қоймай, жөн сілтеп, бағыт көрсетері анық. «Арыстан ханның» құрылымы мен сюжеті бір-бірімен біте қайнасып кеткендей әсер қалдырады. Жырдың композициялық ерекшеліктері келешекте зерттеу нысанасына айналуы бек мүмкін. Ал біздің айтпағымыз, зерделі зерттеудің бір ұшығы ғана қазақ оқырманының ой-санасын сілкіп, қиял көкжиегін кеңейте түсетін, ел аузында, жыршылар жадында сақталатын жырға айналса екен!
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – Алматы, «Жазушы», 1985, - т.17 –
352Б.
2. Бродский И. Набережная неисцелимых. М., 1992.
3. Ренар Ж. Дневник. – М., 1965.
4. Меламед Ц. Улыбки до востребования. Рига, 1966.
5. Мифология, Большой энциклопедический словарь , - М., Большая Российская
энциклопедия, 1998 – с 736.
6. Книга для медленного чтения. 1000 высказываний. Сост. Л.Д.Собалев. –М., 1994.
7. Кирабаев С. Шындық пен шығарма – Алматы, «Жалын», 1981, - 252Б.
8. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. / құраст М.Ғабдуллин, Алматы, «Қазақ мемлекеттік
оқу – педогогика» баспасы, 1959, - 348Б.
9. Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы – Алматы , «Ана тілі», 1997,- 288 Б.
11. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы, «Санат», 2002, -360 б.
12. Мырза Әлі Қ. Таңдамалы екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы, «Жазушы»,
2005.
13. Шаханов M. Мұхтар Шахановтың жұрт жатқа айтып жүрген жырлары. – Алматы,
«Жалын», 2011, -360 б.
14. Қазақ ертегілері. – Алматы, «Жазушы». 2000, т.6. -272 б.
15. Асыл сөз./ құраст Б.Ысқақов, Алматы, «Жалын», 1987-432 б.
16. Қазақтың мақал-мәтелдері – Алматы, Қазақстан, 1960, - 238 б.
17. Ел аузынан. Абай.-1994 - № 10. – 93 – 94Б.
18. Төреқұлов Н. Қазақтың би-шешендері – Алматы: Жалын, 1993, - 1,2 кітап, 400Б.
Auezov M. Zhiyrma tomdyk shygarmalar zhinagy. – Almaty “Zhazushy”, 1985, -t.17 – 352B.
Brodskii I. Naberezhnaia neiscelimyh. M.,1992.
Renar J. Dnevnik. – M.,1965.
Melamed S. Ulybki do vostrebovania. Riga.1966.
Mifologia, Bol’shoi enciklopedicheskii slovar’.- M., Bol’shaia Rossiskaia entsiklopedia, 1998 – s 736.
Kniga dlia medlennogo chtenia. 1000 vyskazyvanii.Sost. L.D.Sobalev. – M.,1994.
Kirabaev S. Shyndyk pen Shygarma – Almaty, “Zhalyn”, 1981, - 252B.
Kazak halkynyn auyz adebieti./ kurast M.Gabdullin,Almaty,” Kazak mrmlekettik oku – pedogogika” baspasy, 1959,-384B.
Koniratbaev A. Kazak fol’klorynyn tarihy – Almaty,”Ana tili”, 1997,-288 B.
Kabdolov Z. Soz oneri. – Almaty.”Sanat”,2002, - 360 B.
Myrza Ali K.Tandamaly eki tomdyk shygarmalar zhinagy. – Almaty, “Zhazushy”, 2005.
Shahanov M. Muhtar Shahanovtyn zhurtka aityp zhurgen zhyrlary. – Almaty,”Zhalyn”, 2011, - 360 B.
Kazak ertegileri. – Almaty, “Zhazushy”.2000 t.6 – 272b.
Asyl soz./kurast. B.Yskakov. – Almaty, “Zhalyn”. 1987 – 432b.
Kazaktyn maka- matelderi – Almaty, Kazakstan. 1960 – 238 b.
El auzynan.Abai- 1994 № 10 – 93 – 94 B.
Torekulov N. Kazaktyn bi sheshenderi – Almaty: Zhalyn, 1993 – 1,2, 400B
Достарыңызбен бөлісу: |