Дәрілік өсімдіктердің химиялық, формакологиялық құрамдары.
Дәрілік өсімдіктердің пайдаланылатын мүшелерінде немесе жеке бөлшектерінде фармакологиялық белсенді заттардың көптеген түрлері, яғни комплексі болады. Солардың арасында бір немесе бірнеше өсімдіктің медициналық қажеттігін анықтайтын негізгі фармкологиялық белсенді заттарын ажырату қажет. Осындай негізгі фармакологиялық белсенді заттарды әрекеттегі заттар деп атайды.
Осындай әрекеттегі заттардан басқа заттардың барлығын «бірлесіп еріп жүретін» (сопутствующие) заттар деп атайды. Мұндай бірлесіп еріп жүретін заттардың ролі және маңызы әрқалай болуы мүмкін. Ол заттардың кейбіреулері организмге пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, витаминдер, органикалық қышқылдар, минералды заттар, қанттар және т.б. Кейбір бірлесіп еріп жүретін заттар әрекеттегі заттардың фармакологиялық әсеріне, сапасына тиімді әсер етуі мүмкін. Мысалы, сапониндер наперстянка өсімдігі жапырағының құрамында кездесетін жүрек гликозидтерінің тезірек еріп сіңірілуіне және олардың әсерін тездеуге қолайлы жағдай жасайды. Ал еритін немесе ісінетін полисахаридтер, илік (дубильные) заттар, керісінше, әрекеттегі заттардың шипалық тиімді әсерінің мерзімін ұзартуына алып келуі мүмкін. Пайдалы әрекеттегі заттармен қатар кейбір дәрілік өсімдіктерде зиянды заттар да болуы мүмкін. Мысалы, жаңа жинаған итшомырт (Крушина-Frangula) қабығында – антропол, кенедән (Клещевина- Ricunus) құрамында – токсильбумин және т.б. кездеседі.
Сондықтан, пайдалы және зиянды бірлесіп еріп жүретін заттарды ажырата білу керек. Кейбір өсімдіктер құрамында негізгі әрекеттегі заттардың сапасына әсер етпейтін фармакологиялық бейтарап заттар да кездеседі. Ондай заттарды балластар деп атайды. Бірақ та «балластық заттар» деген ат тек шартты түрде ғана. Өйткені қазіргі заманда әрбір өсімдікті экономикалық тұрғыдан 100% тиімді пайдалану керек. Яғни өсімдік шикізатының барлық пайдалы заттарын пайдалана білу керек. Мысалы, кейбір дәрілік өсімдіктің ББЗ алып медицинада қолданумен шектелмей, ол өсімдік құрамындағы ағаштанып кеткен клетчатканы қағаз, кардон алуға пайдалану қажет.
Дәрілік өсімдіктердің химиялық құрамы алуан түрлі. Олардың құрамында көптеген биологиялық (фармакологиялық) белсенді, индиферентті (бейтарап) және балласты заттар бар. Шындығына келгенде, табиғатта адам организмі үшін абсолютті бейтарап өсімдік жоқ. Мәселе олардың әсер ету күйінде, сипатында, мөлшерінде. Соған байланысты кейбір белгілі өсімдіктер дәрілік өсімдіктерге қатарына жатқызылады. Бірақ та көптеген дәрілік өсімдіктерге жатпайтын, дегенмен тамақ ретінде, халықтық медицинада қолданылатын өсімдіктер де жеткілікті. ТМД елдерінде, соның ішінде, әсіресе Россияда бұрыннан белгілі 2000 дәрілік өсімдіктер түрлерінен 500 дәрілік өсімдікке ғана осы уақытқа дейін толық фитохимиялық талдау жасалды. Қалған дәрілік өсімдіктер туралы тек жалпылама, яғни оларда қандай әсер ететін заттар бар екендігі туралы ғана мәліметтер бар. Демек, олардан ББЗ бөліп алынғанымен, олардың химиялық структурасына толық талдаулар жасалынбаған.
Дәрілік өсімдіктердің биологиялық белсенділігінің спектрі оларда әртүрлі химиялық кластарға, топтарға жататын эфир майларының, флавоноидтардың, полифенолдардың, полисахаридтердің және т.б. заттардың болуына байланысты. Дәрілік өсімдіктердегі әртүрлі заттардың саны оннан бірнеше жүзге дейін болуы мүмкін. Өсімдіктің фармакологиялық әрекеттілігі сол нақты өсімдіктің нақты химиялық құрамында тікелей байланысты. Сонымен заттар дәрілік өсімдіктің шипалық қасиеті жоғарыда келтірілген заттардан, басқа кейбір әлі толық анықталмаған фармакологиялық әсері бар заттардың болуына (антрогликозидтер, алкалоидтар, стероиды қосылыстар және т.б.) байланысты. Мұндай заттар тек кейбір дәрілік өсімдіктер түрлерінің құрамында ғана кездеседі, ол заттар бұл өсімдік түрлеріне өте тар белгілі биологиялық белсенділік береді (мысалы, кардиотоникалық, нейротроптық, адаптогендік және т.б.). Мұндай заттардың белсенділік дәрежесі мен сипатына байланысты кейбір дәрілік өсімдіктерді улы өсімдіктер қатарына жатқызады.
Дәрілік өсімдіктердің ББЗ топтастыруға болады. Яғни, әртүрлі химиялық кластарға жатқызуға болады: терпеноидтар, фенолды қосылыстар, алкалоидтар, липидтер, моно және полисахаридтер және т.б. Бұлайша бөлу ғылыми тұрғыдан әрине дұрыс, бірақ та практикаға берері шамалы. Сондықтан әрбір кластар химиялық топтарға және топтар тармақтарға бөлінеді. Өсімдік химиялық құрамы жағынан өте күрделі жүйе. Енді өсімдік химиясының негізгі зерттеу объектілері болып саналатын кейбір органикалық қосылыстарға қысқаша сипаттама беріп кетейік
Дәрілік өсімдіктерден алынатын шипалық қасиеті бар шикізатын толық зерттеу фармакогнозия ғылымы зерттейтін басты мәселелер болып табылады. Фармакогнозия-мамандардан химия мен ботаниканы, сонымен қатар медицинаның бір қатар салаларын білуді талап ететін күрделі ғылым. Фармакология ғылымының өкілдері де дәрілік өсімдіктерді зерттеуде қалыс қалмайды. Фармакология-өсімдіктерден және химиялық жолмен алынған дәрілік заттардың жануарлар мен адам организміне әсерін зерттейтін ғылым. Фармакологтар квалификациясы бойынша дәрігерлер.
Жаңа дәрілік өсімдікті фармакогнозиялық зерттеу – бұл өсімдікті медицинаға енгізудің алғашқы сатысы. Екінші саты – фармакологиялық зерттеу нәтижесінде өсімдік улы ма, улы болса қандай дәрежеде және қанша мөлшерде улы екенін анықтайды. Осыдан кейін фармакологтар дәрілік препараттың лабораториялық жануарлар организмдерінің қызметіне – жүректің жұмысына, жүйке жүйесіне, тыныс алу және асқорытуға физиологиялық әсерін анықтайды.
Фармакологиялық, химиялық және басқа да зерттеулер аяқталып, жаңа емдік препараттың негізгі қасиеттерімен улылық дәрежесі анықталған соң, оны ауруханада клиникалық сынақтан өткізуге беріледі. Клиникада дәрігерлер жаңа препараттың тағдырын шешеді. Алынған барлық нәтижелерді басқа препараттармен салыстырады, осындан кейін бұл препаратты денсаулық сақтау министрлігі бекітіп, химико-фармацевтикалық зводтарға препаратты дайындау туралы тапсырма беріледі.
Дәрілік өсімдіктің табиғи өсетін жерінен науқасқа дейінгі әдеттегі жолы осындай болады. Осы секілді фармацевтер мен химиктердің зерттеулерінен кейін дәрілік өсімдіктегі емдік қасиеті бар қосылыс анықталғанан кейін бұл қосылысты лабораторияда бөліп алып, құрылысын өзгертіп, жақсартуға болмас па екен? деген сұрақ туындайды. Бұл ойлар бұрыннан-ақ зерттеушілерде болған және дәл осы ойлардың дамуына барлық синтетикалық дәрілер химиясы тәуелді.
Мүлде жаңа, табиғатта бұрын соңды болмаған қосылыстарды жасап, олардың жануарлар организіміне әсерін зерттеп, сол препараттармен адамдарды емдей бастауға болады. Қазіргі күні осының барлығы әлемнің көптеген зертханаларында жүзеге асуда. Мұнда заттың құрылысы мен оның биологиялық белсенділігі арасындағы белгілі байланыс анықталады. Осы білімді пайдаланып органикалық молекулалардың бағытталған синтезі арқылы бізге қажетті белгілерге ие биологиялық белсенді заттарды алуға болады.
Қазіргі кезде емдік препараттар ретінде өсімдіктерден жеке биологиялық белсенді заттарды бөліп алу мен пайдалану сонымен бірге жаңа дәрілік заттарды талдау жаңа емдік препараттарды жасаудағы ғылыми жұмыстың басты бағыттары болып есептеледі.
Алайда, химиктер, фармакологтар мен клиницистер қызық бір жағдайға тап болды: дәрілік препараттың тиімділігі барлық кезде оны тазартқанда артпайтыны анықталды. Мысалы, таза аскорбин қышқылы итмұрын жидектерінен жасалған сығындыны толық алмастыра алмайды. Итмұрын жидектерінде С витаминінен басқа каротин, В2, К, Р витаминдері, қанттар, илік заттар мен органикалық қышқылдар болады. Витаминдердің табиғи комплексі басқа заттармен бірге таза аскорбин қышқылына қарағанда басқаша әсер етеді.
Көптеген жағдайда фармацептикалық өндіріс дәрілік өсімдіктерден алынатын заттарды қазіргі күні талданған заттармен алмастыра алмайды. Өсімдіктерден алынған дәрілік препараттардың химиктер зертханада талдаған заттардан бір қатар айырмашылықтары бар. Ең бірінші артықшылығы – бұл заттар тірі клеткада түзіледі. Өсімдіктер мен жануарлар клеткалары арасында айтарлықтар айырмашылықтар болғанымен, бір қатар ұқсастықтары (өсімдіктердің де, жануарлардың да денелерін құрайтын негізгі құрылымдық бірліктер) да бар. Бұлардың тек клеткаларының құрылысы ғана емес, сонымен қатар клеткаларда жүретін көптеген маңызды биохимиялық процестерде ұқсас келеді. Тірі клеткада болатын әр түрлі текті биологиялық белсенді заттар олар улы болса да химиктің қолбасында алынған кейбір заттар секілді жануарлар мен адамдардың тірі клеткаларында барлық химиялық реакцияларды бірден өзгертіп жібермейді.
Өсімдіктерде түзілетін және емдік препараттар ретінде қолданылатын бұл заттардың ерекшеліктері өсімдіктерден алынатын дәрілік препараттардың екінші артықшылығы болып табылады. Жануарлардың дамуы мен эволюциясы өсімдіктердің эволюциясымен тығыз байланысты. Жануарлар өсімдіктер сияқты өз денелерін бейорганикалық заттардан түзе алмағандықтан, органикалық заттармен (өсімдіктер, басқа жануарлар) қоректенеді. Сәйкесінше, жануарлар миллиондаған жылдар бойы өсімдіктермен қоректенуге және олардан өз денелерін түзуге бейімделді. Өсімдіктер мен жануарлардың арасындағы дәл осы тікелей қоректік байланыс өсімдіктердің химиялық құрамы және жануарлар мен адамдардың барлық мүшелерінің қалыпты жұмысы арасындағы тығыз байланыстың себебі болып табылады.
Болашақтың фармацевтикалық химиясының жағдайы қандай болатының болжау өте қиын, алайда, қазіргі күні ол тірі табиғатпен салыстырғанда тиімсіз жұмыс жасауда. Егер тірі клеткада ең қиын процестер айтарлықтай жоғары емес температурада, сирек 25-30 С-та қалыпты қысымда, көп энергия жұмсамай жүрсе, зертханадағы синтетикалық процестер өте күрделі аппараттарда жоғары температура мен қысымда, көп энергия жұмсап жүзеге асады. Көп жағдайда синтездеу үшін материал ретінде сүрек, тас көмір мен мұнай алынады. Ал өсімдіктер болса органикалық заттарды су, СО мен топырақтағы минералды заттар сияқты қарапайым заттардан түзеді.
Достарыңызбен бөлісу: |