Құрастырғандар



бет5/19
Дата08.11.2016
өлшемі3,67 Mb.
#1301
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

14. Жастар әлеуметтануы


  1. Түсінігі

Жастар социологиясы – жастар әлеуметтік топтарының әлеуметтік сана-сезімі мен мінез-құлқын, жастар әлеуметтенуі үрдісін, аға ұрпақпен қарым-қатынастарын, қоғамдық түйінді мәселелерді шешудегі ролі мен орнын зерттейтін ғылыми сала. Жастар социологиясы жеке ғылыми сала ретінде тұнғыш рет 1970 ж. Варна қаласында өткен Халықаралық әлеуметтанушылық конгресте мойындалды. Бұл осы салада теориялық та, қолданбалы-тәжірибелік те мазмұндағы ақпараттар көп жиналғанын көрсетті. Жастар әлеуметтік мәселелері әлемдік әлеуметтану ғылымының ең белсенді зерттеліп жатқан бағыты болып табылады. Бұған 1960 ж. кейін бірқатар елдерде орын алған бұқаралық жастар шерулері үлкен әсер етті. Социологиялық ғылыми зерттеу бағыттары жастар қозғалыстары, жастар субмәдениеті, жастардың еңбек және қоғамдық белсенділігі, жастардың тәуелсіз еңбек жолына түсуі, құндылықтық танымдарындағы өзгерістер, жастардың бейрәсми бірлестіктері, жастар әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері және т.б. көптеген мәселелерді қамтиды.

Жастар өзекті мәселелерін зерттеумен Л.Розенмайер, К.Штарке, Э.Гидденс сияқты белгілі социологтар айналысты.

Жастар социологиясы көптеген арнайы социологиялық теориялармен тығыз қарым-қатынаста дамиды. Әскери социология, қала социологиясы, өнер, ұжымдық топталу, мәдениет, жеке адамды зерттеу, бұқаралық коммуникация, денсаулық сақтау, мораль, білім, қоғамдық ұйымдар, дін, саясат, еңбек, басқару және т.б. көптеген әлеуметтік мәселелер жастар социологиясының дамуына үлкен әсер етті. Әлеуметтану ғылымында жастар өзекті мәселелері бүкіл қоғамның негізгі құрылымдық өзгерістерімен байланыстағы ерекше әлеуметтік топ ретінде зерттеледі. Қазақстандық жастар мәселелері бүкіл әлемде жүріп жатқан ғаламдастыру, урбанизация, ұлттардың қартаюы, дүниеге бала әкелудің кемуі мәселелерімен байланысты.


  1. Жас стратификациясы

Жастық шақ - адамның балалық пен үлкен өмір аралығындағы қалыптасу мен даму кезеңі. Адамның балалық шақтан үлкен өмірге аяқ басуы екі кезеңнен өтеді: жасөспірім және жастық бұл кезеңдердің хронологиялық (уақыт) шегі дәл айқындалмаған. Психологтар жасөспірім 14-18 жас, жастық 16-18 жас аралықтарын көрсетеді. Барлық халықтарда жас ерекшелігі адамның хронологиялық жасы емес, оның әлеуметтік мәртебесін белгілейтін ұғым болып табылады. Себебі көптеген жағдайларда адамның жасына қарай, оның қоғамдағы орны белгіленеді.

Қоғамдық еңбек бөлінісі адамның жасы мен жынысын есепке алуға негізделген. Көптеген еңбек түрлері адам жасына тікелей тәуелді. Жастық шақ әдетте білім алу немесе отбасын құру сияқты үлкен өмірге бастама болатын қоғамдық маңызды әлеуметтік қадамдар атқарады.

Жас стратификациясы әлеуметтік-психологиялық күтілістер мен санкциялар жүйесінен тұрады. Адам жастық шақтан бастап өзінің не қалайтынын және өз жауапкершілігін сезіне бастайды. Адамның денесі мен ақыл-ойы толығып, әлеуметтік өмірге белсенді араласуға әзір болады.

Дәстүрлі қоғамда жастар әлеуметтік қызметтер мен ролдерді тез игереді. Күрделі қоғамдарда жастар белгілі бір уақыт аралығында кәсіби даярлықтан өтуі қажет.

Әлеуметтік дәстүрге сай жастық шақ адамның өз отбасын құруымен аяқталады. Себебі бұдан соң адам бойында тәуелсіздік пен жауапкершілік пайда болады. Қазіргі таңда жастардың жеке таңдау мүмкіндігі шектелмеген. Бұқаралық ақпарат құралдары дамуының арқасында жастардың психологиялық жетістігі тек өз ортасымен ғана шектелмейді. Бұл жастардың әлеуметтік орта туралы жан-жақты хабардан болуын қамтамасыз етіп, интеллектуалдық дамуына жағдай жасайды.

Жас адамның шыққан тегі мен ата-анасының әлеуметтік мәртебесі, оның психологиялық және физиологиялық дамуына үлкен әсер етеді. Сонымен қатар бұған ұлттық мәдени орта, достарының әсері де қосылады. Әдетте жастар әлеуметтік өмірдің белсенді қатысушысы емес, тәрбиеге зәру адамдар ретінде қарастырылып келді. Қазіргі замандағы жастар ұйымдары мен бейрәсми топтар бұл тұжырымның қателігін дәлелдеді.




  1. Жастық шақ теориялары

Жаңа фрейдизм теориясы. Жастық шақтың теориялық мәселелерін зерттеуге психосұрыптау теориясы үлкен әсер етті. Оның негізін австрия психиатры З.Фрейд қалады. Ол жастар жыныстық, сезімдік дамуына арналған бірқатар ғылыми тұжырымдар енгізді.

З.Фрейд тұжырымдарын дамытып жаңа фрейдизм зерттеу бағытын қалыптастырған белгілі американ психологы Эрик Эриксон (1902-1982) болды. Жас адамның дамуы бір-біріне байланысты үш үрдістен құрылады. Физиологиялық дамуды биология, саналық дамуды психология, әлеуметтік дамуды әлеуметтану зерттейді.

Эриксон пікірінше негізгі даму заңы «эпигенетикалық ұстаным». Бұл ұстанымға сәйкес әрбір жаңа даму кезеңінде жаңа қасиеттер мен құбылыстар пайда болады. Жаңа кезеңге өту уақытында жас адам психологиялық тоқырауға ұшырайды. Біреулер үнсіз көтерсе, біреулер өзін қоршаған адамдармен егес-жанжалға түседі.

Эриксон адам өмірін сегіз кезеңге бөлді. Әрбір кезеңнің адам үшін пайдалы немесе пайдасыз шешілетін ерекше мақсаттары болады. Бұл кезеңдер: 1) Сәби шақ - басты мақсаты сәби бойында санасыз сенім қалыптастыру. Егер ата-ана қамқорлығы мен сүйіспеншілігі болмаса сәби бойында санасыз сенімсіздік қалыптасып, оның психологиялық дамуына нұқсан келтіреді. 2) Ерте балалық кезеңі – бала бойында жеке түсініктер, күмәнді ұғымдар қалыптастырады. Оның дұрыс рухани қалыптасуы күнде көретін адамдарына байланысты. 3) Ойын жасы – бастама сезімдерін қалыптастырады. Бұл жаста топтық ойын, өз құрдастарымен ойнау маңызды ролге ие. Бұл бала ойы мен қиялын қалыптастырады.



15. БАҚ әлеуметтануы
БАҚ түсінігі мен атқаратын қызметтері

  1. Түсінігі

Қоғамның бөлінбес құрамдас бөліктерінің бірі бұл ақпарат құралдары. Қоғамдық қызметтің барлық түрлері өз субъектілері арасында бірқалыпты, тұрақты байланыс болуын қажетсінеді және сонымен қатар өзара ақпараттар алмасу қажеттігі де бар.

Азаматтық қоғам өз деңгейінде өмір сүру үшін ақпараттың атқаратын ролі зор. Адамдар өздерінің айналасында нелер болып жатқанын білмей тұрып, өздері өмір сүріп отырған қоғам туралы дұрыс пікір қалыптастыра алмайды. БАҚ түрлі көзқарастарды халыққа жеткізудің маңызды құралы болып табылады және ұйымдасқан түрде диалогтар өткізу мүмкіндігін жасайды.

БАҚ әсіресе саяси байланыстар үшін маңызы зор. Саясат өз мазмұны жағынан топтық және күрделі ұйымдасқан мақсатты түрдегі іс-әрекет. Әрбір топтық, мақсатты іс-әрекет нәтижелі болуы үшін бірнеше мыңдаған адамдардың бірлескен іс-қимылдары қажет. Осы іс-қимылдар БАҚ көмегімен ұйымдастырылады. БАҚ мемлекет, ұлт, саяси партия, топ деңгейлерінде саяси іс-қимыл мақсатын адамдар санасына жеткізді.

БАҚ - дегеніміз арнайы техникалық құралдар көмегімен әртүрлі хабарлар мен ақпараттарды ашық түрде көпшілік алдына жеткізумен айналысатын ерекше мекемелер мен ұйымдар. Олардың ерекше бейнесі мынада: көпшілікке ортақтығы, яғни тұтынушылардың шексіз және көптік шеңбері; арнайы аппаратуралар мен техникалық құралдардың болуы; байланысқа түсуші әріптестердің уақыт пен кеңістікте бір-бірінен алшақ болуы; адамдарға бір бағытта әсер ету, яғни БАҚ-тан тұрғындарға, керісінше болмайды, яғни тұрғындар БАҚ-қа әсер ете алмайды; БАҚ тыңдармандарының тұрақсыздығы, яғни олар бір хабар не мақалаға зейін қойса, ал екіншісін мүлде қарамауы мүмкін.

БАҚ- жиі тыңдап, пайдаланатын қоғамдық белсенді адамдар әлеуметтану ғылымында реципиенттер деп аталады.

БАҚ байланыс қызметін атқарады. Байланыс деп бір адамнан немесе адамдар тобынан өзге адамдарға ақпарат берілу үрдісін айтамыз. Бұқаралық байланыс дегеніміз жекелеген адамдардың немесе адамдар тобының ақпаратты үлкен және кең аудиторияларға тарату үрдісі. БАҚ мыналардан тұрады:

1. Жазбаша мәтін мен фотосуреттерді жариялау жолымен ақпарат басып тарататын БАҚ. Оларға газеттер мен журналдар, буклеттер, үн қағаздар, плакаттар мен анықтамалықтар жатады, ал кітаптар БАҚ қатарына кірмейді.

2. Хабарлайтын БАҚ дыбыстық немесе көрнекті ақпаратты береді. Бұлардың қатарына, ең алдымен радио және теледидар жатады. Қазіргі кезде теледидар байланыстың қуатты құрамы болып табылады. Қай жерде болмасын адамдар үнемі теледидар арқылы ақпараттар алып тұрады. Тіпті ең кедей адамдарының біраз бөлігі үнемі теледидар көреді.

Соңғы онжылдықтарда БАҚ жүйесі үлкен өзгерістерге ұшырады. Спутниктік байланыс құралдары, кабельдік теледидар және ақпарат жинау мен басудың жеке құралдары (кассет, дискет, лазерлік диск, принтер, сканер), ғаламдық компьютерлік жүйелер (мыс. Интернет) пайда болды.

Әртүрлі БАҚ әртүрлі әсер ету қабілетіне ие. Ең алдымен бұл БАҚ кәсібилігіне және берілген ақпарат құндылығына байланысты. Әсіресе сенсациялық ақпараттар көпшілік қызығушылық туғызады.




  1. БАҚ дамуы

Мемлекет пен қоғамның байланыс құралдарына деген қажеттілігі келесі сәттерге тәуелді: оның қоғамдағы қызметі мен ролі, сияси құрылымдар саны мен сапасы (мыс. саяси партиялар); саяси шешім қабылдау тәсілдері (мыс. автократиялық не демократиялық); мемлекет көлемі (мыс. үлкен не шағын) және т.б. БАҚ дамуына әсер етуші факторлар. Бұрынғы дәуірлердегі мемлекеттерде байланыс құралдарына деген қажеттілік шектеулі болды. Оның ролін жаушылар, курьерлер мен тыңшылар, қаңғыбастар атқарып отырды. Олар ақпаратты көбіне ауызша, тек кейбір мемлекеттік маңызды ақпараттар (мыс., король жарлығы не сатраптың билеушіге хаты) ғана жазбаша таратып отырды.

Көптеген аумағы шағын мемлекеттер мен қалалар қауіп туралы ескерту, халық жиынын шақыру немесе аса маңызды саяси, діни оқиғалар туралы хабарлау үшін биік мұнараға орнатылған қоңырауларды пайдаланды. Көптеген ғасырлар бойы саяси және азаматтық байланысқа деген қажеттілік пошта арқылы атқарылып келеді.

XIX-XX ғ.ғ. телеграф және телефон желісінің пайда болуы мемлекеттің байланыстық тұтынысын қанағаттандырып қана қойған жоқ, сол сияқты қоғамдық өмірге түбегейлі бетбұрыс әкелді. БАҚ техникалық дамуы бұрын қиял болып келген көптеген демократиялық және тоталитарлық идеялардың шын өмірде іске асуына әкелді, билік заңдылығы мен іске асуына жаңа сипат берді.

О.Тоффлердің пікірінше «қазіргі биліктің эффективті қызмет істеуі, оның адамдардың жеке қызығушылығын оятып, өз мақсатына жетуде билік қорларын көп шығындамау жолын табу». Ол мақсатты шешуде саяси билік БАҚ кеңінен пайдаланады.

Саяси теорияға сәйкес, қазіргі заманғы өте дамыған ақпараттық қоғамдарда білім мен ақпарат күші қоғамдық басқару саласында ақша мен мемлекеттік күштеу қорларын ығыстырып шығарды.


  1. БАҚ қызметтері

БАҚ ең басты қызметі ақпарат алу мен тарату. Бұл қызмет көңіл көтеру, қызықтыру ақпараттарынан бастап азаматтар мен билік орындары үшін аса маңызды оқиғалардан хабар беру аралықтарын қамтиды. Азаматтар алынған ақпарат негізінде билік органдарына өз талаптарын қоя алады. Алынған ақпарат негізінде азаматтар санасында Үкімет, Парламент, партия және т.б. саяси институттар, қоғамның экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмірі туралы пікірлер қалыптасады. Осы негізде қоғамдық пікір қалыптасады. Сол себепті қоғамдық пікір туғызуда БАҚ ролі өте зор.

БАҚ сонымен қатар білім беру және әлеуметтендіру қызметтерін де атқарады. Білім беру қызметі азамат ақпараттар тасқынында дұрыс бағыт, түсінік алуын қамтамасыз етеді. Әрине БАҚ жүйелі, әрі терең білім бере алмайды. Бұл арнайы білім беру институттарының міндеті. Соған қарамастан қазіргі заманда көптеген адамдар өз білім жүгін БАҚ арқылы тереңдетіп, толықтырады. БАҚ әлеуметтендіру қызметі адамның өмірлік тәжірибе жинақтауына көмектеседі. Демократиялық қоғамдағы БАҚ саяси-әлеуметтік міндеттерінің бірі адамдар санасына заң мен адам құқығын құрметтеу құндылықтарын енгізу, азаматтарды қоғамдық егестерді бейбіт әдістермен шешуге үйрету, мемлекеттің құрылыстың негізгі ұстанымдарын түсіндіру.

Қазіргі заманда БАҚ сын және бақылау қызметтерін де атқарады. Қоғамда бұл қызметтерді атқаратын басқа да әлеуметтік институттар бар, мыс., оппозициялық партиялар. Бірақ БАҚ сыны өз объектісін бүкіл қоғам көлемінде көрсете алады. Себебі арнайы мәжілістерге тек аз ғана адамдар қатысса, БАҚ адамдардың барлығы дерлік көреді және оқиды. Сонымен қатар БАҚ сынының объектісі Президенттен бастап барлық мемлекеттік билік органдары, барлық лауазымды және жеке тұлғалар, ұйымдар, тіпті БАҚ өздері де болады.

БАҚ бақылау қызметі қоғамдық пікір беделіне сүйенеді. БАҚ өз бақылауында әкімшілік не экономикалық мәжбүрлеу шараларын қолдана алмаса да оның бақылауы өте эффективті. Себебі ол болған істің тек заңды бағасын ғана емес, моралдық бағасын да береді.

Демократиялық қоғамда БАҚ өз бақылауында нақты заң актілеріне сүйенеді. Әдетте БАҚ қозғаған іс аяқсыз қалмай, арнайы тергеу комиссиялары құрылып қылмыстық істер қозғалады.

БАҚ қоғамды біріктіру қызметін де атқарады. Әртүрлі саяси-қоғамдық күштер БАҚ арқылы өз жақтастарын табады. БАҚ оларға өз мақсаттары мен мүдделерін нақты, айқын жеткізуге көмектеседі. Қазіргі әлемде БАҚ шығу мүмкіндігінің болуы барлық саяси-қоғамдық күштер үшін ең басты өмірлік мақсат. БАҚ шыға алмаған саяси-қоғамдық күштер ешкімге білінбей тез жойылып кетеді.

БАҚ қоғамда адамдарды әртүрлі қоғамдық-саяси іс-әрекеттерге тарту қызметін де атқарады. БАҚ азаматтар бойында белгілі бір саяси мінез-құлық түрін қалыптастыра алады. БАҚ белгілі бір өткір қоғамдық мәселені жан-жақты көтеру арқылы саяси-экономикалық өзгерістерге бастама жасай алады.

БАҚ өз қызметтерін толыққанды негізде тек демократиялық қоғамдарда ғана іске асыра алады.

Қазіргі демократиялық даму адамға сапалы, пайдалы ойлау қабілетіне ие жауапкершілігін толық сезінетін даралық ретінде қарастыруға негізделген. Адамдар бойында білікті саяси көзқарас қалыптастыруда БАҚ ролі өте зор. Себебі БАҚ қоғамда сөз бостандығын қамтамасыз етеді. Ал сөз бостандығы болмаса адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының толыққанды қорғалуы мүмкін емес.

Қоғамдық-саяси оқиғаларға объективті баға беруге қабілетті, демократиялық ұстанымдарға сүйене отырып ұйымдастырылған БАҚ болуы қоғам дамуы мен тұрақтылығының кепілі болып табылады.


БАҚ қоғамға әсері

  1. БАҚ рационалды және сезімдік әсері

БАҚ қоғамда өз мақсаттары мен мүддесі бар жеке құрылым. Өз мақсатына жету жолында БАҚ әртүрлі әдістерді қолданады. Өз үстемдігін БАҚ адам санасы мен сезіміне әсер ету арқылы іске асырады.

Демократиялық елдерде бұқаралық коммуникацияның рационалдық моделі басым болып келеді. БАҚ логика заңдары шеңберіне сиымды фактілер келтіру арқылы адамдарды сендіруге тырысады, яғни осы оқиғаның, шешімнің, әрекеттің ең алдымен қоғамға, адамдарға тиімді, пайдалы екендігін нақты дәлелдеп шығады. Бұл модел демократиялық елдерде қалыптасқан азаматтар ділі (менталитет) мен мәдениетіне сәйкес келеді. БАҚ жүйесі тыңдармандар назары мен сенімі үшін бақталастық жарысқа негізделген. Демократиялық елдерде адамдарға сезімдік әсер ету әдістері кең таралмаған, тек жекелеген оппозициялық немесе шағын саяси күштерге тәуелді БАҚ ғана сайлау компаниялары кезінде өз идеялары мен құндылықтарын адамдар саласына жеткізу үшін сезімдік әсер ету технологияларын қолданады. Бірақ әдетте өз пайдасын сезіну рухында тәрбиеленген адамдар арасында қолдауға ие бола алмайды, сонымен қатар кейбір жағдайларда сот билігі арқылы шектеледі. Керісінше тоталитарлық, авторитарлық, этнократиялық елдерде адамдар санасына сезімдік деңгейде әсер ету технологиялары кеңінен қолданылады. Әдемі сөз бен көркем бейне адамдарға үлкен әсер етеді. Әсіресе егер бұл адамдар бойында еркін қоғамда өмір сүру тәжірибесі қалыптаспаған болса сезімдік әсер өте күшті рухани толқынысқа түсіреді. БАҚ адам санасын улап, қорқыныш пен соқыр сенімге негізделген бағыныштылық моделін тудырады. Сол сияқты билік өз қылмыстары мен қателіктерін жабу үшін саяси қарсыластарына, басқа ұлт өкілдеріне, тіпті барлық сенімсіздерге қарсы күшті жек көрушілік қоздырады.




  1. БАҚ ақпараттың үрдіске әсері

БАҚ ең негізгі міндеті қоғамды хабардар етіп отыру үрдісі. Бұл үрдіс келесі кезеңдерден тұрады: ақпарат алу, таңдау, ықшамдау, түсінік беру және оны тарату. Қоғам қандай ақпаратты, қандай түсініктермен алады, осыған байланысты қоғамдағы келесі оқиғалар тізбегі құрылады. Неміс социологі Клаус Боумның пікірінше «Маңызды ақпарат иелену дегеніміз билік иелену, ал маңызды ақпаратты өз мүддесіне сай тарату, немесе оны жасырып қалу мүмкіндігін иелену екі есе билік иелену».

БАҚ осындай билікке ие. Қазіргі әлемде ақпараттар тасқынының молдығы сонша, оны өз бетінше игеруге жалғыз адам түгілі, бір топ маман да қабілетсіз. Сол себепті аса маңызды ақпараттарды таңдап алу бүкіл БАҚ жүйесінің басты міндеті. Азаматтар мен саяси қайраткерлерлің хабардар болуы БАҚ біліктілігі мен объективтілігіне, шын фактілерді көрсете білуіне байланысты.




  1. БАҚ хабар таңдау ережесі

БАҚ саяси әсері, оның үкімет пен қоғам назарын аударатын пікірталас тақырыптарын таба білуінде. Қазіргі әлемде БАҚ үшін ең қажеттісі көпшілік назары, бұған ие болмаған БАҚ бақталастыққа шыдамай жойылып кетеді. Сол себепті хабар тақырыптарын таңдар кезде кез-келген БАҚ төмендегі жалпы ұстанымдарды басшылыққа алады:

1) Азаматтар үшін тақырыптың маңыздылығы мен құндылығы. Осыған сәйкесті БАҚ хабарларының көбі азаматтар қауіпсіздігі, терроризм, экологиялық қауіп және т.б. туралы болып келеді.

2) Фактілер ерекшелігі. Осыған сәйкесті қатігез қылмыс, жарылыс сияқты оқиғалар күнделікті оқиғалардан анағұрлым көп хабарланады.

3) Фактілер жаңалығы. Тұрғындар назарын әлі белгісіз оқиғалар аударады. Бұл жаңа саяси партия, экономика дамуының соңғы көрсеткіштері және т.б. болуы мүмкін.

4) Саяси жетістік. Осыған сәйкес мақалалар мен хабарларда мемлекеттер, партиялар мен саяси лидерлердің жетістіктері баса көрсетіледі. Саясатта, өнерде, спортта жеке адамдар құбылысын баса көрсету нарықтық қатынастардағы БАҚ қажеттілігінің бірі. 5) Жоғары қоғамдық мәртебе. Бұған сәйкес ақпарат көзінің қоғамдық мәртебесі жоғары болған сайын, алынған ақпарат дәл, әрі сенімді болып саналады. Сол себепті әдетте БАҚ саяси, экономика, ғылым және т.б. салаларда жоғары мәртебеге ие адамдардан сұхбат алуға тырысады.


  1. Ақпарат тарату әдістері

БАҚ ақпарат таратуының екі негізгі әдістері бар: рет-ретімен тарату және үзік тарату. Рет-ретімен тарату әдісі негізінен баспасөзде пайдаланылады. Мыс., саясат не экономика туралы мақалалар газеттің бірнеше саны бойына рет-ретімен жарияланады. Үзік (фрагменттік) тарату әдісін көбіне телеарналар пайдаланады. Ақпаратты бөліктеп, жедел тарату көптеген азаматтар бойында осы оқиға туралы бір жақты пікір қалыптастырады. Бұл тележурналистерге адамдар санасын бақылауға мүмкіндік береді. Себебі толық емес ақпарат алған адамдар әдетте тележурналист сөзіне сенеді.

Қазіргі әлемде адамдарға теледидар әсері өте зор. Мыс., ГФР-да азаматтар теледидар көруге басқа БАҚ 5,3 есе артық уақыт кетіреді. Оның себебі әдетте адамдар естігені мен оқығанынан гөрі көргеніне көбірек сенеді. Саяси-экономикалық өмірде мұның зиянды жақтары да бар. Себебі теледидар саяси-экономикалық оқиғалардың сыртқы бейнесін ғана бере алады. Мыс., келісімге келу сәті ғана көрсетіледі, ал осыған дейін әртүрлі деңгейде жүрген жеке кездесулер теледидар назарынан тыс қалады.

БАҚ адамдар санасы мен мінез-құлқына белсенді әсер етуі, оған «төртінші билік» атағын әперді. Қазір саяси теорияда «медиократия» термині бар. Бұл – оқиғаларды өз қалауы бойынша түсіндіріп, адамдарды соған сендіретін БАҚ билігі. Күн сайын өсіп келе жатқан БАҚ билігін бағалауда екі жақты көзқарас бар. О.Тоффлердің ойынша бұл адамзаттық жоғары адамгершілік өркениетке өтуі, антибюрократиялық, ой-шығармашылық мемлекет құрылуының алғышарты. Ал итальян кино қайраткер Ф.Феллини ойынша теледидар адамдардың шын түсінігін, олардың өмірді адамдық тұрғыдан бағалауын жұтып қойды, адамды еріксіз қуыршаққа айналдырды.

Өмір тәжірибесі дәлелдегендей БАҚ әртүрлі мақсаттарға қызмет атқара алады. Адамдар бойында әлеуметті әділеттілік, бостандықты құрметтеу ұстанымдарын да қалыптастыра алады және сол сияқты басқаларды жек көру сезімдерін оятып, сенімсіздік пен қорқыныш та себе алады.



БАҚ және саяси манипуляция

1. Манипуляция әдістері

Демократиялық мемлекеттік құрылым мен азаматтар үшін ең қауіпті құбылыс БАҚ саяси манипуляция мақсатында пайдалану. Саяси манипуляция – бұл адамдар саяси санасы мен мінез-құлқын жасырын басқару. Осы арқылы адамдарды өз қалауы мен еркінен тыс әрекет жасауға мәжбүр етеді. Манипуляция өтірік пен алдауға негізделеді.

Манипуляцияның экономикалық және күш қолдану әдістеріне қарағанда үлкен артықшылықтары бар. Манипуляция үлкен экономикалық шығындар мен қан төгіс қақтығыстар тудырмайды.

Қазіргі әлемде саяси манипуляция теориясы мен тәжірибесі терең ғылыми талдауға ие болған. Манипуляция технологиясы бұқаралық сана сезімге әлеуметтік-саяси аңыздарды біртіндеп, жүйелі түрде енгізуге негізделген.

Американдық профессор Герберт Шиллердің пікірінше АҚШ-та басқарушы элита үстемдігін қамтамасыз етіп отырған бес әлеуметтік аңыз бар: 1) азаматтардың жеке бостандығы мен ерікті таңдауы туралы; 2) аса маңызды саяси институттар конгресс, президент, сот және БАҚ бір-бірінен жеке әрекет істеу қабілеті туралы; 3) адамның тек өз тұтынысын қанағаттандыруға бағытталған жеке-эгоистік табиғаты туралы; 4) қоғамда әлеуметтік қақтығыстар мен қанаудың жоқтығы туралы; 5) БАҚ тәуелсіздігі туралы.

Саяси манипуляция нақты өмірде өте бай тәжірибелік әдістерді пайдаланады. Мыс., фактілердің орнын алмастыру, ақпарат жасырып қалу, өтірік ақпарат тарату. Манипуляция әдістері ішінде ең көп таралғаны: 1) жартылай шындықты айту – белгілі бір оқиғаның сыртқы бейнесі толық, жан-жақты көрсетіліп, оның ішкі мазмұны мен болу себептері, кейінгі қорытындысы жасырылынып қалады; 2) жарлықтар жапсыру – адамдар мен идеяларды жоққа шығару үшін оларға еш дәлелсіз «фашист», «қызыл террорист» сияқты адамдарды қорқытып, үркітетін түсініктерді теңейді.

Саяси манипуляция әртүрлі сөздерді өз мақсатына сай қолдану арқылы жүргізіледі. Мыс., тәуелсіз ұлттық мемлекет құру үшін қарулы күрес жолына түскен адамдарды «бостандық үшін күрескер», «сепаратистер», «террористер» деп әртүрлі атауға болады.

Теледидар белгілі бір саяси қайраткердің беделін түсіру үшін, ол тап болған қолайсыз жағдайды жиі-жиі қайталап, оған толық түсінік берумен көрсетеді.

Сонымен қатар қоғамдық пікір фактілерін жалған көрсету әдісі де қолданылады, мыс., белгілі бір саяси қайраткер рейтингісі қоғамдық пікір сұрау барысында өте жоғары бағаланады, ал шын мәнінде бұл сұрау мүлде жүргізілмей, немесе тек сол қайраткерді қолдайтын адамдар арасында ғана жүргізіліп оның қортындысы жалпы қоғам пікірі ретінде беріледі.

Эмпириялық зерттеулер көрсеткендей жалпы халық саяси қайраткер туралы оның имиджі арқылы бағалайды. Имидж – БАҚ жасаған жасанды бейне. Қазір БАҚ нарығында имидж-мейкинг қызметі үлкен қарқынмен дамып келеді. Үлкен ақшаға жалданған кәсіби имиджмейкерлер қайраткердің киім киісін, мінез-құлқын, сөйлейтін сөзін, бәрін даярлап береді. Өте білікті имиджмейкер мамандар сайлау кампаниясын алдын-ала жоспарда бекітілген қорытындыларға жеткізе алады.

Адамдар саяси манипуляцияға өз жеке түсініктері, білімін көтеру арқылы қарсы тұра алады. Сол сияқты отбасы, достары, таныстары арасында үзбей пікір алысу да саяси манипуляция әсерін шектейді.
2. БАҚ құрылымы

БАҚ жағымсыз қорытындыларын шектеуде оның қоғамдық құрылымы үлкен рөл атқарады. БАҚ демократиялық ұйымдастырылуының басты шарты қоғамда тәуелсіз билік бөлінісі болуы және бұлардың БАҚ-на бірдей әсер ете алу мүмкіндіктерінің болуы.

Қазіргі заманда БАҚ ұйымдастырылуының үш негізгі нысаны бар.

1. Жеке-коммерциялық ұйымдастырылу. БАҚ жеке адамдар мен компаниялар иелігінде болады. Жарнама мен жеке демеушілік көмектер арқасында өмір сүреді. Олар демеушілер көмегі мен жарнамалық кіріс үшін бір-бірімен қатал бақталастыққа түседі. БАҚ коммерциялық ұйымдастырылуының үлкен кемшілігі демеушілер мен жарнама беруші ірі компанияларға тәуелділігі. Өз қаражаты өзіне жеткілікті медиа концерндер өте аз. БАҚ ұйымдастырылуының бұл түрі негізінен АҚШ-та.

2. БАҚ мемлекеттік құрылымдалуы. БАҚ мемлекет құрып, қаржыландырады. Ол ірі қаржы иелерінен тәуелсіз, Парламент пен Үкімет бақылауында болады. БАҚ мемлекеттің құрылымдалуының кемшілігі бақталастық мүмкіндіктерінің төмендігі, билікке тәуелділігі және мемлекет бюджетіне жүк болуы. БАҚ ұйымдастырылуының бұл түрі Францияда кең тараған.

3. БАҚ қоғамдық-құқықтық ұйымдастырылуы. Азаматтар төлейтін арнайы салық есебінен қаржыландырылады. Өзін-өзі басқару құқығына ие және қоғамдық кеңестер бақылауында болады. Қоғамдық кеңеске негізгі қоғамдық топтар мен ұйымдар өкілдері кіреді. БАҚ ұйымдастырылуының бұл түрі негізінен ГФР-да таралған.

БАҚ өз қызметтерін эффективті атқаруы үшін олардың арасында таза бақталастық болуы тиіс. Таза бақталастықты елде көптеген ақпараттық агенттіктер, газеттер, теле-радио станцияларының болуы қамтамасыз етеді.


16. Саясат әлеуметтануы

  1. Саясат түсінігі

Саясат дегеніміз мемлекеттің, саяси қайраткердің, саяси партияның және т.б. саяси күштердің мақсатты түрдегі, рационалды іс-әрекеттері. Саяси ғылымда саясат түсінігін айқындаудың негізгі үш тобы бар.

1. Социологиялық айқындамалар тобы. Экономикалық-саясатты экономикалық тұтыныстар, мақсаттар мен мүдделердің іске асуына бағытталған іс-әрекеттер. Социологиялық-саясатты қоғамдық топтар арасындағы өз мақсаттарын іске асыру үшін бақталастық. Құқықтық-саясатты мемлекеттің заңды қорғау, азаматтардың жаратылыстық құқықтарына кепілдік беруге бағытталған іс-әрекеттері деп түсіндіреді. Этникалық-саясатты жалпыға бірдей жеткілікті өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттер дейді.

2. Түпкі өзектілік (субстанция) айқындамалар тобы. Саясат дегеніміз – билікті басып алуға, ұстап тұруға және өз мақсатына жету үшін пайдалануға бағытталған іс-әрекеттер, яғни билік үшін күрес. Институционалистер-саясатты мемлекет, саяси партиялар іс-әрекеттері мен өзара күресі деп анықтайды. Антропологиялық айқындама-саясатты адамдар арасындағы өркениетті қарым-қатынас формасын ұйымдастыруға бағытталған іс-әрекеттер деп түсіндіреді. Егес-ымыраластық теориясы (М.Дювержье) саясатты бір-бірімен қатал күрес нәтижесінде ымыраластыққа келуге мәжбүр болған екі күресуші топтың бірлесіп өмір сүруге бағытталған шаралары дейді.

3. Ғылыми-құрылымдық айқындамалар тобы. Саясат бүкіл қоғам жетістігі үшін қажетті шешімдер даярлау, қабылдау және тәжірибелік іске асыру. Телеологиялық айқындама саясатты саналы түрдегі, мақсатты ұжымдық іс-әрекеттер дейді. Жүйелілік айқындама-саясатты қоғамның басқа салалары үстінен үстемдік құратын, басқа салаларда өзара байланыстыратын өте күрделі әлеуметтік жүйе деп түсіндіреді.

Саясат нысаны (формасы) – бұл адамдар мінез-құлқын реттеп, қоғам дамуына тұрақтылық беретін саяси институттар. Мыс., мемлекет, саяси партиялар.

Саясат мазмұны – нақты саяси бағытқа тән мақсаттар мен құндылықтарды айқындайтын шешімдерде көрініс табады.


Саяси билік түсінігі

Билік өмірде ең кең таралған түсініктердің бірі. Саяси билік болса қоғамдағы басқа билік түрлерінің ең жоғарғысы. Саяси билік түсінігін анықтауда әртүрлі көзқарастар бар: 1) телеологиялық айқындама билікті алға қойған мақсаттарға жету қабілеті дейді; 2) бихевиористік айқындама бойынша билік ерекше мінез-құлық түрі, яғни біреулер бұйрық беріп ал қалғандары бағынатын қарым-қатынастар нысаны; 3) психологиялық айқындама бойынша билік адамның психологиялық ұмтылысын қанағаттандыру құралы; 4) реляционистік айқындама бойынша билік субъектісінің әртүрлі әдістер мен құралдар көмегімен объектіні толық бақылауда ұстауы.

Негізінен саяси теорияда мынадай жалпы айқындама бар: саяси билік – бұл дәстүрдің, күштің, беделдің, экономикалық механизмдердің көмегімен жекелеген адамдар мен әлеуметтік топтардың іс-әрекеттеріне әсер ету қабілеті.
Саяси билік субъектісі

Саяси билік саясаттың белсенді бастамасы, яғни саяси шешімдер қабылдаушы жақ. Субъекті ретінде жеке адам, ұйым, адамдар тобы, халық және БҰҰ атынан халықаралық қауымдастық та көріне алады. Биліктік қарым-қатынас пайда болуы үшін субъекті белгілі бір қасиеттерді иеленуі тиіс: 1) билік етуге деген еркінің, талпынысының болуы; 2) өз ісінде білікті болуы тиіс; 3) атқарылып жатқан нақты іс мәнінен толық хабардар болуы тиіс; 4) өзіне бағыныштылардың көңіл-күйі мен жағдайынан толық хабардар болуы тиіс; 5) саяси билік қорларын толық пайдалана білуі тиіс; 6) беделді болуы тиіс.


Саяси билік объектісі

Саяси биліктің бір ғана объектісі бар. Ол бағыныштылық. Биліктік қатынастар екі жақты мінезге ие. Егер бағыныштылық билікке тәуелді болса, белгілі бір дәрежеде билікте бағыныштылыққа тәуелді. Мұндай қағиданы түсіну өзінің саяси-тәжірибелік көрінісін азаматтық бағынбаушылық акцияларында тапты.

Бағыныштылық әртүрлі факторларға тәуелді: бағыныштының өз табиғатына; оған қойылған талаптар мінезіне; әсер ету құралдарына; нақты қалыптасқан саяси жағдайға; тұрғындардың саяси мәдениетіне.

Шын өмірдегі бағыну өте күрделі мінезге ие. Ол мынадай негіздерге сүйенеді: 1) билік алдындағы қорқыныш; 2) ұзақ жылдар бойы қалыптасқан бағыныштылық әдеті; 3) шешімдерді іске асыруға деген жеке қызығушылық; 4) билік иелеріне деген сенім; 5) билік иелерінің беделі; 6) билік пен бағыныштылық сәйкестігі.

Қорқынышқа негізделген билік өмірі әдетте ұзақ емес. Сол сияқты әдетте негізделген билікте ұзақ өмір сүрмейді. Жеке мүддеге негізделген билік анағұрлым тұрақты болып табылады. Сенімге негізделген биліктің күші идеология не белгілі бір діни қағидаларға сүйенеді.

Көптеген зерттеушілер пікірінше тұрақты бағыныштылық билік иелерінің беделіне негізделеді. Өз кезегінде бедел мынадай түсініктерге сүйенеді: ғылыми; іскерлік (біліктілігі, тәжірибесі); моралдық (адамгершілік қасиеттері); діни (әулиелігі); мәртебелік (қызметіне құрмет). Бағыныштылар мен билік иелері сәйкестігінің екі себебі бар: а) азаматтар бір мезгілде билік субъектісі де (басшыларды сайлап, оларды бақылайды) әрі билік объектісі де (с. басшылық шешімдерін орындайды) болып табылады. Мұндай жағдай демократиялық саяси жүйелерде қалыптасқан; б) бағыныштылар мен билік иелері мүдделерінің бір жерден шығуы. Мыс., ұлттық мүддені қорғау идеясы.



Саяси билік қорлары

Бір адамдардың екіншіге бағыныштылығының ең негізгі әлеуметтік себебі саяси билік қорларының әртүрлі бөлінісі. Саяси билік қоры дегеніміз жеке адамның немесе топтың басқаларға әсер ету үшін қолданатын барлық мүмкіндіктер жиынтығы. Саяси теорияда билік қорларын ең маңызды өмірлік салаларға сәйкестендіріп бөлу қолданылады: 1) экономикалық қорлар. Бұлар қоғамдық өнеркәсіп пен тұтыныс үшін қажетті материалдық құндылықтар, барлық материалдық құндылықтардың жалпы эквиваленті – ақша, құнарлы жерлер, пайдалы қазбалар, тағам өнімдері, және т.б.; 2) әлеуметтік қорлар – бұлар әлеуметтік артықшылықтар беру мүмкіндіктері, қызмет орны, бедел, білім, медициналық қызмет, әлеуметтік қамсыздандыру және т.б.; 3) мәдени-ақпараттық қорлар – бұлар ақпарат, оны алу мен тарату құралдары (БАҚ); ғылыми-зерттеу институттары және т.б.; 4) күш қолдану қорлары – бұлар күш қолдану органдары мен құралдары. Мемлекетте бұған әскер, полиция, қауіпсіздік қызметтері, сот, прокуратура және олардың ғимараттары мен түрмелер сияқты заттық атрибуттары болып табылады. Әдетте бұл қор ең белсенді билік қоры болып саналады. Себебі оны қолдану адамды оның өмірі, бостандығы мен меншігі сияқты ең жоғарғы құндылықтарынан айырады.


Саяси элита түсінігі

Элита - қоғамның ең таңдаулы бөлігі, тәуелсіз, құбылмалы артықшылықтары бар топ. Өте көрнекі психологиялық, әлеуметтік және саяси қасиеттердің иегерлері. Мемлекеттік билікке әсер етіп, ол қабылдаған шешімдерді іске асыруға тікелей қатысушылар. Элита негізінен мына қасиеттерге ие: ұйымдастырушылық қабілеті, материалдық жақсы жағдайы, моралдық және интеллектуалдық артықшылықтары. Элита адамзат өркениеті дамуының бүгінгі кезеңінің нақты шындығы. Оның өмір сүруіне мынадай негізгі факторлар әсер етеді: 1) адамдардың психологиялық және әлеуметтік теңсіздігі, олардың қоғамдық істерге қатысу мүмкіндігі мен тілеуінің әр түрлілігі; 2) қоғамдағы еңбек бөлінісінің заңдылығы басқару еңбегімен кәсіби негізде айналысуды талап етеді; 3) басқару еңбегінің жоғары қоғамдық маңыздылығы; 4) әр түрлі әлеуметтік артықшылықтар алу үшін басқару қызметін кеңінен пайдалану; 5) басшыларды толық түрде қоғамдық бақылаудың ешқандай да мүмкін еместігі; 6) бұқараның саяси пассивтілігі, әдетте олардың күнделікті мүддесі қоғамдық-саяси істерден тысқара жатады.

Саяси элита өз ішінде үш топқа бөлінеді: 1) жоғарғы-мемлекеттік маңызды шешімдерді қабылдаушылар; 2) орта-қоғамдық мүддені білдірушілер, яғни саяси партиялар мен қоғамдық-саяси қозғалыстар жетекшілері; 3) әкімшілік-нақты мемлекеттік басқару қызметін іске асырушылар, яғни жоғарғы шенеуіктер. Жоғарғы саяси элита өз кезегінде екіге бөлінеді, саяси билікті тұтас иеленген элита және мемлекеттік билікке қысым көрсетуші контрэлита. Контрэлита өте ықпалды, бай қаржы-өнеркәсіптік топтардан құрылады.

Қазіргі демократиялық елдерде элитаға бақылау жасау механизмі әртүрлі мемлекеттік және қоғамдық институттардан тұрады, бұлар: сайлау, өкілеттік билік, БАҚ, қоғамдық пікір туғызу, қысым жасау топтары, саяси партиялар және т.б. Элитаның әлеуметтік өкілеттілігі мен сапалық құрамына оны толықтыру жүйесі үлкен әсер етеді. Толықтыру жүйесі кімдер таңдап алынатындығын, таңдау тәртібі мен өлшемі қандай, таңдаушылар мақсаты қандай екендігін айқындайды. Қазіргі уақытта саяси элитаны толықтырып отырудың негізгі екі жүйесі қалыптасқан:



  1. Гилдий жүйесі үшін сипатты белгілер: а) жабық, жоғарғы қызметтерге талапкер адамдарды өз ішінен таңдау; б) элита мүшесі болу үшін формалды талаптар көп қойылады, мыс., жасы, білімі, лауазымы, партия мүшелігі және т.б.; в) селекторат (таңдаушылар) шағын, жабық топтан тұрады. Ол бірнеше адам болуы мүмкін.

  2. Антрепренерлік жүйенің сипатты белгілері: а) жоғары қызметке талапкер адамдардың ашық таңдалуы; б) аздаған талаптар болуы, мыс., тек жеткілікті білімді болу сияқты адамның жеке қасиетіне қарау; в) селекторат (таңдаушылар) қоғамдық пікірмен санасады; г) таңдаудың жоғары бәсекелестігі; д) жеке қасиеттер арқасында элита құрамына өту мүмкіндіктерінің болуы.


Саяси режим түсінігі

Саяси режим – басқарушы топ өз үстемдігін іске асыру жолында қолданылатын тәсілдер мен әдістер жүйесі. Ол саяси жүйе қызмет атқаруының нақты көрінісі мен қоғам өміріндегі барлық саяси аймақтардың нақты сипатын береді. Саяси режим нақты қоғамды, нақты уақытта болатын саяси жағдай. Қоғамда қандай саяси режим екендігін мына белгілерге қарап айыруға болады: 1) саяси басқару жүйесіндегі мемлекет басшысының ролі; 2) өкілеттік мекемелерді сайлаудың тәртібі мен тәсілі; 3) заң шығарушы және атқарушы билік араларындағы өзара қарым-қатынас; 4) тәртіп сақтау органдарының қоғамда алатын орны; 5) басқарушы топтың мемлекеттік емес органдарының қоғам өміріндегі ролі; 6) саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың жағдайы.

Саяси режим түрлерін айқындауда әр түрлі тұжырымдар бар. Соңғы кездегі көзқарастарға сәйкес Демократиялық және Демократиялық емес деген түрлерге бөлінеді. Демократиялық режимдер Парламенттік (Швеция), Президенттік (АҚШ), Аралас (Австрия) деген түрлерге бөлінсе, Демократиялық емес режимдер Автократиялық (Иран), Авторитарлық (Сауд Аравиясы), Тоталитарлық (Солтүстік Корея, Куба).

Саяси теорияда қабылданған классикалық айқындама саяси режимдерді үш түрге бөлуге негізделген: тоталитарлық, авторитарлық және демократиялық.
Саяси сана түсінігі

Саяси сана-саясаттың субъективті жағын қамтитын жалпылама категория. Өзінің мазмұны жағынан ол сезімдік және теоретикалық, құндылықтық және нормалық, рационалдық және түпсаналық болып бөлінеді. Саяси сана азаматтық билік институттарымен қатынасындағы, қоғамдық және мемлекеттік істерге қатысуындағы қойылымдары. Ол жеке адамда саясат түсінігіне байланысты қалыптасқан рухани құндылықтар жиынтығы. Бұлар жеке адамның саяси аймақта өмір сүру мүмкіндігін, онда арнаулы қызметтер істей алуын, басқару органдарымен қатынасын, бостандығы мен құқығын іске асырудағы жауапкершілігін айқындайды. Сондықтан қоғамда қалыптасқан діл (менталитет) мен субъектілердің саяси санасына қоғамдағы саяси үрдістердің мазмұны мен мінезі, басқару режимінің мақсаттары мен құралдары тікелей байланысты.

Адамның әлеуметтік қойылымдарының саяси саналылық деңгейі, ол өзінің топтық қатынасын сезінгенде, яғни өзін белгілі бір саяси позицияға (мыс., либерал, консерватор) жатқызғанда; ол өз топтық мүддесін басқа топтардың тұтыныстарымен сәйкестіргенде немесе қарсы қойғанда, сол сияқты өз мүддесінің орындалуы үшін мемлекетпен, партиялармен, элитамен қатынасқа түсу қажеттігін түсінгенде пайда болады.

Саяси сана адамның өзінің нағыз мүддесін сезініп, оны іске асыру жолында дами отырып, оның нақты қызметінің түсініктік, бағалаушылық, белгілік көрсеткіштері болып табылады. Адамның саяси санасының қалыптасуы мен дамуына, саяси билік иеленушілер өз мүдделеріне қажетті бағыт, түсініктер беруге тырысып отырады. Бұл үшін саяси билік иеленушілер саяси мифология мен манипуляцияны пайдаланады. Саяси мифология – саяси шындық турасындағы эмоциональды-сезімдік боялған, мифологиялық сана-сезім деңгейіндегі түсінік, аңыз саясаттағы ішкі мазмұнды ойдан шығарылған мазмұнмен алмастырады. Қазіргі саяси аңыз да адамзаттың ежелгі арманынан туындайды. Ұлы көсем, данышпан саясат, ұлы өзгерістер күту және т.б. Әдетте ол жағдай өзгеруіне сай жоғалады, бірақ уақыт өте келе жаңа жағдай да адам арманына сай болмай қалған уақытта аңыз қайта туындайды. Адам сана-сезімінің қалыптастыруда аңыздың ролі ерекше зор. Сондықтан әлсіз, қиянатшыл, арсыз, тек күшке сүйенген саясат әдетте саяси аңызды құрал ретінде пайдаланады. Сөйтіп қоғам санасын ойдан шығарылған бейнелермен тұмшалап, бұқараны саясаттан алыс ұстайды.

Манипуляция - қоғамдық пікір мен бұқаралық мінез-құлыққа билікке қажетті бағыт беру мақсатында әдейі әсер ету.

Қазіргі заманда мұндай әсер, негізінен, теледидар арқылы іске асырылады. Оның құралдары: саяси индоктринация, әлеуметтік-психологиялық әсер ету, тіл мен мінез-құлық нысандарының жұмылдырушы құрылымдарын пайдалану, бұқаралық ақпарат құралдарын комплексті және белсенді іске қосу.

Манипуляция – жеке адамдар немесе топтар психологиясымен ойнау. Манипуляцияны анық түсіну үшін мынадай қарапайым мысал келтіруге болады. Егер бір ауру түрін ойлай берсе, адам сол ауруға ұшырауы мүмкін. Осы заңдылықты білетін, бай адамның жеке дәрігері оның психологиясымен әрқашан манипуляция жасап отырады, сөйтіп қаражатқа деген өз жеке мүддесін артығымен қанағаттандырады. Саяси манипуляция да тап осындай жолмен іске асырылады, тек оның көлемі өте ауқымды (мыс., «жау бейнесі», «соғыс қаупі» және т.б.).

17. Парламентаризм әлеуметтануы
Англиядан бастау алған өкілеттік билік


  1. Өкілеттік билік бастауы

Ең алдымен Британия емес, Англия атауын қолданамыз. Себебі 1707 ж. Шотландия, Англия және Уэлспен «Ұлыбритания» мемлекетіне бірігуге келісім берді. Сол себепті Британия осы жылдан кейін болған оқиғаларға қатысты қолданылады. Сөйтіп қазіргі күйіндегі өкілеттік билік өз бастауын Англиядан алады.

Англияда өкілеттік билік дамуына үш құжат өте үлкен әсер етті. Бұлар: Еркіндіктің Ұлы Хартиясы (1215), Құқықтар туралы Петиция (1628) және Құқықтар туралы Ағылшын биллі (1689).

Бұл құжаттар үлкен қоғамдық сілкіністер кезеңінде дүниеге келді. Ағылшын тарихы қоғамдағы ең беделді күштер арасындағы билік үшін қанды күрестен бастау алды. Бұлар король билігі, ақсүйектер мен дін иелері еді. 13 ғ. бастап екі саяси күш король билігі мен Парламенттің қарсы тұруы кейінгі оқиғалар желісін айқындады. Парламент ең басында монарх жанында ақсүйектер құрған кеңесті орган болды. Уақыт өте келе ол мемлекеттің ең ықпалды топтарының өкілдерін біріктірген билік тармағына айналды.

Жүздеген жылдар бойы монарх пен Парламент билік үшін күрес жүргізді. Бұл қақтығыстар ең соңында король билігін шектейтін бірнеше аса маңызды мемлекеттік заңдар қабылдаумен аяқталды.

1215 жылы король Иоанмен соғыста жеңіске жеткен барондар, оны Еркіндіктің Ұлы Хартиясын қабылдауға мәжбүр етті.

Еркіндіктің Ұлы Хартиясы король билігін шектеген заң болды. Соған қарамастан осы заңда король билігінің орындарын бақылау мәселесі шешусіз қалды. Еркіндіктің Ұлы Хартиясы барондарға, егер король заңды бұзса, оған қарсы соғыс жариялау құқығын берді, бірақ бұл ел басқару ісіндегі ақылды кепілдік емес еді. Еркіндіктің Ұлы Хартиясы қабылданған кейінгі соңғы жүзжылдықта бұл мәселені шешудің жаңа бейбіт жолдары табылды.

Ортағасырлық Англияда король ел басқару ісінде Кеңес пікіріне сүйеніп отырды. Король жанындағы Кеңес Парламент деп аталды. Бұл атау француз тілінен келген parler – сөйлеу дегенді білдіреді. Басында оның мүшелері елдегі ықпалды ақсүйектер мен жоғары дінбасылар болды. Соңынан, біртіндеп Кеңес мүшелерінің саны қоғамдағы әртүрлі топтар өкілдері есебінен кеңи түсті және осыған байланысты ол көптеген топтар мүдделерін қамтитын мәселелерді шеше бастады.

XIV ғ. Парламент екі бөлікке бөлінді: 1) лордтар палатасы ықпалды, ірі ақсүйектер мен жоғары дін басылары мүддесін қорғаса; 2) қауымдар палатасы бай, елде ықпалы мол азаматтар мүддесін қорғады. Қауымдар палатасында шағын дәулетті ақсүйектер (олар корольдықтық әртүрлі графтықтарынан жиналды), қалалар өкілдері болып табылатын бай көпестер мен қолөнершілер мәжіліс құрып отырды.

Парламент мемлекеттің өкілеттік институтына айналды. Парламент арқылы король ең маңызды заңдарды өткізіп отырды және өз бағыныштыларына жаңа салықтар салып отырды. Мыс., Генрих VІІІ парламент беделінің арқасында католик шіркеуінен қол үзіп, англикан шіркеуінің негізін қалады. Парламент арқылы бағыныштылар корольға өз мұң-мұқтаждарын жеткізіп отырды.

Біртіндеп Парламенттің ағылшын мемлекетіндегі аса маңызды билік институтына айналғаны сонша, корольдың өзіне ызғар көрсете бастады. XVII ғ. Стюардтар династиясы мен Парламент арасындағы ақша, дін, сыртқы саясат мәселелеріне байланысты туындаған алауыздықтар елде қанды қақтығыстарға әкеліп соқтырды. Бұл қақтығыстар аса маңызды төмендегі мәселені шешуі тиіс болды: а) король билігінің парламент келісімі мен бекітілген заңға тәуелсіз әрекет жасау құқығы бар ма? әлде; б) король билігі Парламент билігінің басымдылығына мойын ұсынып, ел басқаруды тек Парламент арқылы ғана жүргізуі қажет пе?

Король Карл I өлім жазасына тартуға, Иаков II елден қуылуы мен азамат соғысына әкелген бұл қақтығыстарда ағылшын және американ конституциялық құрылыстарының болашақ тағдыры шешілді.

XVII ғ. конституциялық егес ағылшын саяси өміріне кейінгі конституциялық ұстанымдар мен өкілеттік билік дамуына үлкен әсер еткен бірнеше оқиғалар өрістеуіне әкелді. Осы оқиғалар қорытындысында 1628 ж. аса маңызды құжат Құқықтар туралы Петиция өмірге келді. Король Карл I парламент келісімінсіз, заңсыз шаралар қолдану жолымен азаматтардан қаржы жинау шараларын бастады. Мыс., ол өз бағыныштыларынан үйлеріне солдаттар орналастырып, оларды толық қамтамасыз етуді талап етті.

1628 ж. Парламент короьді Құқықтар туралы Петиция қабылдауға мәжбүр етті. Бұл құжат салықтарды Парламент келісімімен жинау, солдаттарды қазына есебінен қамтамасыз ету және т.б. бағыныштылар құқықтарын бекітті. Петиция ағылшын қоғамдық санасында ешқандай Үкімет бұза алмайтын негізгі құқықтар болуы қажеттігі сенімін бекітті.

Құқықтар туралы Петиция өмірге келуіне мұрындық болған Парламент жетекшілерінің бірі, заңгер сэр Эдуард Кох болды. Кох ағылшындар құқығының қорғаушысы есебінде тарихта қалды. Ол құқықтар туралы Петицияны ағылшындардың Қадым заманнан келе жатқан құқықтарының заңды бекітілуі деп атады.

1678 жылы Парламент «дене тиістілігі» актісін қабылдады. Бұл бойынша ағылшын монархтары өз азаматтарына «дене тиістілігі» заң құжатын беруге мәжбүр болды. Бұл құжат ағылшын билік орындарынан тұтқындалған азаматты сотқа әкеліп, ұсталу себептерін түсіндіруді талап етті. Егер себептер жеткіліксіз болса, азамат еркіндікке жіберілуі қажет. Өкілдер отырысы сотына құқық-ағылшын азаматтары иеленген ең алғашқы құқықтардың бірі. Қазіргі кезде осы сот институты еркін қоғамның ең басты тіректерінің біріне айналды.

Өкілдер отырысы соты жауапқа тартылған азаматтың тұрғылықты жерінде өтеді. Осы жер тұрғындары жауапқа тартылушының қорғаушысы мен король прокурорының сөздерінен кейін шешім шығарды. Олар азаматты жауапқа тарту туралы вердиктіні бірауыздан шығару керек. Сонымен қатар егер заңның өзі әділетсіз деп санаса өкілдер отырысы соты азаматты ақтап жібере алады.




  1. Құқықтар туралы ағылшын биллі

Король мен Парламент күресі 1688 ж. Ұлы революциямен аяқталды. Парламент толық билік өкілеттігін иеленді. Король Иаков II тақтан тайдырылып, елден кетуге мәжбүр болды. Оған себеп Иаков II католик дінін Англияның ресми діні қылып жариялауға бағытталған заңсыз іс-әрекеттері болды.

Төңкерістік тақ мұрагерлігі туралы Актіге сәйкес патшазада Вильгельм мен ханшайым Мария таққа отырды. Бұл үшін оларға құқықтар Декларациясын қабылдау талабы қойылды. Декларация Парламент шешімімен заңға айналып, Құқықтар туралы Билль аталды.

Құқықтар туралы Билль - өмірде нақты қолданыс тапқан заң құжаттарының ең алғашқыларының бірі болды. Оның ең басты мақсаты монарх билігін шектеп, ең шешуші билік көзін Парламент қолына беру және ағылшын шіркеуін қандай да болмасын діни өзгерістерден сақтау болды.

Ағылшын Биллінде кейін американ тәуелсіздік Декларациясы мен Конституциясында көрініс таптан құқық пен мемлекет құрылымы туралы көптеген идеялар болды. Мыс., азаматтардың өкілдер отырысы сотана құқығын, қатаң жазалауды шектеу, билікті сынау құқығын, өзін қорғау үшін қару ұстау құқығын бекітті. Сонымен қатар баспасөзді бақылау (цензура) актісінің күшін жойды. Парламент ішінде сөз еркіндігі құқығы берілді.

Ағылшын құқықтар туралы Биллі мен американ Биллінің екі негізгі айырмашылықтары бар:

1. Ағылшын Биллін Парламент қабылдады, Парламент оны өзгерте алады. Американ Биллін халық қабылдады, яғни ол тек конституцияға өзгерістер енгізу арқылы ғана өзгеріске ұшырай алады.

2. Ағылшын Биллінің мақсаты монарх билігін шектеп, Парламент билігін күшейту болды. Американ Биллі жеке адам құқығының бұзылуын қорғау мен азшылық құқығын қорғау мақсатын қойды.

Сонымен қатар Ағылшын Биллі адамзаттың кейінгі демократиялық дамуына үлкен әсер еткен бірнеше конституциялық ұстанымдарды бекітті. Бұл ұстанымдар:

1) Заң билігі. Ағылшын Билліне сәйкес заңды Үкімет әрекет қабілетті заңдар негізіне сүйеніп қызмет атқаруы тиіс.

2) Парламенттің жоғары билігі бекіту арқылы Билль елдегі жоғарғы билік туралы мәселені түпкілікті шешті. Монарх қолында бірқатар атқару билігі қызметтерін қалдыра отырып, Билль корольді елді Парламент арқылы басқаруға міндеттеді.

3) Халық келісімі мен қоғамдық шарт негізінде билік ету. Таққа отыру шартында құқықтар туралы Биллді мойындау бекітілді. Бұл дегеніміз басқарушылар мен бағыныштылар арасындағы өзара келісімге негізделген мемлекеттік басқару ұстанымын бекіту болып табылды.

XVIII ғ. көптеген еуропалықтар британ мемлекеттік құрылымын жоғары бағалады. Оларды британ бағыныштылары ие бостандық, Британ империясының күш-қуатының өсуі қатты таң қалдырды. Британ мемлекеттік құрылымын қызу қолдаушылардың бірі француз пәлсапашысы Монтескье болды.

Монтескье британ мемлекеттік құрылымына монархиялық басқару формасының ең үздігі король билігі мен лордтар палатасы және демократиялық басқару формасының ең үздігі қауымдар палатасы біріккен ең озық құрылым ретінде бағалады. Бұл классикалық республикалық басқарудың ең озық үлгісі. Монтескье пікірінше британ мемлекеттік құрылымында бір-бірінен тәуелсіз атқару, заң шығару, сот биліктері бар билік бөлінісі ұстанымы іске асырылған. Британ конституциясы монарх пен қос палаталы Парламент арасында күштер теңдігін сақтады. Судьялар король мен Парламент еркінен тыс әділетті шешімдер қабылдауға құқықты болды. Осы модел кейін бір-бірін тежеу мен күштер теңдігіне сүйенген билік бөлінісі ұстанымының барлық демократиялық мемлекеттерде қабылдануына негіз болды.
Американ парламентаризмі


  1. Өкіметтік билік идеялары

Орталық Британ Үкіметіне қарағанда колония Үкіметі билік тармақтарының қатал бөлінісіне мүдделі болды. Себебі жаңа қоғамда, тұрақтылық сақтайтын әлеуметтік жіктеліс жүйесі болған жоқ, яғни адамның тегі ешқандай роль ойнаған жоқ. Осының орнын қатал билік бөлінісі жабуы тиіс деп саналды.

Колонияда өкілеттік билік институттары қаптап өсті. Бұл үрдіс ең алғашқы колониялар негізі қаланысымен басталды. Ең алғашқы өкілеттік ассамблея 1619 жылы Вирджинияда шақырылды. Колонистер өкілеттік биліктен екі қажеттілікті көрді:

1. Өкілеттік билік адамдар құқығын бұзуды қажетсінбейтіндігіне сенім.

2. Өкілеттік билік өзін сайлаған адамдар құқығы мен бостандығын қорғайтындығына сенім.

Колонияда билік үш тармаққа бөлінді: 1) Атқару билігі, губернаторлар заңдар сақталуы үшін жауапты болды. 2) Заң шығару билігі – халық өкілдері тұрғындар үшін ең қажетті заңдар шығарумен шұғылданды. 3) Сот билігі - соттар мен магистраттарды губернатор тағайындағанмен, өз шешімінде олар заңға ғана сүйенді.

Билік үш тармаққа бөлінгенімен, олардың арасында бір-бірін тежеу мен бақылау жүйесі құрылды.

Губернатор билігін шектеу: 1) заңгерлер келісімінсіз салық, жинай алмау; 2) магистрат сотысыз түрмеге қамай алмау; 3) өзін материалдық қамтамасыз етуді өз еркімен шеше алмау.

Заң шығару билігін шектеу: 1) заң қабылдарда вето құқығы бар губернатор келісімін алу; 2) шығарылған заңдар Англия заңына қайшы келмейтіндігі туралы сот қорытындысын алу қажеттігі.

Сот билігін шектеу: 1) оларды губернатор тағайындады; 2) егер судья өз міндетін атқара алмаса, оны губернатор не заң шығарушылардың өкілеттігінен айыра алуы; 3) тақ бағыныштыларының өкілеттік отырыс сотына құқығы болуы.

Америка колониялары тәуелсіздікке ие болған соң, өз өкілеттік билік органын құру ісін қолдарына алды. Ұлттық заң шығару жиыны Конгресс екі палатадан тұру қажеттілігі алға тартылды. Өкілдер палатасына депутаттарды әрбір штат тұрғындары тікелей сайлайды. Сенат штаттар заң шығару жиындары ұсынған тізім бойынша өкілдер палатасы мүшелерінен құрылады. Сенат пен өкілдер палатасындағы штат өкілдері саны тұрғындар саны мен штаттың федералды қазынаға төлеп тұрған қаржы мөлшеріне қарай айқындалды. Бұл бөліктік өкілеттік жүйесіне сәйкес тұрғындары көп штаттар өкілдері көп орынға ие болды.

Вирджиния жобасы Ұлттық Үкіметтің заң шығару тармағын келесі өкілетті құзырмен қамтамасыз етті: 1) жекелеген штаттар қабылдауға қабілетсіз заңдар шығару, мыс., екі не одан да көп штаттар араларындағы сауда қатынастарын реттеу; 2) ұлттық мүддені бұзатын, ұлттық конституцияға қайшы келетін жекелеген штаттар заңдарының күшін жою; 3) басқа мемлекеттерге соғыс жариялау мен конгресс қабылдаған заңдардың орындалуын бақылау; 4) атқару және сот биліктерінде қызмет атқару үшін азаматтар таңдау.

Вирджиния жобасындағы штаттар өкілеттігі мәселесі үлкен дау-дамай тудырды. Көптеген штаттар өкілдері Ұлттық заң шығару жиынының екі палатасы да бөліктік өкілеттілік жүйесі бойынша сайлауын жақтады. Делегаттар пікірінше халық атынан билік құратын Ұлттық Үкімет барлық халыққа бірдей сайлау құқығын беруі қажет.

Тұрғындар саны аз штаттар өкілдері әрбір штатқа тең өкілеттілік берілуін талап етті. Олар Ұлттық заң шығару жиынында тұрғындар саны көп штаттар шешуші позицияларға ие болып кетеді деп қорықты.
АҚШ заң шығару билігінің Конституциялық өкілеттіктері

Вирджиния жобасы жаңа Конституция үшін негізгі құжат болып есептелетіндігіне келіскен соң аса маңызды екі мәселе алға шықты:

1) Жаңа Ұлттық Үкімет қанша билік өкілеттігіне ие болуы қажет және 2) оның жұмысы қалай ұйымдастырылуы қажет.

Конституция жақтастары ең жоғарғы билік құзіреті заң шығару тармағында болу қажеттігін түсінді. Сол себепті Конституцияның 1 бабы заң шығару тармағына арналған. Ең алғашқы тартыс Конгресс билігінің құзіреті және оның қызметінің ұйымдастырылуы төңірегінде болды.

Британия дәстүрі бойынша Пенсильваниядан басқа штаттардың барлығында қос палаталы заң жиыны болды. Қалыптасқан сенімге сәйкес қос палата бір-бірінің билігін шектеп, халық құқығының бұзылмауын сақтайды деп саналды.

Вирджиния жобасы қос палаталы Конгресс ұсынды. Бұл ұсыныстың қайшылыққа әкелген тұсы бөліктік өкілеттік жолымен сайлану туралы мәселе болды. Джеймс Мэдисон, Джеймс Вильсон, Руфус Кинг және т.б. тұрғындары көп штаттар өкілдері екі палатаның да саны оларды сайлаған халық санымен айқындалуы қажет деп санады. Олардың пікірінше жаңа Ұлттық Үкімет азаматтарды тікелей басқаратын болғандықтан тұрғындар саны көп штаттар өкілдерінің Конгресте көп дауыс алуы әділетті өкілеттікке әкеледі.

Тұрғындар саны аз штаттар делегаттары Ұлттық Конгресте көпшілік орынсыз қалудан қорықты. Олар Конгресте тең өкілеттілік болуын талап етті. Тең өкілеттілік Ұлттық Үкімет деңгейінде әрбір штат мүддесінің бірдей қорғалуын талап етті.

Екінші шілде күні Конституция құрылтайшылары Конгресте тең өкілеттік болуы мәселесіне орай дауыс берді. Қортындысында бес дауыс жақтап, бес дауыс қарсы болды. Қарсылас екі жақ ымыраластыққа барғысы келген жоқ. Делегаттар бойына конвент ешқандай шешімге келмей тарап кете ме деген қорқыныш кірді. Сол себепті құрамына әр штаттан бір делегаттан кірген арнайы комитет құрылды. Комитетке тығырықтан шығу шараларын табу ұсынылды. Вирджиния жобасының бірқатар жақтастары, соның ішінде Мэдисон мен Вильсон да бар мұндай өкілеттікке ие комитет құрылуына қарсы болды. Бірақ соған қарамастан комитет өз жұмысына кірісті.

Арнайы комитет қорытындысы Коннектикут ымыраластығы аталды. Комитет Коннектикут делегаттары Роджер Шерман мен Оливер Элворт ұсыныстарын қабылдады. Бұл ұсыныс негізгі үш мәселені қамтиды: 1. Өкілдер палатасы бүкілхалықтық дауыс беру негізінде бөліктік өкілеттілік ұстанымы бойынша сайлануы қажет. 2. Сенат әр штаттың тең өкілеттігі негізінде сайлануы тиіс. Штаттың заң шығару жиыны Сенатқа екі сенатордан жіберуі тиіс. 3. Өкілдер палатасында салық салу мен мемлекеттік бюджет турасындағы барлық заң құжаттарын қабылдау құқығы болды. Тікелей салықтар әрбір штат тұрғындары санына байланысты бөліну қажеттігі бекітілді. Сенат өкілдер палатасы шешімдерін қабылдап немесе кері қайтара алады, бірақ оған өзгерістер енгізе алмайды. Уақыт өте келе Сенатқа Өкілдер палатасы қабылдаған заң актілеріне өзгерістер енгізу және өз еркімен қаржылық заң актілерін қабылдау құқығы берілді.

Кез-келген ымыраластық келісімге сәйкес екі жаққа да өздерінің алғашқы позицияларынан шегінуге тура келді. Кіші штаттар Сенатта тең өкілеттілік алды. Үлкен штаттар Өкілдер палатасын бақылауға алды. Екі палата да салық салу мен мемлекеттік бюджетке қатысты үлкен өкілеттікке ие болды.

Конституция жақтастары биліктік өкілеттіктері заңды құжатта дәл бекітілген, құрамы шектеулі Үкімет құрды. Әрбір билік тармағының құзіреттері дәл бекітілуі тиіс. Конгресс құзіреті Конституцияның 8 бөлімінің 1 бабында белгіленген: 1) салық салу құқығы; 2) мемлекеттік қарыздарды төлеу, АҚШ әлеуметтік қамтамасыз етілуі мен федералды қорғанысты қаржыландыру; 3) ішкі және сыртқы сауданы реттеу; 4) соғыс жариялау; 5) әскер мен флот үшін қаржы жинау; 6) ақша шығару.

Конституция жақтастары жаңа мемлекет билік бөлінісі ұстанымы негізінде қызмет атқаруын бекітті. Саяси зерттеуші Ричард Нойштадт пікірінше «Бұл өзара билік құзіретін бөліскен тәуелсіз билік институттарын құрған алғашқы мемлекет».






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет