ҚҰрастырушыдан


ЕР ЕДІГЕ _______________________________________________ СӨЗ БАСЫ



бет2/3
Дата02.01.2022
өлшемі78,23 Kb.
#108012
1   2   3
Байланысты:
ЕР ЕДІГЕ ЖЫРЫ

ЕР ЕДІГЕ

_______________________________________________


СӨЗ БАСЫ
Едіге батырдың әіңгімесін Шоқан Уәлиханов бірінші рет 1841 жылы Аман Қарағай округіндегі «Көрлеуіт қыпшақ» табынан шыққан Жұмағұл дейтін ақынның аузынан естіпті. Осы Жұмағұлдың сөздерін тағы да заты қыпшақ Арыстанбай дейтін ақынның сөзімен салыстырып, әкесі Шыңғыс пен Шоқан екеуі 1842 жылы Едіге батырдың әңгімесін қағаз бетіне түсіріпті. Артынан бұл әңгімені Шоқан орыс тіліне де аударған. Шоқан өлгеннен кейін артындағы қағаздарын қарастырған Мелиоранский деген профессор 1905 жылы «Едіге бидің» әңгімесін қазақ тілінде бастырыпты. Бірақ Мелиоранскийдің бастырған «Едігесінің» аты қазақша болса да, заты ноғайшаға жуықтанқыраған түрі бар. Мұның үстіне әңгіме ішінде келетін түрлі толғаулардың да аяқ алысы тасырқаған малдың тұяғынша, сандыраққа айналыңқырағаны көрінеді. Бұған айыпты, әрине, Шоқан да, Мелиоранский де емес. Әңгімені бірінші рет аққа көшірген Ахмет дейтін ноғай мен өткен ғасырдағы қазақ жақсыларының бойындағы «кітапша жазу», «ноғайша сөйлеуді» сән көретін әдет қана болуынан керек.

Ел аузындағы ескі сөздер үш негізден маңызды деп білеміз:



  1. Олардың ішінде қазіргі буынға мүлдем жат көрініп, ұмытылып бара жатқан қазақтың ескі сөздері көп кездесіп отырады. Бұл — «тіл сақтау», «тіл байыту» жақтарынан үлкен бағалы нәрсе.

  2. Ескі сөздердің ішінде келетін толғаулар көбінесе шебер, кестелі түрмен жасалады. Бейнешілдік, кеңдік, суретшілдік жақтарынан алғанда қазақ ескі толғауларының кейбіреулері әлі күнге дейін жаңа ақындардың көбіне үлгі болуға жарамды. Бұл — әдебиет жағынан маңызды нәрсе. Және осы күндерде «Әдебиет қай жолмен баруына керек?» деп қойылып жүрген сұрауды ел аузындағы ескі сөздер қағаз бетіне түсіп, қазақ әдебиетінің тарихи—табиғи бағыттары әбден айқындалмай көмескі тұрған кезінде дұрыс шешілуі айрықша қажет деп айтуға болады.

Ескі сөздердің ішінде қазақ жұртының өткен кездегі тұрмысы, салт—санасы, әдетте көп суреттеліп отырады. Бұл тарих жағынан қымбат нәрселер. Бірақ, әзіргі кезде ел көпшілігінің жалпы сат-санасының өзгеруімен қатар, ескі сөздің көбі да елеусізденіп, көп арасында ұмыт болып бара жатқан сияқты. Сондықтан осы кездегі әр жерде жасалып жатқан «Аймақ тану» ұйымдарының қазақ ішінде істейтін нысаналы жұмыстарының ең алды елдің ауыз әдебиетін жинап алудың шаралары болуы керек. Әйтпесе қазақ жұрты да әзіргі татарлар сияқты, енді біраздан кейін әдебиетінің деректерін «орхон жазуларынан» деп жүруі мүмкін. Шоқан бастап жиған осы Едіге батырдың әңгімесін де тарих, тіл, әдебиет жақтарынан қарағанда қазақ ескі сөздерінің ішінде маңызды орын алуға ылайық деп білетіндігім үшін оның жыр уәзіндері мен толғауларын тізіп, жазу түрін қазақшаландыруды дұрыс деп таптым.

Ел аузында тарап жүрген Едіге туралы тағы да сорабтар бар шығар. Солардың бәрі де тегіс жиналып қағаз бетіне түссе, Едіге батырдың толық сыны сонда айқындалар еді. Әзірше тек төмендегі аз сөзбен тоқтауға тура келеді.

Едіге әңгімесі қазақтың нағыз ескі жалпақ тілімен жазылған. Сондықтан ішінде әзіргі буынға жұмбақ көрінерлік жат сөздер де жоқ емес. Мысалы: «Кет-қудай» («күйеу» деген сөз) «жыға», «кіреуге» «бартал» сияқты сөздер. Өзінің беретін сынында Шоқан: «бұл әңгімеде бөтен жұрттан алынған бір ауыз кірме сөз жоқ» дейді. Онысын рас деуге де болады. Өйткені, әңгіме ішіндегі кездесетін кірме сөздердің бәрі де пішіндерін бұзып қазақшаланып кеткен. Мысалы: Шатемір - Сатемір сияқтылар.

Тарих жағынан алғанда Едіге батырдың әңгімесі XIV ғасырдың ішінде басталуы керек. Ол кезде «қазақ» елі өз бетіне жеке отау тігіп, «қазақ» атын киіп, айдар тақпаған мезгіл. Бір шеті Алтай мен Тянь-Шань, екінші шеті Балқан тауларының Шығыс бөктері аралығындағы ұлан байтақ жерде түрлі түрік қауымдарының ерікті, бұланды көшпелі өмірмен ерсілі қарсылы жөңкіліп жүретін мезгілі. Бұл қауым үлкен үш ордаға бөлінетін: Ақ орда, Көк орда, Алтын орда. Ұлы хан Алтын ордада тұратын. Әңгімеде келетін Тоқтамыс осы Алтын орданың ең соңғы ханы. Сатемір хан әлемді қанға бояған атақты Ақсақ Темір, оны орыстар кейде Тимур, кейде Темірлан деп атайды. Ақсақ Темір мен Тоқтамыс басында дос болыпты. Достығының себебі былайша: XIV ғасырдың аяқ шенінде Көк орданы билейтін Орыс дейтін хан болған. Оның қол астына қарайтын Толой (Домбауыл) дейтін сұлтан Орыс ханмен бақ талас болып, қыпшық жұртын ыдырата береді екен. Осы Толойдың баласы Тоқтамыс әкесі өлгеннен кейін Орыс ханнан есесін алу үшін өз еркімен Ақсақ Темірге бағынып, күш-көмек алады. Орыс ханды жеңіп, Көк орданы иемденеді. Мұнан кейін 1380 жылы Куликово шайқасында Алтын орданың батыры Мамай әлсіздігін пайдаланып, Тоқтамыс Алтын орданы өзіне қаратқан. Сонымен Тоқтамыс ханның тұсында бүкіл «Дешті қыпшақ» түгелімен бір адамның уысына кірген, екі орданы жеке иемденген Тоқтамыс баққа мастанып, Ақсақ Темірді мұқату үшін әске жинап, 1388 жылы Түркістан жағына қарата шеру тартады. Сол жолында 1389 жылы жаз Темірдің қолымен түйлесіп, жеңілгеннен кейін еліне қайтқан. Тоқтамыс сынды «өзі қойған текешігінің» көрсеткен мұндай қоқаның көтере алмай, ашуына мінген Ақсақ Темір 1391 жылы жер қайысқан қолымен Алтын ордаға жөнелді. Сол жылы Еділ жиегіндегі Сарай қаласының жанында Тоқтамыспен кездесіп, жасалған үлкен соғыстан кейін Тоқтамыс Байтағын тастай, арашалай қашқан. 1932-94 жылдарда Темір қызылбастармен соғысып жүрген мезгілінде Тоқтамыс қайта қол жиып, Түркістанға баруға бет алады. Бірақ жолшыбай 1935 жылы Кавказ тауларының етегіндегі «Терек» өзенінің бойында «Қандырша» деген жерде Темірге жолығып, тағы да жеңіліп еліне қашқан.

Ақсақ Темір бұл жолында Тоқтамысты хандығынан біржолында түсіріп, Алтын орданы Қойраджік дейтін ханға сыйға тартып кеткен. Елінен айырылған Тоқтамыс тентіреп Литва кінәзі Ойтопыт дейтінге барып, оның көмегімен қайта еліне келе жатқан жолында 1406 жылы өлтірілген. Тоқтамыстан кейін Алтын Орда көп кешікпей Қазан, Астырхан, Қырым, Ноғай, Өзбек атты жеке хандықтарға бөлінген. Әңгімеде Тоқтамыс жалғыз «ноғайлы» жұртының ханы делінеді. Бұл тарихи қателік. Тоқтамыс Едігеден қашып, Байтағымен қоштасқандағы сөзін:

Ормамбет би өлгенде,

Он сан ноғай бүлгенде,

Саназар батыр жауынан,

Жаралы болып келгенде

Алашты алаш болғанда,

Алаша хан болғанда...—
деп бастайды. Бұл жерде де тарихи қателік бар. Бірінші сөз ішінде келіп отырған Ормамбет хан (шын аты ұлығ Мұхамбет) Тоқтамыстан көп кейін туған адам. Бұл Ормамбет заманында ноғайлыдан туған басқа да дешті қыпшақтағы түрік қауымдарының өзіне хандығын жүргізіп, 1449 жылы өлген Екінші Саназар (қазақша аты Ақназар) дейтін хан XVI ғасырда болған қазақ жұртының ханы. Бұл Тоқтамыстан 150 жыл бертінде шыққан адам болуы керек. Өйткені Семен Мальцов дейтін орыстың елшісі 1569 жылы орыстың патшасына берген баяндамасында «осы жылы Ташкент қаласын қазақ жұртының ханы Ақназар қамап жатыр еді», - дейді. Үшінші Тоқтамыстың соңғы сөздеріне қарағанда «қазақтан» гөрі Алаш ұраны қазақ емес, одан басқа, мысалы өзбек, ноғай, башқұрт сияқты дешті қыпшақтан шыққан басқа түрік қауымдарында да ортақ ұран болуына ылайық.
Алаш-алаш болғанда,

Алаша хан болғанда,

Қазақ, қалмақ, ноғайлар

Бәрі сонда бір болған.

Ынтымағы жарасып,

Айдын көлдей дүр болған.

Еділ-Жайық Оралды

Өрлей қойша жойылған.

Хан Жәнібек өлген соң,

Тоқтамыс, Темір болған соң

Ел ішіне жік түсіп,

Үш бөлік боп айырылған.

Қазақ, ноғай құбылады,

Мұсылманға жай тартып,

Дін үшін қатты қайғырған.

Қалмақ, моңғол бөлініп,

Кәпірлігі білініп,

Күн шығысқа қайырылған.

Шын бұғыдай сонда деп,

Алтайды мекен жай қылған,—


деген сияқты ескі өлеңдер, тегінде Алаша хан деп ел аузы атақты Шыңғыс ханды айтып жүруі де мүмкін.

Әңгіме Қара Қыпшақ Қобыландыны, арғын Қара қожа батырды Едігемен замандас етіп көрсетеді. Олай болса соңғы батырлар да дербес қазақ жұртына емес дешті қыпшақтағы басқа түрік қауымдарында да жалпы ортақ батырлар болуы керек. Мұнда қанша шындық бар? Ол көмескі... Едіге мен Тоқтамыстың арасында жасалған араздықты да әңгіме бұрып айтады. Тарихи Едіге түріктің «Қоңырат» руынан шыққан. Тоқтамыс байтағының сол жақтағы ұлыстарын билеген «әмірлерінің» бірі болған. Араб тарихшыларының сөзіне қарағанда (бин-арабша, Жаннаби), Тоқтамыс пен Ақсақ Темірдің арасындағы жанжалға ту баста Едіге себепші болса керек. Едігенің сүйенгені Орыс ханның баласы «Құтлық Темір» дейтін сұлтан болып, екеуі қосылып, Тоқтамыспен 15 қайтара шеп құрып соғысыпты. Кейбір соғыста Тоқтамыс та жеңіп жүрген. Әйтседе, 1399 жылы болған соңғы соғыста Тоқтамыс бас көтерместей болып жеңілген соң, Темір мен Едігенің табына шыдамай, ел жұртынан безіп, бір жола Литваға қашқан. 1406 жылы Тоқтамыс өлген соң оның намысын жоқтаушы баласы Қадірберді оны да өлтіріп, артынан өзі де кешікпей Сырдарияның суына кетіп өліпті дейді. Едіге мен Тоқтамыс тартысының тарихи жайы осы. Алдымыздағы әңгімеде істің баяны басқа түрде сөйленіп отыр. Бұл табиғи нәрсе.

Өйткені Едіге әңгімесі Арқадағы түрік қауымдарының ең ескі, ең ертекті әңгімелерінің бірі. Бұл ертектің бір шеті Алтайдағы Төлеңгіттер мен қырғыздарда, бір шеті Түркістандағы қарақалпақ пен түрікпендерге, бір шеті қазақ, бір шеті қырым ноғайларының аузында айтылып жүр. Қай жұртта болсын, барған сайын басқы сөзге өз тұсынан түрлі жалғаулар қосып отырмақшы.

Екінші жақтан келгенде ел аузындағы ескі сөз көпшіліктің ар - иманының айнасы деуге болады. Көптен сытылып үздік шығатын алғыр батыр, шешен би сияқтыларға көпшіліктің қай көзбен қарап, қандай баға беретіндігі, олардың қандай мінез – қылықтарды сүйіп, қандайына күйетіндігі бәрі де ел аузындағы ескі сөзде қашан да мықты із – таңба қалдырып отырады. Көпшілік қашанда әділ, тура айтады, онда бұлталақ болмайды. Біреуді сүйсе, оны тым ардақтайды, бойына жапсырмайтын қасиеті болмайды: теңіздей терең ақыл, болаттай берік қажыр, таудай биік дәреженің бәрін де оның бойына үйіп - төгеді. Едіге осындай ел сынының шын сүйген, шын ардақтаған ерлерінің бірі. Сондықтан тарихтағы Едіге мен ескі сөздің Едігесі біздің қарауымызға екі адам сияқты көрініп отыр. Енді ел қиялындағы Едіге қандай адам? Соған келейік. Бұл сұрауды «ел сынында шын ер қандай болуына керек екен?» деп өзгертіп қоюға да мүмкін, өйткені ел қиялының шын әлпештеген, шын сүйген ерінің бірі Едіге болса, оның бойына тағылмаған жақсылық әрине болмақшы емес. Бұл сұраудың толық зерттеуі көп орын, көп уақыт керек етеді, сондықтан ымшамдық жағын қолданып, біз төменде оны тек жалпыша шолып қана өтпекшіміз.

Едігенің ту баста тумысының өзі көптен бөлек, өзгеше, өйткені оның әкесі «Баба түкті шашты Әзіз» сынды кереметі күшті әулие, шешесі су перісінің қызы. Молдадан сабақ оқып жүрген жас кезінің өзінде Едіге 90 баланы бір жола жығады, бұл күштілігінің белгісі – 90 баланың киімдерін бір жерге үйіп, үстіне өзі мініп алып: «міне, мен де Тоқтамыс хандай болдым» деп төсін кереді. Бұл бойындағы даралықты өзінің де ерте бастан сезген даналығының белгісі. Әңгімеде сөйленетін 4 бітімі Едігенің ақылы терең, зейіні өткір, қиядан көргіш қырағы, қара қылды қақ жарарлық арынының барлығына айғақ болып отыр. Бұлардың бәрі де қазақтың қасқа жолды, келелі, «жарығы» билеріне арнаулы сипаттар. Топ бастайтын көсемдік, сөз бастайтын даналық, көптен үздік даралық, қажусыз еңбек, қайтымсыз жігер, мұқаусыз қайрат арқылы табылмақ. Осы сипаттарға ие болған «өзінен өзі туған» дана жалшы болса да жарқырап жүзеге шықпақшы. Сондықтан Едіге елеусіз қойшы болып жүріп те айтқан әсем бітімдерімен хан, қараны бірдей таңырқатады.

«Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары, білімі бар». Тура сөзді әділ жарғыға сансыз адамның батасы тимекші. «Батамен ер көгереді» дегендей, сондықтан қазақ сияқты көпшіл елде қашанда ханнан көрі бидің қадір «киесі» басым болады. Ханның арқа сүйеуі жарасымды бимен табылады. Бисіз хан оңбайды, хандықпен қатар қырағы билік те бір жерге бас қосса, ондай ханды ел де сүйеді, ұмытпайды, шежіресінде атын қалдырады.

Алты алашқа мәлім «ескі жолды» Есімхан, «қасқа жолды» Қасымхан, «тура жолды» Тәуекел хан, жеті жарғылы Әзтәуке, ер Абылай – бәрі де осындай хандық пен билікке қатар ие болған «қаситетті» адамдар. Ел меңгерерлік тілі жоқ, еңсерерлік күші жоқ, білім мен ойға, «билікке» ие болмаған, не ел ішіндегі рулардың көсемі – билерді ішіне тартып қыбын таба алмаған алаңғасар, әңгүдік хандар ханболып та тұра алмайды. Ондайлардың тағы жарлының лашығы сияқты, наразы көпшіліктің бірінші құйыны түбіне жетеді.

Қазақ шежіресіндегі Дайыр, Бұрындық сияқты хандардың тарихы мұның шындығына дәлел. Сондықтан Тоқтамыс хан мен Едіге бидің тартысы да сайып келгенде «ханнан билік кетіп, биге мәдет жету» мен «хан қашып, бидің қууымен» тиянақталады. Мұнан егерде хан мен би екі бөлініп, таразының екі басына түсе қалса, ел ниеті қашанда бидің жағына ауып отыратындығы көрінеді. Әңгіменің ішіндегі ең маңызды пікір осы деуге болады. Кінаяшылық, не сөз мәнін жұмбақпен сездіретін әдет жалғыз қазақ емес, жалпы шығыс елдерінің салты. Сондықтан Едіге де Тоқтамыс ханға түйген торын, тұтынған кегін ашық айтпай, кінаямен білдіреді. Әлемдегі аярлық, шақпа тіл, шығармашылықтың бәрі де ел қарауынша әйелден туып отырады. Әйел айлакер, ділмар. Сондықтан Едігенің «аруағын да» алдымен әйелі сезеді, жұмбағын да алдымен ханымы шешеді. «Қатықты осып ішкені жұртыңды төрт бөлік қылып ірітермін дегені, ортасын былғап ішкені жұртыңа лайсан салармын дегені», - дейді ханым. Шешумен қоймай ділмар қатын Едігені қалайша өлтіру туралы да ханға ақыл үйретеді. Ол ақылы – Едігені айламен қапылыста қолға түсіру, бірақ Едіге сынды киелі батыр, ондай қоқайды көріп пе? Қатынның ақылымен құрылған торға Едіге әрине түспейді. Тоқтамыстың тоқсан басты ақ ордасының ішіндегі игі жақсылардың ортасынан, босағаны күзеткен 9 батырдың найзасының үшіне сиынған «алдасы» мен сүйенген Аңғысын досының арқасында Едіге аман шыға береді. Малын жанға, жанын арға айырбастаған шын ер бетінен қайтқан ба? Едіге де сол кектенген қалпымен бұрылмастан Тоқтамыстың берген «ал қара кес тон; ақ сұңқар құс, бұлулы байтал, берулі байтақтарының» бәріне де қолды бір ақ сілтейді. Тоқтамыстың құрметтері былай тұрсын, намыстың жолына Едіге «Омар ханның қызы, айтылуының өзі» болған дарын да құрбан қылады. Кекжанбай бұлбұлдың майда тілімен сорғалатқан «ібін-сыбын» сияқты екі нақтың да «сыбыры мен сыңқылы» Едігенің құлағына кірмейді. Қысқасы бір намыстың жолына Едіге бар дүниенің қызығын құрбан істемекші: «Ер айтпайды, айтса қайтпайды» деген. Намысты, жігерлі, білекті батырлардың бәрінің де ісі ежелден осы болатын. Сондықтан қуып келіп тілдескен Тоқтамыстың 9 батырының біріне де қайырылмастан аштыққа да, жалғыздыққа да көніп, Едіге алыста әлде қайдағы Сатемір ханның еліне «шу» деп жүріп кетеді. Сондағы серігі астындағы жалғыз Тарлан боз ғана. Мұның бәрі де Едігенің шын батыр екендігіне дәлел нәрселер. Және де Едіге қазақ батырларының ішіндегі ең маңдайлы, аруағы күшті көсемі, сәулесі күшті шолпаны есебінде.

Бұған дәлел Тоқтамыстың 9 батыры түйдегімен келіп, бір Едігеге бата алмайтындығы. Ол тоғыздың өзі де елеусіз қарапайым батырлар емес, өйткені оның ішінде: «есенінде ескісін берсе де елемейтін, егескенде жыға тисе де көктемейтін» - жан – дінімен Тоқтамыс ханға берілген Есентайұлы Құдайберді батыр, «қос-қос пышақ асынған» Қосдәулет, «өткір семсер байланып, жау қарасын көргенде жауар кундей торланған, кетер құстай сайланған» арғыннан шықты атақты Қарақожа батыр, қалың қыпшақтан қара озып шыққан, алты алашқа атын қалдырған, қараңғыда жол тапқан, қапы жерде сөз тапқан, адамның тілін алмаған, өз райысы болмаса, асу жерге бармаған» аты шулы Қобланды батыр, «қас қоянды қасқарып, қараңғы меңіреу түндерде» сансыз қолды басқарған Ақбалтырұлы Уақ батыр, «күнде бір сүңгі сындырып, ер көңілін тындырған, алмаған жау қоймаған, ішседе қанға тоймаған» Манжур ұлы Шуақ сындыбатырлар бар. Осынша батырлар бір қосылып, тізелесіп, ортасына Тоқтамыс ханның еркесі «Кеңесінің бұрышы, кең қарынның құрышы» есебінде саналған Кекжанбай ділмарды басшыға алып түйдігімен барғанда, батырлық көрсетіп, оқ пен найзаға жол беру былай тұрсын, Едігемен тілдесудің өзінеде олардың біреуі жарамай калып, бет көріскен жерде бәрі де Кекжанбайдың артына қорғалап отыр. Сонымен теріп келсек Едігенің бойына ел қиялының тақпаған қасиеті жоқ, ол әрі би, әрі батыр, әрі көсем, әрі ақылды дана. Көсемдік, даналық майданында ел қиялының төрешісі Сыпыра жырау Едігені Ер Шыңғыс, Әз Жәнібек, Ақназар сынды ерлерден де артық деп сипаттайды.

Едігенің даналығын ел былай тұрсын, дұшпаны Тоқтамыстың өзі де мойындайды: «Едігемнің асу ісі сол еді, өзінен бір жасы үлкенге әзіз ағамсыз, сөйлеңіз» дер еді, - дейді. Адамшылық көзімен қарағанда Едігенің ең ақсайтын жері Қабантын алыпты қан майданында күші асып өлтірмей, қапылыста қармауға алғандығы. Бірақ елдің сыны Едігенің бұл ісін де оның жолдасқа опашылдығына, өзінен басқаның өміріне ойыншық көзбен қарамайтын рақымшылдығына жатқызып отыр, өйткені 9 батырдан айырылып, Сатемір ханның еліне бетті түзегенде жолдан кездескен, жанындағы 17 серігіне бұлайша беретін серті бар – ды:


Тамақтарың таусылса, тамақ тауып берейін,

Киімдерін жыртылса, киім тауып берейін,

Атың өлсе төлейін, өзің өлсең не дейін,

Бәрін айт та, бірін айт, мен тіріде өлмессің,

Он жеті дос кедейім.
Сондықтан егер де ол Қабантынмен кездескен жерден ақыл – айлаға жол бермей тура төбелеске ұмтылса, онда 17 серігіне ту баста берген уәдесін жұтқан опасыз адам болып табылар еді. Едіге мұны істемей «күші өзімен тең болған» Қабантын алыпты әл сынасқаннан көрі, айламен жоюды мақұл көреді. Бұл әрине есті батырдың ісі. Және де кездескен жерден тура ұмтыларлық Едігенің тіпті орны да жоқ. Өйткені, оның нағыз кегі Қабантында емес, Тоқтамыста. Бұлай болмай жағаласып кеткен кезде де Едігенің жеңуі айқын еді. Мұның шындығын өлейін деп жатқан Қабантынның өзі де куәландырып отыр. Ел қиялы сүйген ерін қашан да көздеген ойына жеткізбей қойған емес. Қандай қиыншылық, бейнет болсын бәрі де ердің басынан өтпекші. Қорытынды ұсталған бет, көзделген ниет жарқырап жүзеге аспақшы, сондықтан Едіге батырдың да жолы болады. Нұралын сынды боздағын серікке алып Ноғайлының елінен Тоқтамысты қуады. Байтағынан безіп, қаңғып жүрген Тоқтамыстың жапан далада басы қиылады. Едігенің жүрегін өртеген кек сонымен бітеді.

Енді Едіге көздеген ойына жетті, іздегенін тапты. Тоқтамыстың «қызын – қатын, қатынын – отын» есебінде ұстайды. Он сан ноғайды бір аузына қаратты, хан болды. Егер де әңгіме дәл осы арадан қиылса, Едігенің сыны шалалау қалар еді. Өйткені, Едіге сияқты ерен батырлардың бойына ақыл мен күштің қармауынан тыс, қапыда ұшырасқан кемшілік болса, ондай кемшілікке ел мен ер қай көзбен қарайтындығы бүркеулі қалмақшы. Ел қиялы бұл көмескілікті де ашып, айқындап отыр.

Дегеніне жеткен, «қарадан хан болған» Едіге Қадірберді сұлтанның қапылыста келіп, мойнына мініп, бірер секіріп түскенін көтере алмай құса болып өледі. Олай болса Едігелер сияқты ардақтайтын еріне ел сыны қапыда болған мінді де кешпейтіндігі көрінеді. Сондықтан намысына тигенде хандыққа да қол сілтеп, қапыда ұшыратқан міннен Едіге мен Нұралын ел сынының алдында құса болып өлуімен ғана тазарып отыр. Сонымен сөзді қорытсақ ел аузындағы Едіге, сайып келгенде, батырлық пен билікке бірдей ие болған «шын ер» болып табылады. Батырлық жағынан келгенде ел сыны Едігені:

Алдынан келіп сынасам, -

Жалыннан пайда болғандай,

Артынан келіп сынасам -

Қарадан пайда болғандай,-
деп мақтайды. «Бірақ батыр деген Ақбарақ ит – екінің бірі табады, би деген ақ шариғат, елуден біреу шығады», дейді ел мәтелі. Едігенің бойында да асылында батырлықтан гөрі билікке арнаулы сипаттар күштірек болған. Сондықтан ел сыны да бір ауыздан: «Ел билеген Едігем» деп әлпештеп, «Қазақ ерінің әуелгісі де Едіге, ақыры да Едіге» деп хан көтеріп отыр.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет