ҚҰрастырушыдан



бет1/3
Дата02.01.2022
өлшемі78,23 Kb.
#108012
  1   2   3
Байланысты:
ЕР ЕДІГЕ ЖЫРЫ


ҚҰРАСТЫРУШЫДАН
Едіге (1352 — 1419) — тарихтағы белгілі тұлғаның бірі және халық ауыз әдебиетінде жатталып қалған бейне, Алтын Орда хандарының ықпалды, кемеңгер кеңесшісі, халықтың бірлігі мен Дешті Қыпшақ атты үлкен аймақ тұрғындарының бейбіт өмірі үшін күрескен ірі әскер басы.

Едіге өмір сүрген уақыт өзара қақтығыстар мен соғыстарға толы күрделі уақыт болатын. Түрік халықтарының осы кезеңі туралы көптеген тарихи материалдар сақталған. Атап айтқанда олар — сол кезде Мәскеу мемлекетін басқарған Дмитрий Донскойдың баласы Василий Дмитриевичке Едігенің жолдаған хаты, Едіге қызметінің Никонов шежіресінде, «Бүкіләлемдік тарихтың» 3-томында сипатталуы. Ал ол туралы аңыздар қазақтың, татардың, ноғайдың, қарақалпақтың және басқа түрік халықтарының фольклорында көптеп кездеседі.

Едіге өмір сүрген уақыт пен оның өмірі, қызметі, жасағы жайында, бес баласының бірі — Нұреддиннен тараған ел есінде сақталып қалған ержүрек ұрпақтары — Орақ батыр, Қарасай, Қазы, Тарғын туралы өткендегі ғалымдардың еңбектерінде алуан түрлі, кейде қарама­-қайшы пікірлер кездеседі.

Ер Едіге жайындағы аңыздардың бірін Қ. И. Сәтпаев 1927 жылы Мәскеуде КСРО халықтарының Орталық баспасында қазақ тілінде араб әрпімен 3000 дана етіп бастырып шығарған. Өзінің алғысөзінде Қ. И. Сәтпаев эпостағы бірқатар тарихи дәлсіздіктерге ерекше назар аударған, қазақ халқы арғы ата-бабаларының әлеуметтік және рухани өмірінің жеке проблемалары туралы өз көзқарасын білдірген. Сонымен бірге оның алғысөзі қазақ эпосының түп тамыры, түрлері мен идеялық — көркемдік құндылығы жөніндегі бағалы тіл—әдебиеттану зерттеуі болып табылады. Сол себептен де 1943 жылы жарыққа шыққан КСРО ҒА—сы Қазақ филиалы мерекелік сессиясының еңбектерінде, И.И.Мещанинов пен Е.Ысмайыловтың «25 жыл ішінде қазақ тілі мен әдебиетінің зерттелу қорытындылары» деген баяндамасында бұл кітап жоғары баға алды. «Қаныш Сәтпаевтың редакциясымен және алғы сөзімен жарық көрген «Ер Едіге» поэмасының ғылыми басылымы аса құнды. Мұнда ол Шоқан Уәлихановтан кейін бірінші рет қазақ халқының данышпан поэмасы — «Ер Едіге» тыңғылықты талдау жасап, ғылыми баға береді».

Уақыт өте берді, сөйтіп үстіміздегі ғасырдың 50-ші жылдарының бас кезінде «жоғары жақта» күдікшілік пен сенімсіздік күшейе түсті, тың ой атаулының бәріне көзалартушылық артты, республикалардың бәрінде жарқын, ерекше, асқақ ойлаушылар қуғынға ұшырады, көздері жойылды. Қазақстанда болса, зиялыларды «патриархалдық-рулық құрылысты асқақтата дәріптеп жіберді» деп айыптады, көптеген лас істер, өсек аяңдар қолдан жасалды. Жоғары орындар Қазақстан Ғылыми академиясының президенті Қаныш Сәтпаевтан контрревалюциялық «элементтерді» табу жолында, шын мәнінде Қазақстан ғылымын быт-шыт қылу мақсатымен кадрларды «қатты» тазартуды талап етті. Сәтпаев одан бас тартты, сөйтіп, оның үстінен «домалақ арыздар» қаптап кетті. «Қамқоршылар» тар өрісті сталиндік идеология тұрғысынан академиктің түптеп келгенде хандықты, патриархалдық – рулық құрылысты жырлайтын халық ауыз әдебиетіне іш тартатынын жеткізумен болды.

Сәтпаев өзінің сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік болмады, сөйтіп қымбат уақытын көптеген комиссияларға, ойдан шығарылып, өз атына таңылған қисапсыз айыптарды қарауға арналған мәжілістерге бөлуге мәжбүр болды. Мұның бәрі оның денсаулығына кері әсер етті, табиғатына тән жарқындығын күңгірттендірді, жанын салған, өз демім, өз өмірім деп білген ғылыми бағыт-бағдарына ғаламат зиян келтірді.

Мемлекет деп аталатын орасан зор, икемсіз, тот басқан механизмнің алдында кемеңгер де шарасыз. Академик президенттік қызметінен босатылып, моральдық жағынан жаншылды. 1955 жылы ол бұл орынға қайта сайланды. Ол уақытта 50-жылдардың бас кезінде оны болып жатқан өрескелдіктер қатты қинаған еді. «Не үшін?» дейтін азапты, логикалық қисыны табылмайтын сұрақ жанын жегідей жеген болатын. Сол кезде, яғни әділетсіз айыптаулар кезінде жазылған Қаныш Сәтпаевтың түсінік хаттары кемеңгерлер мен таланттылардың өткенде көре алмаушылары мен дұшпандары алдында қаншалықты дәрменсіз халге түскенінің тағы бір сұрақсыз бетін ашып көрсетеді.

Бұл жинаққа академик хаттарының біраз бөлігі енгізілген. Қ. И. Сәтпаев алғысөзін жазған «Ер Едіге» аңызы 1927 жылы жарияланғаннан кейін арада 62 жыл өткен соң барып қана — 1989 жылы жарық көрген Қ. И. Сәтпаевтың бір томдық таңдамалы мақалалар жинағына енгізілді. 1951 жылы Сәтпаевтың өзі орыс тіліне аударған поэманың алғысөзі бірінші рет жарияланып отыр.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет