Май ауданының білім беру бөлімі
ТӘРБИЕШІНІҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚОРЖЫНЫ
2013 ж
Павлодар облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Эксперттік Кеңесімен ұсынылған (2013 жылдың ___ ақпанынан №___ хаттамасы).
Рецензент:
Нұрғалиева Сара Дүйсембайқызы, Павлодар облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының басқару және білім сапасы кафедрасының аға оқытушысы.
Құрастырушы: Мухамедова Зухра Димяновна, Май ауданы білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері.
Тәрбиешінің әдістемелік қоржыны
Бұл әдістемелік жинақта әдіскерлер мен тәрбиешілер өз жұмыстарында қолдана алатындай Май ауданының мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің әдіскерлері мен тәрбиешілері әзірлеген ертеңгіліктер сценарийлері, ойын-сауықтар, сергітулер, 2012 жылы аудан көлемінде өткізілген семинарлар құжаттары жинақталған.
МАЗМҰНЫ
Кіріспе
|
4
|
1
|
Ертеңгіліктер сценарийлері
|
5
|
2
|
Ойындар, сергітулер
|
63
|
3
|
Баяндамалар
|
82
|
4
|
Қорытынды
|
92
|
5
|
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
|
93
|
6
|
Қосымша
|
94
|
КІРІСПЕ
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыты білім сапасын жаңа деңгейге көтеру болып табылады.
Мемлекеттік бағдарламаның мақсатына жетуі мектепке дейінгі білім деңгейі мазмұнын ұйымдастыра алатын педагогикалық корпустың басым шоғыры болуына байланысты.
Шебер педагог – не ойды, не технологияны дайын күйінде қабылдамайтын – оларға қатыстыны өздігінен анықтайтын және жеке шеберлігін қалыптастыра алатын маман. Тәжірибелі маман сабақты өз қабілетіне қарай тәжірибесіне сүйеніп өткізеді және өзінің «білім жиынтығын» қалыптастырады, оны кәсіби мәселелерді шешуге жұмсайды. Отандық мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қойылған мәселені шешу құралдарының бірі – әдістемелік жұмыс.
Берілген жинақта Май ауданы әдіскерлері мен тәрбиешілерінің әдістемелік қоржындарындағы жұмыстары жинақталған. Жинақтың бірінші бөлімінде мерекелеік ертеңгіліктер сценарийлері, екінші бөлімінде ойындар, сергітулер және үшінші бөлімінде баяндамалар берілген. Осы жинақты тәрбиешілер күнделікті жұмыстарында қолданып, өздерінің әдістемелік қоржындарын толықтырады деген үміттеміз. Осылайша, біртіндеп, мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуына ат салысамыз.
І. ЕРТЕҢГІЛІКТЕР СЦЕНАРИЙЛЕРІ
Мерекелер – мектепке дейінгі жастағы балалар үшін жарқын және қуанышты сәттер. Олар балаларға үлкен ықпал етіп, өмірінде жайдарлы із қалдырады. Мерекелерді ұйымдастыру мен өткізу бүлдіршіндердің эстетикалық, рухани тәрбиеленулеріне бағыттайды: олар бір-бірімен алған әсерлері жайында бөліседі, ұжымдық негіздері қалыптасады, патриоттық сезімдері оянады, этномәдени бағыты бойынша тәрбиеленеді, өз-өзін ұстау мәдениеті қалыптасады. Өлеңдер, тақпақтар, билерді жаттай отырып өз елдері, табиғаттары, әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, түрлі ұлт өкілдері туралы көптеген жаңа нәрселерді біледі. Бұл балалардың білімдерін молайтып, есте сақтау қабілеттерін, сөйлеудегі тіл байлықтарын, ойлау, көз алдарына елестету қабілеттерін дамытады.
Мерекелік атмосфера, залдың салтанатты безендірілуі, костюмдер әдемілігі, балалар қойылымдарының қызықтылығы – бұлардың барлығы эстетикалық тәрбие берудің маңызды факторлары.
Тәрбиеленушілердің өлең айтуда, ойындарда, билерде қатысуы бала ағзасын дамытып, қозғалыс координациясын жақсартады. Мерекелерге дайындық жүйелі және жоспарлы түрде, бала өмірінің жалпы ырғағын бұзбай ұйымдастырылуы керек. Егер тәрбиеші балаларды жақсы білсе, олардың қызығушылықтарын, жеке бас ерекшеліктерін ескеріп отырса, әр бөбектің күн сайынғы өмірін қызықты ұйымдастырып, мерекеге дайындықтарының өзін мейрамға айналдыра алады.
Әр мерекенің негізінде әр балаға жеткізілуі тиіс белгілі бір ой жатыр. Мысалға, 16 желтоқсан – бұл Отанымыздың Тәуелсіздік күні, 8 наурыз – сүйікті Аналарымыздың, қадірлі Апаларымыздың күні және т. с. с. Берілген бөлімде Республикамызда тойланатын мерекелердің сценарийлері жинақталған.
МЕРЕКЕЛІК ЕРТЕҢГІЛІГІНІҢ СЦЕНАРИІ
Тәрбиеші: Гүлсан Науановна Бостанбаева, Абай бөлімшесі, Абай БМ жанындағы шағын орталық
Тақырыбы: Аналар-мәңгі жасасын!
Жүргізуші:
Аяулы біздің аналар мен әжелер, Сіздерді Бүгінгі көктемнің алғашқы мерекесі - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз. Біздің сәбилеріміз сіздерге, аналарға деген ыстық лебіздері мен шексіз махаббатарын ән мен таппақ арқылы жолдамақ. Қабыл алыңыздар!
Армысыздар, аяулы аналар,
Армысыздар әжелер мен апалар!
Мерекемен құттықтайды сіздерді,
Шашу шашып, өнерімен балалар.
- Балалар, сонда қазір жылдың қай мезгілі? (Көктем.)
- Көктемде табиғатта қандай өзгерістер болады? (Күн жылынады, қар ериді, жер көктейді, бәйшешектер шығады, құстар қайтып келеді.)
- Қазір қандай ай? (Наурыз.)
- Сонда бүгін қандай мереке? (Аналар мерекесі.)
- Балақайлар, аналардың бүгінгі мерекесіне дайындаған қандай сыйлықтарың бар?
1. Көктем келді жадырап,
Күн нұрымен таласып.
Жайнай берші жарқырап,
Жаны жайсаң анашым.
2. Көктем келді, алақай!
Көктеп жатыр даламыз.
Біз бақытты балақай,
Мәнгі жүрсе анамыз.
Көктем келді, балалар!
Асыр салып ойнайық.
Түн ұйқысын төрт бөлген
Анамызды сыйлайық.
3. Көктем келді, балалар,
Жердің беті жаңарар.
Ақ сүт беріп өсірген,
Аман болсын аналар!
4. Көктем келді,балалар,
Ән айтайық, би билеп.
Мейрамында аналар,
Қабылдасын сый қылып.
5. Менің анам аппақ,
Кәмпит берсе - тәтті-ақ.
Күні бойы тынбастан,
Үйретеді тақпақ.
6. Менің анам ақылды,
Тарап берді шашымды.
Қалтасы бар әдемі,
Шалбарды сатып әперді.
7. Анашым, асылым,
Аяулы ғасырым.
Сен жоқта мұңайып,
Бар болсаң - тасыдым.
8. Анашым, ақ таңым,
Ақ сүтін ақтаймын.
Жүректе атыңды
Тұмардай сақтаймын.
9. Анашым, жүрегім,
Өмірлік тірегім.
Аман боп жүрші тек,
Алладан тіледім.
Жүргізуші:
Келесі балалардың орындауындағы ән - «Нұрын төккен маған».
Жүргізуші:
Барлық балалар бүгін аналарына сыйлық жасап әуре болуда. Осы мерекеге Мақта қыз да, анасына сыйлық дайындап жатқанда, бір қызық оқиға болыпты. Мақта қыз ертегісін тамашалаңыздар!
Сахна ортасында үстел басында Мақта қыз отырады. Ол қағаз, бояу алып, анасына сыйлық жасау үшін, сурет салып отырады. Үстел үстінде түрлі-түсті бояу, стаканда су, қарандаштар. Мақта қыздың қасына мысық келеді.
Мысық:
Мақта қыз не істеп отырсың? Маған да көрсетші.
Мақта қыз:
Сурет салып жатырмын. Ары тұршы. Қазір бір нәрсені бүлдіріп тастарсың.
Мысық:
Қарайыншы, енді, ақырын ғана қараймын.
Мақта қыз:
Мысық:
Көрсетпесең, мен сенің бояуыңды төгіп тастаймын.
Мақта қыз:
Осыдан төгіп көр, құйрығынды кесіп аламын.
Қырсық мысық бояуды төгіп тастайды. Мақта қыз мысықты шап беріп, құйрығын кесіп алады. Мысық қатты мияулап, Мақта қызға Жалынады.
Мысық:
Мақта қыз-ау, Мақта қыз, құйрығымды берші. Кешірші.
Мақта қыз:
Бермеймін. Маған қағаз бен бояу тауып әкеліп берсең ғана құйрығыңды қайтарамын.
Мысық жан-жағына қарап енді не істеймін деп қатты уайымдайды.
Мысық:
Мен бала бақшаға барайын, балаларда қағаз бен бояу деген көп болады ғой.
(Балаларға барады)
Мысық:
Балалар, менің құйрығыма күлмеңдер. Оны Мақиа қыз кесіп алды. Мен оның бояуын төгіп, қағазын бүлдіріп тастадым. Маған қағаз бен бояу тауып беріндерші.
Осы кезде балалар:
Сен бізге кәмпит әкеп берсең, біз сенің іздегеніңді тауып береміз.
Мысық жан-жағына қарап ойланып тұрып, сахнаны айналып шығып кетеді.
Сахнада дүкеннің көрінісі. Тәттілер, әр түрлі ойыншықтар бар. Бір қыз дүкенші болып отырады.
Мысық:
Дүкенші, маған ойыншықтар, тәттілер берші, - дейді.
Дүкенші:
Әуелі маған ақшасын төле. Сонан соң қалағаныңды беремін.
Мысық:
Дүкенші:
Онда саған ештене бере алмаймын.
Жүргізуші:
Мысық, енді ақшаны қайдан табарын білмей, көп ойланады. Осы кезде сахнаның екінші бұрышында, есік алдында жұмыс істеп жүрген әже көрінеді. Мысық оған жақындайды.
Мысық:
Әже, мен сізге көмектесейін, есік алдын тазалап берейін.
Әже:
Сөйтші айналайын, өзім де белімді көтере алмай тұрмын, дейді.
Мысық сыпырып көмектеседі.
Әже:
Ой, айналайын саған көп разхмет. Өте еңбекқор екенсің. Ұзақ жаса, сабағыңды жақсы оқып тәртіпті бол! Бүгінгі мерекеде аналары мен әжелерін құттықтап жатқан ұл-қыздарыңда денсаулықтары да мықты болсын. Осы бүлдіршіндердің бәрі үлкен азамат болып өссін.
Осылай деп әже, мысыққа көмектескені үшін ақша береді. Мысық ол ақшаны дүкеншіге беріп, кәмпит пен ойыншықтар алады. Кәмпит пен ойыншықтарды балаларға апарып береді. Балалар, мысыққа бояу мен қағаз береді. Мысық бояу мен қағазды Мақтақызға апарып береді. Мақтақыз мысықтың құйтығын тағады. Осымен Мақтақыз бен мысық татуласады.
Мақтақыз:
-мен - Мақтақыз, Мақтақыз,
Өнерліміз баршамыз!
Міне, осындай, қойылым,
Дайындады бақшамыз.
Мысық, 8-наурызымен құттықтап сыйлық береді. Осы кезде, балаларда, мерекелік сыйлықтарын аналар мен әжелеріне табыс етеді.
Балалар, бүгінгі ертегіден қандай тәрбие алдық? Айтыңдаршы. Мақтақыздың бояуын төгіп тастаған мысық дұрыс істеді ме?
Жоқ!
Оның құйрығын жұлып алған Мақтақыз дұрыс істеді ме?
Жоқ!
Жамандық істеуге бола ма екен?
Жоқ!
Біреу жамандық істесе, оған жамандықпен жауап қайтару керек пе?
Жоқ!
Ал, қалай ойлайсыңдар, не істеу керек?
Жамандық жасағанын түсіндіру керек.
Жамандық жасауға болмайтынын айту керек.
амандық жасаған кісі көп қиналатынын айту керек.
Жүргізуші:
Құрметті, аналар мен әжелер. Сіздерді “Болашақ” тобының бүлдіршіндері атынан бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Аспандарыңыз ашық, дендеріңіз сау болсын. Осы өсіп келе жатқан ұл-қыздарыңыздың қызығын көріп, жүз жасаңыздар. Осымен мерекелік кешіміз аяқталды.
МЕРЕКЕЛІК ЕРТЕҢГІЛІГІНІҢ СЦЕНАРИІ
Тәрбиеші: Гүлсан Науановна Бостанбаева, Абай бөлімшесі, Абай БМ жанындағы шағын орталық
Тақырыбы: «Аналар мерекесі»
Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар!
Ақ жаулықты әжелер, асыл да,
Аяулы аналар, ару қыздар!
Сіздерді 8 Наурыз халықаралық аналар мерекесімен құттықтаймыз!
Ақ тілекті ағытып бір тастайық,
Аналардың мерекесін бастайық .
Көздеріңнен көрем шаттық арайын,
Өтсін солай әр бір күнің әр айың.
Қадірлі аналар көңілі,
Көктемдей жайнап гүл ашсын.
Бақытқа толып өмірі,
Шаттыққа шаттық ұлассын!
Жүргізуші: Бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.
Аялы қолды талпынтқан,
Қаймақты сүттей қалқытқан.
Суық болса жөргегі,
Қорғасындай балқытқан.
Айналысына ас қойып,
Өзенді көлдей шалқытқан.
Қолын қатты тигізбей,
Кірлі көйлек кигізбей,
Иісін жұпар аңкытқан.
Бұл кім?
Балалар: Ана! Ана! Ана!
Жүргізуші: Аналарға енді жырдан шашу шашайық.
«Айналайын, ана, мерекеңізбен» әні.
1 бала: Менің анам керемет,
Мейірімді адам ол ерек.
Ерте түрып, кеш жатқан.
Сиыр сауып, пеш жаққан.
Бізсіз асын татпаған,
Анам үшін мақтанам.
2 бала: Жылылықтан жаралған,
Құшағы оның таң м(а) екен.
Менің айдай анамнан,
Асқан сұлу бар м(а) екен?
3 бала: Құшағыңа кіргенде,
Жылынамын бір демде.
Не жетеді көзіңе,
Мейірімді күннен де.
4 бала:Үн қатасың бал тілмен,
Еркелеймін әр күн мен.
Құттықтаймын анашым,
Сегізінші Наурызбен!
5 бала: Таусылмайды өлеңі,
Күнде айтып береді,
Барған сайын бір жаққа
Кәмпит алып келеді.
Әжем мені өйткені,
Өте жақсы көреді.
Ендігі кезекте, бүлдіршіндеріміз дайындаған концерттік бағдарламамызды тамашалаңыздар!
(Өлеңдер айтылып, балалар билерін ұсынады).
Осымен, біздің мерекелік концертымыз аяқталды. Келгендеріңізге көп рахмет, мейрамдарыңыз құтты болсын!
«НАУРЫЗ» МЕРЕКЕСІНІҢ СЦЕНАРИІ
Дайындаған: Сара Қапанқызы Естаева, Көктөбе ауылы, «Балдаурен» балабақшасы
Тақырыбы: «Күлімде, Наурыз, күлімде!»
Мақсаты: Наурыз мерекесінің мән – мағынасын балаларға түсіндіру,
ақ тілек, бата, наурыз көже, құт – береке ұғымдарын қалыптастыру, жақсылыққа адамгершілеке тәрбиелеу.
Көрнектілер: Залды мерекеге қазақ дәстүрі бойынша көркемдеу. Жартылай кигіз үй
көрнісі, қазақша киімдер, дастархан жасау, баурсақ, ет, наурыз
көже, құрт, ірімшік және домбыра, көрпешілер, ыдыстар.
Қатысушылар: Балалар, әже, Қыдыр ата, Наурыз.
Жүргізуші: Құрметті қауым! Бүгінгі балабақшамызда өткізілетін Наурыз
мерекесі ертеңгілігіне қош келдініздер!
Береке де осында,
Мереке де осында.
Болып жатыр той думан,
Қырандарың қасыңда.
Асқақтаған ән дайын,
Күмбірлеген күй дайын.
Ал, қанекей, қонақтар, ата – аналар,
Төрге шығыңыздар!
«Наурыз-думан» - әнінің әуенімен қонақтар, балалар залға кіріп, жайғасды.
Жүргізуші: Құрметті әріптестер! Қадірлі қонақтар, ата – аналар, балалар!
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын!
Наурыз күні қазанына ортаймасын.
Жаңа жыл шаттық әкел, той тойласын!
Жүргізуші: Күннің жаңа нұры бар.
Мұның ғажап сыры бар.
Наурыз кіреді: Халық сүйген бұл мейрам,
Қарсы алайық келіңдер.
Айша 1б Наурыз келді тағыда,
Жасыл желек тағына.
Құтты болсын мереке,
Жаңа жылға береке.
«Наурыз келді» - әні орындайды.
Наурыз: Армысыңдар, қонақтар!
Айналайын, балалар!
Қыдыр ата – аман ба?
Жаңа жайла заманда.
Енді балаларымыздың орындауларында «Наурыз» - әнін тыңдаңыздар.
Армысыңдар, халайық,
Бармысыздар, халайық.
Наурыз жайып жүр жазбай,
Жылды қарсы алайық!
Ал, халайық, тұрмайық,
Әндетейік, жырлайық.
Ортамызды ашайық.
Ырыс тілек бұл жылға,
Жырдан шашу шашайық.
Қазір қыздарымыз Мухамеджанова Диляра мен Догалакова Айшагүлдің орындауында «Бипыл» биін қабыл алыңыздар.
Мейрхан: Кел, балалар, келіндер.
Тамашаны көріңдер.
Бізде қызық ойын бар,
Ойынға әбден тойыңдар.
«Көкпар», «Арқан» ойындарын ойнайық.
Қыдыр ата: Ау, аманба, жараңдар!
Алтын таңға қараңдар!
Келе жатыр жылымыз,
Мейрамдаймыз мұны біз.
(Домбрасы, арқасында Қыдыр ата кіреді.)
Балалар, қонақтар бәрі қол шапалақтап қарсы алады.
Жүргізуші: Қыдыр ата, біздің балалардың да наурызға ән, би шашулары
бар. Соны да тыңдайық.
Ұлдар: Ақ сиса, қызыл сиса «Ақ сиса» биін билейді.
Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса.
Шорманның Мустафасы атымды алып,
Атамдым сол себептен Жаяу Муса.
Әй, гигай, гигай гигигай – гигай.
Ақ сиса, қызыл сиса, сиса
Жүрмейді, кімдер жаяу зорлық қылса
Аттыдан жаяу жүріп кек аламын,
Жігіттер, шамаң келсе маған ұқса.
Әй, гикай, гикай, гигай – гигай
Гигай – гигай.
Наурыз тойы, барыс жылы.
Құтты болсын ағайын!
Ұлыстың ұлы – күні.
Шырқап әнге салайық.
Амирханова Айман, Қуатбекова Камиланың орындауында «Қамажай» биін тамашалайық.
Алихан: Көктем тойы – әніміз.
Көктем өнер сәніміз.
Күй шертілсін, ән айтып,
Би билейік бәріміз.
Диляра: Қым өтеп, қар кетіп.
Шырайлы, жаз жетіп.
Келді міне – мереке.
Құтты болсын – Наурыз.
Барлық бала «Қошақан» әнін орындаймыз.
Дінмухамед: Сәлем ана – алтын күле.
Сәлем қарты – халқымның.
Бақытына шалқыдым.
Айшагуль: Жас қосады жасына
Жыл – басы – Наурыз.
Ән кізген асына,
Бал татыған сары уыз, балалар біз енді ортамызға Наурыз шашу шашып, наурыз көже пісіріп әкелген әжелерімізді шақырайық.
Әжелер: Оу, айналайын, балалар!
Наурыз көже пісірдім.
Көктем Наурыз жайында,
Бал көжеден татыңдар.
Жүргізуші: Рахмет әже, рахмет!
Шашылғандай мұң, кірбің Наурыз тойда.
Нағыз әже ойлайды, нағыз салтты.
Оу, ағайын, келіңдер бүгін бізге,
Наурыз көже, құрт, қатық бәрі бізде.
Жүргізуші: Ұлы күнде халайық
Қалай қарап қалайық.
Ортамызға шақырып,
Қыдыр атамыздан
Ақ батасын алайық! (Қыдыр ата бата береді.)
Жүргізуші: Құрметті қонақтар, ата аналар, әріптестер, тағыда сіздерді
Наурыз мерекесімен құттықтаймын, «Балапан» тобының
Наурыз мерекесіне арналған ертеңгілігіміздің аяқталауы
таяу қалды, келесі тілекті меңгерушісі Мира
Жасұланқызына беріледі.
«Шақырады көктем» әнінің музыка әуені ойналады.
МЕРЕКЕЛІК ЕРТЕҢГІЛІКТІҢ СЦЕНАРИІ
Тәрбиеші: Гүлсан Науановна Бостанбаева, Абай бөлімшесі, Абай БМ жанындағы шағын орталық
Тақырыбы: Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта
Мақсаты: Балалардың бірлік, ынтымақтастық туралы түсініктерін кеңейтіп, көп ұлтты халқымыздың тыныштығы мен бірлігін нығайтуға ат салысатын азамат болуға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Ұрандар, қима көгершіндер, шарлар, гүлдер, ұлттық костюмдер.
(Ән ұран орындалады.)
Жүргізуші:
Бірлік пен ынтымағы халықтың -
Көгімізде жарасқан жарық күн!
Ырыс, дәулет бақыты үшін халықтың,
Жайнай берсін, жайнай берсін алтын күн!
дей келе Қазақстан халқының бірлігіне арналған «Береке-бірлікте, ырыс-ынтымақта» атты мерекемізді тамашалауға шақырамыз.
Жүргізуші:
Бұл мереке бұрын бүкіләлемдік «Еңбекшілер күні» болып тойланды.
Қазір ол «Дүниежүзілік ынтымақтастық күні» болып есептеледі.
(«Елім менің» атты ән орындалады)
Оқушылар әр ұлттың киімдерін киіп, шеруге шығады. (Монтаж)
1-оқушы:
Жан біткендей жас тауға,
Шуақ ойнап арайлы.
Күн күлімдеп аспанда,
Мамыр әні тарайды.
Жайдары жаз түрге еніп,
Жадыратты жанымды.
Жер-дүние тербеліп,
Дала, қала құлпырды.
2-оқушы:
Болсын жер мен су да ортақ.
Болсын біздің ту да ортақ.
Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз.
3-оқушы:
Сары, ақпыз, қарамыз,
Бәрімізде баламыз.
Біз Отанда тұрамыз,
Біз мектепке барамыз.
4-оқушы:
Алтай, Кавказ ұласып,
Бауырайы кең жатыр.
Бақытты әні асқақтап,
Құлаққа даусы кеп жатыр.
5-оқушы:
Қырғыз, қазақ, өзбектер,
Моңғол, ұйғыр, дүнгендер,
Армян, тәжік, грузин,
Орыс пенен украин,
Терезесі тең жатыр.
6-оқушы:
Енді бүгін қарасам,
Айналам бақыт кең жатыр.
Бірімен-бірі туысқан,
Қол ұстасқан ел жатыр.
7-оқушы:
Достығымыз жарасқан,
Ақпыз, қара, сарымыз.
Қара жер мен көк аспан,
Ортақ дала тауымыз.
8-оқушы:
Ортақ жұтар ауамыз,
Ортақ жарық күніміз.
Достық туған анамыз,
Жердің қызы, ұлымыз.
Хормен:
Отан ортақ,
Жер ортақ,
Еңбекпен қостық тағдырды.
9-оқушы:
Алтын бесік-ағайын, жұрт туғаным,
Дос байыса қыза түсер думаның.
Барлық ұлттың өкілдері жарасып,
Асырайық іс-жүзінде Тіл заңын.
10-оқушы:
Қазақ елі-қашаннан да жыр елі,
Тарихында тұлғалар көп киелі.
Қазақстан аясында бұрыннан,
Бірнеше ұлт өмір сүреді.
11-оқушы:
Бір-бірімен тату тәтті тұрады,
Бәрінің де Қазақстан - тұрағы.
Туған жерге тебіренген сәттерде.
Ағаларды өлең-жырдың бұлағы.
12-оқушы:
Бойымызда әлі бұлақ жатыр бұрқырап,
Сол бұлақтан сыр ағыздым жыр құрап.
Тілейтінім барша ұлтқа бір ғана
Ырыс, бақыт, татулық пен ынтымақ!
(Орыс биі)
Жүргізуші:
Отаным ордасы ғой игіліктің,
Көңіліне күн орнатқан күлкі жұрттың.
Шаңырағы кң биіктен Отанымның,
Баянды бағы өрлеген әрбір ұлттың!
-демекші біздің Республикамызда әр ұлшттың өкілдері тұрады.
Жүргізуші:
Ел тарихы, жер тарихы өзіміз,
Болашақтың қасиетті көзіміз.
Барлық ұлтпен бауыласып жетерміз,
Ақ-қараны тіліп тұрса сөзіміз.
дегендей XXI ғасырда Қазақстанда бейбітшілік, тыныштық болып, еліміздің егемендігі ұзағынан болсын деп тілейміз.
(Ән «Атамекен»)
Жүргізуші:
Міне, осындай кең байтақ Республикамыздың егінді даласы, күмісін шашқан көлдері, кенге байтақ өңірі, малға толы өрісі, Қазақстан Республикасының болашақ ұрпағы, келешек азаматтары, сендерге өсиет болып қалады. Елбасының «Қазақстан-2030» бағдарламасында:
«Қазақстан келешекте дамыған мемлекеттердің біріне айналуы үшін мұнда тұратын барлық халықтар өзара достығы мен бірлігін нығайтып, сапалы білім, саналы тәрбие алуға құлшына алу керек» делінген.
Би.
Жүргізуші:
Мамыр қандай, шіркін-ай, мамыр қандай!
Айнала жасыл кілем жамылған жай.
Алатауым басына ақ шәлі орап,
Мойнына гүлден алқа тағылғандай.
Мамыр қандай, шіркін-ай құлпырады.
Күй толқын көңіліне жыр тұнады.
Жыл еркесі гүл мамыр, сұлу мамыр,
Секілді адамзаттың ынтымағы.
Өлең.
Жүргізуші:
Егемен ел болдық, қаһарман ерлікпен.
Бағымыз жанады, бауырмал елдіктен.
Қазақтың мерейі жұлдыздай жоғары,
Мәңгілік жасаймыз бірлікпен, ерлікпен.
Халқымыздың қанға сіңген осы берік бірлігі, ұйымшылдығы, басқа халықтармен одақтасып, достаса білуі жеңістен жеңіске жеткізеді.
Би.
Жүргізуші:
Бірлік - халық салты. «Халқымыздың бірлік салты отбасынан басталып, бүкіл елдің, барлық адам баласының бірлігімен ұласады».
Бейбітшілік құсы, ақ көгершін,
Биік ұшып самғасын.
Тілегімізді жерге жайсын,
Қанаттары талмасын.
Ән.
Қағаздан жасалған ақ көгершіндерді биікке шарға байлап ұшыру. Барлық қатысушылар бірге шығып, көрермендермен қоштасады.
Жүргізуші:
Осымен мерекелік кешімізді аяқтаймыз. Көріп тамашалағандарыңызға көп рахмет.
«АЛТЫН КҮЗ» МЕРЕКЕСІНІҢ СЦЕНАРИІ
Дайындаған: Жадыра Манатовна Шарипбекова, Көктөбе ауылы, «Ақбота» бөбектер бақшасы
Қатысушылар:шегіртке-үлкен адам.
Құмырсқа-үлкен адам,балалар.
Күз ханшайымы-үлкен адам.
Жүргізуші:Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар, балалар! Бүгінгі «Алтын күз» мерекесіне қош келіпсіздер!!! Біздің балаларымыздың мерекеге арналған тақпақтарын қабыл алыңыздар. Ортаға Ақбота, Тамерлан, Сәния, Дана шақырылады.
Ақбота:Алтын нұрдай тамшылап,
Жапырақтар төгілді.
Біздің өмір таңшуақ,
Біздің өмір көңілді.
Тамерлан:Алуан-алуан жапырақ,
Ой, алақай, тамаша!
Шашу шашты жапырақ.
Сәния:Ағаштардан жамырап,
Ұшты кенет жапырақ.
О, алақай, тамаша!
Шашу шашты жапырақ.
Дана:Күзгі бақта күлімдеп,
Көз тартады атырап.
Күн шуақта маужырап,
Жатыр, әне, жапырақ.
Жүргізуші:Балалардың орындауында «Күз жомарт» әнін қабыл алыңыздар.
Ертегі:
Шырылдауық шегіртке,
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып, гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған.
Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тоңған, қарны ашқан,
Ойын қайда,ән қайда?
Секіру қайда сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Сабанда жатып дән жиған.
Құмырсқаны іздеп табады.
Селкілдеп келіп жығылды,
Аяғына бас ұрды.
Шегіртке:Қарағым жылыт, тамақ бер.
Жаз шыққанша асыра.
Құмырсқа:Мұның жаным сөз емес,
Жаз өтерін білмеп п(а) ең?
Жаның үшін еш шаруа.
Ала жаздай қылмап п(а) ең?
Шегіртке:Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ елеу илі ме?
Көгалды қуып ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме?
Құмырсқа: Қайтсің, қолың тимепті.
Өлеңші, әнші, есіл ер.
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер!!!
Шегіртке кетіп қалады, оның артынан құмырсқалар барып тамақтарын береді. Шегіртке оларға алғысын білдіріп, ендігіде ондай жалқау болмайтынын айтады.
Тақпақ:Алема, Айгерім, Сандияр.
Алема:Дала сары киінді,
Самал соқты салқындау.
Қырмандарға иілді,
Алтын астық алтын тау.
Айгерім:Ой, балалар, балалар!
Қоңырқай күз болыпты.
Қурап жапырақ салыпты,
Ел егінін алыпты.
Сандияр:Көрініп еліне
Күндері береке,
Келді ғой желбіреп
Күз деген мереке.
Жүргізуші: Балалардың орындауында «Қарлығаш» биі.
Ортаға сән салтанатымен «Күз ханшайымы» келеді.
Күз ханшайымы:Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мерекелерің құтты болсын! Қайдай әсем шарлар, өздерің қандай әдемісіңдер! Мен сендерге өз сыйларымды ала келдім!
Жүргізуші: Төрлетіңіз, Күз ханшайымы. Біздің балалардың өнерін тамашалаңыз!
(Күз ханшайымы отырады.)
Жүргізуші: Балалардың орындауында «Көбелек» әні!
Күз ханшайымы:Рахмет сендерге, балалар! Өте өнерлі екенсіңдер. Сендердің мерекелеріңе ата-аналарың келіп отыр екен. Мен олармен ойын өткізейін деген ойдамын! Ойын: «Кім жылдам?».
2 ата-ана шығып алмұртты жеу керек.
Күз ханшайымы: Өте тамаша. Менің кететін уақытым болды. Рахмет сендерге, балалар! Келесі кездескенше, сау болыңдар!
Жүргізуші: Біздің балалардың орындауында тақпақтарды қабыл алыңыздар.
Іңкәр:Біздің дала - бай дала.
Алтын астық айнала.
Ашық дала сәулеті,
Ашық отан дәулеті.
Данеля:Көктемде егін егетін.
Күзде жиып беретін.
Біздің дала - бай дала,
Алтын астық айнала.
Елжан:Алғыс саған, алтын күз!
Бір уыс дән шаштық та,
Қап-қап қауын алдық біз.
Жүргізуші:Жемісін мол беретін күз дос екен бізбенен, дей келе балалардың орындауында «Күз ырғағы» әні.
«Вальс» биімен балалар залдан шығып кетеді.
Жүргізуші:Осымен ертеңгілігіміз аяқталды, сау болыңыздар!
МЕРЕКЕЛІК ЕРТЕҢГІЛІГІНІҢ СЦЕНАРИІ
Тәрбиеші: Гүлсан Науановна Бостанбаева, Абай бөлімшесі, Абай БМ жанындағы шағын орталық
Тақырыбы: Алтын күз
Мақсаты: Күзгі табиғат өзгерістерін бақылап, күз байлығын, әсемдікті, сұлулықты сезіне білуге үйрету.
Көрнекілік: Күзгі суреттер, жапырақтар
Жүргізуші:
Құрметті қонақтар, ата-аналар, балалар, бүгінгі «Алтын күз» ертеңгілігіне қош келдіңіздер!
(Осы кезде залға Жел жүгіріп келеді.)
Жел:
Сәлеметсіңдер ме, кішкентай балапандар! Мен күзгі желмін. Сендерге қонаққа келдім, өнерлеріңді тамашалауға. Қанекей, балалар, маған өз өнерлерінді көрсетіндерші!
Жүргізуші:
Балалар, біз қайда келдік? Желмен бірге біз күзгі орманға келдік. Күзгі орманның жапырағы қандай екен? Қане, қараңдаршы, жапырақтары сары, қызғылт, қызыл түсті. Өте әдемі екен. Солай ма, балалар? Ал орманды бізге кім әдемілеп қойғанын білесіңдер ме?
Балалар:
Жүргізуші:
Жүргізуші:
- Олай болса, балалар таппақтарымызды айтып берейік.
1. Алтын, сары, қызыл, көк,
Алуан-алуан жапырақ.
Күзгі бақта күлімдеп,
Көз тартады атырап.
2. Күншуаққа маужырап,
Жатыр еді атырап.
Ағаштардан жамырап,
Ұшты кенет жапырақ.
3.О, алақай, тамаша!
Шашу шашты жапырақ.
Бақтың іші алаша,
Аунар ма едім, жатып ап?!
4. Қуандырып бізді,
Мерекелі күз келді.
5. Кел, жемісті алтын күз,
Кемелденсін халқымыз.
6. Көк майсалы көрікті,
Алқаптағы көк егін.
7. Бұл күндері киіпті,
Сары жібек көйлегін.
8. Берекесін сыйлауға,
Өлкемізге күз келді.
«Кім жапырақты көп жинайды?» ойыны. Еденде жапырақтар шашылып жатады. Балалар белгі берілген кезде жапырақтарды жинап шығу керек. Көп жинаған бала жеңеді.
Жүргізуші:
Балалар, қане, қарайықшы, бізге қонаққа кім келді? Бізге гном келіпті.
Гном:
Сәлеметсіңдер ме, балапандар! Бүгін сендер қандай әдемісіңдер! Менде бүгін әдемімін. (Әрі-бері жүреді.)
Балалар:
Гном:
Балалар, сендер жаңбырдың қалай жауатынын білесіңдер ме?
Балалар:
Гном:
Өте жақсы. Жаңбырдың жай түрі болады. Оны салу үшін қолымызды жай шапалақтаймыз. Сонымен қатар, қатты жаңбырлар да болады. Қатты жаңбыр болса, қолымызды қатты шапалақтаймыз. Түсіндік пе? Ал, ендеше, «Қандай жаңбыр?» ойынын ойнайық.
Гном:
Ой, балалар, сендермен уақыт өте көңілді өтті. Рахмет. Мен енді үйге қайтайын. Сеңдердің ақылды, көңілді екендерінді достарыма айтып барамын. Сау болыңдар, балалар. (Гном қоштасып шығып кетеді.)
Жүргізуші:
Балалар, бүгін бізге гном келді. Ал сиқырлы күз болса, әлі жоқ. Ендеше, ортаға Алтын күзді шақырайық.
Балалар:
(ортаға Алтын күз кіреді).
Алтын күз:
Сәлем, өрен достарым,
Алақанды тос бәрің.
Қымбатты сый алыңдар,
Қызығыма қаныңдар.
Сәлеметсіңдер ме, балалар! Балалар, мен өзіммен бірге көкөністер әкелдім. Осы көкөністен сеңдердің ата-аналарың қандай салат жасап береді екен? Енді ата-аналарынды сынайық.
«Жылдам салат жасау» ойыны. Ата-аналар ортаға шығып, ұсынылған көкөністерден салат жасайды.
Алтын күз:
Балалар, мен ағаштарды сары түске бояп келе жатқанымда мына сары орамалды тауып алдым. Бұл - сиқырлы орамал. Осы сиқырлы орамалмен сендерге сиқыр жасаймын.
Алтын күз:
Орамалды ашайық,
Астында не, қарайық?
Бұл не?
Бұл себет қой!
Себеттің бетін жапырақтар жауып тұрады. Ал жапырақтар астында алма шығады. Алтын күз балалардың әрқайсысына алма үлестіреді. Балалар күзге рахметін айтып қоштасады.
Жүргізуші:
Осымен біздің ертеңгілігіміз аяқталды. Келесі кездескенше сау саламат болыныздар!
АЛТЫН КҮЗ МЕРЕКЕЛІК ЕРТЕҢГІЛІГІНІҢ СЦЕНАРИІ
Тәрбиешілер: Бақыт Сагдатовна Аубакирова, Шарипжанова Мейрамгуль Мырзабековна, Баскөл ауылы, А. Иманов ат. ЖОББМ жанындағы шағын орталық
Тақырыбы: Арайлы алтын күз
Мақсаты: Балалардың күзгі табиғат ерекшеліктері туралы білімдерін кеңейте түсу, күз байлықтары алтын, көкөніс, жемістер туралы білетіндерін толықтыру. Еңбекті, табиғат сұлулығын сүюге тәрбелеу.
Мерекелік безендіру: Зал мерекеге сай безендірілген, күзге байланысты суреттер, шарлар.
Жүргізуші: Күз адам баласына молшылық, береке әкелетін мезгіл. Сондықтан да, адамдар күзге берекелі күз, алтын күз деп баға береді. Алтын дейтін себебі, біріншіден, айналаның бәрі сап-сары түске боялады, екіншіден, алтын байлықтың белгісі. Құрметті, ардақты қонақтар, алтын күз мерекесімен құттықтаймыз! Ақылды, тәртіпті, ата-аналарына қолғанат, оқуда озат, жанұяда бақытты болуларыңа тілектеспін!
Армысыздар, бүгінгі кеш куәсі,
Алтын күзім тойланатын күн осы.
Табиғатым сары көйлек киінді.
Күзгі балды тойлауға жұрт жиналды.
Рұқсат болса, бастайық осы кешті.
Балалар, мерекеміз қызықты өту үшін ортамызға Күз ханшайымын шақырайық.
Балалар: Хор
Келші, келші алтын күз,
Келші, келші жарқын күз.
Мерекені жалғастырып,
Ойнап-күлші, алтын күз!
Осы кезде мерекелік көңіл-күйімен залға Күз ханшайымы жәшігін арқалап кіріп келеді. Жәшіктің ішінде күзгі базарлық жемістер, көкөністер салынған.
Армысыздар ма, балдырғандар! Күзгі бақтағы қонақтар. Өздеріне әкелдім, күздің сыйын көз тартар.
Балалар: Көп рахмет сізге!
Жүргізуші: Алтын күз, мына сыйды балаларға таратып берсек бола ма?
Күз: Жоқ, бұл сыйды балалар еңбек етіп, тер төгіп, жеңіп алулары қажет өйткені күздің сыйлары жемістерде, көкөністерде тек адамның еңбегінің арқасында болады. Сондықтан балалар мен бір ойын ойнайық, егер ойын шартын ойнай білсе, ептілік көрсете осы сыйлықты алуларыңа болады.
Ойын: «Шар ұста» ойының ұйымдастырайық.
Сұрақтар:
Қызыл сары жапырақтар қай кезде болады?
Күз айларын ата.
Жапырақтарының түсі қандай болады?
Күзде құстар қайда кетеді?
Күз туралы қандай тақпақ, өлең білесің?
Жемістер мен көкөністерді қашан жинаймыз?
Қанеки, балалар, Алтын күз мерекесіне арналған тақпақтарымызды айтайық .
Балалар тақпақ айтады.
Жүргізуші: Ал, балалар, тұрмайық,
Қол соғайық, тұрмайық.
Күзгі бақта бүгінгі.
Шырқап әнге салайық!
Балалар ән орындайды.
Қыздардың орындауында «Аққу» биі.
Жүргізуші: Алтын күз, сізде толып жатқан сырлар көп, сондықтан бізге арналған қандай сыйымыз бар.
Күз: Менің жеміс жидектерім де өздерін таныстыруға осында келді. (Жемістердің макетін киген балалар ортаға шығады.)
Жүргізуші:
Күзгі бақтағы қонақтар,
Айналайын балалар.
Мерекеміз бүгінгі
Естен кетпес күн болды.
Бақыт тілеп бәрімізге,
Сау болыныздар, деп.
Аман-саулық тілеп,
Мерекені аяқтайық.
Осымен, Алтын күз мерекесін аяқтауға рұқсат етінңіздер. Зейін қойып тындағандарыңызға көп рахмет.
МЕРЕКЕЛІК ЕРТЕҢГІЛІК СЦЕНАРИІ
Тәрбиеші: Гульмира Калидоллаевна Жагипарова, Көктөбе ауылы, «Балдаурен» балабақшасы
Тақырыбы: «Менің елім – Қазақстан»
Мақсаты: Балаларды өз Отанын сүюге, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің нышандарының қойылуы себебі жайында толық мәлімет беру. Отаншылдыққа тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілі: Түсіндіру, сұрақ-жауап.
Сабақтың көрнекілігі: Мемлекетіміздің Рәміздерінің, Астана қаласының суреттері.
Қолданатын құралдар: Түрлі-түсті қағаз, желім.
Амандасу шеңбері: «Әдепті елдің баласы алдымен сәлем береді.»
Тәрбиеші: Амансыңдар ма, достарым!
Балалар: Сәлеметсіз бе, апай!
Тәрбиеші: Қане, балалар, шеңберге тұрайық, бір-бірімізге алақандарымыздың жылуын беріп, жақсы тілектер айтайық.
Күніміз шуақты болсын!
Аспанымыз ашық болсын!
Көк туымыз биік болсын!
Елімізде тыныштық болсын!
Тәрбиеші: Балалар, бүгінгі біздің сабағымыздың тақырыбы «Менің елім - Қазақстан» деп аталады.
Балалар, біз қай елде, қай Республикада тұрамыз?
Қазақстан Республикасында тұрамыз.
Қазақстанның елордасы қай қала?
Астана.
Елбасымыз кім?
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Біз Қазақстан Республикасының рәміздерін білеміз бе?
Иә, олар Әнұран, Ту, Елтаңба.
Ендеше кім Рәміздер туралы өлең айтып береді?
Даяна: Рәміздеріміз – елдігімнің белгісі,
Білу керек балаға дейін ең кіші.
Архат: Әнұраным – жан ұраным,
Сөйлер сөзім, айтар әнім.
Балалар: Қазақстан Республикасының Әнұранын хормен орындайды.
Сергіту сәті: Көтеріліп шаңырақ,
Уықтары шаншылар.
Керегелер керіліп,
Өрімдей боп өрілер,
Бәріміз жүрсек айналып,
Киіз үй боп көрінер.
Тәрбиеші: Балалар, кім Отан, туған жер туралы мақал-мәтелдер біледі?
Арсылан: Отан оттан да ыстық.
Аружан: Туған жер – алтын бесік.
Саян: Отан – елдің анасы.
Қортынды: Логикалық ойын «Кім жылдам?»
Шарты: Көк туды құрастырып, желіммен ақ қағазға жабыстыру.
МЕРЕКЕЛІК ЕРТЕҢГІЛІК СЦЕНАРИІ
Дайындағандар: «Балдаурен» балабақшасының тәрбиешілері
Тақырыбы: «Күн дидарлы Қазақстан!»
Мақсаты: Балалардың Отаны, Рәміздері, Елбасы, желтоқсан оқиғасы, Тәуелсіздік күні туралы түсініктерін молайту. Мәнерлеп тақпақ айтуға, сахналық көріністерді көрсетулер арқылы еліне, отанына деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Отанын, елін сүюге тәрбиелеу.
Еліміздің Тәуелсіздігіне орай өткізілетін мерекелік ертеңгілікке балалар залға вальс билеп кіреді. Мұнан соң барлығы Әнұранды орындайды.
Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме,балалар, қонақтар, әріптестер! Бүгінгі 16-желтоқсан Тәуелсіздік күніне арналған балабақшамыздағы мерекелік ертеңгілігімізді бастаймыз.
Рәміздерім – елдігімнің белгісі,
Білу керек бала –дағы ең кіші.
Рәміздерім- ӘНҰРАН, КӨК ТУ, ЕЛТАҢБА,
Рәміздерді жатқа білген жөн кісі.
Жүргізуші: Балалар, біздің Отанымыз қалай аталады?
Балалар: Қазақстан.
Жүргізуші: Қазақстан қандай мемлекет?
Балалар: Қазақстан тәуелсіз, егеменді мемлекет.
Жүргізуші: Балалар, бүгін міне осы Тәуелсіздік мерекесі күні. Еліміздің президенті кім?
Балалар: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Жүргізуші: Еліміздің елордасы қай қала?
Балалар: Астана.
Жүргізуші: Астана қандай қала?
Балалар: Астана-бас қала, әдемі, үлкен қала.
Жүргізуші: Дұрыс айтасыңдар, балалар. Отан туралы тақпақтарымызды айтайық.
Мерей: Отан- жерім, Отан- суым,
Отан қуат, нәр береді.
Отан- ұран, Отан- туым,
Отан мәңгі гүлденеді!
Санжар: Қуат алған өзінен,
Туған елдің ұлымын.
Бақытты етіп өсірген,
Отанымның гүлімін.
Зарина: Шырқап көкке аспан – ән,
Болашаққа бас қадам.
Қазақ рухын биіктет,
Ей, бас қалам- АСТАНА !
Ерсұлтан: Қадамың бар баспаған,
Асуың бар аспаған.
Халқым жетсін мұратқа,
Ей, бас қала- АСТАНА!
Жүргізуші: Біз бүгін тәуелсіздік алған күнімізді мерекелеудеміз. Біздің еліміз тәуелсіз болғандықтан өз мемлекеттік Әнұраны, Елтаңбасы және өзінің мемлекеттік туы бар. Балалар, мемлекеттік туымыздың түсі қандай екен?
Балалар: Туымыздың түсі – көк.
Жүргізуші: Иә, өте жақсы.
–Ал, енді балалар, Рәміздерге байланысты тақпақтарымызды айтайық (балалардың тақпақтары тыңдалады).
Әділет: Елтаңбасы елімнің,
Неткен әйбат, әдемі!
Тұнығындай көңілдің,
Ортада- аспан әлемі.
Әділ: Құт, береке – шаңырақ,
Орын алған ол төрден.
Қанатты қос арғымақ,
Екі жақтан көмкерген.
Данель: Анаң- күнің, жүрегің,
Әкең – өмір тірегің.
Сен- бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын!
Даяна: Көк аспандай көкпеңбек,
Қазақстан жалауы.
Көк емес ол тектен-тек,
Елдің ашық қабағы.
Жанарыс: Тәуелсіздік жолында,
Талай – талай тер тамған.
Билігім өз қолымда,
Еркіндігім – Елтаңбам.
Нарқыз: Аспанымдай мөлдірмін,
Жайлауымдай жазықпын.
Өзенімдей өршілмін,
Гүлдерімдей нәзікпін.
Архат: Ақ ниеті- алтын күн
Асқақ арман – қыраны.
Жалауы бұл- халқымның,
Мәртебесі, мақтаны.
Ән: «Ел қорғауға әзірміз».
Би: «Қара жорға».
МЕРЕКЕЛІК ЕРТЕҢГІЛІК СЦЕНАРИІ
Дайындағандар: Жадыра Манатовна Шарипбекова, Мейіргүл Ержанқызы Қожанова, Айгерим Кусмановна Абеуова, Көктөбе ауылы, «Ақбота» бөбектер бақшасы.
Тақырыбы: Менің тұңғыш Президентім!
Көрнекілігі: Елбасы суреттері, сөзжұмбақ, әнұран, т.б.
1-ші Жүргізуші: Сәлеметсіңдер ме, балалар!
2-ші Жүргізуші: Қайырлы күн, сүйікті де, сүйкімді балалар!
1-ші: Жүргізуші: Бүгінгі ашық сабақ Елбасымыз- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналады. Балалар, біз алғаш Елбасы күнін атап өткелі жатырмыз.
2-ші Жүргізуші: Бүгінгі ашық сабағымызды әнұранмен ашайық.
Әнұран айтылады.
1-ші: Жүргізуші: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 6-шілде 1940 жылы Алматы облысы Қаскелең ауданындағы Шамалған ауылында туған. Балалық шағы кейде айта беретініміздей таршылық жағдайда өтті. Үлкендердің мал бағуына, бау-бақша өсіруіне көмек көрсету керек болды, шөпшек теріп, отын жарды. Мектепте жақсы оқып, жақсы білім алды. Ата-анасын қатты құрмет тұтты.
2-ші Жүргізуші: Отбасылық жағдайына келетін болсақ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жұбайы – Сара Алпысқызы. Олардың 3 қызы бар: Дариға, Динара, Әлия.
1991 жылы 1-желтоқсанда республика жұртшылығы тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Республикамыздың Президенті етіп сайланды.
1-ші: Жүргізуші:
«Көбелектер» тобының орындауында ән «Отаным».
2-ші Жүргізуші:
1992 жылы 4-маусымда жаңа мемлекеттік рәміздер Елтаңба, Ту, Әнұран бекітілді.
«Таңбасыз ел болмайды, найзасыз ер болмайды», - дейді қазақ халқы. Кез-келген халықтың өз таңбасы болады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы мемлекеттік құжаттарға қойылады.
Елтаңбаның авторлары – халқымыздың танымал ұлдары - Жандарбек Мәлібеков пен Шота-Аман Уәлиханов.
Шаңырақ –Отан отбасынан басталады. Ортақ шаңырақ биік, босаға берік болсын деген мағынаны, ал уықтар –үлкен үйдің уықтарын шын ниеттерімен қосыла танытқан елшілес ел жұртқа да бай, қуатты тілеймін дегенді білдіреді. Ай мүйізді, алтын қанатты қос пырақ-арыстанның жүректілігін, қыранның қырағылығын, өгіздің қара күшін, еліктің шапшаңдығын, қырмызы қызыл түлкінің жауын жер соқтырар айлакерлігін білдіреді. Бес бұрышты жұлдыз «Бағымыз ашылып, жұлдызымыз жарқырай берсін» деген асыл арманды арқалап тұр.
1-ші: Жүргізуші:
Мемлекеттік Ту-1992 жылы 4-маусымда қабылданып, 6-маусымда күшіне енді. Тудың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген, ішкі бұрышты көгілдір матаның сол жағында қызыл өрнегі бар. Жалаудың ұзындығы -2 метр, ені-1метр. Жалаудың жобасын жасаған – суретші Шәкен Ниязбеков.
«Гүлдер» тобының орындауында «Қазақстан» әні.
2-ші Жүргізуші:
Қазақ елі, желбіреп көк байрағың,
Гүлге оранды ауылың мен аймағың.
Нұрсұлтаның биіктерге бастады,
Ол көрсеткен нұрлы жолдан таймағын.
1-ші: Жүргізуші:
Нұрсұлтан бар деп, нұрыңа сенің шомылғандай боп жүрем мен,
Бейнеңді көрсем беймезгіл кезде қабағымды ашам түнерген.
Сүйеміз сені, санамыз сөніп қалмай тұрғанда сүйеміз,
Алланың бізге бір өзі сеніп өкілісің сен жіберген.
Балалар, қазір мен сендерге сөзжұмбақ жасырамын, сендер оны шешесіңдер. Жақсы, келістік пе?
Иә!
Сөзжұмбақтың сұрақтары:
1. Біздің мемлекетіміздің аты қандай?
2. Біздің Елбасымыз кім?
3. Қазақстан Республикасының бас қаласы қай қала?
4. Біздің тіліміз қандай?
5. Ал, ұлттық валютамыз, ақшамыз қалай аталады?
(Балалар сөзжұмбақты шешеді).
2-ші Жүргізуші: «Көбелектер» тобының орындауында ән - «Ағатайым-ай!».
1-ші: Жүргізуші:
Нұрсылтанға рух берген - кәрі тарих парағы.
Дара шыңы қазақтың,
Дана басып тудың, халық – алыптан.
Топырағы ол туған жердің киелі.
2-ші Жүргізуші:
Тұратұғын болашақтың үні кеп,
Тартылар күй айтылатын жыры көп.
Ерекше бір еркіндік, бауырлар,
Басшымыздың бүгін туған күні деп.
Балалар, бүгінгі сабағымызды «Жаса, Қазақстан!» әнімен аяқтайық.
Ән: «Жаса, Қазақстан!»
1-ші: Жүргізуші: Балалар, Елбасы күніне арналған тәрбие сағатымыз аяқталды.
ЕРТЕҢГІЛІК СЦЕНАРИІ
Тәрбиеші: Ахметова Сандуғаш Боранбаевна, Малайсары ауылы, Малайсары ЖОББМ жанындағы шағын орталық
Тақырыбы: «Менің Қазақстаным - менің болашағым»
Мақсаты:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны, Елтаңбасы және Туы туралы білімдерін дамыту. Балалардың сезімталдық, қиялшылдық; естігенін, көргенін қайта жаңғыртып, есте сақтау, есіне түсіріп толқу, жақсылық істеуге талпыну сияқты қабілеттерін дамыту.
Өз республикасын танып –білуге, жақсы көруге, Отанына деген сүйіспеншілікке, патриоттық сезімге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Қазақстан Республикасының картасы (балалардың суреттері жапсырылған түрлі түсті гүлдер), Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері.
Қанатты сөз:
Туған жер – алтын бесік.
Отансыз адам - ормансыз бұл-бұл.
Ертеңгілік барысы: Ертеңгілік Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталады. (Балалар орындарынан тұрып әнұранды айтады.)
- Біздің республикамыз Қазақстан деп аталады. Біздің еліміз – тәуелсіз мемлекет. Яғни, біздің еліміз тәуелсіз болғандықтан, өз мемлекеттік әнұраны, елтаңбасы және өзінің мемлекеттік туы бар. Біздің ұлттық тіліміз –қазақ тілі. Республикамыздың президенті – Н. Ә. Назарбаев.
- Балалар, мынау біздің еліміз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы– көгілдір түсті тік бұрышты кездеме. Тудың ортасында күннің 32 шұғыласы, оның астында қалықтаған қыран бейнеленген. Сабына бекітілген тұста ұлттық оюлармен кестеленген тік жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек – алтын түсті.
Балалармен сұрақ –жауап арқылы түсінгендерін пысықтайды.
- Балалар, тудан ненің бейнесін көріп тұрсыңдар?
- Күн, құс пен оюдың бейнесін көріп тұрмыз.
- Иә, өте жақсы, дұрыс айтасыңдар. Ал, енді, балалар, мемлекеттік туымыздың түсі қандай екен?
- Мемлекеттік туымыздың түсі - көк, көгілдір.
- Неге ұқсайды?
- Аспанға ұқсайды.
- Біздің мемлекеттік туымыз аспан түстес көк екен.
Балалардың жаттаған «Қазақстан жалауы»деген өлең жолдары тыңдалады.
Аспан түстес көгілдір,
Тік бұрышты матаның.
Ортасында төгіп нұр,
Күн жаяды шапағын.
Астында оның қалықтаған,
Қыран құстың бейнесі.
Азат елдің шалқыған,
Көңілі де білерсің.
Есте белгі ұрандар,
Сары алтындай сақталған.
Күн шұғыла қыранда,
Алтын түске қапталған.
Сол жағында матаның,
Сары түсті жолақ бар.
Мұратындай атамның,
Әсем өрнек ол ұлттық!
Мынау біздің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Рәміздік тұрғыдан ҚР мемлекеттік Елтаңбасының негізі – шаңырақ. Ол – Елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ – мемлекетттің түп негізі – отбасының негізі. Шаңырақ – Күн шеңбері. Айналған күн шеңберінің қозғалыстағы суреті іспетті. Шаңырақ – киіз үйдің күмбезі, көшпелі түркілер үшін үйдің, ошақтың, отбасының бейнесі. Тұлпар – дала дүлділі, ер-азаматтың сәйгүлігі, желдей ескен жүйрік аты, жеңіске деген жасымас жігердің, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсіздікке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар – қазақ поэзиясында кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпі. Қанатты Тұлпар Уақыт пен Кеңістікті біріктіреді. Ол - өлмес өмірдің бейнесі. Бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүретін Қазақстан халқының өсіп-өркендеуін, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесін паш етеді. Бес бұрышты жұлдыз Елтаңбаның тәжі іспетті. Әрбір адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – Ж. Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов.
Балалармен әңгіме жүргізіліп, «Біздің елтаңба» деген тақпақ айтылады.
Алтын қанат көмкерген,
Шаңырақ бар, уық бар.
Әсем бейне сен көрген,
Жай белгі емес ұғып ал!
Көгілдір түс аясы,
Бейбіт дала елесі.
Шаңырақ – жұрт панасы,
Уықтар -күннің сәулесі.
Сүйсіндірер өзіңді,
Түсіне біл таңбаны.
Аңызда ұшқыр төзімді
Пырақ халық арманы.
Жоғарыға түсер көз,
Бес бармақты жұлдызға,
«Қазақстан» деген сөз,
Таныс барлық ұл-қызға.
Мағыналы, сымбатты,
Бар осындай белгіміз.
Маған, саған қымбатты
Елтаңбасы ол-еліміз!
СЕРГІТУ СӘТІ: Бір шаңырақ астында,
Тату-тәтті тұрамыз.
Бірге ішеміз асты да,
Бірге сайран құрамыз.
Достықты үлгі санаған,
Бір үйде біз тұрамыз.
Қалған ата-бабадан.,
Бірлік асыл мұрамыз!
-Ата –бабамыздың өткен өмір жолына біраз шолу жасап қарасақ, «Не деген дархан ел, не деген төзімді де қайратты ел, не деген батыр да батыл менің елім!» деп көңілің көкке көтеріледі.
(Музыка ойнап, аяғын ақырын басып Ата шығады. Орындыққа келіп, демалып отырады. Осы кезде жүгіріп немересі шығады).
Достарыңызбен бөлісу: |