Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Филология және көптілді білім беру институты
Академик С.С.Қирабаев атындағы Қазақ тілі мен әдебиет кафедрасы
Реферат жұмысы
Тақырыбы: Түркітану ғылымының зерттелуі
Орындаған: Сайыпова М.
Қабылдаған: проф.Қалыбаева Қ
Алматы ,2020 жыл
Түркітану – түркі тілінде сөйлейтін халықтардың тілін, этнографиясын, тарихын, ауыз әдебиетін, мәдениетін зерттеу нәтижесінде қалыптасқан. Түркітану атауы ғылыми айналымға алғаш Орхон-Енисей (Орхон жазба ескерткіштері, Енисей жазба ескерткіштері), көне ұйғыр, манихей, т.б. жазба ескерткіштердің зерттелуіне байланысты еніп, дамыған. Бұл жазбалар Орталық Азия мен өзге де аймақтарды мекен еткен ежелгі түркі тайпаларының тарихын, тілін, әдеби ескерткіштерін, рухани және материалдық мәдениетін зерттеуде аса құнды деректеме саналады. Бұдан кейін Түркітану орта ғасырдағы араб, парсы, түркі тілінде жазылған тарихи жылнамаларды, филологиялық және географиялық шығармаларды зерттеу негізінде дами түсті. Түркітанудың пән ретінде дамуында XIX–XX ғғ. зерттеле бастаған әдеби трактаттар мен филологиялық шығармалардың маңызы зор болды. Бұлардың қатарына түркі тайпалары туралы лингвистикалық, тарихи этнографиялық, фольклорлық деректерді жүйеге келтіре отырып жазылған алғашқы ғылыми еңбектер – Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» атты сөздігі, Жүсіп Баласағұнидың «Құдатғу біліг» атты әдеби дидактикалық шығармасы, ортағасырлық түркі халықтарының тарихынан, шығу тегінен мәліметтер берген Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди», Қыдырғали (Қадырғали) Жалайырдың «Жылнамалар жинағы», Рашид әд-Диннің «Жамиғ-атТауарих», т.б. шығармалары жатады. Мұның бәрі XIX ғ. 2-жартысы мен XX ғ. 1-жартысында түркітанудың қалыптасып, орнығуына жағдай туғызды. Әлем халықтары ішінде түркі халықтары өзіндік тіл, тарих, мәдениет, салт-дәстүр ерекшеліктерімен айрықша орын алады. Түркітанудың дараланып, өз алдына жеке ғылым саласына айналуының ең басты себептерінің бірі Орхон, Селенга, Енисей, Талас, т.б. өзендер алқаптарынан сан алуан тасқа шекілген (руникалық) жазулар, мүсін тастар мен арнайы жасалған жазба ескерткіштердің бірінен кейін бірі табылып, олардың сыры ашылып, құпиясы айқындала бастауына байланысты болды. Осыған орай Орхон-Енисей-Талас тас жазулары оқылып, ірілі-ұсақты көптеген түркі тайпалары мен ұлыстарының тарихы айқындалып, мәдени мұра зерттеле бастады. Түркологияның тарихында жанқиярлық еңбек еткен еуропалық ғалымдар аз емес. В.Томсен, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, Г.Е.Малов, М.Насилов, К.К.Юдахин, т.б. - әлемге әйгілі түркітанушылар. Бұлардың қатарын түркілердің өз арасынан шыққан тамаша ғалымдар толтыра түсті. Олар: Э.Ноджип, А.Байтұрсынов, Э.Р.Тенишев, Н.З.Гаджиева, Т.Кеңесбаев, Б.М.Юнусалиев, Э.И.Фазылов, Ә.Қурышжанов, К.М.Мусаев, Э.К.Пекарский, Т.Текин, т.б. Бұлардың еңбектері - қазіргі түркологиялық зерттеулердің іргетасы ғана емес, ғылымның мемлекет, ұлт шеңберімен шектелмей, жалпы адамзаттық арнада дамитындығының айқын көрінісі. Түркітанушы қазақ ғалымдары қатарында А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, С.Аманжолов, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Р.Әміров, Ә.Құрышжанов, т.б. зерттеушілерді атауға болады. өз білімін өмір тәжірибесімен нығайтып, байытып отыратын, зерделеген істерін, ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғалым ғана өз дәрежесінде, заман талабының өресінде болатыны – өмір ақиқаты. Солардың бірегейі – ғалым, түркітанушы Отар Әлі Бүркіт. О.Бүркіттің қазақ тіл білімі мен түркітану саласында сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, жүргізген зерттеу жүмыстары сүбелі. Ғалым - қазақ тіл білімінің салаларын зерттеумен қатар, түркітанудың мәселелеріне баса кӛңіл аударып, зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі. Түркітанушы-ғалым түркі халықтарының тарихы, олардың көне мұрағаттары, қалыптасуы мен даму кезеңдерін зерттеп, оларды классификациялайды. Мәселен, тілші-ғалым Отар Әлі Бүркіттің «Түркітану» атты оқу құралында бұған дейінгі толық қамтылмай жүрген «Алтай», «Жаңа түркі» дәуірлері туралы тың мәліметтер қамтылған. Түркітану ғылымының аса маңызды да күрделі саласы – көне түркі этногенезі мен алғашқы түркі тілдерінің дамуына келіп тірелетін проблемалары болып табылады. Қазіргі түркі халықтарының ата-баба, үрім-бұтақтарының басынан кешкен өмір өткелдерінің де, арғы тарихын да, кӛне түпкі тілінің қалыптасып, дамуының жөн-жосығын да, сала-саламен тармақтана өрбуін де, өркені өсе келіп бүгінгі тілімізбен жалғасуын да, халықтардың тарихи-мәдени ортақтығын да, көне түркі этногенезін де, қазіргі түркі тілдес халықтардың шығу тегін де зерделеп қарап, терең зерттеу - ӛмір талабы. Бұл мәселені шешуге Европа, Ресей ғалымдарымен қоса, қазақ ғалымдарының да белсене атсалысқаны бәрімізге мәлім. Тілдің қоғам мен халық өміріндегі рөлін қарастырып жүрген ғалымдар өз зерттеулерінде тіл мен халықтың тарихы арасында тығыз байланыс бар екенін жазады. Алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіндегі грамматикалық құрылысы жетілмеген тілдер қоғамның дамуына сәйкес дамып, тайпа тайпалық одаққа, одан тайпалық бірлестікке, тайпалық бірлестіктен халыққа, халықтан ұлтқа айналады. Бұл бір күннің немесе бір жылдың ішінде жүзеге асатын құбылыс емес, ол - өте күрделі құбылыс, бұл мыңдаған жылдар, сандаған ғасырларды қажет ететіні сөзсіз. Тіл де осы құбылысқа сәйкес дамып, халық дамуының әр сатысы тіл дамуының әр деңгейімен сабақтасып отырады. Сондықтан, тілдің даму дәуірлерін халықтың даму процесінен тыс қарастыру әсте мүмкін емес [1,49]. Түркі тілдері бір-бірінен онша алшақ емес. Олардың негізгі сөздік қоры мен грамматикалық құрылымының ортақтығы түркі халықтарының бүгінгі таңда да бір-бірімен оңай түсінісуіне негіз болып отыр. Кезінде В.В.Радлов оларды диалектілер деп тегін айтпаса керек. Түркі тілдері арасында басқаларына көп сәйкес келе бермейтіні – чуваш және якут тілдері. Сондықтан Н.А.Баскаков бүгінгі түркі тілдерінің негізі өте көне дәуірде қалыптасқан деп есептейді [2,14]. Түркі тілдерінің жеке өзіндік ерекшеліктерге ие болуына өзге халықтармен қарым-қатынасқа түсуі ғана себепші болмай, халықтардың арасындағы мәдени, рухани байланыстар, діни көзқарастар мен ағымдар да белгілі дәрежеде әсерін тигізді деуге толықтай негіз бар. Демек, түркі тілдерінің қалыптасу және даму дәуірлерін қоғамның дамуымен, сол тілде сөйлейтін халықтың өсу жолымен байланыстыра қарастыру маңызды. Түркі тілдерінің қалыптасу және даму жолын бірізді құбылыс деп есептеуге болады. Қазіргі түркі тілдерінің арасында сатылай байланыс, бір-біріне іліктестігі сақталған. Түркітанушы ғалымдар түркі тілдерінің даму кезеңдерін белгілі дәуірлерге бөліп, әр дәуірдің өзіндік ерекшелігін анықтауда елеулі жұмыстар атқаруда. М.А.Кастрен, В.В.Бартольд, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, С.Е.Малов және өзге де түркі тілдерінің тарихи даму үрдісін зерттеуші ғалымдар түркі тілдері дамуы мен қалыптасуын 6 кезеңге бөліп қарастырған: 1.Алтай дәуірі(уақыты белгісіз). 2. Ғұн дәуірі /V ғ. дейін/. 3. Кӛне түркі дәуірі /V-Х ғғ./. 4. Орта түркі дәуірі немесе негізгі түркі тайпаларының дамуы мен қалыптасу дәуірі /Х-ХVғғ./. 5. Жаңа түркі дәуірі немесе түркі халықтарының қалыптасуы мен даму дәуірі /ХV-ХХғғ./. 6. Ең жаңа түркі дәуірі немесе түркі тілдерінің Қазан тӛңкерісінен кейінгі даму дәуірі (ХХғ. 17-жылынан бүгінге дейін). Түркітанушы қазақ ғалымы, профессор Отарәлі Бүркіт те осы алты кезең бойынша шетел ғалымдарының зерттеулерін негізге ала отырып, өзіндік үн қосып, тың деректермен толықтырады. Ғалымдар арасында талас тудырып келе жатқан – Алтай дәуірі. Алтай және Орал тілдерінің туыстығы турасында кӛптеген ғалымдар дәлелді зерттеулер жазса да, белгілі бір түйінге келген жоқ, ғылыми зерттеулер жүргізіп, нақты деректер дайындау – болашақтың еншісінде деген Отарәлі Бүркіт келешекке сенім артады. Ғұн империясының қуатты мемлекет болғандығын, адамзат тарихында олардың алатын орны ерекше екендігін ғұндардың шаруашылығы, діни нанымдары, кӛркемӛнері, эпосы, қоғамдық құрылысына жеке-жеке тоқталып, дәлелді мысалдар арқылы кеңінен айтып өткен. Көне түркі дәуірін ғалымдар түкію кезеңі, көне ұйғыр кезеңі, кӛне қырғыз кезеңі деп 3 кезеңге бөліп қарайтынын айтады. Көне түркі халықтарының дамуында бұл дәуірдің де алатын орны ерекше. Түркі халықтарынан мәлімет беретін деректер мен ескерткіштер – осы дәуірге тиесілі. Орхон-Енисей ескерткіштері, Күлтегін мен Могилян (Білге ханға) қойылған ескерткіш, Тоныкөкке арналған ескерткіш, Білге Құлышарға арналған ескерткіштер сол дәуірде өмір сүрген қолбасшылар мен қайраткерлерге арналған болса да, ол жәдігерлер түркі халықтарының ӛмірі, тілі, әдет-ғұрпы жайлы сыр шертеді. Әлеуметтік маңызы зор оқиғаларға толы кезең – Орта түркі дәуірін ғалымдар қарахандықтар дәуірі және моңғолдар дәуірі деп екі кезеңге бөліп қарастырған. Профессор М.Қашқаридың «Диуани лүғат-ат-түрік» сөздігі, Ж.Баласағұнның «Құдатғу білік» дастаны қарахандықтардың тілдік ерекшеліктерін сипаттайтын құнды еңбек екенін атап ӛтіп, моңғолдар дәуіріне тән шығыс жазба ескерткіштері, батыс жазба ескерткіштері, «Кодекс Куманикс» ескерткіші, мамлұқ қыпшақтарының жазба ескерткіштері, Орта Азия ескерткіштері туралы баяндайды. Ғалым О.Бүркіт тайпалық одақтардың ыдырап, түркі халықтарының жеке-жеке ұлт болып қалыптасуы және соған сәйкес бүгінгі түркі тілдерінің өз алдына дамуы – Жаңа түркі дәуірінің басты ерекшеліктері болып табылады десе, ең жаңа дәуірді ХХ ғасырдағы ірі саяси оқиға – Қазан төңкерісі және соған байланысты ел ішіндегі өзгерістермен, түркі тілдес мемлекеттердің тәуелсіздікке қол жеткізуімен байланыстырады. Бұл дәуір түркі халықтары мен олардың тілдерінің өсіп-өркендеуіне аса қолайлы кезең болып саналғандығын айтуға болады. Түркі тілдерінің бұл кезеңде қарқынды дамуына негіз болған Кеңестер Одағының ұстанған ұлт саясаты; жаппай сауатсыздықпен күрес (аз уақыттың ішінде түркі халықтарының жаппай сауатты халықтар қатарына қосылуы); бұрын ұлттық алфавиті жоқ көптеген түркі халықтарының жазуға ие болуы (жаңа алфавиттің пайда болуына байланысты түркі тілдерінің орфографиялық және орфоэпиялық заңдылықтары қалыптасып, тілдік жүйесінің нормаға келтірілуі); түркі тілдерінің алфавитін жетілдіру мақсатында араб шрифтісінен готикалық шрифтіге, одан кириллицаға ауысу процесінің жүзеге асырылуы; түркі тілдес халықтардың жеке және автономиялы республикаларының пайда болуы сол мемлекеттердің ұлттық тілінің дамуына әсерін тигізуі (түркі тілдерінде мемлекеттік іс-қағаздар ана тілінде жүргізіліп, соның нәтижесінде ұлттық әдеби тілдер дами бастауы); түркі тілдерінде ұлттық мектептердің ашылуы, ұлттық баспасӛздің дамуы, ұлттық оқулықтардың жазылуы түркі тілдерінің дамуына белгілі дәрежеде оңтайлы жағдай туғызуы секілді бірнеше факторларды атап өтеді,-ғалым. Жалпы, зерделей отырсақ, түркітанушы ғалымдардың түркі халықтарының даму, қалыптасуын 6 кезеңге бөліп қарастыруы жай құбылыс емес. Түркі халықтарының дамуының әр кезеңі түркі тілдерінің белгілі бір даму процесіне себепші болып отырды. Түркі тайпаларының қосылуы мен ыдырауы, түркі халықтарының басқа халықтармен қоян-қолтық араласуы, кірме тілдің үстемдік құру процесі де тілде көрініс тауып, өз қолтаңбасын қалдырды. Түркілер қандай кезеңді бастан кешірсе де, өздерінің ана тілін сақтап қалып, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді. Алтай халқы ұзақ ғасырлар бойы моңғолдардың үстемдігінде болса да, туған тілін ұмытпады. Оған себепші болған түркі тілдерінің негізінің бір болғандығы деп ойлаймыз. Түркітану тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер салаларының толықтай қарастырылуының нәтижесі ізденіс-зерттеулерді ғылыми тұрғыдан жүйелеуге жол ашты. Бұл түркітанудың оқытылуы мен инновациялық технологиясын жетілдіруде аса қызықты нысана ретінде көптеген ізденістердің, нақтылы іс-тәжірибелердің бастауына жол ашады. Қорыта айтқанда, орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінің қазіргі түркі тілдерінің фонетикалық жүйесін, морфологиялық және синтаксистік құрылысын, сөздік қорының негізін айқындауда мәні зор. Орта ғасыр жазба ескерткіштері тілін зерттеу нысаны ретінде ала отырып, оларды алтайлық дәуірден бастап көне түркі ескерткіштері тілімен, жаңа түркі кезеңі жазбаларының тілімен, сондай-ақ қазіргі түркі тілдерімен салыстыра зерттеу арқылы ортақ тілдік заңдылықтарды айқындау түркітанушы ғалымдардың зерттеулері арқылы әлі де тың мәліметтерімен толықтырылатынына сенеміз.
Әдебиеттер
1. Бүркіт О.Ә. Түркітану. Алматы: Арыс баспасы, 2000.
2. Қордабаев Т.Р. Түркология және қазақ тілі білімі. – Қарағанды, 1992.
3. Баскаков Н.А. Введение в изучение тюркских языков. М.,1969.
4. Сабыр М.Б. Көне қыпшақ жазба ескерткіштерінің тілі. – Орал, 2009.
5. Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. – Алматы: Мектеп, 1971.
Достарыңызбен бөлісу: |