Ахмет Байтұрсынов туралы шығарма
Қалай да халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жылдарын іздеген ақын, айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ – орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсұнады. Бұрынғы – ескі ертегі, хикая үлгілері емес, жаңа өлеңдік форма – мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы –жан - жануарлар өмірінен алынған шығармалар әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крылов туындыларын аударып, «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Петербургта бастырып шығарды...
Ахмет Байтұрсынов бір жағынан, қызықты форма, екінші жағынан, ұтымды идея, үшінші жағынан, қазақ тұрмысына ет-жарқын суреттер ұласа келіп бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберді.
Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн,
Жегіліп, тартты үшеуі дүркін-дүркін.
Тартады аққу көкке, шаян кейін
Жұлқиды суға қарай шортан шіркін!
Аудармада мін жоқ, мүдірмей, тұтықпай, есіліп – төгіліп тұр. Енді қазақ оқырманына қатысты жаңа ой, соңғы пікір, толғаулы сөзді ақын өз жағынан қосады.
Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Әуелі бірлік керек болсақ жолдас.
Біріңнің айтқанына бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас, –
деп елді тұтастық, ынтымақтастық жалауының астына шақырады.
Әр түрлі аңдар, әр түрлі адамдар кейпінен хабар беріп, ишара тұжырым жасалады. Кісілердің мінезі, өмір ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатысты көптеген жайттарды, әсіресе патша отаршыларының золық-зомбылығы, жуандардың, байлардың тепкісі елдің азып-тозуына байланысты сарындарды – Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді. Кейде ашық, дәл айтылатын ойлары да бар:
Қасқыр зорлық болады еткен ісі,
Ойлаймын – оны мақтар шықпас кісі.
Нашарды талай адам талап жеп жүр,
Бөріден артық дейміз оның несі?!
Алуан-алуан ойға жетелейтін «Қайырымды түлкі», «Ала қойлар», «Қартайған арыстан», «Өгіз бен бақа», «Қайыршы мен қыдыр», «Ат пен есік» мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды меңзейтін оқиғалар, адам психологиясымен сырындас әуездер, тағылымды, ғибратты тұжырымдар мол орын алған.
Күрес идеясы, келешек қамы үшін арпалысу, ел болу мақсаты бар тілектен жоғары қойылады.
Түрік ақыны Назым Хикметтің қазір әлем поэзиясында ділмар сөз (афоризм) болып кеткен:
Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ? –
деген жолдарының Ахмет Байтұрсыновтың екі жинағы – «Қырық мысал» мен «Маса» - қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектермен байытты. Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды. Бұдан кейін талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп, жалғастырып әкететін болады.
www.РЕФЕРАТ.kz Қазақша рефераттар сайты
Достарыңызбен бөлісу: |