«Сөз қадірі сәлемнен басталады» атты мақалаға талдау



Дата28.04.2018
өлшемі37,03 Kb.
#40295

«Сөз қадірі сәлемнен басталады»

атты мақалаға талдау


(«Ана тілі» газеті, 9 – шілде, 2015)
Мемлекеттік тілге қатысты шешімін таппай келе жатқан күрмеулі мәселелердің негізгі әрі басты себептерінің бірі ол тілге деген азаматтардың жеке көзқарасында, сондай-ақ жалпы қоғамның оған деген ұстанымында, қарым-қатысында жатса керек-ті. Неге? Өйткені кез келген бастама, қолданысқа енгізілген заң болсын, бағдарлама болсын ол сол елдің азаматтарының оны жүзеге асырудағы азаматтық белсенділігімен өлшенетіні хақ. Белсенділік жоқ жерде ортақ талап та іске аспай қалуы әбден мүмкін. Себебі айналып келгенде ол әрбір жеке индивидтің жоғарыда атап өткеніміздей, сол мәселеге деген өзіндік жеке-дара көзқарасына байланысты.

«Сәлем – сөз анасы» дейді халық даналығы. Демек, бірінші сөз неден басталса, әңгіме ауаны әрі қарай сол тілде өрбіп кетуі бек мүмкін. Бұл сөзге қарсы уәж айтып, «Сәлеметсіз бе?» деп, қазақша сөйлесейік деген ыңғайда көзқарас білдіретіндер өте аз кездеседі. Бұл енді күнделікті көріп жүргеніміз. Не істемек керек? Мұндай жағдай халық көп жиналатын ірі сауда орталықтарында ғана емес, кішігірім дүкен кассаларында, мейрамханаларда, ойын-сауық орталықтарында және т.б. көпшілік орындарда жиі байқалады.

Тілдің дамуын тұсап, жолын бөгеп тұрған осындай кедергілер бар. Ол бір қарағанда ұсақ-түйек нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ нақты жағдаймен санасатын болсақ, бұл ұсақ-түйек мәселе емес. Өйткені тілдік қарым-қатынас осындайдан басталады. Кейбір адамдар өзіне солай сөйлеп тұрған соң еріксіз орыс тіліне көшіп, сөйлеп кетеді. Ал сырттай қарасақ, екі адам да – өз қазағымыз.

Осы реттен келгенде тілдің қолданыс аясын кеңейту азаматтарға қызмет көрсетуші сала өкілдерінің қолында тұр ма деп қаласыз. Иә, бұл шын мәнінде солай. Жалпы тілді дамыту бұл өзіміз күнделікті айтып жүргендей кешенді мәселе. Оған құзыретті мемлекеттік мекемелермен қатар мектепте, жоғары оқу орындарында, ауруханалар мен емханаларда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, қоғамдық көлікте, әуежай мен теміржол вокзалдарында және т.б. салаларда қызмет істейтін адамдар тікелей атсалысуы тиіс. Баршаға белгілі жайт, тілдің қолданыс аясы ол азаматтардың бір-бірімен сөйлесу барысында ғана кеңейеді. Ол тіл сөйлеу тілі ретінде толыққанды өмір сүрмесе, оны шын мәнінде қолданыс тіліне айналды деп айта алмаймыз. Сондықтан тіл саясатын жүзеге асыруда азаматтардың өз тарапынан белсенділік қажет. Бұл орайда бірнеше маңызды факторларды атап өтуге болады. Ол ең алдымен тілге деген жанашырлық; тілді дамытуға, қолданыс аясын кеңей­туге деген мүдделілік; қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде рөлін саналы түрде жоғарылатуға деген ықылас пен ниет; өз тілімді құрметтеймін, оны басқа тілден артық көремін деген азаматтық ұстаным; «мен өзім сөйлемесем, кім сөйлейді, теңіз тамшыдан құралады» деген қағидамен өмір сүру; «қазақ тілі тұралап тұрса, маған да сын, өйткені ол бәрімізге қатысты мәселе деген перзенттік парызды сезіну; өз тіліңнің насихатшысы болу, осы жолда барлық білім-білігіңді, өмірлік тәжірибеңді сарп ету; қазақ тілі ең алдымен өзімізге керек, өйткені біздің бұдан басқа тіліміз жоқ деген ойды серік ету.



Бізде орыс тілінің қолданыс аясын сол деңгейде ұстап тұруға әсер ететін көптеген себептер бар. Газет-журналдардың, бұқаралық ақпарат құралдардың арасында орыс тіліндегі өнімдер басым. Орысша сөйлейтін шенеуніктер, депуттаттар қатары көп. Сырттай қарасақ, олардың әрқайсысы орыс тілінің өз позициясында қала беруіне үлес қосып жүр. Ағылшын тілін жаһандану заманында ешкім де тежеп ұстап тұра алмайды. Ол қаласақ та, қаламасақ та бізге келеді. Ал сонда осындай екі тілдің ортасында ана тіліміз қалайша өріс алады? Шынтуайтына келгенде, тіл нақты шешімдерді, нақты істерді, олардан келіп туындайтын нақты нәтиже арқылы өмірге дендеп енеді. Бұл бағытта құр қиялға ғана берілу жеткіліксіз. Шынайы қоғамдық өмір бізге тілдің басқа суретін көрсетіп отыр. Біз қалай болғанда да, тілдің мәселелерін шешуді қоғамдағы тілдің шынайы көрінісін ескеріп барып қолға алуымыз қажет. Сонда ғана бір нәтиже шығады. Олай болмаса, белгілі бір нәтижеге қол жеткізу қиынның қиыны.

Қорытынды: Мемлекеттік тілдің мәртебесін биік­тетудің нақты механизмдері іске аспай отырғаны қынжылтады. Жалпы осы бағытта атқарылған жұмыстарды бір саралап, таразылайтын уақыт келген сыңайлы. Ендігі бағытымыз қалай болмақ? Не істеу керек? Нәтиже бермеген бағ­­дарламаларды қайта қарап, бүгінгі шы­найы өмірдің талап-тілектерінен туындайтын жобаларды қолға алу қажет. Іскерлік, құзыреттілік жетіспей жатқандай көрінеді. Үйреншікті бір сүрлеу, таптаурын болған шешімдермен алысқа кете алмасымыз анық. Мемлекет басшысы ұсынған «Ұлт Жоспары – 100 нақ­ты қадам» жобасы тәрізді мемлекет­тік тіл саясатына да нақты қадамдардың жасалуы өзекті мәселеге айналып отыр.

Қазақ тілі және мәдениеті

кафедрасы меңгерушісінің, ф.ғ.к., доцент. Қ.С. Қалыбекова

Тақырып бойынша ұсынылады:


  1. «Ана тілі» газеті, «Тіл» айдары

  2. «Тілге құрмет – елге құрмет»  Н. Сатубеков

  3. « Қазақ тілі» Балтабаева Ж. Қ, Солтанғазина М.Қ.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет