1919 жылы 14 наурызда Түркістан Республикасы кеңестерінің 7 съезінде Орталық атқару комитеті төралқасы төрағасының орынбасары болып Рысқұлов сайланды. Осы жылы 14 – 31 наурыз аралығында Ташкент қаласында болып өткен Түркістан КП-ның 2 конференциясында ОК жанынан Мұсылман бюросын құру туралы шешім қабылданды. Рысқұлов Мұсылман бюросы қызметін жандандыра түсу мақсатымен оның ұйымдастыру, редакция-баспа, мәдени-ағарту және әскери бөлімшелерін құрды. 1919 жылы шілдеде Түркістан Республикасы атқару комитеті Әулиеата және Черняев уездеріндегі саяси-әлеуметтік және ұлтаралық қарым-қатынас жайымен танысу үшін онда арнайы комиссия аттандырды. Рысқұлов төрағалық еткен бұл комиссия Әулиеата атқару комитетінің мүшелерін өз міндеттерін іске асыра алмағаны үшін қатаң сынға алып, бұл комитеттің таратылғанын жариялады. Осыдан кейін Әулиеата уездік атқару комитетінің орнына Түркістан атқару комитетінің шешімімен Әулиеата уездік уақытша Революциялық комитет ұйымдастырылды.