Бейнелеу өнері
Сақ заманы тайпаларының мәдени шығармашылығының екі жарқын көріністері арасында қолданбалы өнер ерекше орын алады. Оның басты компоненті б.з.б. 6-4 ғасырларда қалыптасып, Сібірдің, Қазақстанның, Орта Азияның және оңт. Европаның тайпалары арасында тараған аң стилі деп аталатын өнер болды.
Алғашында, Скифияда, ал кейіннен Сібірде де бастапқы табылған орны бойынша бұл бейнелеу шығармашылығы шартты түрде скифтік-сібірлік аң стилі деп аталады. Оның негізгі тақырыбы аңдарды, хайуандарды және аңыздағы зооморфтық ғажайыптарды бейнелеу болды. Мазмұны жағынан мифологиялық, түрі жағынан реалистік аң стилі өнері сәндік сипатта қолданылды. Бейнелеу әдістерінің көбі қазандар мен құрбандық ыдыстарын, семсер, қанжар, қорамсақ, айбалта, жүген, айна секілді заттарды, киімді, тулардың сабын әшекейлеу үшін пайданалынды.
Ертедегі шеберлер еөп жағдайда заттардың пайдалылығын бейнелеуді мазмұндылығымен жақсы үйлестіріп отырды, осының нәтижесінде олардың жасаған көптеген бұымдары дүние жүзіндегі ең таңдаулы үлгілерден қалысқан жоқ. Ертедегі суретшілердің шығармашылығы өздерінің айналасындағы жануарлар дүниесінің нақты бейнелеріне етене жақын болды.
Сақ шеберлері арқар мен таутекенің, жолбарыс пен қабанның, марал мен түйенің, дала қыраны мен киіктің, қасқыр мен қоянның, жылқы мен бұланның өздеріне жақсы таныс бейнелерін сомдай білген. Аңдарды бейнелеуде әр түрлі материалдар қолданылды. Бізге дейін жеткен бұйымдардың көбі қола мен алтыннан жасалған, сүйктен, мүйізден, темірден, киізден жасалған аңдардың бейнелері де кездеседі.
Аң стиліндегі өнерді шартты түрде үш кезеңге: көне заманғы кезеңге, өрлеу мен құлдырау кезеңдеріне бөлуге болады.
Б.з.б. 8-7 ғасырлар үшін аңдарды бір орында тұрған қалпында жеке немесе ішінара бейнелеу тән болып келеді. Таутекенің, арқардың мүсіндері, басын көтеріп жатқан қабанның немесе тұрған жыртқыштың, аяғын бүккен немесе тұяғының ұшымен тұрған бұғылардың бедерлеп салынған суреттері көп кездеседі. Қос шеңберлі тұғырда тұрған екі текенің құйма қола мүсіні назар аударарлық: текелер біршама схемалы түрде түрде, бейне бір секіруге оңтайланған кейпінде, бастары тұқыра бейнеленген, ал бедерлі үлкен мүйіздері арқаларына тиіп тұр (Тасмола)
Жетісудан (Талдықорган) табылған екі қола мүсінде мүйіздері айнытпай түсірілген текелердің басы реалистік тұрғыда көосетілген; мүсіндер ұзын конус тәріздес төлкелерге орнатылған. Алдыңғы қола құю өнерінің тағы бір үлгісі-Солт.Қазақстаннан табылған, басын жоғары көтерген және мүйіздері бірнеше рет бұралған арқардың іші қуыс мүсіні, ол соғыс қаруы-балғашотқа (Бурабай) салынған.
Шілікті обасынан (Шығыс Қазақстан) табылған заттардың арасында үлкен мүйіздерін арқасына қайыра жатқан бұғы кейпінде шебер жасалған алтын бұйымдар, қабандардың ойып жасалған шағын мүсіндері ерекше көзге түседі. Қола пышақтарды жыртқыштардың басын салып немесе тұтас мүсіндерін салып әдемілеу, ал жүген тоғаларына аттың басын немесе ат тұяғының таңбасын салып әшекейлеу сол кездегі көп тараған әдіс болған.
Достарыңызбен бөлісу: |