Шоқан-халықтың білім,еңбек,мектеп,халық мәдениетінің дамуы.
Реферат
Шоқан Уәлиханов (толық есімі - Мұхаммед-Ханафия, ал Шоқан - анасының еркелетіп қойған аты) 1835 жылдың қараша айында Құсмұрын бекінісінде туған. Бұл деректің растығын КСРО Сыртқы істер министрлігінің мұрағатындағы Шоқан Уәлихановтың қызметі жөніндегі формулярлық тізім дәлелдейді*14.
Шоқан балалық шағын әуелі Құсмұрында, содан кейін ата-бабаларының мекені болған Сырымбетте өткізді. Бұл тарихи аңыздарға бай Солтүстік Қазақстандағы көркем жерлер Шоқанның балалық шағын және жасөспірім кезінде салған суреттерінде бейнеленген. Әлі тіптен жас Шоқан қазақ халық эпостарын алғаш Құсмұрында жазып алған.
Уәлихановтардың естеліктеріне қарағанда, Шоқан өте ширақ, әрі ақылды бала болған. Оның балалық шағы далада, өзінің ерлікке толы өткені жайлы көптеген аңыздарды сақтаған халықтың арасында өтті. Алғыр бала жастайынан тарихи аңыздарға құлақ қойып, халық арасынан шыққан адамдармен араласуға, ән-жыр және қарапайым адамдардың әңгімелерін тыңдауға құштар болды. Шоқанның рухани байлығының басты белгілері бала кезінде-ақ біліне басталды. Ол ерте есейіп, үлкендерше ойлайтын болды.
Бала Шоқанның рухани жағынан өсуіне әжесі Айғаным үлкен әсер етті. Тумысынан сезімтал, дарынды балаға әжесі білім мен халық даналығының сарқылмас көзі болды. Ол Шоқанға қазақтың ежелгі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп әңгімелеп, күні кеше өзі қатысқан тарихи оқиғаларды еске алып отырды. Халықтың озық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңірген әжесінің жарқын бейнесін Шоқан өмірінің соңына дейін ұмытпай есте сақтады.
Шоқан әуелі Құсмұрындағы жеке қазақ мектебінде оқыды. Мұнда ол арабша хат танып, қарындашпен сурет салуды үйренді. Әдетте бұл мектепте қыпшақ және шағатай тілдеріндегі ортағасырлық әдеби мұраларды оқумен, ауызекі араб және парсы сөздерін білумен жаттығып, шығыс ақындарының өлеңдерін жатқа оқумен айналысатын.
Дәстүр бойынша сұлтанның балаларына бірнеше шығыс тілдерін үйрену, яғни «жеті жұрттың тілін білу» міндет болатын. Бұл дәстүр ол кезде әлі сақталып тұрды, сондықтан Шоқан, мұрағат материалдарынан аңғарылғандай, шығыс тілдерімен айналысып, әуелі араб жазуын, кейіннен ұйғыр жазуын да жақсы меңгерді.
Шоқанның бала кезінде құмартқан өнерінің бірі сурет салу еді. Бұл өнерді ол Құсмұрын бекінісіндегі Уәлихановтардың үйінде ұзақ уақыт тұрған орыстың суретші-топогрофтары мен геодезистерінен үйренді. Оның үстіне Уәлихановтардың ауылында жиі қонақ болып жүрген орыс ғалымдары, инженерлер мен білімді офицерлер қабілетті баланы өнер мен әдебиетке құштарландыра түсті.
Жас Шоқанға сұңқармен аң аулау үлкен ләззат сыйлады. Шоқан далада ұзақ жүретін. Оны шексіз де шетсіз кең дала, жасыл орман, өзен алқабының тоғайлары мен биік жартастар өзіне тартты, ол туған елінің сұлу табиғатынан ләззат алатын. Осындай саяхаттар Шоқанды туған өлкесімен етене етті. Бала кезінде-ақ ол Ақмола мен Баянауыл жерлерін аралап, Баянауыл тауының маңындағы нағашыларына жиі қонақ боп жүрді. Бұл сапарларынан алған әсерлер көпке дейін Ш. Уәлихановтың есінен кетпеді. Кадет корпусының тәрбиеленушісі бола жүріп ол досы Г. Н. Потанинге сол жерлер жайлы естеліктерді әңгімелеп беретін*15.
Шоқан Уәлиханов ерте жастан қазақтың халық поэзиясына қатты құмартып, оның классикалық үлгілерін жазып алып, ата-анасына оқып беріп жүрді. Бала кездің өзінде-ақ ол «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» және «Еркөкше» халық поэмаларының түрлі үлгілерін жазып алып, кейін оларды ұстазы Н. Ф. Костылецкийге табыс етті.
Оның отбасында жиі қонақ болатын қазақ әншілері мен жыршылары Шоқанның халық поэзиясына деген қызығушылығын оятуға көп әсер етті.
Шоқан шығыстың басқа да халықтарының поэзиясымен шұғылданды. Ауылда жүрген кезінің өзінде ол шығыс әдебиеті классиктерінің өлеңдерін оқудан бас көтерген емес. Шоқан өзі жазғандай, шығыс поэзиясына деген сүйіспеншілігін өмір бойы сақтап қалды. «Шоқан ақынжанды және шығыстық кейіптегі адам еді, - деп жазды Шоқанның жақын достарының бірі, белгілі публицист Н. М. Ядринцев*16, - оған араб өлеңдері қатты ұнайтын және ол ұстазы Костылецкиймен бірге сол өлеңдермен масаттанып отыратын».
Шоқанның ғылымға қызығушылығын қалыптастыруда, жоғарыда айтқанымыздай, әкесінің алдыңғы қатарлы орыс зиялы қауым өкілдерімен байланыста болуы көп әсер етті. Шыңғыстың ауылында академик А. И. Шренк, Сібір қазақтарының облыстық басқармасында қызмет істеген декабристер С. М. Семенов, В. И. Штейнгель, Н. В. Басаргин, Қазан университетінің студенттері С. Сотников, Н. Ф. Костылецкий, Т. Сейфуллин сияқты көптеген жоғары білімді адамдар болды*17.
Қазақстанды зерттеп жүрген орыс ғалымдары үшін түрлі материалдар жинап, оларды дайындауға Шыңғыс кейде баласын да қатыстырып отырды.
Шыңғысқа қазақтың халық поэзиясы мен ертегілерінің, аңыз-әңгі-мелерінің нұсқаларын жинау жөнінде декабрист В. И. Штейнгельдің сол уақытта Шекаралық комиссияның бастығы полковник М. В. Ла-дыженскийдің атынан жазған хаты бүгінге дейін жеткен.
Шыңғыс М. В. Ладыженскийдің өтінішін орындай отырып, үйіне үздік ақындар мен жыршыларды талай рет шақырып, Шоқанның көмегімен қазақтың әндері мен аңыздарын жаздырып алып, оларды одан соң Омбыға жіберіп отырған*