Реферат Тақырыбы:Абай Құнанбаевтың этнопедагогикаға қосқан үлесі.
Орындаған:Есенбаева Зейнура
Қабылдаған:Аккожина Шолпан
Дана Абайдың тәрбиелеу ілімін әділет-махаббат педагогикасы деп жүрміз. Абай атамыз тәрбиелеудің ілімдік жағынан гөрі өнерлік жағына көп мән берген ғұлама. Себебі ұрпағы толық адам болуы үшін алдына қандай мұрат, мақсат қойып, нендей жол-жобалармен жүріп, қандай амал-тәсілдерді қолданып жүзеге асыруға болатындығын жалпақ жұртқа түсінікті әрі асыл сөзбен айшықтап жеткізген. Абай заманында жұрттың барлығының көкірек көзі бүгінгідей саңылаулы болған жоқ, осыны дұрыс аңғармаған кейбір педагог ғалымдарымыз «Абай атамыз арнаулы педагогикалық іспен айналыспаған, іргелі педагогикалық-психологиялық еңбек жазбаған» деуге дейін барды. Имани педагогиканы жаратпайтын, одан жиренетін советтік дәуірде, атамыздың педагогикалық-дидактикалық көзқарастарын таптық, материалистік сүзгіден өткізіп талдап, жұлмалап пайдаландық. Абайды зерттеуші ғалымдар ұлы ақынды халық ұстазы деп біледі, – деп жазады ғалым-жазушы Қобдабай ҚАБДЫРАЗАҚҰЛЫ республикалық Ақиқат журналындағы мақаласында. Ақынның шығармашылық қызметі – халықтың рухани қазынасы. Ұстаздық, ойшыл ақынның пікірінше, жастарды ізгілікке, адамгершілікке үйретушілік. Абай жастарды адамгершіліктің игі қасиеттеріне тәрбиелеуші үлкендерден ұстаздық шеберлікке лайық қабілет болуын талап етті. Бұл ойын ақын: «Ұстаздық қылған жалықпас, Үйретуден балаға…» – деп тұжырымдады. Абайдың педагогикалық көзқарасы қазақ жерінде патриархалдық-феодалдық қатынастар әлсіреп, капиталистік қатынастардың өмірге ене бастаған кезеңінде қалыптасты. Ақынның ағартушылық ой-пікірлерінің қалыптасуына игі әсер еткен табиғи арналардың алғашқысы – ақынның дүниеге келген ортасы, жас Абайдың бойына адамгершіліктің ізгі қасиеттерін ақ сүтімен қоса дарытқан ана мейірімінің қуаты.
Кеудесі шежіре-тарих, аңыз-әңгімеге толы, халықтың салт-дәстүрін жетік білетін мейірбан әжесі Зере мен мінезге бай, тілге шешен анасы Ұлжан бала Абайды өз алдына бір бөлек рухани қазына бесігі болып тербетті. Өскенбей шаңырағына бекем орнаған «Қарашаңырақ мектебі», асыл әжелердің басшылығында жұмыс жасаған «Дана Аналар» мектебі, Білікті аталар арқылы бұл әулетте орныққан «Дана Аталар» мектебі ауыл балаларымен бірге жас Абайды үкілеп өсірді, айтулы адам болдырды. Осы отбасы мектептерінің өзіндік педагогикасы қашаннан бар болатын, Абайдың дана педагогикасында бұл дәстүр ұнасымды орын тауып, сабақтастықпен жалғасқан. Талантты жастың өз бетінше ден қоя оқыған, құныға тыңдаған ауыз әдебиеті шығармалары туған халқының өмірі мен дәстүрін, арманы мен мұңын ертерек танып-білуіне себепші болды. Өмір заңдылықтарын түсінуге игі ықпал еткен әке тағылымы да ақын бойында ұстаздық қасиеттің қалыптасуына әсер етті. Туған халқының рухани мұрасын жан-жақты игеріп, Батыс пен Шығыстың ғылыми ой-санасын сыншылдықпен бойына сіңіру арқылы Абай қазақтың қоғамдық ой-пікірін өзінің ағартушылық тұрғыдағы тұжырымдарымен байытты. Абай педагогикасында бала тәрбие-сінен бастап тұтас ұлттың, халықтың санасына ықпал ету мақсатындағы ойларын ортаға салды. Оның тәрбиелік бағыттағы ойлары кең ауқымдағы ағартушылық идеяларға ұласты. Бұл тұрғыда Абай ұлттың бір ғана белгілі тобының тілек-мүддесіне орай идеялық мақсат ұстанған жоқ, тұтас ұлттың, халықтың болашағы туралы, күнделікті мұң-мұқтажы, қажетті іс-әрекеті туралы ой қозғады. Халықтың бірде-бір тобын жекелеп алып қарамай, тұтас сөз қылды. Қазақ қоғамындағы әрбір әлеуметтік топ өкілдерінің мінез-құлқы мен қасиеттерін ашып көрсетуінің себебін ақын жиырма екінші қара сөзінде: «Байды қадірлейін десең, бай жоқ. Бай болса өз басының, өз малының еркі өзінде жоқ. Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреуді бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр. Мықтыны сыйлайын десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі есті» деп түсіндіреді. Абай өз халқының бойындағы жаман мінез-құлықты, еңбексіздікті, ғылымнан мақрұмдықты сынады. Ол халқын еңбек етуге, ғылымды меңгеруге, адамгершілікті болуға үндеді. Білімнің негізі – еңбекте, талапта. Ой еңбегін атқарудың ерекшелігін игеруде талаптанып және оған үнемі жаттығып машықтанса, нәтиже болатындығына Абай дәл бағыт береді. Оқу мен білімді меңгеру тұрғысынан қарап: «Талап әр балада бар, – дейді ақын, – оған талас қылуға болмайды. Егер талапты ескеріп, күтіп тәрбиелей білсе, ол дамып, өрістеп жетіледі. Ал оған мән бермесе, өз-өзінен жоғалып кеткенін адам байқамай қалады»-деп, оның қалай жоғалып кеткенін айналасындағы жұртшылық та байқамай қалатынын айтады. Абай не қажет, не залал – осының бәрін білімді адам толық біледі, өз өмірін жандандырады, өз халқына пайдасы тиеді деп ұғынды. Жастардың бірінші міндеті ғылымға, білімге, білуге талпыну деп білді. Абай отыз екінші қарасөзінде ғылым үйрену деп мынадай талаптар қойды: – Білім мен ғылымды үйренбекке талап керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар: әуелі білім-ғылым табылса, дүниенің бір қызықты нәрсесі керек болады деп іздемеске керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектің өзін дәулет білсең, һәм әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады, – дейді.