Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң арқалан,
Сенде бір кірпіш дүниеге
Кетігін тапта бар қалан, – деп, ғылым қуған жастар әр нәрсеге желікпе, қызыққуғыш болмай, мақсатты болу, сол жолға өзін даярлау керектігін ескертеді.Абай ғылымды кімнен үйрену керек деген сұраққа шығармаларында толық жауап береді. Мысалы ол «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінде мынандай пайымдаулар айтады: Білгендердің сөзіне.
Әр адам еңбекпен ғана өседі. Еңбек – Абай әлеміндегі ең негізгі ұғымдардың бірі. «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?» деген өлеңінде ол: «Еңбек жоқ, қарекет жоқ, қазақ кедей, Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?» – дей келе, тағы бір жолдарында: «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел. Малың болса, сыйламай тұра алмас ел, Есек к…жусаң да, мал тауып кел, Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас…» – деп, барлық адамды еңбек қылуға шақырады. Оның шығармаларынан «әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық» немесе «тәуекелсіз, талапсыз мал таба алмаса, еңбек қылмас еріншек адам болмас» деген секілді адамды іске шақыратын жолдарды көптеп кездестіреміз. «Болмағын кекшіл, Болсайшы көпшіл, Жан аямай кәсіп қыл! Орынсыз ыржың, Болымсыз қылжаң, Бола ма дәулет, кәсіп бұл» – дейді. «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей». «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап, Өзіңе сен өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деп, Абай еңбек пен ақылды қатар алып жүру арқылы адамшылық шыңына шығуды өсиет етеді.
Абай педагогикасын рухани әлем мен көңілдің ілімі немесе жүректің салтанаты деп қабылдайтын болсақ, оның негізгі бағыты кемел адам тәрбиелеу. Кемел адам, Абайша айтқанда, толық адам – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан-дүниесі ағарып, рухани артқан, мүлтіксіздіктің қалыбы мен жаратылыс негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Кемел адам – адасқандар үшін темірқазықтай жол көрсетуші, жолда қалғандар үшін – көпір, үміті үзілгендер үшін – ашылар есік. Оның ұстанымы – Мәуләна Жалаладдин Румидің сөзімен айтқанда, халық ішінде Хақ тағаламен бірге болу, яғни жүрегінде тақ құрған Жаратушыға деген махаббат сезімі мен хикмет-кеудесіне орнаған ізгілік нұрын айналасына төгіп, жұртшылықпен бірге қалыпты өмір кешу. Сондықтан кемел адам дүниені тек жүрегінен тәрк еткен адам. Өйткені, Абайша айтқанда, «қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмалат жоқ». Абайда педагогиканың да, психологияның да, дидактиканың да шымбайлы тұжырымы бар. Тек дұрыс тани білу керек. Абайды бірден түсініп кету оңай емес. Ол туралы абайтанушы-ғалым Ғарифолла Есім: «Абай шығармаларын бір рет қана оқып қоймақ түгілі, тіптен оның шығармаларын жаттап алу да аз, мәселе, оны түсінуде. Абай адам санасы кемелденіп, толысқан сайын түсінікті бола бастайды. Әр ұрпақ Абайдан өз түсінігін табады…» – деп пайымдайды.
Достарыңызбен бөлісу: |