Қазақстанда аударма теориясының қалыптасуы
Аударма өнерінің қазақ топырағындағы гүлдене бастауы – орыс әдебиеті классиктерінің және орыс әдебиеті арқылы әлем сөз өнері зергерлері шығармаларының қазақшаға тәржымаланған тұсы. Соған орай алғашқы кезде мерзімді басылымдарда пікір, ұсыныс түрінде басталған аударма теориясы мен практикасына байланысты зерттеу жұмыстары кең арнаға, ғылыми салаға айналды. Аударма өнерін зерттеудің тарихы бастауын 1914 жылы "Айқапта" жарық көрген Сәкен Сейфуллиннің пікірінен бергі аралықтағы еңбектердің көтерген мәселесі де, зерттеу бағыты мен әдісі де сан түрлі. Аударма өнеріне қатысты А.Байтұрсынов, М.Сералин, Ж.Аймауытов пікірлері болғанына қарамастан және аударма өнерін зерттеу көкейтестілігі күн тәртібіне қойылғанмен, халқымыздың ұлы ойшылдарының бірі – М.Әуезовтың 1936 жылы жарияланған "Пушкинді қазақша аудару тәжірбиелері туралы"атты мақаласына дейінгі еңбектерде (Б.Кенжебаевтың Абай аудармашылығы жайында 1925 жылғы, Е.Алдоңғаровтың Пушкиннің "Сараң сері", "Тас мейман" қазақша аудармалары туралы 1926 жылғы мақалалары) ғылыми талдаулар мен тұжырымдар болған жоқ.
Қазақ топырағындағы аударма теориясының алғашқы қазығы сияқты осы мақаладан кейін М.Әуезовтың "Ревизордың аудармасы туралы", "Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не берді?", "Евгений Онегиннің қазақшасы туралы", "Қазақ сахнасындағы аударма пьесалар" атты мақалалары мен 1937 жылғы 5 қаңтарда "Казахстанская правда" газетінде "Евгений Онегин на казахском языке" атты мақаласының жарық көруі қазақ әдебиеттану ғылымында көркем аударма теориясының өмірге келгенін көрсетеді.
М.Қаратаевтың аударма өнеріндегі қиындықтар мен принциптерді, жетістіктер мен кемшіліктерді әңгіме арқауы еткен, аударма шығармалардытуған әдебиеттің саласы ретінде дәлелдеген "Жүз жылдан кейінгі Пушкин", "Пушкин мен Абай", атты екі мақаласының, Т.Жүргеновтың "Казахский перевод "Шах-наме", Р.Жаманқұловтың "Пушкин өлеңдерінің аудармасы жөнінде бір-екі сөздің" аударылуы атты мақалаларының қазақ көркем аударма теориясының іргетасы деп танырлықтай еңбектер екені даусыз.
Қазақ аударма өнерінің қырқыншы жылдардағы зерттелуі туралы Ө.Айтбаев: "... соғыстың әлегі бұл салада да ізін қалдырды. Яғни, көңілдің аудармадан гөрі басқа мәселеге алаң болғаны мәлім. Бұл тұста біз бір ғана еңбекті ескере аламыз. Ол – М.И.Ритман-Фетисов пен Б.Кенжебаевтың бірлесіп жазған "Советтік Қазақстандағы аударма жұмысы" деген мақаласы" – деп тұжырымдайды. Алайда, 1946 жылы қорғалған Қ.Жұмалиевтің "Абайға дейінгі қазақ поэзиясының тілі" тақырыбындағы докторлық диссертацмясында Абай аудармалары туралы бағалы ойлар айтылуы, С.Мұқановтың 1945 жылдары аяқталған "Абай Құнанбаев" атты монографиясында ұлы ақынның аудармашылық қызметі сөз болуы, жоғарыда аталған мақаладан кейін М.С.Сильченконың "Пушкин және қазақ әдебиеті", М.Фетисовтың "Пушкин шығармаларының қазақша аудармаларының қоғамдық – мәдени маңызы" атты мақалаларының жарық көруі қазақ аударма өнерінің қиын – қыстау кезеңде де зерттелгенін көрсетеді.
Қазақ аударма өнерінің теориялық мәселелерін терең зерттеу елуінші жылдардан басталды. Бұл аударма мәселесіне мемлекеттік маңыз беріліп, Бүкілодақтық проблема деңгейіне көтерілуімен тікелей байланысты. КСРО Жазушылар Одағы бұл мәселені 1951 жылы көпшілік талқысына салып, көркем аударма туралы Бүкіл одақтық бірінші кеңес өткізді. Кеңестің өтуі және кеңес қарсаңында кең түрде пікір алысу жүруі көркем аударма мәселесінің зерттелуіне игі әсер етті. Осы кезеңде көркем аудармаға байланысты Қазақстанда тұңғыш ғылыми диссертация қорғалды. Ол-Жамбыл өлеңдерінің орысшаға аударылуын зерттеу объектісі етіп алған К.Ландаудың еңбегі болатын. Бұл еңбек тек аударма проблемаларын шешуге атсалысып қана қойған жоқ, ол көркем аударманың Қазақстандағы ғылыми-теориялық зерттелуінде қозғау салушы ретінде роль атқарып, оны ғылыми сала ретінде тану ұғымын тиянақтай түсті.
М.Әуезов, М.Қаратаев, М.Жанғалин, Қ.Шәріпов, Ә.Ипмағанбетов, З.Ахметов, С.Нұрышев, С.Қирабаев, К.Канафиева, Қ.Сағындықов, А.Садықовтардың 1950-60 жылдар аралығында жарық көрген еңбектері қазақ аударма өнерінің ғылыми тұрғыдан зерттелуін қалыптастыру ісіне үлкен үлес қосты.
Аударма өнерінің зерттелуінде С.Талжанов, Ә.Сатыбалдиев, Ө.Айтбаев және т.б. ғылымдар еңбектері орыстың классикалық әдебиеті үлгілерін қазақшаға тәржімалауды әңгіме арқауы етсе, С.Құспанов, Х.Садықав, М.Бисенқұлов және т.б. зерттеушілер еңбектері көркем шығармалардың қазақ тілінен орыс тіліне аударылуындағы проблемаларды шешуге арналған.Кейінгі кездегі аударма теориясы мен тәжірибесіне байланысты осы бағыттағы толымды еңбек ретінде Н.Сағындықованың зерттеулерін атасақ, Б.Репин, Ю.Сушков, А.С.Ермағанбетова, К.И.Дүйсетаева, М.Ш.Құрманов және т.б. зерттеушілер сатылы аударманың қыр-сырын ашуды мақсат етіп, орыс тілі арқылы қазақ көркем шығармаларының шетел тілдерінен орыс тілі арқылы қазақ тіліне аударылуы мәселелерін сөз етеді.
Аударманың түрлі проблемаларын қозғаған кітапшалардың жарыққа шығуы, мақалалар жинағының басылуы және жеке кітап болып басылған монографиялық зерттеулердің өмірге келуі 1950 жылдардан бастап өз арнасына түсе бастаған аударманың ғылыми зерттелуін тереңдете түсті. Олар: С.Нұрышевтің "Абайдың аударма жөніндегі тәжірбиесінен" (мақалалар жинағы,1957), З.Тұрарбековтың "Аударма туралы" (1961), "Қазақ аудармасының теориясы мен практикасы" (1973), "Әдебиеттер достығының дәнекері" (1977), С.Талжановтың "Көркем аударма туралы"(1962), "Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері" (1975), Ә.Сатыбалдиевтің "Рухани қазына" (1965), М.Әлімбаевтың "Өрнекті сөз – ортақ қазына" (1967), Т.Әбдірахмановтың "Жаңа ғасыр көгінде"(1969), Ү.Суханбердина құрастырған "Әдеби мұра" (1970), Ө.Айтбаевтың "Аудармадағы фразеологиялық құбылыс" (1975), Р.Хайрулиннің "Аударма сыпаты" (1976), М.Құрмановтың "Алтын арқау (1979), С.Сейітовтың "Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі" (1985), Ш.Сәтбаевтың "Достық дастандары" (1983), Г.Бельгердің "Гете мен Абай" (1995), Н.Сағындықованың "Основы художественного перевода" (1996)" атты кітаптары мен басқа да қаламгерлер еңбектері. Сонымен қатар, көркем аударма мен жалпы аударма мәселесіне, әдебиеттер байланысына қатысты Қ.Жұбанов, І.Жансүгіров, М.Әуезов, М.Балақаев, З.Ахметов, С.Қирабаев, С.Аманжолов, С.Қоспанов, М.Қаратаев, З.Қабдолов, Р.Нұрғалиев, С.Бәйішов, Ә.Нұрпейісов, М.Жанғалин, Қ.Шәріпов, Ә.Ипмағамбетов, С.Исаев, К.Канафиева, Р.Бердібаев, Ш.Сәтбаева, Т.Ахтанов, Т.Сайранбаев, Г.Бельгер, Х.Әдібаев, А.Жовтис, З.Лизунова, Қ.Сағындықов, Х.Өзденбаев, А.Нысаналин, К.Нұрмаханов, С.Ахметов, С.Нұрханов, С.Қоспанов және т.б. әдебиет пен сын майданының жауынгерлері айтқан пікірлер мен ұсыныстардың қазақ аудармасының теориясы мен практикасы дамуына ықпал етіп, себін тигізгді. Жариялану мерзімі жылда болғанымен, бұл еңбектердегі теориялық тұжырымдар мен пікірлер негізінен орыс филологиясындағы қағидалар мен түсініктерді тірек етеді. Себебі, қазақ ғылымының дамуы орыс ғылымымен тікелей байланысты және ол байланыс нығая да жалғаса бермек.
Сонымен қатар, үшінші бағытты – аударманы жалпы филологиялық объект деп тануды ұсынушылар да бар. Орыс филологиясында аударманы белгілі бір салаға жатқызуды әурешілік деп таныған, яғни аудармада тілтану және әдебиеттану әдістерін біріктірмей шындыққа жету мүмкін еместігін Б.А.Ларин айтса, қазақ филологиясында Ө.Айтбаев фразеологизмдерге байланысты: "На наш взгляд, это разногласия среди филологов говорит за то, что категория фразеологических словосочетаний принадлежать к какой-либо единой отрасли, и требует к себе подхода с филологических позиции, куда примыкает и наука о художесивенной прозе" - деген пікірді айтады.
Достарыңызбен бөлісу: |