Ғалымдардың зерттеуі бойынша, екітілділік ежелгі дәуірлерден бастап көрініс тапқан. Екі тілде сөйлеген рулардың арасындағы соғыстардың нәтижесінде, адамдар тұтқынға алынды. Тұтқынға түскен адам сол рудың тілін түсінуге, үйренуге мәжбүр болды, осылайша билингвтер пайда болды. Бұл кездейсоқ және уақытша құбылыс болғанымен, сол кездің өзінде бір тілден екінші тілге аудару қажеттілік болды.
Ежелгі Мысыр, Рим империясы, ежелгі Греция мемлекеттері, Үндістан, Иран және т.б. мемлекеттік бірлестіктердің қалыптасуымен байланысты, олардың арасында қарым-қатынас қажеттілігі туындады. Және маман аудармашылар қажет болды. Аралас некеге тұрудың нәтижесінде екітілділктің әр-түрлі формалары дүниеге келді.
Екітілділіктің тұрақты формалары феодал дәуірінде қалыптаса бастады. Себебі, бұл ғасырларда пұтқа табынушылық жойылып, қоғамға негізгі тіл мен жазбаны алып келген, жаңа діндер пайда болды. Капитализм дәуірінде екітілділік кең тарады.
1875 жылы Бодуэн де Куртенэнің «Опыт фонетики резьянских говоров» атты кітабы басылып шықты. Онда ол тілдің аралас сипатын талқылайды. Ол: «Екі тілдің араласуы екі бағытта болатын құбылыс, бір жағынан ол өз тіліне аударма тілінің элементтерін қосады, екіншіден ол екі тіл арасындағы айырмашылықтарды жояды» дейді.
Екі тілде сөйлейтін іскери адамдардың арасындағы қатынас аудармашылар арқылы жүзеге асады. Ежелгі Ресейде оларды «толмач» деп атаған. Қазір олардың көмегінсіз халықтар мәселесі бойынша келіссөз жүргізу мүмкін емес. Аудармашылардың практикалық қызметінің және аударма саласына жүргізілген зерттеулердің арқасында, аударма теориясын үнемі толықтырып отыруға мүмкіншілік бар. Аударма теориясы аударманы үйренушіге де, маман аудармашыға да қажет. Оқу құралы ретінде аударма теориясыз өмір сүре алмайды. Маман аудармашы аударма тәжірибесін өз саласында орынды қолданса, өзінің кәсіби біліктілігін көтеруге жол ашады.
Аударма теориясы саласына байланысты В.Н.Комиссаровтің «Теория перевода», «Современное переводоведение», Л.С.Бархударовтің «Язык и перевод», Рецкер Я.И. Теория перевода и переводческая практика», А.Д. Швейцердің «Теория перевода», И.И.Ревзин, В.Ю.Розенцвейгтің «К обоснованию лингвистической теории перевода» және т.б. еңбектері аударма теориясында елеулі орын алады. Андрей Венедиктович Федоров XX ғасырдың 30-жылдары аударма теориясының негізін өзінің аударма теориясы бойынша М.Горький атындағы Москваның әдебиет институтында оқыған дәрісінде салды. «О художественном переводе» деген кітабында ол аударма теориясы мен практикасының сәтті үйлестіру, тек кең филологиялық негізде ғана мүмкіндігі жайлы баяндайды. 1953 жылы оның «Введение в теорию перевода» атты еңбегі жарық көреді. Бұл еңбегі бойынша, аударма теориясы филологиялық ғылымның саласы болып табылады, сонымен қатар кейбір жағдайларда әдебиеттану ғылымымен, оның тарихы және теориясымен, қарастырып отырған тілде сөйлейтін халықтардың тарихымен тығыз байланысты.
А.В.Федоров өз еңбегінде аударма теорисының негізгі бөлімдерін қарастырған.
1. Бірінші бөлімінде аударма теориясын қалыптастыру үшін, аударманың тарихын, аудармашылық ой-пікірлер мен көзқарастарды біріктіріп, оны жүйелеу сияқты мәселелерді қарастырған.
2. Екінші бөлімінде аударманың жалпы теориясы қарастырылады. Белгілі бір аудармаларды талдап, аударма жұмысында маңызды тіларалық айырмашылықтарды зерттеу арқылы аударма заңдылықтарын белгіледі. Екі тілдің ғана ерекшеліктері мен айырмашылықтарын қарастыратын жеке аударма теориясы, жалпы аударманы қарастыратын жалпы аударма теорисы осы бөлімге кіреді.
Аударманың жалпы теориясы біріншіден тілдің аудармаға қоятын негізгі міндеттері мен шарттарын зерттейді. Екіншіден материалдың жанрлық ерекшеліктеріне байланысты (газеттік-ақпараттық, іскери-құжаттамалық, арнайы ғылыми мәтіндер, қоғамдық-саяси көзқарасиағы шығарма немесе көркем аударма) негізгі міндеттері мен шарттарын зерттейді және жазушының өзіндік стилін қарастыру негізінде жалпы қағидалар жасалады.