Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім Министрлігі
“Орталық Азия” Университеті
Реферат
Тақырыбы:Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру.
Орындаған:Қаратай.А.Қ
Қабылдаған:Хамитова.М.А
Алматы 2019 жыл
Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру — КСРО-да ұсақ, жеке шаруа қожалықтарын біріктіру арқылы ауыл шаруашылығын мемлекет мүддесіне толық бағындырып, қайта құрудың теориясы мен практикасы. Ұсақ тауарлы шаруашылықтарды кооперациялау идеясын ғыл. коммунизмнің негізін қалаушылар К.Маркс, Ф.Энгельс ұсынған болатын. Қазан төңкерісінен (1917) кейін құрылған Кеңес империясының экономикалық даму жолын таңдау мәселесінде үкімет пен партия басшылары екі топқа бөлінді. Олардың алғашқысы — Бухарин тобы (Н.И. Бухарин, А.Н. Рыков, М.П. Томский) экономикалық жүйеде әлі де көп жылдар нарықтық қатынас түрі шешуші тетік болып қала береді деп санады. Екінші топты нағыз сталиншілдер: В.В. Куйбышев, В.М. Молотов, А.А. Андреев, Л.М. Каганович, С.М. Киров, А.И. Микоян, Г.К. Орджоникидзе және т.б., бел алып келе жатқан тоталитарлық тәртіп басшылары құрады. Бұлар берік сенімге және күштеуге сүйену жолымен күрделі экономикалық мәселелерді партиялық-мемлекеттік жүйе шеше алады деген көзқарасты ұстанды және “жарқын болашаққа” жету үшін едәуір құрбандықтардың болуын орынды санады. Алғашқы бухариндік балама жолды кейде толық, кейде ішінара сол кезеңнің ірі экономистері Н.Д. Кондратьев, Н.П. Макаров, В.В. Новожилов, А.В. Чаянов, Л.Н. Юрьевский және т.б. қолдады. Қазақ ұлттық интеллигенциясының көрнекті өкілдері Ә.Н. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ә. Ермеков, М. Дулатов, М. Шоқай және т.б. Қазақстандағы дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын халықтың эволюциялық дамуын сақтауды жақтады.
Шаруаларды өндірістік кооперацияларға тарту процесі Қазан төңкерісінен кейін іле-шала басталды. Оны бір жағынан мемлекеттік қарамағына алынған жерлерде совхоздар (кеңшарлар), МТС-тер (машина-трактор стансалары), екінші жағынан колхоздар (ұжымшарлар) құру арқылы шешу көзделді. 1928 жылғы 1 шілдеде Қазақстанда 41 кеңшар мен 1881 ұжымшар болды. Ұжымдық шаруашылықтардың 76-ы ауыл шаруашылығы коммунасы, 1215-і ауыл шаруашылығы артелі, 590-ы жерді бірлесіп өңдеу серіктестіктері еді. 1928 жылдың маусым айында болып өткен колхозшылардың Бүкілодақтық 1-съезі жоғарыдағы сталиншілдер бағытын өмірге енгізуге жол ашып, ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру жолымен әміршіл-әкімшіл басқару арнасына түсіріп, жекеменшіктің орнына қоғамдық меншікті орнықтыруға күш салды. Осының нәтижесінде Қазақстандағы колхоз қозғалысы едәуір екпін алды. 1929 жылдың 1 қазанында Қазақстанда 117,7 мың жеке шаруашылықтар (олардың 9,3 проценті) ұжымдастырылды. Келесі қараша айында өткен БК(б)П ОК-нің Пленумы осы жұмыстарды қорытындылап, жекелеген облыстар алдына жаппай ұжымдастыру міндетін қойды. Бұл міндетті шешу жолдарын белгілеу үшін ОК-тің Саяси Бюросы арнайы комиссия ұйымдастырды. Оның құрамына Қазақстаннан Ф.И. Голощекин енгізілді. Осы комиссия дайындаған жоба Саяси Бюро мәжілісінде қаралып, соның негізінде БК(б)П ОК 1930 жылғы 5 қаңтарда “Коллективтендірудің қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмек беру шаралары туралы” қаулы қабылдады. Онда Қазақстан коллективтендіруді 1931 жылдың күзінде немесе 1932 жылдың көктемінде аяқтауы тиіс болып белгіленді. Бірақ Қазақ өлкелік партия коммитеті 1929 жылдың желтоқсан айында-ақ ұжымдастыруды егіншілік аудандарында ғана емес мал шаруашылығы аудандарында да жеделдетуге нұсқау беріп қойған еді. Жаппай коллективтендіру науқаны басталардан бұрын 1926 — 1928 жылдары Қазақстанда “Кіші Қазан” науқандарын, яғни ауылды кеңестендіруді, шабындық және жайылымдық жерлерді қайта бөлуді, ірі мал иелерін тәркілеуді қатыгездікпен белсенді жүзеге асырған Қазақ өлкелік партия к-тінің 1-хатшысы Голощекин жаппай ұжымдастыруда да Қазақстанға тән ерекшеліктерді ескермеді. Бүкіл Одақтағы барлық көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтардың 80 процентке жуығы (4236 мың адамды біріктіретін 706 мың жеке, ұсақ шаруашылық) Қазақстанда болатын. Ұжымдастыру үшін оларды алдымен жерге орналастыру және жаппай отырықшыландыру керек еді. Бұл екі күрделі процесс (отырықшыландыру мен ұжымдастыру) шұғыл түрде қатар жүргізілді. 1930 жылғы 1 қаңтар мен 1 наурыз аралығында ғана ұжымдастырылған шаруа шаруашылықтарының саны бұрынғыдан екі есе асып кетті. Қазақстан басшылығы отырықшыландыру процесін ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі мал ш-на, ұлттық салт-дәстүрлерге қарсы қойды. Жаппай ұжымдастыру кезінде байлар мен кулактарды тап ретінде жою саясаты да жағдайды одан әрі ауырлата түсті (Кулак кәмпеске). Осындай қатал шаралар және ет, астық дайындау науқандарындағы асыра сілтеушілік, қазақтарды дәстүрлі даму жолынан күшпен тайдыру әрекеті халықтың жаппай қарулы наразылықтарын туғызды. Ресми мәліметтер бойынша 1929 — 1931 жылдары Қазақстанда 372 рет шаруалардың бұқаралық бас көтерулері болды. Тоталитарлық жүйе бұл көтерілістерді аяусыз, әскер күшімен басты (Ауыл шаруашылығын коллективтендіруге қарсы шаруалар қозғалысы).
Көшпелі және жартылай көшпелі шаруаларды зорлап отырықшыландыру жоспары алғашқы бесжылдықта (1932 жылдың соңына дейін) сәтсіздікке ұшырады. Қазақстанда 400 мыңның орнына 70,5 мың шаруа қожалығы ғана отырықшыланды. 1933 жылдың 1 шілдесінде Қазақстан шаруашылықтарының 67,3 проценті, ал 1937 жылдың 1 шілдесінде 97,5 проценті ұжымдастырылды. Күштеп ұжымдастырудың және жоспарлы түрде жаппай отырықшыландырудың зардаптары өте ауыр болды. 1929 — 1933 жылдары аралығында Қазақстандағы мал басының саны 16 есе азайды. Мұның соңы қазақ халқының ашаршылыққа және жаппай босқыншылыққа ұшырауына ұрындырды(Ашаршылық, Босқыншылық).
Пайдаланған әдебиет
↑ Қазақстанның қазіргі заман тарихы: Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған окулық. 2-басылымы, өңделген. Жалпы редакциясын басқарған тарих ғылымының докторы, профессор Б. Ғ. Аяған. Алматы: Атамұра, 2009. ISBN 9965-34-933-9
↑ “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Достарыңызбен бөлісу: |