Қорытынды
Қорыта айтқанда, қазақ халқының тарихындағы ХІХ ғасыр Ресей империясының бодандығына өткен елде, сол алып мемлекеттің шеңберінде жаңаша , негізінен, жерде отырып өмір сүру жолдарына икемделу, осы күрделі де қиын жағдайда халықтың өзін-өзі сақтап қалу үшін өмірдің алғышарттары ретінде тарихи сахнаға шығады. Халықтың тарихында бұрын соңды болмаған мұндай өткір бетбұрыс қазақ философиясында ағартушылық ағымының туындауына себепші болды деуге болады. Ағартушылық философиясының көрнекті өкілдері Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаев секілді ірі тұлғаларымыз халықты жаңа өмірге баулып, олардың сауатын ашуға, білімділікке, еңбекқорлыққа шақыра білді. Шоқан Уәлиханов қазақ халқының рухани өмірін зерттеуге де қомақты үлес қосты, сонымен қатар, халықтың діни өмірін де терең зерттеді және оны ағарту жолында көп еңбек етті. Ол өзінің әлеуметтік-саяси, құқықтық көзқарастары арқылы халықтың қамын жан-тәнімен ойлап, «әділетті басқару» жүйесі арқылы «парасатты реформалардың» негізінде халықтың хал-ахуалын өзгертуге болатынына сенді және оны жақындату үшін барлық күш жігерін салды. Ыбырай Алтынсарин сол кездегі қазақ халқын білім алуға шақырып, алғашқы мектепті ашты. Өзінің Дүниеге деген көзқарастарында ол діни бағытта болып Құдайды мойындағанымен, діни фанатизмге қарсы шығып, шала сауатты қазақ пен Бұхарадан келген молдалардың халыққа тигізетін теріс әсерлерін әшкерелейді. Ол халықты адамгершілікке шақыруда әртүрлі мысалдар қолданды. Ыбырай Алтынсариннің еңбектері, мақалалары, хаттары олардың гуманистік көзқарас, тәжірибелі қиялдық анықтаушылық тұрғысынан жазылған десек қателеспейміз. Абай Құнанбаевтың дін жөніндегі түсініктері өз халқының діни сарындарға қарсы бағытталған прогресті рухани мәдениетінің, шығыс және орыс классиктерінің озық ойлы өкілдерінің ықпалымен дін иелеріне, діни ақындарға және панисламизм сияқты діни ағымдарға қарсы идеялық күрес үстінде қалыптасты. Міне, сондықтан да, Абай қалдырған ұлы мұра көп тексерілді, тексерілуі де керек, тексеріле де бермекші. Біз, яғни бүгінгі ұрпақ Абайды өз тұрғымыздан сөз етсек, келешек ұрпақ өз тұрғысынан сөз етіп, ақын мұрасын өз кезеңіндегі қоғам дамуының дәрежесі тұрғысынан қарастырып, үлкен рухани тірегіне айналдырары анық деп білемін.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Серік Мырзалы. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. (321-332 беттер)
2. Д. Кішібеков. Ұ.Сыдықов. Философия – Алматы: «Ғылым», 2005. (91-100 беттер)
3. Бөкейханов Ә. Шығармалар. – Алматы: Қазақстан, 2009.
4. «Қазақ» газеті. 1998. Бас редактор Ә. Нысанбаев
5. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. Алматы: Атамұра, 2003.
6. Ахметов З. Бүкіл қазақ «Ахаң» деген // ұлттың ұлы ұстазы. –Алматы: орт. Ғыл. Кітапхана 2001
7. Қазақ газеті. № 1, № 2.
Достарыңызбен бөлісу: |