ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТІРЛІГІ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ Факультеті Химия және химиялық технология
РЕФЕРАТ Тақырыбы: Қазақ ағартушыларының философиясы Оқытушы: :Балабекұлы Д. Студент: :Рақымберді Д.Е. Мамандығы: :ХИ-201К
Алматы, 2024 ж.
ХХ ғасырдың басында саяси және мәдени тәуелсіздік идеясы құндылықтық мағынада қазақ халқының санасында айрықша нышан бере бастады. Қазақ даласындағы тіршілік үшін күрес озық ойлы азаматтарды рухани дүниедегі жаңа ізденістерге жетеледі. Ағартушылық философиясының кеңінен үгіттеле, насихаттала бастауы да осы тарихи кезеңге сәйкес келеді. ХХ ғасырдың басындағы саяси-әлеуметтік және мәдени өркениеттік ахуал қазақ қоғамында барынша қайшылықты болды. Сондықтан осы тығырықтан шығудың жолын іздеу қажеттілігі туды. Алдымен, қазақ зиялыларының этникалық жандануының тарихи құбылыс ретінде қалыптасуына бірден-бір түрткі болатын құбылыстарды, тетіктерді іздеу объективті қадамдардың қатарына жатады. Екінші жағынан, Ресей қалаларында білім алған алдыңғы қатарлы қазақ азаматтары халықтың мүшкіл күйінің одан ары жалғасуына іштей келісе алмады, осы қайшылықты жағдайдан шығудың әр түрлі жолдарын іздей бастады. XX ғасырдың басында қазақ қоғамы мен мәдениетінде жаңа идеологиялық сипаттағы заманауи нышандар пайда бола бастады. Біріншіден, Ресей Қазақстанды толық отарлау саясатына көшті. Бұрынғы дәстүрлі басқару мен реттеу тетіктерінің орнына империялық заңдар енгізілді. Екіншіден, Ресей өкіметі өзінің Қазақстан жеріндегі мүдде мұраттарына қарсы келмейтін, олардың іске асуына кедергі жасамайтын құқықтық «аудандардың», ұстындардың, нормалардың өмір сүруіне бейтараптық танытты, мүмкіндігінше оларды «көрмеуге», «байқамауға», не болмаса «айналып өтуге» тырысты. Үшіншіден, қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі түбегейлі өзгерістер табиғи жолмен емес, күштеу ұстыны арқылы жүргізіліп отырылды. Батыс тарихшылары патшалық Ресейдің жүргізген экономикалық саясатына қарсы қазақтардың мұндай наразылығының негізгі себебі, олардың қазақ руларының жайылымдары мен шабындықтарын тартып алып, Еуропадан келген келімсектерге беруінен көрінетін аграрлық саясат деп көрсетіп жүр. XIX ғ. аяғында бұл саясат үкімет тарапынан қолдау тауып, ресми сипатқа ие болды. Сөйтіп, қазақтың дәстүрлі мәдени реттеу тетіктерінің біртіндеп істен шығуы далада тек мінез-құлықтық ретсіздік қана емес, сонымен бірге ұлттық сананың оянуына әкелді. Қазақ қоғамында үздіксіз ұлт-азаттық қозғалыс дүмпуі басталды және бұл қазіргі тәуелсіз Қазақстанға дейін апарған сара жолға айналды. Қоғам қайраткері М. Дулатұлы ХХ ғасыр басында өзінің атақты «Оян, қазақ!» деген мәдени бағдарламасын жариялады.
Қазіргі жаһандану кезеңінде, яғни ХХI ғасырдың басында қазақ халқының ұлттық санасы мен дүниетанымы түбірінен жаңарып, өзiн-өзi жүйелі түрде тану, сөйтіп өзiн басқаға таныту, өзiнiң бай ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерiн қастерлеу мен құрметтеу, ұлы тұлғалар мен ойшылдарын бүкiл дүниеге таныту, бай рухани және мәдени қазынаны әлемдiк өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылып жатыр және атқарыла бермек. Дегенмен, осы заманауи маңыздылығы бар нағыз рухани қайта түлеу мағынасындағы іс-әрекеттердің іргетасы сонау ХХ ғасырдың басындағы әйгілі қазақ зиялыларының шынайы, халық сүйгіш қызметтерімен астасып жатады, солардан рухани бастау алады. Сондықтан ұлттық намыс пен тарихи тамырластықтың көрінісін жандандыру арқылы өте бай этностық мәдени мұрамыздың рухани келбетін өзектілендіре түсеміз, данагөй ойшылдар мен тұлғалардың есімін халық жадында берік сақтаймыз. Қазақ халқының дүниесезімі мен дүниетанымының ерекшелектері өзі өмір сүрген ортамен тікелей байланысты. Қазақ халқы табиғатқа бейімделіп, онымен гармониялық қатынас орнатуды мақсат тұтқан. Енді мәселені нақтылай түсіп, Отандық философияның негізгі сатыларына қысқаша көз жіберейік. Басқа халықтардың философиясы сияқты Отандық философия да өз қайнар көзін көне аңыздар мен дастандар, ертегілерден бастайды. Қазақ халқының тарихында ХІХ ғасыр ерекше орын алады. Бұл ғасыр қазақ мәдениетінде «ағартушылық философия» деп аталады.