Бала бүйрегінің құрылыс ерекшелігі. Нәрестенің бүйрегінің массасы 11-12 г, 1 жаста – 36-37 г, 5 жаста – 55-56 г. Бүйрек ұлпаларының өсу қарқыны алғашқы 3 жыл ішінде, жыныстық жетілу кезеңінде және 20-30 жас аралығында жоғары болып, өсіп жетіледі.
Нәрестенің бүйрегінің сыртқы беті бөліктеніп тұрады. Ол бөліктер 2 жасқа қарай тегістеле бастайды да, 5 жаста жойылып, түгел тегіс болады. Бүйректің қыртыс қабатының қалыңдығы нәрестелерде 2 мм, ал оның ішкі ми қабаты 8 мм болады.
Нәрестелердің нефрондарының иірілуі аздау. 1 жаста иірімді өзектердің өсу қарқыны күшті, ал 3-4 жаста олардың саңлауларының диаметрі кеңейеді, қабырғасындағы клеткалардың құрылысы мен қызметі жақсы жетіледі.