Байланысты: Реферат та ырыбы «Жазу ж не жазба тілі»
ЖАЗУ ЖӘНЕ ЖАЗБА ТІЛ Жазба тілдің ауызекі тілден (устная речь) кейін пайда болғаны, оның (жазба тілдің) жазудың шығып жасалуымен байланысты екендігі белгілі. Жазудың шығып жасалуының, соған сай жазба тілдің жасалуының күллі мәдениет атаулының тарихында орасан зор маңызы болды және болып та отыр. Жазусыз мәдениет атаулыны, цивилизация атаулыны көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Көрнекті жазушы Леонид Леонов жазудың маңызы туралы былай дейді: «Адамдардың тегін қорлық жағдайдан бөліп алып шыққан, өткен замандарда ашылған ұлы жаңалықтардың ішінде жазу өте үлкен роль атқарды. Алфавиттің туған күнін адамның өзін-өзі біліп ұғынуындағы дәуір деп есептеуге болады, осыдан кітап басу станогының пайда болуына тура жол ашылды. Адам өзінің қазіргі биігіне нақ кітап арқылы баспалдақпен көтерілгендей көтерілді».
Адам білімді, негізінен, жазба тіл арқылы, жазылғанды оқу арқылы алады. Адамзаттың сонау көне дәуірінен бастап, біздің заманымызға дейінгі талай ғасырлар бойына ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласында жасаған күллі мәдени байлығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген де - жазба тіл. Көптеген заман бойында жасалған және біздің заманымызда жасалып отырған мол рухани мәдениетті бізден кейінгі ұрпақтарға, дәуірден-дәуірге жеткізетін де — осы жазба тіл.
Жазудың тарихы өте ерте замандардан басталады. Көне жазуды да, қазіргі жазуды да зерттеп білудің әрі теориялық, әрі практикалық үлкен мәні бар.
Көне жазу нұсқаларын талдап оқи білу ерте заманда өмір сүріп, қазірде өлі тілдерге айналған тілдермен танысуға немесе қазіргі тілдердің ертедегі қалпымен танысуға және оны білуге мүмкіндік береді. Мұның тіл тарихын зерттеуде орасан зор маңызы бар. Жазудың тарихын зерттеп білу тіл білімі үшін ғана емес, сонымен бірге тарих ғылымы үшін де, археология мен эт-нография үшін де айрықша маңызды.
Халықтардың қазіргі жазуларын олардың дыбыстық тіліне қарым-қатынас жағынан қарастырып зерттей білу сол тілдің жазуларының ғылыми тұрғыдан дәлелді ережелерін жасау үшін өте-мөте қажет.