Күнтуды – әділдіктің символы
«Мен – әділет мекенімін тұратын,
Көріп-білсең, әділ билік құратын.»
Шынымен, Күнтуды бек әділ билік құрған, нағыз кісіліктің, кішіліктің мекеніне айналған халқына адал бек бола білді.
«Міне, мені көргін, заңмын, әділмін» деген сөзінен қанша жерден билігі асып – тасып жатқан патша болса да, заңнан биік емес екенін өзі айтып тұрғанын аңғаруға болады. Қисаймайтын тік мінезі бар, әрбір істі әділ, шындық жолымен шешеді.
«Мінезім бар қисаймайтын тік кетер,
Қисық болса, тура шешім тіктетер.
Іс шешкенде әділ, шындық жолыммен,
Айырмаймын «бек» – деп, «құл» – деп қолыммен.»
Түзулігінде мін жоқ патша. Туралығының ең үлкен белгісі: алдында тұрған бек пе, құл ма, ағайын-туысы ма, жолдасы ма, бөтен адам ба, ол үшін бұл маңызды емес, кім болса да лайық шешім шығарушы. Ұлы ма әлде жақыны ма, алыс па, кештеу жүрген қонақ па, маңызы жоқ. Ол үшін заң алдында бәрі бірдей. Ешбір келісімсіз, бәрін әділ кескен.
«Барлық істі пышақ болып кесемін,
Дау-дамайды ұзатпай-ақ шешемін.
Шекер жейді бәле-зорлық батқандар,
Шындық іздеп, қақпама кеп жатқандар.
Ол кісілер қуанышқа беріліп,
Кетеді ғой қас-қабағы керіліп.
Зорлық қылған, тәртіп бұзған зәлім-қу
Ішетұғын мына тұрған ащы су.»
Әр істі аршып, пышақтай кескен бек. Кесімін бермей тұрып, әр істі бастан аяқ білісіп, әділ шешім шығара білген. Әділ заңға ұйыған әрбір жанға бар мейірімін, бар шапағатын төккен. Жүздерін жайнатып, уайым-мұңнан арылтқан. Ал, заңнан қашып, зәрін ішіне түйген, қара жүрек кісі болса, у ішкендей қылмыс азабын тартқызған.
«Айтты патша: «Болса әділдік өзінде –
Тіл мен ойы бір боп шығар сөзінде.
Әділ жаннын сырты сай боп ішіне
Сонда кірер әділдік кеп күшіне.
Ақ жүрегін ашып берсе қақ жарып,
Жүрсе ұялмай, тұрмаса һәм дағдарып.
850. Ерге әділдік керек бақпен өрілген,
«Кісілік» деп оған атақ берілген.
Адам емес – кісілік қой қымбатты,
Адам – көп қой, әділдік – аз тым тәтті.
Шайыр сөзі дәл осыған мезгеген,
Сен ұғып ал, білсін жұрт та кез кеген:
«Көп қой бұ жұрт жүрген адам мүсінде –
Әділ адам сүйікті сол үшін де.
Жай кісі емес, тек кісілік – қымбат ол,
Мақтар нағыз кісіні жұрт ішінде».»
Күнтуды бек тілі мен ділі бір жерден шыққан, шындыға адаспаған жан. Күнтуды – әділдіктің өзі. Өне бойы тұнған кісілік. Көңілі ашық, оған бүкіл ел ғашық. Кісіліктің қадірін түсінген, жоғары бағалаған.
Күнтуды әділдікке ізгілікті де, жақсы мен жаманның айырмашылығын нақты түсінуді де, жалпы бар асыл қасиетті жатқызған.
Бек ел пайдасы үшін құрақ ұшқан, кісілерге өз міндетін артпаған. Қайырымдылығын есеппен жасамаған, міндетсінбеген.
«Айтты патша: «Ісі ізгінің ерек-ті,
Пайда әкелер ол халыққа керекті.
Бар халыққа еңбек етер құлдай-ды,
Жақсылығын әете міндет қылмайды.
Жұртқа беріп – ойламайды алымын,
Бергенінің сұрамайды қарымын».»
Туралығының белгісі: жақсы мен жаманды өте жақсы әрі нақты ажырата білуі. Жақсының да жаманы, жаманның да жақсысы болады дегені. Яғни бұл жерде әр іске жан-жақты қарай алатынын, бір жақты шешім қабылдамай, әр мәселені бүге-шүгесіне дейін қарастырып, әділ шешім шығара алатынына толық көз жеткізуге болады:
«Екі түрлі, – деді патша, – жақсылар,
Бір жақсы бар байсал тұрып, бақ сынар.
Бір жақсы бар, туа бітіп анадан,
Әділ ұстар бәрін – ісін, сана, жан.
Бір жақсы бар үйлесетін заманмен –
Болар жаман, жақындасса жаманмен.
860. Бар жаманды бөліп екі түріне,
Бір санама, қоспа бірін-біріне.
Баз біреулер жаман болып туады,
Өле-өлгенше осы жолды қуады.
Бір жаман бар – жағдайымен санасып,
Жақсы болар жақсыларға жанасып.
Туа бітсе – жақсылығы болар мол,
Жаһан жұрты көп пайдасын көрер сол.
Туа жаман – дауа таппас сорына,
– Ол жолығар бәле, жұттың зорына.
деп, осының бәрін бектердің тұлғасымен байланыстырады: егер бектер ізгі, құтты болса, халық тоқ болады! Егер ессіз ел билесе, халық ессіздерден көз ашпайды. Ізгі адамды бектер жақын тұтса, жаман да жақсыға ерер. Егер бекті жамандар иектесе, елді сол адамдар жалаңдар.
Күнтуды сөз қадірі жайлы
Достарыңызбен бөлісу: |